Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған 1994 жылғы 9 қыркүйектегі Еуразиялық патент конвенциясына Өнеркәсіптік үлгілерді қорғау туралы хаттаманың жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Әділет вице-министрі Алмат Құрманғазыұлы Мадалиевке 1994 жылғы 9 қыркүйектегі Еуразиялық патент конвенциясына Өнеркәсіптік үлгілерді қорғау туралы хаттамаға қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан қол қоюға уәкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
А. Мамин |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 5 қыркүйектегі № 662 қаулысымен мақұлданған |
|
Жоба |
1994 жылғы 9 қыркүйектегі Еуразиялық патент конвенциясына Өнеркәсіптік үлгілерді қорғау туралы хаттама
Осы 1994 жылғы 9 қыркүйектегі Еуразиялық патент конвенциясына Өнеркәсіптік үлгілерді қорғау туралы Хаттамаға қатысушы мемлекеттердің (бұдан әрі – Уағдаласушы мемлекеттер) үкіметтері атынан,
өнеркәсіптік меншік объектілерін қорғаудың еуразиялық жүйесін кеңейту қажеттілігін назарға ала отырып,
барлық Уағдаласушы мемлекеттердің аумағында қолданылатын бірыңғай еуразиялық патент негізінде өнеркәсіптік үлгілерді қорғаудың мемлекетаралық жүйесін құруға ұмтыла отырып,
Уағдаласушы мемлекеттердің ішкі нарығын дамыту және олардың аумақтарының сауда мен инвестициялық қызметті дамыту үшін тартымдылығын арттыру мақсатында
төмендегілер туралы келісті:
I - БӨЛІМ
ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
Хаттаманың мәртебесі
(1) Осы хаттама 1883 жылғы 20 наурыздағы Өнеркәсіптік меншікті қорғау жөніндегі Париж конвенциясының (бұдан әрі – Париж конвенциясы) 19-бабына сәйкес арнайы келісімді білдіреді.
(2) Уағдаласушы мемлекеттер осы Хаттамамен Еуразиялық патент ұйымының (бұдан әрі – ұйым) өнеркәсіптік меншік объектілерін қорғау саласындағы 1994 жылғы 9 қыркүйектегі Еуразиялық патент конвенциясында (бұдан әрі – Конвенция) көзделген функцияларын кеңейтеді.
(3) Осы Хаттама кез келген Уағдаласушы мемлекеттің өнеркәсіптік үлгілерге қатысты ұлттық патенттерін немесе басқа да қорғау құжаттарын беру құқықтарын қозғамайды.
Еуразиялық патент жүйесі
(1) Конвенцияның 1(1)-бабына сәйкес құрылған Еуразиялық патент жүйесі және Конвенцияның 2(1)-бабына сәйкес құрылған Ұйым өзінің барлық органдарымен бірге Конвенцияға сәйкес берілетін өнертабыстарды қорғауға қатысты және осы Хаттамаға сәйкес берілетін өнеркәсіптік үлгілерді қорғауға қатысты жұмыс істейді.
(2) Өнеркәсіптік үлгілерді қорғау мақсаты үшін Конвенция қолданылатын аумақ деп Уағдаласушы мемлекеттердің аумақтары танылады.
(3) Барлық Уағдаласушы мемлекеттердің өкілетті өкілдерінің (олардың орынбасарларының) бір ауыздан қабылдаған ұйым Әкімшілік кеңесінің шешімі бойынша Ұйымның әкімшілік кеңесінің өнеркәсіптік үлгілерді халықаралық тіркеуді көздейтін халықаралық шартқа қатысушы болуға құқылы. Бұл ретте, өнеркәсіптік үлгілерді қорғаудың еуразиялық жүйесі шеңберінде халықаралық тіркеулерге қатысты қолданылатын рәсімдерге егжей-тегжейлі Конвенцияға Патенттік нұсқаулықта белгіленеді.
II-БӨЛІМ
Өнеркәсіптік үлгілерге қатысты материалдық құқық нормалары
Патентке қабілетті өнеркәсіптік үлгілер
(1) Құқықтық қорғау берілетін өнеркәсіптік үлгі деп Конвенцияға Патенттік нұсқаулыққа сәйкес патентке қабілетті болып табылатын, өнеркәсіптік немесе қолөнер кәсібі өндірісі бұйымының сыртқы түрінінің шешімі танылады.
(2) Өнеркәсіптік үлгі ретінде құқықтық қорғау:
(i) Уағдаласушы мемлекеттердің кем дегенде біреуінде қоғамдық мүдделерге, адамгершілік пен мораль қағидаттарына қайшы келетін;
(ii) мүдделері осындай шешімдермен қозғалатын мемлекеттердің, халықаралық және үкiметаралық ұйымдардың ресми рәміздерді (оның iшiнде мемлекеттiк рәміздер мен белгілердi) көрсететін немесе тиiстi құзыреттi органдарының, ұйымдарының келiсiмiнсiз, қысқартылған немесе толық атауларын қамтитын, бейнелеп немесе еліктеп көрсететін;
(iii) мүдделері осындай шешімдермен қозғалатын, Уағдаласушы мемлкеттердің тиісті құзыретті органдарының келісімінсіз мәдени мұра объектілерінің (оның ішінде этникалық және діни), олардың танылатын бөліктерінің ресми атауларын немесе бейнелерін қамтитын, бейнелейтін немесе еске салатын шешімдерге берілмейді.
Өнеркәсіптік үлгі ретінде құқықтық қорғау берілмейтін өзге де шешімдер мен объектілердің тізбесі Конвенцияға Патенттік нұсқаулықта белгіленеді.
Өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық патентті алуға құқығы бар тұлғалар
(1) Өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық патентті алу құқығы өнеркәсіптік үлгінің авторына, яғни шығармашылық еңбегімен өнеркәсіптік үлгі жасаған жеке тұлғаға немесе оның құқықтық мирасқорына тиесілі.
Автордың еңбек немесе азаматтық-құқықтық қатынастар шеңберінде жасаған өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық патентті алу құқығының тиесілігі мемлекеттің осындай қатынастарды реттейтін заңнамасына сәйкес айқындалады.
(2) Еуразиялық патент ведомствосындағы (бұдан әрі – Еуразиялық ведомство) рәсімдердің мақсаты үшін өтініш беруші өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық патентті алуға құқылы деп саналады.
Басымдық құқығы
Өнеркәсіптік үлгіге қатысты басымдық құқығы Париж конвенциясына сәйкес танылады.
Өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық патент
(1) Өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық патент өнеркәсіптік үлгіге авторлықты, басымдықты және айрықша құқықты куәландырады.
(2) Өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық патент осы Хаттаманың ережелерін ескере отырып, барлық Уағдаласушы мемлекеттердің аумақтарында бір мезгілде қолданылады.
Өнеркәсіптік үлгіні құқықтық қорғау көлемі
Еуразиялық патенттің өнеркәсіптік үлгіге беретін құқықтық қорғау көлемі өнеркәсіптік үлгінің бейнелерінде көрініс тапқан өнеркәсіптік үлгінің елеулі белгілерінің жиынтығымен айқындалады.
Өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық патенттің қолданылу мерзімі
(1) Өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық патенттің қолданылу мерзімі өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық патент беруге өтінім (бұдан әрі – өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық өтінім) берілген күннен бастап бес жылды құрайды.
(2) Өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық патенттің қолданылу мерзімі өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық патент иесінің өтінішхаты бойынша патент қолданылатын барлық Уағдаласушы мемлекеттердің аумағына қатысты әрбір бес жылға ұзартылуы мүмкін. Бұл ретте, өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық патенттің жалпы қолданылу мерзімі өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық өтінім берілген күннен бастап жиырма бес жылдан аспауы тиіс.
Өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық патенттің қолданылу мерзімі Еуразиялық ведомствоға тиісті баж төленген жағдайда ұзартылады.
Өнеркәсіптік үлгіге құқықтар
(1) Еуразиялық патент берілген өнеркәсіптік үлгінің авторына (қосалқы авторларына) авторлық құқық, яғни өнеркәсіптік үлгінің авторы ретінде танылу құқығы тиесілі.
(2) Өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық патент иесіне өнеркәсіптік үлгіні пайдалану, сондай-ақ басқа адамдарға өнеркәсіптік үлгіні пайдалануға рұқсат беру және тыйым салу құқығын білдіретін айрықша құқық тиесілі.
Өнеркәсіптік үлгіге қатысты жасалатын және оны пайдалану деп танылатын әрекеттер Уағдаласушы мемлекеттердің заңнамаларына сәйкес айқындалады.
Еуразиялық патенттің иесі патентті беру туралы мәліметтер Еуразиялық ведомствоның ресми бюллетенінде жарияланған күнінен бастап оны қолдану кезеңінде өнеркәсіптік үлгіге айрықша құқыққа билік ете алады.
Өнеркәсіптік үлгіге айрықша құқыққа иелік ету.
Айрықша құқықтың ауысуы
(1) Өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық патент иесінің өнеркәсіптік үлгіге айрықша құқықты басқа адамға беруге, өнеркәсіптік үлгіні лицензиялық шарт бойынша пайдалану құқығын табыстауға, өнеркәсіптік үлгіге айрықша құқықты кепілге беруге құқылы.
Өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық патентпен куәландырылған айрықша құқықты барлық Уағдаласушы мемлекеттердің патент қолданылатын аумағына қатысты ғана басқа адамға беруге жол беріледі.
Өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық патент иесінің өнеркәсіптік үлгіге айрықша құқықты, егер тиісті Уағдаласушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес осындай билік етуге жол берілсе, жекелеген Уағдаласушы мемлекетке қатысты өзге тәсілмен билік етуге құқылы.
(2) Өнеркәсіптік үлгіге айрықша құқық мұрагерлік бойынша немесе өзге де құқықтық мирасқорлық тәртібімен тек жалпы ауыса алады.
(3) Өнеркәсіптік үлгіге айрықша құқықтың, оның ішінде, оны келісімшарт бойынша берген жағдайда ауысуын тіркеуді, сондай-ақ осындай айрықша құқықты кепілге беруді тіркеуді Еуразиялық ведомство жүзеге асырады.
Лицензиялық келісімшартты, сондай-ақ осы баптың (1) тармағының үшінші бөлігі негізінде Уағдаласушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес жасалған шартты тіркеуді Уағдаласушы мемлекеттің ұлттық патент ведомствосы (бұдан әрі – ұлттық ведомство) тиісті келісімшарт жасалған аумаққа қатысты жүзеге асырады.
Өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық патентті жарамсыз деп тану
(1) Өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық патентті Еуразиялық ведомство осы Хаттамада және Конвенцияға Патенттік нұсқаулықта көзделген негіздер бойынша және әкімшілік күшін жою тәртібімен не Уағдаласушы мемлекеттің сот немесе өзге де құзыретті органдары осы Хаттамада және Конвенцияға Патенттік нұсқаулықта көзделген негіздер бойынша, тиісті Уағдаласушы мемлекеттің заңнамасында көзделген тәртіппен жарамсыз деп тани алады.
Өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық патентті жарамсыз деп тану туралы қарсылық берілуі мүмкін, оның ішінде, егер ұлттық ведомствоның қарсылық беру құқығы тиісті Уағдаласушы мемлекеттің заңнамасында көзделген болса, ұлттық ведомство бере алады.
(2) Өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық патентті жарамсыз деп тану туралы қарсылықты қарау нәтижесі бойынша Еуразиялық ведомство әкімшілік жою тәртібімен қабылданған шешімге Конвенцияға Патенттік нұсқаулықта көзделген тәртіппен және мерзімдерде шағым жасалуы мүмкін.
Еуразиялық ведомствоның өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық патентті әкімшілік жою тәртібімен жарамсыз деп тану туралы шешімі, оған шағымдану үшін Конвенцияға Патенттік нұсқаулықта белгіленген мерзім өткеннен кейін күшіне енеді және барлық Уағдаласушы мемлекеттердің аумағына қатысты қолданылады.
(3) Уағдаласушы мемлекеттердің сот немесе өзге де құзыретті органдары өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық патентті жарамсыз деп тану туралы қабылдаған шешіміне тиісті Уағдаласушы мемлекеттің заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде шағым жасалуы мүмкін. Осы тармаққа сәйкес қабылданған шешім оған шағымдану мерзімі өткеннен кейін күшіне енеді және сот немесе өзге де құзыретті органдары оны қабылдаған Уағдаласушы мемлекеттің аумағына қатысты қолданылады.
Уағдаласушы мемлекет өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық патентті жарамсыз деп тану туралы қабылданған шешім туралы Еуразиялық ведомствоны хабардар етеді.
Уағдаласушы мемлекеттің сот немесе өзге де құзыретті органдары өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық патентті жарамсыз деп тану туралы қабылдаған шешімі күшіне енген сәттен бастап өнеркәсіптік үлгіні бірыңғай құқықтық қорғау тоқтатылады. Бұл ретте өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық патент осындай шешім қабылданбаған Уағдаласушы мемлекеттер аумағында өз күшін сақтайды.
(1) Уағдаласушы мемлекеттердің өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық патенттің жарамдылығы туралы дауларды қарайтын сот және өзге де құзыретті органдарының өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық патенттің тиісті Уағдаласушы мемлекеттің мемлекеттік тіліне аудармасын ұсынуды талап етуге құқылы.
Құқықтарды қорғауға байланысты даулар
(1) Осы Хаттаманың 11 және 14-баптарында көзделген дауларды қоспағанда, осы Хаттамаға және Конвенцияға Патенттік нұсқаулыққа сәйкес берілетін құқықтарды қорғауға байланысты даулар, аумағында осы құқықтарды қорғау сұратылатын Уағдаласушы мемлекеттің материалдық және процессуалдық құқық нормалары негізінде шешіледі.
(2) Уағдаласушы мемлекеттердің дауларды осы баптың (1) тармағына сәйкес қарайтын сот және өзге де құзыретті органдарының өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық патенттің тиісті Уағдаласушы мемлекеттің мемлекеттік тіліндегі аудармасын беруді талап етуге құқылы.
III-БӨЛІМ Өнеркәсіптік үлгілерге қатысты рәсімдік құқық нормалары
Өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық өтінім
(1) Өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық өтінім, осы баптың (2) тармағында көзделген жағдайлардан басқа, Еуразиялық ведомствоға беріледі.
(2) Уағдаласушы мемлекеттің өтінім берушілері, егер бұл осы Уағдаласушы мемлекеттің заңнамасында көзделген болса, өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық өтінімді ұлттық ведомство арқылы береді. Ұлттық ведомство арқылы берілген өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық өтінімнің, ұлттық ведомство оны Еуразиялық ведомствоға Конвенцияға Патенттік нұсқаулықта белгіленген мерзімде жіберген жағдайда, оның Еуразиялық ведомствоға сол күні берілгендей салдары болады.
(3) Өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық өтінім тікелей Еуразиялық ведомствоға берілген кезде, бірыңғай рәсімдік баж Еуразиялық ведомствоға төленеді.
Өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық өтінім ұлттық ведомство арқылы берілген кезде, егер тиісті Уағдаласушы мемлекеттің заңнамасында көзделген болса, ұлттық ведомствоға өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық өтінімді өңдеу және қайта жіберу үшін баж төленеді, ал бірыңғай рәсімдік баж Еуразиялық ведомствоға төленуі тиіс.
(4) Өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық патентті алу құқығы Конвенцияға Патенттік нұсқаулықта көзделген тәртіппен және шарттармен өзге адамға берілуі мүмкін.
Өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық өтінімді қарау
(1) Еуразиялық ведомство өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық өтінім бойынша алдын ала сараптама жүргізеді, оның барысында өтінімге қойылатын талаптардың, өтінімді берген күнді белгілеу үшін шарттардың сақталуы, өтінімді беруге қатысты осы Хаттамада және Конвенцияға Патенттік нұсқаулықта көзделген өзге де шарттардың орындалуы, сондай-ақ өнеркәсіптік үлгінің ең болмағанда Уағдаласушы мемлекеттердің бірінің қоғамдық мүдделеріне, адамгершілік пен моральдық қағидаттарына қайшы келетін шешімдерге жататын-жатпайтыны тексеріледі.
(2) Конвенцияға Патенттік нұсқаулыққа сәйкес Еуразиялық ведомство алдын ала сараптамасы оң нәтижемен аяқталған өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық өтінімді жариялайды және оған мәні бойынша сараптама жүргізеді.
(3) Жарияланған өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық өтінімге қатысты Еуразиялық ведомствоға, егер бұл тиісті Уағдаласушы мемлекеттің заңнамасында көзделген болса, оның ішінде ұлттық ведомствоны қоса алғанда, осы Хаттамада және Конвенцияға Патенттік нұсқаулықта белгіленген негіздер бойынша өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық патентті беруге қарсы қарсылық берілуі мүмкін.
Өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық патентті беруге қарсы қарсылықты беру және қарау тәртібі мен мерзімдері Конвенцияға Патенттік нұсқаулықта белгіленеді.
(4) Еуразиялық ведомство өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық патентті беру немесе беруден бас тарту туралы шешімді, өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық патентті беруге қарсы Еуразиялық ведомствоға келіп түскен қарсылықтарды қарау нәтижелерін ескере отырып, қабылдайды.
(5) Өтінім беруші Еуразиялық ведомствоның шешімдеріне, оның ішінде өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық патентті беру немесе беруден бас тарту туралы шешімдеріне Конвенцияға Патенттік нұсқаулықта белгіленген тәртіппен және мерзімдерде Еуразиялық ведомствоға қарсылық беру арқылы шағым жасалуы мүмкін.
Өнеркәсіптік үлгіні тіркеу және өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық патентті беру
(1) Еуразиялық ведомство өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық патент беру туралы шешім негізінде өнеркәсіптік үлгіні өнеркәсіптік үлгілерге еуразиялық патенттер тізіліміне тіркейді.
(2) Өнеркәсіптік үлгілерге еуразиялық патенттер тізіліміне енгізілетін мәліметтердің құрамы және көрсетілген тізілімді жүргізу тәртібі Конвенцияға Патенттік нұсқаулықта айқындалады.
(3) Еуразиялық ведомство өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық патент беру туралы мәліметтерді Еуразиялық ведомствоның ресми бюллетенінде жариялайды. Жарияланатын мәліметтердің құрамы мен жариялау мерзімдері Конвенцияға Патенттік нұсқаулықта белгіленеді.
(4) Еуразиялық ведомство өтініш берушіге оның шығарылуы туралы мәліметтер жарияланғаннан кейін дереу өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық патентті береді.
(5) Еуразиялық ведомство өнеркәсіптік үлгіні тіркеуді, өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық патент беру туралы мәліметтер жариялауды және өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық патентті беруді туралы өтінім беруші тиісті бажды төлеген жағдайда жүзеге асырады.
(6) Уағдаласушы мемлекеттердің біріне көрсету мақсатында сұрау салынған өнеркәсіптік үлгілерге еуразиялық патенттер тізілімінен алынған үзінді көшірмелер кез-келген заңдастырудан босатылады.
Өкілдік ету
(1) Ұлттық ведомство алдында өкіл болуға құқығы бар және Еуразиялық ведомствода патенттік сенім білдірілген өкіл ретінде тіркелген кез келген адам Еуразиялық ведомство алдында өкіл (бұдан әрі – патенттік сенім білдірілген) бола алады.
(2) Қандай да бір Уағдаласушы мемлекеттің аумағында тұрақты тұрғылықты жері немесе тұрақты орналасқан жері жоқ өтінім беруші, сондай-ақ өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық патенттің иесі патенттік сенім білдірілген өкіл болуы тиіс.
(3) Кез келген Уағдаласушы мемлекеттің аумағында тұрақты тұрғылықты жері немесе тұрақты орналасқан жері бар өтінім беруші өнеркәсіптік үлгілерге еуразиялық өтінімдер бере алады, сондай-ақ Еуразиялық ведомствомен:
(і) дербес;
(іі) патенттік сенім білдірілген өкілдер арқылы;
(iii) патенттік сенім білдірілген өкіл болып табылмайтын өкілдер арқылы өтінімдер мен өнеркәсіптік үлгілерге еуразиялық патенттер бойынша істерді жүргізе алады.
Өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық өтінімді ұлттық өтінімге қайта ұйымдастыру
(1) Еуразиялық ведомство өтінім берушіге өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық патентті беруден бас тарту туралы шешімді немесе осындай шешімге берілген қарсылықты қанағаттандырудан бас тарту туралы шешімді жіберген күннен бастап алты ай өткенге дейін өтінім беруші, ұлттық рәсім бойынша өзі өнеркәсіптік үлгіге патент алғысы келетін Уағдаласушы мемлекетті көрсете отырып, Еуразиялық ведомствоға өтінішхат бере алады.
(2) Осылайша көрсетілген әрбір Уағдаласушы мемлекетте осындай қабылданған шешімге қатысты және осындай өтінішхаттың нысаны болып табылатын өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық өтінім ұлттық ведомствоға берілген күні және егер ондай бар болса, өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық өтінімдегідей басымдық күні бар барлық салдарлары тиісті Уағдаласушы мемлекеттің заңнамасында көзделген дұрыс ресімделген ұлттық өтінім болып саналады және өтінім беруші ұлттық ведомствоға талап етілетін ұлттық баждарды төлеген жағдайда, ұлттық ведомствода одан әрі рәсімдерді жүргізуге жатады.
Баждар
(1) Еуразиялық ведомствоға өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық өтінімге немесе өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық патентке қатысты жасалатын заң тұрғысынан маңызды әрекеттерді жүзеге асыруға үшін осы Хаттаманың және Конвенцияға Патенттік нұсқаулықтың ережелеріне сәйкес осы баптың (2) және (3) тармақтарын ескере отырып, Ұйымға тиесілі баждар төленеді.
(2) Өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық өтінімді өңдегені және Еуразиялық ведомствоға жібергені үшін осы Хаттаманың 13(3) бабында аталған баж өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық өтінім берілген ұлттық ведомствоға төленеді және оған тиесілі.
(3) Еуразиялық ведомствоға осы Хаттаманың 8(2) және 15(5) баптарына сәйкес төленетін баждар Ұйымның Әкімшілік кеңесінің дауыс беруге қатысқан Уағдаласушы мемлекеттердің өкілетті өкілдерінің (олардың орынбасарларының) үштен екі көпшілік дауысымен қабылданған шешіміне сәйкес Ұйым мен Уағдаласушы мемлекеттер арасында бөлінеді. Бұл ретте көрсетілген баждардың кем дегенде бестен бір бөлігі Ұйымның иелігінде қалуы тиіс, олардың қалған бөліктері тиісті ұлттық ведомстволарға аударылады.
IV-БӨЛІМ
КОНВЕНЦИЯҒА ПАТЕНТТІК НҰСҚАУЛЫҚ
Конвенцияға Патенттік нұсқаулық, Конвенцияның 14 және 19-баптарында айқындалған нақтылаулардан басқа, осы Хаттамаға сәйкес қорғалатын өнеркәсіптік үлгілерге қатысты материалдық және рәсімдік құқық нормаларға байланысты нақтылауларды қамтиды.
Материалдық құқық нормалары
Конвенцияға Патенттік нұсқаулық осы Хаттаманың ІІ бөлігінде белгіленген материалдық құқық нормаларына, атап айтқанда:
(i) өнеркәсіптік үлгіге қойылатын талаптарға және оның патентке қабілеттілік шарттарына;
(ii) өнеркәсіптік үлгіні патентке қабілетті деп тануға кедергі келтірмейтін жағдайларға;
(iii) өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық өтінімге қатысты құқықтық мирасқорлыққа;
(iv) өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық патент алу құқығын табыстауға;
(v) басымдық құқығына;
(vi) уақытша құқықтық қорғауға;
(vii) өнеркәсіптік үлгіні құқықтық қорғау көлеміне;
(viii) өнеркәсіптік үлгіге айрықша құқыққа;
(ix) өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық патентке қатысты құқық мирасқорлығына;
(x) өнеркәсіптік үлгіге айрықша құқықты беру туралы шартқа, лицензиялық шартқа және өнеркәсіптік үлгіге айрықша құқық айналымы саласындағы өзге де шарттарға;
(xi) өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық патенттің жарамдылығына, оны жарамсыз деп тану негіздеріне қатысты нақтылауларды қамтиды.
Рәсімдік құқық нормалары
Конвенцияға Патенттік нұсқаулық осы Хаттаманың ІІІ бөлігінде белгіленген рәсімдік құқық нормаларына, атап айтқанда:
(i) өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық өтінімнің нысанына, құрамына, мазмұнына қойылатын талаптарға;
(ii) өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық өтінім бойынша және еуразиялық өнеркәсіптік үлгіге патент бойынша іс жүргізуге;
(iii) патенттік сенім білдірілген өкілдерге, оларды аттестаттау және тіркеу тәртібіне қойылатын талаптарға;
(iv) өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық өтінімді беру күнін белгілеуге;
(v) мерзімдерді есептеуге, оларды өткізіп алу салдарына, іс жүргізуді жалғастыру және құқықтарды қалпына келтіру шарттары мен тәртібіне;
(vi) басымдық сұратуға;
(vii) баждарды төлеу тәртібі мен мерзімдеріне;
(viii) өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық өтінімге өзгерістер мен түзетулерді енгізуге;
(ix) өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық өтінімге, олардың нәтижелері бойынша қабылданған шешімдерге, оның ішінде алдын ала және мәні бойынша сараптамаға, сондай-ақ қарсылықтарды беруге және қарауға;
(x) өнеркәсіптік үлгілерге қатысты Еуразиялық ведомствоның құжаттамасына және ақпараттық қызметтеріне;
(xi) өнеркәсіптік үлгілерді Өнеркәсіптік үлгілерге еуразиялық патенттер тізіліміне тіркеуге, көрсетілген тізілімге енгізілетін мәліметтердің құрамына, оны жүргізу және одан үзінді көшірмелер беру тәртібіне;
(xii) өнеркәсіптік үлгілерге еуразиялық патенттерді беруге;
(xiii) өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық өтінімдер мен өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық патенттер туралы мәліметтерді жариялауға;
(xiv) өнеркәсіптік үлгілер бөлігінде Еуразиялық ведомствоның ресми бюллетеніне;
(xv) өнеркәсіптік үлгілерге еуразиялық патенттерді жарамсыз деп тану тәртібіне;
(xvi) өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық өтінімді ұлттық өтінімге қайта ұйымдастыруға;
(хvii) Еуразиялық ведомство өнеркәсіптік үлгілер бөлігінде өтініш берушілермен, өнеркәсіптік үлгілерге еуразиялық патенттер иелерімен, өкілдерімен және басқа да адамдармен байланыстарды және Еуразиялық ведомствоның өнеркәсіптік үлгілер бөлігіндегі құжаттармен көрсетілген адамдарды егжей-тегжейлі таныстыру тәртібіне қатысты нақтылауларды қамтиды.
V-БӨЛІМ
ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
Қол қою. Хаттаманың күшіне енуі
(1) Осы Хаттамаға орыс тілінде қол қойылады.
(2) Осы Хаттамаға мүшелік Конвенцияға, сондай-ақ Париж конвенциясына байланысы бар Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше кез келген мемлекет үшін ашық.
Осы Хаттамаға қатысушы болу үшін, мемлекет Хаттамаға не қол қоюы және ратификациялық грамотаны депозитарийге сақтауға тапсыруы, не қосылу туралы актіні депозитарийге сақтауға тапсыруы тиіс.
Осы Хаттама қабылданғаннан кейін ____________ қаласында өткен халықаралық конференцияда, содан кейін Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының штаб-пәтерінде ол күшіне енгенге дейін қол қою үшін ашық.
Осы Хаттама Хаттамаға қол қоймаған, осы тармақтың бірінші бөлігінде аталған кез келген мемлекеттің қосылуы үшін ашық.
(3) Осы Хаттамаға қатысты ешқандай ескертулерге жол берілмейді.
(4) Осы Хаттама оны ратификациялаған немесе оған қосылған алғашқы үш мемлекетке қатысты, үшінші мемлекет депозитарийге жоғарыда аталған құжаттардың біреуін сақтауға тапсырғаннан кейін үш айдан соң күшіне енеді. Осы Хаттама кез келген басқа мемлекет үшін, ол өзінің ратификациялық грамотасын сақтауға тапсырғаннан кейін не қосылу туралы актіні сақтауға тапсырғаннан кейін үш айдан соң күшіне енеді. Бұл ретте, егер өнеркәсіптік үлгіге тиісті еуразиялық өтінім бұл Хаттама осы мемлекетке қатысты күшіне енгеннен кейін берілген болса, өнеркәсіптік үлгіге еуразиялық патент осындай мемлекеттің аумағында қолданылады.
Өтпелі ережелер
Конвенцияға қатысушы барлық мемлекеттер Уағдаласушы мемлекеттер болмайынша, Конвенцияның 3 (3) (vi) – (ix) бабына және осы Хаттамаға сәйкес Ұйымның Әкімшілік кеңесінің құзыретіне кіретін өнеркәсіптік үлгілерге қатысты мәселелер туралы шешімдерін Уағдаласушы мемлекеттердің өкілетті өкілдері (олардың орынбасарлары) қабылдайды.
Хаттама бойынша дауларды реттеу
Осы Хаттаманы түсіндіру немесе қолдану мәселелері бойынша Уағдаласушы мемлекеттер арасында қандай да бір дау туындаған жағдайда, дауға қатысатын тараптардың кез келгенінің өтініші бойынша Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының Бас директоры тараптардың дауды шешуге келуі үшін делдал ретінде болады.
Хаттаманы қайта қарау
(1) Уағдаласушы мемлекеттер осы Хаттаманы кез келген уақытта қайта қарауы мүмкін.
(2) Осы Хаттаманы қайта қарау мақсатында Уағдаласушы мемлекеттердің конференциясын шақыру туралы мәселені Ұйымның Әкімшілік кеңесі шешеді. Ұйымның Әкімшілік кеңесі, сонымен қатар, рәсімдер қағидалары мен осы Хаттаманы қайта қарау жөніндегі конференцияға жататын басқа да мәселелерді егжей-тегжейлі шешеді.
Хаттаманы денонсациялау
(1) Уағдаласушы мемлекеттің Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының Бас директорына хабарлама жіберу арқылы осы Хаттаманы денонсациялауға құқылы. Мұндай денонсация Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының Бас директоры тиісті хабарламаны алған күннен бастап он екі ай өткеннен кейін күшіне енеді.
(2) Денонсация күшіне енгенге дейін берілген өтінімдер бойынша берілген өнеркәсіптік үлгілерге еуразиялық патенттер, осы Хаттама денонсациялаған мемлекеттің аумағында, осы Хаттамамен осындай мерзімді ұзарту рұқсат етілетін жағдайларды қоса алғанда, оларды қолданудың толық мерзімі ішінде қолданылады.
Хаттаманың депозитарийі
Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының Бас директоры осы Хаттаманың депозитарийі болып табылады.
201_ жылғы "___" ___________ ________ қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды.
Әзербайжан Республикасы Үкіметі үшін |
(қолы) |
Қырғыз Республикасы Үкіметі үшін |
(қолы) |
Армения Республикасы Үкіметі үшін |
(қолы) |
Беларусь Республикасы Үкіметі үшін |
(қолы) |
Қазақстан Республикасы Үкіметі үшін |
(қолы) |
Тәжікстан Республикасы Үкіметі үшін |
(қолы) |
Ресей Федерациясы Үкіметі үшін |
(қолы) |
Түрікменстан Республикасы Үкіметі үшін |
(қолы) |