Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «Бірыңғай экономикалық кеңістік шеңберінде Теміржол көлігі инфрақұрылымы қызметтеріне қол жеткізу қағидалары және Бірыңғай экономикалық кеңістік шеңберінде Теміржол көлігі инфрақұрылымы қызметтерін көрсету қағидалары туралы келісімге қол қою туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 26 тамыздағы № 841 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:
1) 2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаевқа Бірыңғай экономикалық кеңістік шеңберінде Теміржол көлігі инфрақұрылымы қызметтеріне қол жеткізу қағидалары және Бірыңғай экономикалық кеңістік шеңберінде Теміржол көлігі инфрақұрылымы қызметтерін көрсету қағидалары туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.»;
2) жоғарыда көрсетілген қаулымен бекітілген Бірыңғай экономикалық кеңістік шеңберінде Теміржол көлігі инфрақұрылымы қызметтеріне қол жеткізу қағидалары және Бірыңғай экономикалық кеңістік шеңберінде Теміржол көлігі инфрақұрылымы қызметтерін көрсету қағидалары туралы келісім осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К.Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2014 жылғы 25 сәуірдегі
№ 399 қаулысына
қосымша
Бірыңғай экономикалық кеңістік шеңберінде Теміржол көлігі
инфрақұрылымы қызметтеріне қол жеткізу қағидалары және Бірыңғай
экономикалық кеңістік шеңберінде Теміржол көлігі инфрақұрылымы
қызметтерін көрсету қағидалары туралы
КЕЛІСІМ
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Үкіметі және Ресей Федерациясының Үкіметі,
1995 жылғы 20 қаңтардағы Кеден одағы туралы келісімді, 1999 жылғы 26 ақпандағы Кеден одағы және Бірыңғай экономикалық кеңістік туралы шартты, 2011 жылғы 18 қарашадағы Еуразиялық экономикалық комиссия туралы шартты және 2010 жылғы 9 желтоқсандағы Тарифтік саясат негіздерін қоса алғанда, теміржол көлігінің қызметтеріне қол жеткізуді реттеу туралы келісімді негізге ала отырып,
өзара тиімді экономикалық қатынастардың одан әрі дамуына жәрдемдесе отырып,
Тасымалдаушылардың Тараптар мемлекеттері инфрақұрылымдарының қызметтеріне қол жеткізуін қамтамасыз ету қажеттігін мойындай отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Тараптар мемлекеттері тасымалдаушыларының инфрақұрылым қызметтеріне қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін Тараптар осы Келісімге 1 және 2-қосымшаларға сәйкес Бірыңғай экономикалық кеңістік шеңберінде Теміржол көлігі инфрақұрылымы қызметтеріне қол жеткізу қағидаларын және Бірыңғай экономикалық кеңестік шеңберінде Теміржол көлігі инфрақұрылымы қызметтерін көрсету қағидаларын қолданады.
Тараптар 2014 жылғы 1 шілдеге дейін қауіпсіздік сертификатын беру талаптарының және беру тәртібінің жалпы тәсілдерін айқындайды.
Осы Келісім Тараптар мемлекеттерінің басқа халықаралық шарттарында көзделген Тараптар мемлекеттерінің міндеттемелеріне қолданылмайды.
2-бап
Осы Келісімге осы Келісімнің 4-бабына сәйкес күшіне енетін хаттамалармен ресімделетін, оның ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
3-бап
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты Тараптар арасындағы даулар Тараптардың консультациялары және келіссөздері арқылы шешіледі. Тараптардың бірінің басқа Тараптарға жіберген консультациялар мен келіссөздер жүргізу туралы ресми жазбаша өтініші келіп түскен күннен бастап екі ай ішінде келісуге қол жеткізілмеген жағдайда, осы Тарап дауды Еуразиялық экономикалық қоғамдастық Сотына қарау үшін беруге құқылы.
Еуразиялық экономикалық қоғамдастық Сотына жүгінген Тарап жүгінген күнінен бастап 30 күннен кешіктірмей басқа Тараптарды бұл туралы хабардар етуге тиіс.
4-бап
Осы Келісім Тараптар мемлекеттерінің осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарий дипломатиялық арналар арқылы алған күнінен бастап он күн өткен соң күшіне енеді.
__________ жылы Мәскеу қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды.
Осы Келісімнің төлнұсқа данасы Еуразиялық экономикалық комиссияда сақталады, ол оның депозитарийі бола отырып, оның расталған көшірмесін әрбір Тарапқа жібереді.
Беларусь Қазақстан Ресей
Республикасының Республикасының Федерациясының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Бірыңғай экономикалық кеңістік
шеңберінде Теміржол көлігі
инфрақұрылымы қызметтеріне қол
жеткізу қағидалары және Бірыңғай
экономикалық кеңістік шеңберінде
Теміржол көлігі инфрақұрылымы
қызметтерін көрсету қағидалары
туралы келісімге
1-қосымша
Бірыңғай экономикалық кеңістік шеңберінде
Теміржол көлігі инфрақұрылымы қызметтеріне қол жеткізу
ҚАҒИДАЛАРЫ
1. Жалпы ережелер
1. Бірыңғай экономикалық кеңістік шеңберінде Теміржол көлігі инфрақұрылымы қызметтеріне қол жеткізу қағидалары 2010 жылғы
9 желтоқсандағы Тарифтік саясат негіздерін қоса алғанда, теміржол көлігінің қызметтеріне қол жеткізуді реттеу туралы келісімнің (бұдан әрі – Қол жеткізу туралы келісім) 5-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді.
2. Осы Қағидалар тасымалдаушылар мен инфрақұрылым операторларының Бірыңғай экономикалық кеңістік шеңберіндегі инфрақұрылым учаскелерінде инфрақұрылым қызметтеріне қол жеткізуді ұсыну бойынша қатынастарын реттейді.
Осы тармақтың бірінші абзацында көзделген қатынастарды қоспағанда, бір Тарап мемлекетінің аумағы шекарасында инфрақұрылым қызметтеріне қол жеткізуді ұсыну саласында тасымалдаушылар мен инфрақұрылым операторларының қатынастарын реттеу Тараптың осы мемлекетінің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын ұғымдар (терминдер)
3. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар (терминдер) пайдаланылады:
поездардың қозғалыс графигі – инфрақұрылым операторының инфрақұрылым учаскелерінде барлық санаттағы поездар қозғалысын ұйымдастыруды белгілейтін, шартты тәуліктердегі ауқымды торда поездардың жүруін график түрінде көрсететін, нормативтік (жоспарлы жылға), нұсқалық (уақыттың жекелеген кезеңдерінде) және жедел (ағымдағы жоспарлы тәулікке) болып бөлінетін нормативтік-техникалық құжат;
инфрақұрылым қызметтерін көрсетуге арналған ұзақ мерзімді шарт – инфрақұрылым операторы мен тасымалдаушы арасында кемінде бес жыл кезеңге жасалған инфрақұрылым қызметтерін көрсетуге арналған шарт;
қосымша өтінім – поездар қозғалысының нормативтік графигінің қолданысы кезеңінде тасымалдаушыдан қосымша тасымалдауларды жүзеге асыру үшін келіп түскен инфрақұрылым қызметтеріне қол жеткізуді ұсынуға арналған өтінім;
инфрақұрылым қызметтеріне қол жеткізу – тасымалдаушылардың тасымалдарды жүзеге асыру үшін инфрақұрылым қызметтерін алу мүмкіндігі;
ұлттық (жалпыжелілік) тасымалдаушы – жүктерді, жолаушыларды, багажды, жүк-багажды, пошта жөнелтілімдерін тасымалдау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын және Тарап мемлекетінің бүкіл инфрақұрылымында поездарды қалыптастыру жоспарының іске асырылуын, оның ішінде арнаулы және әскери тасымалдар бойынша іске асырылуын қамтамасыз ететін тасымалдаушы. Ұлттық (жалпыжелілік) тасымалдаушы мәртебесі Тарап мемлекетінің заңнамасында айқындалады;
график тармағы – поездардың қозғалыс графигінде поездың жөнелту, межелі және баратын пункттері, жөнелту, келу, технологиялық тұрақтар уақыты, орташа жүріс уақыты, сондай-ақ поездың басқа да техникалық және технологиялық параметрлері көрсетілген жүру маршрутының графикалық бейнеленуі;
инфрақұрылым операторы – инфрақұрылымы бар және инфрақұрылымды заңды негіздерде пайдаланатын және (немесе) аумағында инфрақұрылым орналасқан Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес инфрақұрылым қызметтерін көрсететін теміржол көлігі ұйымы;
поездарды қалыптастыру жоспары – тасымалдаушылардың поездарды қалыптастыру жоспарлары жобаларының негізінде инфрақұрылым операторы бекіткен және инфрақұрылым учаскелерінің өткізу қабілетін және станциялардың өңдеу қабілетін ескере отырып, теміржол станцияларында қалыптастырылатын поездардың санаттары мен межелі бағыттарын белгілейтін нормативтік-техникалық құжат;
инфрақұрылым учаскесінің өткізу қабілеті – инфрақұрылымның техникалық және технологиялық мүмкіндіктеріне, жылжымалы составқа және түрлі санаттағы поездардың өткізілуін ескере отырып, поездардың қозғалу тәсілдеріне қарай есепті уақыт мерзімі (тәулік) ішінде инфрақұрылым учаскесі бойынша өткізілуі мүмкін поездардың және поездар жұптарының ең көп саны;
поездардың қозғалыс кестесі – поездардың қозғалыс графигінің негізінде белгілі күнтізбелік күндер бойынша поездар қозғалысы туралы ақпарат қамтылған құжат;
қауіпсіздік сертификаты – тасымалдау процесіне қатысушының қауіпсіздікті басқару жүйесінің теміржол көлігіндегі қауіпсіздік қағидаларына сәйкестігін куәландыратын, Тарап мемлекетінің заңнамасында белгіленген тәртіппен берілген құжат;
уәкілетті орган – құзыретіне теміржол көлігі саласындағы мемлекеттік реттеу және (немесе) басқару мәселелері кіретін, Тараптар мемлекеттерінің әрқайсысының заңнамасына сәйкес айқындалған Тараптар мемлекетінің атқарушы билік (мемлекеттік басқару) органы;
инфрақұрылым учаскесі – локомотив айналатын учаскенің инфрақұрылым операторы белгілеген шекте Тараптар мемлекеттерінің шектес екі инфрақұрылымының түйіскен жеріне іргелес жатқан теміржол көлігі инфрақұрылымының бір бөлігі.
4. Осы Қағидаларда пайдаланылатын басқа ұғымдар (терминдер) Қол жеткізу туралы келісімде, сондай-ақ Бірыңғай экономикалық кеңістік шеңберінде теміржол көлігі инфрақұрылымы қызметтерін көрсету қағидаларында (бұдан әрі – Қызмет көрсету қағидалары) айқындалған мағыналарында түсініледі.
3. Инфрақұрылым қызметтеріне қол жеткізуге рұқсат берудің жалпы қағидаттары
5. Инфрақұрылым қызметтеріне қол жеткізуге рұқсат инфрақұрылым учаскелерінде беріледі және:
1) инфрақұрылым учаскелерінің өткізу қабілеті шегінде техникалық және технологиялық мүмкіндіктер ескеріле отырып, аумағында инфрақұрылым орналасқан Тарап мемлекетінің заңнамасында белгіленген тасымалдаушыларға қойылатын талаптардың теңдігі;
2) аумағында инфрақұрылым орналасқан Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес инфрақұрылым қызметтері саласында тасымалдаушыларға қатысты бірыңғай баға (тариф) саясатын қолдану;
3) инфрақұрылымның техникалық және технологиялық мүмкіндіктерін негізге ала отырып, инфрақұрылым қызметтерінің тізбесі, олардың көрсетілу тәртібі, осы көрсетілетін қызметтердің тарифтері, төлемдері мен алымдары туралы ақпараттың қолжетімділігі;
4) инфрақұрылымның өткізу қабілетін тиімді пайдалану және тасымалдау процесінің үздіксіз жүргізілуін, технологиялық процестердің тұтастығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсаттарында оны жөндеу, күтіп-ұстау және оған қызмет көрсету бойынша жұмыстардың ұтымды жоспарлануы;
5) тасымалдау қызметін жоспарлау, ұйымдастыру және инфрақұрылым қызметтерін көрсету процесінде мәлім болған коммерциялық немесе мемлекеттік құпияны құрайтын мәліметтердің қорғалуы;
6) поездар қозғалысының нормативтік графигіне сәйкес инфрақұрылымның өткізу қабілеті шектеулі болған жағдайда, тасымалдаушыларға инфрақұрылым қызметтеріне қол жеткізуге рұқсат беру басымдылығы (кезектілігі) қағидаттарына негізделеді.
6. Тасымалдаушыларға инфрақұрылым қызметтеріне қол жеткізуге рұқсат беру басымдылығы (кезектілігі) қағидаты мынадай іріктеу деңгейлері арқылы іске асырылады:
1) басымдылығы (кезектілігі) аумағында инфрақұрылым орналасқан Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес немесе аумағында инфрақұрылым орналасқан Тарап мемлекетінің заңнамасына қайшы келмейтін инфрақұрылым операторының актілерінде айқындалатын поездың санатын айқындау;
2) поездың санаты:
тасымалдау көлемі бойынша шарттық міндеттемелердің орындалуы ескеріле отырып, инфрақұрылым қызметтерін көрсетуге арналған ұзақ мерзімді шарттардың болуына;
тасымалдаушының инфрақұрылым учаскелерінің өткізу қабілетін пайдалану қарқынына;
инфрақұрылым қызметтерін көрсетуге арналған шарттың (бұдан әрі – шарт) болуына қарай бірдей болған жағдайда;
3) осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген критерийлер бірдей болған жағдайда, аумағында инфрақұрылым орналасқан Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес конкурстық рәсімдерді жүзеге асыру.
4. Инфрақұрылым қызметтеріне қол жеткізуге рұқсат беру шарттары
7. Инфрақұрылым қызметтеріне қол жеткізуге рұқсатты инфрақұрылым операторы тасымалдаушыларда:
аумағында инфрақұрылым орналасқан Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес Тарап мемлекетінің уәкілетті органы берген тасымалдау қызметін жүзеге асыруға арналған лицензия;
аумағында инфрақұрылым орналасқан Тарап мемлекетінің заңнамасында белгіленген тәртіппен Тарап мемлекетінің уәкілетті органы берген қауіпсіздік сертификаттары;
тасымалдау процесін ұйымдастыруға, басқаруға және жүзеге асыруға қатыстырылған білікті қызметкерлерде аумағында инфрақұрылым орналасқан Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес олардың біліктілігі мен кәсіптік даярлығын растайтын құжаттары бар болған кезде береді.
8. Инфрақұрылым қызметтеріне қол жеткізуге рұқсат:
инфрақұрылым учаскесі шегінде поездар қозғалысы мен маневрлік қозғалыстарды ұйымдастыру үшін инфрақұрылымның техникалық және технологиялық мүмкіндіктері;
жүк поездарын қалыптастыру жоспары және поездардың қозғалыс графигі;
инфрақұрылымның қолда бар өткізу қабілеті және тасымалдаушылардың инфрақұрылым учаскелерін пайдалану жөніндегі ұсыныстары және осы Қағидалардың 3-бабында айқындалған инфрақұрылым қызметтеріне қол жеткізу қағидаттарының негізінде инфрақұрылым учаскелерінің өткізу қабілетін инфрақұрылым операторының бөлуі;
аумағында инфрақұрылым орналасқан Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес теміржол тасымалын жүзеге асыруға кедергі келтіретін тыйым салулар мен шектеулердің болмауы;
аумағында инфрақұрылым орналасқан Тарап мемлекетінің заңнамасында көзделген жағдайларда тасымалдаушыда басқа органдармен және ұйымдармен келісулердің болуы негізге алына отырып беріледі.
9. Графиктің белгілі бір тармақтары бойынша инфрақұрылым қызметтеріне қол жеткізу құқығы тасымалдаушыларға ұзақ мерзімді шарттардан туындайтын құқықтарды қоспағанда, поездардың қозғалыс графигін қолдану мерзімінен аспайтын кезеңге берілуі мүмкін.
5. Инфрақұрылым қызметтеріне қол жеткізуге рұқсат беру
10. Инфрақұрылым қызметтеріне қол жеткізуге рұқсат беру аумағында инфрақұрылым орналасқан Тарап мемлекеті заңнамасының талаптары ескеріле отырып жүзеге асырылады және мынадай кезеңдерді қамтиды:
1) инфрақұрылым операторының инфрақұрылым учаскелерінің техникалық ерекшеліктерін әзірлеуі және жариялауы;
2) тасымалдаушының инфрақұрылым қызметтеріне қол жеткізуге рұқсат алу үшін өтінім беруі (бұдан әрі – өтінім);
3) инфрақұрылым операторының өтінімді қарауы;
4) поездардың қозғалыс графигін және поездардың қозғалыс кестесін бекіту;
5) аумағында инфрақұрылым орналасқан Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес шарт жасасу.
Тасымалдаушы бір мезгілде пайдалану үшін жоспарланып отырған инфрақұрылым операторы болған жағдайда, өтінім беру және шарт жасасу талап етілмейді.
11. Поездар қозғалысының нормативтік графигінде көзделмеген қосымша тасымалдар бойынша инфрақұрылым қызметтеріне қол жеткізуге рұқсат беру осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен қосымша өтінімдер негізінде жүзеге асырылады.
6. Инфрақұрылым учаскелерінің техникалық ерекшеліктері
12. Инфрақұрылым операторы жыл сайын, өтінімдерді қабылдау басталған күнге дейін үш айдан кешіктірмей аумағында инфрақұрылым орналасқан Тарап мемлекетінің заңнамасына қайшы келмейтін инфрақұрылым операторының актілерінде белгіленген тәртіппен инфрақұрылым учаскелерінің техникалық ерекшеліктерін жасайды, бекітеді және жариялайды.
13. Инфрақұрылым учаскелерінің техникалық ерекшеліктерінде:
поездар қозғалысын және маневрлік қозғалыстарды ұйымдастыру үшін қажетті инфрақұрылым учаскелері мен станциялардың инфрақұрылым учаскелерінің ұзақтығы мен тартқыш түрі, поездар составтарының салмағы мен ұзындығының нормалары, түрлі санаттағы поездардың қозғалыс жылдамдықтары көрсетілген техникалық сипаттамалары;
халықаралық жолаушылар қатынасы үшін поездардың қозғалыс графигі тармақтарының жобалары;
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Теміржол көлігі жөніндегі кеңесінің шешімімен айқындалған әрбір мемлекетаралық түйісу пункті бойынша жүк поездарын қабылдау-тапсырудың (алмасудың) болжамды уақыты;
аумағында инфрақұрылым орналасқан Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес ұлттық (жалпыжелілік) тасымалдаушыға тасымалдауды орындау үшін қажетті инфрақұрылым участкелерінің өткізу қабілетін қоспағанда, инфрақұрылым учаскелерінің өткізу қабілеті көрсетілуге тиіс.
14. Инфрақұрылым операторы инфрақұрылым учаскелерінің техникалық ерекшеліктерінде өзге де мәліметтерді және инфрақұрылым учаскелерінде тасымалдауды жоспарлауға және поездар қозғалысын ұйымдастыруға арналған шарттарды көрсетуі мүмкін.
7. Инфрақұрылым қызметтеріне қол жеткізуге рұқсат алуға
арналған өтінімді беру және қарау
15. Тасымалдаушы инфрақұрылым операторына осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтінім береді.
16. Өтінімдерді қабылдауды бастау және аяқтау, өтінімдерді қарау, поездар қозғалысының нормативтік графигінің бастапқы жобасын қалыптастыру мерзімдері, сондай-ақ осы Қағидалардың 24 және 26-тармақтарында көзделген ақпаратты беру мерзімдері аумағында инфрақұрылым орналасқан Тарап мемлекетінің заңнамасында және (немесе) аумағында инфрақұрылым орналасқан Тарап мемлекетінің заңнамасына қайшы келмейтін инфрақұрылым операторының актілерінде белгіленеді.
17. Өтінімге:
жоспарланып отырған график тармақтарының жобасы;
тасымалдаудың жоспарланып отырған жылдық көлемдері туралы ақпарат (тоқсандар мен айлар бойынша, сондай-ақ жүк түрлері бойынша бөліп көрсете отырып);
тасымалдауға жоспарланған поездар саны туралы ақпарат;
тасымалдауды қамтамасыз ету үшін тасымалдаушы көздеген локомотивтердің үлгілері мен сипаттамалары туралы ақпарат;
тасымалдаушының осы Қағидалардың 7-тармағында белгіленген талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттар қоса беріледі.
18. Тасымалдаушы инфрақұрылым операторына қағаз жеткізгіште беретін өтінім мынадай талаптарға сәйкес болуға тиіс:
өтінім және оған қоса берілетін құжаттар тігілуге, нөмірленуге және тасымалдаушының мөрімен, сондай-ақ оның басшысының не ол уәкілеттік берген адамның қолымен расталуға тиіс;
қоса берілетін құжаттар түпнұсқада болуға немесе олардың көшірмелері болуға тиіс, соңғы жағдайда өтінімге қол қойған басшы не ол уәкілеттік берген адам олардың анықтығын және толықтығын жазбаша түрде растауға тиіс;
өтінім және оған қоса берілетін құжаттар орыс тілінде не инфрақұрылым операторының заңды тіркелген жеріндегі мемлекеттің тілінде беріледі және оларда түзетулер немесе толықтырулар болмауға тиіс. Өзге тілде жасалған өтінім және оған қоса берілетін құжаттар белгіленген тәртіппен расталған орыс тіліне аударылған мәтінімен қоса берілуге тиіс.
19. Электронды түрде берілетін өтінім осы Қағидалардың 17-тармағына сәйкес электрондық құжат айналымының талаптары ескеріле отырып беріледі және оған электрондық цифрлық қолтаңбамен қол қойылуға тиіс.
20. Өтінімді инфрақұрылым операторы құжатты тасымалдаушыға бере отырып тіркеуге тиіс, онда реттік тіркеу нөмірі, қабылдау күні және қабылданған құжаттар тізбесі көрсетіледі.
21. Инфрақұрылым операторы келіп түскен өтінімдердің осы Қағидалардың 17-19-тармақтарында белгіленген талаптарға сәйкестігін тексереді.
22. Өтінім осы Қағидаларда белгіленген талаптарға сәйкес болмаған жағдайда, инфрақұрылым операторы өтінім келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде бас тарту себебін көрсете отырып, өтінімді қарауға қабылдаудан бас тарту туралы тасымалдаушыны жазбаша нысанда хабардар етеді.
23. Өтінімдерді қарау кезеңінде (бірақ өтінімдерді қарауды аяқтау мерзімі аяқталғанға дейін кемінде бір ай бұрын) инфрақұрылым операторының қажет болған жағдайда тасымалдаушыдан поездар қозғалысының нормативтік графигін қалыптастыру үшін қажетті қосымша мәліметтерді (деректерді) сұратуға құқығы бар.
Инфрақұрылым операторы сұратқан қосымша мәліметтерді (деректерді) тасымалдаушы инфрақұрылым операторынан сұрау салу келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде өтінімді беру талаптарын сақтай отырып ұсынуға тиіс.
24. Инфрақұрылым операторы тасымалдаушылардың қарауға қабылданған өтінімдерін және инфрақұрылым учаскелерінің өткізу қабілетін барынша пайдалануды ескере отырып, поездар қозғалысының нормативтік графигінің бастапқы жобасын жасайды.
Инфрақұрылым операторы тасымалдаушының өтінімін қараудың нәтижелері туралы оны инфрақұрылым операторы белгілеген мерзімдерде хабардар етеді.
25. Тасымалдаушылар өтінімді қараудың бастапқы нәтижелерімен келіспеген жағдайда, инфрақұрылым операторы мүдделі тасымалдаушылар арасындағы келіспеушіліктерді (қақтығыстарды) шешуге бағытталған келісудің үйлестіру рәсімдерін келіссөздер жүргізу арқылы ұйымдастыра алады, оның барысында инфрақұрылым операторы тасымалдаушыға графиктің өтінім берілгендерден ерекшеленетін басқа тармақтарын ұсынуға құқылы.
26. Инфрақұрылым операторы осы бапта көзделген барлық рәсімдер жүргізілгеннен кейін тасымалдаушы берген өтінімнің түзетулерін (болған жағдайда) ескере отырып, өтінімнің келісілгені (келісілмегені) туралы тасымалдаушыны хабардар етеді.
8. Поездар қозғалысының нормативтік графигін және поездардың
қозғалыс кестесін қалыптастыру, әзірлеу және бекіту
27. Инфрақұрылым операторы поездар қозғалысының нормативтік графигін және поездардың қозғалыс кестесін тасымалдаушылардан қабылданған өтінімдерді және келісудің үйлестіру рәсімдерін ескере отырып, аумағында инфрақұрылым орналасқан Тарап мемлекетінің заңнамасында белгіленген тәртіппен бір жылдық кезеңге әзірлейді және бекітеді.
28. Инфрақұрылым операторы поездар қозғалысының нормативтік графигін:
поездардың қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуді;
инфрақұрылым учаскелерінің өткізу және тасу қабілеті мен теміржол станцияларының қайта өңдеу қабілетін неғұрлым тиімді пайдалануды;
инфрақұрылым учаскелерін күтіп-ұстау және жөндеу жөніндегі жұмыстарды жүргізу мүмкіндігін ескере отырып, қалыптастырады.
29. Поездар қозғалысының нормативтік графигін әзірлеу басымдылық (кезектілік) қағидаты ескеріле отырып, жүзеге асырылады.
30. Поездар қозғалысының нормативтік графигі күнтізбелік жылғы мамыр айының соңғы жексенбісінің 00 сағат 00 минутынан бастап қолданысқа енгізіледі және келесі күнтізбелік жылғы мамыр айының соңғы жексенбісінің 24 сағат 00 минутында қолданысын тоқтатады.
31. Поездар қозғалысының нормативтік графигі мен поездардың қозғалыс кестесі жүк поездары үшін инфрақұрылым операторы белгілеген тәртіппен түзетілуі мүмкін.
9. Инфрақұрылым қызметтерін көрсетуге шарт жасасу
32. Шарт тасымалдаушының өтінімін инфрақұрылым операторы келіскеннен кейін, бірақ поездар қозғалысының нормативтік графигі қолданысқа енгізілетін күнге дейін күнтізбелік он күннен кешіктірілмей жасалады.
33. Шарт Қызмет көрсету қағидаларында көзделген ережелер ескеріле отырып жасалады.
Қосымша өтінімдер бойынша қызмет көрсетуге арналған шарт тасымалдар жүзеге асырылатын күнтізбелік ай басталғанға дейін бір айдан кешіктірілмей жасалуға тиіс.
34. Инфрақұрылым операторы тасымалдаушының инфрақұрылым операторы алдында инфрақұрылым қызметтері бойынша берешегі болған кезде, сондай-ақ аумағында инфрақұрылым орналасқан Тарап мемлекетінің заңнамасында көзделген өзге де жағдайларда, тасымалдаушыға шарт жасасудан бас тартуға құқылы.
10. Поездар қозғалысының нормативтік графигі қолданыста болған
кезеңде инфрақұрылым қызметтеріне қол жеткізуге арналған
қосымша өтінімдер
35. Тасымалдаушының қосымша өтінімі осы Қағидалардың 17 – 19-тармақтарының талаптарына сәйкес ресімделеді.
36. Қосымша өтінім инфрақұрылым операторының тасымалдаушыға қосымша өтінімнің реттік тіркеу нөмірі, қабылданған күні және қабылданған құжаттардың тізбесі көрсетілген құжатты бере отырып тіркеуіне жатады.
37. Қосымша өтінім тасымалдар жүзеге асырылатын күнтізбелік ай басталғанға дейін екі айдан кешіктірілмей беріледі.
38. Қосымша өтінімдердің осы Қағидаларда белгіленген талаптарға сәйкестігі олар келіп түскен кезден бастап бір ай ішінде қаралады, оларды қарау қорытындылары бойынша шарт жасалуы не жасалған шарттарға қосымша келісімдер жасалуы мүмкін.
39. Тасымалдаушылардың қосымша өтінімдері бойынша инфрақұрылым операторы графиктің қосымша тармақтарын бөлу мүмкіндігі туралы мәселені қарастыруы мүмкін.
40. Осы Қағидалардың 16-тармағында белгіленген мерзімнен кешігіп түскен өтінімдер поездар қозғалысының нормативтік графигін қалыптастырған кезде ескерілмейді және инфрақұрылым қызметтеріне қол жеткізуге арналған қосымша өтінімдер ретінде қаралады.
41. Қосымша өтінімдер бойынша график тармақтарын бөлу аумағында инфрақұрылым орналасқан Тарап мемлекетінің заңнамасында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
42. Қосымша өтінімдерді ішінара қанағаттандыру немесе қабылдамау тәуекелдерін тасымалдаушылар көтереді.
11. Ақпарат беру тәртібі
43. Инфрақұрылым операторы өзінің ресми сайтында инфрақұрылым учаскелерінің техникалық ерекшеліктерін, нормативтік құқықтық актілердің тізбесін, сондай-ақ аумағында инфрақұрылым орналасқан Тарап мемлекеті заңнамасының талаптарын ескере отырып, инфрақұрылым операторының инфрақұрылым қызметтеріне қол жеткізу тәртібін регламенттейтін актілерін орналастырады.
44. Инфрақұрылым операторы мен тасымалдаушылар аумағында инфрақұрылым орналасқан Тарап мемлекеті заңнамасының талаптарын, оның ішінде мемлекеттік құпияға жататын немесе таратылуы шектелген мәліметтерді қамтитын ақпаратты таратуға қойылатын шектеулерді ескере отырып, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету талаптарын сақтауға тиіс.
12. Дауларды шешу тәртібі
45. Осы Қағидаларды іске асыру кезінде тасымалдаушы мен инфрақұрылым операторы арасында туындаған барлық даулар мен келіспеушіліктер келіссөздер жүргізу арқылы шешіледі.
46. Тасымалдаушы мен инфрақұрылым операторы келіссөздер барысында өзара келісімге қол жеткізе алмаған жағдайда, барлық даулар мен келіспеушіліктер аумағында инфрақұрылым орналасқан Тарап мемлекетінің заңнамасында белгіленген тәртіппен шешіледі.
Бірыңғай экономикалық кеңістік
шеңберінде Теміржол көлігі
инфрақұрылымының қызметтеріне қол
жеткізу қағидаларына
қосымша
Нысан
Бірыңғай экономикалық кеңістік шеңберінде Теміржол көлігі
инфрақұрылымының қызметтеріне қол жеткізуге арналған
өтінім
201 __ жылғы «__» __________ № _________
______________ ж. мен __________________ ж. аралығындағы кезеңге
Инфрақұрылым операторы ___________________________________________
__________________________________________________________________
(атауы, заңды, пошталық мекенжайы)
Тасымалдаушы _____________________________________________________
(атауы, заңды, пошталық мекенжайы)
Бірыңғай экономикалық кеңістік шеңберінде теміржол көлігі
инфрақұрылымының қызметтерін көрсетуге арналған шарттар болса нөмірі
мен күні (болған жағдайда)
__________________________________________________________________
Осы арқылы өтінімге қоса беріліп отырған _____ парақтағы __ данадағы
мынадай құжаттардың (ақпараттың) * толықтығы мен дәйектілігін
растаймын:
1) ________;
2) ________;
…) ________.
__________________ _______________________
Тасымалдаушының қолы Мөрге арналған орын
__________________
Ескертпе: Бірыңғай экономикалық кеңістік шеңберінде Теміржол көлігі
инфрақұрылымы қызметтеріне қол жеткізу қағидаларының 17-тармағында
көзделген құжаттар қоса беріледі.
Бірыңғай экономикалық кеңістік
шеңберінде Теміржол көлігі
инфрақұрылымы қызметтеріне қол
жеткізу қағидалары және Бірыңғай
экономикалық кеңістік шеңберінде
Теміржол көлігі инфрақұрылымы
қызметтерін көрсету қағидалары
туралы келісімге
2-қосымша
Бірыңғай экономикалық кеңістік шеңберінде
Теміржол көлігі инфрақұрылымы қызметтерін көрсету
ҚАҒИДАЛАРЫ
1. Жалпы ережелер
1. Бірыңғай экономикалық кеңістік шеңберінде инфрақұрылым қызметтерін көрсету қағидалары 2010 жылғы 9 желтоқсандағы Тарифтік саясат негіздерін қоса алғанда, теміржол көлігінің қызметтеріне қол жеткізуді реттеу туралы келісімнің (бұдан әрі – Қол жеткізу туралы келісім) 5-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді.
2. Осы Қағидалар тасымалдау қызметін жоспарлау және ұйымдастыру шеңберінде Қол жеткізу туралы келісімде және Бірыңғай экономикалық кеңістік шеңберінде Теміржол көлігі инфрақұрылымы қызметтеріне қол жеткізу қағидаларында (бұдан әрі – Қол жеткізу қағидалары) айқындалған қағидаттарға негізделген Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы мемлекеттердің теміржол көлігі инфрақұрылымы учаскелерінің шекарасында қызмет көрсету тәртібі мен шарттарын, осындай қызметтердің тізбесін, диспетчерлендірудің және инфрақұрылымның өткізу қабілетін бөлудің бірыңғай қағидаттарын, инфрақұрылым қызметтерін көрсетуге арналған шарттардың маңызды талаптарын, инфрақұрылым операторы мен тасымалдаушылардың құқықтарын, міндеттері мен жауапкершілігін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын ұғымдар (терминдер)
3. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар (терминдер) пайдаланылады:
кезектен тыс поездар – поездардың қозғалыс графигінде көзделмеген (қалпына келтіру және өрт сөндіру поездары, қар тазартқыштар, вагондары жоқ локомотивтер, өздігінен жүретін арнайы жылжымалы сотав), поездардың қозғалысына кедергілерді жоюға, көзделмеген жұмыстарды орындауға және көлік құралдарының тиісті орнын ауыстыруына арналған поездар (олардың жүру тәртібі аумағында инфрақұрылым орналасқан Тарап мемлекетінің заңнамасында немесе аумағында инфрақұрылым орналасқан Тарап мемлекетінің заңнамасына қайшы келмейтін инфрақұрылым операторының актілерінде айқындалады);
тасымалдау процесін диспетчерлендіру – жедел жағдайларда поездар қозғалысын және маневрлік жұмысты бақылау, басқару процесі;
маневрлік қозғалыстар – поездың составын өзгерту жөніндегі операциялар (жылжымалы составты тіркеу (ағыту), составтарды қалыптастыру (тарату), составтардың орнын парктен паркке ауыстыру, локомотивтің қозғалуы және оны поездың составына қою немесе локомотивті осы составынан алу, вагондарды кірме жолдарға беру немесе осындай жолдардан алу және басқа да операциялар;
штаттан тыс жағдай – инфрақұрылым объектілерінің ақаулары нәтижесінде поездардың қозғалыс қауіпсіздігіне қатер төндіретін не поездарды өткізу үшін кедергі келтіретін мән-жай;
инфрақұрылым операторы – инфрақұрылымы бар және инфрақұрылымды заңды негіздерде пайдаланатын және (немесе) аумағында инфрақұрылым орналасқан Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес инфрақұрылым қызметтерін көрсететін теміржол көлігі ұйымы;
тасымалдауды жоспарлау – қызмет көрсету үшін жасалған шарттарға сәйкес белгіленген уақыт кезеңіне (жыл, ай, тәулік) инфрақұрылым объектілерінде (учаскелерде және станцияларда) тасымалдау жоспарын әзірлеу;
поездар қозғалысының тәуліктік жоспары – тасымалдау процесін диспетчерлендіру және жоспарланып отырған тәулікте поездар қозғалысын ұйымдастыру үшін инфрақұрылым операторы жасаған құжат;
техникалық жоспар – тасымалдаушылардың жиынтық тасымалдау жоспарының, техникалық жоспарларының және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Теміржол көлігі жөніндегі кеңесі ақпаратының негізінде инфрақұрылым операторы жасаған құжат.
4. Осы Қағидаларда пайдаланылатын басқа да ұғымдар (терминдер) Қол жеткізу туралы келісімде, сондай-ақ Қол жеткізу қағидаларында айқындалған мағыналарда түсініледі.
3. Инфрақұрылым операторы көрсететін қызметтер
5. Инфрақұрылым қызметтерінің тізбесінде (осы Қағидаларға қосымша) тасымалдауды жүзеге асыру үшін инфрақұрылымды пайдалануға байланысты негізгі қызметтер қамтылады.
6. Инфрақұрылым қызметтерінің құрамына кіретін операциялардың (жұмыстардың) тізбесі тасымалдау процесінің технологиялық ерекшеліктері және аумағында инфрақұрылым орналасқан Тарап мемлекеті заңнамасының талаптары ескеріле отырып, айқындалады.
7. Инфрақұрылымның осы Қағидаларға қосымшада көрсетілген қызметтері аумағында инфрақұрылым орналасқан Тарап мемлекеті заңнамасының, оның ішінде ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөлігіндегі талаптары сақтала отырып, көрсетіледі.
8. Инфрақұрылым операторы, Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес, тасымалдаушымен келісім бойынша осы Қағидаларға қосымшада көрсетілмеген өзге де қызметтерді көрсетуге құқылы.
4. Инфрақұрылым қызметтерін көрсету тәртібі
9. Инфрақұрылым қызметтерін көрсету тасымалдауды ұйымдастыру мен жүзеге асырудың мынадай процестері:
тасымалдауды технологиялық жоспарлау мен нормалау;
тасымалдауды айлық және жедел жоспарлау;
инфрақұрылым қызметтерін көрсету шарты (бұдан әрі – Шарт) шеңберінде тасымалдауды жүзеге асыру;
инфрақұрылым операторы мен тасымалдаушы арасында деректер алмасу шеңберінде инфрақұрылым операторы мен тасымалдаушының өзара іс-қимылын көздейді.
10. Тасымалдауды жоспарлау мен нормалау, тасымалдау көлемін және поездардың қозғалыс графигін түзету осы Қағидаларға, Қол жеткізу қағидаларына, аумағында инфрақұрылым орналасқан Тарап мемлекетінің заңнамасына, аумағында инфрақұрылым орналасқан Тарап мемлекетінің заңнамасына қайшы келмейтін инфрақұрылым операторының актілеріне сәйкес айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.
11. Жедел жоспарлау кезінде инфрақұрылым операторы мен тасымалдаушылар поездар қозғалысының бекітілген тәуліктік жоспарын (поездардың қозғалыс графигін және келісілген техникалық жоспарын, оның ішінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Теміржол көлігі жөніндегі кеңесінің шешімімен айқындалған мемлекетаралық түйісу пункттері бойынша поездар, вагондар алмасу жоспарын) орындайды.
12. Тасымалдауды жүзеге асыру инфрақұрылым операторы мен тасымалдаушылардың ұйымдастырушылық және технологиялық жағынан өзара байланысты операцияларының жиынтығы болып табылады және осы Қағидаларға, аумағында инфрақұрылым орналасқан Тарап мемлекетінің заңнамасына және аумағында инфрақұрылым орналасқан Тарап мемлекетінің заңнамасына қайшы келмейтін инфрақұрылым операторының актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.
13. Инфрақұрылымды пайдалану аумағында инфрақұрылым орналасқан Тарап мемлекетінің заңнамасында, оның ішінде қозғалыс қауіпсіздігі жөніндегі талаптарымен, сондай-ақ аумағында инфрақұрылым орналасқан Тарап мемлекетінің заңнамасына қайшы келмейтін инфрақұрылым операторының актілерінде белгіленген нормалар сақтала отырып, осы Қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.
14. Инфрақұрылымды күтіп-ұстау аумағында инфрақұрылым орналасқан Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
15. Тасымалдау процесін диспетчерлендірудің және өткізу қабілетін бөлудің бірыңғай қағидаттары:
1) инфрақұрылымның қызмет көрсетілетін учаскелерінде поездар қозғалысын бір диспетчердің басқаруы;
2) поездардың қозғалыс графигіндегі технологиялық нормалар мен нормативтерді, пайдалану жұмысының технологиялық процестері мен техникалық нормаларын орындау;
3) поездардың қозғалыс қауіпсіздігін және қызметкерлердің еңбегін қорғауды қамтамасыз ету;
4) диспетчердің қозғалыс басымдығын беруі болып табылады.
16. Инфрақұрылымда поездардың қауіпсіз өткізілуін қамтамасыз ету мақсатында тасымалдау процесін диспетчерлендіруді инфрақұрылым операторы не ол уәкілеттік берген адам жүзеге асырады.
Тасымалдау процесін диспетчерлендіру поездар қозғалысының тәуліктік жоспарымен бекітілген поездар қозғалысының графигіне сәйкес және аумағында инфрақұрылым орналасқан Тарап мемлекетінің заңнамасында және (немесе) аумағында инфрақұрылым орналасқан Тарап мемлекетінің заңнамасына қайшы келмейтін инфрақұрылым операторының актілерінде бекітілген техникалық пайдалану қағидаларында, поездар қозғалысы және станциялардағы маневрлік жұмыс жөніндегі, сигнализация және байланыс жөніндегі нұсқаулықтарда белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
17. Поездарды қабылдау, жөнелту және өткізу, инфрақұрылым учаскесінде пайдаланылатын кез келген көлік құралының (жылжымалы составтың) немесе өздігінен жүретін техниканың маневрлік қозғалыстары процестерін инфрақұрылым операторы реттейді.
Көрсетілген процестерге, оның ішінде поездардың қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, поездардың қозғалыс графигінің нормативтеріне, инфрақұрылымның желілік бөлімшелері жұмысының технологиялық процестеріне қатысты инфрақұрылым операторының өкімдері (нұсқаулары) тасымалдау процесіне барлық қатысушылар үшін міндетті болып табылады.
18. Тасымалдау процесін жүзеге асыру мақсатында инфрақұрылым операторы мен тасымалдаушылар аумағында инфрақұрылым орналасқан Тарап мемлекетінің заңнамасында көзделген көлемде ақпарат (деректер) алмасу үшін инфрақұрылым операторының ақпараттық жүйелерін пайдаланады.
19. Инфрақұрылым операторы тасымалдаушыға негізгі ақпаратқа қатысты қосымша ақпаратты жеке шарттар негізінде береді.
20. Инфрақұрылым операторы жасалған шарт болған кезде инфрақұрылым қызметтерін көрсетуден:
1) тасымалдау тоқтатылған немесе шектеу енгізілген, оның ішінде аумағында инфрақұрылым орналасқан Тарап мемлекеті заңнамасының талаптарына сәйкес жүктерді, багажды және жүк-багажды әкелу және (немесе) әкету шектелген;
2) штаттан тыс жағдайлардың туындауы салдарынан инфрақұрылым қызметтерін көрсету мүмкін болмаған;
3) тасымалдауларды кезектен тыс поездармен жүзеге асырған;
4) ұлттық қауіпсіздікке қатер төнгенде немесе төтенше жағдайлар, еңсерілмейтін күш жағдайлары, әскери іс-қимылдар, блокадалар, эпидемиялар немесе шарт бойынша міндеттемелерді орындауға кедергі келтіретін инфрақұрылым операторына және тасымалдаушыларға тәуелді емес өзге де жағдайлар туындаған;
5) аумағында инфрақұрылым орналасқан Тарап мемлекеті Үкіметінің шешімі бойынша уәкілетті орган инфрақұрылым қызметтерін көрсетудің өзге де тәртібін белгілеген;
6) аумағында инфрақұрылым орналасқан Тарап мемлекетінің заңнамасында көзделген өзге де жағдайларда бас тарта алады.
21. Осы Қағидалардың 20-тармағында көзделген жағдайларда тасымалдаушыға инфрақұрылым қызметтерін көрсетуден бас тартқан кезде инфрақұрылым операторы тасымалдаушыны шартта көзделген тәртіппен міндеттемелерді орындау мүмкін еместігі туралы хабардар етеді.
22. Инфрақұрылым операторы поездардың қозғалыс графигінен ауытқып келе жатқан не осы графикте көзделмеген поездардың өткізілуін ұйымдастыру бойынша қажетті шараларды қолданады.
23. Инфрақұрылым операторының инфрақұрылым қызметтерін көрсету фактісі және олардың нақты көлемі нысаны аумағында инфрақұрылым орналасқан Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес бекітілетін құжаттармен және (немесе) аумағында инфрақұрылым орналасқан Тарап мемлекетінің заңнамасына қайшы келмейтін инфрақұрылым операторының актілерімен расталады.
5. Инфрақұрылым қызметтерін көрсетуге арналған шарт және оның
маңызды талаптары
24. Инфрақұрылым қызметтері инфрақұрылым операторы мен тасымалдаушы арасында қарапайым жазбаша нысанда жасалатын шарт негізінде көрсетіледі.
25. Шартта Қол жеткізу туралы келісімде, Қол жеткізу қағидаларында, осы Қағидаларда белгіленген қағидаттарға және аумағында инфрақұрылым орналасқан Тарап мемлекетінің заңнамасына қайшы келетін нормалар қамтылмауға тиіс.
26. Егер Шарттың қолданылу кезеңінде Қол жеткізу қағидаларының 17-тармағында көрсетілген тасымалдаушы ұсынған және Шартта көзделген ақпараттың (болжамды көрсеткіштерді қоспағанда) дәйекті еместігі анықталса, инфрақұрылым операторы оны біржақты тәртіппен бұзуға құқылы.
27. Осы Қағидалардың 28-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, тасымалдаушының Шарттан туындайтын талап ету құқығын басқаға беруге тыйым салынады.
28. Шарттан туындайтын құқықтарды пайдалану мүмкін болмаған кезде тасымалдаушы инфрақұрылым операторының келісімі бойынша бұл құқықты басқа тасымалдаушыда жасалған шарт болған жағдайда, оған шартта көзделген талаптармен бере алады.
29. Шартта мынадай маңызды талаптар қамтылуға тиіс:
1) шарттың нысанасы (көрсетілетін қызмет көлемі, инфрақұрылымның өткізу қабілетінің үлесі (график тармақтарының саны), инфрақұрылым учаскелері);
2) инфрақұрылым қызметтерін көрсету талаптары мен мерзімдері;
3) көрсетілетін қызметтердің құны (тарифтер, бағалар, алымдардың мөлшерлемелері) немесе оның айқындалу тәртібі;
4) көрсетілетін қызметтер үшін төлем жасау тәртібі мен талаптары (есеп айырысу тәртібі, төлем жасау тәсілдері, төлем жасау валютасы);
5) тараптардың залал келтіргені, Шарт бойынша міндеттемелерді орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін (тұрақсыздық айыппұлы, айыппұлдар, залалдарды өтеу) шарт бойынша жауапкершілігі;
6) форс-мажорлық мән-жайлар (еңсерілмейтін күш мән-жайлары);
7) шарттың қолданысын тоқтату (бұзу) талаптарын қоса алғанда, шарттың қолданылу мерзімі және оның қолданылуын тоқтату (бұзу) негіздері мен тәртібі.
30. Жасалған шарт (не шартқа қосымша келісім) болғанда қосымша тасымалдауға қосымша өтінім жасаған кезде инфрақұрылым операторы мен тасымалдаушының арасында біржолғы шарт жасалуы мүмкін.
6. Инфрақұрылым операторы мен тасымалдаушының құқықтары
мен міндеттері
31. Тасымалдаушының:
1) инфрақұрылым операторына тасымалдауларды ұйымдастыру бойынша ұсыныстар жіберуге;
2) аумағында инфрақұрылым орналасқан Тарап мемлекеті заңнамасының талаптарын, соның ішінде мемлекеттік құпияға (мемлекеттік құпияларға) жататын немесе таралуы шектелген мәліметтерді қамтитын ақпаратты таратуға арналған шектеулерді ескере отырып, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету талаптарын міндетті түрде сақтай отырып, осы Қағидаларға және Қол жеткізу қағидаларына сәйкес тасымалдауларды ұйымдастыру үшін қажетті көлемде ақпарат алуға;
3) тасымалдау қызметін жүзеге асыру үшін, оның ішінде шарт талаптарына сәйкес поездың жүретін жолында инфрақұрылым қызметтеріне қол жеткізуге рұқсат алуға және инфрақұрылым қызметтерін пайдалануға құқығы бар;
4) аумағында инфрақұрылым орналасқан Тарап мемлекетінің заңнамасында белгіленген және (немесе) жасалған шарттарға сәйкес өзге де құқықтарды іске асыруға құқығы бар.
32. Тасымалдаушы:
1) инфрақұрылым операторына инфрақұрылым қызметтерін көрсету үшін қажетті мәліметтер мен құжаттарды ұсынуға;
2) аумағында инфрақұрылым орналасқан Тарап мемлекетінің заңнамасында және аумағында инфрақұрылым орналасқан Тарап мемлекетінің заңнамасына қайшы келмейтін инфрақұрылым операторының актілерінде белгіленген теміржол көлігіндегі қауіпсіздік талаптарына жылжымалы составының сәйкестігін қамтамасыз етуге;
3) аумағында инфрақұрылым орналасқан Тарап мемлекетінің заңнамасында белгіленген теміржол көлігі саласындағы қауіпсіздік талаптарын бұзуға әкеп соғатын (әкеп соғуы мүмкін) тосын оқиғалар мен мән-жайлар туралы инфрақұрылым операторына хабарлауға, сондай-ақ оларды жою (болдырмау) бойынша шаралар қолдануға;
4) аумағында инфрақұрылым орналасқан Тарап мемлекетінің заңнамасында және аумағында инфрақұрылым орналасқан Тарап мемлекеті заңнамасына қайшы келмейтін инфрақұрылым операторының актілерінде белгіленген теміржол көлігіндегі қозғалыс қауіпсіздігі және пайдалану жөніндегі талаптардың сақталуын қамтамасыз етуге;
5) тасымалдаушыға мәлім болған инфрақұрылым операторының коммерциялық (қызметтік) құпиясын құрайтын мәліметтердің қорғалуын қамтамасыз етуге;
6) аумағында инфрақұрылым орналасқан Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес белгіленген тарифтер бойынша төлемді, инфрақұрылым қызметі үшін төлемді жүзеге асыруға, сондай-ақ шартта көзделген көлемде, мерзімдерде және талаптарда өзге де төленуге тиіс төлемдерді жүргізуге;
7) вагондардың (поездардың) көшірілуіне (орын ауыстыруына) және/немесе жекелеген шарттарда көзделмеген станцияларда тасымалдаушылардың жылжымалы составтың тоқтатылып қойылуына байланысты инфрақұрылым операторы шеккен шығындар сомасын өтеуге;
8) шартта көзделген қызметтерді пайдаланудан бас тарту туралы аумағында инфрақұрылым орналасқан Тарап мемлекетінің заңнамасында белгіленген мерзімдерде инфрақұрылым операторын жазбаша нысанда хабардар етуге;
9) аумағында инфрақұрылым орналасқан Тарап мемлекетінің заңнамасында көзделген тәртіппен жүктерді ерекше жағдайларда габаритті емес жүктерді теміржолмен тасымалдау шарттарын келісуді және сақтауды қамтамасыз етуге;
10) тасымалдаулардың келісілген көлемде болуын және теміржолмен тасымалдаудың өзге де параметрлерінің (шарттарының) теміржол көлігі инфрақұрылымы учаскелерінің тасу қабілетіне және (немесе) жүк өтетін маршрут бойынша теміржол станцияларының өңдеу қабілетіне сәйкестігін қамтамасыз етуге;
11) инфрақұрылым операторына және (немесе) үшінші адамдарға келтірілген залалды өтеуге;
12) шартта және аумағында инфрақұрылым орналасқан Тарап мемлекетінің заңнамасында белгіленген өзге де міндеттерді орындауға міндетті.
33. Инфрақұрылым операторының:
1) қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шаралар қолдануға, оның ішінде:
инфрақұрылым учаскелерінде поездар қозғалысы жылдамдығына уақытша және тұрақты шектеулер белгілеуге;
автоматты түрде және көзбен шолып бақылау құралдары арқылы техникалық ақаулықтар анықталған жағдайларда және поезд жүріп келе жатқанда қозғалыс қауіпсіздігіне қауіп төндіретін жылжымалы составтың коммерциялық ақаулары анықталған жағдайда, станцияда, аралықта поездың қозғалысын тоқтатуға;
инфрақұрылымның қалыпты жұмысын қалпына келтіру үшін поездар қозғалысына кедергі келтіретін жағдайлар туындаған кезде тасымалдаушының ресурстарын (жылжымалы состав, персоналын) пайдалануға;
тасымалдаушыға поездардың қозғалыс қауіпсіздігі талаптарын, поездардың қозғалыс графигінің нормативтерін, поездарды қалыптастыру жоспары мен тәртібін, инфрақұрылым станциялары (желілік бөлімшелері) жұмысының технологиялық процестерін қамтамасыз етуге қатысты өкімдер (бұйрықтар, ұйғарымдар, нұсқаулар, ескертулер және басқасын) беруге;
2) шарт жасасу кезеңінде тасымалдаушыдан теміржол көлігіндегі қауіпсіздік сертификатын, тасымалдауларды жүзеге асыру кезінде лицензиялауға жататын барлық қызмет түрлерін жүзеге асыруға арналған лицензияларды талап етуге;
3) шартты орындау кезеңінде тасымалдаушыдан теміржол көлігінің қауіпсіздік жүйесінің талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттарды талап етуге;
4) тасымалдаушы инфрақұрылым учаскесінің өткізу қабілетінің бөлінген үлесін поездардың қозғалыс графигінде белгіленген көлемге қарағанда толық емес көлемде пайдаланған жағдайда, өткізу қабілетінің бөлінген үлесін (график тармақтарын) түзету бөлігінде шартқа өзгерістер мен толықтыруларды біржақты тәртіппен енгізуге;
5) жылжымалы составты тоқтатып қою үшін бос жол мүмкіндігі немесе тасымалдаушы шарттың талаптарын бұза отырып инфрақұрылымды пайдаланған жағдайда, жергілікті инфрақұрылымда станциядағы тасымалдаушылардың жылжымалы составын көшіру (орнын ауыстыру) және тоқтатып қою туралы шешімдер қабылдауға;
6) мұндай фактілерді шарт талаптарын бұзу деп танымай, инфрақұрылым операторына байланысты емес себептер бойынша (көршілес (шекаралас) теміржол әкімшіліктерін және/немесе жергілікті инфрақұрылым иелерін қоса алғанда, үшінші адамдардың кінәсінен тасымалдаушының инфрақұрылымға қол жеткізуіне рұқсат беруден бас тартуға;
7) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған жағдайда, сондай-ақ төтенше жағдай енгізілген кезде және тасымалдауға кедергі келтіретін өзге де мән-жайлар кезінде теміржол қатынасының белгілі бір бағыттарында тасымалдауға байланысты қызметтер көрсетуді уақытша тоқтату немесе қызметтерді толық емес көлемде көрсету туралы шешімді біржақты тәртіппен қабылдауға;
8) штаттан тыс жағдайлар туындаған кезде инфрақұрылымды қалпына келтіру үшін қажетті мерзімге график тармақтарын жою арқылы инфрақұрылымға қол жеткізуді шектеуге;
9) аумағында инфрақұрылым орналасқан Тарап мемлекетінің заңнамасында және (немесе) жасалған шарттарда белгіленген өзге де құқықтарды іске асыруға құқығы бар.
34. Инфрақұрылым операторы:
1) тасымалдаушылардың тасымалдауларды ұйымдастыру бойынша ұсыныстарын, сондай-ақ инфрақұрылым қызметтерін көрсету үшін қажетті мәліметтер мен құжаттарды қабылдауға және қарауға;
2) аумағында инфрақұрылым орналасқан Тарап мемлекеті заңнамасының талаптарын, оның ішінде мемлекеттік құпияға (мемлекеттік құпияларға) жататын немесе таралуы шектелген мәліметтерден тұратын ақпаратты таратуға белгіленген шектеулерді ескере отырып, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету талаптарын міндетті түрде сақтай отырып, осы Қағидаларға және Қол жеткізу қағидаларына сәйкес тасымалдауларды ұйымдастыру үшін қажетті ақпарат көлемін тасымалдаушыларға уақтылы беруге;
3) Қол жеткізу қағидаларына сәйкес инфрақұрылымның техникалық және технологиялық қабілеті шеңберінде инфрақұрылымның өткізу қабілеттілігін бөлуге;
4) тасымалдаушыны келісілген қызметтер көрсету мерзімдері мен талаптарының өзгеруіне әкеп соғатын поездардың қозғалыс графигіндегі өзгерістер туралы шартта көзделген мерзімдерде және тәртіппен хабардар етуге;
5) шартта белгіленген жағдайларда тасымалдаушыға инфрақұрылымдағы авариялар, зақымданулар және инфрақұрылымды пайдаланған кезде өз қызметін жүзеге асыру үшін тасымалдаушыға кедергі келтіруі мүмкін өзге де мән-жайлар туралы хабардар етуге;
6) тасымалдаушылардың коммерциялық (қызметтік) құпиясын құрайтын, инфрақұрылым қызметтерін көрсету барысында инфрақұрылым операторына мәлім болған мәліметтердің қорғалуын қамтамасыз етуге;
7) қажетті техникалық құралдарды ақаусыз жағдайда күтіп-ұстауға және поездар қозғалысында табиғи немесе техногендік аварияларға байланысты туындаған үзілістердің алдын алу және оларды жою бойынша шаралар қолдануға;
8) шартта және аумағында инфрақұрылым орналасқан Тарап мемлекетінің заңнамасында белгіленген өзге де міндеттерді орындауға міндетті.
7. Дауларды шешу тәртібі
35. Осы Қағидаларды іске асыру кезінде немесе қызметтерді көрсету барысында тасымалдаушы мен инфрақұрылым операторы арасында туындаған барлық даулар мен келіспеушіліктер келіссөздер жүргізу арқылы шешіледі.
36. Тасымалдаушы және инфрақұрылым операторы келіссөздер барысында өзара келісімге келе алмаған жағдайда, барлық даулар мен келіспеушіліктер аумағында инфрақұрылым орналасқан Тарап мемлекетінің заңнамасында белгіленген тәртіппен шешіледі.
Теміржол көлігі инфрақұрылымы
қызметтерін көрсету қағидаларына
қосымша
Теміржол көлігі инфрақұрылымы қызметтерінің тізбесі
Р/с № |
Беларусь Республикасы |
Қазақстан Республикасы* |
Ресей Федерациясы** |
1 |
Инфрақұрылымды беру және тасымалдаушының тартқыш жылжымалы составын электрмен жабдықтауды қоса алғанда, поездардың қозғалысын (жүріп өтуін) жүзеге асыру үшін қажетті жұмыстарды орындау |
Инфрақұрылымды беру және поездардың қозғалысын (жүріп өтуін) жүзеге асыру үшін қажетті жұмыстарды орындау |
Инфрақұрылымды беру және тасымалдаушының тартқыш жылжымалы составын электрмен жабдықтауды қоса алғанда, поездардың қозғалысын (жүріп өтуін) жүзеге асыру үшін қажетті жұмыстарды орындау |
2 |
Инфрақұрылымды беру және тасымалдаушының тартқыш жылжымалы құрамын электрмен жабдықтауды қоса алғанда, маневрлік қозғалыстар үшін қажетті жұмыстарды орындау |
Инфрақұрылымды беру және маневрлік қозғалыстар үшін қажетті жұмыстарды орындау |
Инфрақұрылымды беру және тасымалдаушының тартқыш жылжымалы құрамын электрмен жабдықтауды қоса алғанда, маневрлік қозғалыстар үшін қажетті жұмыстарды орындау |
3 |
Поездардың қозғалыс қауіпсіздігін және тасымалданатын жүктердің, багаждың және жүк-багаждың сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған техникалық және коммерциялық бақылау жөніндегі қызметтер |
--- |
Поездардың қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған техникалық және коммерциялық бақылау жөніндегі қызметтер |
* оның ішінде Ресей Федерациясының аумағындағы Қазақстан
Республикасына тиесілі инфрақұрылым учаскелері үшін
** оның ішінде Қазақстан Республикасының аумағындағы Ресей
Федерациясына тиесілі инфрақұрылым учаскелері үшін