Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған 2011 жылғы 19 мамырда Минск қаласында жасалған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің іргелі ғылым саласындағы ынтымақтастығы жөнінде кеңес құру туралы келісім бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 2 желтоқсандағы
№ 1441 қаулысымен
бекітілген
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің
іргелі ғылым саласындағы ынтымақтастығы жөнінде кеңес
құру туралы келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің үкіметтері,
ғылым мен білімді дамыту бөлігінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының мемлекет басшылары кеңесінің 2007 жылғы 5 қазандағы шешімімен мақұлданған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын одан әрі дамыту тұжырымдамасының ережелерін ескере отырып,
Тараптар мемлекеттерінің әлеуметтік және экономикалық өркендеуі үшін іргелі ғылымды дамытуға маңызды мән бере отырып,
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің іргелі ғылым саласындағы ынтымақтастығын дамыту, үйлестіру және дәйекті түрде тереңдету үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Тараптар Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің іргелі ғылым саласындағы ынтымақтастығы жөніндегі кеңесін (бұдан әрі – Кеңес) құрады.
Кеңес өз қызметін осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің іргелі ғылым саласындағы ынтымақтастығы жөніндегі кеңесі туралы ереже негізінде жүзеге асырады.
2-бап
Осы Келісім Тараптардың әрқайсысының мемлекеті қатысушы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан ол үшін туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
3-бап
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді оған қол қойған Тараптардың орындағаны туралы үшінші хабарлама депозитарийге сақтауға тапсырылған күнінен бастап күшіне енеді.
Мемлекетішілік рәсімдерді кеш орындаған Тараптар үшін осы Келісім депозитарий тиісті құжаттарды алған күнінен бастап күшіне енеді.
4-бап
Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын тиісті хаттамамен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
5-бап
Осы Келісім күшіне енгеннен кейін ол депозитарийге қосылу туралы құжатты беру жолымен осы Келісімнің мақсаттары мен қағидаттарын бөлісетін кез келген мемлекеттің қосылуы үшін ашық.
6-бап
Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады.
Тараптардың әрқайсысы депозитарийге шыққанға дейін кемінде алты ай бұрын өзінің мұндай ниеті туралы жазбаша хабарлама жібере отырып және Келісімге қатысу уақытында туындаған қаржылық және өзге де міндеттемелерін реттеп, осы Келісімнен шығуға құқылы.
2011 жылғы «___»__________ ______________ қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа дана оның расталған көшірмесін осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке жіберетін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады.
Әзірбайжан Республикасының Ресей Федерациясының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Армения Республикасының Тәжікстан Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Беларусь Республикасының Түрікменстан
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Қырғыз Республикасының Украина
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Молдова Республикасының
Үкіметі үшін
2011 жылғы "___"_______
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына
қатысушы мемлекеттердің іргелі
ғылым саласындағы ынтымақтастығы
жөнінде кеңес құру туралы келісімге
қосымша
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің
іргелі ғылым саласындағы ынтымақтастығы жөніндегі кеңес
туралы ереже
І. Жалпы ережелер
1.1. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің іргелі ғылым саласындағы ынтымақтастығы жөніндегі кеңес (бұдан әрі – Кеңес) Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің іргелі ғылым саласындағы ынтымақтастығы жөнінде кеңес құру туралы келісімге (бұдан әрі – Келісім) қатысушы мемлекеттердің ғылым саласындағы мемлекеттік билік органдары, ұлттық ғылым академиялары, сондай-ақ Келісімге қатысушы мемлекеттердің іргелі ғылыми зерттеулер жүргізетін ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты ұйымдастырушылық қамтамасыз ету үшін құрылады.
1.2. Кеңес өз қызметінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының (бұдан әрі – ТМД) Жарғысын, ТМД шеңберінде қабылданған халықаралық көпжақты шарттар мен шешімдерді, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының салалық ынтымақтастық органдары туралы жалпы ережені, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.
ІІ. Кеңес қызметінің негізгі бағыттары мен оның функциялары
2.1. Кеңес қызметінің негізгі бағыттары:
іргелі ғылым саласындағы мемлекетаралық бағдарламалар мен жобаларды қалыптастыру және іске асыру жөнінде ұсыныстар дайындау;
іргелі ғылым саласындағы ынтымақтастықтың нормативтік құқықтық базасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар дайындау;
Келісімге қатысушы мемлекеттердің іргелі ғылыми зерттеулер жүргізетін ұйымдары арасында тікелей байланыстар орнатуға және ынтымақтастықты нығайтуға жәрдемдесу;
өз құзыреті шегінде ТМД органдарымен, ТМД-ның Атқарушы комитетімен, Келісімге қатысушы мемлекеттердің мемлекеттік билік органдарымен, сондай-ақ Келісімге қатысушы мемлекеттердің іргелі ғылыми зерттеулер жүргізетін ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасау;
іргелі ғылым мәселелері бойынша халықаралық ұйымдардың жұмыс аппараттарымен ынтымақтастық болып табылады.
2.2. Кеңестің негізгі функциялары:
мыналар:
іргелі ғылым саласындағы ынтымақтастықтың басым бағыттары мен нысанын айқындау жөнінде;
іргелі ғылым саласындағы мемлекетаралық бағдарламалар мен жобаларды әзірлеу және іске асыру жөнінде,
іргелі ғылым саласындағы ынтымақтастықтың нормативтік құқықтық базасын жетілдіру жөнінде,
іргелі ғылым саласында ақпарат алмасу жүйесін құру жөнінде ұсыныстар дайындау,
іргелі ғылым саласындағы бірлескен бағдарламалар мен жобалардың орындалуын ұйымдастыру.
ІІІ. Кеңестің құқығы
Кеңес өз функцияларын орындау үшін:
Мемлекет басшылары кеңесінің, Үкімет басшылары кеңесінің, Экономикалық кеңестің, ТМД-ның сыртқы істер министрлері кеңесінің қарауына Кеңес дайындаған құжаттардың жобаларын белгіленген тәртіппен енгізуге;
қажет болған жағдайда Кеңес алдында тұрған міндеттерді орындау үшін белгіленген тәртіппен жұмыс тобын құруға;
Келісімге қатысушы мемлекеттердің іргелі зерттеулер жүргізетін тиісті мемлекеттік органдарынан және ұйымдарынан Кеңеске жүктелген міндеттерді орындау үшін қажетті материалдар мен ақпараттарды белгіленген тәртіппен сұратуға;
өз құзыретіне кіретін өзге де мәселелерді шешуге құқығы бар.
IV. Кеңес жұмыстарын ұйымдастыру
4.1. Кеңес құрамына ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ғылым саласындағы тиісті мемлекеттік билік органдарының, ұлттық ғылым академияларының басшылары немесе мемлекет уәкілеттік берген өзге де тұлғалар кіреді.
Кеңес отырысына Кеңес мүшелерін алмастырушы тұлғалар жіберілген жағдайда оның өкілеттіктері тиісті құжатпен расталуға тиіс.
Кеңес құрамына кеңесте дауыс беру құқығымен Кеңес хатшылығының жетекшісі және ТМД-ның Атқарушы комитетінің өкілі кіреді, сондай-ақ ТМД-ның басқа да салалық ынтымақтастық органдарының басшылары кіруі мүмкін.
Кеңес жұмысына бақылаушы ретінде Келісімнің мақсаттары мен қағидаттарын бөлісетін, оның қатысушысы болып табылмайтын мемлекеттердің ғылым салаларындағы мемлекеттік билік органдарының өкілдері қатыса алады.
Кеңес отырысына оның шешімі бойынша басқа да шақырылған тұлғалар қатысуы мүмкін.
4.2. Кеңеске төрағалық ету ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің атауы орыс әліпбиіндегі ретпен ТМД-ға қатысушы әрбір мемлекет атынан оның өкілі әдетте жыл бойы кезекпен жүзеге асырылады. Кеңестің алдыңғы және кейінгі төрағалары оның тең төрағалары болып табылады. Кеңес төрағасы уақытша болмаған жағдайда оның міндеті тең төрағаның біріне жүктеледі.
Төрағалық ету туралы мәселе Кеңестің бірінші отырысында шешіледі.
4.3. Кеңес отырысы қажеттілігі бойынша жылына кемінде бір рет өткізіледі.
Кеңес отырыстарына шақыру, оны өткізу тәртібі, кворум, шешімдер қабылдау рәсімі, сондай-ақ оның қызметінің басқа мәселелері ол қабылдайтын регламентте белгіленеді.
4.4. Кеңес төрағасы:
Кеңес жұмысын ұйымдастырады;
Кеңес отырысын өткізеді және ол қабылданған құжаттарға қол қояды, Кеңес мүшелерінен Кеңес шешімдерінің орындалуы туралы ақпарат сұрайды;
ТМД органдарында және Келісімге қатысушы мемлекеттердің іргелі ғылыми зерттеу жүргізетін ұйымдарында Кеңес атынан өкілдік етеді.
4.5. Кеңес хатшылығы Кеңес қызметін ұйымдастыру-техникалық және ақпараттық қамтамасыз етуді жүзеге асырады.
Кеңес хатшылығының функциясы Кеңеске төрағалық етуші Келісімге қатысушы мемлекеттердің ғылым саласындағы мемлекеттік билік органына немесе ұлттық ғылым академиясына жүктеледі.
Кеңес хатшылығының басшысы Кеңес хатшылығының функциясы жүктелген органның өкілі, ал хатшылық басшысының орынбасары оның ТМД-ның Атқарушы комитетінің өкілі болып табылады.
4.6. Келісімге қатысушы мемлекеттер Кеңеске және оның хатшылығына өз функцияларын орындауда қажетті жәрдем көрсетеді.
V. Қаржыландыру
5.1. Кеңестің отырыстарын өткізуді қаржыландыруға байланысты шығыстар қабылдаушы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ғылым саласындағы тиісті мемлекеттік билік органдарының, сондай-ақ ғылым академиясының есебінен жүзеге асырылады. Кеңес мүшелерін және отырысқа қатысушыларды іссапарға жіберу шығыстарын Келісімге қатысушы мемлекеттердің ғылым саласындағы жіберуші мемлекеттік билік органдары және ұйымдары жүзеге асырады.
5.2. Кеңес құратын жұмыс топтарының қызметін қаржыландыру ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің атқарушы билік органдарының шешімімен және олардың қызметінің нәтижелеріне мүдделі инвесторлар арқылы жүзеге асырылады.
VI. Қорытынды ережелер
6.1. Кеңестің жұмыс тілі орыс тілі болып табылады.
6.2. Кеңес жыл сайын ТМД-ның Атқарушы комитетіне өз қызметі туралы хабарлап отырады.
6.3. Кеңес жұмысы туралы есеп белгіленген тәртіппен ТМД-ның Үкімет басшыларының кеңесінде қаралады.