Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған 2004 жылғы 8 қазанда Астанада жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Латвия Республикасының Үкіметі арасындағы Терроризмге, есірткі және психотроптық заттардың, прекурсорлардың заңсыз айналымына және ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Б. Сағынтаев |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 9 шелдедегі № 412 қаулысымен бекітілген |
Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Латвия Республикасының Үкiметi арасындағы Терроризмге, есiрткi және психотроптық заттардың, прекурсорлардың заңсыз айналымына және ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрестегi ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ
(2018 жылғы 13 тамызда күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2018 ж., № 5, 60-құжат)
Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Латвия Республикасының Yкiметi
терроризмге, есiрткi және психотроптық заттардың, прекурсорлардың заңсыз айналымына және ұйымдасқан қылмыстарға қарсы күрес мақсатында ынтымақтастықтың маңызы зор екендігiне көз жеткiзе отырып,
есiрткi және психотроптық заттардың, прекурсорлардың заңсыз айналымының, оларды терiс пайдалану үрдiсiне өсуіне алаңдаушылық бiлдiре отырып,
терроризмге қарсы бiрлесiп күрес жүргiзуге өздерiнiң ниеттерiн растай отырып,
заңсыз көшi-қонға және экономика саласындағы қылмыстарға қарсы күрес жөнінде тиiмдi шаралар қабылдауға ниет бiлдiре отырып,
төмендегiлер туралы келiстi:
1-бап
Егер Тараптар мемлекеттерiнiң аумағында қылмыс жасалатын немесе оларға дайындық жүргiзiлетiн болса, Тараптар өз мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес терроризмге, есiрткi және психотроптық заттардың, прекурсорлардың заңсыз айналымына, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес саласындағы ынтымақтастықты жүзеге асырады.
2-бап
Терроризмнiң кез келген көрiнiстерiне қарсы күресу үшiн Тараптар өз мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес, сондай-ақ осы Келiсiмнiң ережелерiне орай:
1. терроризмнiң жоспарланған және жасалған актiлерi туралы, террористiк ұйымдар мен топтар туралы, сондай-ақ осындай қылмыстарға қатысатын адамдар туралы, осындай қылмыстарды жасаудың нысандары мен әдiстерi және пайдаланылатын құралдары туралы ақпарат, сондай-ақ терроризмге қарсы күресу мен Тараптардың қоғамдық және мемлекеттiк қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн қылмыстардың жолын кесу үшiн қажеттi мәлiметтер алмасады;
2. террористiк ұйымдар мен террористiк қызметке қатысы бар адамдарға қолдау көрсету, оның iшiнде қаржыландыру көздерi туралы ақпарат алмасады;
3. қаруды, оқ-дәрiлердi, әскери техниканы, жарылғыш және улы заттарды, ядролық және радиоактивтi материалдарды заңсыз сатумен айналысатын адамдар мен ұйымдар туралы, сондай-ақ оларды Тараптар мемлекеттерiнiң аумақтары бойынша өткiзу арналары туралы ақпарат алмасады;
4. Тараптардың бiреуiнiң сұрау салуы бойынша террористiк сипаттағы қылмыстардың алдын алуға, анықтауға, жолын кесуге бағытталған жедел iс-шараларды өткiзедi;
5. терроризмге қарсы күрес, террористiк көрiнiстерге қарсы iс-қимылдың нысандары мен әдiстерiне қатысты тәжiрибе алмасу мәселелерi бойынша бiрлескен жұмыс бабындағы кездесулер мен консультациялар өткiзедi.
3-бап
Құрамында есiрткi және психотроптық заттар бар өсiмдiктердi, прекурсорларды заңсыз өсiрудiң, есiрткi және психотроптық заттарды, прекурсорларды өндiрудiң, сақтаудың, өткiзудiң, оларды транзиттеу мен таратудың, оларды дайындау үшін пайдаланылатын құралдардың және жабдықтардың заңсыз айналымының жолын кесу үшiн Тараптар өз мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамасы негiзiнде:
1. есiрткi және психотроптық заттардың, прекурсорлардың заңсыз айналымына тартылған адамдар туралы; осы адамдардың жасырын баспаналары, көлiк құралдары және жұмыс әдiстерi туралы; есiрткi және психотроптық заттардың, прекурсорлардың шығарылған жерi мен арналымы туралы, сондай-ақ есiрткi және психотроптық заттармен, прекурсорлармен байланысты қылмыстардың алдын алуға және жолын кесуге қажеттi өзге де ақпаратты алмасады;
2. есiрткi және психотроптық заттардың, прекурсорлардың заңсыз айналымы әдiстерi туралы ақпарат алмасады;
3. есiрткi және психотроптық заттардың, прекурсорлардың заңсыз айналымына және оларды терiс пайдалануға байланысты қылмыстар бойынша криминалистикалық және криминологиялық зерттеулер нәтижелерiмен алмасады;
4. терiс пайдалану үшін қолданылатын есiрткi және психотроптық заттардың, прекурсорлардың үлгiлерiн бiр-бiрiнiң қарауына ұсынады;
5. есiрткi және психотроптық заттардың, прекурсорлардың заңды айналымын осы салада терiс пайдалану ықтималдығына ерекше назар аудара отырып, бақылау жөнiнде тәжiрибе алмасады;
6. есiрткi және психотроптық заттардың, прекурсорлардың заңсыз айналымын болдырмау жөнiнде келiсiлген шаралар қабылдайды.
4-бап
Қылмысты, әсiресе, ұйымдасқан қылмысты анықтауда, алдын алуда, жолын кесуде және оның деңгейiн төмендетуде ынтымақтастықты жүзеге асыра отырып, Тараптар:
1. ұйымдасқан қылмыстық іс-әрекетке тартылған адамдар, қылмыскерлердiң байланыстары, ұйымдасқан қылмыстық топтардың құрылымы, жекелеген қылмыскерлер мен ұйымдасқан қылмыстық топтардың қарым-қатынастары, iстері жөнiндегi фактiлер (әсiресе, қылмыстың жасалған уақыты, орны және әдiсi туралы), қылмыстардың саралануы мен түрлерi, қабылданған шаралар, сондай-ақ осындай қылмыстардың алдын алу немесе жолын кесу үшін қажетті шамада іске қатысты кез келген басқа да детальдар туралы ақпарат алмасады;
2. Тараптардың бiрiнiң сұрау салуы бойынша Сұрау салынатын Тарап мемлекетiнiң ұлттық заңнамасында көзделген жедел және тергеу iс-шараларын жүзеге асырады;
3. халықаралық қылмыс жасаудың әдiстерi мен оның жаңа нысандары саласында ақпарат және тәжiрибе алмасады;
4. өздерiнiң криминалистикалық, криминологиялық және басқа да iске қатысты криминалдық зерттеулерінің нәтижелерiн алмасады. Оларды жетiлдiру мақсатында тергеу және өздерiнiң жұмыс әдiстерiмен жабдықтарды қолдану жөнiндегi тәжiрибесi туралы бiр-бiрiне өзара хабарлайды;
5. ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бойынша өзара iс-қимыл жасасуды нығайту мақсатында мамандардың бiлiктiлiгiн арттыру үшiн оларды өзара тағылымдамадан өткiзедi, криминалистикалық, криминологиялық және сот-медицина сараптамасы саласындағы тәжiрибесін және ғылыми жетiстiктерін алмасады;
6. қажет болған кезде ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес жөнiнде бiрлескен iс-шараларды жүзеге асырады, оларды дайындау және iске асыру үшiн жұмыс бабындағы кездесулерді өткiзедi.
5-бап
Бұдан басқа, Тараптар ынтымақтастығы мыналарды:
1. заңсыз алынған кiрiстердi заңдастыруға, сондай-ақ заңсыз қаржы операцияларына қарсы күрестегі ынтымақтастықты;
2. осы Келiсiмде айтылған қылмыстық әрекеттерге қарсы күрес саласындағы нормативтiк актілерді алмасуды;
3. қылмыстық iс-әрекет нәтижесiнде туындаған заңсыз кiрiстер туралы ақпарат алмасуды;
4. заңсыз көшi-қонға қарсы күрес саласындағы тәжiрибемен және нормативтiк актілермен, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерiнiң аумақтарында шетелдiктердiң болу тәртiбiн реттейтiн нормативтiк құқықтық актілермен алмасуды;
5. адамдар саудасына қарсы күресте екiншi Тарап үшiн қажеттi, сондай-ақ заңсыз көшi-қонды ұйымдастыруға қатысы бар заңды және жеке тұлғаларға және көшiп-қонушыларды ауыстырудың анықталған арналарына қатысты ақпарат алмасуды қамтиды.
6-бап
1. Осы Келiсiмнiң ережелерiн орындау мақсатында барлық байланыстар Тараптар мемлекеттерiнiң орталық құзыреттi органдары арасында тiкелей жүзеге асырылатын болады.
2. Осы Келiсiмнiң мақсаттары үшiн Тараптар мемлекеттерiнiң орталық құзыреттi органдары мыналар:
Қазақстан Тарапынан:
Iшкi iстер министрлiгi;
Ұлттық қауiпсiздiк комитетi;
Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы);
Кедендік бақылау агенттігі;
Латвия Тарапынан:
Iшкi iстер министрлiгi;
Мемлекеттiк кiрiс қызметi болып табылады.
3. Тараптар мемлекеттерiнiң орталық құзыреттi органдары өз мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамасы шеңберiнде бiр-бiрiмен тiкелей ынтымақтасады және жеке Хаттамада өз ынтымақтастығының белгiлi бiр салалары мен нысандарын белгiлеуi мүмкiн.
4. Әрбiр Тарап орталық құзыреттi органдардың тiзбесiндегi өзгерiстер туралы екінші Тарапты уақтылы хабардар етеді.
7-бап
1. Ақпарат алмасу және осы Келiсiмде көзделген iс-әрекеттердi жүзеге асыру туралы сұрау салу Тараптар мемлекеттерiнiң орталық құзыреттi органдарына жазбаша нысанда жiберiледi. Сұрау салу:
- сұрау салушы органды, сондай-ақ сұрау салу жiберiлген органды анықтайтын дәлелдi тұжырымдамамен;
- оған байланысты көмек сұратылатын iстiң сипаттамасымен;
- сұрау салудың мазмұнымен, сондай-ақ оның орындалуы үшiн қажеттi мәлiметтермен бiрге жіберіледі.
Шұғыл жағдайларда Тараптар мемлекеттерiнiң орталық құзыреттi органдары осы Келiсiмнiң ережелерiн орындау туралы ауызша түрде алдын ала өтiнiш жасайды, бұл осыдан кейiн дереу жазбаша түрде формальды расталуы тиiс.
2. Егер Сұрау салынатын Тарап сұрау салуда ұсынылған ақпаратты жеткiлiксiз деп тапса, ол қосымша ақпарат сұратуы мүмкiн. Тараптар мемлекеттерiнiң орталық құзыреттi органдары сұрау салуды дереу орындайды.
8-бап
Ынтымақтастық барысында ұсынылған дербес деректердi қорғау мақсатында Тараптар өз мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес мынадай шарттарды сақтайды:
1. Сұрау салушы Тарап дербес деректердi Сұрау салынатын Тарап айқындаған мақсаттарда және шарттарда ғана пайдаланады;
2. Сұрау салынатын Тараптың сұрау салуы бойынша Сұрау салушы Тарап жеткiзiлген дербес деректердi пайдаланғаны және осы ретте алынған нәтижелер туралы ақпарат ұсынады;
3. дербес деректер осы Келiсiмнiң 6-бабында айқындалған және осы Келiсiмде көзделген қылмыстарға қарсы күрестi жүзеге асыратын орталық құзыреттi органдарға ғана жiберiлуi мүмкiн. Дербес деректер басқа билiк органдарына сұрау салынатын органның жазбаша келiсiмiмен ғана берiлуi мүмкiн;
4. берілуге жататын дербес деректердiң дәлдігіне, сондай-ақ мұндай берілудiң қажеттiлiгiне Сұрау салынатын Тарап көз жеткiзедi. Бұл ретте екінші Тарап мемлекетiнiң ұлттық заңнамасында белгiленген дербес деректердi жеткiзуiге шектеулер сақталады. Егер дұрыс емес немесе шектеуге түскен дербес деректер жiберiлгенi дәлелденсе, онда Сұрау салушы Тарапқа бұл туралы дереу хабарланады. Ол қажеттi түзетулерді енгiзедi немесе шектелуге жататын дербес деректердi дереу жояды;
5. мүдделi адамға оның өтiнiшi бойынша, Сұрау салынатын Тарап мемлекетiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес оған қатысты берiлген дербес деректер және оларды пайдалану мақсаттары туралы анықтама берiлуi мүмкiн;
6. дербес деректердi жiберу кезiнде Сұрау салынатын Тарап өз мемлекетiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес осы дербес деректердi жою үшiн шектi мерзiмдерді белгiлейдi. Осыған қарамастан, жеткiзiлген дербес деректер олар қажетсiз болған жағдайда жойылуға тиiс. Әрбiр Тарап алынған дербес деректердiң жойылғаны және мұндай жоюдың негiзi туралы дереу екінші Тарапқа хабарлайды. Алынған дербес деректер осы Келiсiмнiң қолданылу мерзiмi тоқтатылған кезде жойылады;
7. әрбiр Тарап дербес деректердi жiберу, алу және жою тiркелiмiн жүргiзедi;
8. Тараптар алынған дербес деректердi санкцияланбаған қол жеткізуден, өзгертуден немесе жариялаудан қорғайды.
9-бап
1. Тараптар осы Келiсiмдi орындау мақсатында алмасу нәтижесiнде алынған барлық деректер мен ақпараттарды Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес қорғауға кепiлдiк бередi. Беретiн Тарап белгiлеген қорғау дәрежесi өзгертуге жатпайды.
2. Осы Келiсiмге сәйкес жеткiзiлген құжаттар, деректер мен техникалық жабдықтар Сұрау салынатын Тараптың тек жазбаша келiсiмiмен ғана үшiншi мемлекетке берiлуi мүмкiн.
10-бап
1. Осы Келiсiмдi орындау жөнiндегi шығыстарды Тараптар олар өз мiндеттемелерiн орындауы үшiн қажеттi шектерде дербес көтередi.
2. Қажет болған жағдайда Тараптар осы Келiсiмнен туындайтын iс-әрекеттердi жүзеге асыру үшiн шығыстарды бiрлесе көтередi, бұл әрбiр нақты жағдайда өзара қолайлы уағдаластықтармен ресiмделедi. Тараптардың бiрлескен шығыстар бойынша мiндеттемелерi осы уағдаластықтарда реттеледi.
11-бап
1. Осы Келiсiмнiң ережелерiн iске асыру мақсатында Тараптар бiрлескен комиссия құруы мүмкiн. Тараптар комиссияның құрамы туралы бiр-бiрiне дипломатиялық арналар арқылы хабарлайды.
2. Бiрлескен комиссияның отырыстары қажеттiлiгiне қарай Тараптар мемлекеттерiнiң аумақтарында кезектесіп өткiзiледi. Әрбiр Тарап қажет болған кезде қосымша отырыс өткiзуге ұсыныс жасауы мүмкiн.
12-бап
1. Сұрау салынатын Тарап, егер сұрау салуды орындау Сұрау салынатын Тарап мемлекетiнiң егемендiгiне, қауiпсiздiгiне зиян келтiретiн болса немесе ұлттық заңнамасына қайшы келсе, сұрау салуды орындаудан толық немесе iшiнара бас тартуы мүмкiн.
2. Сұрау салуды орындаудан немесе iшiнара орындаудан бас тартылған жағдайда, бас тартудың немесе iшiнара орындаудың себептерi көрсетіле отырып, Сұрау салушы Тарапқа бұл туралы жазбаша хабардар етіледі.
13-бап
Тараптар ынтымақтастықты жүзеге асыру кезiнде осы Келiсiмнiң шеңберiнде орыс тiлiн пайдаланады.
14-бап
Тараптардың өзара келiсуі бойынша осы Келiсiмге өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн, олар осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiктері болып табылатын хаттамалармен ресiмделедi.
15-бап
Осы Келiсiм Тараптардың мемлекеттерi қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын құқықтар мен мiндеттемелердi қозғамайды.
16-бап
1. Осы Келiсiм оның күшiне енуi үшін қажеттi мемлекетiшiлiк рәсiмдердi Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшiне енедi.
2. Осы Келiсiм белгiсіз мерзiмге жасалады және Тараптардың бiрi екінші Тараптың өзiнiң осы Келiсiмнiң қолданысын тоқтату ниетi туралы жазбаша хабарламасын алған күнiнен бастап 6 ай өткенге дейiн күшiнде қалатын болады.
2004 жылғы 8 қазанда Астана қаласында екi данада, әрқайсысы қазақ, латыш және орыс тiлдерiнде жасалды әрi барлық мәтiндердiң күшi бiрдей.
Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiруде келiспеушiлiктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тiлiндегi мәтiнге жүгiнетін болады.
Қазақстан Республикасының | Латвия Республикасының |
Үкiметi үшiн | Үкiметi үшiн |