Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
«Қазақстан Республикасының Президентi жанынан «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттiк мекемесiн құру және Қазақстан Республикасы Президентiнiң кейбiр жарлықтарына толықтырулар енгiзу туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасының Президентi жанынан «Қоғамдық келісім»
республикалық мемлекеттiк мекемесiн құру және Қазақстан
Республикасы Президентiнiң кейбiр жарлықтарына толықтырулар
енгiзу туралы
«Қазақстан Республикасының Президентi туралы» 1995 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 33-бабын iске асыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМIН:
1. Астана қаласында Қазақстан Республикасының Президентi жанынан «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттiк мекемесi (бұдан әрi – мекеме) құрылсын.
2. Қоса беріліп отырған мекеменің жарғысы бекітілсін.
3. Мекеменiң штат саны 58 бiрлiк мөлшерінде белгiленсiн.
4. Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгi мекемеге қатысты уәкiлеттi орган болып айқындалсын.
5. Мекеме директорын Қазақстан Республикасының Президентi қызметке тағайындайды және қызметтен босатады деп белгiленсiн.
6. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің «Достық үйі – Этносаралық қатынастар орталығы» республикалық мемлекеттік мекемесінің мүлкін мекемеге бере отырып, оны тарату туралы шаралар қабылдасын;
2) бір ай мерзімде мекемені мемлекеттік тіркеуді қамтамасыз етсін;
3) мекемені республикалық бюджеттен қаржыландыруды қамтамасыз етсін;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мекеме басшыларының, мамандары мен қызметкерлерінің лауазымдық жалақыларын (мөлшерлемелерін) 1,72 жоғарылататын коэффициентін қолдана отырып белгілеуді қамтамасыз етсін;
5) осы Жарлықтан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.
7. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгi Қазақстан Республикасы Президентiнiң Iс Басқармасымен бiрлесiп, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мекеменi орналастыру үшiн Астана қаласынан үй-жай бөлудi қамтамасыз етсiн.
8. Қазақстан Республикасы Президентiнiң мына жарлықтарына толықтырулар енгiзiлсiн:
1) «Мемлекеттiк қызметшiлер лауазымдарының тiзiлiмiн бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2013 жылғы 7 наурыздағы № 523 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2013 ж., № 19, 320-құжат):
жоғарыда аталған Жарлықпен бекiтiлген мемлекеттiк саяси қызметшiлер лауазымдарының тiзiлiмiнде:
«Мемлекеттік саяси лауазымдар» деген бөлімде:
«Орталық коммуникациялар қызметiнің» директоры, оның орынбасарлары» деген жолдан кейiн мынадай мазмұндағы жолмен толықтырылсын:
«Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры»;
2) «Мемлекеттiк билiк органдары жүйесiндегi кадр саясатының кейбiр мәселелерi туралы» Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2002 жылғы 29 наурыздағы № 828 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 17, 212-құжат; № 21, 265-құжат; 2005 ж., № 29, 362-құжат; 2006 ж., № 23, 229-құжат; 2007 ж., № 42, 479-құжат; 2009 ж., № 34, 321-құжат; 2010 ж., № 51, 466-құжат; 2011 ж., № 39, 472-құжат; № 41, 518-құжат; № 48, 646-құжат; № 51, 685-құжат; 2012 ж., № 35, 457-құжат, № 74, 1067-құжат, № 80, 1178-құжат; 2013 ж., № 24, 379-құжат, 381-құжат, № 29, 439-құжат, № 31, 465-құжат, № 33, 497-құжат, № 43, 633-құжат; 2014 ж., № 1, 1-құжат, № 3, 17-құжат):
жоғарыда аталған Жарлықпен бекiтiлген мемлекеттiк саяси қызметшiлер лауазымдарының және Қазақстан Республикасының Президентi тағайындайтын немесе оның келiсуiмен тағайындалатын, оның ұсынуы бойынша сайланатын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң келiсiмi бойынша тағайындалатын өзге де басшы лауазымды адамдардың тiзбесiнде:
мына:
«
Қазақстан Республикасы Президенті мұрағатының директоры |
Президент |
Президент Кеңсесінің бастығы |
Әкімшілік Басшысы» |
»
деген жолдан кейiн мынадай мазмұндағы жолмен толықтырылсын:
«
Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры |
Президент |
Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, |
Әкімшілік Басшысы |
».
9. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н.Назарбаев
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2014 жылғы
№ Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН
Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы «Қоғамдық
келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің
ЖАРҒЫСЫ 1. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – мекеме) Қазақстан халқы Ассамблеясының (бұдан әрі – Ассамблея) қызметін қамтамасыз ету және оның іс-шараларын өткізу жөніндегі функцияларды жүзеге асыру үшін мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған заңды тұлға мәртебесіне ие коммерциялық емес ұйым болып табылады.
2. Мемлекеттік мекеменің түрі: республикалық.
3. Мекеменің құрылтайшысы Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі болып табылады.
4. Мекемеге қатысты уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі (бұдан әрі – уәкілетті орган) болып табылады.
Мекеменің мүлкіне қатысты республикалық меншік субьектісінің құқығын Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органы (бұдан әрі – мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган) жүзеге асырады.
5. Мекеменің атауы:
1) толық:
мемлекеттік тілде – Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі;
орыс тілінде – Республиканское государственное учреждение «Қоғамдық келісім» при Президенте Республики Казахстан.
2) қысқартылған:
мемлекеттік тілде – «Қоғамдық келісім» РММ;
орыс тілінде – РГУ «Қоғамдық келісім».
6. Мекеменің мекенжайы: 010000, Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Есіл ауданы, -------------- көшесі.
2. Мекеменің заңды мәртебесі
7. Мекеме мемлекеттік тіркелген сәттен бастап құрылды деп есептеледі және заңды тұлға құқығына ие болады.
8. Мекеменің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дербес балансы, банктерде шоты, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген және мекеменің атауы бар бланктері, мөрі болады.
9. Мекеме басқа заңды тұлға құра алмайды, сондай-ақ олардың құрылтайшысы (қатысушысы) бола алмайды.
10. Мекеме өз міндеттемелері бойынша өзінің иелігіндегі ақшамен жауап береді. Мекемеде ақша жеткіліксіз болған кезде оның міндеттемелері бойынша субсидиялық жауапкершілікті Қазақстан Республикасы көтереді.
11. Мекеменің азаматтық-құқықтық мәмілелері Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің аумақтық қазынашылық бөлімшелерінде міндетті тіркелгенінен кейін ғана күшіне енеді.
3. Мекеме қызметінің нысанасы мен мақсаты
12. Мекеме қызметінің нысанасы:
1) Ассамблеяның және оның құрылымдарының жұмысын ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету;
2) Ассамблея қызметін ғылыми-сараптамалық, ақпараттық, талдамалық сүйемелдеуді ұйымдастыру;
3) Ассамблеяның Мемлекет басшысы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы қатысатын және басқа да іс-шараларын өткізу;
4) этномәдени және басқа да қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдардың Ассамблеяның міндеттерін іске асыруға бағытталған жұмыстарына қолдау көрсетуді ұйымдастыру.
13. Мекеме қызметінің мақсаты Ассамблеяның жұмыс істеуін ұйымдастырушылық, қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етудің тиімді жүйесін құру, оның қоғамдық-бұқаралық, ғылыми-талдамалық, ақпараттық жұмысын жүргізу болып табылады.
14. Мақсатқа қол жеткізу үшін мекеме мынадай қызмет түрлерін жүзеге асырады:
1) Ассамблея Сессиясының, Кеңесінің отырыстарын және Ассамблеяның басқа да іс-шараларын өткізуді ұйымдастыру;
2) Ассамблеяның Алматы қаласындағы достық үйін ұстау;
3) республикалық этномәдени бірлестіктердің жұмысына жағдай жасау;
4) Ассамблеяның мақсаты мен міндеттерін іске асыруға бағытталған бұқаралық қоғамдық-саяси іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу;
5) Ассамблея достық үйлерінің республикалық Әдістемелік кеңесінің, Ассамблеяның Ғылыми-сарапшылық кеңесінің, Ассамблея жанындағы журналистер клубының және Ассамблеяның басқа да құрылымдарының қызметін қамтамасыз ету;
6) Ассамблеяның Даму тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-шараларды өткізу, оның ішінде оларды жоспарлау;
7) Ассамблеяның Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі депутаттық тобымен, қоғамдық бірлестіктермен және азаматтық қоғамның басқа да институттарымен өзара іс-қимыл жасауды қамтамасыз ету;
8) мемлекеттік этносаясат саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеуге және іске асыруға қатысу;
9) елдегі этносаралық қатынастардың жай-күйі жөнінде талдамалық және болжамдық материалдар дайындау және осы мәселе бойынша мониторинг жүргізу;
10) Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшылығының, Ассамблея Хатшылығының тапсырмасы және мемлекеттік органдардың сұратуы бойынша мемлекеттік этносаясат мәселелері жөнінде ақпараттық-талдау материалдарын және баяндамалар дайындау;
11) этносаралық және конфессияаралық қатынастарды реттеу жөнінде ұсыныстар мен ұсынымдарды пысықтау;
12) мемлекеттік басқару органдары, қоғамдық және халықаралық ұйымдар үшін этносаралық және конфессияаралық мәселелер бойынша консультациялық қызметтер көрсету;
13) Ассамблея қызметін ақпараттық қолдауды жүзеге асыру;
14) Ассамблеяның баспа және электрондық бұқаралық ақпарат құралдарының жұмыс істеуін қамтамасыз ету;
15) Ассамблея қызметін жария ету мәселелері бойынша бұқаралық ақпарат құралдарымен және медиа қоғамдастықпен, оның ішінде интернет ресурстарында жұмысты ұйымдастыру және мемлекеттік этносаясатын ілгерілету;
16) Ассамблеяның медиа-жоспарларын әзірлеу және іске асыру;
17) Ассамблея қызметін, этносаралық және конфессияаралық салаға қатысты нормативтік құқықтық актілерді ғылыми-сарапатамалық сүйемелдеу;
18) Ассамблеяның ағартушылық қызметін ұйымдастыру және жүзеге асыру, оқыту семинарлары мен тренингтерін өткізу;
19) мемлекеттік этносаясат саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді, этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласын зерделеуді, олардың қазіргі жай-күйіне талдау жүргізуді, олардың дамуын болжауды және оларды жетілдіру бойынша ұсынымдар әзірлеуді ұйымдастыру;
20) мемлекеттік органдар мен ұйымдар жүргізетін ғылыми-зерттеу жобаларына қатысу;
21) Ассамблея қызметінің мәселелері бойынша, этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласында ғылыми, ғылыми-әдістемелік және ақпараттық әдебиетті әзірлеуді ұйымдастыру;
22) этносаралық және конфессияаралық дамудың әлемдік үрдістерін зерделеу және мониторингтеу;
23) ғылыми еңбектерді (мақалалар, монографиялар, оқу құралдары және т.б.) басып шығаруды және Ассамблеяның баспа қызметін, Ассамблея қызметінің бағыттары бойынша басқа да ақпараттық материалдар өндірісін ұйымдастыру;
24) Ассамблея қызметінің бағыттары бойынша семинарлар, конференциялар және өзге де іс-шаралар өткізу;
25) Ассамблеяның халықаралық ынтымақтастығын, оның халықаралық және басқа да іс-шаралардың жұмысына қатысуын ұйымдастыру;
26) Ассамблеяның мемлекеттік тілді және Қазақстан халқының басқа да тілдерін дамыту бойынша жұмысын ұйымдастыру;
27) Ассамблеяның ынтымақтастық туралы меморандумдары мен келісімдерін орындау шеңберінде жұмысты ұйымдастыру;
28) мемлекеттік органдармен, мемлекеттік емес ұйымдармен және халықаралық, шетелдік мекемелермен хат алмасуды жүзеге асыру және жүргізу;
29) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сай келетін және мекеменің жарғысына қайшы келмейтін өзге де қызмет түрлерін жүзеге асыру және мәмілелер жасасу.
Мекемеге өз қызметінің жарғыда бекітілген нысанасы мен мақсатына сай келмейтін қызметті, сондай-ақ мәмілелер жасауды жүзеге асыруға тыйым салынады.
15. Мекеменің Қазақстан Республикасының заңдарымен немесе құрылтай құжатымен белгілі бір деңгейде шектелген қызмет мақсаттарына қайшы келетін не директордың жарғылық құзыретін бұза отырып мәміле жасасуы уәкілетті органның немесе мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның не прокурордың талап арызы бойынша жарамсыз деп танылуы мүмкін.
16. Мекеме директорының мекеменің жарғыдан тыс қызметті жүзеге асыруына бағытталған әрекеті еңбек міндеттемелерін бұзу болып табылады және тәртіптік әрі материалдық жауапкершілік шараларын қолдануға әкеп соғады.
4. Мемлекеттік мекемені басқару
17. Мекемені жалпы басқаруды уәкілетті орган жүзеге асырады.
Мекеме жұмысын Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясының Хатшылығы үйлестіреді.
18. Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) мекемеге мүлікті бекітіп береді;
2) мекемені қаржыландырудың жеке жоспарын бекітеді;
3) мекеме мүлкінің сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
4) мекеме жарғысын, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізуді бекітеді;
5) мекеменің басқару органдарының құрылымын, қалыптасу тәртібін және өкілеттік мерзімін, мекеменің шешімдер қабылдау тәртібін айқындайды;
6) мекеме басшысының құқықтарын, міндеттері мен жауапкершілігін, оны атқарып отырған қызметінен босату негіздерін айқындайды;
7) мекеменің құрылымы мен шекті штат санын бекітеді;
8) мекеменің жылдық қаржылық есептілігін бекітеді;
9) мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органға мекемеге берілген немесе ол өзінің жеке шаруашылық қызметі нәтижесінде сатып алған мүліктерді алып қоюға немесе қайта бөлуге келісім береді;
10) мекеменің филиалдары мен өкілдіктерін құруға келісім береді;
11) мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органмен келісім бойынша мекемені қайта ұйымдастыруды және таратуды жүзеге асырады;
12) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
19. Мекеме директорын (бұдан әрі – директор) Қазақстан Республикасының Президенті қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
20. Директор мекеменің жұмысын ұйымдастырады және басқарады, уәкілетті органға тікелей бағынады және мекемеге жүктелген міндеттердің орындалуы мен оның өз функцияларын жүзеге асыруына дербес жауапты болады.
21. Директор Қазақстан Республикасының заңнамасы мен осы жарғыда айқындалатын өз құзыретіне сәйкес дара басшылық қағидаттарында іс-қимыл жасайды және мекеме қызметінің мәселелерін дербес шешеді.
22. Мекеме қызметін жүзеге асыру кезінде директор Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) мекеме атынан сенімхатсыз әрекет етеді;
2) мемлекеттік органдарда, өзге де ұйымдарда мекеменің мүддесін білдіреді;
3) шарттар жасасады;
4) сенімхаттар береді;
5) іссапарлар, тағылымдамалар, қызметкерлерді қазақстандық және шетелдік оқу орталықтарында оқыту мен қызметкерлердің біліктілігін арттырудың өзге де түрлері бойынша мекеменің тәртібі мен жоспарларын бекітеді;
6) банктік шоттар ашады;
7) барлық қызметкерлер үшін міндетті бұйрық шығарады және нұсқаулар береді;
8) Президент Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығымен келісім бойынша өз орынбасарларын және мекеменің өзге де басшы қызметкерлерін қызметке тағайындайды;
9) мекеме қызметкерлерін жұмысқа қабылдайды және жұмыстан босатады;
10) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мекеме қызметкерлеріне ынталандыру шараларын қолданады және оларды тәртіптік жазаға тартады;
11) өз орынбасарының (орынбасарларының) және мекеменің өзге де басшы қызметкерлерінің міндеттері мен өкілеттіктерінің шеңберін айқындайды;
12) Қазақстан Республикасының заңнамасымен, осы жарғымен және уәкілетті органмен өзіне жүктелген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
5. Мекеме мүлкін құру тәртібі
23. Мекеме мүлкі заңды тұлғаның активтерінен тұрады, олардың құны оның балансында көрсетіледі. Мекеменің мүлкі:
1) меншік иесі берген мүлік;
2) өз қызметінің нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірісті қоса алғанда);
3) Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
24. Мекеменің өзіне бекітіп берілген мүлікті және өзіне қаржыландыру жоспары бойынша бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетінше иеліктен шығаруға немесе оған өзге де тәсілмен иелік етуге құқығы жоқ.
25. Мекеме қызметін уәкілетті орган бюджеттен қаржыландырады.
26. Мекеме бухгалтерлік есеп жүргізеді және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес есептілік ұсынады.
27. Мекеменің қаржы-шаруашылық қызметін тексеру мен ревизиялауды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен уәкілетті орган жүзеге асырады.
6. Мекеменің жұмыс режимі
28. Мекеменің жұмыс режимі ішкі еңбек тәртібінің қағидаларымен белгіленеді және Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының нормаларына қайшы келмеуі тиіс.
7. Мекеменің құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар
енгізу тәртібі
29. Мекеменің құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу уәкілетті органының шешімі бойынша жүргізіледі.
30. Мекеменің құрылтай құжаттарына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркеледі.
8. Мекемені қайта ұйымдастыру және тарату
31. Мекемені қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасы Президентінің шешіміне сәйкес жүзеге асырылады.
9. Мекеменің филиалдары мен өкілдіктері туралы мәліметтер
32. Мекеменің Қазақстан Республикасының аумағында филиалдар мен өкілдіктер иеленуіне құқығы бар.