Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған 2014 жылғы 20 қаңтарда Тель-Авив қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Израиль Мемлекетінің Үкіметі арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Израиль Мемлекетінің
Үкіметі арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Израиль Мемлекетінің Үкіметі,
тәуелсіздік, егемендік, бір-бірінің мемлекеттерінің ішкі істеріне араласпау қағидаттарын құрметтеу және өзара түсіністік негізінде екіжақты әскери-техникалық ынтымақтастықты қолдау жөніндегі бірлескен күш-жігерді жүзеге асыру маңыздылығын мойындай отырып,
Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес Тараптар арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастықты дамыту үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуге ұмтыла отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімнің мақсаты Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес тең құқықтық және өзара түсіністік қағидаттарында әскери-техникалық саладағы өзара тиімді ынтымақтастықты жүзеге асыру болып табылады.
2-бап
1. Тараптар мынадай салаларда әскери-техникалық ынтымақтастықты жүзеге асырады:
1) қару-жарақ пен әскери техниканы өзара жеткізу және әскери-техникалық мақсаттағы қызметтерді көрсету;
2) қару-жарақ пен әскери техниканы сатып алу, әзірлеуді жүзеге асыру, шығару, жаңғырту және жөндеу;
3) қару-жарақ пен әскери техниканы әзірлеу, шығару, жөндеу, жаңғырту және техникалық қызмет көрсету жөніндегі бірлескен кәсіпорындар құру;
4) жауынгерлік пайдалануға жарамсыз қару-жарақ пен әскери техниканы кәдеге жарату жөніндегі жұмыстарды бірлесіп жүргізу;
5) бірлескен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізу және қару-жарақ пен әскери техниканы шығару;
6) қару-жарақ пен әскери техниканың тиісті түрлерін іріктеу жөніндегі ұсынымдарды пысықтау және беру;
7) әскери-техникалық кадрлар мен мамандарды даярлау және оқыту;
8) қару-жарақ пен әскери техниканы стандарттау және сертификаттау саласындағы ынтымақтастық;
9) қару-жарақ пен әскери техниканың көрмелерін өткізу;
10) қару-жарақ пен әскери техниканың үлгілерін сынауларды бірлесіп жүргізу;
11) Тараптардың өзара келісуі бойынша басқа да бағыттар.
2. Осы Келісімде көрсетілген ынтымақтастық салалары екі Тараптың келісімімен шектеледі немесе кеңейтіледі.
3-бап
Әскери-техникалық ынтымақтастық мынадай нысандарда жүзеге асырылады:
1) Тараптардың уәкілетті органдары арасында әскери-техникалық бағдарламаларды әзірлеу;
2) Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес Тараптардың уәкілетті органдары және/немесе Тараптар мемлекеттерінің кәсіпорындары мен ұйымдары арасында шарттар (келісімшарттар) жасасу;
3) әскери-техникалық ынтымақтастықтың нақты мәселелері бойынша консультациялар өткізу, мамандар шақыру;
4) қару-жарақ пен әскери техниканы шығару және жөндеу жөніндегі техникалық құжаттамамен алмасу;
5) Тараптардың келісімі бойынша басқа да нысандар.
4-бап
1. Қару-жарақ пен әскери техниканы жеткізу көлемі, бағасы, техникалық сипаттамалары және тәртібі, жұмыстарды жүргізу және қызметтер көрсету жеке шарттармен (келісімшарттармен) реттеледі.
2. Осы Келісім бойынша жеткізілетін қару-жарақ пен әскери техниканың сапасын бақылау және қабылдау қабылдаушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
3. Осы Келісім бойынша жеткізілетін қару-жарақ пен әскери техниканың қолда барын және мақсатты пайдаланылуын бақылау Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес жүзеге асырылады.
5-бап
1. Тараптар зияткерлік меншік құқықтарын тиімді қорғауды қамтамасыз етуге міндеттенеді.
2. Тараптардың бірде-біреуі беретін Тараптан алынған немесе осы Келісім шеңберінде бірлесіп жасалған қару-жарақты, әскери техниканы немесе оларды шығару жөніндегі техникалық құжаттаманы, әскери-техникалық саладағы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жөніндегі ақпаратты беретін Тараптың алдын ала жазбаша келісімінсіз үшінші тарапқа сатпайды немесе бермейді.
3. Ақпарат алмасу және зияткерлік меншік құқықтарын қорғау мәселелері әрбір жеке шартта (келісімшартта) ескеріледі.
6-бап
1. Осы Келісімді іске асыру жөніндегі уәкілетті органдар:
Қазақстан тарапынан - Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі;
Израиль тарапынан - Израиль Мемлекетінің Қорғаныс министрлігі.
2. Уәкілетті органдардың атаулары немесе функциялары өзгерген жағдайда Тараптар бұл туралы дипломатиялық арналар арқылы бірін-бірі дереу хабардар етеді.
7-бап
Тараптар әскери-техникалық ынтымақтастық саласындағы құпия ақпарат алмасуды 2012 жылғы 2 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Израиль Мемлекетінің Үкіметі арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық және қорғаныс салаларындағы құпия ақпаратты өзара қорғау туралы келісім негізінде жүзеге асырады.
8-бап
1. Тараптардың уәкілетті органдары осы Келісімді іске асыру жөніндегі кез келген байланысты мынадай байланыстырушы адамдар арқылы жүзеге асырады:
Қазақстан тарапынан - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Әскери-техникалық саясат департаментінің бастығы;
Израиль тарапынан - Израиль Мемлекеті Қорғаныс министрлігі Ынтымақтастық және қару-жарақ экспорта департаментінің (СИБАТ) өңірлік директоры.
2. Байланыстырушы адамдар өзгерген жағдайда Тараптардың уәкілетті органдары бұл туралы дипломатиялық арналар арқылы бірін-бірі дереу хабардар етеді.
9-бап
1. Осы Келісімді іске асыру шеңберінде Тараптар әскери-техникалық ынтымақтастық мәселелері жөніндегі отырыстарды мерзімді ұйымдастырады.
2. Тараптар отырысты өткізу орны мен күнін, сондай-ақ делегациялар мүшелерінің санын осы Келісімнің 8-бабында көрсетілген байланыстырушы адамдар арқылы келіседі.
10-бап
1. Егер әрбір нақты жағдайда өзгеше тәртіп келісілмесе, Тараптар олар осы Келісімді орындау барысында туындайтын шығыстарды Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында көзделген қаражат шегінде дербес көтереді.
2. Қабылдаушы Тарап мемлекетінің аумағына дейін көліктік шығыстарды, іс-шараларды өткізу орнында өз делегацияларын тамақтандыру және олардың тұру шығыстарын жіберуші Тарап көтереді. Кездесулерді ұйымдастыру, делегацияларды қабылдау бойынша шығыстарды және болу мемлекетіндегі көліктік шығыстарды қабылдаушы Тарап көтереді.
11-бап
1. Осы Келісімді түсіндіру немесе қолдану бойынша даулар мен келіспеушіліктер Тараптар арасындағы консультациялар мен келіссөздер жолымен шешіледі және Тараптар мемлекеттері соттарының немесе халықаралық соттардың қарауына жатпайды.
2. Тараптар кез келген дауды реттегенге дейін осы Келісімнен туындайтын міндеттемелерді сақтауды жалғастырады.
12-бап
1. Осы Келісімге Тараптардың өзара келісуі бойынша жекелеген хаттамалармен ресімделетін және осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
13-бап
Осы Келісімнің ережелері Тараптардың олардың мемлекеттері қатысушысы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
14-бап
1. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.
2. Осы Келісімнің қолданысы бір Тарап екінші Тараптың оның осындай ниеті туралы жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап 6 (алты) ай өткеннен кейін тоқтатылады.
3. Осы Келісімнің ережелерін өзгерту немесе оның қолданысын тоқтату осы Келісімнің 2 және 3-баптарына сәйкес жасалған шарттар (келісімшарттар) бойынша міндеттемелерді орындауға әсер етпейді.
2014 жылғы 20 қаңтарда Тель-Авив қаласында әрқайсысы қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде екі данада жасалды, бұл ретте барлық мәтіндердің бірдей күші бар.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Қазақстан Республикасының Израиль Мемлекетінің
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
РҚАО-ның ескертпесі!
Бұдан әрі Келісімнің ағылшын тіліндегі мәтіні берілген.