Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Қорғас өзенінде "Шүкірбұлақ (Алмалы)" бірлескен сел ұстайтын бөгетін салудағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрiнің орынбасары Юрий Викторович Ильинге Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Қорғас өзенінде "Шүкірбұлақ (Алмалы)" бірлескен сел ұстайтын бөгетін салудағы ынтымақтастық туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының | |
Премьер-Министрі | Б. Сағынтаев |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 7 маусымдағы № 345 қаулысымен мақұлданған |
|
Жоба |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Қорғас өзенінде "Шүкірбұлақ (Алмалы)" бірлескен сел ұстайтын бөгетін салудағы ынтымақтастық туралы келісім
(2017 жылғы 8 маусымнан уақытша қолданылады - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2017 ж., № 5, 61-құжат)
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі,
мемлекеттер арасындағы достық және тату көршілік қарым-қатынастарды одан әрі дамыту және нығайту мақсатында,
2001 жылғы 12 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметінің арасындағы трансшекаралық өзендерді пайдалану және қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді негізге ала отырып,
Тараптардың трансшекаралық өзендер саласындағы ұзақ достық ынтымақтастығын ескере отырып,
Қорғас өзенінде "Шүкірбұлақ (Алмалы)" бірлескен сел ұстайтын бөгетін (бұдан әрі – сел ұстайтын бөгет) салудың әлеуметтік және экономикалық құндылығын мойындай отырып,
Қорғас өзені бассейнінің сағасында екі ел халқының өмірі мен мүлкінің қауіпсіздігі үшін сел ұстайтын бөгет салуға аса мән бере отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1. Тараптар сел ұстайтын бөгетті бірлесіп салуды жүзеге асырады. Сел ұстайтын бөгет Қорғас өзеніндегі "Достық" Қазақстан-Қытай бірлескен ортақ су торабынан ағыс бойынша 5 километр жоғары орналасқан.
2. Сел ұстайтын бөгеттің осі: Қазақстан тарапында № 5 (Х=123489,237; Y=48851,682; Z=1376,641) және № 6 (Х=123477,531; Y=48831,922; Z=1392,781) қада белгілермен бекітілген, Қытай тарапында Z01 (Х=123785,972; Y=49352,569; Z=1351,2) және Z02 (Х=123684,034; Y=49180,498; Z=1301,83) қада белгілермен бекітілген.
3. Сел ұстайтын бөгеттің орта темір-бетон бөлігінің бойлық осі бірлескен бөгеттің түйісу сызығы болып табылады.
4. Сел ұстайтын бөгет тең үлеске ие болатын Тараптар мемлекеттерінің ортақ меншігі болып табылады.
5. Сел ұстайтын бөгетті басқару және пайдалану мәселелері Тараптардың арасында жасалатын жекелеген халықаралық шартпен реттеледі.
1. Сел ұстайтын бөгетті бірлесіп салу жобасы:
1) бөгеттің орта темір-бетон бөлігін (қажетті металл конструкцияларын қоса алғанда);
2) бөгеттің жер бөлігін;
3) бөгеттің бақылау-өлшеу жүйесін;
4) құрылыс кезеңінде суды ағызу үшін уақытша өткелді және су бұру арнасын;
5) әрбір жақтан 200 метрден, бөгеттен төмен жағалауды нығайту құрылыстарын (бөгендерді) салуды қамтиды.
2. Сел ұстайтын бөгеттің құрамына кірмейтін қызмет көрсетуші объектілер (әрбір Тарап мемлекеттерінің аумағындағы әкімшілік ғимараттар, электрмен жабдықтау және коммуникация) құрылысын әрбір Тарап дербес жүзеге асырады.
Сел ұстайтын бөгеттің құрылысын қаржыландыруды Тараптар сел ұстайтын бөгеттің жалпы құнының 50 %-ынан бірлесіп жүзеге асырады.
Сел ұстайтын бөгетті салу кезінде Тараптар мынадай қағидаттарды басшылыққа алады:
1) сел ұстайтын бөгеттің құрылысы өзен арнасының қалпын және мемлекеттік шекара сызығының өтуін өзгертпеуге, жағалаулардың бұзылуын тудырмауға және Тараптар мемлекеттерінің қоршаған ортасының жай-күйіне теріс әсерін тигізбеуге тиіс;
2) сел ұстайтын бөгет құрылысы Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамалары мен техникалық стандарттарына, Тараптардың құзыретті органдары бекітетін жобалау-сметалық құжаттамаға қатаң сәйкестікте жүзеге асырылады.
1. Осы Келісімді іске асыру жөніндегі уәкілетті органдар:
Қазақстан тарапынан – Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитеті;
Қытай тарапынан – Қытай Халық Республикасының Шыңжан өндірістік-құрылыс корпусы болып табылады.
2. Уәкілетті органның атауы немесе функциялары өзгерген жағдайда, Тараптардың әрқайсысы бұл туралы екінші Тарапты дипломатиялық арналар арқылы дереу хабардар етеді.
1. Сел ұстайтын бөгетті салу бойынша жұмысты үйлестіру мақсатында Бірлескен сел ұстайтын бөгетті салу жөніндегі Қазақстан-Қытай комитеті (бұдан әрі – Комитет) құрылады.
2. Комитет Қазақстан және Қытай бөліктерінен тұрады, олардың әрқайсысына әрбір Тарап мемлекеттерінің уәкілетті органдары мен мүдделі мемлекеттік органдарының, сондай-ақ ұйымдарының өкілдері кіреді.
3. Әрбір Тарап Комитеттегі өз бөлігінің төрағасы мен төрағаның орынбасарларын тағайындайды.
4. Комитет туралы ережені Комитеттің екі бөлігінің төрағалары бекітеді.
5. Комитеттің міндеттеріне әрбір Тарап мемлекетінің аумағындағы инженерлік-құрылыс жұмыстарын үйлестіру және құрылысқа байланысты Тараптардың бірлескен шешімін талап ететін ұйымдастырушылық және басқа да мәселелерді шешу кіреді.
6. Комитет өз отырыстарын әрбір Тарап мемлекетінің аумағында кезекпен өткізеді. Кез келген Тараптың бастамасы бойынша Комитеттің кезектен тыс отырыстары өткізілуі мүмкін.
1. Сел ұстайтын бөгетті тиімді салу мақсатында:
1) сел ұстайтын бөгеттің жұмыс сызбаларын жасауды және оны салуды Тараптар бірлесіп айқындайтын жобалау және құрылыс ұйымдары жүзеге асырады;
2) Тараптардың уәкілетті органдары құрылыс және жобалау ұйымдарымен құрылыс және жобалау туралы бірлескен азаматтық-құқықтық шарттар жасасады.
2. Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес жобалау және құрылыс ұйымдарының тиісті біліктілігі және/немесе лицензиясы болуға тиіс.
Сел ұстайтын бөгет құрылысын қабылдау Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамалары мен техникалық стандарттарына, сондай-ақ құзыретті органдар бекіткен жобалау құжаттамасына сәйкес жүзеге асырылады. Аралық және түпкілікті қабылдау тәртібін Комитет айқындайды.
1. Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары сел ұстайтын бөгетті салудың белгіленген ауданында құрылысқа қажетті персоналдың, көлік құралдарының, жабдықтардың, шикізат пен материалдардың Мемлекеттік шекараны жеңілдетілген түрде кесіп өтуіне қолайлы жағдайлар жасайды, сондай-ақ 2006 жылғы 20 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан-Қытай Мемлекеттік шекарасының режимі туралы келісімге және басқа да екіжақты халықаралық шарттарға, сондай-ақ әрбір Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес өндірістік қызметке және оның іргелес аудандары шегінде бақылауды жүзеге асырады.
Осы бапта құзыретті органдар – құзыретіне осы Келісімге сәйкес мәселелерді шешу кіретін, Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында айқындалған органдар.
2. Сел ұстайтын бөгетті салу үшін Тараптар мемлекеттері бөлген жер учаскелері Тараптар бекіткен жобалау құжаттамасына сәйкес тек қана құрылыс, сондай-ақ Мемлекеттік шекара режимін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды жүргізу мақсатында пайдаланылады.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және/немесе қолдануға қатысты барлық келіспеушіліктер келіссөздер және консультациялар жүргізу арқылы шешіледі.
Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөліктері болып табылатын және жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
1. Осы Келісім сел ұстайтын бөгетті салу кезеңіне жасалады.
2. Осы Келісім Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларына қайшы келмейтін бөлігінде оған қол қойылған күннен бастап уақытша қолданылады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.
201 __ жылғы "____" _________ _________ қаласында әрқайсысы қазақ, қытай және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
Қазақстан Республикасының | Қытай Халық Республикасының |
Үкіметі үшін | Үкіметі үшін |