Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Израиль Мемлекетінің Үкіметі арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық және қорғаныс салаларындағы құпия ақпаратты өзара қорғау туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 15 наурыздағы № 246 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған 2012 жылғы 2 сәуірде Тель-Авив қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Израиль Мемлекетінің Үкіметі арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық және қорғаныс салаларындағы құпия ақпаратты өзара қорғау туралы келісім бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     С. Ахметов

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Израиль Мемлекетінің
Үкіметі арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық және
қорғаныс салаларындағы құпия ақпаратты өзара қорғау туралы
КЕЛІСІМ
(2013 жылғы 9 желтоқсанда күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2014 ж., № 1, 6-құжат)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Израиль Мемлекетінің Үкіметі атынан Израиль Мемлекетінің Қорғаныс министрлігі,
      тәуелсіздік, егемендік, бір-бірінің ішкі істеріне араласпау және өзара түсіністік принциптерін құрметтеу негізінде әскери-техникалық және қорғаныс салаларындағы екі жақты ынтымақтастықты қолдау жөніндегі бірлескен күш-жігерді жүзеге асырудың маңыздылығын тани отырып,
      Қазақстан Республикасы мен Израиль Мемлекетінің әскери-техникалық ынтымақтастық және қорғаныс салаларындағы құпия ақпаратын қорғауды қамтамасыз етудегі Тараптардың өзара мүдделерін ескере отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап
Келісімнің қолдану саласы

      1. Осы Келісім Тараптар мемлекеттері арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық және қорғаныс шеңберінде олардың ұлттық заңнамаларына сәйкес кез келген құпия ақпаратпен алмасуға және оны өзара қорғауға қолданылатын жалпы тәртіпті белгілейді.
      2. Әскери-техникалық және қорғаныс саласындағы ынтымақтастық Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес Тараптар және Тараптар мемлекеттері ұйымдарының арасында жүзеге асырылады.

2-бап
Анықтамалар

      Осы Келісімде пайдаланылатын терминдер мынаны білдіреді:
      құпия ақпарат - нысанына, табиғатына немесе берілу тәсіліне қарамастан, жоғарыда айтылған ынтымақтастық процесінде берілетін және/немесе қалыптасатын ақпарат, құжаттар немесе материалдар, оларға құпиялылық дәрежесіне сәйкес құпиялылық белгісі беріледі немесе қорғау дәрежесі белгіленеді, олар ұлттық қауіпсіздік мүддесінде әрі Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес кез келген жария етуден, жоғалтудан, иемденуден, санкциясыз қол жеткізуден немесе беделін түсірудің кез келген басқа да түрінен қорғауды талап етеді;
      құзыретті орган - осы Келісімнің іске асырылуын бақылауға жауапты Тарап мемлекетінің органы;
      уәкілетті орган - осы Келісімнің іске асырылуына жауапты Тарап мемлекетінің органы;
      ұйымдар - өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес әскери-техникалық ынтымақтастық және қорғаныс саласындағы қызметті, осы Келісім шеңберінде Тараптардың ынтымақтастығы процесінде берілетін немесе қалыптасатын құпия ақпаратты алу, беру, сақтау, пайдалану жолымен жүзеге асыруға уәкілеттік берілген Тараптар мемлекеттерінің заңды тұлғалары;
      объектілер - осы Келісімге сәйкес жұмыстар жүргізілетін аумақтар және/немесе үй-жайлар.

3-бап
Құзыретті және уәкілетті органдар

      1. Мыналар:
      Қазақстан тарапынан - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі;
      Израиль тарапынан - Израиль Мемлекеті Қорғаныс министрлігінің Қауіпсіздік жүйелерінің қауіпсіздік жөніндегі директораты (DSDE/MALMAB) құзыретті органдар болып табылады.
      2. Мыналар:
      Қазақстан тарапынан - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі (Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Мемлекеттік құпияларды қорғау және ақпараттық қауіпсіздік бас басқармасы);
      Израиль тарапынан - Израиль Мемлекеті Қорғаныс министрлігінің Қауіпсіздік жүйелерінің қауіпсіздік жөніндегі директораты (DSDE/MALMAB) уәкілетті органдар болып табылады.
      3. Өз мемлекеттерінің құзыретті немесе уәкілетті органдарының атаулары, функциялары немесе құрылымы және/немесе өз мемлекетінің ұлттық заңнамасы өзгерген жағдайда Тараптар бұл туралы бір бірін келісілген байланыс арналары арқылы дереу хабардар етеді.
      4. Құзыретті органдар осы Келісімнің ережелерін орындау жөніндегі қызметті алдын ала өзара үйлестіреді.
      5. Тараптар өз мемлекетінің аумағына басқа Тараптың құзыретті органының сарапшыларына құпия ақпаратты жария етуді болдырмау мақсатында екі Тарапқа да ыңғайлы уақытта сапармен баруға, егер мұндай сапарлар басқа Тараптың құзыретті органымен құпия ақпаратты қорғау жөніндегі шараларды талқылауды көздейтін болса, рұқсат береді.
      6. Тараптардың құзыретті органдары қорғалатын құпия ақпараттың жылыстауы немесе жария болуы ықтимал қауіп-қатерлер және тиісті қауіпсіздік шаралары туралы өзара ақпаратпен алмасады, оларды болдырмау үшін олар сол мемлекеттің аумағында қабылдануы тиіс.

4-бап
Қорғау дәрежелерінің салыстырмалылығы

      Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес қорғау дәрежесі мен құпиялылығы мынадай салыстырмалылық кестеге сәйкес анықталады:

Қазақстан Республикасында

Израиль Мемлекетінде

Ағылшын тіліндегі балама тіркес

Орыс тіліндегі балама тіркес

Өте құпия

Sodi Beyoter

Top secret

Совершенно секретно

Құпия

Sodi

Secret

Секретно

«Қызмет бабында пайдалану үшін»

«Shamur»

«Confidential»

«Для служебного пользования»

5-бап
Құпия ақпаратпен жұмыс істеу шарттары

      1. Тарапқа құпия ақпаратты берген Тараптың алдын ала жазбаша рұқсатынсыз қандай да бір үшінші тарапқа осы Келісімге сәйкес басқа Тараптан алынған құпия ақпаратты ашуға тыйым салынады.
      2. Құпия ақпаратты көбейтіп көшіру (тираждау) және аудару Тараптар өзінің жеке тиісті құпиялылық дәрежесі бар құпия ақпаратына қойылатын талаптар қауіпсіздікті қамтамасыз ету талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
      3. Құпия ақпаратты жою, оның қалпына келтіру мүмкін болмайтындай етіп жүзеге асырылуы тиіс. Құпия ақпаратты жіберген Тарапқа қайтару оның алдын ала жазбаша сұрау салуы арқылы жүзеге асырылады.
      4. Уәкілетті органдар осы Келісімді жүзеге асыру мақсатында берілген немесе қалыптасатын құпия ақпаратты жасау, алу, беру, сақтау, қолдану және қорғау арқылы ынтымақтасады.

6-бап
Құпия ақпаратқа рұқсат беру және өзара бару тәртібі

      1. Құпия ақпаратқа рұқсатты және объектілерге рұқсатты бір Тарап екінші Тараптың өкілдеріне қабылдаушы Тараптың уәкілетті органының алдын ала рұқсатын алғаннан кейін береді. Мұндай рұқсат мүдделі Тараптың уәкілетті органының бұрын келісілген өтініші бойынша құпия ақпаратқа тиісті рұқсаты бар адамдарға (бұдан әрі - Барушылар) беріледі.
      Тараптардың уәкілетті органдары осы Келісім шеңберінде өз Барушыларының рұқсатына қатысты өзгерістер туралы, атап айтқанда, құпия ақпаратқа рұқсат қайтарып алынған немесе оның деңгейі төмендетілген жағдайда бірін бірі хабардар етеді.
      2. Жіберуші Тараптың уәкілетті органы қабылдаушы Тараптың уәкілетті органына Барушылар туралы жоспарланып отырған баруға дейін 3 (үш) аптадан кешіктірмей хабарлайды. Ерекше жағдайларда келуіне рұқсатты мүмкіндігінше қысқа мерзімде алдын ала келісім бойынша берілуі мүмкін.
      3. Баруға арналған өтініштер мынадай ақпаратты қамтиды:
      1) Барушының тегі және аты, туған күні мен жері, азаматтығы және паспортының нөмірі;
      2) Барушының лауазымы мен ол мүддесін білдіретін ұйымның атауы;
      3) құпиялылық дәрежесіне сәйкес келетін құпия ақпаратқа рұқсаттың болуы;
      4) болжамды бару күні мен оның ұзақтығы;
      5) сапардың мақсаты;
      6) жоспарланып отырған бару объектілерінің атауы;
      7) қабылдаушы Тарап өкілінің лауазымы, тегі мен аты;
      8) Барушыға рұқсат етілуі мүмкін құпия ақпараттың қажетті санаты.
      4. Баруға арналған өтініш Тараптар келіскен арнайы арналар арқылы беріледі.
      5. Тараптардың уәкілетті органдары объектіге біржолғы/көпжолғы баруға рұқсатты 12 (он екі) айдан аспайтын мерзімге сұрайды. Рұқсаттың қолданылу мерзімін ұзарту қажет болған кезде, жіберуші Тарап қабылдаушы Тарапқа бірақ ағымдағы рұқсаттың қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін 3 (үш) апта бұрын жаңа рұқсат алу туралы өтінішпен жүгінеді.

7-бап
Құпия ақпаратты беру тәсілдері

      1. Тараптардың құпия ақпаратты сұратуы және бір-біріне беруі жөнелтуші Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес Тараптар келіскен арнайы арналар арқылы жүзеге асырылады.
      2. Құпия электрондық және/немесе телефон байланысы тек қана Тараптар келіскен қорғалған байланыс арналары бойынша жүзеге асырылады.
      3. Егер Тараптардың біреуі құпия ақпаратты өз мемлекетінің аумағынан тыс пайдалануға ниеттенген жағдайда, онда мұндай пайдалану оны берген Тараппен алдын ала келісіледі. Осы Келісімнің әрекеті құпия ақпаратты осындай пайдалану кезінде қолданылады.

8-бап
Құпия ақпаратты қорғау жөніндегі шаралар

      1. Тараптардың әрқайсысының уәкілетті органдары осы Келісім шеңберінде құпия ақпараттың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі тәртіпті әзірлейді.
      2. Әрбір Тарап өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес міндетті түрде екінші Тараптың құпия ақпаратын қорғау жөніндегі тиісті шараларды қабылдайды. Құпия ақпаратқа қатысты, алған сәттен бастап Тараптар құпиялылық дәрежесі ұқсас өз құпия ақпаратын қамтамасыз ететіндей қорғау дәрежесін қамтамасыз етеді.
      3. Құпия ақпаратқа қол жеткізуге тиісті құпиялылық дәрежесіндегі құпия ақпаратқа рұқсаты бар және мұндай ақпарат қызметтік міндеттерін орындау үшін қажет жеке тұлғаларға ғана рұқсат беріледі.
      4. Алушы Тарап жіберуші Тараптың құпия ақпаратына осы Келісімнің 4-бабына сәйкес салыстырмалылық құпиялылық дәрежесін береді.
      5. Егер Тараптардың бірінің ұйымы құпия ақпаратты құрайтын жұмысты орындауға екінші Тараптың аумағында шарт жасаса, онда қабылдаушы Тараптың уәкілетті органы өз мемлекетінің аумағында өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес осы құпия ақпаратты қорғау жөніндегі шараларды қабылдайды.
      6. Алушы Тарап құпия ақпаратты алмастан бұрын:
      1) объектінің құпия ақпаратты қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі талаптарға сәйкестігін растауы;
      2) объектіге рұқсаттың тиісті деңгейін айқындауы;
      3) осы баптың 3-тармағында көрсетілген тұлғаларға құпия ақпаратқа рұқсат беруі;
      4) құпия ақпаратқа рұқсаты бар барлық тұлғалар осы Келісімге және өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес құпия ақпаратты қорғау жөнінде міндеттемелер туралы хабардар екендігіне көз жеткізуі;
      5) объектілердің қауіпсіздігіне мезгіл-мезгіл тексеру жүргізуі тиіс.
      7. Алушы Тараптың жөнелтуші Тараптың алдын ала жазбаша келісімінсіз өзіне берілген құпия ақпараттың құпиялылық белгісін төмендетуге немесе оның құпиясын ашуға құқығы жоқ.
      8. Бір Тараптан екінші Тарапқа берілген құпия ақпарат әскери-техникалық және қорғаныс салаларындағы ынтымақтастықта көзделген мақсаттарда ғана пайдаланылады.
      9. Баламалы нормаларды қолдау мақсатында Тараптардың құзыретті органдары өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына қатысты осы Келісімді іске асыру шеңберінде құпия ақпаратты қорғауды қамтамасыз ету үшін қолданылатын қажетті мәліметтермен алмасады.

9-бап
Құпия ақпаратты жария ету және жоғалту

      1. Егер құпия ақпарат жария етілген және жоғалған жағдайда қызметтік тексеру жүргізіп жатқан алушы Тарап қысқа мерзімде және толық нысанда жөнелтуші Тараптың құзыретті органына мән-жайлар, тексеру нәтижелері, бұзушылықты жою жөніндегі қабылданған шаралар мен іс-қимыл туралы хабарлайды.
      2. Алушы Тараптың құпия ақпараттың жоғалғанын жария етілгенін анықтаған немесе болжаған құзыретті және уәкілетті органы өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес (қажет болған жағдайда жөнелтуші Тарап өкілдерін тарта отырып) дереу тексеруге кіріседі.
      3. Тексеру жүргізуге кеткен шығыстарды оны жүргізген Тарап көтереді.

10-бап
Келісімшарттар

      Әскери техникалық ынтымақтастық және қорғаныс аясында жасалатын келісім шарттар құпия ақпараттарды қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі арнайы бапты қамтуы тиіс, ол мынаны қамтуы тиіс:
      құпия ақпараттың тізбесі және оның құпиялылық дәрежесі;
      құпия ақпараттарды қорғау жөніндегі арнайы нұсқаулық;
      құпия ақпаратты қорғау жөніндегі шараларды жүзеге асыру кезінде осы Келісімге сілтеме жасау;
      дағдарысты ахуалды шешу және құпия ақпараттың санкциясыз таралуынан келетін залалды өтеу тәртібі.

11-бап
Ресми байланыс арналары

      1. Осы Келісімде көзделген арналар бойынша байланыс жазбаша нысанда ағылшын тілінде жүзеге асырылады.
      2. Осы Келісім аясында Тараптар арасындағы кез-келген байланыс қауіпсіздік талаптары сақтала отырып, мынадай мекенжайлар бойынша жүзеге асырылады:
      Қазақстан тарапынан
      Қазақстан Республикасы - Қорғаныс министрлігі
      Ресми хат Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Штабтар бастықтары комитетінің төрағасына жіберіледі;
      Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Мемлекеттік құпияларды қорғау және ақпараттық қауіпсіздік бас басқармасының бастығы
      Астана, Қазақстан
      (тел. +77172721017)

      Израиль тарапынан
      Израиль Мемлекеті - Қорғаныс министрлігі
      Израиль Мемлекеті Қорғаныс министрлігінің Қауіпсіздік жүйелерінің Қауіпсіздік жөніндегі директораты (DSDE/MALMAB) директорының бірінші орынбасары - Ақпарат қауіпсіздігі (DSDE/MALMAB) жөніндегі директор
      Хакирия, Тель-Авив, Израиль
      (тел. +972-3-6976252)

12-бап
Шығыстар

      Осы Келісімді іске асыру жөніндегі шығыстарды Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес дербес көтереді.

13-бап
Дауларды шешу

      1. Осы Келісімді түсіндіру немесе қолдану кезінде туындайтын дауларды және келіспеушіліктерді келіссөздер арқылы шешу үшін Тараптар барлық мүмкін шараларды қабылдайды.
      2. Егер Тараптар келіссөздер нәтижесінде өзара бір шешімге қол жеткізбесе, дауды Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Штабтар бастықтары комитетінің төрағасы мен Израиль Мемлекеті Қорғаныс министрлігінің Қауіпсіздік жүйелерінің Қауіпсіздік жөніндегі директоратының директоры бірлесіп шешеді. Туындаған даулар бойынша олар қабылдаған кез-келген шешім Келісім Тараптарының түпкілікті және орындауы үшін міндетті болып табылады.
      3. Осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға байланысты дауларды шешу олардың мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына немесе халықаралық құқық нормаларына сәйкес Тараптар мемлекеттері соттарының немесе халықаралық соттардың қарауына жатпайды.
      4. Кез-келген дау реттелгенге дейін Тараптар осы Келісімнен туындайтын міндеттемелерді сақтауды жалғастырады.

14-бап
Халықаралық шарттар

      Осы Келісім өз мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

15-бап
Қорытынды ережелер

      1. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Қазақстан тарапының орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы Израиль тарапы алғаннан күннен бастап 30 (отыз) күн өткен соң күшіне енеді.
      2. Осы Келісімнің қолданысы Тараптардың бірі басқа Тараптың оның мұндай ниеті туралы жазбаша хабарламасы Дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап 6 (алты) ай өткен соң тоқтатылады.
      3. Осы Келісімнің қолданысы тоқтатылған жағдайда Тараптардың ынтымақтастығы процесінде берілген және/немесе қалыптасқан құпия ақпараттарға қатысты осы Келісімде көзделген құпия ақпаратты қорғау жөніндегі шаралардың құпиялылық белгісі алынғанға дейін жалғасады.
      4. Әрқайсысы қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің бірдей күші бар. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Жоғарыда айтылғандарды растау үшін Тараптар осы Келісімге 2012 жылғы 2 сәуірде Тель-Авив қаласында қол қойды.

      Қазақстан Республикасының          Израиль Мемлекетінің Үкіметі
             Үкіметі үшін                атынан Израиль Мемлекетінің
                                             Қорғаныс министрлігі

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұдан әрі Келісімнің ағылшын тіліндегі мәтіні берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады