Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
"Қызметін қоса атқаратын Қазақстан Республикасының төтенше және өкілетті елшілерінің және орналасқан жері Қазақстан Республикасында болатын Қазақстан Республикасының төтенше және өкілетті елшілерінің қызметін ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Б. Сағынтаев |
Қызметін қоса атқаратын Қазақстан Республикасының төтенше және өкілетті елшілерінің және орналасқан жері Қазақстан Республикасында болатын Қазақстан Республикасының төтенше және өкілетті елшілерінің қызметін ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы
"Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы" 2002 жылғы 7 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабының 2-тармағына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Қызметін қоса атқаратын Қазақстан Республикасының төтенше және өкілетті елшілерінің және орналасқан жері Қазақстан Республикасында болатын Қазақстан Республикасының төтенше және өкілетті елшілерінің қызметін ұйымдастыру қағидалары бекітілсін.
2. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Н.Назарбаев |
Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы № Жарлығымен БЕКІТІЛГЕН |
Қызметін қоса атқаратын Қазақстан Республикасының төтенше және өкілетті елшілерінің және орналасқан жері Қазақстан Республикасында болатын Қазақстан Республикасының төтенше және өкілетті елшілерінің қызметін ұйымдастыру ҚАҒИДАЛАРЫ 1. Жалпы ережелер
1. Қызметін қоса атқаратын Қазақстан Республикасының төтенше және өкілетті елшілерін (бұдан әрі – қызметін қоса атқаратын елшілер), орналасқан жері Қазақстан Республикасында болатын Қазақстан Республикасының төтенше және өкілетті елшілерін (бұдан әрі – бейрезидент елшілер) Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайды және кері шақырып алады.
2. Қызметін қоса атқаратын елшілер және бейрезидент елшілер өз қызметін Қазақстан Республикасының Коституциясына, 1961 жылғы 18 сәуірдегі Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясына, 1963 жылғы 24 сәуiрдегi Консулдық қатынастар туралы Вена конвенциясына, "Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы" 2002 жылғы 7 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына(бұдан әрі – Заң), Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 4 ақпандағы № 1287 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының дипломатиялық және оған теңестірілген өкілдігі туралы ережеге, осы Қағидаларға, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, болу (аккредиттеу) мемлекетінің заңнамасын не халықаралық ұйымның қағидаларын, сондай-ақ халықаралық құқықтың жалпы танылған нормаларын ескере отырып, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес жүзеге асырады.
3. Қызметін қоса атқаратын елшілер, бейрезидент елшілер өз қызметінде Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министріне есеп береді.
4. Бейрезидент елшілер бір немесе бірнеше шет мемлекетпен және халықаралық ұйымдармен қарым-қатынаста Қазақстан Республикасынан өкілдік етуге Қазақстан Республикасының Президенті өкілеттік берген, орналасқан жері Қазақстан Республикасында болатын мемлекеттік саяси қызметшілер болып табылады.
5. Бейрезидент елшілерді лауазымына тағайындау және одан босату Заңның 15-бабы 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес дипломатиялық қызмет персоналын сыртқы ротациялау тәртібімен және Заңның 15-бабының 4-тармағында белгіленген мерзімде жүзеге асырылады.
2. Қызметін қоса атқаратын елшілердің және бейрезидент елшілердің қызметін ұйымдастыру
6. Қазақстан Республикасының сыртқы саяси бағытын іске асыру шеңберінде қызметін қоса атқаратын елшілер мен бейрезидент елшілер Қазақстан Республикасының азаматтары мен ұйымдарының атынан өкілдік етеді, сондай-ақ олардың құқықтары мен мүдделерін барлық заңды құралдармен және әдістермен қорғайды.
7. Қызметін қоса атқаратын елшілер мен бейрезидент елшілер Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігін (бұдан әрі – Министрлік) аккредиттеу еліндегі және халықаралық ұйымдағы ағымдағы ішкі саяси және әлеуметтік-экономикалық ахуал, жүргізіліп отырған сыртқы саясат, болып жатқан негізгі оқиғалар туралы тұрақты негізде хабардар етеді.
8. Қызметін қоса атқаратын елшілер мен бейрезидент елшілер белгіленген тәртіппен Министрлікке аккредиттеу мемлекетімен не халықаралық ұйыммен екіжақты қарым-қатынастарды дамыту мәселелері бойынша ұсыныстар енгізеді.
9. Қызметін қоса атқаратын елшілер мен бейрезидент елшілер Министрлікпен келісу бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен ұйымдарына Қазақстан Республикасының аккредиттеу мемлекетімен не халықаралық ұйыммен ынтымақтастығын орнату және дамыту мәселелерінде жәрдем көрсетеді.
Қағидалардың осы тармағында көрсетілген жәрдемдесуді іске асыру мақсатында қызметін қоса атқаратын елшілер мен бейрезидент елшілердің Министрлікпен келісу бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарынан және ұйымдарынан қажетті материалдар мен құжаттарды белгіленген тәртіппен сұратуға және алуға құқығы бар.
10. Қызметін қоса атқаратын елшілер қызметін қоса атқаратын аккредиттеу елдеріне сапарларды қоса алғанда, болу мемлекетінен қызметтік іссапарларға шығуды Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрімен келіседі.
11. Бейрезидент елшілер өз функцияларын іске асыру мақсатында аккредиттеу еліне қызметтік іссапарларға шығады.
Іссапардың ұзақтығы мен мерзімділігі Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрімен келісу бойынша айқындалады.
12. Қазақстан Республикасының шетелдердегі мекемелері (бұдан әрі – шетелдердегі мекемелер) орналасқан және бейрезидент елшілер тағайындалған мемлекеттерде ақшалай қаражатты, материалдық құндылықтарды, сондай-ақ кредиттік және есеп айырысу міндеттемелерін беру үшін негіз болатын құжаттарға бірінші қол қою құқығымен қаржыландыру жоспарында көзделген қаражаттың (шығыстардың) лимиттеріне билік ету функциялары Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бұйрығымен тиісті шетелдердегі мекемелердің уақытша сенімді өкілдеріне, сенімді өкілдері мен бас консулдарына жүктеледі.
13. Бейрезидент елшілер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес іссапар шығыстарымен қамтамасыз етіледі.
14. Аккредиттеу елдеріне қызметтік іссапарлар кезеңінде шетелдерде мекемелері бар елдерге іссапарға бару не көрсетілген шығыстар қабылдаушы тарап есебінен жүзеге асырылатын жағдайларды қоспағанда, бейрезидент елшілерге автокөлікті жалдауға және байланысты пайдалануға орай жұмсалатын шығыстар төленеді.
15. Шетелдерде мекемелері бар елдерге іссапарға бару жағдайларын қоспағанда, аккредиттеу елдеріне қызметтік іссапарлар кезеңінде бейрезидент елшілер өкілдік шығындарға арналған ақшалай қаражатпен қамтамасыз етіледі.
16. Қызметін қоса атқаратын елшілер мен бейрезидент елшілерді аккредиттеу елдеріне қызметтік іссапарлар кезеңінде көлікпен, байланыспен және өкілдік шығындарға арналған ақшалай қаражатпен қамтамасыз ету тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленеді.
17. Қызметін қоса атқаратын елшілер мен бейрезидент елшілердің қызметін қамтамасыз ету республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылады.