Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 18.03.2021 № 151 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Қоғамдық кеңес туралы үлгілік ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1194 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2015 ж., № 87-88, 632-құжат) мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Қоғамдық кеңес туралы үлгілік ереже осы қаулыға қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Б. Сағынтаев |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 24 тамыздағы № 516 қаулысына |
|
қосымша | |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1194 қаулысымен бекітілген |
Қоғамдық кеңес туралы үлгілік ереже
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қоғамдық кеңес туралы үлгілік ереже (бұдан әрі – Үлгілік ереже) "Қоғамдық кеңестер туралы" 2015 жылғы 2 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 8-бабының 5-тармағына сәйкес әзірленді.
2. Қоғамдық кеңестер – министрліктер, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін органдар, сондай-ақ осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген мемлекеттік органдарды қоспағанда, жергілікті мемлекеттік басқару органдары өз құзыретіндегі мәселелер бойынша коммерциялық емес ұйымдармен, азаматтармен бірлесіп құратын консультациялық-кеңесші, бақылаушы органдар.
Қоғамдық кеңестер Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің, прокуратура органдарының, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасының, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің, Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының, Қазақстан Республикасы Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталығының, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот Кеңесінің, Қазақстан Республикасы арнайы мемлекеттік органдарының қатысуымен құрылмайды.
3. Мемлекеттік органдардың жанынан Заңда көзделгеннен өзгеше тәртіппен құрылатын консультативтік-кеңесші, бақылау органдары және коммерциялық емес ұйымдар "қоғамдық кеңес" деген атауға ие бола алмайды және Заңда белгіленген өкілеттіктерді толық көлемде иелене алмайды.
4. Қоғамдық кеңестер өз қызметінде Конституцияны, оған сәйкес келетін заңдарды, Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерін, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ осы Үлгілік ережені басшылыққа алады.
2-тарау. Қоғамдық кеңесті қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобын құрудың тәртібі
1-параграф. Қоғамдық кеңесті қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобының мүшелерін іріктеу тәртібі, оны өткізу мерзімі
5. Қоғамдық кеңесті қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобының (бұдан әрі – жұмыс тобы) құрамы мемлекеттік органдардың өкілдері қатарынан және коммерциялық емес ұйымдар өкілдерінен, азаматтар қатарынан Заңда белгіленген тәртіппен конкурстық негізде құрылады.
6. Жұмыс тобының сандық құрамын жұмыс органының мүшелерін іріктеу бойынша конкурсты өткізгенге дейін мемлекеттік органның басшысы республикалық және жергілікті деңгейде анықтайды.
Мемлекеттік органнан жұмыс тобының құрамындағы өкілдік жұмыс тобы мүшелерінің жалпы санының үштен бірінен аспауы тиіс. Аталған өкілдіктің дербес құрамын мемлекеттік орган басшысының өзі айқындайды.
Азаматтық қоғамнан жұмыс тобының құрамындағы өкілдік жұмыс тобы мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісін құрайды және коммерциялық емес ұйымдармен азаматтардың ұсыныстары негізінде қалыптастырылады.
7. Жұмыс тобының құрамы республикалық деңгейде – тиісті мемлекеттік органның бірінші басшысының, ал жергілікті деңгейде жергілікті өкілді орган басшысының шешімімен бекітіледі. Жұмыс тобының жетекшісі мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшесінің басшысы – хатшыны тағайындайды, оған Қоғамдық кеңестің жұмыс органының функцияларын орындау жүктеледі.
8. Мемлекеттік органдар мен коммерциялық емес ұйымдардың өкілдерінен, азаматтардан жұмыс тобының сандық құрамын, құжаттарды тапсыру мерзімдері мен құжаттар жіберілетін пошта және электрондық мекенжайларды көрсете отырып, мемлекеттік орган республикалық немесе жергілікті деңгейде жұмыс тобының мүшелерін іріктеу туралы конкурсты өткізу туралы хабарландыруды бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды және (немесе) өзінің интернет-ресурсында орналастырады.
9. Конкурс өткізу мерзімі конкурс туралы хабарландыру жарияланғаннан кейін он жұмыс күнін құрайды.
10. Конкурсқа қатысуға ниет білдірген азаматтар, коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері белгіленген мерзімде мынадай құжаттарды ұсынады:
1) осы Үлгілік ережеге 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш;
2) жұмыс тобының мүшесіне кандидатура (болған жағдайда) ұсыну туралы коммерциялық емес ұйымның жазбаша ұсынысы;
3) Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігінің көшірмесі.
11. Құжаттарды қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде жұмыс тобына кандидаттардың тізімі қалыптастырылады.
12. Кандидаттар тізімін құру аяқталғаннан кейін күнтізбелік бес күн ішінде жұмыс тобына кандидаттардың қатысуымен жұмыс тобының отырысы өткізіледі. Ашықтықты және объективтілікті қамтамасыз ету үшін жұмыс тобының отырысына коммерциялық емес ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатарынан байқаушылар қатыса алады.
Мемлекеттік органдар республикалық немесе жергілікті деңгейлерде бұқаралық ақпарат құралдарында және (немесе) өзінің интернет-ресурсында жұмыс тобының мүшелерін іріктеу бойынша конкурс өткізу туралы хабарландырумен бір мезгілде құжаттарды ұсыну мерзімдерін, сондай-ақ құжаттар жолданатын пошта және электрондық мекенжайын көрсете отырып, байқаушылар тізімін қалыптастыру бойынша іріктеу өткізу туралы хабарландыруды жариялайды.
Жұмыс тобының отырысына байқаушы ретінде қатысу үшін байқаушы болуға ниет білдірген адам осы Үлгілік ережеге 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Қоғамдық кеңесті құру жөніндегі жұмыс тобының мүшелерін іріктеу бойынша конкурсқа байқаушы ретінде қатысу үшін өтінішті мемлекеттік органға ұсынады немесе электрондық поштаға жолдайды.
13. Республикалық деңгейдегі мемлекеттік орган – орталық мемлекеттік орган немесе жергілікті деңгейде жергілікті өкілді орган отырысты өткізуге дейін үш жұмыс күні қалғанда жұмыс тобы отырысын өткізу уақыты мен орны туралы жұмыс тобының мүшесіне кандидаттарды, байқаушыларды хабардар етеді.
Республикалық деңгейдегі мемлекеттік орган – орталық мемлекеттік орган немесе жергілікті деңгейде – жергілікті өкілді орган жұмыс тобының отырысын дайындауды және өткізуді ұйымдастыру мәселелерінің шешілуін қамтамасыз етеді.
14. Жұмыс тобының отырысын республикалық деңгейде тиісті мемлекеттік органның басшысы, ал жергілікті деңгейде жергілікті өкілді органның басшысы (бұдан әрі – жұмыс тобының басшысы) жүргізеді.
15. Жұмыс тобының бірінші отырысында дауыс беруде жұмыс тобының басшысы Заңның 8-бабының 2-тармағына сәйкес анықталған мемлекеттік органның өкілдері, коммерциялық емес ұйымдардан және азаматтардан жұмыс тобы мүшесіне кандидаттар қатысуға құқылы. Коммерциялық емес ұйымдардан кандидат өз кандидатурасына дауыс беруге қатыспайды. Кандидаттар отырысқа қатысуға міндетті.
16. Отырысқа келмеген кандидаттар бойынша дауыс беру жүргізілмейді. Ең көп дауыс жинаған кандидаттар жұмыс тобының құрамына сайланған болып табылады. Тең дауыс санын жинаған кандидаттар бойынша жұмыс тобы басшысының дауысы шешуші болып есептеледі.
17. Жұмыс тобының шешімі орталық мемлекеттік органның немесе жергілікті өкілді органның ресми интернет-ресурсында отырыс аяқталғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде жарияланады. Жұмыс тобының отырысында хаттама жүргізіледі, оған жұмыс тобының басшысы және хатшы қол қояды.
2-параграф. Жұмыс тобының қызмет тәртібі
18. Жұмыс тобы мынадай өкілеттіктерді жүзеге асырады:
1) халықты Қоғамдық кеңес мүшелерін сайлау жөніндегі конкурс туралы хабардар етеді;
2) Қоғамдық кеңес мүшелерінің сандық құрамын айқындайды;
3) Қоғамдық кеңес мүшелерін сайлау рәсімін өткізеді;
4) Қоғамдық кеңес туралы ереженің жобасын дайындайды.
19. Жұмыс тобының отырысы жұмыс тобының басшысын қоса алғанда, жұмыс тобы мүшелерінің жалпы құрамының кемінде үштен екісі қатысқан кезде заңды болып есептеледі.
20. Жұмыс тобы кезекті құрамдағы Қоғамдық кеңес өкілеттілігінің толық мерзіміне құрылады.
3-тарау. Қоғамдық кеңестерді құру тәртібі
21. Қоғамдық кеңестерді мемлекеттік органдардың өкілдерінен және конкурстық негізде – коммерциялық емес ұйымдардың өкілдерінен, азаматтардан тұратын жұмыс тобы қалыптастырады.
Қоғамдық кеңес мүшелігіне кандидатураларды коммерциялық емес ұйымдар, азаматтар ұсынуы, оның ішінде адамдардың өзін-өзі ұсынуы мүмкін.
Қоғамдық кеңес өкілеттілігінің мерзімі үш жылды құрайды. Қоғамдық кеңес мүшелерінің сандық құрамын жұмыс тобы анықтайды.
22. Жұмыс тобы Қоғамдық кеңес мүшелерін сайлау жөніндегі конкурс туралы хабарламаны республикалық және (немесе) жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды және (немесе) республикалық және (немесе) жергілікті деңгейлерде мемлекеттік органның интернет-ресурсына орналастырады. Хабарландыруда мемлекеттік органның атауы, құжаттар жолданатын пошталық және электрондық мекенжайлар, құжаттарды ұсыну мерзімдері және Заңның 10-бабының 1 және 2-тармақтарына сәйкес конкурсқа қатысу үшін құжаттар тізімі мен кандидаттарға қойылатын талаптар, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері, азаматтар қатарынан Қоғамдық кеңестің сандық құрамы көрсетіледі.
23. Коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері және азаматтар конкурс туралы хабарландыру жарияланғаннан кейін жұмыс тобына қажетті құжаттарды қоса бере отырып, қоғамдық кеңес мүшелігіне кандидатуралар бойынша ұсыныстарын жазбаша нысанда (пошталық немесе электрондық мекенжайға) жолдайды.
24. Құжаттар конкурс өткізу туралы хабарландыру жарияланған күннен бастап он жұмыс күні ішінде ұсынылады.
25. Жұмыс тобы құжаттарды қабылдау аяқталған күннен кейін он жұмыс күні ішінде отырыста Қоғамдық кеңес мүшелігіне кандидаттар бойынша келіп түскен құжаттарды талқылауды және әрбір кандидат бойынша ашық дауыс беруді жүргізеді. Ең көп дауыс жинаған кандидаттар Қоғамдық кеңес құрамына сайланған болып есептеледі. Тең дауыс санын жинаған кандидаттар бойынша жұмыс тобы басшысының дауысы шешуші болып есептеледі.
26. Қоғамдық кеңеске мемлекеттік органның атынан өкілдікті мемлекеттік органның басшысы конкурс өткізбей бекітеді.
27. Қоғамдық кеңестің қалыптастырылған құрамы республикалық немесе жергілікті деңгейлердегі мемлекеттік органның шешімімен бекітіледі және Қоғамдық кеңес құрамы бекітілгеннен кейін үш жұмыс күні ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануы және (немесе) республикалық немесе жергілікті деңгейлердегі мемлекеттік органның интернет-ресурсында орналастырылуы тиіс.
4-тарау. Қоғамдық кеңестің қызметін ұйымдастыру
1-параграф. Қоғамдық кеңестің қызметін жүзеге асыру тәртібі
28. Қоғамдық кеңес комиссияны Қоғамдық кеңес қызметінің басымдықтарына байланысты Қоғамдық кеңес мүшелерінің қатарынан құрады.
29. Қоғамдық кеңес отырыстары қажеттілігіне қарай өткізіледі.
Қажет болған жағдайда Қоғамдық кеңестің жұмыс жоспары әзірленеді және Қоғамдық кеңес отырысында бекітіледі.
30. Қоғамдық кеңес отырысы Қоғамдық кеңес мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқан кезде заңды деп саналады. Қоғамдық кеңес мүшелерінің бейнеконференцбайланыс арқылы қатысуына рұқсат етіледі.
31. Қоғамдық кеңес төрағасы өз құзыреті шеңберінде:
1) Қоғамдық кеңестің қызметін ұйымдастырады;
2) осы Ережеге және отырыстың бекітілген күн тәртібіне сәйкес отырыста төрағалық етеді;
3) Қоғамдық кеңес мүшелерінен ұсыныстар келіп түсуіне қарай Қоғамдық кеңес шешімімен белгіленген тәртіппен кезектілік бойынша оларға сөз береді;
4) келіп түсуіне қарай Қоғамдық кеңес мүшелерінің ұсынысын дауыс беруге қояды;
5) дауыс беруді жүргізеді және оның нәтижелерін жариялайды;
6) Қоғамдық кеңес отырыстары хаттамаларының жүргізілуін бақылайды;
7) Қоғамдық кеңес атынан құжаттарға қол қояды;
8) Қоғамдық кеңес шешімдерін іске асыру бойынша қызметті үйлестіреді;
9) кеңесші дауыс құқығымен республикалық және жергілікті деңгейлердегі мемлекеттік органның отырыстарына қатысады;
10) өзі болмаған уақытта Қоғамдық кеңес төралқасының бір мүшесіне төрағаның міндетін атқару құқығын береді;
11) қажет болған жағдайда мемлекеттік органдардан Қоғамдық кеңестің отырыстарында қаралатын мәселелерге қатысты қосымша материалдарды сұратады.
32. Ұйымдастырушылық мәселелерді шешу, Қоғамдық кеңес отырыстарын дайындау және өткізу, Қоғамдық кеңестегі іс қағаздарды жүргізу, сондай-ақ Қоғамдық кеңес шешімдерінің іске асырылу мерзімдерін бақылауды қамтамасыз ету мақсатында Қоғамдық кеңес хатшысы өз құзыреті шегінде:
1) Қоғамдық кеңес отырысын өткізу күніне дейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей, электрондық пошта арқылы оның мүшелеріне отырысты өткізу уақыты мен орны, қарауға енгізілетін мәселелер тізбесі туралы хабардар етеді;
2) Қоғамдық кеңес мүшелерін шешім қабылдау үшін қажетті материалдармен, құжаттармен және ақпаратпен қамтамасыз етеді;
3) Қоғамдық кеңес отырыстарын өткізуді ұйымдастырады;
4) Қоғамдық кеңес шешімдерінің жобаларын әзірлейді және Қоғамдық кеңестің барлық мүшелеріне үш жұмыс күні ішінде интернет-ресурс немесе электрондық пошта арқылы не қолма-қол жеткізеді;
5) Қоғамдық кеңестің қызметін қамтамасыз ету бойынша басқа да функцияларды жүзеге асырады.
Хатшы болмаған кезде оның функциялары Қоғамдық кеңес отырысының хаттамалық шешімімен Қоғамдық кеңес мүшелерінің біреуіне жүктеледі.
33. Қоғамдық кеңестің мүшесі жазбаша нысанда өтініш беру арқылы өз қалауы бойынша оның құрамынан шыға алады.
34. Қоғамдық кеңес мүшесінің денсаулық жағдайына байланысты не өзге де негіздер бойынша оның жұмысына қатысуы мүмкін болмаған жағдайда Заңда айқындалған тәртіпте Қоғамдық кеңестің шешімі бойынша мүшеліктен мерзімінен бұрын босатылуы мүмкін.
35. Қоғамдық кеңес Заңның 9-бабының 1-тармағына сәйкес конкурс нәтижелері немесе мемлекеттік органның шешімі бойынша Қоғамдық кеңестің құрамына шыққан адамның қалған мерзіміне жаңа мүшені қосу туралы шешім қабылдайды.
2-параграф. Отырыстарды өткізу және шешім қабылдау тәртібі
36. Қоғамдық кеңес жұмысының негізгі нысаны отырыстар болып табылады, олар мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқан кезде заңды болып саналады.
37. Қоғамдық кеңестің отырыстары Заңның 5-бабының 1-тармағында көрсетілген мәселелер бойынша өткізіледі.
38. Қажет болған жағдайда Қоғамдық кеңестің шешімі бойынша Қоғамдық кеңестің отырысына қатысу үшін мемлекеттік органдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, ғылыми, кәсіподақтар мен басқа да ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ сарапшылар мен мамандар шақыруы мүмкін.
39. Қоғамдық кеңестің отырысында хаттама жүргізіледі, онда:
1) отырыстың өтетін орны мен уақыты;
2) қатысушылар саны;
3) сөз сөйлеген лауазымды адамдардың тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда);
4) күн тәртібі, есеп пен баяндаманың мазмұны белгіленеді.
40. Қоғамдық кеңестің отырыстары ашық болып табылады.
41. Мәселелерді қарау нәтижелері бойынша Қоғамдық кеңес мемлекеттік органдардың қарауы міндетті болып табылатын ұсынымдарды қабылдайды.
42. Қоғамдық кеңестің шешімдері Қоғамдық кеңес отырысына қатысушылардың жалпы санының басым дауысымен қабылданады. Шешімдер хаттамамен ресімделеді, оған Қоғамдық кеңестің төрағасы мен хатшысы қол қояды.
43. Қоғамдық кеңестің отырысында қаралатын мәселелер бойынша шешім қабылданған кезде Қоғамдық кеңестің әрбір мүшесі бір дауысқа ие болады. Тең дауыс санын жинаған кандидаттар бойынша жұмыс тобы басшысының дауысы шешуші болып есептеледі.
44. Қоғамдық кеңестің қызметімен байланысты құжаттар Қоғамдық кеңесті құруға қатысқан мемлекеттік органда, оның өкілеттік ету мерзімінде электрондық және/немесе қағаз түрінде сақталады.
Сонымен бірге Қоғамдық кеңестің өкілеттілік мерзімі аяқталғаннан кейін Қоғамдық кеңестің қызметіне қатысты құжаттар мемлекеттік органның архивіне сақтауға беріледі.
5-тарау. Өтпелі және қорытынды ережелер
45. Үлгілік ереже жергілікті қоғамдастық жиналысын қалыптастыру тәртібіне қолданылмайды, ол Қазақстан Республикасының жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заңнамасында регламенттеледі.
Өтініш
Қоғамдық кеңесті құру жөніндегі жұмыс тобының мүшелігіне қосу үшін өз кандидатурамды ұсынамын.
Мен осы өтініш арқылы "Қоғамдық кеңестер туралы" 2015 жылғы 2 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының ережелерімен танысқанымды растаймын және оның талаптарын сақтауға міндеттенемін.
Мынадай құжаттарды қоса беремін:
1) _______________________________________________________________
2) _______________________________________________________________
3) _______________________________________________________________
4) _______________________________________________________________
5) _______________________________________________________________
6) _______________________________________________________________
7) _______________________________________________________________
20___ ж. "____" ___________ Өтініш берушінің қолы _______________
Өтініш
Қоғамдық кеңесті құру жөніндегі жұмыс тобының мүшелерін іріктеу бойынша конкурсқа байқаушы ретінде өз кандидатурамды ұсынамын.
Мынадай құжаттар қоса беріледі:
1) _______________________________________________________________
2) _______________________________________________________________
3) _______________________________________________________________
4) _______________________________________________________________
5) _______________________________________________________________
6) _______________________________________________________________
7) _______________________________________________________________
20___ ж. "____" __________ өтініш берушінің қолы _______________