Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған 2016 жылғы 22 желтоқсанда Астана қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иран Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы Каспий теңізінде теңіз сауда мақсатындағы кеме қатынасы туралы келiсiм бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Б. Сағынтаев |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 13 қыркүйектегі № 557 қаулысымен бекітілген |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иран Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы Каспий теңізінде теңіз сауда мақсатындағы кеме қатынасы туралы келісім
Бұдан әрі "Уағдаласушы тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иран Ислам Республикасының Үкіметі теңдік, өзара тиімділік пен өзара көмек қағидаттарына сәйкес теңізде жүзу еркіндігі негізінде екі ел арасында Каспий теңізінде теңіз тасымалы саласындағы қатынастарды нығайтуға және кеңейтуге ниет білдіре отырып, төмендегілер туралы келісті:
Терминдердің анықтамалары
Осы Келісімді орындау үшін төменде көрсетілген терминдер мынадай мағынаны білдіреді:
1) "Құзыретті органдар":
- Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан: Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігі;
- Иран Ислам Республикасы Үкіметінің атынан: Жолдар және қалалық даму министрлігі – Порттар және Теңіз ұйымдары.
Құзыретті органдардың атаулары немесе функциялары өзгерген жағдайда, Тараптар бұл туралы бір-біріне дипломатиялық арналар арқылы хабарлайды.
2) "Уағдаласушы тараптың кемесі" – Уағдаласушы тарап өз мемлекетінің қолданыстағы ұлттық заңдарына және қағидаларына сәйкес тіркеген және осы Тараптың туын көтеріп жүзетін кез келген сауда мақсатындағы теңіз кемесі. Осы термин әскери кемелерге, балық аулау, медициналық және зерттеу мақсатындағы кемелерге, сондай-ақ коммерциялық емес мақсаттарда пайдаланылатын өзге де мемлекеттік кемелерге қолданылмайды;
3) "Уағдаласушы тараптың кеме қатынасы компаниясы" – Уағдаласушы тарап өз мемлекетінің қолданыстағы ұлттық заңдарына және қағидаларына сәйкес тіркеген, осы Уағдаласушы тараптың аумағында офисі бар немесе тіркелген мекенжайда тұратын заңды немесе жеке тұлға;
4) "Экипаж мүшесі" – кеме капитаны және теңізшінің жеке куәлігі бар, кеме рөліне аты енгізілген кез келген Уағдаласушы тараптың кеме бортына жалданған кез келген басқа тұлға;
5) "Уағдаласушы тараптың порты" – халықаралық сауда мақсатындағы кеме қатынасы үшін ашық Уағдаласушы тарап мемлекетінің аумағындағы Каспий теңізіндегі порт;
6) "Жолаушы" – кез келген Уағдаласушы тараптың кеме экипажының тізіміне аты енгізілмейтін және кемеде қандай да бір міндеттерді орындамайтын, тасымалдау шартына сәйкес Уағдаласушы тарап кемесінің бортында тасымалданатын тұлға;
7) "Уағдаласушы тараптың заңдары мен қағидалары" – Уағдаласушы тараптың мемлекетінде қабылданған қолданыстағы ұлттық заңдар мен қағидалар.
Мақсаттар
Осы Келісімнің мақсаттары:
а) теңдік пен өзара тиімділік қағидаттарына негізделген Каспий теңізіндегі теңіз тасымалы және теңіз саудасын жеңілдету саласындағы Уағдаласушы тараптардың арасындағы қарым-қатынасты жоспарлау және дамыту;
b) Уағдаласушы тараптардың арасында Каспий теңізінде жүзуді қажетті үйлестіруді белгілеу;
c) Уағдаласушы тараптардың арасындағы сауда және экономикалық қатынастарды кеңейтуге көмектесу болып табылады.
Ынтымақтастық салалары
Уағдаласушы тараптар өздерінің құзыретті органдары және басқа да тиісті ұйымдары арасында табысты қарым-қатынастарды, атап айтқанда, өзара консультацияларды және ақпарат алмасуды қолдайды. Осындай ынтымақтастық мыналарды:
а) Уағдаласушы тараптардың Каспий теңізіндегі порттарын тиімді пайдалану үшін тиісті шарттарды белгілеуді;
b) Каспий теңізінде кемелер, экипаждар, жүк және жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз етуді;
c) Каспий теңізінде қоршаған ортаны қорғауды күшейтуді;
d) Уағдаласушы тараптардың порт қызметі және теңізде жүзу саласындағы біліктілікті арттыру бағдарламаларын күшейтуді;
e) Каспий теңізіндегі экономика, ғылым және техника салаларындағы байланысты кеңейтуді және тәжірибе алмасуды;
f) теңіз кеме қатынасы мәселелерімен айналысатын халықаралық ұйымдардың қызметі туралы пікір алмасуды және теңіз саудасы бойынша халықаралық шарттарға қатысуды қамтиды.
Теңіз тасымалын дамыту
1. Уағдаласушы тараптар:
а) Каспий теңізінде Уағдаласушы тараптар арасындағы теңіз кеме қатынасының дамуына жәрдемдеседі және Уағдаласушы тараптардың порттары арасындағы теңіз кеме қатынасын дамытуға қиындық келтіретін кез келген кедергілерді жою бойынша күш біріктіреді;
b) Уағдаласушы тараптардың кеме қатынасы компанияларының өз аумақтары арасында жүк және жолаушылар тасымалына қатысуға жәрдемдеседі;
c) Уағдаласушы Тараптардың туын көтеріп жүзетін субстандарт кемелердің жүзуін болдырмайды.
2. Халықаралық және ұлттық стандарттарға сәйкес келетін Уағдаласушы тараптардың әрқайсысының кемелерін қандай да бір себеппен басқа Уағдаласушы тараптың портына, сондай-ақ Каспий теңізіндегі үшінші елдердің кез келген басқа да келесі портына кіруіне шектеу қойылмайды.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарының ережелері әрбір Уағдаласушы тараптың кеме қатынасы компаниялары жалға алған, Каспий теңізінің басқа да елдерінің туын көтеріп жүзетін кемелердің құқықтарына нұқсан келтірмейді.
4. Осы баптың 1 және 2-тармақтарының ережелері Каспий теңізінің басқа да елдерінің кеме қатынасы компанияларының құқықтарына, Уағдаласушы тараптардың порттары мен жағада орналасқан басқа да елдердің порттары арасында теңіз тасымалына қатысатын Каспий теңізіндегі басқа да елдердің туын көтеріп жүзетін кемелерге де нұқсан келтірмейді.
5. Уағдаласушы тараптың кеме қатынасы компаниялары аумағында агенттік немесе филиал құрылатын Уағдаласушы тараптың қолданыстағы ұлттық заңдарына және қағидаларына сәйкес екінші Уағдаласушы тараптың аумағында агенттіктер немесе филиалдар құра алады.
Кемсітудің болмауы және еркін бәсекелестік
Уағдаласушы тараптар Каспий теңізіндегі халықаралық кеме қатынасында кемсітулердің болмауы мен еркін бәсекелестік жөніндегі қағидаларды сақтайды.
Табыстарды еркін орналастыру
Уағдаласушы тараптардың әрқайсысы өзінің ұлттық заңнамасына, заңдарына және қағидаларына сәйкес Уағдаласушы тараптың кеме қатынасы компанияларына өз мемлекетінде кеме қатынасы қызметін көрсетуден алған табысын пайдалануға, айырбастауға және аударуға тең құқық ұсынады.
Уағдаласушы тараптардың порттарында кемелерді пайдалану
Әрбір Уағдаласушы тарап:
1) Уағдаласушы тарап порттарына қолжетімді;
2) Уағдаласушы тараптың қолданыстағы ұлттық заңнамасына, заңдарына және қағидаларына сәйкес порттық алымдар мен төлемдер алу кезінде осындай тәсіл қолданылған;
3) жүктерді немесе жолаушыларды тасымалдау үшін порт ғимараттары пайдаланылған;
4) порттың барлық қызметтері мен ғимараттарына қолжетімді болған жағдайларда өз порттарында екінші Уағдаласушы тараптың кемелеріне, олардың жүктеріне, экипаж мүшелері мен жолаушыларына өз кемелеріне, олардың жүктеріне, экипаж мүшелері мен жолаушыларына көрсететіндей қызмет көрсетеді.
Теңіз тасымалдарын жеңілдету
Уағдаласушы тараптар өздерінің аумақтарында қолданылатын заңдары мен қағидалары шегінде өз порттарында қолданылатын басқа да формальдылықтар сияқты әкімшілік, кедендік және санитариялық формальдылықтарды жеңілдету және оңайлату үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды.
Осы Келісімнің шеңберінен тыс мәселелер
1. Осы Келісім Уағдаласушы тараптардың әрқайсысы өзінің кеме қатынасы компаниялары, сондай-ақ азаматтары мен резиденттері үшін резервке қоятын қызметтерге, каботаж, сүйретіп жүзу, лоцмандық алып өту сияқты және теңіз көлігіне байланысты өзге де қызметтерге қолданылмайды.
2. Осы баптың 1-тармағының ережелері, егер кез келген Уағдаласушы тараптың кемесі басқа Уағдаласушы тараптың порттары арасында басқа жағадағы мемлекеттен әкелінген жүктерді немесе жолаушыларды түсіру немесе бортқа жүктерін тиеу және жолаушыларды отырғызу және оларды үшінші елдердің жағадағы мемлекетіне жеткізу үшін жұмыс істесе, каботаждық кеме қатынасына қолданылмайды.
Экипаж мүшелерінің сәйкестендіру құжаттарын тану
1. Уағдаласушы тараптардың әрқайсысы Уағдаласушы тараптардың құзыретті органдары берген екінші Уағдаласушы тараптың азаматтары болып табылатын экипаж мүшелерінің ресми сәйкестендіру құжаттарын таниды және осы құжаттар иелеріне осы Келісімнің 11-бабында атап көрсетілген құқықтарды ұсынады.
Аталған құжаттар:
- Иран Ислам Республикасының азаматтары үшін – теңізшінің жеке куәлігін немесе Иран Ислам Республикасы азаматының төлқұжатын;
- Қазақстан Республикасының азаматтары үшін – теңізшінің жеке куәлігін немесе Қазақстан Республикасы азаматының төлқұжатын қамтиды.
2. Уағдаласушы тараптар дипломатиялық арналар арқылы осы Келісім күшіне енген күннен кейінгі 30 күннен кешіктірмей осы баптың 1-тармағында көрсетілген құжаттар үлгілерімен алмасады. Уағдаласушы тараптар осы құжаттар түрінде кез келген өзгерістер туралы, тиісті өзгерістер енгізілгенге дейін 30 күннен кешіктірмей бір-біріне хабарлайды.
3. Уағдаласушы тараптың кеме экипажының үшінші елдердің азаматтары болып табылатын мүшелері кеме экипаждары екінші Уағдаласушы тараптың немесе үшінші елдің құзыретті органы берген және осы Уағдаласушы тараптың құзыретті органдары таныған құжаттары болуы керек.
Экипаж мүшелерінің келуі, транзитпен өтуі және онда болуы
1. Уағдаласушы тараптардың әрқайсысы екінші Уағдаласушы тараптың осы Келісімнің 10-бабының 1 және 3-тармақтарында көрсетілген құжаттардың бірінің иесі болып табылатын кеме экипаждарының мүшелеріне кеме портта болған уақытта халықтың денсаулығына, қоғамдық қауіпсіздікке, қоғамдық тәртіпке немесе ұлттық қауіпсіздікке қауіп төнуі негізінде рұқсат беруден бас тартуға негізделген себеп болмаған жағдайда, Уағдаласушы тараптың қолданыстағы ұлттық заңдары мен қағидаларына сәйкес жағалауға шығуға және порт маңындағы қалада қалуына рұқсат береді.
Рұқсат беруден бас тартқан жағдайда, тиісті Уағдаласушы тарап сұрау салу бойынша мұндай жағдай және жоғарыда аталған себептер туралы осындай Уағдаласушы тараптың дипломатиялық немесе консулдық өкілі арқылы хабардар етілуі тиіс.
2. Осы Келісімнің 10-бабының 1 және 3-тармақтарында атап көрсетілген құжаттары және қажет болған жағдайда визасы бар экипаждың әрбір мүшесі мынадай мақсаттарда:
а) өз кемесіне отыру немесе басқа кемеге ауысып отыру;
b) басқа елде өз кемесіне отыру немесе өз еліне репатрациялау;
c) екінші Уағдаласушы тараптың құзыретті органдары мақұлдаған кез келген басқа мақсатта басқа Уағдаласушы тараптың аумағында транзитпен жүріп-тұра алады.
3. Уағдаласушы тараптардың құзыретті органдары өз мемлекеттерінің аумағында госпитальға түскен экипаждың кез келген мүшесіне емделуі үшін қажет уақытта болуға рұқсат беруі тиіс.
4. Осы баптың 1-тармағына сәйкес Уағдаласушы тарап өз аумағына жағымсыз тұлғалардың, тіпті мұндай тұлғалардың осы Келісімнің 10-бабында аталған құжаттары және талап етілген жағдайда визасы болған жағдайда да келуінен бас тарту құқығын сақтайды.
5. Осы баптың 1-4-тармақтарының ережелері Уағдаласушы тараптардың шетелдіктердің келуіне, транзитпен өтуіне, онда болуы мен кетуіне қатысты ұлттық заңдары мен қағидаларына әсер етпейді.
Техникалық ынтымақтастық
Уағдаласушы Тараптар Каспий теңізінде сауда мақсатындағы кеме қатынасы саласындағы өзара теңіз ынтымақтастығын дамыту бойынша күш-жігерін жұмсайды және өзінің кеме қатынасы компанияларына және теңіз көлігімен байланысты кез келген ұйымдарға ынтымақтастықтың барлық салаларында қызметті дамытуға жәрдемдеседі, ол мыналарды:
а) теңіздегі қауіпсіздікті;
b) теңіз ортасын қорғауды;
c) теңіздегі іздеу мен құтқаруды;
d) теңіз тасымалдары мен порттарды басқаруды жақсарту мен дамытуды;
e) теңіз және порт қызметі саласындағы оқытуды;
f) теңіз және порт қызметіне қатысты ақпарат пен деректер алмасуды қамтиды.
Кеме құжаттарын екіжақты тану
1. Әрбір Уағдаласушы тарап екінші Уағдаласушы тарап кемесінің ұлттық тиесілігін ту мемлекетінің құзыретті органдары өзінің қолданыстағы ұлттық заңдары мен қағидаларына сәйкес берген борттағы кеме құжаттарының негізінде таниды.
2. Әрбір Уағдаласушы тарап екінші Уағдаласушы тараптың кеме жабдықтарына, экипаж мүшелеріне және тоннажына қатысты барлық кеме құжаттарын, сондай-ақ Уағдаласушы тараптардың қолданыстағы ұлттық заңдары мен қағидаларына сәйкес ту мемлекетінің құзыретті органдары берген басқа да сертификаттар мен құжаттарды таниды.
3. Әрбір Уағдаласушы тарап тиісті халықаралық конвенциялардың талаптарына сәйкес кез келген Уағдаласушы тараптың құзыретті органдары таныған ұйымдар (сыныптау қоғамдары) берген халықаралық өлшем куәліктерін және басқа да сыныптау құжаттарын таниды. Уағдаласушы тараптың қолданыстағы өлшем куәліктері бар кемелері екінші Уағдаласушы тараптың порттарында қайта өлшеуден босатылатын болады.
Көмек және жәрдемдесу
1. Егер Уағдаласушы тараптың кемесі екінші Уағдаласушы тараптың аумағында авариядан зардап шексе немесе басқа да кез келген қауіпке ұшыраса, екінші Уағдаласушы тараптың құзыретті органдары экипаж мүшелеріне, жолаушыларға, кеме мен жүктерге өз мемлекетінің туын көтеріп жүзетін кемеге қандай жәрдем көрсетсе, сондай деңгейде көмек көрсету үшін барлық қажетті шараларды қабылдауы тиіс.
2. Өзінің аумақтық суларында осы баптың 1-тармағында атап көрсетілген кеме авариядан зардап шеккен немесе басқа да кез келген қауіпке ұшыраған Уағдаласушы тараптың құзыретті органдары осы оқиға туралы мүмкіндігінше тез арада екінші Уағдаласушы тараптың жақын жердегі консулдық өкіліне хабарлайды.
3. Басқа Уағдаласушы тараптың аумағында Уағдаласушы тараптардың бірінің кемесімен болған авария немесе төтенше жағдайлар туралы Уағдаласушы тараптың құзыретті органдары екінші Уағдаласушы тараптың құзыретті органдарына дереу хабарлауы тиіс. Осы Уағдаласушы тараптың аумағында коммерциялық мақсат үшін мәлімделмеген жағдайда, зақымдалған кеменің бортындағы жабдықтар мен басқа да мүлік, жүктер, қосалқы бөлшектер және керек-жарақтар барлық кедендік алымдар мен салықтардан босатылады.
4. Осы баптың 1-3-тармақтарының-тармақтарының ережелері кемеге, оның жолаушыларына, экипаж мүшелері мен жүктеріне көрсетілген теңізде іздеу мен құтқару, көмектесу мен жәрдемдесу бойынша қызметтерге байланысты шығыстарын төлеуді талап ету құқығынан айырмайды.
Ұлттық заңдар мен қағидаларға сәйкестік
1. Уағдаласушы тарап кемелерінің, сондай-ақ олардың экипаж мүшелерінің, жолаушыларының, жүктерінің екінші Уағдаласушы тараптың аумағында болуы осы Уағдаласушы тараптың қолданыстағы ұлттық заңдары мен қағидаларының, әсіресе, теңіз тасымалдау қауіпсіздігі, экипаж мүшелері мен жолаушылардың келу, болу және кету, жүктерді импорттау және экспорттау, шекараны кесіп өту, иммиграция, кеден, салық, қоршаған ортаны қорғау, сондай-ақ санитариялық нормалар қағидаларына қатысты талаптарына сәйкес келуі тиіс.
2. Екінші Уағдаласушы тараптың аумағындағы Уағдаласушы тараптың кемелері осы Уағдаласушы тараптың тиісті халықаралық шарттар бойынша ту мемлекеті үшін міндетті кеме жабдықтарына, аппаратурасына, қауіпсіздік құралдарына, өлшеу және жүзу жарамдылығына қатысты талаптарын орындауы тиіс.
Бірлескен жұмыс тобы
Құзыретті органдардың өкілдерінен тұратын бірлескен жұмыс тобы:
1) осы Келісімді орындау барысында пайда болуы мүмкін мәселелерді талқылау және қайта қарау;
2) теңіз тасымалдары саласындағы жаңа қызметтерді көрсету бойынша бірлескен зерделеу мен зерттеулерді жүргізу үшін кезекпен және кезең-кезеңімен және/немесе кез келген Уағдаласушы тараптың сұрау салуы бойынша Уағдаласушы тараптардың кез келгені мемлекетінің аумағында отырыстар белгілеу және өткізу үшін қажетті жағдайлар жасайды.
Дауларды реттеу
1. Осы Келісімді орындау немесе түсіндіру нәтижесінде туындайтын кез келген даулар Уағдаласушы тараптардың құзыретті органдарының арасындағы келіссөздер және консультациялар арқылы реттелуі тиіс.
2. Егер дау жоғарыда көрсетілген рәсімдер арқылы реттелмейтін болса, ол дипломатиялық арналар арқылы шешілуі тиіс.
Келісімге өзгерістер енгізу
Осы Келісімге Уағдаласушы Тараптардың өзара келісуі бойынша оның ажырамас бөліктері болып табылатын жеке хаттамалармен ресімделетін, осы Келісімнің 20-бабында белгіленген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
Басқа халықаралық шарттарға және Каспий теңізінің құқықтық мәртебесіне қатысы
Осы Келісімде ештеңе де Каспий теңізінің соңғы құқықтық мәртебесі бойынша келіссөздердің нәтижелерін қозғайтындай түсіндірілмеуге тиіс.
Осы Келісімнің ережелері Уағдаласушы тараптардың мемлекеттері қатысушысы болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын олардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
Күшіне енуі
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Уағдаласушы тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны Уағдаласушы тараптар дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап отыз күннен (30) кейін күшіне енеді.
Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Әрбір Уағдаласушы тарап екінші Уағдаласушы тарапқа дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарлама жіберу арқылы осы Келісімнің қолданысын тоқтата алады. Мұндай жағдайда осы Келісім екінші Уағдаласушы тарап тиісті хабарламаны алғаннан кейін отыз күн (30) өткен соң өз қолданысын тоқтатады.
Тілі
Осы Келісім қазақ, парсы, ағылшын және орыс тілдерінде төлнұсқа даналарда жасалған кіріспе мен жиырма бір баптан тұрады әрі барлық төрт мәтін теңтүпнұсқалы болып табылады. Мәтіндер арасында алшақтықтар болған жағдайда Уағдаласушы тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иран Ислам Республикасы Үкіметінің өкілдері Қазақстан Республикасы, Астана қаласында, бейсенбі күні, Иран күнтізбесінің 1395 2-күніне сәйкес келетін 2016 жылғы 22 желтоқсанда жасады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін |
Иран Ислам РеспубликасыныңҮкіметі үшін |