Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса берiліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы «Қазақстан Республикасына кешенді елдік шолу» жобасы туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Ерболат Асқарбекұлы Досаевқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы «Қазақстан Республикасына кешенді елдік шолу» жобасы туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкiметi атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2014 жылғы 10 желтоқсандағы
№ 1296 қаулысымен
мақұлданған
жоба
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық
ынтымақтастық және даму ұйымының арасындағы «Қазақстан
Республикасына кешенді елдік шолу» жобасы туралы келісім
Осы жерде және бұдан әрі жеке-жеке «Тарап» немесе бірге «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (бұдан әрі – ЭЫДҰ)
мыналар туралы келісті:
1-бап. Келісімнің нысанасы
1. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Даму орталығы (бұдан әрі – ЭЫДҰ Даму орталығы) осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын І қосымшада көзделген «Қазақстан Республикасына кешенді елдік шолу» жобасын (бұдан әрі – жоба) жүзеге асырады.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі жобаға қатысты ЭЫДҰ Даму орталығы орындайтын жұмысты қаржыландыруға келіседі.
3. Жобаның ұзақтығы қол қойылған күнінен бастап 18 ай.
2-бап. Бюджеттік және қаржылық тетіктер
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі ЭЫДҰ Даму орталығына Жобаны іске асыруға байланысты шығыстарды жабуға, осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын ІІ қосымшада көрсетілгендей, 420000 (төрт жүз жиырма мың) евро мөлшерінде жарна ұсынуға міндеттенеді.
2. Осы Келісім күшіне еніп, ЭЫДҰ Даму бағдарламасынан тиісті шот алынған кезден бастап 30 күн ішінде жарна толық көлемде төленеді.
3. Қаржы регламентіне және басқа да тиісті қағидаларға, ЭЫДҰ Даму орталығының саясаттарына және қазіргі уақытта жарнаның жалпы сомасынан 6,3% көлеміндегі әкімшілік шығындардың орнын толтыруды көздеп отырған рәсімдерге сәйкес бұл жарнаны ЭЫДҰ Даму орталығы әкімшілендіреді. Бухгалтерлік есепке алудың жалпыға бірдей қабылданған қағидаттарына сәйкес шығыс ЭЫДҰ Даму орталығының шоттарында көрсетіледі және ол ЭЫДҰ аудитінің стандартты қағидаларына сәйкес аудит кезінде тексерілуі мүмкін.
4. ЭЫДҰ кеңесі мұндай жұмыстарды 2015 – 2016 жылдарға арналған Жұмыстар мен бюджет бағдарламасына (ЖББ) енгізгеннен кейін
2014 жылдан соң ЭЫДҰ Даму орталығының қандай да бір жұмыстарды орындауына болады. ЭЫДҰ Даму орталығы осы Келісімнің нысанасы болып табылатын жұмыстарды 2015 – 2016 жылдарға ЖББ-ге қосу үшін ұсынуға ниетті. Егер осы жарнамен қаржыландырылатын жұмыстар
2015 – 2016 жылдарға арналған ЖББ-ге енгізілмесе, Қазақстан Республикасының Үкіметімен консультациялар жүргізілгеннен кейін ЭЫДҰ Даму орталығы жұмысты тоқтатуға құқылы және осы Келісімді бұза алады, мұндай жағдайда Қазақстан Республикасының Үкіметі шеккен шығыстарды немесе Келісім бұзылған күнге алынған ЭЫДҰ Даму орталығының міндеттемелері бойынша шығыстарды жабуға келіседі.
3-бап. Жұмыстар мен есептіліктің сипаттамасы
1. ЭЫДҰ Даму орталығы қоса беріліп отырған осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын І қосымшада сипатталғандай, жобаны жүзеге асырады.
2. Жоба аяқталғаннан кейін алты ай ішінде ЭЫДҰ Даму орталығы қорытынды қаржылық есепті Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсынады.
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі ЭЫДҰ Даму орталығы есептілігінің стандартты форматына сәйкес шығындар туралы есепте осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын III қосымшада сипатталғандай, қаржылық есептілікке қойылатын талаптар сақталатынымен келіседі.
4-бап. Ақпарат алмасу
Тараптар бір-біріне көмектерін және жобаны жүзеге асыру үшін қажетті ақпаратты ұсынады.
Тараптар арасындағы кез келген ақпарат алмасу мына мекенжайға жіберіледі:
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін: Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі – 010000, Астана қаласы, «Есіл» ауданы, Орынбор көшесі, № 8 үй, тел.: +7 (7172) 74-38-24 email: info@minplan.kz
ЭЫДҰ Даму орталығы үшін: Андрэ-Паскаль көшесі, 2, 75116 Париж, Франция.
5-бап. Жобаның нәтижелерін пайдалану
1. Жобаның нәтижелері, кез келген нысанда ЭЫДҰ Даму орталығының меншігінде қалады.
2. Үшінші тараптардың құқықтарын ескере отырып, сондай-ақ құжаттарды сыныптауға және сыныптаудан шығаруға қатысты ЭЫДҰ Даму орталығының қағидалары мен саясаттарының сақталуын ескере отырып, егер мұндай қолданылатын болса, ЭЫДҰ Даму орталығы Қазақстан Республикасы Үкіметінің коммерциялық емес кез келген мақсаттарында (сондай-ақ ғылыми-зерттеу мақсаттарында) әлемнің бүкіл елдерінде қолданылатын жоба бойынша қорытынды есепті көшіріп алу және тарату арқылы пайдалануға Қазақстан Республикасының Үкіметіне айрықша емес, қайтарып алынбайтын құқық береді. Қазақстан Республикасының Үкіметі де қорытынды есептің басылымын өзінің веб-сайтында орналастыруға және толығынан «ОҚУ ҮШІН» (html 5) таратуға уәкілетті. ЭЫДҰ Даму орталығы жарияланымның тіліне қарамастан, түпкілікті есепті барлық бұқаралық ақпарат құралдарында бірінші болып жариялау құқығын өзіне қалдырады.
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі қажет болған жерде ЭЫДҰ-ның авторлық құқығын тиісті түрде таниды.
4. Қорытынды есеп Қазақстан Республикасы Үкіметінің жобаға қосқан үлесін тануды қамтиды және жарияланымның сыртқы мұқаба бетінде немесе жарияланымның ішінде жоғарыда көрсетілген танумен қатар Қазақстан Республикасы Үкіметінің символы орналастырылады.
5. Қазақстан Республикасы Үкіметінің меншігі болып табылатын, Жоба барысында ЭЫДҰ Даму орталығына ұсынған кез келген деректер немесе ақпарат Қазақстан Республикасы Үкіметінің меншігінде қалады. ЭЫДҰ Даму орталығы өз есебін дайындау және жобаны жүзеге асыру үшін барынша кеңінен қолдану мақсатында көрсетілген деректер мен ақпаратты пайдалануға және/немесе қосып алуға құқығы бар.
6-бап. Дауларды шешу
Осы Келісімнің жасалуын, шынайылығын немесе бұзылуын қоса алғанда, оны түсіндіруден, қолданудан немесе орындаудан туындайтын, келіссөздер жүргізу жолымен шешілуі мүмкін емес кез келген дау, келіспеушілік немесе талаптар Тұрақты төрелік соттың міндетті емес қағидаларына сәйкес, осы Келісім күшіне енген күнге жұмыс істеп тұрған халықаралық ұйымдар мен мемлекеттерді тарта отырып, міндетті күші бар түпкілікті төрелік талқылаумен шешіледі. Судьялар саны – біреу. Судья Тараптар арасындағы уағдаластықтар жолымен сайланады, егер төрелік талап еткеннен кейінгі үш айдың ішінде осындай уағдаластыққа қол жеткізілмесе, судья жоғарыда көрсетілген қағидаларға сәйкес Тараптардың біреуінің талабы бойынша тағайындалады. Төрелік сот Парижде, Францияда өтеді және барлық іс жүргізу мен берілетін түсініктемелер ағылшын тілінде болуға тиіс.
7-бап. Басымдықтар мен иммунитеттер
Осы Келісімде ешнәрсе халықаралық ұйым ретінде ЭЫДҰ иммунитеттері мен басымдықтарынан бас тарту ретінде түсіндірілмеуге тиіс.
8-бап. Өзгерістер
Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын жекелеген түзетулер арқылы осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
9-бап. Күшіне енуі
Осы Келісім оған екі Тарап та қол қойғаннан кейін күшіне енеді және қолданылады. Ол екі Тарап та одан туындайтын барлық міндеттемелерді орындағанға немесе осы Келісімнің 2-бабының 4-тармағында көзделген Келісімнің бұзылуына дейін күшінде болады және қолданылады.
Осы Келісімге әрқайсысы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде екі түпнұсқа данада қол қойылды. Әрбір тарап өз данасын сақтайды. Қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі мәтіндердің арасында айырмашылықтар болған жағдайда, ағылшын тіліндегі нұсқасы жалғыз төлнұсқа болып табылады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан |
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы атынан |
Ерболат Досаев мырза, Қолы:……………………………….. |
Энтони Дж. Ротье мырза, Қолы:………………………………….. |
Марио Пиццини мырза, Қолы:……………………………………. |
I қосымша
ЭЫДҰ Кешенді елдік шолу
Осы бөлімде қызметтің тәсілін, әдіснамасы мен саласын, сондай-ақ өндірісті, процесс пен қажетті қаражатты қоса алғанда, ЭЫДҰ кешенді елдік шолу (КЕШ) сипатталады.
Анықтамалық ақпарат
Министрлер деңгейіндегі ЭЫДҰ кездесуінде (мамыр, 2012) Министрлер «реформаларды жүзеге асыру» үшін тиімді әрі өзара пайдалы ынтымақтастықтың негізінде ЭЫДҰ-ны дамушы елдермен саяси диалогты нығайтуға шақыра отырып, ЭЫДҰ-ның Даму стратегиясын мақұлдады. Барлығына бірдей сәйкес келетін бірыңғай тәсілдің жоқ екенін мойындай отырып, министрлер Әріптес елдермен ынтымақтастықтың жаңа құралдары ретінде Кешенді елдік шолу сияқты инновациялық тәсілдерді мақұлдады.
Маңызы және негізгі міндеті
ЭЫДҰ-ның Кешенді елдік шолуы дамушы экономикалардың нақты жағдайларына бейімделген жаңа құрал болып табылады. Ол ел қол жеткізген абсолюттік деңгейлерді ғана емес, сонымен қатар елдің даму процесінің негізінде жатқан серпін осы мақсаттарды қалайша қозғайтынын да қарастыра отырып, елдің өсуі, тұрақтылығы мен теңдігінің көптеген мақсаттарын қамтамасыз етуге қатысты елдің іс-әрекетін көрсетеді.
Елдің дамуы үшін негізгі кедергілерді анықтау және нақты саяси ұсынымдары мен дәйекті реформалары бар стратегияны ұсыну Шолудың негізгі міндеті болып табылады. Экономикалық және әлеуметтік дамудың, сондай-ақ азаматтар әл-ауқатының көптеген мақсаттарын қолдау үшін Даму стратегиясы әзірленетін болады. Шолулар ел билігінің мемлекеттік саясат бойынша шаралары үшін ұсынымдар береді, сондай-ақ алынған деректер елмен ынтымақтастықты дамыту жөнінде хабардар ету үшін халықаралық донорларға пайдалы болады.
Тәсіл
Тұтастай даму тұжырымдамасына ықпал ететін, диагностика негізінде саяси консультацияларды қолдайтын және міндетті зерттеудің желілік емес, кешенді тәсілін талап ететін тұжырымдамалық тәсіл КЕШ негізіне алынып отыр.
Сыртқы экономикалық өсуді дамыту
Егер экономиканы құрылымдық трансформациялау процесі даму болып табылса, бұл өзгерістер азаматтардың әл-ауқатын жақсартатынына, өсуден түскен пайданың бөлінетініне және ілгерілеу болашақ ұрпақтың қажеттіліктері есебінен қол жеткізілмегеніне саясат қалайша кепілдік бере алады? Экономикалық өсу даму аспектісінің біреуі ғана болып табылады. Елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету және азаматтардың өмір сүру деңгейін жақсарту үшін саясат экономикалық, әлеуметтік және экологиялық міндеттерді қайтадан бөлуге тиіс. Осы қажеттілікті қолдау үшін, ЭЫДҰ КЕШ-тері өсуге ықпал етіп қана қоймай, көпшілік жағдайда тұтастай дамуға ықпал ететін саясаттар мен стратегияларды әзірлеуге бағытталған.
Диагностикалық тәсіл
ЭЫДҰ КЕШ-тері елдегі өсуге ынталандыру үшін қажетті саясаттардың априори ұсыныстарын жасамайды. Оның орнына, Шолулар диагностикаға ерекше мән береді: даму үшін негізгі кедергілерді анықтау мақсатында ұлттық жағдайды диагностикалау шолулардың бастапқы міндеті болып табылады. Шолулар «салымға бағдарланған» тәсілді емес, «нәтижеге бағдарланған» тәсілді де пайдаланады.
Кешенді тәсіл
Секторалдық (мысалы, макроэкономиканы, білімді, жұмыс күшін, қаржыны, инвестициялық саясатты және т.б. қарастыратын) тәсілді қолданудың орнына Шолулар диагностика арқылы анықталған «дамудың құрылымдық кедергілері» мәселелерін талдауға бағытталған. Бұл кедергілер саясаттың бір саласымен ғана шектеліп қоймайды, әдетте, бірнеше саланы қамтиды. Осы кешенді тәсіл саясаттың барлық өзара тәуелділігі мен өзара іс-қимылын ескереді және бұл ретте «сектордан кейін сектор» тәсілін өткізіп жібере алатын даму кедергілерін жою үшін қажетті саясаттың синергиясы мен дәйектілігін анықтауға көмектеседі.
Арнайы саяси кеңес
Шолудағы талдаулар мен саяси ұсынымдар экономикасы дамушы елдердің ерекшеліктерін, мысалы – жоғары дәрежеде формальды емес, институционалдық әлеуеті шектеулі, адамдар мен өңірлер арасындағы айырмашылығы үлкен, мемлекеттік саясатты жасау мен іске асыруға жеке сектор шектеулі қатысатын, айқындылық пен ашықтық деңгейінің төмендігі сияқты ерекшеліктерді назарға алуға бейімделген. Бұл ерекшеліктер, әдетте, экономикасы дамыған елдерде қолданылатын саяси қарапайым шешімдердің сәйкес келмейтінін және тиімділігі аз болып табылатынын білдіруі мүмкін. Ұсынымдарды енгізудің орындалуына кепілдік беру үшін, әсіресе, елдің институционалдық әлеуеті назарға алынатын болады.
Сала
Диагностикадан кейін, қарастырылып отырған елдің дамуына негізгі кедергілер ретінде айқындалған екі немесе үш мәселеге Шолу баса назар аударады. Сонымен бірге, бұлар елдің алдында тұрған барлық даму проблемаларының толық тізбесі болуға арналмаған. Оның орнына, Шолу мемлекеттік саясаттың рұқсат етілетін шаралары кезіндегі дамуды іске қосуды немесе жеделдетуді бақылауда ұстай алатын екі-үш саланы нақты айқындауға бағытталған. Бірқатар маңызды салаларда, әсіресе, әлеуеті мен мемлекеттік ресурстары шектеулі болуы мүмкін дамушы елдердегі мемлекеттік саясат шараларының басымдықтарын айқындау. Шолулар орта мерзімдік дамуға шоғырландырылады (яғни, мерзімі бестен бастап он жылға дейінгі); қысқа мерзімді мәселелер, егер олар ұзақ мерзімді саясат пен институционалдық дизайнға қатысты болса, сол дәрежеде талқыланатын болады.
Әдіснама
ЭЫДҰ КЕШ-тері жекелеген үш кезеңнен тұрады: диагностика; негізгі шектеулерді терең талдау; және стратегияны қалыптастыру.
I кезең: Даму нәтижелері мен қозғалтқыштар диагностикасы; дамуға қатысты негізгі шектеулерді анықтау
Даму нәтижелері мен қозғалтқыштар диагностикасы бірінші кезең болып табылады, олар дамуға қатысты негізгі шектеулерді айқындауға арналады. Бұл диагностика елдің экономикалық, әлеуметтік және экологиялық салаларының бірнеше бағыттарының көрсеткіштерін зерделеуді қамтиды: мысалы, кіріс және оны бөлу, білім, денсаулық сақтау, қорғау және т.б. Диагностика елдің даму процесінің негізгі серпінін: өсу мөлшерлемесінің қаншалықты тұрақты және теңсіздік сияқты аспектілер осы өсу арқылы қалайша өзгеретінін зерделейтін болады. Бұл жерде, жай абсолюттік деңгейге қарағанда, осы мақсаттарға қол жеткізу серпіні ең маңызды болып табылады. Елдің осындай көрсеткішін түсіндіретін факторларды анықтау мақсатында ел артта қалып отырған міндеттерге назар аудара отырып, диагностика жалғасатын болады.
Нақты ел үшін талдау икемді және айқын болады және мақсаттардың кемінде біреуінде қанағаттанғысыз нәтижеге алып келетін тетіктерді көрсетеді. Даму әлеуетіне қол жеткізуге бағытталған белгілі бір құрылымдар мен мекемелерді анықтамаған экономикаларда қолдануға құрылымның икемділігі мүмкіндік береді. Ішінара диагноз бүкіл ел бойынша салыстырмалы талдауға негізделеді, бірақ қолжетімділігіне қарай, ұлттық және өңірлік шолулар сияқты егжей-тегжейлі ақпаратты ескеретін болады.
Осы кезеңнің ішінде елдің өнімділігі көпшілік жағдайда ұқсас, өзіне тән ерекшеліктері бар деп саналатын елдер тобымен салыстырылатын болады. Мысалы, салыстыру үшін елдерді таңдау кірістің/капиталдың деңгейі, мөлшері, құрылымдық сипаттамалар сияқты және т.б. факторларға негізделуі мүмкін. Қарастырылатын елдің көрсеткішіндегі ұқсас елдермен салыстырғандағы айырмашылықтар және оның нақты салалардағы бұрынғы үрдістері қандай шектеулер (проблемалар) дамуға кедергі жасайтынынан сақтандыруға мүмкіндік береді.
І кезеңді ЭЫДҰ көп бейінді командасы және өңірлік ұйымдастырушы әріптестер жүзеге асыратын болады. ЭЫДҰ командасы ақпараттар, статистикалық деректер мен қажетті байланыстарды беретін ұлттық үкіметтің басшылығы құрған жергілікті командамен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейді. Бұлардан басқа ЭЫДҰ командасы мемлекеттік органдарды, жеке сектордың, ғылыми ортаның және жеке ғылыми зерттеу институттарының өкілдерін қоса алғанда, әртүрлі әріптестермен кездесу үшін елде екі апталық алдын ала миссия жүргізеді және елдің дамуына әлеуетті кедергілерге қатысты топтардың гипотезаларын талқылайды.
Диагностикалық кезеңнің соңында ЭЫДҰ дамуға негізгі кедергілерді айқындайтын I Баяндаманы ұсынады. Бұл Баяндама диагностиканың өзектілігі мен маңыздылығын айқындау үшін үкіметпен және үкімет бекіткен басқа да органдармен бірлесе отырып талқыланады. Келісілген 2-ден 3-ке дейінгі шектеулер (проблемалар) Шолудың II кезеңіндегі терең талдаудың нысанасына айналады.
II кезең: Терең талдау және саяси ұсынымдар
II кезеңде анықталған екі және үш проблема терең зерделенеді, содан соң әрбір тақырыптық салада бірқатар саяси ұсынымдар әзірленеді. Терең талдау негізінен барлық саясаттың өзара байланысына, келісушіліктерге және өзара іс-қимылға шоғырландырылатын болады.
Бұл процесс белгіленген проблемалы салаларға тартылған министрліктер мен ведомстволарға ұсынылатын толық түрдегі сауалнамадан басталады. Сауалнама терең талдау саласының мамандарынан тұратын көп бейінді команданың басшылығымен елге келген саяси миссия кезіндегі диалог үшін күн тәртібі ретінде қызмет атқарады. Осы миссиялар барысында команда елдің билік органдарымен, сондай-ақ жеке сектор, ғылыми орта және азаматтық қоғам өкілдерімен қарқынды диалог жүргізетін болады. Бұл, сондай-ақ команда үшін проблемалы салаларға қатысты мәселелер бойынша тиісті деректер алуға мүмкіндік береді.
Белгілі бір қолданылатын талдау әдістері мен құралдары тестіленген проблемаларға байланысты таңдалатын болады (мысалы, ЭЫДҰ-да пайдалануға болатын бірқатар талдау құралдары бар). Осы құралдар қарастырылатын ел үшін арнайы жасалуы мүмкін.
II Баяндаманың жобасы саяси миссиялар мен қосымша талдау жұмыстарының қорытындыларына негізделе отырып дайындалады. Баяндаманы бағалау және оның ұсынымдары үкіметпен және басқа да мүдделі тараптармен талқыланады; осы талқылаулардың қорытындылары бойынша Баяндама өзгертіледі және жариялауға беріледі.
III кезең: Стратегияны қалыптастыру және қолдануға арналған нұсқаулық
Қорытынды кезең екінші кезеңде әзірленген, қажетті дәйектілікті немесе саясаттар кешенін бір мезгілде қабылдауды ұсына отырып, дәйекті даму стратегиясына енгізілетін нақты ұсынымдарды қамтиды. Осы кезеңді жүргізу кезінде бүкіл саясаттың өзара толықтырылуы мен өзара іс-қимылы ескеріледі. Бұл кезең іске асыруға ерекше шоғырланатын болады және осы саясаттарды, оның ішінде даму үшін тиісті заңнама мен институционалдық және саяси экономикалық шектеулерді қабылдау үшін қажетті ортаны қарастыратын болады.
Шолулар қысқа мерзімді және орта мерзімді перспективаларда нақты елдермен бірге ЭЫДҰ қатысу үшін жоспар ретінде қызмет етеді. Шолудан кейін ЭЫДҰ нақты салалардағы іс-әрекеттерге бағытталған барынша терең саяси қолдау мен құралдарды ұсыну үшін елмен жұмысты жалғастыра алады. Сондай-ақ, екі-үш жыл ішінде жаңа оқиғалар мен ақпараттар аясында прогресті бағалау мен ұсынымдарды қайта қарау үшін шолуға мониторинг жүргізу ұсынылады.
Сараптамалық бағалау
КЕШ-тер де ЭЫДҰ-ның тексерілген құралдарынан пайда таба алады, онда Шолуда қамтылған нақты салалардағы елдің саясатын басқа елдер – олардың әріптестері тең құқықты негізде қарастыра алады. Елдерді қарастыратын субъект ерікті негізде таңдалуы мүмкін және қарастыру жөніндегі комитет те арнайы болуы мүмкін, ол елдің шолуына қатысты салалар үшін жауап беретін делегаттардан тұрады.
Өңірлік әріптестер
ЭЫДҰ шолу барысында ынтымақтастық жасау үшін өңірлік әріптестермен өзара іс-қимыл жасайтын болады. Шолу елден пайдалы кеңестер және миссия мүшелері мен I – III кезеңнің қатысушылары ретінде әріптестерден өңірлік сабақ алады.
Қазақстан үшін нәтижелер
Мыналар аяқталған Шолуың нәтижелері болып табылады:
I кезең
(6 ай – 2014 жылғы желтоқсаннан 2015 жылғы мамырға дейін)
I баяндама: дамудың негізгі кедергілерін анықтау.
Қазақстанда ресми іске қосу және үкіметпен және басқа органдармен І баяндаманы талқылау.
II кезең
(6 ай – 2015 жылғы маусымнан 2015 жылғы қарашаға дейін)
II баяндама: Қазақстандағы дамуға негізгі шектеулерге жататын бағалар мен ұсынымдар.
Қазақстанда ресми іске қосу және үкіметпен және басқа органдармен ІІ баяндаманы талқылау.
III кезең
(6 ай – 2015 жылғы желтоқсаннан 2016 жылғы мамырға дейін)
Стратегияның дамуына, индикатордың құрылымына және стратегиялық қолдануға біріктірілген процесс.
Кеңейтілген баяндама: ол үш кезеңнің негізгі түрлерінің қысқаша жиынтығын және саяси реформалардың тиісті дәйектілігін, сондай-ақ түпкілікті талдау мен толық қорытындыны орындауды қамтиды.
Процесс
ЭЫДҰ КЕШ қабылдау процесі, Қазақстанның қатысуын қоса алғанда, төменде толық сипатталады.
Жұмысты ұйымдастырудың жалпы идеясын ұсынатын Қазақстан КЕШ үшін көрсеткішті хронограмма төменде берілген. Ол да барлық іске асыру процесі кезінде пысықталуы мүмкін.
Мерзім |
Кезең |
Іс-шаралар |
Елдің қатысуы |
|
2014 жылғы желтоқсан 2015 жылғы мамыр 2015 жылғы маусым 2015 жылғы қараша 2015 жылғы желтоқсан 2016 жылғы мамыр |
I кезең: Негізгі кедергілер диагностикасы. |
Қазақстанда ресми іске қосуды қамтитын 2014 жылғы желтоқсандағы екі апталық миссияны (1-миссия) қоса алғанда, экономика серпінін мұқият зерделеу. |
Қажетті ақпараттар мен деректерді ұсыну. Елдің даму серпінін бағалауға ықпал ету; барынша терең талданатын салаларды келісу. |
|
II кезең: Тереңдетілген талдау және саяси ұсынымдар |
Сала проблемаларына тартылған үкіметтік министрліктер мен агенттіктер үшін толық анкеталық сауалнама шығару. |
Сауалнама толтыру. |
||
III кезең: Стратегияны құру және енгізу |
Саяси ұсынымдарды тиімді жүзеге асыру үшін жоспарды әзірлеу жөніндегі шешуші тараптар қатысатын семинарлар. |
Ұсынылған және келісілген саясаттарды қабылдау үшін қажетті жағдайлар жасауды талқылау. |
Қажетті адами ресурстар
Арнайы өкілдің басшылығымен ЭЫДҰ-ның сыртқы жетекші сарапшыларымен жұмыс жасау үшін елге тиісті сарапшыларды біріктіретін контрагент командасын (жергілікті команданы) ұсынуға сұрау жіберілді. Ұлттық үйлестіру орталығы орталық мемлекеттік органдарда (Президент Әкімшілігінде немесе Премьер-Министрдің Кеңсесінде) немесе тиісті министрліктер мен агенттіктерде (мысалы, Жоспарлау министрлігі немесе агенттігі, Экономика министрлігі …) орналасуы мүмкін. Ұлттық үйлестіру орталығы тиісті ұлттық деректерді табуға қатысатын болады, сондай-ақ бүкіл үш кезеңнің ішінде үкіметтің өкілдерімен байланыс жасап, кездесулер өткізуге ықпал ететін болады. Бұдан басқа, бүкіл шолудың барысында тексеру семинарлары мен басқа да ірі кездесулерді ұйымдастыруда үкімет қолдау көрсететін болады. Елдік миссия кезінде командаға материалдық-техникалық қолдау (офистік орын-жай және басқа да материалдық-техникалық қолдау) көрсету кезінде өңірлік әріптестер де маңызды рөл атқаратын болады.
II қосымша
Евромен ұсынылатын бюджет
Атауы |
Евро |
Персонал бойынша шығыстар |
200,000 |
Сапарлар |
65,000 |
Зияткерлік қызметтер |
50,000 |
Жарияланымдар мен аударымдарға арналған шығыстар |
42,000 |
Жобаға байланысты Даму орталығының басқа да шығыстары |
26,460 |
ЭЫДҰ Гранттарының әкімшілігі |
36,540 |
Шығыстардың жалпы сомасы |
420,000 |
III қосымша ШЫҒЫНДАР ТУРАЛЫ СТАНДАРТТЫ ЕСЕП
ЭЫДҰ
Экономикалық ынтымақтастық
және даму ұйымы
Сіздің сілтеме: Донор және сілтеме: ХХХ
Біздің сілтеме: xxx
Аймақ: ХХХ
Сілтеме: Шығындар саласының сипаттамасы
Жарна сомасы ХХХ евро
Кезеңі: КК/АА/ЖЖ бастап КК/АА/ЖЖ дейін
Шығындардың атауы |
Еуро |
Персонал бойынша шығыстар |
ХХХ |
Сапарлар |
ХХХ |
Зияткерлік қызметтер |
ХХХ |
Жарияланымдар мен аударымдарға арналған шығыстар |
ХХХ |
Жобаға байланысты Даму орталығының басқа да шығыстары |
ХХХ |
ЭЫДҰ Гранттарының әкімшілігі |
ХХХ |
Шығыстардың жалпы сомасы |
ЭЫДҰ ЭЫДҰ
Директор Есеп бөлімінің басшысы
Шығыстар саласы