Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
"Табиғи монополиялар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Б. Сағынтаев |
Жоба |
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Табиғи монополиялар туралы 1-тарау. Жалпы ережелер
Осы Заң табиғи монополиялар аясындағы қызметті реттейді және тұтынушылар мен табиғи монополия субъектілері мүдделерінің теңгеріміне қол жеткізуге бағытталған.
1-бап. Осы Заңның мақсаты
Осы Заңның мақсаты:
1) табиғи монополиялар аясындағы қызметті мемлекеттік реттеу мен бақылауды жүзеге асырудың құқықтық негіздерін айқындау;
2) табиғи монополиялар субъектiлерiнің реттеліп көрсетілетін қызметтерінің тұтынушылар үшін қолжетімділігін қамтамасыз ету;
3) тұтынушылар мен табиғи монополиялар субъектiлерiнің мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ету;
4) табиғи монополиялар аясында мемлекеттік реттеу рәсімдерінің жариялылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету;
5) табиғи монополиялар субъектілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтерінің сапасын арттыруды және оларға сұранысты қанағаттандыруды ынталандыру болып табылады.
2-бап. Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
3-бап. Осы Заңның қолданысы
1. Осы Заң табиғи монополиялар субъектiлерi ұсынатын Қазақстан Республикасының көрсетілетін қызметтер нарығында туындайтын қатынастарға қолданылады.
2. Осы Заңда қамтылмаған қатынастар кәсіпкерлік саласындағы заңнамамен және Қазақстан Республикасының басқа да заңнамасымен реттеледі.
3. Осы Заңда табиғи монополия аясына жатқызылған қызметті жүзеге асыратын нарық субъектісі үшін мемлекеттік реттеу және бақылау реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсыну жөніндегі қызметке қатысты ғана қолданылады.
4. Осы Заңның қолданысы табиғи монополиялар аясына жатқызылған қызметті жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларға мынадай:
1) қызметі тек жеке өз мұқтаждарына арналған объектiлердi салу мен пайдалануға байланысты болған;
2) осы Заңның 5-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген қызмет:
осындай қызметтен түскен кірістер күнтізбелік бір жыл ішінде барлық қызметтен түскен кірістердің бір пайызынан аспауға тиіс;
табиғи монополия аясына жатқызылған реттеліп көрсетілетін қызметтерге 2012 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылған тарифтің деңгейін сақтау шарттарының жиынтығы сақтала отырып, жүзеге асырылатын жағдайлардың бірінде қолданылмайды.
4-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) жария тыңдаулар – табиғи монополиялар субъектілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне тариф жобасын талқылау рәсімі;
2) жеке-дара есепке алу аспабы – бір тұтынушының табиғи монополиялар субъектілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтерін тұтыну көлемін айқындайтын есепке алу аспабы;
3) инвестициялық бағдарлама – нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізуден немесе техникалық-экономикалық көрсеткішті қолда бар деңгейде сақтаудан көрініс тапқан техникалық-экономикалық тиімділікті алу мақсатында қолда бар активтерді кеңейтуге, жаңғыртуға, реконструкциялауға, жаңартуға, қолдауға және табиғи монополия субъектісінің жаңа активтерін құруға бағытталған қаражаттар салу жөніндегі іс-шаралар жоспары;
4) индекстеу әдісі – қуаттылығы аз табиғи монополия субъектісінің бекітілген тарифтерді жыл сайын индекстеу арқылы тарифтерді қалыптастыруы;
5) реттеліп көрсетілетін қызметтер – табиғи монополия аясындағы табиғи монополия субъектісі ұсынатын және уәкілетті органның мемлекеттік реттеуіне жататын көрсетілетін қызметтер, тауарлар мен жұмыстар;
6) реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапа және сенімділік көрсеткіштері – тұтынушыларға реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсыну процесінің технологиялық және өзге де объективтік параметрлерін қамтитын, оның ішінде тәуелсіз ішкі бағалауға жататын табиғи монополия субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметтерін бағалау өлшемшарттарының жиынтығы;
7) табиғи монополия – тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер нарығының тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің белгілі бір түріне сұранысты қанағаттандыру үшін бәсекелестік жағдайлар жасау мүмкін болмайтын немесе өндірістің технологиялық ерекшеліктеріне қарай және тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің осы түрін ұсыну экономикалық жағынан тиімсіз болатын жай-күйі;
8) табиғи монополия аясы – табиғи монополия субъектілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтері нарығында туындайтын қоғамдық қатынастар аясы;
9) табиғи монополиялар аясындағы көрсетілетін коммуналдық қызметтер – табиғи монополиялар субъектілері ұсынатын сумен жабдықтау, су бұру, жылыту және (немесе) ыстық сумен жабдықтау мақсатында жылу энергиясымен жабдықтау жөніндегі көрсетілетін қызметтер;
10) табиғи монополия субъектісі – табиғи монополия аясындағы тұтынушыларға реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсынумен айналысатын дара кәсіпкер немесе заңды тұлға;
11) табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділік көрсеткіштері – табиғи монополия субъектісінің қызметі және тарифтерді қалыптастыру кезінде ескерілетін оның экономикалық, басқарушылық, өндірістік шығындары нәтижелерінің арақатынасы;
12) тариф – табиғи монополия субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметтері құнының ақшалай көрінісі;
13) тарифтік реттеу әдісі – табиғи монополия субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне тарифтерді қалыптастыру әдісі;
14) тарифтік реттеудің шығындық әдісі – табиғи монополия субъектісінің баптар бойынша анықталған, экономикалық негізделген шығындарға және пайдаға байланысты тарифтерін қалыптастыруы;
15) тарифтік реттеудің ынталандыру әдісі – табиғи монополия субъектісінің қызмет тиімділігіне және оның реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапа және сенімділік көрсеткіштерін сақтауына байланысты тарифтерді қалыптастыру;
16) тарифті саралау – тұтыну жағдайына, оның ішінде тұтынушылар топтарына қарай тарифтің әртүрлі деңгейлерін белгілеу;
17) тарифтік смета – табиғи монополия субъектісінің уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша ұсынатын реттеліп көрсетілетін қызметтерінің кірістері мен шығыстарының және көлемдерінің тізбесі;
18) тұтынушы – табиғи монополия субъектілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтерін пайдаланушы немесе пайдалануға ниеттенген жеке немесе заңды тұлға;
19) уақытша өтемдік тариф – тұтынушыларға қаражатты қайтару мақсатында уәкілетті орган бекітетін тариф;
20) уақытша төмендету коэффициенті – уәкілетті орган бекіткен және тұтынушылар мен табиғи монополия субъектісінің мүдделерін қорғау мақсатында тарифке қолданылатын шама;
21) уәкілетті орган – табиғи монополиялардың тиісті аясында мемлекеттік саясатты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
22) үйдің ортақ жылу энергиясын есепке алу аспабы – бірнеше тұтынушының жылу энергиясын тұтыну көлемін айқындайтын жылу энергиясын есепке алу аспабы;
23) стратегиялық тауарлар:
табиғи монополиялар субъектілері жылу энергиясын өндіру үшін отын ретінде пайдаланатын көмір, газ, мазут және дизель отыны;
электр энергиясын беру, сумен жабдықтау және (немесе) су бұру аясындағы табиғи монополиялар субъектiлерi үшiн – электр энергиясы;
жылумен жабдықтау аясындағы табиғи монополиялар субъектілері үшін және жылу энергиясын беру және (немесе) тарату аясындағы нормативтік ысыраптар үшін – жылу энергиясы;
тауарлық газды сақтау, жалғастырушы, магистральдық құбыржолдары және (немесе) тарату құбыржолдары жүйесі арқылы тасымалдау, топтық резервуарлық қондырғыларды пайдалану, сондай-ақ жалғастырушы газ құбыржолдары арқылы шикі газды тасымалдау аясындағы табиғи монополиялар субъектілеріне өз мұқтаждары мен ысыраптары үшін – газ;
сумен жабдықтау, жылу энергиясын өндіру аясындағы табиғи монополиялар субъектілері үшін – су;
24) жергілікті атқарушы органдар – облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың тиісті жергілікті атқарушы органдарының энергетика, коммуналдық шаруашылық аясындағы функцияларын жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшелері;
25) өтінім – табиғи монополия субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметіне тарифті бекіту туралы табиғи монополия субъектісінің уәкілетті органға өтініші;
26) реттеліп көрсетілетін қызметтерге тарифтердің болжамды индекстері – табиғи монополиялар субъектілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне тарифтердің жол берілетін деңгейін олардың болжамын есептеу арқылы айқындайтын көрсеткіштер;
27) бақыланатын шығындар – табиғи монополиялар субъектінің реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсынумен байланысты, шамасы табиғи монополия субъектісінің қызметіне тәуелді шығындары;
28) тозуды есептеудің тікелей әдісі – амортизацияның жылдық сомасы, негізгі құралдар объектісінің пайдалы болу тұрғысынан пайдалану мерзіміне амортизацияланатын құнды бөлумен айқындалатын амортизация әдісі;
29) қуаттылығы аз табиғи монополия субъектісі – мынадай:
жалпы белгіленген қуаттылығы жиырма Гкал/сағатқа дейінгі жылыту қазандықтарынан жылу энергиясын өндіру, беру, тарату және (немесе) онымен жабдықтау жөніндегі;
көлемi жылына бес жүз мың текше метрге дейiн сумен жабдықтау және (немесе) су бұру;
көлемі жылына отыз миллион текше метрге дейiн суару үшін су беру жөніндегі;
көлемі елу мың вагон/км-ге, вагон/сағатқа дейін болатын кірме жолдар саласындағы;
көлемі жылына жиырма бес миллион кВт.сағатқа дейін электр энергиясын беру және (немесе) бөлу жөніндегі;
әуежайда қызмет көрсетілетін жолаушылардың саны жылына үш жүз мың адамнан аспайтын әуежайлардың реттеліп көрсетілетін қызметтерін ұсынатын табиғи монополия субъектiсi.
Қуаттылығы аз табиғи монополия субъектісіне кірісі күнтізбелік бір жыл ішінде табиғи монополия субъектісінің барлық көрсетілетін қызметінен түсетін кірістің бес пайызынан аспайтын көрсетілетін қызмет бойынша табиғи монополия субъектісі де жатады. Бұл ретте, қалған реттеліп көрсетілетін қызметтер бойынша табиғи монополия субъектісі қуаттылығы аз табиғи монополия субъектісіне жатпайды;
30) магистральдық теміржол желілерінің көрсетілетін қызметтерінің бағалық шектері – уәкілетті орган магистральдық теміржол желілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне тарифтерге индекстер түрінде бекіткен тарифтердің ең жоғары және ең төменгі деңгейлері;
31) амортизациялық аударымдардың қаражатын мақсатқа сай пайдаланбау – бекітілген тарифтерде және (немесе) тарифтік сметаларда амортизациялық аударымдардың есебінен көзделген қаражатты реттеліп көрсетілетін қызметтерге пайдаланылатын тіркелген активтердегі күрделі қаржы салымдарына және тартылған кредиттік ресурстар бойынша негізгі борышты қайтаруға байланысы жоқ мақсаттарға жұмсау;
32) стратегиялық тауарларды өндірушілер:
стратегиялық тауарларды өндіретін;
стратегиялық тауарларды өндіруге (өңдеуге) арналған шикізаттың меншік иесі болып табылатын;
Қазақстан Республикасының аумағында стратегиялық тауарларды тікелей шетелдік өндірушінің атынан өткізетін жеке және заңды тұлғалар.
33) бақыланбайтын шығындар – табиғи монополиялар субъектінің реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсынумен байланысты, шамасы табиғи монополия субъектісінің қызметіне тәуелді емес шығындары.
5-бап. Табиғи монополиялар аясы
1. Қазақстан Республикасында табиғи монополиялар аясына:
1) мұнайды және (немесе) мұнай өнімдерін Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттеу және Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге экспорттау мақсатында тасымалдауды қоспағанда, оларды магистральдық құбыржолдар арқылы тасымалдау жөніндегі;
2) Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттеу және Қазақстан Республикасынан тысқары жерге экспорттау мақсатында тауарлық газды сақтауды, тасымалдауды қоспағанда, тауарлық газды сақтау, жалғастырушы, магистральдық газ құбыржолдары және (немесе) газ тарату жүйелері арқылы тасымалдау, топтық резервуарлық қондырғыларды пайдалану, сондай-ақ шикі газды жалғастырушы газ құбыржолдары арқылы тасымалдау жөніндегі;
3) электр энергиясын беру жөнiндегi;
4) топырақтың жылуы, жерасты сулары, өзендер, су айдындары, өнеркәсіптік кәсіпорындардың және электр станцияларының, кәріздік-тазарту құрылысжайларының сарқынды сулары пайдаланылып өндірілген жылу энергиясын қоспағанда, жылу энергиясын өндіру, беру, бөлу және (немесе) онымен жабдықтау жөніндегі;
5) электр энергиясын желiге босатуды және тұтынуды техникалық диспетчерлендiру жөніндегі;
6) электр энергиясын өндірудің-тұтынудың теңгерімін ұйымдастыру жөніндегі;
7) Қазақстан Республикасының аумағы арқылы контейнерлермен жүктерді тасымалдау, бос контейнерлерді тасымалдау және жүктерді транзиттік тасымалдау кезінде магистральдық теміржол желісінің көрсетілетін қызметтерін қоспағанда, магистральдық теміржол желілерінің;
8) бәсекелес темір жол болмаған кезде концессия шарттары бойынша темір жол көлігінің объектілері бар теміржолдардың;
9) бәсекелес кірме жол болмаған кезде кірме жолдардың;
10) халықаралық және транзиттік ұшуға аэронавигациялық қызмет көрсетуді қоспағанда, аэронавигацияның;
11) порттық қызмет көрсету нарығында бәсекелестік болмаған кезде, порттардың;
12) Қазақстан Республикасының әуежайларында коммерциялық емес мақсаттарда техникалық қонуды жүзеге асыра отырып, Қазақстан Республикасының әуе кеңістігі арқылы транзиттік ұшып өтуді жүзеге асыратын авиатасымалдарға және халықаралық бағыттар бойынша қызмет көрсетуді қоспағанда, әуежайлардың;
13) шағын кәсіпкерлік субъектілері қызметін қоспағанда, кәбілдік кәрізді мүліктік жалға (жалдауға) немесе пайдалануға беру жөніндегі;
14) сумен жабдықтаудың және (немесе) су бұрудың реттеліп көрсетілетін қызметтері жатады.
2. Табиғи монополиялар аясында ұсынылатын және мемлекеттік реттеуге жататын реттеліп көрсетілетін қызметтердің тізбесін уәкілетті орган бекітеді.
3. Табиғи монополиялар субъектiлерi республикалық және жергiлiктi бөлiмдерден тұратын Табиғи монополиялар субъектiлерiнiң мемлекеттiк тiркелiмiне реттеліп көрсетiлетiн қызметтер көрсетіле отырып енгiзiлуге жатады.
4. Табиғи монополиялар аясын кеңейту Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
2-тарау. Табиғи монополиялар аясындағы қызметті мемлекеттік реттеу
6-бап. Табиғи монополиялар аясындағы қызметті мемлекеттік реттеу
Табиғи монополиялар аясындағы қызметті мемлекеттік реттеу:
1) Табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркелімін қалыптастыру;
2) табиғи монополиялар субъектілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне тарифтерді белгілеу;
3) табиғи монополиялар аясын тарифтік реттеу әдістерін айқындау;
4) табиғи монополиялар субъектісінің "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жекелеген әрекеттерді жасауына келісім беру;
5) Табиғи монополиялар субъектілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтерінің тізбесін қалыптастыру, аталған қызметтерді көрсетуді регламенттеу, олардың сапасын бағалау және бақылау арқылы жүзеге асырылады.
7-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) табиғи монополиялар аясындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді;
2) Қазақстан Республикасының Конституциясында, заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде өзіне жүктелген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
8-бап. Уәкілетті органның құзыреті
1. Уәкiлеттi орган:
1) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне, осы Заңға және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес табиғи монополиялар субъектiлерiнің қызметін мемлекеттік реттеуді жүзеге асырады;
2) табиғи монополиялар аясындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру жөнінде ұсыныстарды әзірлейді;
3) Табиғи монополиялар субъектiлерiнің мемлекеттік тіркелімін қалыптастырады және жүргізеді;
4) реттеліп көрсетілетін қызметтерге тарифтерді қалыптастыру тәртібін әзірлейді және бекітеді;
5) табиғи монополия субъектілерінің қызметін жүзеге асыру тәртібін әзірлейді және бекітеді;
6) табиғи монополиялар субъектілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсынуының үлгілік шарттарын әзірлейді және бекітеді;
7) өтінімді қарауға қабылдайды не өтінімді қарауға қабылдаудан бас тартады;
8) табиғи монополиялар субъектілерінің тарифтерді бекітуге берген өтінімдерін қарау кезінде жария тыңдаулар өткізеді және жария тыңдаулар өткізу туралы хабарландыруды орналастырады;
9) осы Заңда белгіленген жағдайларда тарифті бекітеді;
10) қуаттылығы аз табиғи монополия субъектілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне тарифті индекстеу деңгейін айқындайды;
11) өзі бекіткен табиғи монополиялар субъектісінің тарифтік сметасын бекітеді және оған өзгерістер енгізеді;
12) тиісті мемлекеттік органмен бірлесіп Табиғи монополиялар субъектілері мемлекеттік тіркелімінің республикалық бөліміне енгізілген табиғи монополиялар субъектілерінің және осы Заңның 5-бабы 1-тармағының 9), 10), 12) және 13) тармақшаларында көзделген реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсынатын табиғи монополиялар субъектілерінің инвестициялық бағдарламаларын бекітеді және оларға өзгерістер енгізеді;
13) жергілікті атқарушы органмен бірлесіп, Табиғи монополиялар субъектілері мемлекеттік тіркелімінің жергілікті бөліміне енгізілген табиғи монополиялар субъектілерінің инвестициялық бағдарламаларын бекітеді және оларға өзгерістер енгізеді;
14) уақытша өтемдік тарифті бекітеді;
15) табиғи монополиялар субъектісінің "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жекелеген әрекеттерді жасауына келісім береді;
16) тиісті мемлекеттік органдармен келісу бойынша реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапа және сенімділік көрсеткіштерін әзірлейді және бекітеді;
17) жеке және заңды тұлғалардан, оның iшiнде мемлекеттiк органдардан, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарынан, сондай-ақ олардың лауазымды адамдарынан өз өкiлеттiктерін жүзеге асыруы үшiн қажеттi ақпаратты сұратады және алады;
18) табиғи монополиялар субъектілеріне осы Заңды бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар енгізеді;
19) осы Заң бұзылған жағдайларда сотқа жүгiнеді;
20) табиғи монополиялар субъектілерінің тарифтік сметаның, инвестициялық бағдарламаның орындалуы және реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапа және сенімділік көрсеткіштерін сақтау, сондай-ақ табиғи монополия субъектісінің қызметі тиімділігінің көрсеткіштеріне қол жеткізу туралы есептеріне талдау жүргізеді;
21) Тарифтік саясат жөніндегі кеңестің ережесі мен құрамын әзірлейді және бекітеді;
22) есепке алу аспаптары жоқ тұтынушылар үшін табиғи монополиялар аясында коммуналдық қызметтерді тұтыну нормаларын келіседі;
23) табиғи монополиялар субъектілерінің және тұтынушылардың өтініштерін қарайды;
24) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының, оның ішінде концессиялық жобаның конкурстық құжаттамасын, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының, оның ішінде концессия шартының жобаларын, оларға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуді келіседі;
25) мемлекеттік немесе жергілікті атқарушы органдардан реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсынған кезде технологиялық циклде пайдаланылатын мүлікті балансқа және (немесе) сенімгерлік басқаруға қабылдаған жағдайда, сонымен бірге электр желілерін басқа энергия беруші ұйымдардан өтеусіз пайдалануға алған кезде, тарифтік сметаға тарифті көтерместен өзгеріс енгізеді;
26) уақытша төмендету коэффициентін бекітеді;
27) табиғи монополиялар аясы бойынша бес жылдық кезеңге реттеліп көрсетілетін қызметтерге тарифтердің болжамдық индекстерін белгілейді;
28) есепке алу аспаптары жоқ тұтынушылар үшін табиғи монополиялар аясындағы коммуналдық қызметтерге ақы төлеу мөлшерін бекітеді;
29) магистральдық теміржол желілерінің көрсетілетін қызметтеріне бағалық шектерді бекітеді;
30) реттеліп көрсетілетін қызметтерге тарифтерді қалыптастыру тәртібіне сәйкес магистральдық теміржол желілерінің көрсетілетін қызметтеріне жыл сайын бекітілген бағалық шектерді түзетеді;
31) табиғи монополия аясын тарифтік реттеу әдісін айқындайды;
32) табиғи монополиялар субъектілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтерінің тізбесін бекітеді;
33) реттеліп көрсетілетін қызметтеріне тарифтер тарифтік реттеудің ынталандыру әдісін қолданумен бекітілетін табиғи монополиялар субъектілерінің тізбесін бекітеді;
34) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
9-бап. Өзге мемлекеттік органдардың құзыреті
Энергетика, теміржол көлігі, газды өндіру, тасымалдау (тасу), сақтау және көтерме саудада өткізу, сондай-ақ тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу және тұтыну, су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру аясындағы және табиғи монополиялардың өзге аясында мемлекеттік органдар:
1) өз құзыреті шегінде табиғи монополиялар аясындағы мемлекеттік саясатты әзірлеуге және іске асыруға қатысады;
2) уәкілетті органмен бірлесіп, бәсекелес кірме жол болмаған кезде, кірме жолдардың көрсетілетін қызметтері бойынша Табиғи монополиялар субъектілері мемлекеттік тіркелімінің республикалық бөліміне немесе Табиғи монополиялар субъектілері мемлекеттік тіркелімінің жергілікті бөліміне енгізілген табиғи монополия субъектісінің инвестициялық бағдарламасын бекітеді және оған өзгерістер енгізеді;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
10-бап. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының құзыреті
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының құзыреті:
1) өз құзыреті шегінде табиғи монополиялар аясында мемлекеттік саясатты әзірлеуге және іске асыруға қатысады;
2) уәкілетті органмен келісу бойынша осы Заңның 5-бабы 1-тармағының 9), 10), 12) және 13) тармақшаларында көзделген реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсынатын табиғи монополиялар субъектілерін қоспағанда, Табиғи монополиялар субъектілері мемлекеттік тіркелімінің жергілікті бөліміне енгізілген табиғи монополия субъектісінің инвестициялық бағдарламасын бекітеді және оған өзгерістер енгізеді;
3) уәкілетті органмен келісу бойынша есепке алу аспаптары жоқ тұтынушылар үшін табиғи монополиялар аясындағы коммуналдық қызметтерді тұтыну нормаларын бекітеді;
4) осы Заңда, Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
11-бап. Табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркелімін қалыптастыру
1. Табиғи монополия аясына жатқызылған реттеліп көрсетілетін қызметті көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыратын дара кәсіпкер немесе заңды тұлға реттеліп көрсетілетін қызметтерді тұтынушыларға ұсынған күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде табиғи монополия субъектісін немесе реттеліп көрсетілетін қызметті Табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркеліміне енгізу туралы өтінішпен уәкілетті органға жүгінеді.
2. Табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркеліміне енгізуді және одан шығаруды уәкілетті орган жүргізеді.
3. Табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркелімі республикалық және жергілікті бөлімдерден тұрады.
4. Табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркелімінің республикалық бөліміне екі және одан көп облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың аумағында реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсынатын табиғи монополиялар субъектілері енгізіледі.
Табиғи монополиялар субъектілері мемлекеттік тіркелімінің жергілікті бөлімдеріне бір облыстың немесе республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың аумағында реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсынатын табиғи монополиялар субъектілері енгізіледі.
Аэронавигация, әуежайлар, телекоммуникациялар мен пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтері салаларында реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсынатын табиғи монополиялар субъектілері Табиғи монополиялар субъектілері мемлекеттік тіркелімінің республикалық бөліміне енгізіледі.
5. Табиғи монополия субъектісі Табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркеліміне реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсыну орны бойынша енгізілуі тиіс шетелдік заңды тұлғаларды қоспағанда, дара кәсіпкерді немесе заңды тұлғаны Табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркеліміне тіркеу орны бойынша енгізеді.
6. Табиғи монополиялар аясына жатқызылған көрсетілетін қызметті ұсыну тоқтатылған жағдайда, табиғи монополия субъектісі реттеліп көрсетілетін қызметті ұсыну тоқтатылған күннен бастап күнтізбелік он бес күннен кешіктірмей уәкілетті органға Табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркелімінен шығару (Табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркеліміне өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу туралы) туралы өтініш береді.
12-бап. Табиғи монополиялар аясын тарифтік реттеу әдістері
1. Табиғи монополиялар субъектілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне тарифтерді белгілеу кезінде тарифтік реттеудің:
1) шығын;
2) ынталандырушы;
3) индекстеу;
4) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын, оның ішінде концессия шартын жасасу кезінде тарифті айқындау әдістері қолданылады.
2. Тарифтік реттеу әдісі:
1) табиғи монополиялар субъектілерінің тарифтік реттеудің тиісті әдісін қолдануға экономикалық және технологиялық тұрғыдан дайын болған;
2) табиғи монополиялар субъектілеріне және тұтынушыларға олар орындай алмайтын міндеттерді жүктеуге жол бермеген жағдайларда қолданылады.
13-бап. Табиғи монополия субъектісінің жекелеген әрекеттерді жасауына келісім беру
1. Табиғи монополиялар субъектісі:
1) егер ағымдағы жылдың басындағы бухгалтерлік баланста ескерілген мүліктің баланстық құны ағымдағы жылдың басындағы бухгалтерлiк балансқа сәйкес оның активтерінің баланстық құнының 0,05 пайызынан асып кетсе, реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсыну үшін пайдаланылатын мүлікпен мәмілелер жасауға;
2) қайта ұйымдастыруға немесе таратуға уәкілетті органның келісімін алуға міндетті.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген әрекеттерді жасауға келісім беруден, егер:
1) бұл табиғи монополия субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне тарифтерді жоғарылатуға әкеп соқса;
2) бұл тұтынушылармен жасалатын шарттарды бұзуға әкеп соқса;
3) бұл тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтіруге әкеп соқса;
4) бұл реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсынудың технологиялық жүйесімен үздіксіз байланыстың бұзылуына немесе реттеліп көрсетілетін қызметтер сапасының төмендеуіне әкеп соқса;
5) осы баптың 3 және 4-тармақтарында көзделген құжаттардың толық топтамасы ұсынылмаса не ұсынылған құжаттарда анық емес ақпарат қамтылған болса, бас тартылуға тиіс.
3. Егер ағымдағы жылдың басындағы бухгалтерлік баланста ескерілген мәміле жасалатын мүліктің баланстық құны ағымдағы жылдың басындағы бухгалтерлiк балансқа сәйкес оның активтерінің баланстық құнының
0,05 пайызынан асып кетсе, табиғи монополиялар субъектісінің мүлкімен мәмілелер жасауға уәкілетті органның келісімін алу үшін табиғи монополия субъектісі өтінішхат ұсынады, оған мынадай құжаттар, ақпарат (мәліметтер):
1) осы мәміле туралы шарттың және (немесе) шешімнің (бұйрықтың) жобасы;
2) төленбеген шоттардың (дебиторлық берешекпен мәміле жасау кезінде) тізілімі;
3) басшы қол қойған, мөрмен расталған бухгалтерлік баланстан үзінді көшірме-растау (үзінді көшірме иеліктен шығарылатын мүліктің объектілер бойынша бөлінісіндегі атауын, үлгісін, түрін, түгендеу нөмірін, бастапқы, қалдық құнын қамтуға тиіс) қамтылған құжат;
4) табиғи монополия субъектілерінің қызметті жүзеге асыру тәртібіне сәйкес белгіленген нысан бойынша жылжымайтын мүліктің болуы немесе болмауы туралы;
5) тендер нысанындағы сауда-саттықтарда табиғи монополия субъектісінің мүлкін иеліктен шығару жағдайларын қоспағанда, өтінішхат берілген күннен алты айдан кешіктірілмей, мүлікті сатып алушының қаржылық жағдайы туралы мәліметтерді қамтитын құжат;
6) жарғының және (немесе) құрылтай шартының көшірмелері, ол бар болған жағдайда;
7) мәміле жасау табиғи монополия субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне тарифті жоғарылатуға алып келмейтінін және оның қаржылық-шаруашылық қызметінің нашарлауына алып келмейтінін растайтын есеп;
8) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес келетін алдыңғы және ағымдағы күнтізбелік жылға арналған қаржылық есептілік қоса беріледі.
4. Табиғи монополия субъектісін қайта ұйымдастыруға немесе таратуға уәкілетті органның келісімін алу үшін табиғи монополия субъектісі өтінішхат ұсынады, оған мынадай құжаттар, ақпарат (мәліметтер):
1) анықтама-негіздеме, сондай-ақ табиғи монополия субъектісін қайта ұйымдастыру қажеттігінің экономикалық негіздемесі (реттеліп көрсетілетін қызметтерге тарифтің болжанатын жобасымен бірге);
2) табиғи монополия субъектісінің қаржылық-шаруашылық қызметінің талдауы, оның ішінде өткен жылға және ағымдағы жылдың тиісті кезеңіне бухгалтерлік баланстар (қосымшалармен бірге) және оларға да бірігу мен қосылуға қатысатын басқа тұлғаларға қатысты сол түсіндірме жазбалар;
3) бірігу, қосылу, қайта құрылу кезінде – тапсыру актісінің жобасы, сондай-ақ табиғи монополия субъектісінің бірігуіне, қосылуына қатысатын басқа да тұлғалар туралы мәліметтер;
4) бөлу немесе бөлініп шығу кезінде – бөлу балансының көшірмесі, сондай-ақ табиғи монополия субъектісінің бөлінуімен, бөлініп шығуымен байланысты құрылатын тұлғалардың құрылтай құжаттарының жобалары;
5) табиғи монополия субъектісі мүлкінің меншік иесінің қайта ұйымдастыру немесе тарату туралы шешімі;
6) жаңадан пайда болатын заңды тұлғалардың әрқайсының орналасқан жері туралы мәліметтері қамтылған құжат;
7) табиғи монополия субъектісінің басқа заңды тұлғаларға қатысуы туралы анықтама қоса беріледі.
5. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген әрекеттерді жасау үшін табиғи монополия субъектісі уәкілетті органға осындай әрекеттерді жүзеге асыруға келісім беру туралы өтінішхатты табиғи монополия субъектілерінің қызметті жүзеге асыру тәртібіне сәйкес белгіленген нысанда ұсынуға және осы баптың 3 және 4-тармақтарына сәйкес құжаттарды беруге міндетті.
Қуаттылығы аз табиғи монополия субъектісі осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген әрекеттерді жасағанға дейін кемінде күнтізбелік он күн бұрын уәкілетті органға өзінің осы әрекеттерді жасау ниеті туралы ақпаратты жіберуге міндетті.
6. Өтінішхатқа қоса берілетін құжаттар тігіледі, нөмірленеді, мөрмен және табиғи монополия субъектісі басшысының не оны алмастыратын адамның не табиғи монополия субъектісі басшысы орынбасарының қолымен куәландырады, бұл талап өтінішхатты электрондық нысанда беруге қолданылмайды.
3-тарау. Табиғи монополиялар субъектілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне тарифтерді қалыптастыру
14-бап. Табиғи монополиялар субъектілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне тарифтерді қалыптастыру тәртібі
1. Тариф табиғи монополия субъектісін дамытуға және оның тиімді жұмыс істеуіне және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де мақсаттарға бағытталатын реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсыну бойынша шығындарды өтеуді және пайда алуды қамтамасыз етуге тиіс.
2. Тариф осы Заңда белгіленген жағдайларды қоспағанда, бес жыл және одан көп мерзімге белгіленеді.
3. Тарифтің қолданылу мерзімі өткен жағдайда, табиғи монополия субъектісі инвестициялық бағдарламаны іске асыруға тартылған қарыздар бойынша негізгі борышты өтеуге бағытталған қаражатты қоспағанда, инвестициялық бағдарламаны (амортизациялық аударымдар мен пайданы) іске асыруға бағытталған қаражатты есепке алмастан, уәкілетті орган бекіткен тариф бойынша көрсетілетін қызметтерді ұсынады.
4. Уәкілетті органның тарифті бекітуі үшін табиғи монополия субъектісі өтінім береді.
5. Өтінім электрондық түрде беріледі.
6. Өтінімді уәкілетті орган ол берілген кезден бастап тоқсан жұмыс күні ішінде қарайды.
7. Тарифті бекітуге арналған өтінімге мыналар:
1) тарифтің (не салалық ерекшеліктерді есепке ала отырып прейскуранттың) жобалары;
2) уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша негіздейтін материалдарды қоса бере отырып, тарифтік сметаның жобасы;
3) тарифті бекіту қажеттілігі туралы анықтама-негіздеме;
4) инвестициялық бағдарламаның жобасы немесе бекітілген инвестициялық бағдарлама;
5) негізгі құралдар құнының өсуіне әкеп соқпайтын жөндеуге бағытталған шығындар сметасы;
6) алдыңғы күнтізбелік екі жыл үшін қаржылық есептілік;
7) мыналар:
қаржы-шаруашылық қызметі, инвестициялық қызмет туралы;
мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысандар бойынша алдыңғы күнтізбелік екі жыл үшін негізгі қорлардың жай-күйі, жекелеген лауазымдар мен мамандықтар және еңбек бойынша жұмыскерлер жалақысының мөлшері туралы есептер туралы;
алдыңғы төрт тоқсан ішіндегі шығындар жөніндегі нақты деректер туралы есептер;
8) шығындардың бап бойынша есептемесі;
9) пайданың есептемесі;
10) персонал санының, шикізат, материалдар, отын, энергия қажеттілігінің және тиісті салада (аяда) қолданылатын үлгілік нормалар мен нормативтердің негізінде болған техникалық ысыраптардың есептемелері;
11) алдыңғы күнтізбелік жыл үшін материалдық, қаржылық ресурстарды, жабдықты және тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша конкурстық (тендерлік) комиссиялардың шешімдерінің көшірмелері;
12) инвестициялық бағдарламаны (жобаны) іске асыруға дейін пайдаланылатын және жылдар бойынша бөле отырып, ұзақ мерзімді кезеңге инвестициялық бағдарламаны (жобаны) іске асыру кезінде пайдаланылатын негізгі құралдарға амортизациялық аударымдардың есептемесі;
13) қаржыландыру және қарыз ресурстарын өтеу шарттары туралы растайтын құжаттар;
14) табиғи монополия субъектісінің жобалық қуаты туралы және оны іс жүзінде пайдалану туралы деректер;
15) реттеліп көрсетілетін қызметтердің жоспарланатын көлемін растайтын құжаттар (ниет хаттамалары, шарттар, жалпыға бірдей сапалы қызмет көрсету міндеті және табиғи монополия субъектісінің мүмкіндіктері, тарифтердің деңгейін сақтап тұру немесе оның өсуі мақсатында көлемді төмендетуге жол бермеу негізінде тауарларды өндіру көлемінің есептемелері, тұтынушылық сұранысты маркетингтік зерттеу материалдары) қоса беріледі.
Тарифтік реттеудің ынталандыру әдісін қолдана отырып тарифті бекітуге арналған өтінімге осы баптың 7-тармағының 1), 3), 4), 6), 7), 9), 10), 13), 14) және 15) тармақшаларында көзделген құжаттар, сондай-ақ негіздейтін материалдарды қоса бере отырып, реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапа және сенімділік көрсеткіштері мен табиғи монополия субъектісі қызметінің тиімділігі көрсеткіштерінің жобалары қоса беріледі.
8. Уәкілетті орган өтінімді алған күннен бастап жеті жұмыс күнінен кешіктірмей ұсынылған өтінімнің және қоса берілетін есептемелер мен негіздейтін материалдардың толықтығын осы баптың 7-тармағына сәйкестігіне тексереді және табиғи монополия субъектісін өтінімнің қарауға қабылданғаны туралы немесе осы баптың 10-тармағына сәйкес бас тарту себептерін көрсете отырып, өтінімді қарауға қабылдаудан бас тарту туралы жазбаша түрде хабардар етеді.
9. Өтінімге осы баптың 7-тармағына сәйкес қоса берілетін есептемелер мен негіздейтін материалдар мына рәсімдер сақтала отырып ұсынылады:
1) өтінім материалдары тігіледі, нөмірленеді, табиғи монополия субъектісі басшысының не оны алмастыратын адамның не табиғи монополия субъектісі басшысы орынбасарының мөрімен және қолтаңбасымен расталады, бұл талап өтінімді электрондық нысанда беруге қолданылмайды;
2) негіздейтін материалдар ретінде өтінім берудің алдындағы төрт тоқсан үшін және алдыңғы күнтізбелік жыл үшін шығындар мен көлемдер туралы іс жүзіндегі деректер ұсынылады;
3) табиғи монополия субъектісі жүзеге асыратын әрбір қызмет түріне жеке дайындалады.
10. Өтінімді қарауға қабылдаудан бас тартудың негіздері мыналар:
1) табиғи монополия субъектісінің осы баптың 7-тармағында көрсетілген құжаттарды ұсынбауы;
2) ұсынылған құжаттардың осы баптың 9-тармағына сәйкес келмеуі;
3) осы Заңның 24-бабының 7-тармағында көзделмеген мәліметтерді коммерциялық құпияға жатқызу болып табылады.
11. Егер өтінімді қарау кезінде қосымша ақпарат қажет болса, уәкілетті орган оны өтініш берушіден кемінде бес жұмыс күні деген мерзімді белгілей отырып, жазбаша түрде сұратуға құқылы.
Бұл ретте өтінімді қарау табиғи монополия субъектісін хабардар ете отырып, қажетті ақпаратты алғанға дейін тоқтатыла тұрады.
12. Жария тыңдауларды:
1) уәкілетті орган табиғи монополия субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне тарифтерді бекіту кезінде тариф бекітілгенге дейін күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей, табиғи монополия субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметіне тарифті оңайлатылған тәртіппен бекіткен кезде, соңдай-ақ осы Заңның 21-бабы 1-тармағының 4), 6), 7), 8) және 9) тармақшаларында көзделген жағдайларда тариф бекітілгенге дейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей;
2) табиғи монополия субъектісі тарифті белгілеу немесе айқындау кезінде белгіленген немесе айқындалған тариф туралы тұтынушыларға хабарлағанға дейін күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей өткізеді.
13. Табиғи монополия субъектісі жария тыңдаулар өткізу күні туралы ақпарат жарияланғаннан кейін жария тыңдауларға қатысушылардың талабы бойынша:
реттеліп көрсетілетін қызметтерге тарифтер және тарифтік сметалар жобаларын;
экономикалық негізделген есептеулермен бірге реттеліп көрсетілетін қызметтерге тарифтердің көтерілу себептері туралы ақпаратты ұсынуға міндетті.
14. Уәкілетті орган өтінімді қарау қорытындысы бойынша тарифтің, тарифтік сметаның және инвестициялық бағдарламаның жобаларын түзетуге құқылы.
15. Табиғи монополия субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне тарифті бекіту кезінде тариф:
1) тұтынушыларда есепке алу аспаптарының болуына немесе болмауына;
2) тұтынушылар тобына;
3) тасымалданатын жүктердің түріне, жылжымалы құрамның типіне, тасымалдаудың арақашықтығына, тасымалданатын жүктердің көлеміне (салмағына) байланысты саралануы мүмкін.
16. Тарифті бекіту туралы шешім табиғи монополия субъектісіне тарифті бекіту туралы шешім қабылданған күннен бастап күнтізбелік бес күннен кешіктірілмей жолданады.
Уәкілетті орган тарифтерді бекіту туралы шешіммен табиғи монополия субъектісі өтініммен бірге ұсынған шығындар мен пайданың баптарын өзгертудің және нақтылаудың негіздемесін табиғи монополия субъектісіне жолдайды.
17. Тариф осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, тариф бекітілген айдан кейінгі келесі айдың бірінші күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
18. Табиғи монополия субъектісі тарифті белгілеу туралы ақпаратты ол қолданысқа енгізілгенге дейін күнтізбелік отыз күн бұрын тұтынушының назарына жеткізуге міндетті.
19. Егер субъект тұтынушыларды осы Заңда көзделген мерзімде тарифті енгізу туралы хабардар етпесе, онда көрсетілген тариф уәкілетті органның шешімінде көрсетілген күннен бастап енгізілмейді. Бекітілген тарифті енгізу тариф бекітілген айдан кейінгі айдың үшінші айының бірінші күнінен бастап жүзеге асырылады.
20. Табиғи монополия субъектісі ағымдағы жылғы 1 қарашаға дейін тарифті арттырмай бекітілген тарифтік сметаны өзгерту туралы ұсыныспен уәкілетті органға жүгінуге құқылы.
21. Реттеліп көрсетілетін қызметтерге тарифтерді қалыптастыру тәртібінде мыналар:
1) осы Заңда көзделген тарифтік реттеу әдістері ескеріле отырып, тарифтерді есептеу әдістемесі және оларды қолдану тәртібі;
2) уақытша өтемдік тарифті бекіту тәртібі;
3) тарифті саралау тәртібі;
4) тарифтерді оңайлатылған тәртіппен бекіту тәртібі;
5) табиғи монополия субъектісінің инвестициялық бағдарламасын бекіту және оны өзгерту тәртібі;
6) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын, оның ішінде концессия шартын жасау кезінде табиғи монополиялар субъектілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне тарифтерді айқындау тәртібі;
7) уақытша төмендетілетін коэффициентті бекіту тәртібі;
8) реттеліп көрсетілетін қызметтердің әрбір түрі бойынша және тұтастай алғанда өзге де қызмет бойынша кірістердің, шығындар мен қолданылатын активтердің бөлек есебін жүргізу тәртібі;
9) сыртқы ауаның нақты температурасы ескеріле отырып, жылу энергиясымен жабдықтау бойынша көрсетілетін қызметтер құнын қайта есептеу тәртібі;
10) табиғи монополия субъектісі пайдасының рұқсат етілетін деңгейін айқындау тәртібі;
11) уәкілетті орган бекіткен тарифтің қолданылу мерзімі өткенге дейін оны өзгерту тәртібі;
12) тарифте ескерілетін және ескерілмейтін шығындар тізбесі, табиғи монополия субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне арналған тарифте ескерілетін шығын мөлшерін шектеу тәртібі;
13) тарифті индекстеу тәртібі;
14) тариф, тарифтік сметалар, инвестициялық бағдарламалар жобаларының, тарифтік сметалар мен инвестициялық бағдарламалардың орындалуы туралы есептердің нысандары;
15) магистральдық теміржол желілерінің көрсетілетін қызметтерінің баға шектерін есептеу және оларды жыл сайынғы түзету әдістемесі;
16) магистральдық теміржол желілерінің көрсетілетін қызметтерінің баға шектерін қолдану тәртібі;
17) реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапа және сенімділік көрсеткіштерін бекіту тәртібі;
18) реттеліп көрсетілетін қызметтерге тарифтердің болжалды индекстерін есептеу және қолдану тәртібі көзделеді.
22. Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметті жүзеге асыруының тәртібінде:
1) Табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркеліміне енгізу және одан шығару тәртібі;
2) жария тыңдаулар өткізу тәртібі;
3) табиғи монополия субъектісінің жекелеген әрекеттерді жасауына келісім беру тәртібі;
4) табиғи монополиялар субъектілерінің сатып алуды өткізуінің тәртібі;
5) табиғи монополиялар аясында көрсетілетін қызметтерге қол жеткізудің тең жағдайларын қамтамасыз ету тәртібі;
6) табиғи монополиялар аясында реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсыну бойынша, оның ішінде тұтынушылар мен өзге де мүдделі тұлғалар алдында табиғи монополиялар аясындағы коммуналдық қызметтерді ұсыну бойынша табиғи монополия субъектісінің қызметі туралы жыл сайынғы есепті өткізу және орналастыру тәртібі;
7) мемлекеттік құпияларға және заңмен қорғалатын өзге де құпияға жататын мәліметтерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес реттеліп көрсетілетін коммуналдық қызметтердің бос және қолжетімді қуаттылықтары, сыйымдылықтары, орындары, желілерінің өткізу қабілеттері, сондай-ақ инженерлік коммуникациялар схемасының бар екендігі туралы ақпаратты орналастыру тәртібі;
8) үйдің ортақ жылу энергиясын есепке алу аспаптарын сатып алуға және орнатуға ақы төлеуді келісу тәртібі;
9) мыналардың:
егер мүліктің ағымдағы жылдың басындағы бухгалтерлiк баланста ескерілген баланстық құны ағымдағы жылдың басындағы бухгалтерлiк балансқа сәйкес оның активтерiнiң баланстық құнының 0,05 пайызынан асып кетсе, реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсыну үшін пайдаланылатын мүлікпен мәмiлелер жасауға және табиғи монополиялар субъектiлерiн қайта ұйымдастыруға немесе таратуға келісім беру туралы өтінішхаттың;
жылжымайтын мүліктің болуы немесе болмауы туралы мәліметтердің;
мыналар:
табиғи монополия субъектісінің тұтынушылар мен өзге де мүдделі тұлғалар алдында табиғи монополиялар аясында реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсыну жөніндегі қызметі;
табиғи монополиялар субъектілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапа және сенімділік көрсеткіштеріне қол жеткізуі туралы;
табиғи монополия субъектісінің қызметі тиімділігінің көрсеткіштері туралы жылдық есептің нысандары;
10) тұтынушыларды және (немесе) уәкілетті органды белгіленген тариф туралы, тарифтің өзгеруі туралы хабардар ету тәртібі көзделеді.
23. Табиғи монополиялар субъектілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне тарифтерді белгілеу тәсілдері:
1) уәкілетті органның тарифті бекітуі;
2) табиғи монополия субъектісінің тарифті белгілеуі;
3) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын, оның ішінде концессия шартын жасасу арқылы тарифті айқындау болып табылады.
15-бап. Тарифтік реттеудің шығындық әдісі
1. Тарифтік реттеудің шығындық әдісін қолдана отырып, табиғи монополия субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне тарифті уәкілетті орган экономикалық негізделген шығындар мен пайданы айқындау арқылы бес және одан көп жыл мерзімге бекітеді.
2. Тарифтік реттеудің шығындық әдісі:
1) тарифте ескерілетін шығындардың түрлері мен мөлшерін, олардың экономикалық негізділігін есепке ала отырып шектеуді;
2) бар болған жағдайда, тиісті салада қолданылатын үлгілік нормалар мен нормативтердің негізінде айқындалған шикізат, материалдар, отын, энергия шығыстарының техникалық және технологиялық нормаларын, нормативтік техникалық ысыраптарды, персоналдың нормативтік санын қолдануды;
3) тарифтік сметаны жылдар бойынша бөле отырып бекітуді;
4) негізгі құралдар мен материалдық емес активтердің тозуын есептеудің тікелей әдісін қолдануды;
5) табиғи монополиялар субъектілеріне сатып алуды өткізу тәртібін қолдануды;
6) табиғи монополия субъектісінің көрсетілетін қызметтерді ұсыну кезінде тартылған активтерінің баланстық немесе қайта бағаланған құнын және уәкілетті орган айқындаған әдіс бойынша есептелген пайда мөлшерлемесін және инвестициялық бағдарламаны іске асыру үшін қажетті қаражат көлемін ескере отырып, пайданың жол берілетін деңгейін айқындауды;
7) инвестициялық бағдарламаны бекітуді;
8) тарифтік смета шығындарының баптарын орындамағаны, амортизациялық аударымдар қаражаты мен инвестициялық бағдарламаның іс-шараларын мақсатсыз пайдаланғаны үшін уақытша өтемдік тарифті бекітуді көздейді.
16-бап. Тарифтік реттеудің ынталандыру әдісі
1. Тарифтік реттеудің ынталандыру әдісін қолдана отырып тарифті уәкілетті орган табиғи монополия субъектісінің қызметі тиімділігінің көрсеткіштерін және реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапа және сенімділік көрсеткіштерін ескере отырып бес жылға және одан да көп мерзімге бекітеді.
2. Тарифтік реттеудің ынталандыру әдісі:
1) тарифте ескерілетін шығындардың түрлері мен мөлшерінің экономикалық негізділігін есепке ала отырып, оларды шектеуді;
2) шикiзат, материалдар, отын, энергия шығындары бар болған жағдайда, олардың техникалық және технологиялық нормаларын, нормативтiк техникалық ысыраптарды, тиісті салада қолданылатын үлгілік нормалар мен нормативтердің негізінде айқындалған персоналдың нормативтік санын қолдануды;
3) бақыланатын және бақыланбайтын шығындардың айқындалуын;
4) инвестициялық бағдарламаның іс-шараларын орындамағаны және бақыланбайтын шығындарды төмендеткені үшін уақытша өтемдік тарифті бекітуді;
5) инвестицияланған капиталды қайтаруды және инвестицияланған капиталдың кірістілік нормаларын, сондай-ақ табиғи монополия субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсыну кезінде тартылған активтерінің баланстық құнын және уәкілетті орган айқындаған әдіс бойынша есептелген пайда мөлшерлемесін ескере отырып пайданы айқындауды;
6) табиғи монополиялар субъектілерінің қызмет тиімділігінің көрсеткіштерін айқындауды;
7) негізгі құралдар мен материалдық емес активтердің тозуын есептеудің тікелей әдісін қолдануды;
8) реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапа және сенімділік көрсеткіштерін айқындауды;
9) инвестициялық бағдарламаны бекітуді көздейді.
Осы тармақтың 2) тармақшасы табиғи монополия субъектісі көрсететін қызметтің тарифін бекіту кезінде тарифтік реттеудің шығындық әдісінен тарифтік реттеудің ынталандыру әдісіне көшкен жағдайда қолданылады.
17-бап. Индекстеу әдісі
1. Қуаттылығы аз табиғи монополия субъектісі индекстеу әдісін қолдана отырып, бекітілген тарифті уәкілетті орган айқындайтыннан жоғары емес деңгейге индекстеу арқылы тарифті жыл сайын белгілейді.
2. Уәкілетті орган тарифті индекстеу деңгейін жыл сайын күнтізбелік жыл басталғанға дейін екі айдан кешіктірмей, Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму параметрлерін ескере отырып айқындайды.
18-бап. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын, оның ішінде концессия шартын жасасқан кезде тарифті айқындау
1. Мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің, оның ішінде концессионердің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне тарифтер реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсыну үшін қажетті шығындар құнынан төмен болмауы, сондай-ақ жекеше әріптестің салынған инвестицияларын қайтаруды және мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының, оның ішінде концессиялық жобаның техникалық-экономикалық параметрлеріне сәйкес салынған инвестициялардың кірістілік деңгейін қамтамасыз етуі тиіс.
2. Өз қызметін мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша, оның ішінде концессия шарты бойынша жүзеге асыратын табиғи монополиялар субъектілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне тарифтерді қалыптастыру және айқындау реттеліп көрсетілетін қызметтерге тарифтерді қалыптастыру тәртібіне сәйкес жүзеге асырылады.
3. Тарифтерді айқындау мемлекеттік-жекешелік әріптестік субъектісінің, оның ішінде концессионердің немесе уәкілетті органның бастамасы бойынша жүргізіледі.
4. Тарифтердің қолданылу мерзімі мемлекеттік-жекешелік әріптестік субъектісінің, оның ішінде концессионердің инвестициялық бағдарламаны және мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын, оның ішінде концессия шартын іске асыру мерзімінен аспайтын кезеңге белгіленеді.
19-бап. Тарифтердi оңайлатылған тәртiппен бекiту
1. Уәкілетті орган:
1) жаңадан құрылған;
2) жаңа реттеліп көрсетiлетiн қызметті (жаңа реттеліп көрсетілетін қызметтерді);
3) егер осы табиғи монополия субъектiсiнiң реттеліп көрсетiлетiн қызметтерiне қолданылып жүрген тариф объектiлер және (немесе) учаскелер бойынша бөлек бекiтiлген болса, жаңа объектiлерді және (немесе) учаскелерді сатып алған (салған) жағдайда;
4) қуаттылығы аз табиғи монополия субъектiсiнiң реттеліп көрсетiлетiн қызметтерiне тарифтi оңайлатылған тәртiппен бекітедi.
2. Тарифті оңайлатылған тәртіппен бекіту тәртібі реттеліп көрсетілетін қызметтерге тарифтерді қалыптастыру тәртібіне сәйкес айқындалады.
Тарифті оңайлатылған тәртіппен бекітуге өтінімді қарау мерзімі ол берілген кезден бастап күнтізбелік отыз күнді құрайды.
3. Осы баптың 1-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында санамаланған табиғи монополиялар субъектісі үшін оңайлатылған тәртіппен бекітілген тарифтердің қолданылу мерзімі он екі айдан аспауға тиіс.
4. Оңайлатылған тәртіппен бекітілген тарифтерді қолданысқа енгізу тариф бекітілгеннен кейінгі айдың бірінші күнінен бастап жүзеге асырылады.
5. Осы баптың 1) тармағында санамаланған табиғи монополиялар субъектілері үшін оңайлатылған тәртіппен бекітілген тарифтің қолданылу мерзімі өткеннен соң, тарифтік реттеудің шығындық әдісін қолдана отырып, реттеліп көрсетілетін қызметтерге тариф күнтізбелік бір жыл қолданылу мерзімімен бекітіледі.
Осы баптың 1-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында санамаланған табиғи монополия субъектісі үшін оңайлатылған тәртіппен бекітілген тарифтер өскен жағдайда уәкілетті орган жаңа тарифтерді енгізе отырып бір мезгілде табиғи монополия субъектісі негізсіз алған кірісті тұтынушыларға өтеу туралы шешім қабылдауға міндетті.
6. Осы баптың 1-тармағында көзделген табиғи монополиялар субъектілері тариф қолданысқа енгізілгенге дейінгі күнтізбелік бес күннен кешіктірмей, тарифтің, тариф сметасының өзгеру себептерін көрсететін ақпаратты ұсына отырып, бұл туралы тұтынушыларды хабардар етеді.
7. Жасалған мәміленің немесе банкрот деп танылған борышкер - табиғи монополия субъектісінің мүліктік массасын өткізу нәтижесінде активтері өз меншігіне түскен табиғи монополия субъектісі тұтынушыларға реттеліп көрсетілетін қызметтерді осы активтердің алдыңғы меншік иесі үшін бекітілген тарифі бойынша жаңа тариф бекітілгенге дейін, бірақ активтер келіп түскен кезден бастап он екі айдан кем болмайтын мерзімге жалғастырады.
8. Уәкілетті орган тарифті оңайлатылған тәртіппен бекіткен кезде тариф бекітілгенге дейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей жария тыңдаулар өткізеді.
20-бап. Инвестициялық бағдарламаны бекіту және оны өзгерту
1. Табиғи монополия субъектісінің инвестициялық бағдарламасы Қазақстан Республикасының даму басымдықтары және әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері ескеріле отырып әзірленеді және:
1) қолданыстағы активтерді кеңейтуге, жаңғыртуға, реконструкциялауға, жаңартуға, реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсынудың технологиялық циклінде тікелей пайдаланылатын жаңа активтерді жасауға;
2) энергия үнемдеуді және энергия тиімділігін арттыруды қамтамасыз етуге;
3) ұсынылатын реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған іс-шараларды көздейді.
2. Инвестициялық бағдарламаны:
1) уәкілетті орган табиғи монополия субъектісінің қызметі тиімділігінің көрсеткіштеріне қол жеткізу және реттеліп көрсетілетін қызметтерінің сапа және сенімділік көрсеткіштерін сақтау тұрғысынан;
2) мемлекеттік орган не осы Заңның 9 және 10-баптарында көзделген жергілікті атқарушы орган технологиялық негізділігі және реттеліп көрсетілетін қызметтерге тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыру тұрғысынан қарайды.
3. Инвестициялық бағдарламаны бекітуден бас тартуға:
1) Заңның осы бабының 1-тармағында көзделмеген іс-шаралардың болуы;
2) инвестициялық бағдарламаны қаржыландыру көздерінің болмауы;
3) негіздеуші құжаттардың болмауы немесе дұрыс емес ақпаратты қамтитын құжаттарды табыс ету негіз болып табылады.
4. Тарифті бекітуден бас тартуға уәкілетті органның, мемлекеттік органның не осы Заңның 9 және 10-баптарында көзделген жергілікті атқарушы органның инвестициялық бағдарламаны бекітуден бас тартуы негіз болып табылады.
5. Табиғи монополия субъектісінің инвестициялық бағдарламасы тарифтің қолданылу мерзіміне бекітіледі.
6. Уәкілетті орган бекіткен инвестициялық бағдарламаны іске асыру және уәкілетті орган бекіткен инвестициялық бағдарламаны іске асыру үшін тартылған қарыз қаражатын қайтару:
пайданың және тарифте ескерілген амортизациялық аударымдардың есебінен;
Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздердің есебінен жүзеге асырылады.
7. Табиғи монополия субъектісі бекітілген инвестициялық бағдарламаны тарифті көтермей өзгерту туралы өтінішпен уәкілетті органға және (немесе) мемлекеттік органға немесе осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасында көзделген жергілікті атқарушы органға бір мезгілде ағымдағы жылдың 1 қарашасына дейін жүгінуге құқылы.
Мемлекеттік бағдарламалар іске асырылған жағдайда, табиғи монополия субъектісі бекітілген инвестициялық бағдарламаны өзгерту туралы ұсыныспен уәкілетті органға және (немесе) мемлекеттік органға немесе жергілікті атқарушы органға жүгінуге құқылы.
8. Табиғи монополия субъектісі инвестициялық бағдарламаның іс-шараларын табиғи монополия субъектісіне байланысты емес себептер (шарттың екінші тарапының міндеттемелерді орындамауы, конкурс (тендер) өткізілмеді деп тану, еңсерілмейтін күштің мән-жайлары салдары) бойынша орындамаған жағдайда, инвестициялық бағдарламаның іс-шараларын орындау мерзімдері инвестициялық бағдарламаның іс-шаралары іске асырылатын жылдан кейінгі жылдың 1 наурызына дейін инвестициялық бағдарламаны түзету арқылы келесі жылға ауыстырылуы мүмкін.
Инвестициялық бағдарламаның осы іс-шараларын орындау мерзімдерін қайталап ауыстыруға жол берілмейді.
21-бап. Уәкілетті орган бекіткен тарифтің қолданылу мерзімі өткенге дейін тарифті өзгерту тәртібі
1. Уәкілетті орган бекіткен тарифтің қолданылу мерзімі өткенге дейін тарифті өзгертуге:
1) стратегиялық тауарлар құнының өзгеруі;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес төтенше жағдайдың жариялануы;
3) Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер мөлшерлемелерінің өзгеруі;
4) Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағдарламаларын іске асырумен байланысты бекітілген инвестициялық бағдарламаның өзгеруі;
5) табиғи монополия субъектісі ұсынатын реттеліп көрсетілетін қызметтер көлемінің ұлғаюы;
6) жылу энергетикасы және сумен жабдықтау салаларында көрсетілетін қызметтерді ұсыну кезінде атом-энергетикалық кешен пайдаланатын, газға және (немесе) оны тасымалдауға бағаның өзгеруімен байланысты өзі өндіретін электр энергиясының және судың өзіндік құнының өзгеруі;
7) табиғи монополия субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапа және сенімділік көрсеткіштерін сақтамауы;
8) электр энергиясын беру жөніндегі қызметті ұсынатын табиғи монополия субъектісі қызметінің мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау жөніндегі мемлекеттік органның ақпараты негізінде "Электр энергетикасы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 13-1-бабының 6-тармағының талаптарына сәйкес келмеуі;
9) табиғи монополия субъектісінің қызметі тиімділігінің көрсеткіштеріне қол жеткізбеуі негіз болып табылады.
2. Қолданылу мерзімі өткенге дейін осы баптың 1-тармағының 3), 7) және 8) тармақшаларында көзделген негіздерді қоспағанда, тариф өзгерген жағдайда, тарифтік сметада жоғарыда көрсетілген негіздерді қамтитын шығындардың тиісті баптары өзгереді.
Қолданылу мерзімі өткенге дейін тариф өзгерген кезде, осы баптың 1-тармағының 9) тармақшасына сәйкес тарифтік сметадан инвестициялық (пайда, амортизациялық аударымдар, негізгі құралдар құнының өсуіне әкеп соғатын күрделі шығындар) және реттеліп көрсетілетін қызметтерге тарифтерді қалыптастыру тәртібінде айқындалған өзге де шығындар алып тасталады.
3. Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасын қоспағанда, тарифтің өзгеруі уәкілетті органның немесе табиғи монополия субъектісінің бастамасы бойынша, жылына кемінде бір рет жүзеге асырылады.
4. Қолданылу мерзімі өткенге дейін уәкілетті орган бекіткен тарифті өзгерту үшін табиғи монополия субъектісі негіздеуші материалдарды қоса бере отырып уәкілетті органға өтінім береді.
Қолданылу мерзімі өткенге дейін тарифтің өзгеруі туралы өтінімді уәкілетті органның қарау мерзімі:
1) осы баптың 1-тармағының 1), 2), 3) және 5) тармақшаларында көзделген жағдайда, ол келіп түскен кезден бастап он жұмыс күнінен аспайтын мерзімді;
2) осы баптың 1-тармағының 4), 6), 7), 8) және 9) тармақшаларында көзделген жағдайда, ол келіп түскен кезден бастап отыз жұмыс күнінен аспайтын мерзімді құрайды.
Тарифтер уәкілетті органның бастамасы бойынша өзгерген жағдайда, табиғи монополия субъектісі уәкілетті органның тиісті хабарламасын алған күннен бастап бір ай мерзімде экономикалық негізделген есептерді және хабарламада көрсетілген ақпаратты ұсынуға міндетті.
5. Егер өтінімді қарау кезінде қосымша ақпарат қажет болған жағдайда, уәкілетті орган оны өтініш берушіден мерзімді белгілей отырып, бірақ бес жұмыс күнінен кем болмайтын мерзімде жазбаша түрде сұратуға құқылы.
Бұл ретте өтінімді қарау табиғи монополия субъектісін хабардар ете отырып, қажетті ақпаратты алғанға дейін тоқтатыла тұрады.
6. Осы баптың 1-тармағына сәйкес өзгертілген тарифтерді қолданысқа енгізу уәкілетті орган айқындайтын күннен бастап жүзеге асырылады.
7. Уәкілетті орган осы баптың 1-тармағының 4), 6), 7), 8) және 9) тармақшаларында көзделген жағдайларда, тарифті бекіткен кезде тариф бекітілгенге дейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей жария тыңдаулар өткізеді.
8. Табиғи монополиялар субъектілері, осы баптың 1-тармағында көзделген жағдайларда, тариф қолданысқа енгізілгенге дейін күнтізбелік бес күннен кешіктірмей, тарифтің, тарифтік сметаның өзгеру себептерін көрсететін ақпаратты бере отырып, бұл жөнінде тұтынушыларды хабардар етеді.
22-бап. Табиғи монополия субъектісінің сатып алуды жүзеге асыруы
1. Осы бап және табиғи монополиялар субъектілерінің сатып алуды жүзеге асыру тәртібі, мыналарды:
1) мемлекеттік сатып алуды;
2) дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан астам пайызы ұлттық басқарушы холдингке тікелей немесе жанама тиесілі табиғи монополиялар субъектілерінің сатып алуын;
3) Қазақстан Республикасының жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын, жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымнан электр және (немесе) жылу энергиясын сатып алуды;
4) Қазақстан Республикасының электр энергетикасы туралы заңнамасына сәйкес теңгерімдеуші электр энергиясын, орталықтандырылған сауда-саттықта, спот-нарықта электр энергиясын сатып алуды;
5) қуаттылығы аз табиғи монополиялар субъектілерінің сатып алуын қоспағанда, реттеліп көрсетілетін қызметтеріне тариф тарифтік реттеудің шығындық әдісі қолданыла отырып бекітілген табиғи монополиялар субъектілерінің сатып алуына қолданылады.
2. Тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу мынадай тәсілдердің бірі:
1) тендер арқылы конкурс;
2) баға ұсыныстарын сұрату;
3) бір көзден алу;
4) тауар биржалары арқылы жүзеге асырылады.
3. Тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу Заңның осы бабында белгіленгеннен басқа жағдайларда, конкурс тәсілімен жүзеге асырылады.
4. Егер біртекті тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің құндық мәндегі жылдық көлемі республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген төрт мың еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен аспаса, баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алу осындай біртекті тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге өткізіледі. Бұл ретте баға шешуші шарт болып табылады.
5. Бір көзден алу тәсілімен сатып алу:
1) егер конкурс немесе баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алу өткізілмеді деп танылған;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген бағалар, тарифтер бойынша тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу;
3) сатып алынатын тауарларға, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерге айрықша құқықтарға ие тұлғадан зияткерлік меншік объектілері болып табылатын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу;
4) еңсерілмейтін күш мән-жайлары туындауы салдарынан, оның ішінде төтенше жағдайлардың зардаптарын оқшаулау және (немесе) жою, аварияларды жою үшін тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу;
5) өкілдік ету шығыстарына байланысты тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу;
6) қағаз және (немесе) электрондық жеткізгіштердегі мерзімді баспасөз басылымдарын сатып алу;
7) мынадай:
Қазақстан Республикасының атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы заңнамасына сәйкес сот орындаушылары өткізетін;
Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасына сәйкес өткізілетін;
Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес өткізілетін;
мемлекеттік мүлікті жекешелендіру кезінде сауда-саттықта (аукциондарда) өткізілетін мүлікті (активтерді) сатып алу;
8) егер біртекті тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің құндық мәндегі жылдық көлемі республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген жүз еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен аспаса, осындай біртекті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу;
9) көрсетілген іс-шаралар өтетін жерге бару және кері қайту жолын, тұрғын үй-жай жалдауды, көліктік қызмет көрсетуді, тамақпен қамтамасыз етуді қоса алғанда, қызметкерді қызметтік іссапарға жіберуге байланысты көрсетілетін қызметтерді сатып алу;
10) қандай да бір өнім берушіден тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алған тапсырыс берушіде біріздендіру, стандарттау немесе сәйкестікті қамтамасыз ету мақсатында сол өнім берушіден тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу қажеттілігі туындаған жағдайларда жүзеге асырылады.
6. Табиғи монополиялар субъектілерінің сатып алуы өзінің интернет-ресурсында немесе уәкілетті органның интернет-ресурсында сатып алу процесінің әрбір сатысы туралы ақпаратты орналастыру арқылы электрондық түрде жүзеге асырылады.
7. Заңның осы бабында реттелмеген бөлікте сатып алу табиғи монополия субъектілерінің қызметті жүзеге асыру тәртібіне сәйкес өткізіледі.
8. Табиғи монополия субъектiсi:
1) электр энергетикасы саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган растаған, тиiстi тауар нарығында электр энергиясының тапшылығы болған;
2) табиғи монополия субъектісі тұтынушыларға қойылатын электр энергиясының көтерме сауда нарығына қатысуға арналған шарттарға сай келмеген;
3) электр энергиясын беру аясындағы табиғи монополиялар субъектілерінің шаруашылық мұқтаждарына электр энергиясын, шектес мемлекеттердің энергия жүйелерімен шекарадағы электр энергиясының нақты мемлекетаралық сальдо-ағымының жоспарлыдан ауытқуларына өтем жасау мақсатында электр энергиясын сатып алған;
4) Қазақстан Республикасының газ және газбен жабдықтау туралы заңнамасына сәйкес газ тарату ұйымдарынан газ сатып алынған;
5) Қазақстан Республикасының жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласындағы заңнамасына сәйкес электр энергиясын сатып алған жағдайларды қоспағанда, стратегиялық тауарларды тiкелей стратегиялық тауар өндiрушiлерден сатып алуды жүзеге асырады.
23-бап. Тұтынушылардың реттеліп көрсетілетін қызметке қол жеткізуі
1. Тұтынушылардың реттеліп көрсетілетін қызметке қол жеткізуі:
1) осы баптың 2-тармағында көзделген ақпаратты табиғи монополия субъектісінің интернет-ресурсында, өзінің интернет-ресурсы болмаған жағдайда уәкілетті органға оның интернет-ресурсында орналастыру үшін берумен;
2) объектілерді электр және жылу энергиясын беру, сумен жабдықтау және су бұру желілеріне, сондай-ақ магистральдық газ-мұнай құбырларына, газ тарату жүйелеріне және топтық резервуарлық қондырғыларға қосуға техникалық шарттар берумен;
3) тұтынушының реттеліп көрсетілетін қызметтерге қосуға арналған техникалық шарттарды орындауымен;
4) реттеліп көрсетілетін қызметтерді көрсетуге арналған шарттар жасаумен қамтамасыз етіледі.
2. Табиғи монополия субъектісінің интернет-ресурсында немесе уәкілетті органның интернет-ресурсында:
1) реттеліп көрсетілетін қызметтердің резерві туралы, бос және қолжетімді қуаттылықтардың, сыйымдылықтың, орындардың болуы, өткізу қабілеттері туралы ақпарат;
2) мемлекеттік құпияларға жататын мәліметтерді қоспағанда, желілердің немесе реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсыну кезінде пайдаланылатын өзге мүлікті орналастыру схемалары орналастырылуға тиіс.
Бұл ақпарат тоқсанына кемінде бір рет жаңартылуға жатады.
3. Табиғи монополия субъектісі объектілерді электр және жылу энергиясын беру, сумен жабдықтау және су бұру желілеріне, сондай-ақ магистральдық газ құбырларына және мұнай құбырларына, газ тарату жүйелеріне және топтық резервуарлық қондырғыларға қосуға арналған техникалық шарттарды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімде береді.
4. Осы баптың 1-тармағы 1) тармақшасының және 2-тармағының талабы осы Заңның 5-бабы 1-тармағының 10), 11), 12) және 13) тармақшасында көзделген табиғи монополиялар субъектілеріне қолданылмайды.
5. Жұмыс істеп тұрған объектілер үшін электрмен жабдықтау, жылумен жабдықтау, газбен жабдықтау, сондай-ақ сумен жабдықтау және су бұру желілеріне қосу мынадай:
1) көрсетілетін қызметке қосу туралы өтініш беру;
2) табиғи монополия субъектісінің өтінішке қоса берілетін құжаттардың толықтығын қарауы;
3) табиғи монополия субъектісінің тұтынушының көрсетілетін қызметке қосылу туралы өтінішін қарауы;
4) табиғи монополия субъектісінің көрсетілетін қызметке қол жеткізудің техникалық шарттарын беруі;
5) өтініш берушінің көрсетілетін қызметке қол жеткізудің техникалық шарттарына сәйкес жұмыстарды жүргізуі;
6) көрсетілетін қызметке қосу кезеңдерінен тұрады.
6. Табиғи монополия субъектісінің көрсетілетін қызметке қосуға арналған өтініштерін қабылдау және нәтижелерін беру "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы немесе www.egov.kz "электрондық үкімет" веб-порталы не табиғи монополия субъектісінің кеңсесі арқылы жүзеге асырылады.
"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы, www.egov.kz "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы мемлекеттік монополия субъектісінің көрсетілетін қызметіне қосылуға өтінімдер қабылдау және нәтижелерді алу кезінде тұтынушыдан "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының көрсетілген қызметтері үшін ақы алынады.
7. Көрсетілетін қызметке қосу туралы өтініште мыналар:
1) заңды тұлғаның атауы немесе жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты;
2) өтініш берушінің мекенжайы;
3) көрсетілетін қызметке қосу орны;
4) көрсетілетін қызметтің талап етілетін көлемі;
5) қоса берілетін құжаттардың тізбесі;
6) өзге де мәліметтер көрсетіледі.
8. Қосу туралы өтініштің нысанын және өтінішке қоса берілетін құжаттардың тізбесін уәкілетті орган табиғи монополиялар аясында көрсетілетін қызметтерге қол жеткізудің тең шарттарын қамтамасыз ету тәртібіне сәйкес белгілейді.
Техникалық шарттар табиғи монополиялар субъектілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне тұтынушыларды қосуға тариф қалыптастыру тәртібіне сәйкес келуі, техникалық шарттарға қойылатын талаптардың толық тізбесін оны Қазақстан Республикасының барлық табиғи монополиялар субъектілері мен өңірлері бойынша сәйкестендіру есебімен айқындауы, сондай-ақ техникалық шарттарды беру тәртібін айқындауы тиіс.
9. Көрсетілетін қызметке қол жетімділіктің техникалық шарттарын беруге арналған өтінішті табиғи монополия субъектісі тұтынушы құжаттар пакетін толық бермеген жағдайда екі жұмыс күні ішінде кері қайтарады.
10. Көрсетілетін қызметке қосу туралы өтінішті табиғи монополиялар субъектісі бес жұмыс күні ішінде қарайды, оның қорытындысы бойынша мынадай:
1) өтінішті қанағаттандыру және көрсетілетін қызметке қол жеткізудің техникалық шарттарын беру;
2) көрсетілетін қызметке қосудан бас тарту шешімдерінің бірі қабылданады.
11. Көрсетілетін қызметке қосудан бас тартуға мынадай:
1) көрсетілетін қызметтің талап етілген көлемін беру үшін қажет бос техникалық қуаттылық болмаған;
2) көрсетілетін қызметтерді беру үшін қажет желілер немесе өзге актив болмаған жағдайда жол беріледі.
12. Көрсетілетін қызметке қосудан бас тарту жағдайында табиғи монополия субъектісі:
1) көрсетілетін қызметке қосылудан бас тарту туралы шешімге бос және қолжетімді қуаттылықтардың, сыйымдылықтың, орындардың, желілердің өткізу қабілеттерінің тапшылығын немесе қызметті ұсыну үшін қажетті желілердің немесе өзге де мүліктің жоқтығын есептей отырып дәлелді негіздемені қоса береді;
2) шешім қабылданған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде уәкілетті органға көрсетілетін қызметке қосудан бас тарту туралы шешімнің көшірмесін және көрсетілетін қызметке қосудан бас тартудың негізділігін растайтын ақпаратты жолдайды.
13. Уәкілетті орган көрсетілетін қызметке қосудан бас тартуды алуға байланысты:
1) жеті жұмыс күнінен кешіктірмей өтініш берушіге көрсетілетін қызметке қосудан бас тартудың негізділігін растау немесе табиғи монополия субъектісінің қызметін тексеруге бастамашылық жасау үшін уәкілетті органға шағым берудің қажеттілігі туралы хат жолдайды;
2) көрсетілетін қызметтердің талап етілген көлемін беру үшін қажет бос техникалық қуаттылықтың болмау фактісі анықталған кезде, табиғи монополия субъектісінің инвестициялық бағдарламасын орындау жылының қорытындысы бойынша көрсетілетін қызметке қосу үшін жағдай жасауды қамтамасыз ететін оны өзгертуге бастамашылық жасайды.
14. Көрсетілетін қызметке қолжетімділікті ұсынған кезде табиғи монополия субъектісіне:
1) бос қуаттылықтар туралы ақпарат беруге ақы алуға;
2) реттелетін қызметті көрсетуге қатысы жоқ мемлекеттік органдардың, мемлекеттік емес ұйымдардың рұқсаттары мен өзге де құжаттарын беруді талап етуге;
3) өтініш берушіге көрсетілетін қызметке қолжетімділіктің техникалық шарттарын сақтаудан басқа, қосымша талаптар ұсынуға;
4) көрсетілетін қызметтерге қолжетімділіктің әртүрлі шарттарын жасауға;
5) көрсетілетін қызметке қол жеткізудің техникалық шарттарына сәйкес жұмысты жүзеге асыратын нарық субъектілерінің қызметін шектеуге;
6) техникалық шарттарға сәйкес жұмыс жобасына келісуді талап етуге тыйым салынады.
15. Өтініш берушінің жұмыстарды аяқтау туралы хабарламасын алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде табиғи монополия субъектісі берілген техникалық шарттарға сәйкес орындалған жұмыстарды тексеруді жүзеге асырады. Орындалған жұмыстар техникалық шарттарға сәйкес келген жағдайда табиғи монополия субъектісінің көрсететін қызметіне қосу бір жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
16. Жүргізілген жұмыстар техникалық шарттарға сәйкес келмеген кезде, табиғи монополия субъектісі көрсетілетін қызметке қолжетімділіктің техникалық шарттарын анықталған бұзушылықтарды көрсете отырып, бір жұмыс күні ішінде бас тартады және бұл жөнінде өтініш берушіні сәйкессіздік анықталған күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей хабардар етеді.
17. Құрылыс объектілері үшін табиғи монополия субъектісінің көрсетілетін қызметіне қосуға техникалық шарттарды беруге арналған өтінім сәулет және қала құрылысы органдарынан электрондық форматта келіп түседі, ол өтінімді құрылыс жұмыстарына объект келісім берген кезде қалыптастырады.
18. Табиғи монополиялар субъектілері сәулет және қала құрылысы органдарының өтінімі бойынша техникалық шарттарды беруі:
1) техникалық жағынан күрделі емес объектілер үшін – екі жұмыс күні ішінде;
2) техникалық жағынан күрделі объектілер үшін – бес жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
Техникалық шарттар жобалау және құрылыстың нормативтік кезеңінде беріледі.
24-бап. Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін мемлекеттік реттеу процесінің жариялылығы
1. Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін мемлекеттік реттеу процесінің жариялылығы:
1) табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін мемлекеттік реттеуге қатысты ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарында және уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырумен;
2) жария тыңдаулар өткізумен;
3) табиғи монополиялар субъектілерінің тұтынушылар алдында есеп беруін өткізуімен;
4) тұтынушылар мен уәкілетті органды тарифтің қолданысқа енгізілетіні туралы хабардар етумен қамтамасыз етіледі.
2. Табиғи монополия субъектісі реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсыну аумағында таратылатын бұқаралық ақпарат құралдарында жыл сайын:
1) тұтынушылар және өзге де мүдделі тұлғалар алдында негіздемелермен бірге реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсыну жөніндегі қызмет туралы есепті;
2) инвестициялық бағдарламаның орындалуы туралы есепті орналастырады.
3. Уәкілетті орган өзінің интернет-ресурсында:
1) Табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркелімін;
2) уәкілетті органның құқықтық актілерін;
3) осы баптың 7-тармағында белгіленген талаптарды ескере отырып, электрондық түрде ұсынылған жағдайда, қоса берілетін құжаттармен бірге өтінімдерді;
4) бекітілген, белгіленген және айқындалған тарифтерді;
5) бекітілген тарифтік сметалар мен инвестициялық бағдарламаларды;
6) табиғи монополиялар субъектілерінің тарифтік сметалардың, инвестициялық бағдарламалардың орындалуы және реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапа және сенімділік көрсеткіштерін сақтау туралы есептерін;
7) берілген келісімдер тізілімін;
8) уәкілетті органның әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы қаулыларын;
9) уәкілетті органның қатысуымен өткен талқылаулардың қорытындысы бойынша соттардың шешімдерін;
10) реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапа және сенімділік (олардың нысаналы мәндерімен бірге) стандарттарын (көрсеткіштерін);
11) табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділік көрсеткіштерін;
12) табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін мемлекеттік реттеуді жүзеге асыруға жататын өзге ақпаратты орналастырады.
4. Реттеліп көрсетілетін қызметтерге тарифтің жобасын талқылау бойынша жария тыңдаулар Қазақстан Республикасы Парламентінің, мәслихаттардың депутаттары, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, мемлекеттік органдардың, тұтынушылар мен олардың қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері, тәуелсіз сарапшылар, бұқаралық ақпарат құралдары және табиғи монополиялар субъектілері шақырыла отырып өткізіледі.
5. Уәкiлеттi орган жария тыңдауларды өткiзу күнi мен орны туралы ақпаратты өзінің интернет-ресурсында олар өткізілгенге дейін күнтізбелік отыз күн бұрын, сондай-ақ өткізілген жария тыңдаулардың нәтижелерін, оның ішінде талқылау стенограммаларын, қаралатын мәселелер бойынша қабылданған шешімдері бар отырыс хаттамаларын ол өткізілгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде орналастырады.
Егер жария тыңдаулар табиғи монополиялар аясындағы коммуналдық қызметтерге, табиғи монополия субъектісінің жылу энергиясын өндіру, беру және тарату бойынша реттеліп көрсетілетін қызметтеріне тарифтерді белгілеуге арналған өтінімді қарау кезінде өткізілсе, уәкілетті орган реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсыну аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында жария тыңдаулар өтетін күн мен орны туралы ақпаратты қосымша жариялайды.
Тарифтерді индекстеу әдісімен белгілеу және мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын, оның ішінде концессия шартын жасау кезінде табиғи монополия субъектісі өзінің интернет-ресурсында не реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсыну аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында олар өткізілгенге дейін күнтізбелік отыз күн бұрын жария тыңдаулар өтетін күн мен орны туралы ақпаратты орналастырады.
6. Табиғи монополия субъектісі жыл сайын тұтынушылар алдында реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсыну, тарифтік сметаны, инвестициялық бағдарламаны орындау және реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапа мен сенімділік көрсеткіштерін, табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділік көрсеткіштерін сақтау жөніндегі қызмет туралы есеп береді.
7. Тарифті бекітуге арналған өтінім беру кезінде табиғи монополия субъектісі коммерциялық құпияға жатқызған шарттарды қоспағанда, табиғи монополия субъектісі тарифті бекіту үшін ұсынған кез келген ақпарат коммерциялық ақпарат деп танылмайды.
8. Тұтынушылар және басқа мүдделі тұлғалар алдындағы реттеліп көрсетілетін қызметті ұсыну жөніндегі табиғи монополия субъектісінің қызметі туралы жыл сайынғы есеп беруді тыңдау нысанында жүргізіледі.
9. Жыл сайынғы есеп беру бойынша алдағы уақытта тыңдау өткізу туралы хабарламаны аптасына үш реттен кем шығарылмайтын мерзімдік баспа басылымында табиғи монополиялар субъектілері мемлекеттік тізілімінің жергілікті бөліміне енгізілген табиғи монополия субъектісі, ал аптасына үш реттен кем шығарылмайтын және Қазақстан Республикасының барлық аумағында таратылатын мерзімдік баспа басылымында табиғи монополия субъектілері мемлекеттік тізілімінің республикалық бөліміне енгізілген табиғи монополия субъектісі ол жүргізілгенге дейін он бес жұмыс күнінен кешіктірмей жариялайды және ол мынадай мәліметтерді қамтиды:
1) табиғи монополия субъектісінің атауы және орналасқан жері;
2) жыл сайынғы есеп берудің өткізілетін күні және орны;
3) ұсынылатын қызмет түрлері.
10. Жыл сайынғы есепті тыңдауды өткізуден бір ай бұрын табиғи монополия субъектісі уәкілетті органға хабарлама береді.
11. Жыл сайынғы есеп бойынша тыңдаудың алдағы уақытта өткізілуі өткізу туралы хабарландыру жарияланғаннан кейін, табиғи монополия субъектісі жыл сайынғы есеп бойынша тыңдау өткізілгенге дейін бес жұмыс күні қалғанда өзінің интернет-ресурсында, өзінің интернет-ресурсы болмаған жағдайда, уәкілетті органға оның интернет-ресурсында орналастыру үшін бере отырып, осы баптың 13-тармағында көзделген ақпаратты, сондай-ақ осы баптың 13-тармағының тармақшаларының әрқайсысы бойынша негіздемені орналастырады.
12. Табиғи монополия субъектісінің жыл сайынғы есебін тыңдауға қатысуға тілек білдіргендердің бәріне өткізілетін орынға рұқсат берілуін қамтамасыз етеді.
13. Табиғи монополия субъектісінің есебі табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін жүзеге асыру тәртібіне сәйкес негіздемелері бар ақпаратты қамтиды.
14. Табиғи монополия субъектісі өз сөзінде тұтынушыларға реттеліп көрсетілетін қызметтің сапасы туралы нақты түсіндірме береді.
15. Осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасында, 5-тармақтың екінші және үшінші абзацтарында және осы баптың 6, 8, 9, 10, 11, 12, 13, 14 және 15-тармақтарында көзделген талаптар қуаттылығы аз табиғи монополиялар субъектілеріне және жаңадан құрылған табиғи монополиялар субъектілеріне қолданылмайды.
4-тарау. Табиғи монополиялар аясының қатысушылары
25-бап. Табиғи монополия субъектісінің құқықтары мен міндеттері
1. Табиғи монополия субъектісі:
1) тұтынушылардан Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген техникалық талаптарды сақтауды талап етуге;
2) тарифтердiң қолданылуы кезеңiнде барлық тұтынушылар үшiн реттеліп көрсетілетін қызметтерге тарифтердi төмендетуге;
3) неғұрлым тиімді әдістер мен технологияларды және (немесе) өзі көзделген іс-шараларды пайдаланған жағдайда инвестициялық бағдарламаны қолдануға, энергия аудитінің қорытындысы бойынша әзірленген энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын іске асыруға, нормативтік техникалық ысыраптарды төмендету жөніндегі іс-шараларды өткізуге немесе ұсынылатын реттеліп көрсетілетін қызметтердің көлемдерін табиғи монополия субъектісіне байланысты емес себептер немесе конкурстық (тендерлік) рәсімдерді өткізу нәтижелері бойынша қысқартуға байланысты шығындарды үнемдеу нәтижесінде туындаған тарифтік сметаға салынған шығындардың толық пайдаланылмаған бөлігіне дербес иелік етуге;
4) тұтынушылардан көрсеткіштерді алу және оларды пломбалауды жүзеге асыру үшін табиғи монополиялар аясындағы коммуналдық қызметтерді жеке-дара есепке алу аспаптарына қол жеткізуді талап етуге;
5) уәкілетті органға бекітілген тарифтік сметаға өзгерістер енгізу туралы, сондай-ақ уәкілетті және (немесе) мемлекеттік органға не жергілікті атқарушы органға бекітілген инвестициялық бағдарламаға өзгерістер енгізу туралы өтініш жасауға;
6) тұтынушылармен шарттар жасалған жағдайларда, уәкілетті органмен келісілген үйдің ортақ жылу энергиясын есепке алу аспаптарын сатып алу және орнату үшін тұтынушылардан ақы алуға;
7) магистральдық теміржол желілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне тарифті бекітуге арналған өтініммен бір мезгілде реттеліп көрсетілетін қызметтерге тарифтерді қалыптастыру тәртібіне сәйкес магистральдық теміржол желілерінің көрсетілетін қызметтерінің бағалық шектері жобасын ұсынуға;
8) уәкілетті органға реттеліп көрсетілетін қызметтерге тарифтерді қалыптастыру тәртібіне сәйкес магистральдық теміржол желілерінің көрсетілетін қызметтерінің бекітілген бағалық шектеріне өзгерістер енгізу туралы өтініш жасауға құқылы.
2. Табиғи монополия субъектісі:
1) уәкілетті органға Табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркеліміне енгізу, одан шығару, оған өзгерістер немесе толықтырулар енгізу туралы өтінішпен жүгінуге;
2) уәкілетті органға осы Заңға сәйкес реттеліп көрсетілетін қызметтерге тарифті бекітуге арналған өтініммен жүгінуге;
3) осы Заңға сәйкес белгіленген тарифтер бойынша реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсынуға;
4) тұтынушыларға реттеліп көрсетілетін қызметтерге қол жеткізуді ұсынуға;
5) тұтынушыларға реттеліп көрсетілетін қызметтерге қол жеткізудің тең шарттарын ұсынуға;
6) ұсынылатын реттеліп көрсетілетін қызметке жатпайтын қосымша талаптарды белгілемеуге;
7) тұтынушыларға ұсынылатын табиғи монополиялар аясындағы коммуналдық қызметтер үшiн олардан өз кассалары және (немесе) банктер және банктік операциялардың жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар, интернет-ресурстар немесе терминалдар, ал қажет болған жағдайда төлем агенттері және (немесе) төлем ұйымдары арқылы төлемдер қабылдауды қамтамасыз етуге;
8) уәкілетті орган бекiткен үлгiлік шарттарға сәйкес ұсынылатын реттеліп көрсетілетін қызметтердің әрбір түріне тұтынушылармен жеке шарттар жасасуға;
9) уәкiлеттi орган бекіткен бөлек есеп жүргізудің үлгілік әдістемесіне сәйкес табиғи монополиялар субъектiлерiнiң қызмет түрлерi бойынша кiрiстердiң, шығындар мен қолданысқа енгiзiлген активтердiң бөлек есебiн жүргізу әдiстемелерiн әзiрлеуге және бекітуге;
10) табиғи монополиялар аясындағы коммуналдық қызметтерді есепке алу аспаптарын орнатуға техникалық мүмкіндік болмаған немесе олар болмаған кезде, есепке алу аспаптары жоқ тұтынушылар үшін табиғи монополиялар аясындағы коммуналдық қызметтерді тұтыну нормалары бойынша тұтынушыларға табиғи монополиялар аясындағы коммуналдық қызметтер үшін есептеу жүргізуге;
11) сыртқы ауаның нақты температурасын ескере отырып, тікелей тұтынушыларға жылу энергиясымен жабдықтау бойынша реттеліп көрсетілетін қызметтердің құнын қайта есептеуді не тұтынушының орналасқан жерін анықтау мүмкін болмаған жағдайда жылу энергиясымен жабдықтау бойынша қайта есептеуді реттеліп көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу кезінде тарифті төмендету арқылы жүргізуге;
12) тұтынушылардың талап етуі бойынша белгіленген тариф, реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапасы, реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсыну шарттары туралы ақпарат ұсынуға;
13) жыл сайын тұтынушылардың алдында реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсыну жөніндегі қызметі туралы есеп беруге;
14) осы Заңда белгіленген мерзімде тұтынушыларды белгіленген тариф және тарифтің өзгеруі туралы хабардар етуге;
15) уәкілетті орган бекіткен тарифтік сметаны орындауға;
16) уәкілетті орган бекіткен инвестициялық бағдарламаның іс-шараларын орындауға;
17) жыл сайын есепті кезеңнен кейінгі жылдың 1 мамырынан кешіктірмей, уәкілетті органға ол бекіткен тарифтік сметаның орындалуы туралы есепті, уәкілетті және (немесе) мемлекеттік органға не жергілікті атқарушы органға бекітілген инвестициялық бағдарламаның орындалуы туралы есепті ұсынуға;
18) тарифті бекіту кезінде осы Заңның 22-бабына және табиғи монополиялар субъектілерінің қызметті жүзеге асыруы тәртібіне сәйкес шығындары ескерілген көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асыруға;
19) тұтынушылардың талап етуі бойынша бекітілген тарифтік смета мен инвестициялық бағдарламада қамтылған ақпаратты ұсынуға;
20) тарифтік реттеудің ынталандыру әдісін қолданумен тарифті бекіткен кезде жыл сайын есепті кезеңнің 1 мамырынан кешіктірмей есепті жылы нақты қол жеткізілген табиғи монополиялар субъектілерінің кірістері, шығыстары, қызметінің тиімділік көрсеткіштері туралы, реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапа және сенімділік көрсеткіштерін сақтау туралы есептерді уәкілетті органға және мемлекеттік органға не жергілікті атқарушы органға беруге;
21) реттеліп көрсетілетін қызметтердiң әрбiр түрi бойынша және тұтастай алғанда өзге қызмет бойынша кiрiстердiң, шығындар мен қолданысқа енгiзiлген активтердiң бөлек есебiн жүргiзуге;
22) мемлекеттік құпияларға жатқызылған мәліметтерді және осы Заңның 5-бабы 1-тармағының 10), 11), 12) және 13) тармақшаларында көзделген көрсетілетін қызметтерді қоспағанда, реттеліп көрсетілетін қызметтердің бос техникалық қуаттылық резерві және желілерді орналастыру схемасы немесе реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсыну үшін қажет өзге де мүлік туралы ақпаратты тоқсан сайын өзінің интернет-ресурсында орналастыруға немесе өзінің интернет-ресурсы болмаған жағдайда уәкілетті органға оның интернет-ресурсында орналастыру үшін ұсынуға;
23) уәкілетті органның талап етуі бойынша уәкілетті орган белгілеген, табиғи монополия субъектісі тиісті талапты алған күннен бастап бес жұмыс күнінен кем болмайтын мерзімде қажетті ақпаратты қағаз немесе уәкілетті органның интернет-ресурсына электрондық құжатты орналастыру арқылы электрондық жеткізгіште ұсынуға;
24) уәкілетті органды белгіленген тариф туралы, тарифтің өзгеруі туралы ол қолданысқа енгізілгенге дейін күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей хабардар етуге;
25) тұтынушылар және өзге де мүдделі тұлғалар алдында реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсыну жөніндегі қызметі туралы есеп беру өткізілген кезден бастап күнтізбелік бес күннен кешіктірмей реттеліп көрсетілетін қызметтерге тарифтерді қалыптастыру тәртібіне сәйкес есепті бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде өзінің интернет-ресурсында не уәкілетті органның интернет-ресурсында жыл сайын орналастыруға;
26) тұтынушылар және өзге де мүдделі тұлғалар алдында табиғи монополиялар аясында коммуналдық қызметтерді ұсыну жөніндегі қызметі туралы есеп беру өткізілген кезден бастап күнтізбелік бес күннен кешіктірмей реттеліп көрсетілетін қызметтерге тарифтерді қалыптастыру тәртібіне сәйкес есепті мерзімді баспасөз басылымында, өзінің интернет-ресурсында не уәкілетті органның интернет-ресурсында жыл сайын орналастыруға;
27) "Электр энергетикасы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 13-1-бабының 1, 2-тармақтарында көзделген жағдайларды және осы Заңның 5-бабы 1-тармағының 13) тармақшасында көзделген реттеліп көрсетілетін қызметтерді қоспағанда, реттеліп көрсетiлетiн қызметтердi өндiрген және (немесе) ұсынған кезде технологиялық циклде пайдаланылатын меншiк құқығында немесе заңды өзге негiзде тиесiлi мүлiктi сенiмгерлiк басқаруға, лизингтi қоса алғанда, мүлiктiк жалдауға (жалға) бермеуге;
28) табиғи монополия субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне тарифтердің жоғарылауына әкеп соқпаған жағдайда, арнайы қаржы компаниясының жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру мәмілелері бойынша талап ету құқықтарын басқаға беруді қоспағанда, ұсынылатын реттеліп көрсетілетін қызметтерге байланысты талап ету құқығын басқаға бермеуге;
29) мүлікті мемлекет меншігіне беру, сондай-ақ "Электр энергетикасы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 13-1-бабының 1-тармағында көрсетілген электр энергиясын беру бойынша реттеліп көрсетілетін қызметті көрсететін табиғи монополиялар субъектілерінің электр желілерін беру жағдайларын қоспағанда, реттеліп көрсетілетін қызметтерді өндіруге және ұсынуға арналған мүлікті сауда-саттықта иеліктен шығаруға міндетті.
Қызметтері табиғи монополиялар аясына жататын кірме жолдар иеліктен шығарылған жағдайда, осы кірме жолдың меншік иесі тендерлік өтінімдерде ұсынылған сатып алудың шарттары мен сомасы бірдей болған жағдайда, үшінші тұлғалар алдында жұмыс істеп тұрған тұтынушының сатып алуы бойынша басым құқық беруге міндетті.
Жұмыс істеп тұрған тұтынушылар екі немесе одан да көп болған кезде басым құқық тендерлік өтінімдерде ұсынылған сатып алудың шарттары мен сомасы бірдей болған жағдайда, соңғы 12 айда көрсетілетін қызметтердің үлкен көлемін (мың вагон/км, вагон/сағ.) алған тұтынушыға беріледі.
30) реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсынуға байланысты емес шығындарды тарифтерге қоспауға;
31) тарифтік саясат жөніндегі кеңес алдында табиғи монополиялар субъектілерінің тарифтік сметаларының, инвестициялық бағдарламаларының орындалуы, табиғи монополиялар субъектілерінің қызмет тиімділігінің көрсеткіштеріне қол жеткізуі және реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапа және сенімділік көрсеткіштерін сақтауы жөнінде есеп жүргізуге міндетті.
Осы баптың 2-тармағының 13), 18), 21), 22), 25), 26), 30) және 31) тармақшаларында көзделген міндеттер қуаттылығы аз табиғи монополия субъектілеріне және жаңадан құрылған табиғи монополиялар субъектілеріне қолданылмайды.
26-бап. Табиғи монополия субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметтерін тұтынушының құқықтары мен міндеттері
1. Табиғи монополия субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметтерін тұтынушы:
1) табиғи монополия субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметтерін осы Заңға сәйкес белгіленген тарифтер бойынша сатып алуға;
2) жария тыңдауларға қатысуға;
3) уәкілетті органның шешiмдеріне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу, жаңа шешімдер қабылдау немесе қолданыстағы шешiмдердiң күшiн жою туралы өтiнiшпен уәкiлеттi органға жүгінуге құқылы.
2. Табиғи монополия субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметтерін тұтынушы:
1) табиғи монополия субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне осы Заңға сәйкес белгіленген тарифтер бойынша уақытылы және толық көлемде ақы төлеуге;
2) оның табиғи монополиялар аясындағы коммуналдық қызметтерді есепке алу аспаптарының болуы;
3) табиғи монополиялар субъектілері өкілдерінің табиғи монополиялар аясындағы коммуналдық қызметтерді жеке есепке алу аспаптарына қол жеткізуін қамтамасыз етуге міндетті.
27-бап. Тарифтік саясат жөніндегі кеңес
1. Тарифтік саясат жөніндегі кеңес табиғи монополиялар аясындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеу жөніндегі ұсыныстарды талқылау мен дайындау бойынша уәкілетті органның жанындағы консультациялық-кеңесші орган болып табылады.
2. Тарифтік саясат жөніндегі кеңестің құрамына уәкілетті және өзге де мемлекеттік органдардың өкілдері, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, табиғи монополиялар субъектілері тұтынушыларының қоғамдық бірлестігінің, жеке кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің, табиғи монополиялар субъектілері бірлестіктерінің өкілдері, сарапшылар және өзге де мүдделі адамдар кіреді.
3. Тарифтік саясат жөніндегі кеңес табиғи монополия аясында тариф белгілеудің проблемалық мәселелері жөнінде комиссиялар құруға құқылы.
4. Тарифтік саясат жөніндегі кеңестің ережесі мен құрамын уәкілетті орган бекітеді.
5. Тарифтік саясат жөніндегі кеңес:
1) табиғи монополиялар аясындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын айқындау жөнінде уәкілетті органға ұсыныстар әзірлейді;
2) табиғи монополиялар аясындағы нормативтік құқықтық және актілердің жобалары бойынша уәкілетті органға ұсыныстар әзірлейді;
3) уәкілетті органға консультациялық, әдістемелік және өзге де қолдау көрсетеді;
4) тарифтік саясатты іске асыруға қатысуға қоғамдық, ғылыми және өзге ұйымдарды тартуға жәрдемдеседі;
5) уәкілетті органға тарифтерді индекстеу деңгейін және реттеліп көрсетілетін қызметтерге тарифтердің болжалды индекстерін айқындау жөнінде ұсыныстар енгізеді;
6) уәкілетті органға тарифтік реттеу әдісін айқындау бойынша ұсыныстар енгізеді;
7) тарифтік реттеудің ынталандыру әдісін қолдана отырып бекітілетін табиғи монополиялар субъектілерінің тізбесіне реттеліп көрсетілетін қызметтерге тарифтерді енгізу жөнінде ұсыныстар береді;
8) табиғи монополия субъектісінің инвестициялық бағдарламаларының жобаларына ұсынымдарды және табиғи монополия субъектісінің қолданыстағы инвестициялық бағдарламаларына енгізілетін өзгерістерді талқылайды және әзірлейді;
9) табиғи монополиялар субъектілерінің тарифтік сметалардың, инвестициялық бағдарламалардың орындалуы туралы, табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділік көрсеткіштеріне қол жеткізу және реттеліп көрсетілетін қызметтерінің сапа және сенімділік көрсеткіштерін сақтау туралы есептерін тыңдайды.
28-бап. Табиғи монополиялар субъектілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтерін тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері
1. Табиғи монополиялар субъектілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтерін тұтынушылардың қоғамдық бірлестігі табиғи монополиялар субъектілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтерін тұтынушылар өздерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында құратын коммерциялық емес ұйым болып табылады.
2. Табиғи монополиялар субъектілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтерін тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері:
1) табиғи монополиялар аясындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеуге қатысады;
2) уәкілетті органға табиғи монополиялар аясындағы нормативтік құқықтық және құқықтық актілердің жобалары бойынша ұсыныстар жолдайды;
3) уәкілетті органның табиғи монополиялар субъектілерінің тарифтік сметаларды, инвестициялық бағдарламаларды орындауы туралы, табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділік көрсеткіштеріне қол жеткізуі және реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапа мен сенімділік көрсеткіштерін сақтауы туралы есептерін қарауына қатысады;
4) тұтынушылардың және табиғи монополиялар субъектілерінің құқықтары мен міндеттері туралы ақпаратты таратады;
5) уәкілетті, мемлекеттік органдармен, табиғи монополиялар субъектілерімен, соттармен және өзге де адамдармен қатынастарда тұтынушылардың мүдделерін білдіреді;
6) табиғи монополиялар субъектілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтерін тұтынушылардың атынан тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы сотқа талап-арыз береді;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де функцияларды орындайды.
3. Табиғи монополиялар субъектілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтерін тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктерінің қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған көздердің есебінен жүзеге асырылады.
4. Табиғи монополиялар субъектілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтерін тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктерінің қызметі осы Заңда, "Қоғамдық бірлестіктер туралы" Қазақстан Республикасының Заңында, Қазақстан Республикасының азаматтық және өзге де заңнамасында реттеледі.
5-тарау. Мемлекеттік бақылау
29-бап. Мемлекеттік бақылау
Табиғи монополиялар аясындағы мемлекеттік бақылау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне және "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
Табиғи монополиялар аясындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру кезінде уәкілетті орган мынадай ден қою шараларын қабылдайды:
1) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғайды;
2) Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы нұсқама шығарады;
3) материалдарды құқық қорғау және өзге де органдарға береді.
30-бап. Уәкiлеттi органның нұсқамалары
1. Уәкiлеттi органның нұсқамаларын табиғи монополиялар субъектiлерi, мемлекеттiк органдар, олардың басшылары шешiмдерде (нұсқамаларда) көзделген, оларды алған күннен бастап кемінде күнтізбелік он күн болуы тиіс мерзімде орындайды.
2. Мемлекеттiк органдар, олардың басшылары осы Заңды бұза отырып қабылданған актiлердi жою туралы немесе өзгерту туралы не бастапқы жағдайды қалпына келтiру туралы нұсқамаларды орындамаған жағдайда, уәкiлеттi орган осы актiлердi (толық немесе iшiнара) жарамсыз деп тану туралы және (немесе) бастапқы жағдайды қалпына келтiруге мәжбүрлеу туралы талап-арызбен сотқа жүгiнуге құқылы.
3. Табиғи монополия субъектiсi, олардың басшылары нұсқамаларды орындамаған жағдайда, уәкiлеттi орган табиғи монополия субъектiсiн нұсқамада көрсетiлген iс-әрекеттердi жасауға мәжбүрлеу туралы талап-арызды сотқа ұсынуға құқылы.
6-тарау. Табиғи монополиялар аясындағы жауаптылық
31-бап. Осы Заңды бұзғаны үшін жауаптылық
Осы Заңды бұзғаны үшін кінәлі адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
32-бап. Уақытша өтемдік тариф
1. Уақытша өтемдік тарифті уәкілетті орган мыналардың:
1) табиғи монополия субъектісінің қызметін тексеру;
2) табиғи монополия субъектісі ұсынатын тарифтік сметаның, инвестициялық бағдарламаның орындалуы туралы ақпаратты жыл сайынғы талдау нәтижесі бойынша бекітеді.
2. Уақытша өтемдік тарифті бекітудің негіздемелері мыналар:
1) осы Заңға сәйкес белгіленген тарифтің көтерілуі;
2) амортизациялық аударымдардың қаражатын мақсатқа сай пайдаланбау;
3) реттеліп көрсетілетін қызметтерге тарифтерді белгілеу кезінде ескерілген инвестициялық бағдарламаның іс-шараларын орындамау;
4) неғұрлым тиімді әдістер мен технологияларды қолдануға, нормативтік техникалық ысыраптарды төмендету жөніндегі іс-шараларды өткізуге немесе ұсынылатын қызметтердің көлемдерін табиғи монополия субъектісіне байланысты емес себептер бойынша қысқартуға байланысты немесе конкурстық рәсімдерді өткізу нәтижелері бойынша шығындарды үнемдеу жағдайларын қоспағанда, тарифтік сметадағы шығындар баптарының уәкілетті орган бекіткен мөлшерлердің бес пайызынан астамын орындамау болып табылады.
3. Уақытша өтемдік тариф табиғи монополия субъектісі реттеліп көрсетілетін қызметтерді тұтынушыларға негізсіз алынған кірісті, оның ішінде соттардың шешімі бойынша толық өтеген жағдайда енгізілмейді.
4. Уәкілетті орган уақытша өтемдік тарифті шешім қабылданған күнгі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қайта қаржыландыру мөлшерлемесін ескере отырып белгілейді.
33-бап. Табиғи монополия субъектiсiнiң осы Заңды бұзудан келтiрiлген залалдарды өтеуi
Табиғи монополия субъектiсiнiң осы Заңға қайшы келетiн және басқа жеке немесе заңды тұлғаға залал келтiрген, оның iшiнде тарифтердi көтеру, реттеліп көрсетiлетiн қызметтерді ұсынуға және оларды орындауға шарттар жасасудан негiзсiз бас тарту арқылы залал келтiрген әрекеттерi (әрекетсiздiгi) Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес табиғи монополия субъектiсiнiң оларды өтеуiне әкеп соғады.
34-бап. Табиғи монополия субъектiсiне уәкiлеттi органның, сондай-ақ оның лауазымды адамдарының заңсыз шешiмдерiмен, әрекеттерiмен (әрекетсiздiгiмен) келтiрiлген залалды өтеу
Егер табиғи монополия субъектiсiне уәкiлеттi органның және оның лауазымды адамдарының заңсыз шешiмдерiмен, сондай-ақ әрекеттерiмен (әрекетсiздiгiмен) залал келтiрiлген жағдайда, ол бұл залалды Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгiленген тәртiппен өтеудi талап етуге құқылы.
7-тарау. Өтпелі және қорытынды ережелер
35-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 22-бабының 6-тармағын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. Осы Заңның 14-бабы 5-тармағының қолданылуы 2019 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрсын, тоқтатыла тұрған кезеңде бұл тармақ мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
"5. Тарифті бекітуге арналған өтінім электрондық не қағаз түрінде ұсынылады.".
3. Табиғи монополия субъектісі тізбесін уәкілетті орган айқындайтын табиғи монополиялар субъектілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне тарифтік реттеудің ынталандыру әдісін қолдана отырып тарифтерді бекіту жағдайларын қоспағанда, бекітілген тарифтің қолданылу мерзімі өткен соң уәкілетті органға тарифтік реттеудің ынталандыру әдісін қолдана отырып тарифті бекітуге өтінім беруге құқылы.
4. Осы Заңның 14-бабы 9-тармағының 1) тармақшасында белгіленген норма 2019 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылады.
5. Осы Заңның 14-бабы 21-тармағының 17) тармақшасында, 1-тармағының 6) тармақшасында, 25-бабы 2-тармағының 9) тармақшасында және 26-бабы 2-тармағының 4) тармақшасында белгіленген нормалар 2020 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылады.
6. "Табиғи монополиялар туралы" 1998 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының күші жойылды деп танылсын (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1998 ж., № 16, 214-құжат; 1999 ж., № 19, 646-құжат; 2000 ж., № 3-4, 66-құжат; 2001 ж., № 23, 309-құжат; 2002 ж., № 23-24, 193-құжат;2004 ж., № 14, 82-құжат; № 23, 138, 142-құжаттар; 2006 ж., № 2, 17-құжат; № 3, 22-құжат; № 4, 24-құжат; № 8, 45-құжат; № 13, 87-құжат; 2007 ж., № 3, 20-құжат; № 19, 148-құжат; 2008 ж., № 15-16, 64-құжат; № 24, 129-құжат; 2009 ж., № 11-12, 54-құжат; № 13-14, 62-құжат; № 18, 84-құжат; 2010 ж., № 5, 20, 23-құжаттар; 2011 ж., № 1, 2-құжат; № 11, 102-құжат; № 12, 111-құжат; № 13, 112-құжат; № 16, 129-құжат; 2012 ж., № 2, 9, 15-құжаттар; № 3, 21-құжат; № 4, 30-құжат; № 11, 80-құжат; № 12, 85-құжат; № 15, 97-құжат; 2013 ж., № 4, 21-құжат; № 10-11, 56-құжат; № 15, 79, 82-құжаттар; № 16, 83-құжат; 2014 ж., № 1, 4-құжат; № 4-5, 24-құжат; № 10, 52-құжат; № 11, 64-құжат; № 14, 87-құжат; № 16, 90-құжат; № 19-I, 19-II, 96-құжат; № 23, 143-құжат; 2015 ж., № 9, 46-құжат; № 19-I, 100-құжат; № 20-IV, 113-құжат; № 20-VII, 117-құжат; № 21-II, 131-құжат; № 22-II, 144-құжат; № 22-V, 156-құжат; № 22-VI, 159-құжат; 2016 ж., № 6, 45-құжат; № 8-I, 60-құжат; № 24, 124-құжат, 2017 ж., № 4, 7-құжат, № 9, 17, 22-құжаттар).
Қазақстан Республикасының Президенті |