Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы ақпаратты техникалық қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Әбілфайызұлы Ыдырысовқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы ақпаратты техникалық қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, ол Қазақстан Республикасының Үкіметі қол қойылсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2014 жылғы 18 шілдедегі
№ 796 қаулысымен
мақұлданған
Жоба
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының
Үкіметі арасындағы ақпаратты техникалық қорғау саласындағы
ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы 2006 жылғы 4 мамырдағы Құпия ақпаратты өзара қорғау туралы келісімнің ережелерін басшылыққа ала отырып,
қолжетімділігі шектеулі ақпаратты техникалық қорғау саласындағы қатынастардың реттелмегенін, атап айтқанда, ақпараттың техникалық арналар арқылы таралып кетуін болдырмау жолымен, оған бүтінділігі немесе бұғатталуын бұза отырып, санкцияланбаған қол жеткізу Тараптар мемлекеттеріне зардап келтіруі мүмкін екенін ұғына отырып, төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімде төменде көрсетілген терминдер мынадай мағыналарды білдіреді:
«үйлестіруші орган» - Тараптар мемлекеттерінде осы Келісімнің ережелерін жалпы бақылау және іске асыру үшін жауапкершілік жүктелетін мемлекеттік орган;
«уәкілетті орган» - Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес ақпаратты техникалық қорғауды қамтамасыз етуге өкілетті мемлекеттік орган немесе ұйым;
«ақпаратты техникалық қорғау» - ақпаратты бұзу (жою) немесе бұрмалау мақсатымен ақпаратты жасау, сақтау, өңдеу, беру немесе оған рұқсатты бұғаттау процесінде техникалық арналар арқылы таралып кетуін, оған санкцияланбаған қол жеткізуді болдырмау, әсер етудің алдын алу бойынша іс-шаралар кешені;
«ақпаратты қорғау құралдары» - ақпаратты қорғауға арналған немесе пайдаланылатын техникалық, криптографиялық, бағдарламалық және басқа да құралдар, заттар немесе материалдар, олар іске асырылған құралдар, сондай-ақ ақпаратты қорғаудың тиімділігін бақылау құралдары;
«қолжетімділігі шектеулі ақпарат» - Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес қол жеткізу құқығы шектеулі құжаттандырылған ақпарат.
2-бап
Тараптар ақпаратты техникалық қорғау саласында Тараптардың өзара құрметтеуі, теңдігі, олардың ұлттық қауіпсіздік саласындағы мүдделері мен құқықтары негізінде ынтымақтастық жасайды.
Осы Келісіммен, сондай-ақ Тараптар мемлекеттері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттармен реттелмеген мәселелер Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес шешілетін болады.
3-бап
Тараптардың әрқайсысы өзіне екінші Тарап берген қолжетімділігі шектеулі ақпаратты қорғауды қамтамасыз ету бойынша қажетті шараларды өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес қабылдайды.
Тараптар қолжетімділігі шектеулі ақпаратты өзге мемлекеттерге, заңды және жеке тұлғаларға, үшінші тараптарға осы ақпарат алынған Тараптың жазбаша келісімісіз бермеуге міндеттенеді.
4-бап
Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес үйлестіруші және уәкілетті органдарды айқындайды, ол туралы бірін-бірі дипломатиялық арналар арқылы осы Келісім күшіне енген күннен бастап отыз күн ішінде хабардар етеді.
Тараптар мемлекеттерінің үйлестіруші және/немесе уәкілетті органдары өзгерген жағдайда, Тараптар бұл туралы бірін-бірі дипломатиялық арналар арқылы уақтылы хабардар етеді.
5-бап
Тараптар қолжетімділігі шектеулі ақпаратты техникалық қорғауды қамтамасыз өтіуді жетілдіру, ақпаратты техникалық қорғау бөлігінде стандарттау, метрология, сертификаттау, лицензиялау және сақтандыру ұлттық жүйелерін құру мен үндестіру, осы салада бірыңғай терминологияны қалыптастыру бойынша консультациялар жүргізеді және жұмыс тәжірибесімен алмасады.
Тараптар осы Келісім ережелерінен туындайтын мәселелерді шешу мақсатында тиісті жұмыс топтарын құру бойынша келіссөздер (консультациялар) жүргізеді.
6-бап
Тараптар мынадай салаларда ынтымақтастықты жүзеге асырады:
ақпаратты техникалық қорғау саласында нормативтік-әдістемелік құжаттарды және нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және пайдалану;
тиісті жоғарғы оқу орындарының түлектеріне, ақпаратты техникалық қорғау жөніндегі мамандарға қойылатын келісілген біліктілік талаптарының негізінде кадрларды даярлау, пайдалану және біліктілігін жоғарылату;
ғылыми-техникалық өнімдерді және ақпаратты қорғау құралдарын әзірлеу, шығару, жеткізу және оларды пайдалану;
ақпаратты техникалық қорғау мәселелері бойынша қызметтер ұсыну;
ақпаратты техникалық қорғау саласында бірлескен конференциялар, симпозиумдар және көрмелер өткізу;
жаңа әдістер мен ақпаратты техникалық қорғау құралдары туралы ақпарат алмасу;
арнайы зерттеулер жүргізу және режимді үй-жайларды тексеру мәселелері бойынша тәжірибе алмасу.
7-бап
Тараптар мемлекеттерінде берілген ақпаратты техникалық қорғау саласындағы мамандардың білімі мен біліктілігі туралы құжаттарды Тараптар қабылдаушы мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес таниды.
8-бап
Осы Келісім шеңберінде жүргізілетін іс-шараларды қаржыландыруды Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында көзделген тәртіппен және шарттарда Тараптар жүзеге асырады.
9-бап
Осы Келісімнің ережелерін талқылау немесе қолдану бойынша даулар мен келіспеушіліктер Тараптар арасында келіссөздер және консультациялар арқылы шешіледі.
Даулы мәселелерді шешу кезінде Тараптар осы Келісімнің ережелеріне сәйкес өздерінің міндеттемелерін орындауды жалғастырады.
10-бап
Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге, жеке хаттамамен ресімделетін және осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын, осы Келісімнің 11-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізуге болады.
11-бап
Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы дипломатиялық арналар арқылы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап отыз күн өткен соң күшіне енеді.
Тараптардың әрқайсысы екінші Тарапқа өзінің осы Келісімнің әрекетін тоқтату ниеті туралы дипломатиялық арналармен жазбаша хабарлама жолдау арқылы оны тоқтата алады.
Мұндай жағдайда осы Келісім тиісті хабарлама алынған күннен бастап алты ай еткен соң өз әрекетін тоқтатады.
Осы Келісімнің әрекетін тоқтату. оның әрекет ету кезеңінде осы Келісімнің шеңберінде кол қойылған шарттар мен келісімшарттардың іске асырылуын. егер Тараптар бұл туралы келіспесе, тоқтатуға негіз бола алмайды.
______________ қаласында 201 жылғы «___» _________ екі данада, әрқайсысы қазақ, тәжік және орыс тілдерінде жасалды, бұл ретте барлық мәтіндердің күші бірдей.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде қайшылықтар болған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Қазақстан Республикасының Тәжікстан Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін