Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамына (бұдан әрі – қарыз алушы) 2014 жылы «2014 – 2016 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» 2013 жылғы 3 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес 023 «Агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қолдау жөніндегі іс-шараларды жүргізу үшін «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ кредит беру» бюджеттік бағдарламасы бойынша 40000000000 (қырық миллиард) теңге сомасында бюджеттік кредит (бұдан әрі – кредит) берілсін.
2. Қарыз алушыға кредит берудің мынадай шарттары айқындалсын:
1) кредит қарыз алушыға жеделдік, ақылылық және қайтарымдылық шарттарында 2014 жылғы 20 желтоқсанға дейінгі мерзімге жылдық 0,01 (нөл бүтін жүзден бір) пайызға тең сыйақы мөлшерлемесі бойынша беріледі;
2) қарыз алушының кредитті игеру кезеңі әкімші қарыз алушының Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банкіндегі шотына қаражат аударған күнінен басталады және 2014 жылғы 1 қарашада аяқталады.
3. Кредитті беру, өтеу және қызмет көрсету жөніндегі қосымша шарттар Қазақстан Республикасының бюджеттік заңнамасына сәйкес кредиттік шартта белгіленеді.
4. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі және қарыз алушы кредит шартының тараптары болып табылады.
5. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы қаулының 4-тармағында көрсетілген кредит шартын жасасуды;
2) кредиттің мақсатты және тиімді пайдаланылуын бақылау мен мониторингілеуді, өтелуі мен оған қызмет көрсетуді қамтамасыз етсін.
6. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов