Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 26.12.2015 № 1069 (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
«Инвестициялар туралы» 2003 жылғы 8 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы 12-1-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1.
Қоса беріліп отырған Инвестициялық омбудсмен қызметі туралы ереже бекітілсін.
2.
Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы |
Инвестициялық омбудсмен қызметі туралы ереже
1. Жалпы ережелер
1.
Осы Инвестициялық омбудсмен қызметі туралы ереже (бұдан әрі - Ереже) «Инвестициялар туралы» 2003 жылғы 8 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы 12-1-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді.
2.
Инвестициялық омбудсмен - Қазақстан Республикасының Үкіметі тағайындайтын, инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға жәрдемдесу жөніндегі функциялар жүктелетін лауазымды адам.
3.
Инвестициялық омбудсмен өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілерін, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.
2. Инвестициялық омбудсменнің негізгі функциялары
4.
Инвестициялық омбудсменнің негізгі функциялары:
1)
Қазақстан Республикасында инвестициялық қызметті жүзеге асыру барысында туындайтын мәселелер бойынша инвесторлардың өтініштерін қарау және оның ішінде мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасай отырып, оларды шешу үшін ұсынымдар шығару;
2)
туындайтын мәселелерді соттан тыс және сотқа дейінгі тәртіппен шешуде инвесторларға жәрдемдесу;
3)
Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсынымдарды тұжырымдау және Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізу болып табылады.
3. Инвесторлардың инвестициялық омбудсменге өтініш білдіруі
5.
Инвестордың - жеке тұлғаның өтінішінде оның тегі, аты, сондай-ақ қалауы бойынша әкесінің аты, заңды мекенжайы, заңды тұлғаның өтінішінде оның атауы, пошталық мекенжайы, өтініштің шығыс нөмірі мен күні көрсетіледі.
Өтінішке заңды мүдделері мен құқықтары бұзылған инвестор немесе оның заңды өкілі қол қоюы, не электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылуы тиіс.
6.
Инвестор құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуы туралы шағыммен жүгінген жағдайда, іс-әрекеті (әрекетсіздігі) инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзатын субъектінің атауы немесе лауазымы, лауазымды тұлғалардың тегі және аты-жөні, өтініш жасау уәждері мен талаптары көрсетіледі.
Өтінішке инвестордың талаптарын растайтын құжаттар мен өзге де материалдар қоса беріледі.
4. Инвестициялық омбудсменнің инвесторлардың өтініштерін қарауы
7.
Инвесторларға туындайтын мәселелерді шешуге жәрдемдесу мақсатында инвестициялық омбудсмен:
1)
инвесторға оның құқықтары мен заңды мүдделеріне, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген оларды қорғаудың нысандары мен тәсілдеріне қатысты мәселелерді түсіндіреді;
2)
инвесторлардың мәселелерін реттеу үшін мемлекеттік органдармен және ұйымдармен мәжілістерді, консультацияларды, хаттамалық кездесулерді өткізеді, инвесторлардың өтініштерін қарау мәселелері бойынша мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың басшыларын тыңдайды;
3)
инвесторлардың өтініштеріне және мемлекеттік органдар мен ұйымдарды тыңдау нәтижелеріне талдау жүргізеді;
4)
заңнамаға талдау жүргізеді және инвесторлардың құқықтарын бұзатын немесе кәсіпкерлік қызметті жүргізуді қиындататын нормаларды айқындайды және қорытындысы бойынша инвесторлардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіру үшін ұсынымдарды тұжырымдайды;
5)
әрекетімен (әрекетсіздігімен) инвестордың құқығы мен заңды мүдделері бұзылған тиісті мемлекеттік органға және/немесе лауазымды адамға инвесторлардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіруге бағытталған ұсынымдарды жібереді.
Ұсынымдарды алған мемлекеттік орган және/немесе лауазымды адам инвестициялық омбудсменге оларды заңнамада белгіленген тәртіппен қарау нәтижелері туралы жазбаша жауап ұсынады.
Инвестициялық омбудсменнің ұсынымдары инвестициялық омбудсменде өткен мәжілістер хаттамалары мен хаттар түрінде ресімделеді.
Инвестициялық омбудсменнің ұсынымдарымен келіспеген жағдайда лауазымды адам өз шешімін мәнісі бойынша жазбаша түрде уәждейді.
8.
Инвестициялық омбудсмен инвестордың өтінішін түскен күнінен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде қарайды.
9.
Мемлекеттік және коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты қоспағанда, инвестициялық омбудсмен қажет болған жағдайда мемлекеттік органдар мен меншік нысанына қарамастан тәуелсіз ұйымдардан инвесторлардың өтініштерін қарау үшін қажетті ақпаратты сұратады.
10.
Инвестициялық омбудсмен инвесторға мемлекеттік орган немесе ұйым қабылдаған шешімінің заңдылығын тексеру мәніне прокуратура органдарына жүгінуді ұсына алады.
11.
Егер инвесторлардың мәселелерін, қолданыстағы заңнамаға сәйкес шешуге болмайтын болса, инвестициялық омбудсмен Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру бойынша ұсынымдарды әзірлейді және Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізеді.
5. Инвестициялық омбудсменнің қызметін ұйымдастыру
12.
Инвестициялық омбудсменнің қызметін инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган қамтамасыз етеді.
Инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган:
1)
өтініштерді тіркейді және инвестициялық омбудсменнің қарауына береді, өтініштер мұрағатын қалыптастырады және жүргізеді;
2)
инвестициялық омбудсменнің қызметін қамтамасыз ету мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен және ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды;
3)
инвестициялық омбудсменнің қызметін ақпараттық-талдамалық, ұйымдық-құқықтық қамтамасыз етуді жүзеге асырады.
13.
Инвестордың өтінішін мәжілісте қарау қажет болған жағдайда, инвестициялық омбудсмен айына бір рет хаттамалық мәжіліс өткізеді. Бұл ретте, мәжіліске мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдар шақырылады.
14.
Инвестициялық омбудсмен инвестордың өтінішінде баяндалған мәселелер бойынша қорытындылар дайындау үшін Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғалары қатарынан консультанттар мен сарапшыларды тартады.
15.
Инвестициялық омбудсмен жыл сайын наурыз айында өз қызметінің нәтижелері туралы есепті Қазақстан Республикасының Үкіметіне жібереді.
16. Инвестициялық омбудсмен өз қызметінің нәтижелері мен тұжырымдалған ұсынымдар туралы Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңестің отырыстарында баяндама жасайды.