Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы әскери-техникалық саладағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Бәкірұлы Атамқұловқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы әскери-техникалық саладағы ынтымақтастық туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасы Үкiметiнің атынан қол қоюға өкiлеттiк берiлсiн.
Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 14.09.2017 № 558 қаулысымен.3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Б. Сағынтаев |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 10 тамыздағы № 478 қаулысымен мақұлданған |
|
Жоба |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы әскери-техникалық саладағы ынтымақтастық туралы келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі
өздерінің Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарына бейілдігін растай отырып,
2013 жылғы 14 маусымдағы Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы стратегиялық әріптестік туралы шартты басшылыққа ала отырып,
Тараптар арасында қалыптасқан достық қарым-қатынастарды назарға ала отырып,
халықаралық құқықтың негізгі қағидаттарына сәйкес екіжақты ынтымақтастықты қолдау бойынша бірлескен күш-жігерді жүзеге асырудың маңыздылығын мойындай отырып,
екі мемлекеттің мүдделерін өзара құрметтеуге, сенім білдіруге және ескеруге негізделген әскери-техникалық салада өзара тиімді ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа ұмтыла отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімнің мақсаты Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес Тараптар арасындағы тең құқықты қағидаттар негізінде өзара тиімді әскери-техникалық ынтымақтастықты орнату және одан әрі дамыту болып табылады.
2-бап
Тараптар ынтымақтастықты мынадай негізгі бағыттар бойынша жүзеге асырады:
қару-жарақты, әскери техниканы, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді, зияткерлік қызмет нәтижелерін, оның ішінде оларға ерекше құқықтарды (зияткерлік меншікті) және әскери-техникалық саладағы ақпаратты, конструкторлық, нормативтік, техникалық, технологиялық және пайдалану құжаттамасын, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларымен әскери мақсаттағы өнімге жатқызылатын кез келген басқа да өнімді қамтитын әскери мақсаттағы өнімді өзара жеткізуді жүзеге асыру;
қару-жарақ пен әскери техникаға қызмет көрсету және жөндеу жөніндегі жұмыстарды орындау;
Тараптар уәкілетті органдарының келісімі бойынша әскери мақсаттағы өнімді әзірлеу, шығару, жөндеу, жаңғырту және кәдеге жарату жөніндегі бірлескен кәсіпорындар, бірлескен өндірістер құру;
бірлескен ғылыми-зерттеу мен тәжірибелік-конструкторлық, оның ішінде қару-жарақ пен әскери техниканы жетілдіру мүддесінде жұмыстар жүргізу;
қару-жарақ пен әскери техниканы стандарттау, Тараптар мемлекеттерінің қарулы күштерін метрологиялық қамтамасыз ету саласындағы өзара іс-қимыл;
әскери-техникалық кадрлар даярлау және оқыту;
әскери-техникалық көмек көрсету;
қару-жарақ пен әскери техника үлгілеріне бірлескен сынаулар жүргізу;
Тараптар уағдаластығы бойынша басқа да бағыттар.
Тараптар ынтымақтастықты мынадай нысандарда жүзеге асырады:
әртүрлі деңгейдегі ресми делегациялардың сапарларымен алмасу;
сарапшылар мен мамандардың жұмыс кездесулері;
әскери-техникалық бағдарламаларды әзірлеу;
шарттар (келісімшарттар) жасасу;
қару-жарақ пен әскери техника үлгілерінің таныстырылымын өткізу;
қару-жарақ пен әскери техника көрмелеріне қатысу;
теориялық және практикалық курстарға (тренингтерге), семинарларға, конференцияларға және өзара мүддені білдіретін тақырып бойынша кеңестерге қатысу;
Тараптардың уағдаластығы бойынша басқа да нысандар.
Осы Келісімнің шеңберінде ынтымақтастықты жүзеге асыру мақсатында Тараптар әскери-техникалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен жұмыс тобын (бұдан әрі – жұмыс тобы) құрады.
Жұмыс тобының отырыстары кезекпен Тараптар мемлекеттерінің аумағында, әдетте, қажеттілігіне қарай Тараптардың уәкілетті органдарының келісімі бойынша жылына бір рет өткізіледі.
Жұмыс тобы әскери-техникалық ынтымақтастық саласындағы бағдарламаларды әзірлейді, сондай-ақ осы Келісімді іске асыруға байланысты басқа да мәселелерді қарайды.
Жұмыс тобының күн тәртібі Тараптардың алдын ала келісімі бойынша белгіленеді.
Жұмыс тобының отырыстары барысында қабылданған шешімдер тиісті хаттамалармен ресімделеді.
Осы Келісімді іске асыру жөніндегі уәкілетті органдар:
Қазақстан тарапынан – Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі және Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі;
Өзбек тарапынан – Өзбекстан Республикасының Қорғаныс министрлігі болып табылады.
Уәкілетті органдардың атаулары немесе функциялары өзгерген жағдайда Тараптар дипломатиялық арналар арқылы бір-бірін дереу хабардар етеді.
Егер әрбір нақты жағдайда өзгеше тәртіп келісілмесе, Тараптар осы Келісімді іске асыру барысында туындайтын шығыстарды Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында көзделген қаражат шегінде дербес көтереді.
Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық нәтижесінде алынған ақпарат Тараптар мемлекеттерінің мүдделеріне залал келтіру үшін пайдаланылмайды.
Қазақстан Республикасының және Өзбекстан Республикасының мемлекеттік құпияларын құрайтын мәліметтерді беру және қорғау 2006 жылғы 4 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы құпия ақпаратты өзара қорғау туралы келісімге сәйкес жүзеге асырылады.
Тараптар осы Келісім шеңберінде алынған немесе ие болған әскери-техникалық ынтымақтастық туралы ақпаратты басқа Тараптың алдын ала жазбаша келісімінсіз үшінші тарапқа, оның ішінде халықаралық ұйымдарға және шетелдік заңды немесе жеке тұлғаларға бермеуге міндеттенеді. Бірлесіп жұмыстарды жүргізген кезде Тараптар таратылуы шектелген қызметтік ақпаратты беруі мүмкін.
Мұндай ақпарат тасығыштарға "Қызмет бабында пайдалану үшін" белгісі қойылады.
Таратылуы шектелген қызметтік ақпаратты алған Тарап оны қорғауды және қолдануды өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес қамтамасыз етеді.
Тараптар арасындағы таратылуы шектелген қызметтік ақпаратты беру фактілері құжаттамалық түрде тіркеледі.
Тараптар арасында нақты келісімшарттар (шарттар) бойынша ынтымақтастық фактілерін немесе ынтымақтастық туралы басқа да мәліметтерді құпияда сақтау қажеттілігі туралы ақпаратты бір Тарап басқа Тараптың назарына алдын ала жеткізеді және (немесе) осы Келісім шеңберінде Тараптар арасында жасалатын келісімшарттарда (шарттарда) айтылады.
Тараптардың өкілдеріне әскери объектілерге және әскери өнеркәсіп кешенінің кәсіпорындарына кіруге рұқсат беру Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
Осы Келісім Тараптар қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
Тараптардың өзара уағдаластығы бойынша осы Келісімге жеке хаттамалармен ресімделетін, оның ажырамас бөлігі болып табылатын және осы Келісімнің 11-бабында белгіленген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
Осы Келісімді қолдануға немесе түсіндіруге байланысты даулар мен келіспеушіліктерді Тараптар консультациялар мен келіссөздер арқылы шешетін болады.
Осы Келісім бес жыл мерзімге жасалады, ол аяқталғаннан кейін, егер Тараптардың бір де біреуі тиісінше алғашқы бес жылдық не кейінгі бір жылдық кезеңдер аяқталғанға дейін кемінде алты ай бұрын өзінің осы Келісімді ұзартпау немесе қолданысын тоқтату ниеті туралы дипломатиялық арналар арқылы жазбаша басқа Тарапқа хабарламаса, автоматты түрде кейінгі бір жылдық кезеңдерге ұзартылады.
Осы Келісім Қазақстан тарапының оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы жазбаша хабарламасын Өзбек тарапының алған күннен бастап күшіне енеді.
20__ жылғы "___" _________ __________ қаласында әрқайсысы қазақ, өзбек және орыс тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды әрі барлық мәтіндер тең түпнұсқалы болып табылады.
Мәтіндер арасында алшақтық болған жағдайда, Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.