Тиімді макроэкономикалық саясат жүргізу мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі арасындағы 2019 жылға арналған макроэкономикалық саясатты үйлестіру туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
А. Мамин |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 26 наурыздағы № 141 қаулысымен мақұлданған |
|
Жоба |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі арасындағы 2019 жылға арналған макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіру туралы келісім
Халықтың әл-ауқатының және тұрмыс деңгейінің өсуі мемлекеттің экономикалық саясатының басты мақсаты болып табылады. Осы мақсатқа қол жеткізу Үкімет пен Ұлттық Банктің салық-бюджет, ақша-кредит және басқа саясаттар мәселелерін қоса алғанда:
экономиканың мұнайға жатпайтын секторларын әртараптандыру және дамыту;
төлем балансының тұрақтылығын ұстап тұру;
экономиканың және халықтың нақты кірістерінің сапалы өсуін қамтамасыз ету;
баға тұрақтылығын ұстап тұру;
экономиканы қолжетімді қаржыландыру үшін жағдайлар жасау;
қаржылық шешімдердің сапасын арттыруға бағытталған ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылықты қолдау бағыттары бойынша тиімді макроэкономикалық саясатты жүргізу бойынша келісілген іс-қимылдарын талап етеді.
Экономиканың орнықты және теңгерімді өсуін қамтамасыз ету жөніндегі басым мақсатты іске асыру үшін Үкімет:
сыртқы факторлардың әсер етуін төмендету және елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін экономиканы сапалы құрылымдық қайта құру;
шикізат секторына циклдік тәуелділікті төмендетуге және отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін қолдауға бағытталған болжамды фискалдық саясатты қамтамасыз ету;
адами капиталды дамытуға бағытталған, сондай-ақ құрылымдық жұмыссыздық, білікті кадрлардың жетіспеуі және бәсекеге қабілеттіліктің төмен болуы проблемаларын бәсеңдететін әлеуметтік саясатты іске асыру;
ішкі және сыртқы қарыз алуды тартуды, сыртқы активтерді жинақтауды және пайдалануды айқындайтын және фискалдық орнықтылық балансына, мерзімділік құрылымына, ұзақ мерзімді тиімділікке негізделген бюджет тапшылығын қаржыландырудың ашық және болжамды саясатын қалыптастыру;
экономикалық нарықтық қатынастарға әкімшілік өктемділіктерді шектеу қағидаттарын басшылыққа алады.
Ұлттық Банк ақша-кредит саясатын жүргізу кезінде:
инфляцияның деңгейін біртіндеп төмендету және оны инфляциялық таргеттеу режимі және теңгенің құбылмалы еркін айырбас бағамы кезінде экономикалық өсу қарқынын барынша арттыруға ықпал ететін төменгі деңгейде сақтау;
ырықты валюталық заңнаманы одан әрі сақтау;
бизнес жүргізу кезінде, сол сияқты жинақ ақшаны қалыптастыру кезінде экономикалық шешімдер қабылдауға қажетті кәсіпорындар және халық тарапынан ұлттық валютаға деген сенімді арттыру мақсатында ақшаның құбылмалы еркін айырбас бағамы режимінде ашық ақша-кредит саясатын жүргізуді сақтау және коммуникацияларды жетілдіру;
тиімді ақша айналысын қамтамасыз ету және төлем жүйелерінің үздіксіз жұмыс істеуін қолдау;
қаржы жүйесінің тұрақтылығын, оның ішінде қаржы институттары қабылдаған тәуекел дәрежесін бағалауға және пропорционалды реттеу әсеріне негізделген тәуекелге бағдарланған қадағалауды енгізу арқылы қолдау.
Ұлттық Банк, егер бұл өзінің негізгі функцияларын орындауға және ақша-кредит саясатын жүзеге асыруға қайшы келмейтін болса, өзінің қызметінде Үкіметтің ағымдағы экономикалық саясатын есепке алады және оны тиімді іске асыруға жәрдемдеседі.
Үкімет экономикалық өсу қарқынын 2019 жылы кемінде 3,8 % және орта мерзімді перспективада 5 % деңгейге жеткізуді өзіне міндет етіп қояды.
Ұлттық Банк 2019-2021 жылдар аралығындағы кезеңде инфляция бойынша нысаналы бағдарды кейіннен 3-5%-ға дейін төмендете отырып, 4-6% шекте белгілейді.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына 2018 жылғы 5 қазандағы Жолдауын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 30 қаңтардағы кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын іске асыруға бағытгалған, тығыз үйлестіру және бірлескен шаралар қабылдау мемлекеттің жалпы макроэкономикалық саясатының тиімділігін арттырудың маңызды талабы болып табылады және Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының мақсаттарына қол жеткізуге ықпал етеді.
Осы тұрғыдан Үкімет пен Ұлттық Банк осы Келісім арқылы мынадай міндеттерді айқындайды:
1. Теңестірілген фискалдық саясат
Үкімет макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге, бюджет шығыстарының мұнай бағасына тәуелділігін төмендетуге, мемлекеттік шығыстардың тиімділігі мен тұрақтылығын арттыруға бағытталған, орнықты және алдын ала болжанған фискалдық саясатты жүргізетін болады. Бұл ретте әлеуметтік саясат саласында халықтың нақты кірістерін арттыруға бағытталған барлық бюджеттік бастамалар толық көлемде орындалады. Салық салынатын базаны кеңейту, салықтық және кедендік әкімшілендіруді жақсарту және цифрландыру жөнінде шаралар қабылданады.
Ұзақ мерзімді орнықтылықты қамтамасыз ету мақсатында Үкімет Ұлттық қор қаражатының жинақталуына ықпал ететін деңгейде шығыстарды тұрақтандыруға бағытталған саясатты жүргізеді.
Бюджеттік кірістер саласындағы саясат шоғырландырылған салық салынатын база негізінде салық түсімдері кірістерінің ЖІӨ-нің 25%-на дейін өсуін ынталандыруға бағытталады.
2. Тиімді ақша-кредит саясаты және инфляцияны бақылау жөніндегі шаралар
Үкімет пен Ұлттық Банк экономикалық өсуді қамтамасыз ету және іскерлік белсенділікті жандандыру үшін жағдайлар жасау жөнінде шаралар қабылдай отырып, күшеюі макро- және микроэкономикалық тұрақтылықты бұзуға ықпал етуі мүмкін инфляциялық процестерді бақылаудың қажеттілігін мойындайды. Бұл ретте тараптар экономиканы қамтамасыз етілмеген эмиссия, ақшаның құнын негізсіз төмендету немесе қаржыландырудың басқа да нарықтық емес нысандары есебінен қаржыландыру қаржы нарығы тұрақсыздануының және дағдарысының, инфляцияның күшеюінің күрделі тәуекелдеріне әкеп соқтыратындығын мойындайды.
Ұлттық Банк ақша-кредит саясатын іске асыру кезінде инфляциялық таргеттеу қағидаттарын басшылыққа ала отырып, нақты мәнде оң болатын 3- 3,5% шегіндегі (базалық мөлшерлеменің белгіленген мөлшері мен бір жыл шегінде күтілетін инфляция арасындағы айырма) базалық мөлшерлеменің деңгейін қолдауға ұмтылатын болады. Базалық мөлшерлеменің мәні банктердің кредиттік ресурстарына деген сұраныстың артуына және экономиканың әлеуетті деңгейде есуіне ықпал етеді. Ұлттық Банк инфляциялық процестер күшейген және инфляцияның белгіленген нысаналы дәлізден асу тәуекелдері артқан кезде ақша-кредит саясатын қатаңдату құқығын өзіне қалдырады.
Ұлттық Банк өтімділікті реттеу саласында өз мандаты мен қолданыстағы құралдары шеңберінде операциялардан түскен уақытша бос банктік өтімділікті экономиканы кредиттеуге бағыттауды ынталандыру бойынша шаралар қабылдайды.
Ұлттық Банк коммуникацияларды жақсарта отырып, болашақтағы іс-қимылдары туралы уақтылы хабардар ете отырып та, қажетті статистикалық және талдамалық ақпаратты уақтылы тарата отырып та, өз саясатының ашықтығы мен болжамдылығын одан әрі арттыруды қамтамасыз ететін болады.
Үкімет тарифтік саясат шеңберінде инвестициялық бағдарламаны іске асыруды қамтамасыз ету және негізгі қорларды жаңарту, сол сияқты тұтынушыға арналған қызметтердің қолжетімділігі мен сапасы үшін кәсіпорындар - табиғи монополистер қызметтерінің тиімділігін қалыптастыру мақсатында оларды реттеу бойынша тәсілдерді жетілдіруді жалғастырады.
3. Валюта нарығының орнықтылығын қамтамасыз ету
Ағымдағы өзгермелі айырбас бағамының режимі шеңберінде Үкімет пен Ұлттық Банк бүкіл қаржы жүйесі, нақты сектор мен үй шаруашылықтарының кірістері үшін салдары бар валюта нарығының теңгерімділігін қолдау үшін нарықта шетел валютасының жеткілікті ұсынылуын қамтамасыз етудің маңыздылығын түсінеді.
Ұлттық қордан бюджетке кепілді трансферттерді қамтамасыз ету үшін ішкі валюта нарығында Ұлттық қордың қажетті валюталық активтерін жоспарлы түрде конвертациялау жүргізілетін болады.
Үкімет валюта нарығындағы квазимемлекеттік сектор компанияларының іс-қимылдарын үйлестіру мен келісуді, Ұлттық Банкке тұрақты негізде тиісті ақпарат ұсынып тұруды қамтамасыз етеді.
Ұлттық Банк ақша-кредит саясатының ағымдағы режиміне сәйкес теңге бағамының шамадан тыс өзгеруін болдырмау үшін өктемдіктер жүргізу құқығын өзіне қалдыра отырып, теңгенің еркін өзгермелі айырбастау бағамы саясатын жүргізуді жалғасғырады. Ұлттық Банк валюталық саясат жүргізу кезінде ашықтықты қамтамасыз етеді және коммуникация арнасын жетілдіруді жалғастырады.
Ұлттық Банк экономикалық агенттерді валюталық тәуекелдерді хеджирлеу құралдарымен қамтамасыз ету мақсатында туынды қаржы құралдары нарығын дамытуға ықпал ететін болады.
4. Инвестициялар тарту және экономиканы қорландыру қолжетімділігі
Үкімет пен Ұлттық Банк инвестициялық ахуалдың тартымдылығын, қорландырудың қолжетімділігі мен айқындығын, ел экономикасына, оның ішінде оның басым секторларына инвестициялар тартудың өсуін қамтамасыз ету бойынша шараларды көздейтін болады. Экономиканы қорландыру банктік кредиттеу құралдары арқылы ғана емес, сондай-ақ қор нарығы құралдарын, банктік емес қаржы ұйымдары, оның ішінде сақтандыру нарығының, басқарушы инвестициялық компаниялар нарығының, микроқаржы ұйымдарының, кредиттік серіктестіктердің, лизингтің, инвестициялық қорлардың, венчурлік қаржыландыру қорлары әлеуетінің өсуін қоса алғанда, қаржыландырудың өзге баламалы тиімді көздерін дамыту арқылы жүзеге асырылатын болады. Бұл қорландыру көздерін әртараптандыруды қамтамасыз етуге, ұлттық қаржы нарығының дамуындағы теңгерімсіздіктерді жоюға, халық пен бизнестің кредитті шамадан тыс көп алу тәуекелдерін төмендетуге, борыштар дағдарысы үшін алғышарттар құруға мүмкіндік береді.
Үкімет пен Ұлттық Банк активтерді ұйымдасқан қор нарығының қолжетімді және өтімді қаржы құралдарына айқын және нарықтық инвестициялау мүмкіндіктерін құру бойынша шаралар көздейді. Азаматтардың қаржылық көрсетілетін қызметтерге қолжетімділігін арттыру және көлеңкелі экономиканы төмендету мақсатында клиенттерді қашықтан тиімді сәйкестендіруге және дерекқорларды ықпалдастыруға кедергі келтіретін мәселелер шешіледі.
Ұлттық Банк қаржы нарығының қатысушыларымен бірге нарықтың тиімді инфрақұрылымын қалыптастыру, банкаралық кредиттеу нарығын дамыту, нарықтық индекстер мен индикаторларды құру, жаңа қаржы құралдарын, өнімдерді және керсетілетін қызметтерді кеңейту мен дамыту үшін жағдайлар жасау, үздік стандарттар мен практикаларды енгізу, жоғары технологиялық қашықтан көрсетілетін қаржылық қызметтерді ілгерілету және олардың елдің барлық өңірлерінде қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша жұмысты жалғастырады.
5. Мемлекеттік бағалы қағаздар нарығын дамыту
Үкімет пен Ұлттық Банк мемлекеттік бағалы қағаздар нарығының ұлттық валютадағы борыштық капитал құнының индикаторын - кірістіліктің қисық сызығын қалыптастыру үшін жағдайлар жасайтынын, бұл нарықтың қысқа мерзімді мөлшерлемелер, инфляция, бюджет тапшылығы траекториясы бойынша болжамдарын көрсететінін және инвестициялық қызметті жоспарлауға мүмкіндік жасайтынын атап көрсетеді.
Үкімет мемлекеттік бағалы қағаздар нарығының өтімділігін қамтамасыз ету, бәсекелестік сұранысты ынталандыру және оның болжамдылығын арттыру үшін Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарын орналастыру кестесін тұрақты жариялауды, олардың шығарылымын ірілетуді және жалпы санын қысқартуды қамтамасыз етеді.
Ұлттық Банк білікті инвесторлар ортасын кеңейту, ішкі бағалы қағаздар нарығының өтімділігін арттыру, кірістілік мөлшерлемесін азайту және кірістіліктің қисық сызығына деген сенімді арттыру үшін Қаржы министрлігінің бағалы қағаздарын дамушы елдердің халықаралық жаһандық индекстеріне қосу бойынша жұмыс жүргізетін болады.
Ұлттық Банк Қаржы министрлігімен және қор нарығына қатысушылармен бірлесе отырып, халықаралық есеп айырысу ұйымдарының қатысуымен мемлекеттік бағалы қағаздар нарығының тиімді инфрақұрылымын қалыптастыру бойынша жұмысын жалғастырады.
6. Экономиканы дамытуды қаржылық қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру
Үкімет пен Ұлттық Банк Қазақстан Республикасы экономикасының сыртқы күйзелістерге тәуелділігін төмендету үшін одан әрі әртараптандырудың қажеттілігін сезіне отырып, нақты сектор кәсіпорындарын мемлекеттік қаржыландыру бағдарламаларының саны мен ауқымын ескере отырып, нақты секторға мемлекеттік қолдау көрсету шараларының тиімділігін арттыру үшін бірлесіп жұмыс жасайтын болады. Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде кәсіпорындарға арналған кредиттеу тетіктері негізді, нысаналы, айқын және уақыт бойынша шектеулі болуға тиіс. Алушылар жоғары әлеуметтік-экономикалық қайтарымдылығы бар тиімді кәсіпорындар болуға тиіс. Теңсіздіктерді болдырмау үшін қолдау көрсету тиімді басқару мен тәуекелдерді бөлісу қағидаттарына сүйенетін болады.
Үкімет пен Ұлттық Банк "Нұрлы жер" және "7-20-25" тұрғын үй бағдарламаларын іске асыруды жалғастырады. Үкімет қолжетімді тұрғын үй ұсынысын ұлғайту шараларын қолға алады. Ұлттық Банк "7-20-25" бағдарламасын бұрынғы бекітілген шарттармен қаржыландыруды жалғастырады. Екі тұрғын үй бағдарламасын теңгерімді іске асыру жөніндегі шаралар бюджеттік, сол сияқты жеке қаржыландыру көзін тарта отырып, халықтың түрлі топтарын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Үкімет мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін арттыру мақсатында оларға ревизия жүргізетін болады, мемлекеттік көмек тетіктеріне жалпы қағидаттар қалыптастырылады, тиімсіз кәсіпорындарды қаржыландыру мүмкіндігін болдырмайтын мемлекеттік қолдаудың басым бағыттары нақтыланады. Кредиттеудің және нақты секторды қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларын олардың қайтарымы, экономиканы дамытуға қосқан үлесі тұрғысынан талдау үнемі жүзеге асырылатын болады.
Жеке секторды одан әрі дамыту, сондай-ақ мемлекеттік және әлеуметтік бастамаларды іске асыруға арналған, оның ішінде МЖӘ жобаларына жеке инвестицияларды кеңейту бойынша шаралар қабылданатын болады.
Ұлттық Банк қорландырумен қамтамасыз ету шеңберінде Үкімет айқындаған экономиканың басым жобаларын кредиттеу үшін 2019-2020 жылдары 600 млрд.теңге сомасында банктерге ұзақ мерзімді өтімділікті ұсыну бойынша қажетті шараларды қабылдайды.
Ұлттық Банк 5 жыл ішінде отандық өндірістегі жеңіл автокөлікті сатып алушы жеке тұлғаларды кредиттеу үшін банктерді негізделген қаржыландыру бағдарламасын іске асыруды жалғастыруға 100 млрд.теңге беретін болады.
7. Нақты сектор кәсіпорындарын сауықтыру
Үкімет пен Ұлттық Банк салауатты бизнес-орта үшін жағдайлар жасау негізінде дәрменсіз және тиімсіз компанияларға қатысты қатаң нарықтық тәртіп жататынын мойындайды. Дәрменсіз компанияларды нарықтан уақтылы әрі реттілікпен шығару және олардың активтерін құнының барынша аз шығынымен неғұрлым тиімді кәсіпкерлерге беру экономиканың өнімділігі мен рентабельділігін арттыруға және нәтижесінде ұзақ мерзімді макроэкономикалық орнықтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Үкімет пен Ұлттық Банк күш-жігерді заңның үстемдігіне негізделген және жеке меншікті қорғауды, бәсекелестік талаптарын, үшінші тұлғалардың құқықтарын қорғау үшін ең төменгі кедергілерді, дамыған инфрақұрылымды, білікті мамандар даярлауды қамтамасыз ететін бизнес-ортаны қалыптастыруға бағыттайтын болады.
Үкімет пен Ұлттық Банк жоғары сот органдарымен құқық қолдану практикасы және борышкерлер мен кредиторлар мүдделерінің теңгерімділігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша бірлесе отырып жұмыс істейді.
Үкімет банкроттық бойынша заңнаманы одан әрі жақсарту, құқық қолдану практикасын, оның құжаттамасын және талдануын жетілдіру бойынша, кемшіліктерді анықтау және оларды жою жөніндегі қажетті шараларды әзірлеу бойынша жүмыс жүргізеді. Ұлттық Банкпен бірлесе отырып, кредиторларға қарыздар бойынша шығындарын қысқарту және дәрменсіз қарыз алушылардың активтерін барынша нәтижелі инвесторларға беру үшін борышты реттеу бойынша өз құқықтарын іске асыруға тосқауыл болатын кедергілер жойылады.
Нақты сектор кәсіпорындарының есептілігін қоса алғанда, корпоративтік басқарудың сапасын, оның ішінде оны қалыптастыру мен жария етуге қойылатын талаптарды, басшылар мен акционерлердің дәйексіз ақпарат үшін жауапкершілігін күшейту жолымен арттыру бойынша іс-шаралар жүргізіледі.
Ұлттық Банк банктердің проблемалық берешегін қайта құрылымдау бойынша мүмкіндіктері мен құқықтарын кеңейту жолымен банктердің несие портфелін сауықтыру жөніндегі шаралар арқылы нақты сектор кәсіпорындарын сауықтыруға ықпал етеді. Банктердің тәуекелдерді басқару жүйесіне қойылатын талаптарды белгілеу шеңберінде реттеушілік талаптар күмәнді қарыз алушыларды сұрыптау үшін банктердің кредиттік шешімдерінің сапасы мен негізділігін арттыруға, сондай-ақ эмитент дәрменсіз болған кезде бағалы қағаздар нарығында инвесторлардың құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталатын болады.
8. Қаржы жүйесінің орнықтылығы
Үкімет пен Ұлттық Банк қаржы жүйесінің тиімділігі мен орнықтылығын, оның капиталды бағыттау және тәуекелдерді бөлу мүмкіндігін арттыру үшін бірлесіп жұмыс істейді.
Ұлттық Банк, қаржы реттеушісі ретінде, қаржылық орнықтылықты қамтамасыз ету, ұзақ мерзімді кредит беруді өрістету және банк жүйесін макропруденциялық саясатының құралдарымен нығайту, макропруденциялық реттеу мен қадағалауды қамтамасыз ету, сондай-ақ соңғы сатыдағы кредитор ретінде банктердің өтімділігін қолдау бойынша жұмысты жалғастырады. Ақша-кредит саясаты қаржылық орнықтылыққа тек макроэкономикалық тұрақтылық пен баға орнықтылығын қамтамасыз ету арқылы ықпал етеді.
Реттеу құралдарын жетілдіру шеңберінде уәжделген қадағалау пайымдауына, активтердің сапасын тәуелсіз бағалау нәтижелерін пайдалануға және банктермен тиімді диалогқа негізделген тәуекелге бағдарланған қадағалау енгізілетін болады. Нәтижесіз кредит беруді, оның ішінде байланысы бар кредит беруді, сондай-ақ банктік шығындарды мемлекетке ауыстыру тәуекелдерін шектеу үшін қадағалау қызметі ұйымдардың жеке бизнес-модельдері мен тәуекел-бейіндерін бағалай отырып, тиімді банктік практиканы ынталандырудың және жағымсыз банктік практиканы ынталандырмаудың түрлі құралдарын пайдаланатын проактивті тәсіл қағидаттарына негізделетін болады.
Үкімет пен Ұлттық Банк бағалы қағаздар нарығының бірыңғай кастодиандық және есептік инфрақұрылымын пайдалана отырып, Қазақстан Қор Биржасын (ҚҚБ) және Астана қаласының Халықаралық қаржы орталығының биржасын (АІХ) дамыту және олардың қатар жұмыс істеуін қамтамасыз ету бойынша барлық күш-жігерін жұмсайды.
9. Көлеңкелі экономиканы төмендету және қолма-қол ақшасыз төлемдерді дамыту
Үкімет пен Ұлттық Банк экономиканың дамуына, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға, іскерлік белсенділікке, салықтық түсімдердің өсуіне көлеңкелі секторды азайту жөніндегі шаралардың оң ықпалын ұғынады.
Үкімет экономикалық өсуді қамтамасыз ету және бизнес-ортаны жетілдіру мақсатында бизнес субъектілері кірістерінің ашықтығын арттыруды ыпталандыруға, шағын бизнес субъектілерінің салықтық жеңілдіктерді қолдану арқылы қолма-қол ақшасыз есеп айырысу нысандарын және қаржылық және қаржылық емес сипаттағы қолдаудың өзге де шараларын белсенді түрде қолдануын көтермелеуге бағытталған шаралар кешенін іске асыратын болады.
Көлеңкелі экономиканың жұмыс істеуіне жағдай жасайтын қолма-қол ақша айналымын төмендету және алғышарттарды барынша азайту үшін Үкімет пен Ұлттық Банк ірі мәмілелер бойынша есеп айырысуды қолма-қол ақшасыз нысанға аудару шараларын бірлесіп қабылдайтын болады. Бұл іс-шаралар биснестің көлеңкеден шығуын жеделдетуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді және елдің көлеңкелі экономикасының мөлшерін төмендетуге ықпал ететін болады.
Үкіметтің және Ұлттық Банктің қолдауымен мемлекеттік және қаржылық қызметтерді электрондық форматқа көшіруді оңтайландыру шеңберінде мемлекеттік органдар мен қаржы секторының тиімді өзара іс-қимылы қалыптасады.
Ұлттық Банк қолма-қол ақшасыз төлемдердің қолжетімділігін арттыру және нарыққа қатысушылардың шығасыларын барынша азайту мақсатында қолма-қол ақшасыз төлемдер инфрақұрылымын жетілдіру, инновациялық және бәсекелестік ортаны дамыту үшін қажетті шарттарды, соның ішінде заңды жағдайларды жасау жұмысын жалғастырады.
10. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау және қаржылық сауаттылықты арттыру
Үкімет пен Ұлттық Банк кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы орта қалыптастыру Қазақстан азаматтарының денсаулығын, қауіпсіздігін және заңды әрі экономикалық мүдделерін қорғауды қамтамасыз етумен, шарттық қатынастардың үшінші тұлғаларға теріс әсер етуін шектеумен қоса жүруге тиіс екендігін түсінеді.
Үкімет пен Ұлттық Банк тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша жұмысты жалғастырады, шарттар талаптарының ашықтығы бойынша, шешімдерден хабардар болуды қамтамасыз ету бойынша талаптарды күшейтеді, жеке ақпаратты қорғау бойынша шаралар қабылдайды.
Үкімет пен Ұлттық Банк халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған шараларды, оның ішінде қажетті түсіндіру жұмысын жүргізу арқылы іске асыруды жалғастырады, бұл елдегі қаржылық қатынастардағы тәуекелдерді, сондай-ақ әлеуметтік және экономикалық тұрақтылықты төмендетуге ықпал ететін болады.
Ұлттық Банк тұтынушылық кредит беру тәуекелдерін шектеу үшін қаржылық қатынастарды реттеу периметрін кредиттік серіктестіктер, онлайн кредиторлар, ломбардтар сияқты банктік емес ұйымдарға қолданады. Реттеу жүйесі талаптардың қаржы ұйымының белгілі бір түріне жатқызу қағидаты бойынша құрылатын субъектілік тәсілге емес, керсетілетін қаржылық қызметтердің күрделілігі мен тәуекелдеріне тепе-тең болатын талаптарды белгілеуге негізделеді.
Жоғарыда аталған шараларды іске асыру үшін Ұлттық Банк Үкіметке заңнамалық өзгерістер енгізуді бойынша, оның ішінде Ұлттық Банктің мандатын кеңейтуді көздейтін тиісті ұсыныс жасайтын болады.
11. Қорытынды ережелер.
Үкімет пен Ұлттық Банк осы Келісімде көрсетілген өзара іс-қимыл бағыттарымен шектелмейді. Іс-қимылдарды үйлестіру Экономикалық саясат жөніндегі кеңестің отырыстарында қабылданған және қабылдануға болжанған шараларды тұрақты түрде мониторингілеу мен талқылау арқылы жүзеге асырылатын болады.
Осы Келісімді іске асыру 2019 жылға және орта мерзімді перспективаға арналған экономикалық өсудің және инфляция деңгейінің қарқыны бойынша жоғарыда аталған нысаналы бағдарларға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 30 қаңтарда өткен кеңейтілген отырысында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы айқындаған көрсеткіштерге қол жеткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді:
негізгі капиталға 2019 жылы ЖІӨ-ге 16,8% деңгейінде және 2025 жылға қарай жылына ЖІӨ-ге 30%-дан астам инвестициялар тарту;
шағын және орта бизнестің үлесін 2019 жылы ЖІӨ-ге 28,2%-ға және 2025 жылға қарай ЖІӨ-ге 35%-ға жеткізу;
көлеңкелі экономика үлесін үш жыл ішінде 40%-ға қысқарту.
Қазақстан Республикасының Үкіметі Үшін |
Қазақстан РеспубликасыныңҰлттық Банкі үшін |