Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің іргелі зерттеулер саласындағы мемлекетаралық қатынастарын үйлестіру туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің іргелі зерттеулер саласындағы мемлекетаралық қатынастарын үйлестіру туралы келісімге қол қойылсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
А. Мамин |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 29 мамырдағы № 344 қаулысымен мақұлданған |
|
Жоба |
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің іргелі зерттеулер саласындағы мемлекетаралық қатынастарын үйлестіру туралы келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Үкіметтері
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Мемлекеттері басшылары кеңесінің 2007 жылғы 5 қазандағы шешімімен мақұлданған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын одан әрі дамыту тұжырымдамасының ережелерін басшылыққа ала отырып,
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің іргелі ғылым саласындағы ынтымақтастық жөніндегі кеңесін құру туралы 2011 жылғы 19 мамырдағы келісімді назарға ала отырып,
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына (бұдан әрі − ТМД) қатысушы мемлекеттердің ғылыми-техникалық ынтымақтастығын дамытудағы іргелі зерттеулер саласының маңызды рөлін ескере отырып,
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ортақ ғылыми кеңістігін дамытуға және нығайтуға ниет білдіре отырып,
ғылыми зерттеулерді дамытуға, ғылыми кадрларды қолдауға, іргелі зерттеулер жүргізетін ғылыми ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға өзара мүдделілікті назарға ала отырып,
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің экономикалық әлеуетін дамыту үшін іргелі зерттеулер саласындағы Тараптардың қызметін үйлестірудің қажеттілігі мен артықшылықтарын ескере отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Тараптар осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасы мен халықаралық шарттары сақталған кезде, іргелі зерттеулер, бірлескен іргелі зерттеулер бағдарламаларының, жобаларының басымдықтарын қалыптастыру және сараптау, іргелі ғылым саласындағы ынтымақтастықтың нормативтік құқықтық базасын үйлестіру саласындағы өз іс-қимылды үйлестіреді, сондай-ақ осы саладағы өзара іс-қимылдың бірыңғай тәсілдерін әзірлеу жөнінде өзге де шараларды қабылдайды.
2-бап
Тараптар осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің іргелі зерттеулер жүргізетін ғалымдары, ұйымдары (бұдан әрі – осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің ұйымдары), Тараптар қорлары арасында тұрақты байланыстарды жүзеге асыру үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған бірлескен іс-қимылдарды тиімді үйлестіруді қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдайды, ғылыми ілімді барынша таратуға және ғылымның қоғамдық мәртебесін арттыруға ықпал етеді.
3-бап
Ынтымақтастықты дамыту мақсатында Тараптар осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің ұйымдарына, оның ішінде мынадай басым бағыттар бойынша:
а) физика-математика және химия ғылымдары, ақпараттық және коммуникациялық технологиялар;
б) наноматериалдар мен нанотехнологияларды қоса алғанда, жаңа заттар мен материалдар;
в) биология, аграрлық және медицина ғылымдарын, биотехнологияларды және гендік инженерияны қоса алғанда, Жер, өмір туралы ғылым;
г) табиғатты ұтымды пайдалану және қоршаған ортаны қорғау; климаттың, оның ішінде мұздықтардың өзгеруін зерделеу;
д) ядролық, баламалы және жаңартылатын энергетиканы қоса алғанда, энергетика; машина жасау және аспап жасау;
е) әлеуметтік-экономикалық және гуманитарлық ғылымдар;
ж) ғарышты зерттеу;
з) Тараптармен келісілген іргелі зерттеулердің басқа да басым бағыттары бойынша жан-жақты көмек көрсетеді.
4-бап
Тараптар өзара тиімді және теңқұқықты негізде іргелі зерттеулер саласындағы ынтымақтастықты мынадай нысандарда дамытады:
а) бірлескен бағдарламалар мен жобаларды орындау;
б) іргелі зерттеулерді жүзеге асыру мақсатында осы Келісімге қатысушы мемлекеттерде, оның ішінде жас ғалымдар мен мамандарды тарта отырып, ғалымдар мен зерттеушілердің ғылыми сапарлары мен тағылымдамаларын ұйымдастыру;
в) іргелі зерттеулер саласында ақпарат алмасу;
г) бірлескен зертханаларды, іргелі зерттеулердің ғылыми орталықтарын және жабдықтарды ұжымдық пайдалану орталықтарын құру;
д) ғылыми конференцияларды, симпозиумдарды, семинарларды, форумдар мен басқа да іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу;
е) Тараптар арасындағы өзара уағдаластыққа сәйкес басқа да нысандар.
5-бап
Тараптар осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасы мен халықаралық шарттарын ескере отырып, осы Келісімнің ережелерін іске асыру үшін қажетті ақпаратты беруге, алмасуға және өз мемлекеттерінің аумағында таратуға ықпал етеді.
Әрбір Тарап осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасы мен халықаралық шарттарын ескере отырып, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің іргелі ғылым саласындағы ынтымақтастық жөніндегі кеңесіне өз мемлекетіндегі іргелі зерттеулердің негізгі бағыттары туралы ақпарат жібереді.
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің іргелі ғылым саласындағы ынтымақтастық жөніндегі кеңесі ақпарат алмасуды үйлестіреді.
Тараптар қатысушы мемлекеттердің заңнамалары мен халықаралық шарттарын ескере отырып, осы Келісім шеңберінде ақпарат алмасудың бірыңғай тәртібі мен нысандарын әзірлейді.
6-бап
Тараптар іргелі зерттеулерге қызығушылықты дамытуға, жас ғалымдар конкурстарын қоса алғанда, іргелі зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми кадрларды даярлау сапасын арттыруға, іргелі зерттеулерді ұйымдастырудың ұлттық және халықаралық тәжірибесін зерделеуге, ғылыми кадрлардың ұтқырлығын дамытуға, жұмыста озық тәртіптер мен әдістерді енгізуге, ғылыми әлеуетті сақтауға және оның әлемдік ғылыми кеңістікке интеграциялауына жәрдемдеседі.
7-бап
Тараптар министрліктер мен ведомстволарға өздеріне жүктелген функцияларды қамтамасыз ету және/немесе тиісті ұлттық бағдарламаларды іске асыру үшін ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің бюджеттерінде көзделген қаражат шеңберінде, сондай-ақ бюджеттен тыс көздер есебінен бірлескен бағдарламаларды, жобалар мен іс-шараларды қаржыландыруға жәрдемдеседі.
Егер нақты уағдаластықтарда өзгеше көзделмесе, осы Келісімге қатысушы мемлекеттің әрбір Тарапы немесе ұйымы өзінің қатысуына және өз қызметкерлерінің өзге бірлескен қызметке қатысуына арналған шығыстарды дербес көтереді.
8-бап
Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық барысында алынған зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды тіркеу, қорғау және бірлесіп пайдалану осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасына және халықаралық шарттарына сәйкес жүзеге асырылады.
Тараптар зияткерлік меншік объектілерін құқықтық қорғау жөніндегі, сондай-ақ осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасында және халықаралық міндеттемелерінде белгіленген тәртіппен тиісті сипаттағы ақпараттың жасырын болуын және құпиялылығын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қабылдауды қамтамасыз етеді.
Жасырын және құпия ақпаратты қоспағанда, осы Келісім шеңберінде бірлескен қызмет нәтижесінде алынған ақпарат осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасына және халықаралық шарттарына сәйкес әлемдік ғылыми қоғамдастықта таратылуы мүмкін.
9-бап
Әрбір Тарап осы Келісімді іске асыру жүктелетін уәкілетті органды (ұйымды) айқындайды, ол туралы осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы жазбаша хабарламамен бір мезгілде депозитарийге хабарлайды.
10-бап
Осы Келісімді іске асыру жөніндегі уәкілетті органдардың (ұйымдардың) өзара іс-қимылын үйлестіруді ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің іргелі ғылым саласындағы ынтымақтастық жөніндегі кеңесі жүзеге асырады.
11-бап
Осы Келісімді қолдану және түсіндіру кезінде туындайтын Тараптар арасындағы даулы мәселелер мүдделі Тараптардың консультациялары мен келіссөздері арқылы шешіледі.
12-бап
Тараптардың келісуі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын, тиісті хаттамамен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
13-бап
Осы Келісім оған қол қойған Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы үшінші жазбаша хабарламаны депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
Мемлекетішілік рәсімдерді кешірек орындаған Тараптар үшін осы Келісім депозитарий тиісті құжаттарды алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
14-бап
Осы Келісім күшіне енгенінен кейін ТМД-ға қатысушы кез келген мемлекеттің қосылу туралы құжатты депозитарийге беру жолымен қосылуы үшін ашық болып табылады.
Қосылатын мемлекет үшін осы Келісім депозитарий қосылу туралы құжатты алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
15-бап
Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады.
Тараптардың әрқайсысы шығу күніне дейін кемінде 6 ай қалғанда депозитарийге өзінің ниеті туралы жазбаша хабарлама жібере отырып және осы Келісімге қатысу уақытында туындаған қаржылық және өзге де міндеттемелерді реттей отырып, осы Келісімнен шыға алады.
2019 жылғы "____"____________ ______________ қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды. Төлнұсқа дана ТМД-ның Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.
Әзербайжан Республикасының Үкіметі үшін | Ресей Федерациясының Үкіметі үшін |
Армения Республикасының Үкіметі үшін | Тәжікстан Республикасының Үкіметі үшін |
Беларусь Республикасының Үкіметі үшін | Түрікменстан Үкіметі үшін |
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін | Өзбекстан Республикасының Үкіметі үшін |
Қырғыз Республикасының Үкіметі үшін | Украина Үкіметі үшін |
Молдова Республикасының Үкіметі үшін |