Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы Еуразиялық бәсекеге қабілеттілік бағдарламасын қаржыландыру туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Ерболат Асқарбекұлы Досаевқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы Еуразиялық бәсекеге қабілеттілік бағдарламасын қаржыландыру туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К.Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2015 жылғы 13 қарашадағы
№ 910 қаулысымен
мақұлданған
Жоба
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы Еуразиялық бәсекеге қабілеттілік бағдарламасын қаржыландыру туралы келісім
Бұдан әрі бірлесіп тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі (бұдан әрі – Үкімет) мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (бұдан әрі – ЭЫДҰ) төмендегілер туралы келісті:
1-бап. Келісімнің нысанасы
Үкімет ЭЫДҰ Еуразиялық бәсекеге қабілеттілік бағдарламасы (бұдан әрі – ЕББ) бойынша бағдарламасының 2015 – 2016 жылдарға арналған Жұмыстар бағдарламасына және бюджетіне сәйкес 2 000 000 (екі миллион) евро сомасына ЕББ-ның Жаһандық байланыстар хатшылығының қызметін қаржыландыруға келіседі. ЕББ қызметі Еуразия елдерін ЭЫДҰ саясатының стандарттарына және басқа құралдарына қосылуын көтермелеу, бәсекеге қабілеттілік жолындағы саяси кедергілерді анықтау және бәсекеге қабілеттілікті арттыруға бағытталған саясатты әзірлеу мен іске асыру саласындағы әлеуетті ұлғайтуды қолдау арқылы Еуразия өңірінде бәсекеге қабілеттілікті арттыру саясатын әзірлеуді және іске асыруды қолдауға негізделеді.
2-бап. Бюджет және қаржыландыру тетіктері
1. Қаржыландыру екі кезеңде жүзеге асырылады:
1) 1 000 000 (бір миллион) евро мөлшеріндегі бірінші жарна осы Келісімге қол қойылғаннан кейін және ЭЫДҰ-дан тиісті шот алынғаннан кейін төленеді;
2) 1 000 000 (бір миллион) евро мөлшеріндегі екінші жарна ЭЫДҰ-дан тиісті шот алынғаннан кейін 2016 жылғы 30 сәуірден кешіктірілмей төленеді.
2. ЭЫДҰ-ның қаржылық регламентіне және басқа да тиісті нормаларына, саясаты мен қазіргі уақытта жалпы жарна сомасының 5,3 %-ы мөлшеріндегі әкімшілік шығындарды өтеу есебіне алымды көздейтін рәсімдеріне сәйкес ЭЫДҰ Жарнаны иеленеді. Аталған шығындар ЭЫДҰ-ның қаржылық есептілігіне енгізілетін болады, бұл жалпыға бірдей қабылданған бухгалтерлік есеп қағидаттарына сәйкес келеді.
3-бап. Жұмыстар мен есептіліктің сипаттамасы
Үкімет қаржылық есептілік талаптары ЭЫДҰ-да қабылданған стандартты есептілік нысанына сәйкес құрылатын шығыстар туралы жыл сайынғы есептерді ұсыну арқылы сақталатынын мойындайды.
4-бап. Жобаның нәтижелерін пайдалану
1. ЕББ іске асыру жұмысының кез келген нысандағы нәтижелері ЭЫДҰ-ның ерекше меншігінде қалады.
2. Құжаттарды сыныптауға және сыныптаудан шығаруға қатысты үшінші тараптардың құқықтары, сондай-ақ ЭЫДҰ қағидалары мен саясаты сақталған кезде, егер қолданылатын болса ЭЫДҰ Қазақстан Республикасының Үкіметіне кез келген мемлекеттік коммерциялық емес мақсаттар үшін ЕББ жарияланымдарының қағаз көшірмелерін пайдалануға, көшіруге және таратуға құқық береді.
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі барлық қажетті жағдайларда ЭЫДҰ-ның авторлық құқығын әрқашан тиісті түрде мойындауға тиіс.
4. ЭЫДҰ осындай жарияланымның тілі мен нысанына қарамастан, түпкілікті басылымды бірінші болып жариялау құқығын өзіне қалдырады.
5. ЕББ жұмыстарын іске асыру барысында ЭЫДҰ-ға ұсынылған Қазақстан Республикасы Үкіметінің меншігі болып табылатын кез келген деректер немесе ақпарат Қазақстан Республикасы Үкіметінің меншігі болып қалады. ЭЫДҰ-ның көрсетілген деректер мен ақпаратты ЕББ бойынша есептер дайындау және ЕББ іске асыру жұмыстарын неғұрлым кеңінен жүзеге асыру мақсатында пайдалану және/немесе енгізу құқығы бар.
5-бап. Дауларды шешу
Осы Келісімді түсіндіру, қолдану немесе орындау негізінде немесе соған байланысты, оның ішінде келіссөздер арқылы реттелмейтін оның жұмыс істеуіне, заңдылығына немесе бұзылуына қатысты туындайтын кез келген даулар, келіспеушіліктер немесе қарсылықтар осы Келісім күшіне енген күні қызмет ететін халықаралық ұйымдар мен мемлекеттердің қатысуымен дауларды төрелікте талқылау бойынша Аралық соттың тұрақты палатасының Факультативтік қағидаларына сәйкес төрелік сотқа қарауға және түпкілікті шешім шығаруға беруге жатады. Төрелік соттың құрамына бір төреші кіруге тиіс. Төреші Тараптардың келісімі бойынша таңдалады немесе төрелікте талқылау туралы өтініш берілгеннен кейін үш ай ішінде келісімге қол жеткізу мүмкін болмаған жағдайда кез келген Тараптың сұрау салуы бойынша жоғарыда көрсетілген қағидаларға сәйкес тағайындалады. Төрелік орны Франция, Париж қаласы болып табылады; төрелікте іс қарау ағылшын тілінде жүргізілуге тиіс және тараптар ұсынатын барлық құжаттар ағылшын тілінде жасалады.
6-бап. Өзгерістер мен толықтырулар
Осы Келісімге Үкімет пен ЭЫДҰ өзара келісуі бойынша осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын және жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
7-бап. Күшіне енуі
1. Осы Келісім екі Тараптың соңғысы қол қойған күннен бастап күшіне енеді.
2. Әрқайсысы қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды. Қазақша, ағылшынша және орысша мәтін арасында алшақтықтар болған жағдайда, ағылшын тіліндегі нұсқасы жалғыз төлнұсқа болып табылады.
Қазақстан Республикасының Экономикалық ынтымақтастық
Үкіметі үшін және даму ұйымы үшін
___________________________ __________________________
Ерболат Асқарбекұлы Досаев Маркос Бонтури
Қазақстан Республикасының Сыртқы байланыстар директоры
Ұлттық экономика министрі
Энтони Роттиер
Атқарушы директор