Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 29.01.2024 № 45 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
"Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы" 2019 жылғы 3 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 5) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Арнайы экономикалық аймақтардың қатысушылары іске асыратын, халықаралық, өңірлік стандарттар мен шет мемлекеттердің стандарттары қолданылуы мүмкін жобаларды іріктеу қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
А. Мамин |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 22 қарашадағы № 867 қаулысымен бекітілген |
Арнайы экономикалық аймақтардың қатысушылары іске асыратын, халықаралық, өңірлік стандарттар мен шет мемлекеттердің стандарттары қолданылуы мүмкін жобаларды іріктеу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Арнайы экономикалық аймақтардың қатысушылары іске асыратын, халықаралық, өңірлік стандарттар мен шет мемлекеттердің стандарттары қолданылуы мүмкін жобаларды іріктеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы" 2019 жылғы 3 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 5) тармақшасына сәйкес әзірленді және арнайы экономикалық аймақтардың қатысушылары іске асыратын, халықаралық, өңірлік стандарттар және шет мемлекеттердің стандарттары қолданылуы мүмкін жобаларды іріктеу қағидаларын айқындайды.
2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
1) арнайы экономикалық аймақ – Қазақстан Республикасы аумағының дәл белгіленген шекаралары бар, басым қызмет түрлерін жүзеге асыру үшін арнайы экономикалық аймақтың арнайы құқықтық режимі қолданылатын бір бөлігі;
2) арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы – арнайы экономикалық аймақтың аумағында басым қызмет түрлерін жүзеге асыратын және арнайы экономикалық аймақтардың қатысушыларының бірыңғай тізіліміне енгізілген заңды тұлға;
3) уәкілетті орган – арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды құру, олардың жұмыс істеуі және таратылуы саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.
2-тарау. Арнайы экономикалық аймақтардың қатысушылары іске асыратын, халықаралық, өңірлік стандарттар мен шет мемлекеттердің стандарттары қолданылуы мүмкін жобаларды іріктеу қағидалары
3. Арнайы экономикалық аймақтардың аумағында өнеркәсіптік кәсіпорындардың объектілерін жобалау, салу, реконструкциялау, техникалық қайта жарақтандыруды жүргізу, кеңейту, күрделі жөндеу және пайдалану кезінде осы Қағидалардың 4-тармағының талаптарын ескере отырып, халықаралық, өңірлік стандарттарды және шет мемлекеттердің стандарттарын тікелей қолдануға жол беріледі.
4. Халықаралық, өңiрлiк стандарттарды және шет мемлекеттердiң стандарттарын қолдану үшін қажетті шарттардың бірі:
1) Қазақстан Республикасының стандарттау, метрология және аккредиттеу жөнiндегi халықаралық және өңiрлiк ұйымдарға мүше болуы;
2) Қазақстан Республикасының cтандарттау саласындағы ынтымақтастық туралы халықаралық шарттарының болуы;
3) стандарттау жөніндегі ұлттық орган мен халықаралық, өңірлік, шетелдік ұйым арасында cтандарттау саласындағы ынтымақтастық туралы шарттың болуы;
4) түпнұсқаларды ұстаушылардың халықаралық, өңірлік стандарттарды және шет мемлекеттердің стандарттарын қолдану жөніндегі талаптарды сақтауы болып табылады.
5. Арнайы экономикалық аймақтың қатысушылары іске асыратын, халықаралық, өңірлік стандарттар мен шет мемлекеттердің стандарттары қолданылуы мүмкін жобаларды іріктеу үшін арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы мынадай материалдарды:
1) арнайы экономикалық аймаққа қатысушы жобасының сипаттамасын;
2) қолданылуы жоспарланған халықаралық, өңірлік стандартты немесе шет мемлекеттің стандартын;
3) таңдап алынған халықаралық, өңірлік стандартты немесе шет мемлекеттің стандартын қолдану қажеттілігінің негіздемесін қоса бере отырып, уәкілетті органға еркін нысанда өтініш жолдайды.
6. Уәкілетті орган өтінішті оны қабылдаған күні тіркейді.
7. Уәкілетті орган арнайы экономикалық аймақ қатысушысының өтінішін өтініш тіркелген күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде қарайды және қабылданған шешім туралы арнайы экономикалық аймақтың қатысушысын жазбаша хабардар етеді.
8. Халықаралық, өңірлік стандарттарды және шет мемлекеттердің стандарттарын тікелей қолдану туралы оң шешім қабылданған жағдайда уәкілетті орган бұл туралы осындай шешім қабылданған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдарды хабардар етеді.
9. Уәкілетті органның теріс шешімі кейін халықаралық, өңірлік стандарттар мен шет мемлекеттердің стандарттарын қолдану туралы ұсыныспен жүгіну үшін кедергі болып табылмайды.