2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 180-бабының 2-тармағына, "2019 – 2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" 2018 жылғы 30 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына және "2019 – 2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 7 желтоқсандағы № 808 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған облыстық бюджеттерге, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеттерiне облыс орталықтарында, Астана, Алматы, Шымкент, Семей қалаларында және моноқалаларда кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесуге кредит берудің 2019 жылға арналған негізгі шарттары бекітілсін.
2. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары тиісті мәслихаттар 2019 жылға арналған облыстық бюджеттерде, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеттерiнде тиісті түсімдерді көздейтін шешімдер қабылдағаннан кейін күнтізбелік он күн ішінде мәслихаттардың көрсетілген шешімдерін Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігіне ұсынсын.
3. Қазақстан Республикасының Қаржы, Ұлттық экономика министрліктері заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарымен кредиттік шарттар жасасуды;
2) бюджеттік кредиттердің мақсатты пайдаланылуын және республикалық бюджетке уақтылы қайтарылуын бақылауды қамтамасыз етсін.
4. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары тоқсан сайын, есепті кезеңнен кейінгі айдың 10-күнінен кешіктірмей Қазақстан Республикасының Қаржы, Ұлттық экономика министрліктеріне кредиттердің игерілуі туралы ақпарат ұсынсын.
5. Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі облыстық бюджеттерге, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеттерiне облыс орталықтарында, Астана, Алматы, Шымкент, Семей қалаларында және моноқалаларда кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесуге 2019 жылға кредит беруге бөлінген бюджеттік кредиттердің игерілу мониторингін қамтамасыз етсін.
6. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігіне жүктелсін.
7. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
А. Мамин |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 18 наурыздағы № 118 қаулысымен бекітілген |
Облыстық бюджеттерге, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеттерiне облыс орталықтарында, Астана, Алматы, Шымкент, Семей қалаларында және моноқалаларда кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесуге 2019 жылға кредит берудің негізгі шарттары
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарына (бұдан әрі – қарыз алушы) кредиттер беру үшін мынадай негізгі шарттар белгіленеді:
1) облыстық бюджеттерге, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеттерiне облыс орталықтарында, Астана, Алматы, Шымкент, Семей қалаларында және моноқалаларда кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесуге 2019 жылға кредит беру үшін "2019 – 2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 7 желтоқсандағы № 808 қаулысында көзделген 9 311 124 000 (тоғыз миллиард үш жүз он бір миллион бір жүз жиырма төрт мың) теңге сомасындағы кредиттер қарыз алушыларға 7 (жеті) жыл мерзімге 0,01 % сыйақы мөлшерлемесімен беріледі;
2) бюджеттік кредитті игеру кезеңі 6 айды құрайды және бюджеттік кредитті жергілікті атқарушы органға аударған кезден бастап есептеледі.