Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
«Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иран Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы Жолаушылар мен жүктердің халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрi К. Мәсімов
Жоба
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иран Ислам
Республикасының Үкіметі арасындағы Жолаушылар мен жүктердің
халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісімді
ратификациялау туралы
2014 жылғы 9 қыркүйекте Астанада жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иран Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы Жолаушылар мен жүктердің халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісім ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иран Ислам
Республикасының Үкіметі арасындағы Жолаушылар мен жүктердің
халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иран Ислам Республикасының Үкіметі
екі мемлекеттің экономикалық мүдделерінде екі ел арасында автомобиль тасымалдарын дамытуға жәрдемдесуге ниет білдіре отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Қолданылу саласы
Осы Келісімнің мақсаты Тараптар мемлекеттері арасындағы жолаушылардың және/немесе жүктердің халықаралық автомобиль тасымалдарын, сондай-ақ олардың аумақтары арқылы транзиттік тасымалдарды және Тараптар мемлекеттерінің бірінде тіркелген көлік құралдарымен үшінші елдерден/елдерге орындалатын тасымалдарды реттеу болып табылады.
Осы Келісім Тараптардың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын олардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
2-бап
Анықтамалар
Осы Келісімнің мақсатында:
1. «Тасымалдаушы» Тараптардың бірінің мемлекеті аумағында тіркелген, тиісті мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес жолаушылар мен, жүктердің халықаралық автомобиль тасымалдарын жүзеге асыруға жіберілген кез келген жеке немесе заңды тұлғаны білдіреді.
2. «Жүк көлік құралы» Тараптардың бірінің мемлекеті аумағында тіркелген және тек қана жүктерді автомобильмен тасымалдау үшін жабдықталған кез келген автомобиль көлік құралын немесе көлік құралдарының жиынтығын білдіреді.
3. «Жолаушылар көлік құралы» Тараптардың бірінің мемлекеті аумағында тіркелген, өзінің конструкциясы мен дизайны бойынша жүргізушінің орнын қоса алғанда, тоғыздан астам отыратын орын бар және жолаушылар тасымалдауға арналған кез келген механикалық көлік құралын білдіреді.
4. «Тұрақты жолаушы тасымалы» - белгілі бір маршрут пен кесте бойынша жолаушыларды тасымалдауды қамтамасыз ететін, алдын ала белгіленген аялдама пункттерінде жолаушыларды түсіру және отырғызу жүзеге асырылатын кез келген қызметті білдіреді.
5. «Рұқсат» Тараптардың құзыретті органдары беретін, көлік құралдарына тараптар мемлекеттерінің аумақтары арқылы екіжақты, транзиттік тасымалдарды, сондай-ақ үшінші елдерге/елдерден тасымалдарды орындауға құқық беретін құжатты білдіреді.
6. «Құзыретті орган»:
a) Қазақстан Республикасы үшін - Инвестициялар және даму министрлігі;
b) Иран Ислам Республикасы үшін - Жол және қалалық даму министрлігін білдіреді.
Құзыретті органдардың ресми атаулары және/немесе функциялары өзгерген жағдайда Тараптар дипломатиялық арналар арқылы уақтылы хабардар етілетін болады.
3-бап
Тұрақты жолаушы тасымалдары
1. Жолаушыларды тұрақты тасымалдау рұқсаттар негізінде жүзеге асырылады.
2. Жолаушыларды тұрақты транзиттік тасымалдауға рұқсаттар талап етілмейді.
3. Тұрақты жолаушы тасымалдауға арналған рұқсаттар тасымалдаушы өзінің тіркеу елінің құзыретті органына ұлттық заңнамаға сәйкес құжаттарды, сондай-ақ мынадай құжаттарды:
а) тұрақты маршрут схемасын;
b) бастапқы және соңғы пункттері, шекараны кесіп өту пункттері, сапарлардың мақсаты мен саны көрсетіле отырып, тұрақты маршруттың кестесін қоса бере отырып жіберетін өтінімдер негізінде беріледі.
4. Өтінім қанағаттандырылған жағдайда, Тараптардың бірінің құзыретті органы өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес қажетті құжаттарды екінші Тараптың құзыретті органына жолдайды.
4-бап
Тұрақты емес жолаушы тасымалдары
1. Сол бір жолаушылар тобы сол бір көлік құралымен тасымалданғанда рұқсаттар тұрақты емес жолаушы тасымалдары үшін талап етілмейді.
Рұқсаттар сондай-ақ:
a) көлік құралының тіркеу мемлекетінің аумағында басталатын және көлік құралы тіркеу еліне бос қайту жағдайында екінші Тарап мемлекетінің аумағында аяқталатын сапар үшін;
b) ақаулы жолаушы көлік құралын ауыстыру кезінде талап етілмейді.
2. Тұрақты емес жолаушы тасымалдары бақылау құжаты (жолаушылар тізімі) болған кезде жүзеге асырылуға тиіс.
3. Тұрақты емес жолаушы тасымалдары процесінде қосымша жолаушылар (бақылау құжатында көрсетілген жолаушылардан басқа) отырғызуға тыйым салынады.
5-бап
Жүк тасымалдары
1. Екі Тараптың мемлекеттері арасындағы жүктердің халықаралық автомобиль немесе олардың аумақтары арқылы транзитпен немесе үшінші елдерден/елдерге тасымалдары рұқсаттар негізінде жүзеге асырылады.
2. Әрбір рұқсат бір жүк көлік құралы үшін, сондай-ақ баруға және кері қайтуға бір жол жүру үшін жарамды болады.
3. Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары жыл сайын жүктерді тасымалдауға арналған өзара келісілген рұқсаттар санымен алмасады және рұқсаттардың қолданылу мерзімін белгілейді.
6-бап
Ішкі тасымалдарға тыйым салу
Осы Келісімнің ережелері Тараптардың бірінің мемлекетінің тасымалдаушыларына екінші Тарап мемлекетінің аумағы шегіндегі пункттер арасында жолаушы немесе жүк тасымалдарын жүзеге асыруға тыйым салады.
7-бап
Массалар мен габариттер
1. Тараптар екінші Тарап мемлекетінің аумағында тіркелген көлік құралдарының массалары мен габариттеріне қатысты олардың өз аумағы шегінде тіркелген көлік құралдарына қойылатыннан мейлінше қатаң талаптар қолданбауға міндеттенеді.
2. Тараптардың бірінің мемлекеті көлік құралдарының жүргізушілері екінші Тараптың аумағына кірген кезде көлік құралдарының массалары мен габариттеріне қатысты екінші Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасын сақтауға міндетті.
3. Егер Тараптардың бірінің мемлекетінде тіркелген көлік құралының массасы немесе габариті екінші Тарап мемлекетінің барынша рұқсат етілген массасынан немесе габаритінен артатын болса, арнайы рұқсат қажет. Тасымалдаушы басқа Тарап мемлекетінің құзыретті органынан оның аумағына кіргенге дейін тиісті арнайы рұқсат алуға тиіс.
8-бап
Салықтар мен алымдар
Осы Келісімге сәйкес Тараптардың бірінің мемлекетінің тасымалдаушылары екінші Тарап мемлекетінің аумағы арқылы жүзеге асыратын жолаушыларды және жүктерді тасымалдау, сондай-ақ осы тасымалдауды орындайтын көлік құралдары ақылы жолдар, көпірлер және тоннельдер үшін алынатын алымдарды қоспағанда, көлік құралдарын иеленуге байланысты салықтардан, алымдардан және басқа да төлемдерден босатылады.
Кедендік баждардан және салықтардан мыналар босатылады:
a) көлік құралын жөндеу үшін әкелінген қосалқы бөлшектер. Ауыстырылған бөлшектер құзыретті органдарға тапсырылуға немесе осы елде жойылуға тиіс. Пайдаланылмаған қосалқы бөлшектер әкелінген елден әкетілуге тиіс.
b) тасымалдау кезінде көлік құралының көзделген сыйымдылығындағы және қозғалтқыштың қоректену жүйесімен технологиялық жағынан байланысты жанармай;
c) көлік құралын пайдалану үшін көзделген жағармай материалдары;
d) екінші Тарап мемлекетінің аумағына көлік құралдарын уақытша әкелу.
9-бап
Ұлттық заңнаманы қолдану
Көлік құралдарының тасымалдаушылары, жүргізушілері және экипаждары екінші Тарап мемлекетінің аумағында болғанда осы мемлекеттің ұлттық заңнамасын сақтауға тиіс.
10-бап
Бұзушылықтар
Екінші Тарап мемлекетінің аумағында болған уақытта көлік құралдары жүргізушісінің немесе экипажының осы Келісімнің ережелерін кез келген бұзушылығы үшін осы Тарап өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес шаралар қолданады және екінші Тарапты хабардар етеді.
11-бап
Бірлескен комиссия
Тараптардың құзыретті органдары арасында тікелей шешу мүмкін болмайтын, осы Келісімді қолдануға байланысты проблемалар мен мәселерді шешу үшін Бірлескен комиссия құрылады. Бірлескен комиссия құзыретті органдардың өтініші бойынша Тараптардың бірінің мемлекеті аумағында кезектесіп жиналады және оның құрамына екі Тараптың басқа құзыретті органдарының өкілдері енгізілуі мүмкін.
Бірлескен комиссия осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсынуы мүмкін.
12-бап
Өзгерістер мен толықтырулар
Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын, жеке хаттамалармен рәсімделетін және осы Келісімнің 13-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
13-бап
Күшіне енуі және қолданылу мерзімі
1. Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажет тиісті мемлекетішілік рәсімдерді орындау туралы соңғы жазбаша хабарламасы дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап 30 (отыз) күн өткен соң күшіне енеді.
2. Осы Келісім белгіленбеген кезеңге жасалады және Тараптардың бірі басқа Тараптың оның қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап 6 (алты) ай өткенге дейін күшінде қалатын болады.
2014 жылғы 9 қыркүйекте, бұл 1393 жылғы 18 шахриварға сәйкес келеді, Астана қаласында қазақ, парсы, ағылшын және орыс тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды, бұл ретте барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Келісімді түсіндіруде немесе қолдануда алшақтықтар туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
РҚАО-ның ескертпесі!
Бұдан әрі Келісімнің ағылшын тіліндегі мәтіні берілген.