2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 180-бабының 2-тармағына және "2019 – 2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" 2018 жылғы 7 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған "ҚДБ-Лизинг" акционерлік қоғамы арқылы жолаушылар вагондары паркін жаңартуды қаржыландыру үшін кейіннен "Қазақстан Даму Банкі" акционерлік қоғамын кредиттей отырып, "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамына бюджеттік кредиттеудің негізгі шарттары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасының Қаржы, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамымен кредиттік шарт жасауды;
2) кредиттеудің негізгі және қосымша шарттарының орындалуын бақылауды;
3) бюджеттік кредиттің нысаналы және тиімді пайдаланылуын, өтелуі мен оған қызмет көрсетілуін бақылауды және мониторингілеуді қамтамасыз етсін.
3. "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамы (келісу бойынша) тоқсан сайын, есептік кезеңнен кейінгі айдың 10-күнінен кешіктірмей Қазақстан Республикасының Қаржы, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктеріне кредиттің игерілуі туралы ақпарат берсін.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне жүктелсін.
5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
А. Мамин |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 24 шілдедегі № 526 қаулысымен бекітілген |
"ҚДБ-Лизинг" акционерлік қоғамы арқылы жолаушылар вагондары паркін жаңартуды қаржыландыру үшін кейіннен "Қазақстан Даму Банкі" акционерлік қоғамын кредиттей отырып, "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамын бюджеттік кредиттеудің негізгі шарттары
1. "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамына (бұдан әрі – қарыз алушы) кредит беру үшін мынадай негізгі шарттар белгіленеді:
1) кредит 219 "ҚДБ-Лизинг" АҚ арқылы жолаушылар вагон паркін жаңартуын қаржыландыру үшін "Қазақстанның Даму Банкі" АҚ-ны кейіннен кредиттеумен "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" АҚ-ны кредиттеу" бюджеттік бағдарламасы бойынша "2019 – 2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" 2018 жылғы 7 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңында көзделген 11258978000 (он бір миллиард екі жүз елу сегіз миллион тоғыз жүз жетпіс сегіз мың) теңге сомасында беріледі;
2) кредит қарыз алушыға мерзімділік, ақылылық және қайтарымдылық шарттарында 20 (жиырма) жыл мерзімге жылдық 0,05 %-ға тең сыйақы мөлшерлемесі бойынша теңгемен беріледі;
3) республикалық бюджеттен кредитті бөлу қарыз алушының шотына кредиттің барлық сомасын бір уақытта аудару жолымен жүзеге асырылады;
4) игеру кезеңі қарыз алушының шотына кредит аударылған күннен бастап 2 (екі) жылды құрайды;
5) кредит бойынша есептелген сыйақыны төлеу жылына 1 (бір) рет жүзеге асырылады;
6) кредит бойынша негізгі борышты өтеуді қарыз алушы 6 (алты) жылды құрайтын жеңілдік кезеңі өткеннен кейін тең үлестермен жүзеге асырады;
7) бюджеттік кредит берудің мақсаты қарыз алушының "Жолаушылар тасымалы" акционерлік қоғамының жолаушылар вагондары паркін жаңартуды қаржыландыру үшін 20 (жиырма) жыл мерзімге жылдық 0,1% сыйақы мөлшерлемесімен кейіннен "ҚДБ-Лизинг" акционерлік қоғамын кредиттеу үшін жылдық 0,08% сыйақы мөлшерлемесімен "Қазақстанның Даму Банкі" акционерлік қоғамын кредиттеу болып табылады.
2. Кредиттерді беру, өтеу және қызмет көрсету бойынша қосымша шарттар Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес кредиттік шартта белгіленеді.