Ескерту. Күші жойылды – ҚР Үкіметінің 21.06.2023 № 492 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Үкіметтік борыштың және жергілікті атқарушы орган борышының лимитін, мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін беру лимиттерін айқындау ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 15 маусымдағы № 906 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Үкіметтік борыштың және жергілікті атқарушы орган борышының лимитін, мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін беру лимиттерін айқындау ережесінде:
7 және 8-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"7. Республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарының қарыз алуы Қазақстан Республикасының Үкіметінен қарыз алу және республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарының республикалық маңызы бар қала, астана бюджетінің тапшылығын қаржыландыру мақсатында ішкі нарықтағы айналым үшін мемлекеттік бағалы қағаздар шығаруы түрінде, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарының мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларды іске асыру шеңберінде тұрғын үй құрылысын қаржыландыруға ішкі нарықтағы айналым үшін мемлекеттiк бағалы қағаздар шығаруы түрінде жүзеге асырылған жағдайларда:
1) борыш лимиті жоспарланатын жылдың алдындағы жылдың 15 тамызына дейінгі мерзімде бюджетті атқару және сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы ұсынған жоспарланатын қаржы жылында қарыз алу және өз борыштарына дербес қызмет көрсету және оларды өтеу мүмкіндігінің есептемелері ескеріле отырып қалыптастырылады;
2) лимитті есептеу жалпы сипаттағы трансферттерді есептеу кезінде есепке алынған жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерінің, оның ішінде мемлекеттік концессиялық міндеттемелерінің лимитін шегергенде, түзету коэффициенттерін ескере отырып облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының жоспарланатын үш жылдық кезеңге арналған бюджеттік даму бағдарламаларының жиынтық болжамына және күрделі шығыстарына негізделе отырып жүзеге асырылады.
8. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша осы Ережеге 2-қосымшаға сәйкес формулалар бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары борышының жоспарланатын қаржы жылына арналған лимитін жоспарланатын жылдың алдындағы жылдың 15 қыркүйегіне дейінгі мерзімде белгілейді.";
көрсетілген Ережеге 2-қосымшада:
1 және 2-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары борышының жоспарланатын кезеңге арналған лимиті мынадай формулаға сәйкес айқындалады:
Lslg = Dlg + BdefLg + Ss - Plg, мұнда
Dlg – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының жоспарланатын қаржы жылының басындағы борышы;
BdefLg – бюджет заңнамасына сәйкес жоспарланатын қаржы жылында белгілі бір мақсаттарды іске асыру үшін республикалық бюджеттен берілетін қарыздар;
Ss – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының жоспарланатын қаржы жылында шығаруы болжанатын мемлекеттік бағалы қағаздарының көлемі;
Plg – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының жоспарланатын қаржы жылында борышты өтеуге жұмсалатын қаражатының көлемі.
2. Айқындалатын лимит мынадай талапқа сәйкес болуы тиіс:
Lslg < MaxL*k – Lmocolgov, мұнда
Lslg – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы борышының жоспарланатын қаржы жылындағы өзінің жоспарланатын үш жылдық кезеңге арналған жалпы сипаттағы трансферттерді есептеу кезінде ескерілген бюджеттік даму бағдарламаларының жиынтық болжамына және күрделі шығыстарына қатысты лимиті;
МахL – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы борышының ең жоғары лимиті, ол жоспарланатын үш жылдық кезеңге арналған жалпы сипаттағы трансферттерді есептеу кезінде ескерілген бюджеттік даму бағдарламаларының жиынтық болжамының және күрделі шығыстарының 100%-ын құрайды;
k – облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары үшін түзету коэффициенті (k=0,8, республикалық бюджеттен бюджеттік субвенциялар алатын өңірлер үшін; k=1, республикалық бюджетке бюджеттік алып қоюларды аударатын өңірлер үшін);
ScolLG – жергілікті атқарушы органның мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерінің, оның ішінде мемлекеттiк концессиялық мiндеттемелерiнің қабылдау лимитінен және жергілікті атқарушы органның мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша қабылданған және өтелмеген мемлекеттік міндеттемелерінің, оның ішінде мемлекеттiк концессиялық мiндеттемелерiнің сомасынан тұратын, тиісті қаржы жылына арналған лимиті.".
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының | |
Премьер-Министрі | Б. Сағынтаев |