1999 жылғы 18 қарашадағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы "Байқоңыр" ғарыш айлағынан ғарыш аппараттарын ұшырудың және зымырандарды сынақтық ұшырудың жоспарлары бойынша қорытындыны (келісуді) ұсыну және алу тәртібі туралы келісімге сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған "Байқоңыр" ғарыш айлағынан ғарыш аппараттарын ұшырудың және зымырандарды сынақтық ұшырудың 2017 жылға арналған жоспарлары бойынша қорытынды (бұдан әрі - қорытынды) бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі 2016 жылғы 30 желтоқсанға дейін қорытындыны дипломатиялық арналар арқылы Ресей Тарапына жіберсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Б.Сағынтаев |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 27 желтоқсандағы № 856 қаулысымен бекітілген |
"Байқоңыр" ғарыш айлағынан ғарыш аппараттарын ұшырудың және зымырандарды сынақтық ұшырудың 2017 жылға арналған жоспарлары бойынша қорытынды
1999 жылғы 18 қарашадағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы "Байқоңыр" ғарыш айлағынан ғарыш аппараттарын ұшырудың және зымырандарды сынақтық ұшырудың жоспарлары бойынша қорытындыны (келісуді) ұсыну және алу тәртібі туралы келісімнің 4-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі Ресей Тарапы ұсынған (Ресей Федерациясы СІМ 2016 жылғы 22 қарашадағы шығ. № 21750/3дснг):
1) 2016 - 2025 жылдарға арналған Ресейдің Федералдық ғарыштық бағдарламасы, "2012 - 2020 жылдарға арналған ГJIOHACC жүйесін ұстау, дамыту және пайдалану" федералдық нысаналы бағдарламасы, халықаралық ынтымақтастық бағдарламалары мен коммерциялық жобалары шеңберінде "Байқоңыр" ғарыш айлағынан ғарыш аппараттарын ұшырудың 2017 жылға арналған жоспарымен;
2) "Байқоңыр" ғарыш айлағынан әскери мақсаттағы ғарыш аппараттарын ұшырудың 2017 жылға арналған жоспарымен келіседі.