Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
«Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» конкурсы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 23 қаңтардағы № 523 Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі С. Ахметов
«Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» конкурсы
туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 23
қаңтардағы № 523 Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар
енгізу туралы
ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» конкурсы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 23 қаңтардағы № 523 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2008 ж., № 3, 36-құжат; № 38, 405-құжат; № 43, 481-құжат; 2009 ж., № 27-28, 234-құжат; № 33, 309-құжат; 2010 ж., № 45, 402-құжат; 2011 ж., № 47, 630-құжат; 2012 ж., № 36, 476-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
1) жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» конкурсын өткізудің ережелерінде:
4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Қазақстан Республикасы Қоршаған орта және су ресурстары министрлігі, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы конкурстың ұйымдастырушылары (бұдан әрі – ұйымдастырушылар) болып табылады.»;
мынадай мазмұндағы 4-1-тармақпен толықтырылсын:
«4-1. Конкурс жыл сайын осы Ережелердің 13-тармағында көрсетілген номинациялар бойынша өңірлік және республикалық деңгейлерде екі кезеңде өткізіледі.
Конкурстың өңірлік және республикалық кезеңдеріне қатысу тегін болып табылады.»;
5, 6-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«5. Конкурстың лауреаты атағына үміткерлер материалдарды осы Ережелерге сәйкес ресімдейді және облыстардың, республикалық маңызы бар қала мен астананың жергілікті атқарушы органдарына қағаз және электронды жеткізгіштерде ұсынады.
6. Конкурсқа қатысуға:
1) қызметін кемінде үш жыл жүзеге асыратын;
2) таратылу сатысында тұрмаған, банкрот деп танылмаған;
3) еңбек заңнамасының жойылмаған бұзушылықтары, оның ішінде қызметкерлерге жалақы және басқа да төлемдер бойынша мерзімі өткен берешегі жоқ;
4) қызметкерлермен ұжымдық еңбек даулары жоқ;
5) Қазақстан Республикасының аумағында саяси, кәсіподақ және діни ұйымдарды қолдауға бағытталмаған әлеуметтік және қайырымдылық қызметті жүзеге асыратын;
6) конкурсқа қатысуға өтінімінде дәйекті мәліметтерді көрсеткен, сондай-ақ құжаттарды толық көлемде ұсынған үміткерлер жіберіледі.»;
8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«8. Конкурсты өткізу мерзімдері:
1) қаңтар – конкурстың басталуы туралы хабарлау;
2) жыл сайын 1 шілдеге дейін – жергілікті атқарушы органдар өтінімдер қабылдайды;
3) жыл сайын 1 қазанға дейін – жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссиялардың алдын ала жасаған қорытындыларын және конкурсқа қатысуға үміткерлердің өтінімдерін бір данада Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жібереді;
4) желтоқсан – қорытындылар шығару, жеңімпаздарды марапаттау.»;
9-тармақ алынып тасталсын;
мынадай мазмұндағы 9-1-тармақпен толықтырылсын:
«9-1. Жергілікті атқарушы орган:
1) конкурсты өткізу жөніндегі облыстық іс-шаралар жоспарын әзірлейді және бекітеді;
2) конкурсқа қатысушылардың өтінімдерін бағалау үшін құрамына облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың ұлттық кәсіпкерлер палатасының, кәсіптік одақтардың аумақтық бірлестіктерінің өкілдері кіретін сараптамалық жұмыс тобын құрады;
3) конкурсты өткізу тәртібі туралы ұйымдарды хабардар етуді ұйымдастырады.»;
10-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«10. Конкурсқа қатысу үшін үміткерлер жергілікті атқарушы органдарға материалдарды екі данада ұсынады, оларда:»;
мынадай мазмұндағы 11-1, 11-2 және 11-3-тармақтармен толықтырылсын:
«11-1. Жергілікті атқарушы орган тиісті мемлекеттік органдардан конкурсқа қатысуға өтінімдерде үміткерлер келтірген мәліметтердің дәйектілігін растайтын ақпаратты сұратады және үміткерлерді осы Ережелердің 6-тармағында көрсетілген талаптарға сәйкестігі тұрғысынан тексереді.
Үміткерлерге қойылатын талаптарға сәйкессіздіктер анықталған кезде конкурсқа қатысуға өтінімнің қабылданбағаны туралы жазбаша хабарлама жіберіледі.
11-2. Сараптамалық жұмыс топтары осы Ережелердің 11-тармағында көрсетілген критерийлердің негізінде үміткерлердің өтінімдерін бағалауды жүргізеді және сараптамалық қорытынды дайындайды.
11-3. Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық комиссиялар сараптамалық жұмыс топтарының қорытындысы негізінде облыс бойынша алдын ала қорытынды дайындайды.»;
12-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«12. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық комиссиялардың алдын ала қорытындыларын қарағаннан кейін түпкілікті қорытынды жасап, оны және үміткерлердің материалдарын Комиссияның қарауына ұсынады.»;
13-тармақтың 1) және 2) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:
«1) «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын».
Бұл номинацияда өз персоналын қолдауға, мүмкіндігі шектеулі адамдарды әлеуметтік бейімдеуге және жалпы қоғамның әл-ауқатын жақсартуға бағытталған әлеуметтік бағдарламаларды (еңбекақыны және әлеуметтік төлемдерді төлеуді, кадрларды кәсіптік даярлау мен қайта даярлау жүйесін ұйымдастыру, мүмкіндігі шектеулі адамдарды барынша көп мөлшерде жұмысқа орналастыру және тағы басқалар) іске асыратын үміткерлердің қызметі қаралады;
2) «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын».
Бұл номинацияда еңбек қызметі процесінде қызметкерлердің денсаулығын сақтауға мүмкіндік беретін еңбек жағдайларын жасайтын үміткерлердің қызметі қаралады.»;
16-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«16. Конкурсты өткізу кезеңдерін, оған қатысушылардың әлеуметтік мәселелерді шешуде қол жеткізген жетістіктерін, конкурс жеңімпаздарын марапаттау рәсімдерін бұқаралық ақпарат құралдарында жария ету, сондай-ақ лауреаттар тізімін жариялау Қазақстан Республикасы Байланыс және ақпарат агенттігінің жәрдемдесуімен жүзеге асырылады.»;
мынадай мазмұндағы 16-1, 16-2 және 16-3-тармақтармен толықтырылсын:
«16-1. Облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органдары конкурстың өңірлік кезеңін өткізу процесін жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жария етуді және конкурстың республикалық кезеңіне қатысуға ұсынылатын үміткерлердің тізімін жариялауды қамтамасыз етеді.
16-2. Ұйымдастырушылар және облыстардың, республикалық маңызы бар қала мен астананың жергілікті атқарушы органдары конкурс жеңімпаздарының үлгісінде әлеуметтік жауапкершіліктің үздік тәжірибелерін таратуды ұйымдастырады.
16-3. Облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органдары конкурс лауреаттарын марапаттау салтанатынан кейін конкурс жеңімпаздарын келесі марапаттау салтанаты өткізілгенге дейін имидждік ілгерілетуді ұйымдастырады.»;
17-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«17. Конкурс лауреаттары осы атақ берілгеннен кейін үш жыл бойы конкурс эмблемасын жарнамалық мақсаттарда пайдалану құқығын алады. Белгілі бір номинация бойынша конкурс лауреаты атағын алғаннан кейін екі жыл ішінде осы атақты алуға қайталап ұсынуға жол берілмейді.»;
2) жоғарыда аталған Жарлықпен құрылған Бизнестің әлеуметтік жауапкершiлiгi жөнiндегi «Парыз» конкурсының лауреаттары атақтарын беру жөнiндегi комиссияның лауазымдық құрамында:
мына:
«Қазақстан Республикасының Қоршаған ортаны қорғау министрі»,
«Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі»,
«Атамекен» одағы» ұлттық экономикалық палатасының төрағасы (келісім бойынша)» деген жолдар мынадай редакцияда жазылсын:
«Қазақстан Республикасының Қоршаған орта және су ресурстары министрі»,
«Қазақстан Республикасының Мәдениет министрі»,
«Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының төрағасы (келісім бойынша)».
2. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н.Назарбаев