"Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы туралы" 2013 жылғы 16 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы 55-бабының 10-2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы арқылы транзитпен аялдамай жүріп өтетін теміржол көлігі құралдарына қатысты Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өту кезінде шекаралық, кедендік және өзге де бақылау түрлерінен өтуден босату қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Б. Сағынтаев |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 23 қазандағы № 671 қаулысымен бекітілген |
Қазақстан Республикасы арқылы транзитпен аялдамай жүріп өтетін теміржол көлігі құралдарына қатысты Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өту кезінде шекаралық, кедендік және өзге де бақылау түрлерінен өтуден босату қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасы арқылы транзитпен аялдамай жүріп өтетін теміржол көлігі құралдарын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өту кезінде шекаралық, кедендік және өзге де бақылау түрлерінен өтуден босату қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы туралы" 2013 жылғы 16 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы 55-бабының 10-2) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасы арқылы транзитпен аялдамай жүріп өтетін теміржол көлігі құралдарына қатысты мемлекеттік шекараны кесіп өту кезінде шекаралық, кедендік және өзге де бақылау түрлерінен өтуден босату тәртібін айқындайды.
2.Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) мемлекеттік бақылау органдары – Заңмен көзделген шекаралық, кедендік және өзге бақылау түрлерін жүзеге асыратын мемлекеттік органдар;
2) уәкілетті орган – теміржол көлігі саласындағы басшылықты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шекте салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын теміржол көлігі саласындағы орталық атқарушы орган;
3) тасымалдаушы – жүктерді немесе жолаушыларды, багажды, жүк-багажды, почта жөнелтілімдерін тасымалдау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын және тасымалдау құжаттарында көрсетілген, тартқыш көлік құралдарын қоса алғанда, меншік құқығымен немесе өзге де заңды негіздерде жылжымалы құрамды иеленетін тұлға;
4) ұлттық инфрақұрылым операторы – акцияларының бақылау пакеті ұлттық теміржол компаниясына тиесілі, магистральдық теміржол желісін пайдалануды, күтіп-ұстауды, жаңғыртуды, салуды жүзеге асыратын жəне магистральдық теміржол желісі қызметтерін көрсететін, сондай-ақ əскери тасымалдарды бірінші кезекте қамтамасыз етуді жүзеге асыратын заңды тұлға.
2-тарау. Қазақстан Республикасы арқылы транзитпен аялдамай жүріп өтетін теміржол көлігі құралдарына қатысты Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өту кезінде шекаралық, кедендік және өзге де бақылау түрлерінен өтуден босату тәртібі
3. Шекаралық, кедендік және өзге де бақылау түрлері (бұдан әрі – мемлекеттік бақылау) адамның Мемлекеттік шекараны теміржол көлігі құралымен:
Қазақстан Республикасының аумағынан шет мемлекеттің аумағы арқылы Қазақстан Республикасы аумағының екінші бөлігіне;
шет мемлекеттің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағы арқылы осы шет мемлекет аумағының екінші бөлігіне транзитпен аялдамай жүріп өтуі кезінде жүргізілмейді.
4. Осы Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген жағдайларда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өту кезінде мемлекеттік бақылаудан өтуден босату үшін тасымалдаушы күнтізбелік жылдың басталуына дейін күнтізбелік отыз күн бұрын Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне және уәкілетті органға Қазақстан Республикасының аумағы арқылы аялдамай жүріп өтуі жоспарланып отырған поездар туралы ақпаратты, мынадай материалдарды қоса бере отырып жібереді:
1) ұлттық инфрақұрылым операторы берген келесі күнтізбелік жылы поездардың аялдамай жүріп өтуі жоспарланып отырған жолдың арақашықтығы және меншік иесі туралы мәліметтер көрсетілген теміржол учаскесінің схемасы;
2) Қазақстан Республикасындағы жолаушылар поездарының қозғалыс кестесіне сәйкес келесі күнтізбелік жылы аялдамай жүріп өтетін жолаушылар поездары туралы мәліметтер немесе поезды құрастыру жоспарына сәйкес мемлекеттік тиесілігін көрсете отырып, Қазақстан Республикасының аумағы арқылы аялдамай жүріп өтуі ұсынылатын жүк поездарының саны туралы ақпарат.
5. Осы Қағидалардың 4-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне және уәкілетті органға ұсынылған ақпарат және/немесе материалдар өзгерген жағдайда, тасымалдаушылар осындай өзгерістер енгізілгенге дейін күнтізбелік он күн бұрын жаңартылған ақпаратты және/немесе материалдарды қайта жолдайды.
6. Теміржол көлігі құралдарының аялдамай жүріп өтуін қамтамасыз ету, жолаушыларды поездан түсіру (отырғызу), тауарды және багажды түсіру (тиеу) жүргізуге салынған тыйымның сақталуын бақылауды тасымалдаушылар жүзеге асырады.
7. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды оқшаулау және жою үшін Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда авариялық-құтқару құралымдарының Мемлекеттік шекараны кесіп өтуінің өзге де тәртібі көзделуі мүмкін.