«2015 - 2017 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» 2014 жылғы 28 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына және «2015 - 2017 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 11 желтоқсандағы № 1300 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған облыстық бюджеттерге Жұмыспен қамту 2020 жол картасы шеңберінде ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесуге кредит берудің 2015 жылға арналған шарттары бекітілсін.
2. Тиісті мәслихаттар 2015 жылға арналған облыстық бюджеттерде тиісті түсімдерді көздейтін шешімдер қабылдағаннан кейін күнтізбелік он күн ішінде облыстардың жергілікті атқарушы органдары мәслихаттардың көрсетілген шешімдерін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігіне берсін.
3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) облыстардың жергілікті атқарушы органдарымен кредиттік шарттар жасасуды;
2) бюджеттік кредиттердің мақсатты пайдаланылуын және республикалық бюджетке уақтылы қайтарылуын бақылауды қамтамасыз етсін.
4. Жергілікті атқарушы органдар тоқсан сайын, есепті кезеңнен кейінгі айдың 10-күнінен кешіктірмей Қазақстан Республикасы Қаржы, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрліктеріне кредиттердің игерілуі туралы ақпарат берсін.
5. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Жұмыспен қамту 2020 жол картасы шеңберінде ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу үшін 2015 жылға бөлінген бюджеттік кредиттердің игерілу мониторингін қамтамасыз етсін.
6. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне жүктелсін.
7. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2015 жылғы 9 сәуірдегі
№ 207 қаулысымен
бекітілген
Облыстық бюджеттерге Жұмыспен қамту 2020 жол картасы шеңберінде ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесуге кредит берудің 2015 жылға арналған шарттары
1. Облыстардың жергілікті атқарушы органдарына (бұдан әрі - қарыз алушылар) кредит беру үшін мынадай негізгі шарттар белгіленеді:
1) «Жұмыспен қамту 2020 жол картасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 наурыздағы № 162 қаулысымен бекітілген Жұмыспен қамту 2020 жол картасы шеңберінде ауылда кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу үшін 2015 жылға «2015 - 2017 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 11 желтоқсандағы № 1300 қаулысында көзделген 10346043000 (он миллиард үш жүз қырық алты миллион қырық үш мың) теңге сомасындағы кредиттер қарыз алушыларға 0,01 %-дық сыйақы мөлшерлемесі бойынша 5 (бес) жыл мерзімге беріледі;
2) кредиттерді игеру кезеңі кредитордың шотынан қаражат аударылған кезден бастап есептеледі және 2016 жылғы 1 сәуірде аяқталады.
Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 22.12.2015 № 1026 қаулысымен.
2. Кредиттерді беру, өтеу және қызмет көрсету жөніндегі қосымша шарттар Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес кредиттік шартта белгіленеді.