Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы Қасымовқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының | |
Премьер-Министрі | Б. Сағынтаев |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 7 наурыздағы № 112 қаулысымен мақұлданған |
|
Жоба |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы КЕЛІСІМ
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі,
көші-қон саласындағы ынтымақтастықты Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында көші-қон процестерін реттеудің аса маңызды бағыттарының бірі ретінде қарай отырып,
көші-қон саласында Тараптардың екіжақты ынтымақтастығы үшін құқықтық негіз құруға ұмтыла отырып,
екі мемлекеттің ынтымақтастығын одан әрі дамыту мақсатында көші-қон саласындағы серіктестік ынтымақтастық арқылы қатынасты тереңдетуді қалай отырып,
халықаралық құқық нормаларын және Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасын негізге ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
Осы Келісім шеңберінде Тараптар көші-қон, бір Тарап мемлекетінің екінші Тарап мемлекетінің аумағындағы азаматтарының құқықтарын қорғау саласындағы ынтымақтастықты, оның ішінде өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына және халықаралық міндеттемелеріне сәйкес ақпараттық өзара іс-қимыл жасасуды жүзеге асырады.
Тараптар өздерінің ұлттық заңнамалары мен халықаралық шарттар шеңберінде Тараптар мемлекеттерінің аумағында еңбек ресурстарын тарту саласындағы мемлекеттік органдар мен шаруашылық субъектілері арасындағы ынтымақтастыққа жәрдемдеседі.
Осы Келісімді іске асыру үшін жауапты, Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары (бұдан әрі Құзыретті органдар деп аталады) мыналар болып табылады:
Қазақстан Республикасынан – Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі және Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі;
Тәжікстан Республикасынан – Тәжікстан Республикасының Ішкі істер министрлігі және Тәжікстан Республикасының Еңбек, халықтың көші-қоны және халықты жұмыспен қамту министрлігі.
Құзыретті органдардың атаулары өзгерген, бір мемлекеттік органдарды басқамен ауыстырған жағдайда тиісті Тарап екінші Тарапқа ол туралы дипломатиялық арналар бойынша хабарлайды, одан кейін Тараптар Келісімнің 2-бабының мәтініне тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізеді.
1. Тараптар осы Келісім шеңберінде мынадай негізгі бағыттар бойынша ынтымақтастықты жүзеге асырады:
1) статистикалық, құқықтық және ғылыми-әдістемелік ақпарат алмасу;
2) Тараптар мемлекеттерінің аумақтарындағы Тараптар мемлекеттерінің азаматтары туралы мәліметтер алмасу;
3) ынтымақтастық процесінде туындайтын мәселелер бойынша тәжірибе алмасу және практикалық көмек көрсету;
4) Тараптар мемлекеттері азаматтарының құқықтарын, оның ішінде олардың отбасы мүшелерінің тұру құқықтарын оларға берілген тұруға арналған рұқсаттардың мерзімі ішінде қорғау;
5) Тараптар мемлекеттерінің аумағында болуы (тұруы) үшін негіздер бар адамдардың құқықтық мәртебесі мәселелерін қарау.
2. Осы Келісім Тараптарға ынтымақтастықтың өзге де өзара қолайлы бағыттарын әзірлеуге және дамытуға кедергі келтірмейді.
Қажет болған жағдайда және өзара уағдаластық бойынша Тараптар мынадай ақпарат және мәліметтер алмасуды жүзеге асырады:
1) анықталған көші-қон заңнамасының бұзушылықтары және заңсыз көші-қон арналары туралы;
2) заңсыз көші-қонды ұйымдастыруға және жүзеге асыруға қатысы бар Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында әрекет ететін заңды тұлғалар, сондай-ақ жеке тұлғалар туралы;
3) келу визаларын, өзге де құжаттарды алу және оларды заңсыз көші-қон мақсатында пайдалану тәсілдері туралы;
4) Тараптар мемлекеттерінің көші-қон заңнамасы, оның ішінде көші-қон процестерін реттеу, пана және азаматтық беру тәртібі, заңсыз көші-қонға қарсы күресті ұйымдастыру, сондай-ақ заңнаманың көрсетілген салаларындағы өзгерістер туралы;
5) заңсыз көші-қонның алдын алуға бағытталған практика мен шаралар туралы;
6) сыртқы көші-қонды реттеу әдістері туралы.
1. Тараптар заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл және өз мемлекеттері азаматтарының құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында Тараптар мемлекеттерінің азаматтары туралы мынадай санаттар бойынша ақпарат алмасады:
1) Тараптар мемлекеттері азаматтарының болатын (тұрғылықты) жері бойынша есепке алу (тіркеу) туралы мәліметтер;
2) уақытша және тұрақты тұруға арналған рұқсат, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің аумағында жұмыс істеуге құқық алған Тараптар мемлекеттерінің азаматтары туралы мәліметтер;
3) екінші Тарап мемлекетінің азаматтығына қабылданған немесе ол қайта қалпына келтірілген бір Тарап мемлекетінің азаматтары туралы мәлімет, сондай-ақ Тараптардың бірінің азаматтығына тиесілігі туралы мәліметтер;
4) Тараптар мемлекеттерінің азаматтары алған жеке басты куәландыратын құжаттар туралы мәліметтер.
2. Тараптар Тараптар мемлекеттерінің аумағына келуге (не олардың аумағынан кетуге) қойылатын шектеулердің бар-жоғы және негіздері туралы мәліметтер, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің аумағынан шығарылатын адамдар туралы мәліметтер алмасады.
Осы Келісімінің 5-бабында көрсетілген адамдардың жеке басын анықтау, белгілеу және құқықтық мәртебесін айқындау мақсатында Тараптар мынадай дербес деректер алмаса алады:
тегі, аты, әкесінің аты (орысша және латынша жазылуы);
жынысы;
туған күні;
туған жері;
азаматтығы;
Тараптар мемлекеттерінің аумағында тұру үшін шекарадан шығуға арналған құжаттың немесе жеке басты куәландыратын құжаттың сериясы, нөмірі, берілген күні, оны берген орган;
әкімшілік жауаптылыққа тарту туралы;
қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы;
Тараптар мемлекеттерінің аумағында болатын (тұрғылықты жері) бойынша есепке алу (тіркеу) туралы;
уақытша және тұрақты тұруға арналған рұқсаттың, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің аумағында жұмыс істеуге құқығының болуы туралы;
Тараптар мемлекеттерінің аумағына кіруге рұқсат етпеу не олардың мерзімдерін көрсете отырып, Тараптар мемлекеттерінің аумағынан шығуға шектеу қою фактілері туралы;
фотосурет бейнелері;
дактилоскопиялық карта (болған жағдайда).
Тараптар осы Келісім шеңберінде ынтымақтастықты мынадай нысандарда жүзеге асырады:
1) көші-қон мәселелерімен айналысатын, осы салада семинарлар мен тағылымдамалар ұйымдастыруды қоса алғанда, Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары қызметкерлерін даярлау және олардың біліктілігін арттыру;
2) ынтымақтастық процесінде туындайтын мәселелер бойынша жұмыс топтарын құру және сарапшылармен алмасу;
3) ғылыми-практикалық конференциялар, семинарлар өткізу және бірлескен іс-қимылды қажет ететін ынтымақтастықтың басқа да нысандарын пайдалану;
4) Тараптардың құзыретті мемлекеттерінің аумақтық органдарының, ведомстволық бағынысты ұйымдарының және мекемелерінің жұмысымен танысу;
5) халықаралық ұйымдардың қатысуымен бірлескен жобаларды жүзеге асыру.
Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық мүдделі Тараптың жәрдем көрсету туралы сұрау салуының (бұдан әрі – сұрау салу) негізінде жүзеге асырылады.
Егер мұндай ақпарат екінші Тарап үшін қызығушылық тудырады деп ұйғаруға негіз болса, Тараптардың әрқайсысы көші-қон мәселелері жөніндегі өзінде бар ақпаратты сұрау салусыз екінші Тарапқа жолдай алады.
1. Сұрау салу және сұрау салуға жауап жазбаша нысанда, оның ішінде мәтінді берудің техникалық құралдары пайдаланыла отырып жолданады. Осы Келісімді іске асыру мақсатында Тараптар қорғалған электрондық байланыс құралдарын пайдалана отырып, өзара іс-қимыл жасасуды ұйымдастыра алады.
2. Сұрау салуда мыналар қамтылуға тиіс:
сұрау салушы және сұрау салынатын органның атауы;
сұрау салу мәнінің қысқаша мазмұны, оның мақсаты мен негіздемесі;
сұрау салуды тиісінше орындау үшін пайдаланылуы мүмкін кез келген басқа да ақпарат.
3. Сұрау салуға Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органының басшысы (оның орынбасары) немесе олар уәкілеттік берген адам қол қояды, олар сұрау салуларды орындау бойынша үйлестіруші болып табылады. Тараптар сұрау салуларға қол қоюға уәкілеттік берілген адамдардың тізбелерімен, сондай-ақ бланкілердің үлгілерімен осы Келісім күшіне енгеннен кейін 45 күн ішінде алмасады.
4. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген сұрау салуларға қол қоюға уәкілеттік берілген адамдардың тізбелері не бланкілер өзгерген жағдайда, Тараптар бұл туралы бір-бірін дереу хабардар етеді.
5. Сұрау салудың түпнұсқалығына немесе мазмұнына күдік туындаған кезде қосымша растау сұратылуы мүмкін.
1. Сұрау салынатын Тарап сұрау салудың жылдам және толық орындалуын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды.
Сұрау салынатын Тарап өзінің пікірі бойынша сұрау салуды тиісінше орындау үшін қажетті қосымша мәліметтерді сұратуға құқылы.
Сұрау салынатын Тарап сұрау салушы Тарапты сұрау салуды орындауға кедергі келтіретін немесе оның орындалуын едәуір кешіктіретін мән-жайлар туралы дереу хабардар етеді.
2. Егер сұрау салынатын Тарап сұрау салуды орындау қылмыстық қудалауға немесе оның мемлекетінің аумағында жүзеге асырылып жатқан өзге де іс жүргізуге кедергі келтіруі мүмкін деп ұйғарса, онда ол сұрау салуды орындауды кейінге қалдыруға немесе оның орындалуын өзі айқындаған шарттардың сақталуымен байланыстыруға құқылы.
3. Сұрау салынатын Тарап сұрау салуды орындау нәтижелері туралы сұрау салушы Тарапқа мүмкіндігінше қысқа мерзімде хабарлайды. Сұрау салуды орындау мерзімі ол келіп түскен күнінен бастап күнтізбелік 30 күннен аспауға тиіс.
4. Егер сұрау салынатын Тарап сұрау салуды орындау өз мемлекетінің егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне, басқа да елеулі мүдделеріне зиян келтіруі не ұлттық заңнамасына немесе халықаралық міндеттемелеріне қайшы келуі мүмкін деп ұйғарса, сұрау салуды орындаудан толық немесе ішінара бас тартады.
Сұрау салушы Тарапқа бас тарту себептері көрсетіле отырып, сұрау салуды орындаудан толық немесе ішінара бас тарту туралы жазбаша хабарланады.
1. Сұрау салынатын Тарап сұрау салудың келіп түсу фактісінің, оның мазмұны мен оған ілеспе құжаттардың, сондай-ақ жәрдем көрсету фактісінің құпиялылығын қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдайды.
Сұрау салуды құпиялылықты сақтап орындау мүмкін болмаған жағдайда, сұрау салынатын Тарап бұл туралы сұрау салушы Тарапқа хабарлайды, ол сұрау салуды осындай жағдайларда орындау-орындамау керектігін шешеді.
2. Осы Келісімнің негізінде алынған сұрау салуды орындау нәтижелері оларды ұсынған Тараптың келісімінсіз, сұрау салынғаннан және ұсынылғаннан өзге де мақсаттарда пайдаланыла алмайды.
3. Осы Келісімнің негізінде бір Тарап алған мәліметтерді үшінші тарапқа беру үшін мәліметтерді ұсынған Тараптың алдын ала келісімі талап етіледі.
4. Тараптар мемлекеттерінің әрқайсысының ұлттық заңнамасын және халықаралық міндеттемелерін басшылыққа ала отырып, Тараптар осы Келісім шеңберінде алынған ақпаратты кездейсоқ немесе заңсыз жоюдан, өзгертуден немесе таратудан, сондай-ақ кез келген өзге де санкцияланбаған қол жеткізуден немесе пайдаланудан қорғауға бағытталған қажетті ұйымдастырушылық-техникалық шараларды жүзеге асырады.
5. Осы Келісім шеңберінде алынған ақпарат берілген мақсаттары талап ететін уақыттан ұзақ сақталмайды. Ақпарат Тараптар мемлекеттерінің әрқайсысының құқықтық актілеріне сәйкес жойылуға тиіс.
Тараптар арасындағы қарым-қатынастарда пайда болатын және осы Келісімді орындаумен немесе түсіндірумен байланысты барлық даулы мәселелер консультациялар мен олардың арасындағы келіссөздер арқылы шешіледі.
Егер әрбір нақты жағдайда өзгеше тәртіп келісілмесе, Тараптар осы Келісімді іске асыру барысында туындайтын шығыстарды Тараптардың ұлттық заңнамаларына сәйкес дербес көтереді.
Осы Келісімнің ережелері мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
Тараптар осы Келісім шеңберінде ынтымақтастықты жүзеге асыру кезінде орыс тілін пайдаланады.
Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізуі мүмкін, бұлар оның ажырамас бөлігі болып табылады және осы Келісімнің 17-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін жекелеген хаттамалармен ресімделеді.
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы жазбаша хабарламалардың соңғысы дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді. Тараптардың әрқайсысы өзінің осы Келісімнің қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы жібере отырып, оның қолданысын тоқтата алады. Мұндай жағдайда осы Келісімнің қолданысы бір Тараптың екінші Тараптан осындай хабарламаны алған күнінен бастап 6 ай өткен соң тоқтатылады.
20 ___"___"____________ ___________ қаласында әрқайсысы қазақ, тәжік және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндер бірдей теңтүпнұсқалы болып табылады. Мәтіндер арасында айырмашылықтар болған жағдайда, Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Қазақстан Республикасының | Тәжікстан Республикасының |
Үкіметі үшін | Үкіметі үшін |