Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
"Қазақстан Республикасының Президенті жанынан Ұлттық инвесторлар кеңесін құру туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 9 сәуірдегі № 791 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
А. Мамин |
"Қазақстан Республикасының Президенті жанынан Ұлттық инвесторлар кеңесін құру туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 9 сәуірдегі № 791 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы
ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. "Қазақстан Республикасының Президенті жанынан Ұлттық инвесторлар кеңесін құру туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 9 сәуірдегі № 791 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2014 ж., № 25, 191-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:
жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Ұлттық инвесторлар кеңесі туралы ереже осы Жарлыққа 1-қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын;
жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Ұлттық инвесторлар кеңесінің лауазымдық құрамы осы Жарлыққа 2-қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын;
жоғарыда аталған Жарлықтың 2-тармағының 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"2) Кеңестің құрамы бекітілсін.".
2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ.Тоқаев |
Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы № Жарлығына 1-ҚОСЫМША |
|
Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы № Жарлығымен БЕКІТІЛГЕН |
Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Ұлттық инвесторлар кеңесі туралы ЕРЕЖЕ 1-тарау. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Ұлттық инвесторлар кеңесі (бұдан әрі – Кеңес) Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы тұрақты жұмыс істейтін консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
2. Кеңес өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің актілері мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.
3. Кеңестің қызметін қамтамасыз етуді Кеңестің жұмыс органы жүзеге асырады.
4. Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі Кеңестің жұмыс органы (бұдан әрі – жұмыс органы) болып табылады.
2-тарау. Кеңестің негізгі міндеттері
5. Кеңестің негізгі міндеттері:
1) мына:
Қазақстан Республикасының кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі нормативтік құқықтық базасын жетілдіру;
нарықтық экономиканың дамуын ынталандыратын жағдайлар жасау және отандық инвестицияларды ел экономикасына тарту;
іскерлік және инвестициялық ахуалды бағалау және жақсарту мәселелері бойынша ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлеу;
2) Қазақстан Республикасында жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлік субъектілерінің және олардың бірлестіктерінің қызметін шоғырландыру;
3) кәсіпкерлік және инвестициялық саясат саласындағы өзге де маңызды мәселелерді қарау және талқылау;
4) индустрияландыруға, әртараптандыруға, шикізаттық емес экспортты ілгерілетуге жәрдемдесу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының шағын және орта бизнесін дамытуболып табылады.
3-тарау. Кеңесті қалыптастыру мен оның қызметін ұйымдастыру
6. Қазақстан Республикасының Президенті Кеңестің төрағасы болып табылады.
7. Кеңестің мемлекеттік емес ұйымдар тарапынан құрамы Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы (бұдан әрі – Ұлттық палата) төралқасы төрағасының ұсынымы бойынша Ұлттық палата төралқасының мүшелерінен, сондай-ақ жұмыс органының ұсынымы бойынша компаниялардың бірінші басшыларынан қалыптастырылады.
Кеңес мүшелерінің жалпы саны елу адамнан аспайды.
Мемлекеттік органдар өкілдерінің саны он адамнан аспайды.
Кеңестегі Ұлттық палата төралқасы мүшелерінің саны жиырма адамнан аспайды.
Кеңестегі компаниялардың бірінші басшыларының саны жиырма адамнан аспайды.
Мемлекеттік емес ұйымдар тарапының өкілдері бойынша ұсыныстарды жұмыс органы Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне енгізеді.
8. Кеңестің құрамын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
9. Кеңес мүшелері оның отырысына ауысу құқығынсыз қатысады.
10. Кеңестің жалпы отырыстары Кеңес төрағасының бастамасы бойынша жылына кемінде бір рет өткізіледі.
11. Кеңестің жалпы отырыстары Кеңес мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі болғанда заңды болады.
12. Жалпы отырыстың негізгі тақырыбын, өткізілетін күні мен орнын Кеңес төрағасы айқындайды.
13. Жалпы отырыстардың күн тәртібіне негізі тақырыптан басқа тұрақты негізінде Кеңестің алдыңғы жалпы отырысының хаттамалық тапсырмаларын орындау туралы мәселе енгізіледі.
14. Кеңестің жалпы отырыстарының арасындағы кезеңде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің төрағалық етуімен (бұдан әрі – Кеңес төрағасының орынбасары) Кеңестің аралық отырысы өткізіледі.
15. Аралық отырыстарда алдыңғы жалпы отырыстың шешімдерін орындау қорытындылары, кәсіпкерлердің ағымдағы проблемалары, Кеңестің жұмыс топтары тұжырымдаған ұсыныстар талқыланады.
16. Кеңестің жұмыс топтарының тең төрағалары аталған ұсынымдарды мәлімдейді және талқылау қорытындысы бойынша Кеңестің аралық отырысының хаттамасын және Кеңестің кезекті жалпы отырысының қарауына енгізілетін ұсынымдардың бірыңғай тізбесін дайындауда ескеріледі.
17. Кеңестің жалпы және аралық отырыстарына Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының басшылары, Кеңестің жұмыс топтарының тең төрағалары, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілерінің, олардың бірлестіктері мен сарапшылық қоғамдастықтың өкілдері шақырылуы мүмкін.
18. Кеңестің жалпы және аралық отырыстарының қорытындылары бойынша хаттамамен ресімделетін шешімдер қабылданады.
19. Кеңестің жұмыс органы:
1) Ұлттық палатаның, Кеңес мүшелерінің ұсыныстары мен олар бұрын қабылдаған шешімдер негізінде жалпы және аралық отырыстардың күн тәртібінің жобасын қалыптастырады;
2) жалпы және аралық отырыстарды өткізуді ұйымдастырады;
3) Кеңес мүшелерін Кеңестің жалпы және аралық отырыстарының өткізілетін орны, уақыты мен күн тәртібі туралы хабардар етеді және оларды қажетті материалдармен уақтылы қамтамасыз етеді;
4) Кеңестің шешімдері бекітілген күннен бастап екі апта ішінде Кеңестің мүшелеріне және өзге мүдделі адамдарға хаттаманың көшірмесін және өзге қажетті материалдарды жолдайды;
5) Кеңестің жұмыс топтарының іс-шаралар жоспарлары мен есептерін келіседі;
6) Кеңестің жұмыс топтары әзірлейтін, ұсынымдардың бірыңғай тізбесі түрінде ресімделетін Кеңеске ұсынымдарды келіседі;
7) жұмыс топтарының құрамдарын, мақсаттары мен міндеттерін келіседі;
8) жұмыс топтарының қызметін үйлестіруді және қамтамасыз етуді жүзеге асырады;
9) Кеңестің хаттамалық шешімдерінің орындалуын мониторингілеуді жүзеге асырады;
10) Кеңестің қызметіне қатысты құжаттардың жобаларын әзірлейді.
20.Ұлттық палата:
1) кәсіпкерлік субъектілері, жұмыс топтары тарапынан Кеңестің құрамдары бойынша ұсынымдарды дайындайды және жұмыс органының қарауына енгізеді;
2) жұмыс топтары қызметінің бағыттары бойынша ұсыныстар енгізеді;
3) жалпы және аралық отырыстардың күн тәртібіне ұсыныстар енгізеді;
4) Кеңестің жұмыс органымен бірлесіп Кеңестің жалпы және аралық отырыстарын өткізуді ұйымдастырады.
4-тарау. Кеңестің жұмыс топтары
21. Алдына қойылған міндеттерді іске асыру мақсатында Кеңестің шешімімен мына бағыттар бойынша Кеңестің алты тұрақты жұмыс тобы құрылады:
1) кәсіпкерлерді құқықтық қорғау;
2) қаржыға қолжетімділік және инвестицияларды тарту;
3) салық және кеден саясатын жетілдіру;
4) адами капиталды дамыту;
5) инфрақұрылымды дамыту;
6) отандық тауар өндірушілерді қолдау және экспортты дамыту.
22. Кеңестің алдына қойылған міндеттерді іске асыру мақсатында кәсіпкерлікті дамытудың басым бағыттары бойынша Кеңестің қосымша жұмыс топтары құрылуы мүмкін.
Жұмыс топтары қызметінің бағыттары Кеңестің аралық отырыстарында айқындалады.
23. Жұмыс топтары өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілерін, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.
24. Жұмыс топтары жүктелген міндеттерді жүзеге асыру үшін өз құзыреті шегінде:
мемлекеттік органдармен, республикалық, облыстық және салалық бірлестіктермен шағын және орта кәсіпкерлік саласында өзара іс-қимыл жасауға;
басшының орынбасарынан төмен емес деңгейдегі Қазақстан Республикасының мүдделі мемлекеттік органдарының өкілдерін, сондай-ақ жеке кәсіпкерлік субъектілері мен олардың бірлестіктерінің өкілдерін шақыруға;
мемлекеттік органдар мен ұйымдардан жұмыс топтарының құзыретіне кіретін мәселелер бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен ақпарат сұратуға және алуға құқылы.
25. Кеңестің жұмыс топтарының қызметіне жалпы басшылық жасауды, үйлестіру мен қамтамасыз етуді Кеңестің жұмыс топтарының құрамы шеңберінде Кеңестің аралық отырыстарында айқындалатын мемлекеттік органдардан және Ұлттық палатадан сайланған тең төрағалары жүзеге асырады.
Бірінші басшы жұмыс тобының мемлекеттік органнан тең төрағасы бола алады.
Төралқа мүшесі жұмыс тобының Ұлттық палатадан тең төрағасы бола алады.
26. Жұмыс топтарының отырыстары қажеттілігіне қарай өткізіледі.
27. Шұғыл шешім қабылдау қажет болған жағдайларда тең төрағалардың шақыруымен жұмыс тобының кезектен тыс отырысы өткізілуі мүмкін.
28. Кеңестің жұмыс топтарының құрамдары, мақсаттары мен міндеттері Ұлттық палатаның ұсынымдарын ескере отырып, Кеңестің аралық отырысында айқындалады.
29. Кеңестің жұмыс топтарының іс-шаралар жоспарларын жұмыс топтарының тең төрағалары бекітеді.
30. Жұмыс топтарының тең төрағалары қажеттілігіне қарай, алайда жарты жылда бір реттен сиретпей іс-шаралар жоспарының орындалуы туралы есептерді Кеңестің жұмыс органына жолдайды және жылына бір рет Кеңестің аралық отырысында баяндайды.
31. Кеңестің жұмыс топтарының құрамына мемлекеттік органдардың, кәсіпкерлік субъектілерінің, олардың бірлестіктерінің өкілдері, Қазақстан Республикасының қоғам қайраткерлері кіре алады.
32. Жұмыс топтары Кеңеске ұсынымдардың бірыңғай тізбесіне ресімделетін, жұмыс органымен келісіліп, Кеңестің аралық отырыстарында алдын ала талқыланатын және Кеңестің жалпы отырыстарында қаралатын ұсынымдар әзірлейді.
33. Кеңестің жұмыс топтарының жұмысына қатысу ауысу құқығынсыз жүзеге асырылады.
5-тарау. Кеңестің қызметін тоқтату
34. Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі Кеңестің қызметін тоқтату үшін негіз болып табылады.