Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Бенилюкс мемлекеттерінің үкіметтері арасындағы дипломатиялық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Әбілфайызұлы Ыдырысов Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Бенилюкс мемлекеттерінің үкіметтері арасындағы дипломатиялық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімге Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қойсын, оған қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2014 жылғы 23 қазандағы
№ 1128 қаулысымен
мақұлданған
Жоба
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Бенилюкс мемлекеттерінің
үкіметтері арасындағы дипломатиялық паспорттардың иелерін
визалық талаптардан босату туралы келісім
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Бенилюкс мемлекеттерінің үкіметтері (бұдан әрі бірлесе «Тараптар», ал жеке алғанда «Тарап» деп аталатын);
1960 жылғы 11 сәуірде Брюссельде қол қойылған Бельгия Корольдігі, Люксембург Ұлы Герцогтігі және Нидерланд Корольдігі арасындағы көшіп келушілерге бақылау жасауды Бенилюкстің сыртқы шекарасына ауыстыруға қатысты келісімге сәйкес Бенилюкс мемлекеттерінің үкіметтері бірге әрекет ететінін тани отырып;
жарамды ұлттық дипломатиялық паспорттардың иелері болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматтары мен Бенилюкс мемлекеттері азаматтарының олардың тиісті мемлекеттеріне кіруін жеңілдетуге ниет білдіре отырып;
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Анықтамалар
Егер мәнмәтінде өзгеше көзделмесе, осы Келісімде:
«Бенилюкс мемлекеттері» – Бельгия Корольдігін, Люксембург Ұлы Герцогтігін және Нидерланд Корольдігін білдіреді.
«Бенилюкс аумағы» Еуропада Бельгия Корольдігінің, Люксембург Ұлы Герцогтігінің және Нидерланд Корольдігінің біріккен аумағын білдіреді.
2-бап
Құзыретті органдар
Аталған келісімді орындауға жауапты құзыретті органдар:
Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі; және
Бенилюкс мемлекеттерінің үкіметтері атынан: Бельгия Корольдігінен Сыртқы істер, сыртқы сауда және ынтымақтастықты дамыту федералдық мемлекеттік қызметі, Люксембург Ұлы Герцогтігінен – Сыртқы істер және иммиграция министрлігі және Нидерланд Корольдігінен – Сыртқы істер министрлігі.
3-бап
Визалық талаптардан босату
1. Жарамды ұлттық дипломатиялық паспорттардың иелері болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматтары күнтізбелік 90 (тоқсан) күннен аспайтын кезеңде Бенилюкс мемлекеттерінің аумағына визасыз кіре алады және оның аумағында бола алады.
2. Жарамды ұлттық дипломатиялық паспорттардың иелері болып табылатын Бенилюкс мемлекеттерінің азаматтары күнтізбелік 90 (тоқсан) күннен аспайтын кезеңде Қазақстан Республикасының аумағына визасыз кіре алады және оның аумағында бола алады.
4-бап
Аккредиттелген өкілдер
1. Бір Тарап мемлекетінің жарамды ұлттық дипломатиялық паспорттары бар, екінші Тарап мемлекетінің аумағында орналасқан дипломатиялық өкілдіктердің, консулдық мекемелердің немесе халықаралық ұйымдардың өкілдіктерінің мүшесі болып табылатын азаматтары аккредиттеудің бүкіл мерзімінде қабылдаушы Тарап мемлекетінің аумағына визасыз кіре алады, кете алады және бола алады.
2. Тараптар осы баптың 1-тармағында атап өтілген адамдардың келуі туралы бір-бірін хабардар етеді және аталған адамдар басқа Тараптың аккредиттеу қағидаларын сақтауы тиіс.
5-бап
Келуден бас тарту
Осы Келісімнің 3 және 4-баптарының ережелеріне қарамастан, Тараптардың әрқайсысы болуы ұнамсыз немесе оның мемлекетінде заңға және қоғамдық тәртіпке немесе ұлттық қауіпсіздікке зиян келтіруші ретінде қарастырылатын кез келген адамның өз мемлекетінің аумағына келуінен бас тарту құқығын сақтайды.
6-бап
Заңнамалардың қолданылуы
Осы Келісім Тараптар мемлекеттерінің аумағына шетелдіктердің келуін, болуы мен шығарып жіберуді және кез келген қызмет түрлерін реттейтін қолданыстағы заңнамаларын қозғамайды.
7-бап
Реадмиссия
Тараптардың әрқайсысы Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары берген жарамды ұлттық дипломатиялық паспортпен шыққан адамдарды кез келген уақытта әрі шарттылықсыз өз мемлекетінің аумағына қабылдауға міндеттенеді.
8-бап
Құжаттама
Тараптар өздерінің жаңа немесе өзгертілген ұлттық дипломатиялық паспорттарының үлгілерін, сондай-ақ мұндай паспорттарды пайдалануға қатысты толық мәліметтерді оларды енгізілген күнге дейін күнтізбелік 60 (алпыс) күн ішінде дипломатиялық арналар арқылы жібереді.
9-бап
Дауларды реттеу
Осы Келісімнің ережелерін қолдану немесе түсіндіру кезінде туындайтын кез келген даулар Тараптар арасындағы бейбіт консультациялар мен келіссөздер арқылы шешіледі.
10-бап
Өзгерістер мен толықтырулар
Осы Келісімге Тараптардың өзара келісуі бойынша дипломатиялық арналар арқылы Тараптар арасында ноталар алмасу негізінде өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
11-бап
Депозитарий
Бельгия Корольдігінің Сыртқы істер, сыртқы сауда және ынтымақтастықты дамыту федералдық мемлекеттік қызметі (бұдан әрі – депозитарий) Бенилюкс мемлекеттерінің үкіметтері үшін осы Келісімнің депозитарийі болып саналады. Депозитарий Бенилюкс мемлекеттерінің үкіметтеріне осы Келісімнің куәландырылған көшірмесін береді.
12-бап
Күшіне ену, қолданылу мерзімі және қолданылуын тоқтату
1. Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен кейінгі келесі екінші айдың бірінші күні күшіне енеді.
2. Осы Келісім бір жыл мерзімге жасалады, ол мерзім өткеннен кейін Тараптардың бірі дипломатиялық арналар арқылы осы Келісімнің қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламаны депозитарийге жолдағанша бұл кезең өткенге дейін 30 (отыз) күнтізбелік күнге дейін күшінде қалады.
3. Бастапқы бір жылдық мерзім өткеннен кейін Тараптардың кез келгені дипломатиялық арналар арқылы осы Келісімнен шығу ниеті туралы жазбаша хабарламаны болжалды шығу күніне дейін күнтізбелік 30 (отыз) күннен кешіктірмей жолдап, осы Келісімнен шыға алады.
4. Кез келген Тараптың Осы келісімнен шығуы барлық Тарап үшін оның қолданысының тоқтатылуына әкеп соқтырады.
5. Депозитарий Тараптарды осы бапта аталған кез келген хабарламаны алғаны туралы хабардар етеді.
13-бап
Қолданысын тоқтата тұру
Кез келген Тарап осы Келісімнің қолданысын тоқтата тұруға құқылы. Осы Келісімнің қолданысын тоқтата тұру туралы өз шешімін Тарап дипломатиялық арналар арқылы Депозитарийге жедел хабарлайды. Депозитарий осындай хабарламаны алғаны туралы басқа Тараптарға хабарлайды. Осы Келісімнің қолданысын тоқтата тұруды жою кезінде де осындай тәртіп қолданылады.
14-бап
Нидерланд Корольдігінде қолданылуы
Осы Келісім Нидерланд Корольдігіне қатысты алғанда Арубаға, Курасаоға, Әулие Мартин аралына және Нидерланд Корольдігінің Кариб бөлігіне (Бонайре, Әулие Эстатиус және Саба аралдары) қолданылуы мүмкін.
Осыны куәландыра отырып, өз үкіметтері тиісінше уәкілеттік берген төменде қол қоюшылар осы Келісімге қол қойды.
201___ жылғы « » ____________ ___________ қаласында, әрқайсысы қазақ, француз, нидерланд және ағылшын тілдерінде бірдей күші бар екі данада жасалды. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
_____________________________________________________________________
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҮКІМЕТІ ҮШІН
_____________________________________________________________________
БЕЛЬГИЯ КОРОЛЬДІГІНІҢ ҮКІМЕТІ ҮШІН
_____________________________________________________________________
ЛЮКСЕМБУРГ ҰЛЫ ГЕРЦОГТІГІНІҢ ҮКІМЕТІ ҮШІН
_____________________________________________________________________
НИДЕРЛАНД КОРОЛЬДІГІНІҢ ҮКІМЕТІ ҮШІН