Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
«1970 жылғы 18 наурыздағы Азаматтық немесе сауда істері бойынша шетелден дәлелдемелерді алу туралы конвенция бойынша Қазақстан Республикасынан орталық және құзыретті органдарды айқындау туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
1970 жылғы 18 наурыздағы Азаматтық немесе сауда істері бойынша
шетелде дәлелдемелерді алу туралы конвенция бойынша Қазақстан
Республикасынан орталық және құзыретті органдарды айқындау туралы
1970 жылғы 18 наурызда Гаагада жасалған Азаматтық немесе сауда істері бойынша шетелде дәлелдемелерді алу туралы конвенцияға (бұдан әрі - Конвенция) сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қазақстан Республикасынан:
Конвенцияның 2-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аппараты) орталық орган ретінде;
Конвенцияның 15, 16 және 17-баптарына сәйкес дәлелдемелерді мәжбүрлеусіз алуға рұқсат беруді ұйымдастыруға, Конвенцияның 18-бабына сәйкес дәлелдемелерді мәжбүрлеу тәртібімен алуға жәрдемдесуге уәкілетті Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аппараты) құзыретті орган ретінде айқындалсын.
2. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Нидерланд Корольдігінің Сыртқы істер министрлігін қабылданған шешім туралы хабардар етсін.
3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н.Назарбаев