Үшінші елдерге қатысты тарифтік емес реттеудің бірыңғай шаралары туралы келісімді ратификациялау туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 18 қарашадағы N 82-IV Заңы.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұл келісім Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт күшіне енген күнінен бастап қолданылуын тоқтатады - ҚР 14.10.2014 N 240-V Заңымен (қолданысқа енгізілу тәртібін 113-баптан қараңыз).

      Мәскеуде 2008 жылғы 25 қаңтарда қол қойылған Үшінші елдерге қатысты тарифтік емес реттеудің бірыңғай шаралары туралы келісім ратификациялансын.

Қазақстан Республикасының


Президенті

Н. НАЗАРБАЕВ


Үшінші елдерге қатысты тарифтік емес реттеудің
бірыңғай шаралары туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар аталатын Беларусь Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Үкіметі және Ресей Федерациясының Үкіметі

      Тараптар мемлекеттерінің бірыңғай кедендік аумағын құруға және кеден одағының тиімді жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдайды қамтамасыз етуге ұмтыла отырып,

      кемсітпеушілік, жариялылық, өзара пайда және ұлттық мүдделерді қорғау қағидаттарында келісілген сыртқы сауда саясатын жүргізу қажеттілігіне сүйене отырып,

      осы Келісімнің қатысушылары болып табылмайтын мемлекеттер (бұдан әрі - үшінші елдер) тауарларының Тараптар мемлекеттерінің кеден аумағына және ол құрылғаннан кейін Тараптар мемлекеттерінің бірыңғай кедендік аумағына импортының және осы аумақтардан тауарлар экспортының бірыңғай тәртібін орнатуға ұмтыла отырып,

      үшінші елдерге қатысты тарифтік емес реттеудің бірыңғай шараларын қолдану қажеттілігін ескере отырып,

      халықаралық құқықтың жалпыға танымал қағидаттары мен нормаларын басшылыққа ала отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап Негізгі ұғымдар

      Осы Келісімде пайдаланылған ұғымдар мыналарды білдіреді:

      "сыртқы сауда қызметі" - тауарлармен сыртқы сауда саласында мәмілелерді жүзеге асыру жөніндегі қызмет;

      "тауарлардың сыртқы саудасы" - тауарлар импорты және (немесе) экспорты. Тарап мемлекетінің кедендік аумағының бір бөлігінен оның кедендік аумағының екінші бөлігіне, егер мұндай бөліктер өзара құрғақ аумақпен байланысты болмаса, сондай-ақ шетел мемлекетінің кедендік аумағы арқылы тауарлардың тасымалдануы тауарлардың сыртқы саудасы болып табылмайды;

      "бірыңғай кедендік аумақ" - Тараптар мемлекеттерінің кедендік аумақтарынан тұратын аумақ;

      "тауардың импорты" - кері әкету туралы міндеттемесінсіз үшінші елдердің кедендік аумағынан Тарап мемлекетінің кедендік аумағына немесе бірыңғай кедендік аумағына тауарды әкелу;

      "тауарлардың жекелеген түрлеріне экспортқа және (немесе) импортқа айрықша құқық" - атқарушы биліктің уәкілетті мемлекеттік органы беретін лицензияның негізінде берілетін тауарлардың жекелеген түрлеріне қатысты сыртқы сауда қызметін жүзеге асыруға арналған құқық;

      "экспортты және (немесе) импортты сандық шектеу" - квоталар белгілеу жолымен енгізіле алатын тауарлардың сыртқы саудасын сандық шектеу жөніндегі шаралары;

      "лицензия және (немесе) рұқсат" - тауарлардың экспортын және/немесе импортын жүзеге асыру құқығын растайтын арнайы құжаттар;

      "лицензиялау" - лицензиялар және (немесе) рұқсаттар беру тәртібін белгілейтін әкімшілік шаралар кешені;

      "тауарлардың жекелеген түрлерінің экспортын және (немесе) импортын қадағалау" - тауарлардың жекелеген түрлерінің экспорты және/немесе импорты серпінінің мониторингі мақсатында белгіленген уақытша шара;

      "рұқсат беру тәртібі" - лицензиялауды немесе сыртқы сауда қызметін реттеудің өзге де әкімшілік шараларын көздейтін тауарлардың жекелеген түрлерімен сыртқы сауда операцияларын, сондай-ақ Тарап мемлекетінің кедендік аумағынан тыс немесе бірыңғай кедендік аумағынан тыс тасымалданатын мұндай тауарларды кедендік бақылауды және кедендік ресімдеуді жүзеге асыру тәртібі;

      "атқарушы биліктің уәкілетті мемлекеттік органы" - лицензиялар және (немесе) рұқсаттар беру құқығы берілген Тарап мемлекетінің атқарушы билік органы;

      "сыртқы сауда қызметіне қатысушылар" - заңды тұлғалар және заңды тұлғалар болып табылмайтын, Тараптар мемлекеттерінің бірінде тіркелген және осы мемлекеттің заңнамасына сәйкес құрылған ұйымдар, Тараптар мемлекеттері бірінің аумағында тұрақты немесе артықшылықпен тұрғылықты жері бар, осы мемлекеттің азаматы болып табылатын немесе онда тұрақты тұру құқығына ие не осы мемлекеттің заңнамасына сәйкес жеке кәсіпкерлер ретінде тіркелген жеке тұлғалар;

      "тауардың экспорты" - кері әкелу туралы міндеттемесінсіз Тарап мемлекетінің кедендік аумағынан немесе бірыңғай кедендік аумағынан үшінші елдердің кедендік аумағына тауарды әкету;

      "тарифтік емес реттеу шаралары" - экономикалық сипаттағы сандық және өзге де тыйымдар мен шектеулерді енгізу жолымен жүзеге асырылатын тауарлардың сыртқы саудасын реттеу шараларының кешені.

2-бап Тарифтік емес реттеудің бірыңғай шараларын қолдану

      1. Бірыңғай кедендік аумақта үшінші елдермен саудаға қатысты осы Келісімнің 3-6 және 9-баптарында баяндалған қағидаттар негізінде тарифтік емес реттеудің бірыңғай шаралары қолданылады.

      2. Тарифтік емес реттеудің бірыңғай шараларын енгізу және қолдану тәртібі Тараптардың жекелеген келісімдерімен айқындалады.

3-бап Сандық шектеулер

      1. Үшінші елдермен саудада тауарлар импорты мен экспорты осы бапта көзделген жағдайларды қоспағанда, сандық шектеулерсіз жүзеге асырылады.

      2. Айрықша жағдайларда мыналар белгіленуі мүмкін:

      1) тыйымдар және тауарлар экспортын уақытша шектеулер ішкі нарық үшін елеулі маңызды болып табылатын азық-түліктік немесе өзге тауарлардың ішкі нарығындағы сыни жетіспеушілікті болдырмау не азайту;

      2) егер төмендегілер қажет болса, кез келген түрде әкелінетін ауыл шаруашылығы тауарларының немесе су биологиялық ресурстарының импортын шектеу:

      а) ұқсас отандық тауар өндірісін немесе сатуды қысқарту;

      б) егер ұқсас отандық тауардың елеулі өндірісі жоқ болса, импорттық тауармен тікелей алмастырыла алатын отандық тауар өндірісін немесе сатуды қысқарту;

      в) ұқсас отандық тауардың уақытша артығын тұтынушылардың кейбір топтарына тегін немесе нарықтық құнынан төмен бағамен беру жолымен нарықтан алып тастау;

      г) егер ұқсас отандық тауардың елеулі өндірісі болмаса, импорттық тауармен тікелей алмастырылуы мүмкін отандық тауардың уақытша артығын тұтынушылардың кейбір топтарына тегін немесе нарықтық құнынан төмен бағамен артық тауарды беру жолымен нарықтан алып тастау;

      д) егер ұқсас отандық тауарды өндіру елеусіз болып табылатын болса, өндірісі тікелей, толығымен немесе негізінен импортталатын тауарға тәуелді болса, жануарлардан алынатын өнімдер шығаруды шектеу белгілене алады.

4-бап Тауарлардың жекелеген түрлерінің экспортына және (немесе) импортына айрықша құқық

      1. Сыртқы сауда қызметін жүзеге асыру тауарлардың жекелеген түрлерінің экспортына және (немесе) импортына ерекше құқық беру жолымен шектеле алады.

      2. Тауарлардың жекелеген түрлерінің экспортына және (немесе) импортына айрықша құқық лицензия негізінде жүзеге асырылады.

      3. Тауарлардың жекелеген түрлерінің экспортына және (немесе) импортына айрықша құқық берілген сыртқы сауда қызметіне қатысушылар кемсітпеушілік қағидатына сүйене отырып және тек коммерциялық ұмтылысты басшылыққа ала отырып, тауарлардың жекелеген түрлерінің экспорты және (немесе) импорты бойынша мәмілелер жасайды.

5-бап Тауарлардың сыртқы саудасы саласындағы лицензиялау

      1. Тауарлардың сыртқы саудасы саласындағы лицензиялау мынадай жағдайларда белгіленеді:

      1) тауарлардың жекелеген түрлерінің экспортына немесе импортына уақытша сандық шектеулер енгізу;

      2) мемлекеттің қауіпсіздігіне, азаматтардың өміріне немесе денсаулығына, жеке немесе заңды тұлғалардың мүлкіне, мемлекеттік немесе муниципалдық мүлікке, қоршаған ортаға, жануарлардың тіршілік етуіне және өсімдіктердің өсуіне қолайсыз әсер етуі мүмкін тауарлардың жекелеген түрлерінің экспортына және (немесе) импортына рұқсат беру тәртібін іске асыру;

      3) тауарлардың жекелеген түрлерінің экспортына және (немесе) импортына айрықша құқық беру;

      4) халықаралық міндеттемелерді орындау.

      2. Осы баптың 1-тармағында көзделген жағдайларда атқарушы биліктің уәкілетті мемлекеттік органы беретін лицензия тауарлардың жекелеген түрлерінің экспорты және (немесе) импорты үшін негіз болып табылады.

      3. Лицензияның болмауы кедендік органдардың тауарларды шығарудан бас тартуына негіз болып табылады.

      4. Лицензиялау ережесі Тараптардың жекелеген келісімімен айқындалады.

6-бап Тауарлардың жекелеген түрлерінің экспортын және (немесе) импортын қадағалау

      Тауарлардың жекелеген түрлерінің экспортын және (немесе) импортын қадағалау мынадай шарттарды сақтаған жағдайда тауарлардың экспортына және (немесе) импортына рұқсаттар беру арқылы жүзеге асырылады:

      1) рұқсаттар алу рәсімі тауарлардың экспортын және (немесе) импортын шектемеу үшін барынша қарапайым болуы тиіс;

      2) рұқсаттар атқарушы биліктің уәкілетті мемлекеттік органына ұсынылған жазбаша өтінім негізінде сыртқы сауда қызметінің кез келген қатысушыларына шектеусіз беріледі;

      3) рұқсаттар беру туралы өтініш тауарларды кедендік ресімдегенге дейін жұмыс күндері берілуі мүмкін;

      4) рұқсаттар беру мерзімі өтінішті берген күннен бастап 3 жұмыс күнінен аспайды.

7-бап Тауарлардың сыртқы саудасын қозғайтын және ұлттық мүдделерді ескере отырып, енгізілетін шаралар

      1. Тауарлардың сыртқы саудасын қозғайтын реттеу шаралары, егер бұл шаралар:

      1) қоғамдық моральды немесе құқықтық тәртіпті сақтау үшін қажет;

      2) азаматтардың өмірін немесе денсаулығын, қоршаған ортаны, жануарлардың тіршілігін және өсімдіктердің өсуін қорғау үшін қажет;

      3) алтын немесе күміс экспортына және (немесе) импортына қатысты;

      4) мәдени құндылықтар мен мәдени мұраларды қорғау үшін қолданылатын;

      5) орны толмайтын табиғи ресурстарды бітіруді болдырмау үшін қажет және орны толмайтын табиғи ресурстарды пайдалануға байланысты ішкі өндіруді немесе тұтынуды шектеумен бірге жүргізілетін;

      6) отандық материалдардың экспортын осындай материалдармен ішкі өңдеуші өнеркәсіпті жеткілікті санда осындай материалдарға ішкі баға үкімет жүзеге асырған тұрақтандыру жоспарының нәтижесіндегі әлемдік бағаға қарағанда неғұрлым төмен деңгейде тұрған кезеңдер ішінде қамтамасыз ету үшін шектеумен байланысты;

      7) олардың жалпы немесе жергілікті тапшылығы жағдайында тауарларды сатып алу немесе тарату үшін қажет;

      8) халықаралық міндеттемелерді орындау үшін қажет;

      9) қорғаныс пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қажет;

      10) кедендік заңнаманы қолдануға, қоршаған ортаны қорғауға, зияткерлік меншікті және өзге құқықтық актілерді қорғауға қатысты халықаралық міндеттемелерге қайшы келмейтін құқықтық актілерді сақтауды қамтамасыз ету үшін қажет болса енгізілуі мүмкін.

      2. Осы баптың 1-тармағында көзделген шаралар, егер оларды жүзеге асыру тәсілі үшінші елдердің еркін немесе негізделмеген кемсітушілік құралы, сондай-ақ тауарлармен сыртқы сауданың жасырын шектеулері болып табылса қолданылмауы тиіс.

8-бап Тауарлардың сыртқы саудасына тыйым салулар мен шектеулердің ерекше түрлері

      1. Тауарлардың сыртқы саудасы, қабылдануы Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысына сәйкес халықаралық санкцияларда Тараптар мемлекеттерінің қатысуы үшін қажетті шаралармен, оның ішінде осы Келісімнің 3 және 4-баптарының ережелерінен алшақ шаралармен шектелуі мүмкін.

      2. Сыртқы қаржылық жағдайды қорғау және төлемдік теңгерім тепе-теңдігін қолдау мақсатында тауарлардың сыртқы саудасын шектеу шаралары, оның ішінде осы Келісімнің 3 және 4-баптарының ережелерінен алшақ шаралар енгізілуі мүмкін.

9-бап Бірыңғай кедендік аумағында тарифтік емес реттеу шараларын қолдану

      1. Тараптар мемлекеттерінің бірыңғай кедендік аумағына әкелуге және (немесе) оларды осы аумақтан әкетуге қатысты тарифтік емес реттеу шараларын қолдану туралы шешімді 2007 жылғы 6 қазанда Кедендік одақ комиссиясы туралы шартқа сәйкес құрылған Кедендік одақ комиссиясы (бұдан әрі - Комиссия) қабылдайды.

      2. Тараптардың осы келісімде көзделген тарифтік емес реттеу шараларын қолдану туралы шешімдерді қабылдау жөніндегі өкілеттігі Комиссияға Тараптар мемлекеттері басшыларының шешімімен Тараптар мемлекеттерінің бірыңғай кедендік аумағын құрғанға дейін толық немесе ішінара берілуі мүмкін.

      Бұл жағдайда Комиссияның тарифтік емес реттеу шараларын қолдану туралы шешімін Тараптар өз мемлекеттерінің кедендік аумағына тауарларды әкелуге және (немесе) оларды осы аумақтан әкетуге қатысты орындайды.

      3. Айрықша жағдайларда Тараптар Комиссияға осы баптың 2-тармағында көзделген өкілеттіктерді бергеннен кейін немесе бірыңғай кедендік аумағын құрғаннан кейін бір жақты тәртіппен 6 айдан аспайтын мерзімге осы Келісімде көзделген тарифтік емес реттеу шараларын енгізе алады.

      Осы тармаққа сәйкес тарифтік емес реттеу шараларын енгізуші Тарап, басқа Тараптармен ұқсас шараларды қолдану туралы мәселені Комиссияның қарауына енгізеді, сондай-ақ осы Тараптарға мұндай шараларды енгізу және қолдану туралы хабарлайды.

      4. Осы баптың 3-тармағында көзделген шараларды қолданбайтын Тараптар үшінші елдерден осы шараларды қолданатын Тарап мемлекетінің кедендік аумағына тауарларды әкелуді не көрсетілген шаралардан сырт айналып үшінші елдерге тауарларды әкетуді болдырмау үшін қажетті күш қолданады.

      5. Тарап осы баптың 3-тармағына сәйкес тарифтік емес реттеу шараларын үшінші елдерге отандық тауарларды әкетуге тыйым салу немесе шектеу түрінде енгізген жағдайда, көрсетілген шараларды қолданбайтын басқа Тараптар осы Тарап мемлекетінің атқарушы билік уәкілетті мемлекеттік органы берген лицензиясыз және (немесе) рұқсатсыз осы тауарларды әкетуге жол бермейді.

      6. Осы баптың 3-тармағына сәйкес тарифтік емес реттеу шараларын қолданатын Тарап, басқа Тараптардың осы баптың 4 және 5-тармақтарының ережелерін орындауды қамтамасыз етуі үшін қажет күш-жігерді қабылдайды, оның ішінде оларға тауарларды берушілер, тауарлардың сәйкестендіру белгілері, оларды тасымалдаудың белгілі тәсілдері туралы мәліметтер, сондай-ақ оларға қатысты тарифтік емес реттеу шаралары енгізілген тауарларды анықтауға мүмкіндік беретін өзге де ақпаратты ұсынады.

      7. Тараптардың қайсыбірінің мемлекеті атқарушы билік уәкілетті мемлекеттік органы берген лицензияларды және (немесе) рұқсаттарды Комиссия осы баптың 2-тармағында көзделген өкілеттіктерді бергеннен кейін Тараптардың барлық басқа мемлекеттері таниды және Тараптардың барлық мемлекеттерінде бірдей заңды күшке ие болады.

      8. Бірыңғай кедендік аумақта тауарлардың сыртқы саудасын қозғайтын және ұлттық мүдделерге (7-бап) және тауарлардың сыртқы саудасы тыйымдарының және шектеулерінің ерекше түрлеріне (8-бап) сүйене отырып енгізілетін шараларды, оларды бір жақты тәртіпте қолдану жағдайларын қоса алғанда, қолдану тәртібі, сондай-ақ сыртқы сауданың өзге де тыйым салулары мен шектеулері және оларды қолдану тәртібі Тараптардың жекелеген келісімдерімен айқындалады.

10-бап Айрықшалық

      Осы Келісім Тараптардың экспорттық бақылау, техникалық реттеу мәселелеріне, санитарлық, ветеринарлық және фитосанитарлық талаптар мен шараларды қолдану, сондай-ақ арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемдік шараларды қолдануға қатысты қарым-қатынастарға қолданылмайды.

11-бап Дауларды шешу

      Осы Келісімнің ережелерін қолданумен немесе түсіндірумен байланысты даулар консультациялар және келіссөздер жолымен шешіледі, ал келісімге қол жеткізілмеген жағдайда Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына қарауға беріледі.

12-бап Өзгерістер

      Тараптардың уағдаластығы бойынша осы Келісімге Тараптардың жекелеген хаттамаларымен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

13-бап Қорытынды ережелер

      Осы Келісімнің күшіне ену, оған қосылу және одан шығу тәртібі 2007 жылғы 6 қазандағы Кедендік одақтың шарттық-құқықтық базасын қалыптастыруға бағытталған халықаралық шарттардың күшіне ену, одан шығу және оған қосылу тәртібі туралы хаттамамен айқындалады.

      Мәскеу қаласында 2008 жылғы 25 қаңтарда орыс тіліндегі жалғыз түпнұсқа данада жасалды.

      Осы Келісімнің түпнұсқа данасы осы Келісімнің депозитарийі болып табылатын, оның куәландырылған көшірмесін әрбір Тарапқа жіберетін Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық комитетінде сақталады.

Беларусь

Қазақстан

Ресей

Республикасының

Республикасының

Федерациясының

Үкіметі үшін

Үкіметі үшін

Үкіметі үшін


      Мәскеу қаласында 2008 жылғы 25 қаңтарда қол қойылған Үшінші елдерге қатысты тарифтік емес реттеудің бірыңғай шаралары туралы келісімнің орыс тіліндегі мәтініне дәлме-дәл екенін растаймын.

      Вице-министр Е. Мамытбеков

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады