Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Әбілфайызұлы Ыдырысовқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К.Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2015 жылғы 29 тамыздағы
№ 688 қаулысымен
мақұлданған
Жоба
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық туралы келісім
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі (бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын) екі мемлекет арасындағы достық байланыстар мен мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту мақсатында төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Тараптар теңдік және өзара тиімділік қағидаттарына сәйкес екі мемлекеттің мәдениет, білім беру, теле-, радиохабарын тарату, теледидар және кинематография, баспасөз, баспа ісі, спорт, туризм, мұрағат ісі, мәдени мұра, қоғамдық ғылым, жастар саясаты салаларында тәжірибе алмасу мен ынтымақтастықты көтермелеуге және қолдауға келісті.
2-бап
Тараптар мынадай салаларда тәжірибе алмасу мен ынтымақтастықты көтермелеуге келісті:
1) мәдениет және өнер, материалдық емес мәдени мұраны қорғау, шығармашылық ұжымдардың өзара сапарлары мен олардың өнер көрсетуіне жәрдемдесу;
2) мәдениет және өнер көрмелерімен алмасу;
3) өнер қайраткерлері топтарымен, жазушылармен алмасу;
4) материалдық емес мәдени мұраны қорғау саласында ақпарат алмасу және ынтымақтастық;
5) мұрағат ісі саласында тәжірибе алмасу және ынтымақтастық;
6) археологиялық зерттеулер, мұражай ісі және ескерткіштерді қорғау, Ұлы Жібек жолын Әлемдік мәдени мұра объектісі ретінде тануды бірлесіп жылжыту саласында тәжірибе алмасу мен ынтымақтастық;
7) әдебиет, өнер саласында деректер мен ақпарат алмасу;
8) осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген өзге де салаларда.
3-бап
Тараптар екі мемлекеттің теле және радиохабарын тарату уәкілетті органдары арасында радиохабар, кинематография және теледидар хабары саласындағы алмасу мен ынтымақтастықты, сондай-ақ кадрлар даярлау мен Тараптар мемлекеттері аумағында ұйымдастырылатын халықаралық кинофестивальдарға өзара қатысуды көтермелеуге келісті.
4-бап
Тараптар екі мемлекеттің баспасөз және баспа ісі салаларында баспа құрылымдары мен бұқаралық ақпарат құралдары арасында жұмыс байланыстарын орнатуды көтермелеуде, екінші тарап мемлекетінің аумағында ұйымдастырылатын халықаралық кітап көрмелеріне бір мемлекеттің баспа құрылымдарының белсенді қатысуын көтермелеуде тәжірибе алмасуға және ынтымақтастықты нығайтуға келісті.
Өнер туындылары мен басқа да әдебиетті өзара аударуды және өз мемлекеттерінің тілдерінде басып шығаруды көтермелеу.
5-бап
Тараптар екі мемлекеттің дене шынықтыру және спорт саласында тәжірибе алмасу мен ынтымақтастықты нығайтуға келісті. Ынтымақтастықтың нақты мәселелері екі мемлекеттің дене шынықтыру және спорт саласында уәкілетті органдарымен келісілетін болады.
6-бап
Тараптар қоғамдық ғылымдар саласында тәжірибе алмасуды және ынтымақтастықты нығайтуға, мамандар мен ғалымдар алмасуды қоса алғанда, екі елдің тиісті ғылыми-зерттеу институттарының байланыс тетігін құруды қолдауға, ғылыми семинарлар және зерттеулерді бірлесіп ұйымдастыруды жүзеге асыруға келісті.
7-бап
Тараптар туризм саласында алмасу мен ынтымақтастықты Қазақстан және Қытай туристік орталары арасында әріптестік байланыстарды орнату және дамыту мақсатында туризм саласында тәжірибе алмасуды және ынтымақтастықты жүзеге асыруға келісті.
8-бап
Тараптар жастар саясаты саласында алмасуды және ынтымақтастықты қолдайды және көтермелейді.
9-бап
Тараптардың осы келісімді жүзеге асыру жөніндегі құзыретті органдары:
Қазақстан тарапынан – Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі;
Қытай тарапынан – Қытай Халық Республикасы Мәдениет министрлігі болып табылады.
Тараптар мемлекеттері құзыретті органдарының ресми атауы немесе функциялары өзгерген жағдайда, Тараптар бұл туралы шұғыл түрде дипломатиялық арналар арқылы бір-біріне хабарлайды.
10-бап
Осы Келісімді іске асыруға байланысты шығыстарды Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында көзделген қаражат шектерінде дербес көтереді.
11-бап
Осы Келісімге Тараптардың келісімі бойынша оның ажырамас бөлігі болып табылатын жеке хаттамалармен ресімделетін және осы Келісімнің 13-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
12-бап
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдану кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар оларды келіссөздер немесе консультациялар арқылы шешеді.
13-бап
Осы Келісім қол қойылған күннен бастап күшіне енеді және бес жыл мерзімге жасалады. Егер Тараптардың ешқайсысы кезекті кезең аяқталғанға дейін кемінде алты ай бұрын дипломатиялық арналар арқылы екінші Тарапқа оның әрекетін тоқтатуға өзінің ниеті туралы жазбаша хабарлама жібермесе, Келісімнің қолданылуының осы мерзімі аяқталған соң, автоматты түрде алдағы бес жыл кезеңге ұзартылады.
____ жылғы «____» __________ ____________ қ. әрқайсысы қазақ, қытай және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін