"Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабы 3-тармағының 4) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыруға қойылатын талаптар бекітілсін.
2. "Террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғау жүйесіне қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 3 сәуірдегі № 191 қаулысының күші жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
А. Мамин |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 6 мамырдағы № 305 қаулысымен бекітілген |
Террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыруға қойылатын талаптар
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыруға қойылатын талаптар (бұдан әрі – талаптар) "Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 4-бабы 3-тармағының 4) тармақшасына сәйкес әзірленді және террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыруға қойылатын талаптарды айқындайды.
2. Осы талаптарда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) алғашқы ден қою шаралары – терроризм актісінің қатері немесе жасалғаны туралы уәкілетті мемлекеттік органдарды уақтылы хабардар етуге бағытталған, объект персоналы және күзет қызметі субъектісінің қызметкерлері қабылдайтын бірінші кезектегі іс-шаралардың, сондай-ақ терроризм актісінің ықтимал салдарын барынша азайту және жою (шұғыл (алғашқы) ден қою күштерінің алғашқы және тергеу әрекеттерін жүзеге асыруына көмек көрсету, зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсету, эвакуациялау және басқалары) жөніндегі іс-қимылдардың кешені;
2) байланыс жүйесі – ақпаратты (ақпарат) беруге (алмасуға), объектінің күзет қызметінің жұмысын жедел басқаруға арналған техникалық құралдар мен арнайы бөлінген байланыс арналарының жиынтығы;
3) бақылау-өткізу пункті – адамдарды және көлік құралдарын бақылауды, өткізуді, тексеріп қарауды қамтамасыз етуге арналған арнайы жабдықталған орын;
4) бақылау-із кесу жолағы – беті табиғи күйде немесе арнайы өңдеуден кейін бұзушылардың ену іздерінің көрінетін таңбасы тіркеуді және сақтауды қамтамасыз ететін жергілікті жердің жолағы;
5) бейнебақылау жүйесі – бейнебақылау камераларының, деректерді беру желілерінің, бағдарламалық және техникалық құралдардың және бейнежазбаларды сақтау құралдарының, сондай-ақ өзара ақпарат алмасуды жүзеге асыратын бағдарламалық және (немесе) техникалық басқару құралдарының жиынтығы;
6) инженерлік-техникалық нығайтылу – объектіге не оның бөліктеріне санкциясыз енуге қарсы қажетті іс-қимылды қамтамасыз ететін құрылымдық элементтер, инженерлік, техникалық құралдар және (немесе) олардың жиынтығы;
7) жарықтандыру жүйесі – тәуліктің қараңғы уақытында бейнебақылау жүйесі үшін жарықтандырудың қажетті деңгейін және объектідегі адамдар мен көлік құралдарын көруді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін техникалық құралдар жиынтығы;
8) күзетілетін аймақ (учаске) – күзетілетін аумақ, сондай-ақ объектіде бөлінген аймақтар (учаскелер), ғимараттардың (құрылыстар мен құрылыс ғимараттарының) бөліктері, үй-жайлар және олардың құрылымдық элементтері;
9) күзетілетін объектілер – күзетілетін адамдардың болуына арналған ғимараттар, құрылыстар мен құрылысжайлар, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі күзететін өзге де ғимараттар, құрылыстар мен құрылысжайлар, сондай-ақ оларға іргелес жатқан аумақ пен акватория;
10) кіруді шектеу құралдары – объектіге, оның ықтимал қауіпті учаскелеріне санкциясыз енуге кедергі келтіретін жабдық және (немесе) құралдар;
11) кіруді бақылау және басқару жүйесі – кіруді бақылауға, объектіге және (немесе) оның жекелеген аймақтарына персонал мен келушілердің кіру және (немесе) шығу құқықтарын шектеуге, ақпаратты жинауға және сақтауға арналған, техникалық жағынан үйлесімді аппараттық құралдардың және (немесе) бағдарламалық қамтылымның жиынтығы;
12) күзет дабылы жүйесі – күзетілетін аймаққа (учаскеге) санкциясыз енуді, күзетілетін аймақ (учаске) тұтастығының бұзылуын анықтауға, күзетілетін аймақ (учаске) тұтастығының бұзылуы туралы ақпаратты берілген түрде жинауға, өңдеуге, беруге және ұсынуға арналған, бірге жұмыс істейтін техникалық құралдардың жиынтығы;
13) тойтару аймақтары – объектінің инженерлік қоршауларына тікелей іргелес жатқан аумақта орналасқан, құрылыстардан, ағаштардан, бұталардан және өзгелерден бос жергілікті жер учаскелері;
14) объектінің ықтимал қауіпті учаскелері – объектінің аумақтық бөлінген, жарылыс-өрт қаупі бар, қауіпті химиялық заттар, қару мен оқ-дәрілер, уытты заттар мен препараттар, технологиялық тізбектердің, жүйелердің, жабдықтардың немесе құрылғылардың элементтері қолданылатын, сақталатын немесе пайдаланылатын аймақтары (учаскелері), құрылымдық және технологиялық элементтері, объектінің қауіпті аймақтары, сондай-ақ объектідегі адамдар көп болуы, терроризм актісінің жасалуы өмір мен денсаулыққа залал келтіруі, аварияның, қауіпті әлеуметтік-экономикалық салдарға әкеп соғатын төтенше жағдай қаупінің туындауы, кейіннен терроризм актісін жасауда пайдалану мақсатында қауіпті заттар мен материалдардың ұрлануы ықтимал орындар;
15) объектілердің персоналы – объектінің, оның ішінде оның жалға алынған алаңдарында қызметін жүзеге асыратын басшылары, жұмысшылары, қызметкерлері;
16) объектінің периметрі – құқық белгілейтін құжаттарға сәйкес объектінің шекарасы;
17) оқу (профилактикалық) іс-шаралары – персонал мен күзетті оқытудың алғашқы ден қою дағдыларын дарыту мақсатында нұсқамалар мен сабақтар түрінде жүзеге асырылатын алдын ала тәсілдері;
18) өткізу режимі – адамдардың санкциясыз кіруі (шығуы), көлік құралдарының кіруі (шығуы), мүлікті кіргізу (шығару), әкелу (әкету) мүмкіндігін жоққа шығаратын, белгіленген тәртіпті регламенттейтін қағидалар жиынтығы;
19) аса қауіпті аймақ – терроризм актісі салдарынан қирауы объектінің қалыпты жұмыс істеуінің айтарлықтай бұзылуына, оның елеулі зақымдануына немесе ондағы аварияға әкеп соғуы мүмкін үй-жай, учаскелер және құрылымдық элементтер;
20) таранға қарсы құрылғылар (бөгеттер) – көлік құралдарын мәжбүрлеп баяулатуға және (немесе) тоқтатуға арналған инженерлік-техникалық бұйымдар;
21) терроризмге қарсы қорғалу паспорты – объект туралы жалпы және инженерлік-техникалық мәліметтер қамтылатын, оның терроризмге қарсы қорғалуының жай-күйін көрсететін және террористік тұрғыдан осал объектідегі терроризм актілерінің алдын алу, жолын кесу, барынша азайту және (немесе) салдарын жою жөніндегі іс-шараларды жоспарлауға арналған ақпараттық-анықтамалық құжат;
22) телевизиялық күзет жүйесі – бұзушылықты анықтауға және тіркеуге арналған жабық үлгідегі телевизиялық жүйе болып табылатын бейнебақылау жүйесі;
23) құлақтандыру жүйесі – террористік тұрғыдан осал объектідегі адамдарды төтенше оқиғалар (авария, өрт, дүлей апат, шабуыл жасау, терроризм актісі) кезіндегі дабыл және қалыптасқан жағдайда әрекет ету туралы жедел хабардар етуге (жарықпен және (немесе) дыбыспен берілетін құлақтандыру) арналған техникалық құралдар жиынтығы.
Осы талаптарда пайдаланылатын өзге ұғымдар Қазақстан Республикасының терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамасына сәйкес қолданылады.
Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 22.02.2024 № 118 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 25.07.2024 № 600 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.3. Террористік тұрғыдан осал объектілерді пайдалану кезінде осы талаптардың және Заңның 10-2-бабының 1-тармағына сәйкес мемлекеттік органдар әзірлейтін және бекітетін террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықтардың сақталуы қамтамасыз етіледі.
Террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықтың (бұдан әрі – нұсқаулық) мазмұнына қойылатын негізгі талаптар осы талаптарға 1-қосымшада айқындалған.
4. Террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастырудың мақсаты терроризм актісін жасауға кедергі келтіретін жағдайлар жасау (объект аумағында терроризм актісін жасау тәуекелін азайту) және ықтимал террористік қатерлердің салдарын барынша азайту және (немесе) жою болып табылады.
5. Объектінің терроризмге қарсы қорғалуының жалпы қағидаттары:
1) іс-шаралардың күні бұрын (алдын ала) өткізілуі – террористік қатерлердің сипаты мен ерекшелігін ескере отырып, алдын ала әзірленетін шаралар кешені;
2) сараланған тәсіл – объектінің жұмыс істеуінің салалық ерекшеліктерін, оның орналасуын есепке алуға бағытталған тәсілдер жиынтығы;
3) барабарлық – объектіде қолданылатын терроризмге қарсы шаралардың ықтимал террористік қатерлердің сипаты мен ерекшелігіне сай болуы;
4) кешенділік – жоғарыда тізілген қағидаттарға сүйене отырып объектінің терроризмге қарсы қорғалуын құруға және қолда бар күштер мен құралдарды тартуға мүмкіндік беретін шаралар жиынтығы.
6. Объектіде терроризм актісін жасауға кедергі келтіру (терроризм актісін жасау тәуекелін төмендету):
1) ұлттық қауіпсіздік органдары айқындайтын ықтимал террористік қатерлердің сипаты мен ерекшелігін және олардың ықтимал салдарын ескере отырып, объектінің терроризмге қарсы қорғалуын қамтамасыз ету жөніндегі ұйымдастыру іс-шараларын жүргізу;
2) объектіде терроризм актісін жасауға ықпал ететін ықтимал себептер мен жағдайларды айқындау және оларды жою;
3) қажетті инженерлік-техникалық құралдармен жарақтандыру;
4) белгіленген өткізу режимін қамтамасыз ету;
5) объект персоналы мен күзет қызметі субъектілерінің қызметкерлерін терроризм актісін жасау қатеріне алғашқы ден қоюға (терроризм актісін жасау белгілерін анықтау, бұл туралы басшылыққа, құқық қорғау және (немесе) арнаулы мемлекеттік органдарға хабарлау) даярлауды (оқытуды) ұйымдастыру;
6) терроризмге қарсы қорғауды қамтамасыз ету талаптарының сақталуын бақылау арқылы қамтамасыз етіледі.
7. Объектіде ықтимал террористік қатерлердің салдарын барынша азайту және (немесе) жою:
1) терроризм актісінің жасалғаны туралы Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік және (немесе) ішкі істер органдарын уақтылы хабардар ету;
2) уәкілетті мемлекеттік органдар мен ұйымдар, жедел басқару органдары террористік көріністерге ден қою, сондай-ақ терроризм актісінің жасалуы салдарынан туындаған техногендік сипаттағы қатерлерді барынша азайту және (немесе) жою мәселелері бойынша оқу-жаттығулар, жаттығулар және эксперименттер өткізген кезде оларға объект персоналының қатысуы;
3) объект персоналы мен күзет қызметі субъектілерінің қызметкерлерін террористік сипаттағы қатерлерге алғашқы ден қою дағдыларына оқыту;
4) объектіде терроризм актісі жасалған жағдайда персонал мен келушілерді хабардар етуді және эвакуациялауды ұйымдастыру;
5) террористік тұрғыдан осал объектінің терроризмге қарсы қорғалу паспортын уақтылы жасау және өзекті күйде ұстау, оны тиісінше сақтау;
6) негізгі құтқару, авариялық және өзге де қызметтер келгенге дейін адамдардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретін жағдайларды қоспағанда, терроризм актісінің салдарын жоюға және барынша азайтуға бағытталған алғашқы ден қою шараларын ұйымдастыру үшін қажетті күштер мен құралдарды қалыптастыру;
7) тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерінің қауіпсіздігін және объектінің (сумен жабдықтау, электрмен жабдықтау, газ жабдығы, өрт сөндіру), объект персоналы мен келушілер қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шұғыл шараларды дайындау және ұйымдастыру, эвакуациялау жолдарын айқындау, персоналды қорғану құралдарымен қамтамасыз ету, аталған қызмет учаскелері үшін жауапты адамдарды белгілеу арқылы қамтамасыз етіледі.
8. Әртүрлі меншік нысанындағы ұйымдарда террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуы жөніндегі іс-шараларды өткізуді қамтамасыз ететін адам (адамдар) және (немесе) бөлімше (бөлімшелер) айқындалады.
Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерінде объектінің терроризмге қарсы қорғалуы жөніндегі іс-шараларды өткізуді қамтамасыз ететін адамды (адамдарды) шет елдегі мекеменің басшысы тағайындайды.
9. Жалға алынған ғимаратқа (үй-жайға) орналасқан кезде Қазақстан Республикасының террористік тұрғыдан осал шет елдегі мекемелерін қоспағанда, террористік тұрғыдан осал объектілердің меншік иелері, иелері, басшылары немесе өзге де лауазымды адамдары жалдау шартында объектінің терроризмге қарсы қорғалу паспортын әзірлейтін, объектіні күзетуді, объектіні қазіргі заманғы инженерлік-техникалық құралдармен жарақтандыруды, олардың үздіксіз жұмыс істеуін бақылауды, өткізу режимін ұйымдастыруды және осы іс-шараларды қаржыландыруды жүзеге асыратын тараптарды айқындауды қамтамасыз етеді.
10. Туындаған террористік қатерлерге уақтылы және барабар ден қою әрі террористік тұрғыдан осал объектілерде терроризм актілері жасалуының алдын алу үшін терроризм актісінің жасалу қаупі туралы ақпарат алған кезде объектілердің меншік иелері, иелері, басшылары және өзге де лауазымды адамдары Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 9 тамыздағы № 611 Жарлығымен бекітілген Терроризм актісі қатерінің туындауы туралы ақпарат мониторингінің және халықты хабардар етудің мемлекеттік жүйесінің ұйымдастырылуы мен жұмыс істеуі қағидаларына сәйкес террористік қауіптіліктің белгіленген деңгейіне сай келетін шараларды жүзеге асырады.
11. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі қажет болған кезде осы талаптарды, күзетілетін адамдардың қауіпсіздігінің қажетті деңгейлерін қамтамасыз ететін ұйымдастырушылық, күзет, режимдік және өзге де шаралардың көлемі мен ерекшелігін ескере отырып, олар болатын террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастырудың қосымша талаптарын белгілейді.
2-тарау. Өткізу режимін ұйымдастыруға қойылатын талаптар
12. Өткізу режимі объектінің персоналы мен келушілердің қауіпсіздік деңгейін арттыруды:
1) адамдар мен көлік құралдарының объектіге немесе оның бөліктеріне (аймағына) рұқсатпен өтуін ұйымдастыру;
2) құқыққа қарсы ниеттері бар адамдарды, сондай-ақ оларды іске асыру үшін пайдаланылуы мүмкін құралдар мен заттарды анықтау;
3) объектіні күзету, объектінің ықтимал қауіпті учаскелерін және өте қауіпті аймақтарды қорғау, оның ішінде оларда бөгде адамдардың бақылаусыз болуына жол бермеу арқылы қамтамасыз етеді.
Объектіде оның ерекшелігіне сәйкес келетін өткізу режимі белгіленеді.
13. Террористік тұрғыдан осал объектіде өткізу режимін ұйымдастыру тәртібінен басқа қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар мыналарды көздеуі тиіс:
1) тиісті өткізу режимін қолдауға жауапты тұлғаны (тұлғаларды) және (немесе) бөлімшені (бөлімшелерді) айқындау;
2) күзет қызметтерін көрсету туралы шартта күзет қызметі субъектісі іске асыратын терроризмге қарсы қорғауды және қауіпсіздіктің тиісті деңгейін (штаттық күзет болмаған жағдайда) қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды көрсету.
14. Өткізу режимін ұйымдастыру қажет болған кезде объектінің ықтимал қауіпті учаскелері мен өте қауіпті аймақтарына (олар болған кезде) кіруді шектеу мақсатында объектіні аймақтарға бөлуді көздейді.
15. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, өткізу режимін ұйымдастыру тәртібін террористік тұрғыдан осал объектінің меншік иесі, иесі немесе басшысы оны ұйымдастырудың нұсқаулықта айқындалатын ерекшелігін ескере отырып айқындайды.
3-тарау. Профилактикалық және оқу-жаттығу іс-шараларын ұйымдастыруға қойылатын талаптар
16. Профилактикалық және оқу-жаттығу іс-шаралары:
1) террористік тұрғыдан осал объектілердің меншік иелеріне, иелеріне, персоналына;
2) террористік тұрғыдан осал объектілерде күзет қызметтерін көрсету туралы шарт жасасқан күзет қызметі субъектісінің жұмыскерлеріне нұсқаулықтар мен сабақтар (практикалық және теориялық) және эксперименттер түрінде өткізіледі.
17. Профилактикалық іс-шараларды:
1) уәкілетті орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың аумақтық бөлімшелері облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың терроризмге қарсы комиссиясының (бұдан әрі – терроризмге қарсы комиссия) үйлестіруімен тұрақты негізде (терроризмге қарсы комиссия Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдері мен мекемелерін, құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдардың объектілерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемелерін қоспағанда, террористік тұрғыдан осал объектілердің меншік иелерінің, иелерінің, басшылары мен өзге де лауазымды тұлғаларының террористік сипаттағы өзекті қатерлер және терроризм актісін жасауға кедергі келтіретін (объектіге қатысты терроризм актісін жасау тәуекелін азайтатын), сондай-ақ ықтимал террористік қатерлердің салдарын барынша азайтуға және (немесе) жоюға ықпал ететін жағдайлар жасау туралы хабардар болуын арттыру бойынша сабақтар өткізу арқылы террористік тұрғыдан осал объектілердің қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық іс-шараларды үйлестіреді);
2) республикалық, облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) және теңіздегі терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі жедел штаб (бұдан әрі – жедел штаб) өз басшылығының шешімі бойынша террористік тұрғыдан осал объектілердің меншік иелерімен, иелерімен, персоналымен, террористік тұрғыдан осал объектілер бойынша күзет қызметтерін көрсету туралы шарт жасасқан күзет қызметі субъектісінің қызметкерлерімен эксперименттер өткізу арқылы ұйымдастырады.
Эксперименттер Қазақстан Республикасының күзетілетін объектілерін және шет елдердегі мекемелерін қоспағанда, объектіні күзету бөлімшелерінің террористік сипаттағы қауіп төнген жағдайда бірінші кезектегі іс-қимылға даярлығын бағалауға бағытталған.
Ескерту. 17-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 02.08.2023 № 637 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.18. Оқу-жаттығу іс-шараларын объектілердің меншік иелері, иелері, басшылары, ал күзет қызметі субъектілерінің басшылары объектіні күзетуге тартылатын қызметкерлерге ұйымдастырады.
19. Оқу-жаттығу іс-шаралары персоналды терроризм актісі (актілері) жасалған немесе оның жасалу қаупі болған жағдайлардағы іс-қимылға, оның салдарынан қорғау тәсілдеріне, келушілер мен персоналды объектіден қауіпсіз әрі уақтылы эвакуациялауға оқытуды қамтамасыз етеді.
20. Өткізу режимін ұйымдастыруға жауапты қызметкерлерге терроризмге қарсы қорғаудың инженерлік-техникалық құралдарын пайдалану дағдыларын игеру және (немесе) жетілдіру, үй-жайларды қарап-тексеру техникасы, жарылғыш құрылғылардың ықтимал орнатылу орындарын анықтау бойынша қосымша сабақтар өткізіледі.
21. Сипаты мен уақыты жағынан нұсқама жоспарлы және жоспардан тыс болып бөлінеді.
22. Нұсқама кезінде персоналға терроризм актісі туындаған жағдайдағы іс-әрекет алгоритмі, оның салдарын азайту және жою тәсілдері жеткізіледі.
23. Жоспарлы нұсқама жылына кемінде бір рет немесе жұмыс әдісіне қарай (вахталық, ауысымдық, маусымдық) екі жылда бір реттен сиретпей өткізіледі.
Жоспарлы нұсқама жеке немесе жұмыскерлер тобына жүргізіледі.
24. Жоспардан тыс нұсқаманы объектілердің меншік иелері, иелері, басшылары немесе өзге де лауазымды адамдары, күзет қызметі субъектілерінің басшылары не өткізілетін оқу-жаттығуларға, жаттығуларға қатысатын мемлекеттік органдардың өкілдері:
1) объект орналасқан өңірде террористік қауіп деңгейі енгізілген;
2) терроризм актісін жасаудың ықтимал қатері туралы ақпарат болған;
3) оқу-жаттығуларға, жаттығуларға, эксперименттерге дайындалған;
4) күзет іс-шараларын өткізуге дайындалған жағдайларда жүргізеді.
25. Жоспардан тыс нұсқама жеке немесе жұмыскерлер тобына жүргізіледі. Жоспардан тыс нұсқаманың мазмұны әрбір нақты жағдайда оны өткізу қажеттігін туындатқан себептер мен мән-жайларға байланысты айқындалады.
26. Практикалық және теориялық сабақтар террористік тұрғыдан осал объектінің меншік иесі, иесі, басшысы (күзет қызметі субъектісінің басшысы) бекіткен өткізу кестесіне сәйкес жылына бір реттен сиретпей өткізіледі.
Практикалық және теориялық сабақтар жеке немесе бір үлгідегі объектілер жұмыскерлерінің тобына жүргізілуі мүмкін.
Теориялық сабақтар барысында тиісті ақпарат беріледі, практикалық сабақтар барысында персоналдың:
1) қауіпсіз және кедергісіз эвакуациялауды жүргізу бойынша;
2) терроризм актісі қатері төнген жағдайда;
3) объектіде күдікті адамдар мен заттар, сондай-ақ объектіге тән терроризм актілерін жасаудың өзге де сценарийлері анықталған кездегі іс-қимылы пысықталады.
27. Нұсқамалар мен сабақтарды өткізу туралы осы талаптарға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша терроризмге қарсы қорғау жөніндегі оқу-жаттығу іс-шараларын есепке алу журналына жазба жүргізіледі.
Персонал саны көп (20 адамнан астам) объектілер үшін көрсетілген іс-шаралардың өткізілуін құжаттандыру хаттама немесе анықтама түрінде жүзеге асырылуы мүмкін.
4-тарау. Террористік көріністерге ден қою, сондай-ақ жасалған терроризм актісінің нәтижесінде туындаған техногендік сипаттағы қатерлерді жою мәселелері бойынша өзара іс-қимылды ұйымдастыруға қойылатын талаптар
28. Объектілер персоналының, күзет қызметі субъектілерінің уәкілетті мемлекеттік органдармен және жедел штабтармен өзара іс-қимылы терроризм актісінің (актілерінің) жасалуына немесе жасалу қауіпіне ден қоюға әзірлікті, терроризмге қарсы түрлі деңгейдегі оқу-жаттығуларды, жаттығуларды, эксперименттерді, сондай-ақ терроризмге қарсы операцияларды дайындауға және өткізуге дайындық шеңберінде тұрақты негізде ұйымдастырылады.
29. Террористік тұрғыдан осал объектілердің меншік иелері, иелері, басшылары, объектіге күзет қызметін көрсету туралы шарт жасасқан күзет қызметінің субъектілері уәкілетті мемлекеттік органдарға және (немесе) жедел штабтарға терроризмге қарсы түрлі деңгейдегі оқу-жаттығуларды, жаттығуларды, эксперименттерді және терроризмге қарсы операцияларды дайындау мен өткізу кезінде жәрдем көрсетеді.
30. Террористік тұрғыдан осал объектілердің меншік иелері, иелері, басшылары, объектіге күзет қызметтерін көрсету туралы шарт жасасқан күзет қызметі субъектілерінің басшылары терроризм актісінің (актілерінің) жасалуына немесе жасалу қаупіне ден қоюға әзірлікті қамтамасыз ету шеңберінде объект персоналының, күзет қызметі субъектілерінің:
1) терроризм актісінің (актілерінің) жасалуы немесе жасалу қаупі туралы Қазақстан Республикасының аумақтық ішкі істер және ұлттық қауіпсіздік органдарын дереу хабардар етуі бойынша;
2) уәкілетті мемлекеттік органдардан терроризм актісінің (актілерінің) жасалуы немесе жасалу қаупі туралы ақпарат алған кездегі;
3) жасалған терроризм актісінің нәтижесінде туындаған техногендік сипаттағы қатерлерді барынша азайтуға және жоюға бағытталған бастапқы ден қою іс-шараларын орындау бойынша іс-қимылының алгоритмін әзірлейді.
5-тарау. Террористік тұрғыдан осал объектінің терроризмге қарсы қорғалу паспортын әзірлеуге және онымен жұмыс істеуге қойылатын талаптар
31. Объектінің терроризмге қарсы қорғалу паспорты (бұдан әрі – паспорт) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2023 жылғы 14 маусымдағы № 481 және Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 2023 жылғы 26 маусымдағы № 51 бірлескен бұйрығымен (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32950 болып тіркелген) бекітілген террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуының үлгілік паспортына (бұдан әрі – үлгілік паспорт) сәйкес екі данада жасалады, электрондық нұсқасы бірге әзірленеді.
Ескерту. 31-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 02.08.2023 № 637 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.32. Паспорттың жобасы:
1) объектінің меншік иесі, иесі, басшысы объектіні облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың террористік тұрғыдан осал объектілерінің тізбесіне (бұдан әрі – аумақтық тізбе) енгізу туралы тиісті хабарлама алған (жекелеген жағдайларда терроризмге қарсы комиссияның шешімі бойынша объектінің күрделілігін ескере отырып, паспорт жасаудың өзге мерзімдері белгіленуі мүмкін);
2) объект Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі, Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдары, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі немесе Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі әзірлеген және бекіткен террористік тұрғыдан осал объектілердің тиісті тізбесіне (бұдан әрі – ведомстволық тізбе) енгізілген (жекелеген жағдайларда тиісті мемлекеттік органның бірінші басшысының шешімі бойынша объектінің күрделілігін ескере отырып, паспорт жасаудың өзге мерзімдері белгіленуі мүмкін) кезден бастап қырық бес жұмыс күні ішінде жасалады.
Ескерту. 32-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 02.08.2023 № 637 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.33. Аумақтық тізбеге енгізілген объект паспортының жобасы жасалғаннан кейін күнтізбелік он күн ішінде үлгілік паспортта көрсетілген лауазымды адамға келісуге жіберіледі.
Паспорт жобасын келісу мерзімі паспорт үлгілік паспортта көрсетілген лауазымды адамға түскен күннен бастап он бес жұмыс күнінен аспауы тиіс.
34. Паспорт жобасы бойынша ескертулер болған жағдайда, ол қайтаруға негіз болған себептер көрсетіліп, паспорт жобасын жолдаған тұлғаға қайтарылады.
Паспорт жобасы қайтарылған күннен бастап он бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде пысықталады.
Қайтадан түскен паспорт жобасын (бұған дейін көрсетілген ескертулерді орындау үшін) келісу мерзімі жеті жұмыс күнінен аспауы тиіс.
35. Паспорт жобасына жасалған ескертулерге және паспортты келісетін лауазымды адамның әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасау Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
36. Ведомстволық тізбеге енгізілген объект паспортының жобасы, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, нұсқаулықта белгіленген лауазымды адаммен келісіледі.
37. Келісілгеннен кейін он жұмыс күні ішінде паспортты (оның ішінде ол жаңартылған кезде) меншік иесі, иесі немесе объектінің құқық иеленушісі болып табылатын ұйымның, ұйым бөлімшесінің басшысы, ал Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері үшін – оның басшысы бекітеді.
38. Ғимарат, құрылыс (ғимараттар мен құрылыстар кешені) бірнеше құқық иеленушіге тиесілі объектілерді орналастыру үшін пайдаланылған жағдайларда паспорт жасауды объектілердің құқық иеленушілерінің арасындағы жазбаша келісім бойынша бәрі бірлесіп немесе олардың біреуі жүзеге асырады.
39. Бірлесіп жасалған кезде паспортты террористік тұрғыдан осал объектілердің барлық құқық иеленушілері бекітеді.
40. Бір құқық иеленуші жасаған кезде паспортты объектінің басқа құқық иеленушілерінің келісімі бойынша объектінің басшысы бекітеді.
41. Паспорттың көшірмелерінің (электрондық көшірмелерінің) саны және оларды объектінің басқа құқық иеленушілеріне жіберу олардың құқық иеленушілері арасындағы жазбаша келісіммен айқындалады.
42. Паспорттың бірінші данасы (түпнұсқасы) қолжетімділік шектеулі ақпаратпен жұмысты ұйымдастыруға қойылатын талаптарға сәйкес объектінің құқық иеленушісі болып табылатын ұйым басшысының бұйрығымен айқындалған жауапты адамда немесе объектінің бөлімшесінде, ал шет елдердегі мекемеде – оның басшысы белгілеген тұлғада сақталады.
43. Паспорттың екінші данасы мен паспорттың электрондық нұсқасы (ақпаратты электрондық жеткізгіште PDF форматында) сақтау үшін ол бекітілген немесе түзетілген күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірілмейтін мерзімде (Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі объектілерінің, Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарының, Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерінің және күзетілетін объектілердің паспорттарын қоспағанда) Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының аумақтық бөлімшелеріне жіберіледі.
Күзетілетін объект паспортының екінші данасы мен паспортының электрондық нұсқасы (ақпаратты электрондық жеткізгіште PDF форматында) бекітілген немесе түзетілген күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірілмейтін мерзімде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметіне жіберіледі.
44. Паспорт:
1) меншік құқығы,
2) объектінің басшысы;
3) объектінің атауы;
4) объектінің негізгі мақсаты өзгерген;
5) объектінің жалпы ауданы мен периметрі, іргелес аумақта құрылыс салу өзгерсе немесе күрделі жөндеу, ғимараттарды (құрылыстар мен құрылысжайларды) және инженерлік жүйелерді реконструкциялау аяқталғаннан кейін, егер конструкциясында өзгерістер жасалса;
6) объектінің ықтимал қауіпті учаскелері;
7) объектінің терроризмге қарсы қорғалуын қамтамасыз ету үшін тартылатын техникалық құралдар өзгерген жағдайда түзетіледі.
45. Паспортқа түзетулер енгізу оны өзгерту себебі туындаған сәттен бастап жиырма жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады. Жекелеген жағдайларда терроризмге қарсы комиссияның шешімі бойынша объектінің күрделілігіне және енгізілетін өзгерістерге қарай өзге мерзімдер белгіленуі мүмкін.
46. Паспортқа объектінің құқық иеленушісі болып табылатын ұйым басшысының немесе паспортқа қол қоюға ұйым уәкілеттік берген адамның қолымен расталған өзгерістер енгізіледі. Паспорттың өзгерістер болған элементтері ғана ауыстырылады. Объектінің құқық иеленушісі болып табылатын ұйым басшысының қолы қойылған тиісті өзгерістер туралы ақпарат паспорттың екінші данасына қосу үшін бір уақытта Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарына жіберіледі.
47. Паспорт:
1) бес жылда бір реттен сиретпей;
2) паспорт мәтіні тармақтарының жартысынан астамына түзетулер енгізілген жағдайда толық ауыстырылады.
Күші жойылған паспорт тиісті акт жасалып, комиссиялық тәртіппен жойылады.
Акт объектінің құқық иеленушісі болып табылатын ұйымда қалады. Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемесінің паспортын жою туралы актісі тиісті шет елдегі мекемеде қалады.
Актінің көшірмесі паспорттың екінші данасы сақталатын жерге жіберіледі.
48. Паспорттағы мәліметтер шектеулі сипатта болады, онымен жұмыс істеу тәртібі заңнаманың қолжетімділік шектеулі ақпаратқа қойылатын талаптарына сәйкес белгіленген.
49. Паспорт терроризмге қарсы операция, оқу-жаттығулар, жаттығулар мен эксперименттер өткізілген жағдайда пайдаланылады.
50. Мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтермен жұмыс жүргізілетін объектілерде паспорт осы талаптарға сәйкес және "Мемлекеттік құпиялар туралы" Қазақстан Республикасының Заңын ескере отырып әзірленеді.
51. Осы тараудың 38-41, 45-46-тармақтары Қазақстан Республикасының террористік тұрғыдан осал шет елдердегі мекемелерінің терроризмге қарсы қорғалу паспортын әзірлеуге және онымен жұмыс істеуге қойылатын талаптарына қолданылмайды.
52. Паспорттардың даналарын әзірлеу, келісу, есепке алу, сақтау және (немесе) жою, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, нұсқаулықтарда нақтыланады, паспорттың өзектілігін және оның жедел штабқа уақтылы берілуін қамтамасыз етеді.
6-тарау. Террористік тұрғыдан осал объектілерді инженерлік-техникалық жабдықтармен жарақтандыруға қойылатын талаптар
1-параграф. Жалпы ережелер
53. Объектілерді жарақтандыру үшін мынадай инженерлік-техникалық құралдар пайдаланылады:
1) объектінің периметрін рұқсатсыз кіруді жоққа шығаратын және объектінің режимдік шарттарын қанағаттандыратын жабдықтау бойынша: объектінің периметрін, аймақтары мен жекелеген учаскелерін қоршау (физикалық кедергі); бақылау-өткізу пункттері; таранға қарсы құрылғылар (оның ішінде вазондар, сәулет, ландшафт элементтері, боллардтар және басқалар); объектінің ғимараттары, құрылысжайлары қабырғаларының, оның терезе ойықтарының күшейтілуі; кіруді бақылау және басқару, кіруді шектеу құралдары, тексеріп қарау, жарықтандыру жүйелері мен құралдары; тойтару аймақтары, бақылау-із кесу жолақтары; бақылау мұнаралары, сыртқы периметрді өзге бақылау жүйелері;
2) объектідегі ахуалды бақылау бойынша: байланыс, хабарлау, күзет және дабыл сигнализациясының жүйелері мен құралдары (оның ішінде дабыл берудің ұтқыр не стационарлық құралдары – "дабыл түймелері"), телевизиялық күзет жүйелері, пилотсыз ұшу аппараттарына қарсы іс-қимыл жүйелері;
3) қауіпсіздік жүйелерінің жұмысын қамтамасыз ететін: резервтік, үздіксіз электрмен жабдықтау жүйелері мен құралдары.
Террористік тұрғыдан осал объектілерді осы тармақта тікелей көрсетілмеген, бірақ дәл сол міндеттер мен функцияларды орындайтын немесе дәл сол мақсаттарға сай келетін өзге инженерлік-техникалық жабдықтармен жарақтандыруға жол беріледі.
54. Террористік тұрғыдан осал барлық объектілер міндетті түрде телевизиялық күзет жүйелерімен және хабарлау жүйелерімен жарақтандырылады.
Объектінің телевизиялық күзет жүйелеріне кіретін бейнебақылау жүйелеріне қойылатын техникалық талаптар Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының 2020 жылғы 27 қазандағы № 69 бұйрығымен бекітілген Ұлттық бейнемониторинг жүйесінің жұмыс істеу қағидаларында (бұдан әрі – Ұлттық бейнемониторинг жүйесінің жұмыс істеу қағидалары) белгіленген бейнебақылау жүйелерінің төменгі техникалық мүмкіндіктеріне сәйкес келуі қажет.
55. Объектілерді 54-тармақта көрсетілген жүйелерді қоспағанда, осы тарауда белгіленген инженерлік-техникалық жабдықпен жарақтандыру мүмкін болмаған жағдайда нұсқаулыққа сәйкес олардың жоқ екенін білдірмейтін өзге инженерлік-техникалық шешімдер және (немесе) қауіпсіздік шаралары қолданылады.
56. Объектіні салуды, реконструкциялауды, жаңғыртуды, күрделі жөндеуді жобалау кезінде объектінің меншік иесі, иесі (оның ішінде әлеуетті) объектінің террористік тұрғыдан осал объектілерге жатқызу өлшемшарттарына сәйкестігін анықтауы және қажет болған жағдайда тиісті инженерлік-техникалық жарақтандыруды қарастыруы қажет.
57. Террористік тұрғыдан осал объектілердің меншік иесінің, иесінің, басшысының немесе өзге де лауазымды адамдарының шешімі бойынша объектіде қосымша инженерлік-техникалық жабдық орнатылуы мүмкін.
58. Жобалау және объектілерді инженерлік-техникалық жабдықтармен жарақтандыру үшін террористік тұрғыдан осал объектілердің меншік иелері, иелері, басшылары оның ықтимал қауіпті учаскелерін анықтайды.
Осы учаскелерге апаратын бағыттарда инженерлік-техникалық жарақтандырудың барынша тығыздығы қамтамасыз етіледі.
59. Объектіні инженерлік-техникалық жабдықпен жарақтандыру жөніндегі іс-шараларды аяқтау мерзімі:
1) аумақтық тізбелерге кіретін объектілер үшін объектіге террористік тұрғыдан осал мәртебе деген беру туралы хабарлама алынған;
2) ведомстволық тізбеге кіретін объектілер үшін объектіге террористік тұрғыдан осал деген мәртебе берілген сәттен бастап 6 айдан аспайды.
Күзетілетін объектілерді инженерлік-техникалық жабдықтармен жарақтандыруды аяқтау мерзімдерін мүдделі мемлекеттік органдармен, ұйымдармен және объекті иелерімен келісу бойынша Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі белгілейді.
Бұл ретте, объектішілік бейнебақылау жүйелерін Ұлттық бейнемониторинг жүйесіне қосу мерзімдері Ұлттық бейнемониторинг жүйесінің жұмыс істеу қағидаларында белгіленеді.
Мыналар үшін өзге мерзімдер белгіленуі мүмкін:
1) аумақтық тізбеде тұрған объектілер үшін – объектінің терроризмге қарсы қорғалуының жай-күйін комиссиялық тексеруден кейін әкімдік жанындағы терроризмге қарсы комиссияның келісімі бойынша;
2) ведомстволық тізбелерде тұрған объектілер үшін – объектінің терроризмге қарсы қорғалуының жай-күйін комиссиялық тексеруден кейін. Комиссия құрамын мемлекеттік органның бірінші басшысы белгілейді.
Объектіні инженерлік-техникалық жабдықпен жарақтандыру жөніндегі іс-шараларды аяқтау мерзімі ықтимал қауіптілік дәрежесіне, терроризм актілерін жасау қаупіне, республикалық және жергілікті бюджеттердің қаражаты және бюджеттен тыс көздер қаражаты есебінен тиісті іс-шараларды орындауға арналған қаражат шығыстарының болжамды көлеміне сүйене отырып белгіленеді.
60. Объектінің инженерлік-техникалық жабдықтары үнемі жұмыс істейтін күйде болуы тиіс.
61. Аумағында атыс қаруы мен оқ-дәрілерді (патрондарды) сату жүзеге асырылатын объектілерді жарақтандыру (жабдықтау) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2019 жылғы 1 шілдедегі № 602 бұйрығымен бекітілген Азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондары айналымының қағидаларына сәйкес қамтамасыз етіледі.
62. Террористік тұрғыдан осал және мемлекеттік күзетілуі тиіс объектілерді жабдықтау Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 7 қазандағы № 1151 қаулысымен бекітілген мемлекеттік күзетілуі тиіс объектілердің инженерлік-техникалық нығайтылуы жөніндегі талаптарға сәйкес қамтамасыз етіледі.
2-параграф. Аса маңызды мемлекеттік, стратегиялық объектілерді, стратегиялық маңызы бар экономика салаларының объектілерін, қауіпті өндірістік объектілерді, күзетілетін объектілерді жарақтандыру
63. Аумағы бар объектілер периметрі бойынша объектіге және объектіден адамдардың еркін өтуі мен көлік құралдарының жүруіне кедергі келтіретін қоршаумен жабдықталады.
Бұл талап мына объектілерге қолданылмауы мүмкін:
1) арнаулы мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдарының объектілерінен басқа, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың, олардың ведомстволарының, құрылымдық және аумақтық бөлімшелерінің объектілері (бұл ретте объектіге адамдардың бақылаусыз өтуіне және (немесе) көлік құралдарының жүруіне кедергі келтіретін алмастырушы жүйелер және (немесе) қауіпсіздік шаралары көзделуі тиіс);
2) көліктік инфрақұрылым объектілері (объектінің ықтимал қауіпті учаскелері қоршаумен қамтамасыз етіледі);
3) егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерінің объектілері.
Негізгі қоршау:
1) еркін өтуді жоққа шығаратын және объектінің режимдік шарттарын қанағаттандыратын биік және жерге терең орнатылған болуы;
2) конструкциясы қарапайым, беріктігі жоғары және ұзақ уақытқа төзімді болуы;
3) одан өтуді жеңілдететін түйіндер мен конструкциялары болмауы тиіс.
Периметрдің қоршауы мынадай сипаттамаларға сәйкес болуы тиіс:
1) барлық маусымдардың және тиісті климаттық аймақтардың сыртқы климаттық факторларына төзімділігі;
2) индустриялық кедергілерден және көлік құралдары тудыратын кедергілерден, құстар мен жануарлардың әсерінен қорғалуы.
64. Персоналдың, келушілердің және көлік құралдарының объектіге кіруін (шығуын) шектеуді көздейтін өткізу режимі бар объектілер адамдар мен көлік құралдарын рұқсат етілген өткізуді жүзеге асыру мақсатында бақылау-өткізу пункттерімен жарақтандырылады.
Бақылау-өткізу пункттерінің саны адамдар мен көлік құралдарын қажетті өткізу қабілетін қамтамасыз етуі тиіс.
Бақылау-өткізу пункттері сыртқы және (немесе) ішкі болуы мүмкін.
Қоршау болса, сыртқы бақылау-өткізу пункті жабдықталады.
65. Объектілердің ғимараттарына, үй-жайлары мен аймақтарына санкцияланған кіруді және (немесе) олардан шығуды қамтамасыз ету мақсатында объектілер кіруді бақылау және басқару жүйелерімен және (немесе) кіруді шектеу құралдарымен жабдықталады.
Объектіні кіруді бақылау және басқару жүйесімен жарақтандыру объектіге және (немесе) оның аймақтарына (учаскелеріне) персонал мен келушілердің әртүрлі кіру деңгейін көздейтін аймақтар бойынша жүргізіледі.
Кіруді бақылау және басқару жүйелері терроризм актісін жасауға әрекет ету немесе жасау, дәлелдеме базасын қалыптастыру кезінде объективті тергеп-тексеруді қамтамасыз ету, объект персоналы немесе бөгде адамдар санкцияланбаған іс-қимыл жасаған кезде тергеп-тексеру жүргізу мақсатында кейіннен бірмәнді жіктеу үшін барлық оқиғалар архивін ақпарат жеткізгіштерге автоматты түрде жазуды және бір жыл бойы сақтауды қамтамасыз етуі тиіс.
Персонал мен келушілер аз өтетін (келетін) объектілер үшін объектіні объектіге және (немесе) оның ықтимал қауіпті учаскелері мен қауіпті аймақтарына кіруді шектеу құралдарымен ғана жабдықтауға жол беріледі.
66. Объектідегі және (немесе) оның ықтимал қауіпті учаскелеріндегі ахуалға бақылау жүргізу, сондай-ақ жағдайды бағалау және бұзушылардың әрекеттерін тіркеу үшін объектілер санкциясыз ену фактісін көзбен шолып растау мақсатында телевизиялық күзет жүйелерімен жабдықталады.
Телевизиялық күзет жүйесімен:
1) аумақтың периметрі;
2) бақылау-өткізу пункттері (бар болса);
3) тексеріп-қарау үй-жайлары (бөлмелері), көлікті тексеріп-қарау аймақтары (бар болса);
4) негізгі және қосалқы есіктер;
5) ықтимал қауіпті учаскелері бар аумақ пен үй-жайлар, үй-жайлар (орындар), оларға апаратын дәліздер;
6) объект басшысының (меншік иесінің) қалауы бойынша басқа үй-жайлар жабдықталады.
Телевизиялық күзет жүйесі:
1) көрнекі ақпаратты күзет бөлімшесінің арнайы бөлінген үй-жайындағы жергілікті бақылау пунктінің не орталықтандырылған күзет пунктінің мониторларына автоматтандырылған режимде беруді;
2) оқиғаларды кейіннен талдау үшін бейнеақпаратты сақтауды (ақпаратты сақтау мерзімі 30 тәуліктен кем болмауы тиіс);
3) бейнежазбаға жедел қол жеткізуді қамтамасыз етуі тиіс.
67. Объектіге және (немесе) объектінің қорғалатын аймағына санкциясыз ену немесе енуге әрекет жасау туралы хабарламаларды анықтау және беру мақсатында объектілер күзет және дабыл сигнализациясы жүйелерімен және құралдарымен жарақтандырылады.
Күзет сигнализациясы жүйесінің құрылымы:
1) осы объектінің жұмыс режиміне;
2) үй-жайлардың ғимарат ішінде орналасу ерекшеліктеріне;
3) күзетілетін аймақтардың санына байланысты айқындалады.
68. Объектілер тәуліктің қараңғы уақытында олардың терроризмге қарсы қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында күзеттік жарықтандыру жүйелерімен және құралдарымен жабдықталады.
Күзеттік жарықтандыру ені 3-4 метр, жарық беруі кемінде 10 люкс болатын тұтас жолақ құрай отырып, тәуліктің қараңғы уақытында периметрдің кез-келген нүктесінде объектінің жарықтандырылуын қамтамасыз етуі тиіс.
69. Күзетілетін объектілер күзет бөлімшелерінің күштері мен құралдарын басқару үшін ақпарат алмасу мақсатында байланыс жүйелерімен және құралдарымен жарақтандырылады.
Байланыс жүйелері күзет пунктіндегі кезекші мен қызмет көрсетілетін аумақтағы күзет нарядтары арасында, қызмет көрсетілетін аумақ шегіндегі күзет нарядтары арасында екіжақты радиобайланысты қамтамасыз етуі тиіс.
70. Объектілер штаттан тыс жағдайдың туындауы (терроризм актісінің жасалуы немесе жасалу қаупі және туындаған салдары туралы) және олардың іс-қимылын үйлестіру туралы объект персоналы мен келушілерді жедел хабардар ету мақсатында хабардар ету жүйелерімен және құралдарымен жабдықталады.
Объектінің персоналы мен келушілерді хабардар ету техникалық құралдардың көмегімен жүзеге асырылады, олар:
1) ғимараттарға, үй-жайларға, объект аумағының адамдар үнемі немесе уақытша болатын учаскелеріне дыбыс және (немесе) жарық сигналдарын беруді;
2) қауіптілік сипаты, эвакуациялау қажеттілігі мен жолдары, объектінің персоналы мен келушілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған басқа да іс-қимылдар туралы ауызша ақпаратты трансляциялауды қамтамасыз етуі тиіс.
Хабарлағыштардың саны және олардың қуаты адамдар үнемі немесе уақытша болатын барлық жерлерде қажетті естілуді қамтамасыз етуі тиіс.
71. Объектілер күзет және дабыл сигнализациясы, кіруді бақылау және басқару, жарықтандыру, бейнебақылау жүйесінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін резервтік электрмен жабдықтау жүйелерімен және құралдарымен жабдықталады.
Күзет және дабыл сигнализациясы, кіруді бақылау және басқару жүйелері негізгі желілік қоректендіру болмаған кезде жабдықтың кемінде 2 сағат жұмыс істеуін қамтамасыз ететін аккумуляторлық қолдаумен үздіксіз қоректендіру көздерін қамтуы тиіс.
Автономды резервтік электр қоректендіру көздері кіруді бақылау және басқару жүйесінің, телевизиялық бейнебақылау жүйесінің, күзеттік және кезекші жарықтандырудың жұмысын қамтамасыз етуі тиіс:
1) қалалар мен қала үлгісіндегі кенттерде – кемінде 24 сағат;
2) ауылдық аудандарда – кемінде 48 сағат;
3) жету қиын аудандарда – кемінде 72 сағат.
72. Объектілердің ғимараттары мен құрылыстарының инженерлік-техникалық нығайтылуы бұзушылардың объектіге және оның ішіне енуінің қиындығын қамтамасыз етуі тиіс.
Құдықтар, люктер, лаздар, шахталар, ашық құбыржолдар, каналдар және ғимараттар мен құрылыстарға кіруге болатын осыған ұқсас басқа да құрылыстар түріндегі кіретін немесе шығатын жерлері бар жерасты және жерүсті коммуникациялар тұрақты немесе алмалы-салмалы торлармен, қақпақтармен, бекітілетін құрылғылары бар есіктермен жабдықталады, сондай-ақ басқа да техникалық күзет құралдарымен жабдықталуы мүмкін.
73. Объектілерде ғимараттардың терезе, есік ойықтарын қорғау құралдарын (оққа төзімді шынылармен, жарылыстан қорғайтын пленкамен, торлармен жабдықтау), құрылыстарды, үй-жайларды, құлыптарды және бекіту құрылғыларын, өзге де инженерлік-техникалық шешімдерді қолдану объектілердің қорғалу деңгейінің жоғарылауымен негізделуге, сондай-ақ өзге де инженерлік-техникалық құралдардың болмауын алмастырға тиіс.
Көліктік бақылау-өткізу пункттерінде және объектінің аумағына өзге де кіреберістерде қоршауда олардың жабық күйде мығым бекітілуін қамтамасыз ететін конструкциясы бар қақпалар жабдықталады.
Қақпалар мен шарбақ қақпалардың құлыптау және бекіту құрылғылары қиратушы әсер етуден қажетті қорғауды қамтамасыз етуі, су, қар, бұршақ, құм және басқа факторлар тікелей әсер еткен кезде осы климаттық аймаққа тән қоршаған ауаның температурасы мен ылғалдылығы диапазонында жұмыс қабілетін сақтауы тиіс.
74. Техникалық тексеріп-қарау құралдары объектілерде қаруды, объектіге және объектіден санкциясыз енгізуге (шығаруға), әкелуге (әкетуге) тыйым салынған басқа да бұйымдар мен заттарды табу үшін қолданылады.
Объектіні техникалық тексеріп-қарау құралдарымен жарақтандыру объектілерге тән қатерлерге, оның жұмыс істеу ерекшеліктеріне сәйкес келуі тиіс.
75. Объектілердің периметрі бойынша қауіптілігі жоғары учаскелер болған кезде, егер Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, объектілер көлік құралдарын мәжбүрлеп тоқтату мақсатында таранға қарсы құрылғылармен жабдықталады.
76. Қажет болған жағдайда объектілерде күзет бөлімшелерінің және (немесе) олардың қарауылдарының үй-жайлары жабдықталады, оларды ғимараттардың бірінші қабатында орналастыру ұсынылады. Бұл ретте үй-жайдың конструкциясы тиісті санаттағы ғимараттардың конструкциясына қойылатын талаптарға сәйкес болуы тиіс.
77. Объектінің қоршауына тікелей іргелес жатқан аумақта, қажет болған жағдайда, объектіге санкциясыз енуді анықтау үшін тойтару аймағы жабдықталады.
Тойтару аймағының ені техникалық күзет құралдарын табу аймағының енінен артық болуға тиіс.
78. Қажет болған жағдайда объектілерде күзетілетін аумақтың периметрінен өткен тәртіп бұзушының ену іздерін анықтау мақсатында бақылау-із кесу жолағы орналастырылады.
Бақылау-із кесу жолағы, әдетте, тойтару аймағында орналасады.
79. Қорғалатын аумақтың ауданы үлкен болған жағдайда көріністі ұлғайту және жақсы көрінуі үшін объектілер бақылау мұнараларымен жабдықталуы мүмкін.
Мұнараның биіктігі және ол орнатылатын орын жер бедеріне, конфигурациясына және жергілікті жағдайларға байланысты анықталады.
Мұнараның конструкциясы күзетшіні атыс қаруымен зақымдаудан қорғауды қамтамасыз етуі тиіс.
80. Пилотсыз ұшу аппараттары, оның ішінде квадрокоптерлер арқылы террор құралдарын жеткізуге және қолдануға байланысты қауіп-қатерлер өзекті объектілерге пилотсыз ұшу аппараттарына қарсы іс-қимыл жүйесін қарастыру ұсынылады.
81. Осы параграфта көрсетілген инженерлік-техникалық жабдықпен:
1) су шаруашылығының объектілері объектінің ықтимал қауіпті учаскелерінде ғана;
2) "Азаматтық қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қауіпті өндірістік объектілерге жатқызылған объектілер өндірістік қауіпсіздік саласындағы заңнаманы ескере отырып жарақтандырылады.
3-параграф. Адамдар көп жиналатын объектілерді жарақтандыру
82. Объектідегі, оның ықтимал қауіпті учаскелеріндегі ахуалды бақылауды жүргізу, сондай-ақ жағдайды бағалау және бұзушылардың әрекеттерін тіркеу үшін санкциясыз ену фактісін көзбен шолып растау мақсатында объектілер телевизиялық күзет жүйелерімен жарақтандырылады.
Жеке ғимаратты (ғимараттар кешенін) алып жатқан объектіде телевизиялық күзет жүйесімен:
1) объектіге іргелес жатқан аумақтың периметрі;
2) бақылау-өткізу пункттері (бар болса);
3) тексеріп қарау үй-жайлары (бөлмелері) және көлікті тексеріп қарау аймақтары (бар болса);
4) негізгі және қосалқы есіктер;
5) объектіде адамдардың жаппай болуы мүмкін орындар жабдықталады.
Ғимараттың бір бөлігін алып жатқан объектіде бейнебақылау жүйесімен:
1) объектіде адамдардың жаппай болуы мүмкін орындар;
2) негізгі және қосалқы есіктер (бар болса) қамтылуы қажет.
Телевизиялық күзет жүйесі:
1) көрнекі ақпаратты күзет бөлімшесінің арнайы бөлінген үй-жайындағы жергілікті бақылау пунктінің не орталықтандырылған күзет пунктінің мониторларына автоматтандырылған режимде беруді;
2) оқиғаларды кейіннен талдау үшін бейнеақпаратты сақтауды қамтамасыз етуі тиіс (ақпаратты сақтау мерзімі 30 тәуліктен кем болмауы тиіс).
83. Адамдар көп жиналатын объектілер штаттан тыс жағдайдың туындауы (терроризм актісінің жасалуы немесе жасалу қаупі және туындаған салдары туралы) және олардың іс-қимылын үйлестіру туралы объект персоналы мен келушілерді жедел хабардар ету мақсатында хабардар ету жүйелерімен және құралдарымен жабдықталады.
Объектінің персоналы мен келушілерді хабардар ету техникалық құралдардың көмегімен жүзеге асырылады, олар:
1) ғимараттарға, үй-жайларға, объект аумағының адамдар үнемі немесе уақытша болатын учаскелеріне дыбыс және (немесе) жарық сигналдарын беруді;
2) қауіптілік сипаты, эвакуациялау қажеттілігі мен жолдары, объектінің персоналы мен келушілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған басқа да іс-қимылдар туралы ауызша ақпаратты трансляциялауды қамтамасыз етуі тиіс.
Хабарлағыштардың саны және олардың қуаты адамдар үнемі немесе уақытша болатын барлық жерлерде қажетті естілуді қамтамасыз етуі тиіс.
84. Тиісті сала (ведомство) үшін маңызды нұсқаулықтарда айқындалатын адамдар сыйымдылығының (болу мүмкіндігінің) сандық көрсеткіштері бар адамдар көп жиналатын объектілер міндетті түрде: күзет қызметі субъектілерін орталықтандырылған бақылау пультіне жасырын сигнал беруге мүмкіндік беретін ұтқыр не стационарлық дабыл беру құралымен ("дабыл түймелері") жарақтандырылуы тиіс.
85. Адамдар көп жиналатын объектілер 82 және 83-тармақтарда көзделген іс-шараларға қосымша:
1) функционалдық ерекшеліктері мен сыйымдылығының сандық көрсеткіштеріне сүйене отырып, объектілерде қаруды, объектіге және объектіден санкциясыз енгізуге (шығаруға), әкелуге (әкетуге) тыйым салынған басқа да бұйымдар мен заттарды табу мақсатында техникалық тексеріп қарау құралдарымен жарақтандырылады;
2) мақсатын ескере отырып, объектілердің ғимараттарына, үй-жайлары мен аймақтарына санкцияланған кіруді және (немесе) олардан шығуды қамтамасыз ету мақсатында объектілер кіруді бақылау және басқару жүйесімен жабдықталады;
3) объектіге келушілерді басып кету қаупін болдырмау үшін олардың орналасуына (кіру топтары, адамдар жаппай болуы мүмкін ашық орындар) және көлік құралдарының қозғалысы жолдарына қатысты кірме жолдарға байланысты таранға қарсы құрылғылармен жабдықталуы мүмкін;
4) қауіптілігі ықтимал учаскелердің болуына байланысты күзет сигнализациясы жүйесімен жарақталады.
________________________
1 Осы жерде және бұдан әрі объектінің белгілі бір жағдайларда 25-тен астам адам болуы мүмкін үй-жайлары мен алаңдары. Объектілердегі техникалық құжаттарда орын (үй-жай) үшін сыйымдылық көрсеткіші болмаған жағдайда, адамдардың болуы мүмкін санын есептеу үй-жайдың (алаңның) жалпы ауданынан бір адамға 1,5 м2 есебінен жүзеге асырылады.
Террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыруға қойылатын талаптарға 1-қосымша |
Террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықтың мазмұнына қойылатын негізгі талаптар
1. Террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықты (бұдан әрі – нұсқаулық), орталық мемлекеттік орган, оның ішінде Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік орган салалық қауіпсіздік талаптарының ерекшелігіне, объектілердің ерекшеліктеріне, сондай-ақ осы объектілерге тән қауіптерге қарай осы талаптардың негізінде өз бетінше әзірлейді.
2. Нұсқаулықтың тақырыбы мен мәтінінде объектілер қарауына жататын мемлекеттік органның толық атауы жазылады немесе мемлекеттік орган басшылықты жүзеге асыратын қызмет аясы (саласы) көрсетіледі.
3. Нұсқаулықта мынадай тараулар болуы тиіс:
1-тарау. "Жалпы ережелер".
2-тарау. "Өткізу режимін ұйымдастыруға қойылатын талаптар".
3-тарау. "Профилактикалық және оқу іс-шараларын ұйымдастыруға қойылатын талаптар".
4-тарау. "Террористік көріністерге ден қою, сондай-ақ жасалған террористік акт нәтижесінде туындайтын техногендік қатерлерді жою мәселелері бойынша өзара іс-қимылды ұйымдастыруға қойылатын талаптар".
5-тарау. "Террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалу паспортын әзірлеуге және онымен жұмыс істеуге қойылатын талаптар".
6-тарау "Террористік тұрғыдан осал объектілерді инженерлік-техникалық жабдықпен жарақтандыруға қойылатын талаптар".
Қосымшалар.
4. "Жалпы ережелер" деген тарау мыналарды қамтиды:
1) нұсқаулықты әзірлеу үшін негіздеме;
2) нұсқаулықтың қолданылу саласы (қандай объектілерге қолданылады);
3) нұсқаулықтың ұғымдық аппараты;
4) объектілердің терроризмге қарсы қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары мен шарттары.
5. "Өткізу режимін ұйымдастыруға қойылатын талаптар" деген 2-тарау мыналарды қамтиды:
1) өткізу режимінің мақсаты;
2) объектінің ерекшелігін ескере отырып, ондағы өткізу режимін ұйымдастырудың ерекшеліктері (кіру аймақтарын бөлу қажеттігі, келушілерді өткізу, объектіге алып өтуге тыйым салынған заттардың тізбесін анықтау қажеттігі мен мақсаты және басқалары);
3) өткізу режимін қамтамасыз ету бойынша негізгі іс-шаралар (қажет болған жағдайда өткізу режимінің қағидаларын, террористік тұрғыдан осал объектілерді күзетуді және қорғауды іске асыратын физикалық күзет бекеттерін қою);
4) өткізу режимін қамтамасыз етуге тартылатын бөлімшелер;
5) өткізу режимінің ұйымдастырылуын сипаттайтын өзге мәселелер.
6. "Профилактикалық және оқу-жаттығу іс-шараларын ұйымдастыруға қойылатын талаптар" деген 3-тарау мыналарды қамтиды:
1) сабақтарды өткізу мақсаттары мен нысандары;
2) сабақтарды өткізу мерзімдері мен кезеңділігі;
3) әртүрлі адамдар тобымен сабақтарды ұйымдастыру және өткізу ерекшеліктері;
4) профилактикалық және оқу-жаттығу іс-шараларының ұйымдастырылуын сипаттайтын өзге де мәселелер.
7. "Террористік көріністерге ден қою, сондай-ақ жасалған террористік акт нәтижесінде туындайтын техногендік сипаттағы қатерлерді жою мәселелері бойынша өзара іс-қимылды ұйымдастыруға қойылатын талаптар" деген 4-тарау:
1) объектілердің меншік иелерінің, иелерінің, басшыларының объектіде терроризм актісін дайындау немесе жасау туралы хабарлама алған кездегі іс-қимылын;
2) уәкілетті органдарға объектінің қауіпсіздігіне ықтимал қауіптер, объектідегі терроризм актілерінің жасалуы туралы хабарлау үшін мәліметтерді;
3) террористік қауіптіліктің әртүрлі деңгейлері анықталған кезде дағдарыстық жағдайларды оқшаулау функцияларын орындайтын және жеке құрам мен қауіпсіздік бөлімшелерінің құрамындағы адамдарды анықтау жөніндегі ұйымдастырушылық шараларын және олардың іс-қимылдарын (бастапқы ден қою шараларын);
4) өзара іс-қимылдың ұйымдастырылуын сипаттайтын өзге де мәселелерді анықтайды.
8. "Террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалу паспортын әзірлеуге және онымен жұмыс істеуге қойылатын талаптар" деген 5-тарау:
1) объектілердің паспорттарын әзірлеуді;
2) объектілердің паспорттарын есепке алуды;
3) объектілердің паспорттарын сақтауды, оларды жедел штабқа беруді;
4) объектілердің паспорттарын жоюды анықтайды.
9. "Террористік тұрғыдан осал объектілерді инженерлік-техникалық жабдықтармен жарақтандыруға қойылатын талаптар" деген 6-тарау мыналарды қамтиды:
1) объектілер тобын айқындау (орындалатын тапсырмалардың ерекшелігі, персонал мен келушілердің саны, орналасқан орны, оларға тән қауіптер бойынша біртекті);
2) объектілердің топтарын инженерлік-техникалық құралдармен жарақтандыру (талаптарға сәйкес міндетті, терроризмге қарсы қорғауды қамтамасыз ету үшін қажетті, алмастыратын және қосымша (қажет болған жағдайда);
3) инженерлік-техникалық жабдықтардың негізгі сипаттамалары: нені қамтамасыз ету керек; қажет болған жағдайда материалдар мен өндіріс түрлері, орналастыру ерекшеліктері, оларды орнатуға қажетті инженерлік шешімдер, монтаж алаңдары, сандық және сапалық көрсеткіштер, құрылғылар типтері және өзге де қажетті сипаттамалар;
4) объектілерді терроризмге қарсы қорғауды ұйымдастыруға негізделген өзге де мәселелер.
10. Нұсқаулыққа қосымшалар мыналарды қамтиды:
1) сабақтар тақырыбының нұсқалары;
2) сабақ өткізу туралы есеп беру нысандары;
3) әртүрлі объектілердегі адамдар тобының террористік сипаттағы ықтимал қауіп-қатерлерге әрекет ету алгоритмдері;
4) объектіге алып өтуге тыйым салынған заттардың тізбесі (қажет болған жағдайда);
5) өзгелер (қажет болған жағдайда).
Террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыруға қойылатын талаптарға 2-қосымша |
|
Нысан |
Терроризмге қарсы дайындық бойынша оқу-жаттығу іс-шараларын есепке алу журналы (титул парағы) ________________ (ұйымның атауы)
Терроризмге қарсы дайындық бойынша оқу-жаттығу іс-шараларын өткізуді есепке алу № ___ журналы
Журналды жүргізу басталған күн 20__ ж. "___" _____
Журналды жүргізу аяқталған күн 20__ ж. "___" _____
(ішкі жағы)
1-бөлім. Нұсқамалар
2-бөлім. Сабақ
1. Сабақ өткізілетін күн.
2. Сабақтың тақырыбы.
3. Оқу сұрақтары.
4. Қатысып отырған жұмыскерлер саны.
5. Сабақты өткізген адамның қолы.