Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы «Ұлттық шоттар 2008 жүйесін енгізу (ҰШЖ08)» жобасын іске асыру туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Ерболат Асқарбекұлы Досаевқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы «Ұлттық шоттар 2008 жүйесін енгізу (ҰШЖ08)» жобасын іске асыру туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К.Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2015 жылғы 27 сәуірдегі
№ 340 қаулысымен
мақұлданған
Жоба
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы «Ұлттық шоттар 2008 жүйесін (ҰШЖ08) енгізу» жобасын іске асыру туралы келісім
Осы жерде және бұдан әрі жеке-жеке «Тарап» немесе бірге «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы төмендегілер туралы келісті:
1. Келісімнің нысанасы
1. Осы Келісім шеңберінде Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Статистика және статистикалық саясат комитеті (бұдан әрі - ЭЫДҰ) «Ұлттық шоттар 2008 жүйесін (ҰШЖ08) енгізу» жобасын (бұдан әрі - жоба) іске асырады.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі жоба шеңберінде ЭЫДҰ орындайтын жұмысты қаржыландыруға келіседі.
3. Жобаның ұзақтығы осы Келісімге қол қойылған күнінен бастап 18 айды құрайды.
2. Бюджет және қаржыландыру тетіктері
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі жобаны іске асыруға жұмсалатын шығыстарды өтеуге ЭЫДҰ-ға 43000 (қырық үш мың) евро сомасында жарна ұсынуға міндеттенеді. Бюджетті қолдану бойынша есеп осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын I қосымшада баяндалған.
2. Төлем екі бөлікпен жүргізіледі:
жарнаның 34400 (отыз төрт мың төрт жүз) евро сомасындағы бірінші бөлігі осы Келісімге қол қойылғаннан және ЭЫДҰ-дан тиісті шотты алынғаннан кейін 2015 жылдың соңына дейінгі мерзімде төленеді;
8600 (сегіз мың алты жүз) евро сомасындағы екінші бөлігі ЭЫДҰ-дан тиісті шот алынғаннан кейін 2016 жылғы маусымға дейінгі мерзімде төленеді.
3. ЭЫДҰ қаржы ережелеріне және басқа да тиісті қағидаларға, ЭЫДҰ саясатына және қазіргі уақытта жарнаның жалпы сомасының 6,3 %-ы1 әкімшілік шығындарды өтеудің төлемін көздейтін рәсімдеріне сәйкес осы қаражатқа иелік етеді. Шығыс бухгалтерлік есептіліктің жалпыға бірдей қағидаттарына сәйкес ЭЫДҰ шоттарында көрсетілетін болады және ЭЫДҰ стандартты аудит қағидаларына сәйкес аудит кезінде тексерілуі мүмкін.
3. Жұмыстардың сипаты және есептілік
1. ЭЫДҰ жобаны осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын II қосымшада сипатталғандай жүзеге асырады.
2. Жобаның бірінші жылы аяқталғаннан кейін үш ай ішінде ЭЫДҰ Қазақстан Республикасының Үкіметіне баяндау нысанында жобаны іске асыру барысы туралы есеп береді.
3. Жоба аяқталғаннан кейін алты ай ішінде ЭЫДҰ Қазақстан Республикасының Үкіметіне баяндау нысанында қорытынды есеп береді.
4. Жобаның бірінші жылы аяқталғаннан кейін үш ай ішінде ЭЫДҰ Қазақстан Республикасының Үкіметіне шығыстар туралы жылдық есеп береді.
5. Жоба аяқталғаннан кейін алты ай ішінде ЭЫДҰ Қазақстан Республикасының Үкіметіне шығыстар туралы қорытынды есеп береді.
6. ЭЫДҰ есептілігінің стандартты форматына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі шығындар туралы есепте қаржылық есептілікке қойылатын талаптар сақталатынымен келіседі.
4. Ақпарат алмасу
1. Тараптар бір-біріне жобаны жүзеге асыру үшін қажетті өзара көмек пен ақпарат береді.
2. Тараптар арасындағы кез келген ақпарат мына мекенжайларға жіберіледі:
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін: 010000, Қазақстан Республикасы, Астана, Сол жағалау, Министрліктер үйі, 4-кіреберіс, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті, тел.: +7 (7172) 74-90-16, факс: +7 (7172) 74 93 38, эл.мекенжайы: statistika@stat.kz:
ЭЫДҰ үшін: ЭЫДҰ Статистика жөніндегі директораты, Андрэ-Паскаль к-сі 2, 75116 Париж, Франция, эл.мекенжай: David.Brackfield@oecd.org.
5. Жобаның нәтижелерін қолдану
1. Жобаның кез келген нысандағы нәтижелері тек ЭЫДҰ-ның меншігі болып қалады.
2. Құжаттардың жіктелуіне және жіктеуден шығарылуына қатысты үшінші тараптардың құқықтары, сондай-ақ ЭЫДҰ қағидалары мен саясаты сақталатын болса ЭЫДҰ Қазақстан Республикасының Үкіметіне кез келген мемлекеттік коммерциялық емес мақсаттар үшін жоба бойынша қорытынды есептің қағаз көшірмелерін қолдануға, көшіруге және таратуға айрықша емес, қайтарып алынбайтын құқық береді. Қазақстан Республикасының Үкіметі де жарияланымның толық редакциясын өз веб-сайтында орналастыра және тарата алады.
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі қажет болған жерде ЭЫДҰ-ның авторлық құқығын үнемі тиісті түрде мойындайды.
4. ЭЫДҰ осындай жарияланымның тілі мен нысанына қарамастан, қорытынды есепті алғашқы болып жариялау құқығын өзіне қалдырады.
5. Қорытынды есеп Қазақстан Республикасы Үкіметінің жобаға қосқан үлесін тануды қамтиды және жарияланым мұқабасының артқы бетінде немесе жарияланымның ішінде жоғарыда көрсетілген танумен қатар Қазақстан Республикасы Үкіметінің рәмізі орналастырылады.
6. Жоба барысында ЭЫДҰ-ға ұсынылған Қазақстан Республикасы Үкіметінің меншігі болып табылатын кез келген деректер немесе ақпарат Қазақстан Республикасы Үкіметінің меншігі болып табылады. ЭЫДҰ көрсетілген деректер мен ақпаратты жобаны жүзеге асыру үшін өз есебін дайындау мақсатында қолдануға және/немесе енгізуге құқылы.
6. Дауларды шешу
Осы Келісімді түсіндіруден, қолданудан немесе орындаудан немесе оның болуын, жарамдылығын немесе бұзылуын қоса алғанда, осыларға қатысты туындайтын және келіссөздер жолымен шешу мүмкін емес кез келген дау, келіспеушілік немесе наразылық аралық соттың тұрақты палатасының осы Келісім жасалған күні қолданыстағы мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар үшін төрелік сотының факультативтік қағидаларына сәйкес міндетті күші бар соңғы төрелік талқылауымен шешіледі. Төрешілердің саны - біреу. Төреші Тараптар арасындағы уағдаластық арқылы таңдалады. Егер төрелік талап еткеннен кейін үш айдың ішінде мұндай уағдаластыққа қол жеткізілмесе, төреші Тараптардың бірінің талабы бойынша жоғарыда көрсетілген қағидаларға сәйкес тағайындалады. Төрелік сот Франция, Парижде өтеді, барлық іс жүргізу және ұсынылатын түсініктемелер ағылшын тілінде болуы тиіс.
7. Артықшылықтар мен иммунитеттер
Осы Келісімде ештеңе халықаралық ұйым ретінде ЭЫДҰ иммунитеттері мен артықшылықтарынан бас тарту ретінде түсіндірілмеуі тиіс.
8. Өзгерістер мен толықтырулар
Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша жекелеген хаттамалармен ресімделетін және оның ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
9. Күшіне енуі
1. Осы Келісім қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді. Ол екі Тарап та одан туындайтын барлық міндеттемелерді орындағанға дейін қолданыста болады.
2. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды. Қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі мәтіндерде сәйкессіздік болған жағдайда, ағылшын тіліндегі нұсқасы жалғыз төлнұсқа болып табылады.
Қазақстан Республикасының Экономикалық ынтымақтастық
Үкіметінен және даму ұйымынан
Ерболат Досаев Мартин Дуран
Қазақстан Республикасының Бас статистик және Статистика
Ұлттық экономика министрі директоратының директоры
Қолы:................ Қолы:................
Күні:................ Күні:................
Энтони Дж. Роттьер
Атқарушы директор
Қолы:.....................
Күні:.....................
1-қосымша
Бюджетті пайдалану бойынша есеп
Болжанатын шығыстар |
EUR |
Персоналға жұмсалатын шығыстар |
11,364 |
Бір адамға арналған қайтару төлемі |
1,101 |
Консультанттар |
8,523 |
Миссия шығындары (ЭЫДҰ штаты мен сарапшылар) |
18,750 |
Әртүрлі (мысалы, басып шығару, фотокөшірмелер, жарияланымдар) |
553 |
ЭЫДҰ әкімшілік шығындары |
2,709 |
Толық болжанатын сома |
43,000 |
Ескертпе: Бюджеттің бір жолындағы кез келген артық шығыс толық бюджет шеңберінде қала отырып, бюджеттің басқа жолындағы жетіспеушілікті өтеуі мүмкін.
2-қосымша
«Ұлттық шоттар 2008 жүйесін (ҮШЖ08) енгізу» жобасы
Тақырыптар:
Экономиканың секторлары (кіші сектор) бойынша институционалдың бірліктерді жіктеу;
Жүргізілмеген активтерді бағалау;
FISIM қаржы делдалдығының жанама өлшенетін көрсетілетін қызметтерін есептеудегі ЭЫДҰ-ға мүше елдердің тәжірибесі.
1. Ағымдағы жағдай
2009 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Статистикалық комиссиясы ұлттық шоттарды құруға арналған халықаралық стандарттардың қайта қаралған жиынтығын: 1993 жылғы нұсқаны ауыстыратын Ұлттық шоттар 2008 жүйесін (ҰШЖ) бекітті. 2014 жылғы желтоқсанға ЭЫДҰ-ға мүше елдердің көбі жаңа стандарттарды енгізді.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті (бұдан әрі - СК) осы қайта қарастырылған халықаралық стандарттарды өзінің ұлттық шоттар құрылымына енгізу үшін қарқынды күш салды, оларды одан әрі пысықтауға қажеттілік бар.
2. Қажеттіліктердің сипаты
СК осы ұлттық шоттардың халықаралық салыстырмалы деңгейге сәйкес келуі үшін ҮШЖ08-ді өзінің ұлттық шоттар жүйесіне енгізу бойынша көмекке мұқтаж. Атап айтқанда, СК жаңа халықаралық стандарттарға сәйкестік деңгейіне қол жеткізу үшін талап етілетін жұмыстардың үш саласын айқындады, нақты айтқанда:
белгілі бір секторлардың белгіленген секторларын (кіші сектор) жіктеу;
жүргізілмеген активтерді бағалау;
қаржы делдалдығының жанама өлшенетін көрсетілетін қызметтері.
ЭЫДҰ-ға мүше елдердің басым көпшілігінің ҰШЖ08 статистикасын жинайтынын және тарататынын ескере отырып және ЭЫДҰ-ның өзі жаңа халықаралық стандарттарды қайта қарастыруға тікелей қатысқандығын ескере отырып, ЭЫДҰ ұстанымы СК-ға көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
3. Ұсыныс
СК қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін ЭЫДҰ Қазақстанда 2015 жылғы қыркүйек/қарашада 3-4 күн ұзақтығымен аталған тақырыптарды ЭЫДҰ таныстыруы нысанында шақырылған халықаралық сарапшылармен және СК сарапшыларымен талқыланатын семинар өткізуді ұсынады.
Семинардың барлық аспектілері, мысалы, күн тәртібі мен уақытын белгілеуді қоса алғанда, ЭЫДҰ мен Статистика комитетінің арасында талқыланатын және келісілетін болады. ЭЫДҰ халықаралық сарапшылар мен барлық тиісті материалды ұсынады.
1. Күтілетін нәтиже
Күтілетін нәтиже СК-нің аталған үш тақырып бойынша ағымдағы халықаралық әдіснаманы және бұл халықаралық жаңа әдіснаманың қалай енгізілетінін толық түсінуіне сайып келеді.
СК ұлттық шоттарды қалыптастыруға және оларды аталған тақырыптар бойынша халықаралық деңгейге сәйкес келтіруге арналған талаптарды дұрыс түсінетін болады, сондай-ақ ЭЫДҰ халықаралық сарапшылары ұсынатын барлық ресурстарға ие болады.
РҚАО-ның ескертесі!
Бұдан әрі тақырып ағылшын тілінде.