2008 жылғы 25 қаңтардағы Үшінші елдерге қатысты тарифтік емес реттеудің бірыңғай шаралары туралы келісімнің 9-бабына және 2009 жылғы 9 маусымдағы Үшінші елдерге қатысты бірыңғай кедендік аумақта тауарлармен жасалатын сыртқы сауданы қозғайтын шараларды енгізу және қолдану тәртібі туралы келісімнің 8-бабына сәйкес, қара металдардың қалдықтары мен сынықтарының ішкі нарығындағы күрделі жетіспеушілікті болдырмау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Легирленген болаттың қалдықтары мен сынықтарын, оның ішінде тотығуға төзімді болатты (ҚО СЭҚ ТН кодтары 7204 21 100 0, 7204 21 900 0) және басқасын (ҚО СЭҚ ТН коды 7204 29 000 0) қоспағанда, қара металдардың қалдықтары мен сынықтарын (КО СЭҚ ТН коды 7204) әкетуге екі ай мерзімге тыйым салынсын.
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен осы қаулының 1-тармағының орындалуын қамтамасыз етсін.
3. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы (келісім бойынша) заңнамада белгіленген тәртіппен осы қаулының 1-тармағын іске асыру жөнінде шаралар қабылдасын.
4. Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі белгіленген тәртіппен:
1) осы қаулының 1-тармағында көрсетілген тыйым салудың енгізілгені туралы Еуразиялық экономикалық комиссияны хабардар етсін;
2) Еуразиялық экономикалық комиссияның қарауына Кеден одағына қатысушы басқа мемлекеттердің осы қаулының 1-тармағында көрсетілген шараларды қолдануы туралы ұсыныстарды енгізсін.
5. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі осы қаулы қолданысқа енгізілген күнінен бастап күнтізбелік он төрт күннің ішінде Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайтын сыртқы сауда қызметін реттеу жөніндегі шаралар туралы Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық комитетінің Хатшылығын хабардар етсін.
6. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі С. Ахметов