Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының | |
Премьер-Министрі | А. Мамин |
жоба |
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
1. 2003 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасының Жер кодексіне:
1) бүкіл мәтін бойынша "сауда-саттықты (конкурстарды, аукциондарды)", "сауда-саттыққа (конкурстарға, аукциондарға)", "сауда-саттықта (конкурстарда, аукциондарда)", "сауда-саттықтары (конкурстары, аукциондары)", "сауда-саттықтың (конкурстардың, аукциондардың)", "сауда-саттық (конкурстар, аукциондар)" деген сөздер "сауда-саттықты (аукциондарды)", "сауда-саттығын (аукциондарын)", "сауда-саттықтың (аукциондардың)", "сауда-саттыққа (аукциондарға)", "сауда-саттық (аукциондар)" деген сөздермен ауыстырылсын;
2) 12-бапта:
13-1) тармақша алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы 19-1) тармақшамен толықтырылсын:
"19-1) орталық уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшелері – жердің пайдаланылуы мен қорғалуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын орталық уәкілетті орган ведомствосының облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жер ресурстарын басқару жөніндегі аумақтық бөлімшелері (бұдан әрі – аумақтық бөлімшелер);";
3) 14-бапта:
тақырып мынадай редакцияда жазылсын:
"14-бап. Орталық уәкілетті органның, орталық уәкілетті орган ведомствосының және аумақтық бөлімшелердің құзыреті";
1-тармақта:
3) және 14) тармақшалар алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы 4-1), 4-2), 4-3), 4-4), 4-5), 4-6), 4-7), 4-8), 4-9), 4-10), 4-11), 4-12), 4-13), 4-14), 4-15) және 4-16) тармақшалармен толықтырылсын:
"4-1) әкімшілік-аумақтық бірліктерді құру және олардың шекараларын өзгерту, олардың шекараларын белгілеу және өзгерту жөніндегі жобаларды жасау жөніндегі жерге орналастыру жұмыстарын орындау қағидаларын әзірлеу және бекіту;
4-2) жерге орналастыру жобасын әзірлеу бойынша жерге орналастыру жұмыстарын орындау қағидаларын әзірлеу және бекіту;
4-3) шаруашылықішілік жерге орналастыру жобаларын орындау қағидаларын әзірлеу және бекіту;
4-4) Қазақстан Республикасының табиғи азықтық алқаптарын ірі ауқымды (1:1000-1:100 000) геоботаникалық іздестіруді өткізу жөніндегі әдістемені әзірлеу және бекіту;
4-5) Қазақстан Республикасының жерлерін ірі ауқымды топырақ іздестірулерін жүргізу жөніндегі әдістемені әзірлеу және бекіту;
4-6) топырақтың жел эрозиясы байқалатын аудандарда топырақ-эрозиялық іздестірулерді жүргізу және жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылар үшін эрозияға қарсы іс-шараларды жасау жөніндегі әдістемені әзірлеу және бекіту;
4-7) іздестіру жұмыстарында пайдалану үшін Қазақстан Республикасының жерін санаттар мен жарамдылық сыныптары бойынша сыныптау әдістемесін әзірлеу және бекіту;
4-8) Қазақстан Республикасының жер мониторингін жүргізу жөніндегі әдістемені әзірлеу және бекіту;
4-9) электрондық жер-кадастрлық карталарды жасау жөніндегі нұсқаулықты әзірлеу және бекіту;
4-10) мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын жүргізу;
4-11) цифрлық ауыл шаруашылығы карталарын жасау кезінде фотограмметриялық жұмыстар жөніндегі әдістемені әзірлеу және бекіту;
4-12) жерге орналастыру, жерді мемлекеттік есепке алу және жер кадастры мақсаттары үшін 1:10 000, 1:25 000 және 1:50 000 масштабтарда цифрлық ауыл шаруашылығы карталарын жасау үшін аэрофотосуреттерді шифрсыздандыру жөніндегі әдістеме мен шартты белгілерді әзірлеу және бекіту;
4-13) топырақ іздестірулерін жүргізу және топырақ карталарын жасау жөніндегі әдістемені әзірлеу және бекіту;
4-14) топырақты бағалауды жүргізу әдістемесін әзірлеу және бекіту;
4-15) геоботаникалық зерттеулер жүргізу және геоботаникалық карталар жасау жөніндегі әдістемені әзірлеу және бекіту;";
4-16) жер пайдалану құқығын иеліктен шығару және беру кезінде жер пайдаланушы ауысқан кезде уақытша жер пайдалану (жалдау) шартын қайта ресімдеу қағидаларын әзірлеу және бекіту.";
12) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"12) жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылауды ұйымдастыру;";
мынадай мазмұндағы 3 және 4-тармақтармен толықтырылсын:
"3. Орталық уәкілетті органның ведомствосы өз қызметін орталық уәкілетті орган белгілеген құзыреті шегінде жүзеге асырады.
4. Аумақтық бөлімшелердің құзыретіне:
1) жердің пайдаланылуы мен қорғалуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;
2) мемлекеттік жер кадастры мен жер мониторингін жүргізудің дұрыстығына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;
3) Қазақстан Республикасы жер заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы орындалуы міндетті нұсқамалар немесе нұсқаулар беру;
4) осы Кодекстің 94-бабы 2-тармағының үшінші бөлігіне сәйкес Мемлекеттік корпорацияға жер учаскесіне құқық ауыртпалығын белгілеуге және тоқтатуға нұсқама мен хабарлама жіберу;
5) жер заңнамасы саласындағы әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарау;
6) осы Кодекстің 148-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген мәселелер бойынша сотқа талап қоюды дайындау және беру;
7) пайдаланылмай жатқан не Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылып жатқан жерді анықтау және мемлекеттік меншікке алып қою;
8) егер құрылыс, пайдалы қазбалардың кен орындарын игеру, объектілерді пайдалану, геологиялық барлау және басқа да жұмыстар жер заңнамасын, жерді пайдаланудың белгіленген режимін бұза отырып жүзеге асырылып жатса, сондай-ақ бұл жұмыстар сараптамадан өтпеген немесе теріс қорытынды алған жобалар бойынша жүргізіліп жатса, оларды тоқтата тұру;
9) осы Кодекстің 92 және 93-баптарына сәйкес заңды күшіне енген сот шешімінің негізінде жер учаскелері мәжбүрлеп алып қойылған тұлғалар туралы орталық уәкілетті органға ақпарат беру жатады.";
4) 14-1-баптың 4-тармағы алып тасталсын;
5) 17-баптың 2-1), 2-2) және 8-3) тармақшалары алып тасталсын;
6) 18-баптың 2-2), 2-3) және 8-3) тармақшалары алып тасталсын;
7) 19-баптың 4-1), 6) және 7) тармақшалары алып тасталсын;
8) 24-бапта:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Мемлекеттік меншіктегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері Қазақстан Республикасының азаматтары мен шетелдіктер қатыспайтын заңды тұлғаларына жер пайдалану құқығында осы Кодексте белгіленген тәртіппен және шарттарда берілуі мүмкін.
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін мемлекеттік заттай гранттар ретінде жеке меншікке беруге жол берілмейді.
Шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік заңды тұлғалар, сондай-ақ шетелдіктер қатысатын Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары, халықаралық ұйымдар, халықаралық қатысатын ғылыми орталықтар, сондай-ақ қандастар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жеке меншік, сондай-ақ уақытша жер пайдалану құқығымен иелене алмайды.
Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының қатысушыларының (акционерлерінің, мүшелерінің) құрамына шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам, шетелдік заңды тұлға, шетел қатысатын Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы кірген кезде жеке меншік немесе жер пайдалану құқығы, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелеріне уақытша жер пайдалану құқығы осы Кодекстің 66-бабының нормаларына сәйкес иеліктен шығарылуға жатады.
Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының қатысушысы (акционері, мүшесі) болып табылатын тұлғада Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылған кезде жеке меншік немесе жер пайдалану құқығы, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелеріне уақытша жер пайдалану құқығы осы Кодекстің 66-бабының нормаларына сәйкес иеліктен шығарылуға жатады.
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін шетелдіктермен немесе азаматтығы жоқ адамдармен некеде тұрған (ерлі-зайыпты) Қазақстан Республикасының азаматтарына жеке меншік немесе жер пайдалану құқығында беруге жол берілмейді.
Қазақстан Республикасының азаматтары шетелдіктермен немесе азаматтығы жоқ адамдармен неке қиған (ерлі-зайыпты болған) жағдайда, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелеріне меншік немесе жер пайдалану құқығы осы Кодекстің 66-бабының нормаларына сәйкес иеліктен шығарылуы тиіс.";
мынадай мазмұндағы 7-тармақпен толықтырылсын:
"7. Осы баптың 1-тармағында көзделген шектеулер жер учаскелері орман өсіру мақсаттары үшін берілген жағдайда қолданылады.";
9) 26-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
"3. Азаматтар мен мемлекеттік емес заңды тұлғалардың бөлек меншігіне және жер пайдалануына:
халықтың мұқтаждықтары үшін пайдаланылатын және соларға арналған, оның ішінде облыстық және аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдық елді мекендердің шекаралары шегіндегі шабындық алқаптар;
ортақ пайдаланылатын жолдар, оның ішінде шаруашылықаралық және мекенаралық маңызы бар, сондай-ақ ортақ пайдаланылатын жер учаскелеріне қол жеткізуге арналған жолдар;
жер учаскелерінің екі немесе одан да көп меншік иелері немесе жер пайдаланушылар бірлесіп пайдаланатын суландыру құрылысжайлары (суландыру каналдары, суағарлар, құдықтар, суат пункттері) алып жатқан жер учаскелері берілмейді.
Жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарда көрсетілген аумақтарда орналасқан жайылымдар жеке меншікке және уақытша жер пайдалануға берілмейді және жеке қожалықтың ауыл шаруашылығы малдарын жаюға халықтың мұқтаждықтары үшін ғана пайдаланылады.";
10) 33-баптың 1-тармағының бесінші бөлігі мынадай мазмұндағы 5) тармақшамен толықтырылсын:
"5) кейінгі жер пайдалануға (қосалқы жалға) беруді қоспағанда, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде жер пайдалану құқығын иеліктен шығарған және берген кезде талап етілмейді.
Жер пайдалану құқығын иеліктен шығару және беру, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, жер учаскесі орналасқан жер бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың уәкілетті органын хабардар ету шартымен бес жылдық жалдау мерзімі өткеннен кейін жүзеге асырылады.
Хабарламаны ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердегі жерді пайдалану құқығын иеліктен шығаруды және/немесе беруді жасаған жер пайдаланушы мәміле жасалған күннен кейін үш жұмыс күні ішінде мәміленің нөмірі мен күнін көрсетіп, жазбаша нысанда жібереді.
Жер пайдалану құқығын иеліктен шығарған және берген кезде уақытша жер пайдалану (жалдау) шартын облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың уәкілетті органы азаматтық-құқықтық мәмілелер негізінде бастапқы жалдау мерзімі өткенге дейінгі мерзімге жаңа жер пайдаланушыға қайта ресімдейді.
Жер пайдаланушы ауысқан кезде жер учаскесіне уақытша жер пайдалану құқығы жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы заңнамада белгіленген тәртіппен уақытша жер пайдалану (жалдау) шарты тіркелген кезден бастап туындайды.
Көрсетілген жағдайларда жер учаскесіне көрсетілген уақытша жер пайдалану құқығын иеленген жер пайдаланушы жер учаскесін уақытша жер пайдалану (жалдау) шарты бойынша жалға берушінің алдында жауапты болады.
Бұл ретте шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін Қазақстан Республикасының азаматында, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін шетелдіктер қатыспайтын Қазақстан Республикасының мемлекеттік емес заңды тұлғасында уақытша жер пайдалану құқығында болуы мүмкін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің жалпы жиынтық мөлшері осы Кодекстің 50-бабының 4-тармағына сәйкес белгіленген шекті мөлшерден аспауға тиіс.
Көрсетілген мөлшерден асып кеткен жағдайда уақытша жер пайдалану құқығы осы Кодекстің 66-бабының нормаларына сәйкес қайта ресімделуге немесе иеліктен шығарылуға жатады.";
11) 37-бапта:
5-тармақтың 5) тармақшасындағы "мерзімге беріледі." деген сөздер "мерзімге;" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 6) және 7) тармақшалармен толықтырылсын:
"6) орман өсіру мақсаттары үшін Қазақстан Республикасының азаматтарына және шетелдіктер қатыспайтын Қазақстан Республикасының мемлекеттік емес заңды тұлғаларына қырық тоғыз жылға дейінгі мерзімге;
7) осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген өзге де жағдайларда беріледі.";
12) 43-бапта:
1-1-тармақ мынадай мазмұндағы төртінші бөлікпен толықтырылсын:
"Жергілікті атқарушы органдар бос жер учаскелері және жоспарланатын сауда-саттық (аукциондар) жөніндегі ақпаратты интернет-ресурста (мамандандырылған геоақпараттық порталдарды қоса алғанда) және халыққа қолжетімді жерлердегі арнайы ақпараттық стендтерде деректерді тоқсан сайын жаңартып отыру кезеңділігімен орналастыруға міндетті.";
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"2. Жер учаскелерiн меншiкке немесе жер пайдалануға берудi облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдары, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердiң, ауылдардың, ауылдық округтердiң әкiмдерi осы Кодексте белгiленген өздерінің құзыретi шегiнде жүзеге асырады.
Жер учаскесін беру туралы шешім жер комиссиясының оң қорытындысы және жерге орналастыру жобасы негізінде қабылданады. Жер учаскелері қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік мұқтажы үшін сұралған жағдайда, жер учаскесін беру туралы шешім жер комиссиясының оң қорытындысы, жерге орналастыру жобасы және осы Кодекстің 120-бабы 1-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген мемлекеттік органдардың оң келісуі негізінде соңғы қорытынды келіп түскен күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде қабылданады.
Бұл ретте әзірленген және бекітілген жерге орналастыру жобасы және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік мұқтажы үшін жер учаскесіне құқық беру туралы шешімінің жобасы келісуші мемлекеттік органдарға жоғарыда көрсетілген шешімнің жобасы дайындалған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жіберілуге тиіс. Шешім жобасын келісу шешім жобасы келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады. Шешім жобасына жер комиссиясының оң қорытындысы және бекітілген жерге орналастыру жобасы қоса беріледі.
Жер учаскесін беруден бас тарту туралы шешім жер комиссиясының теріс қорытындысы негізінде жер комиссиясының хаттамалық шешіміне шағымдану мерзімі өткен кезден бастап үш жұмыс күні ішінде қабылданады.
Жер учаскелерін алып қою, оның ішінде осы Кодекстің 84-бабына сәйкес мемлекет мұқтажы үшін алып қою жағдайларын қоспағанда, жер учаскесіне құқық беруден бас тарту облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің шешімімен ресімделеді және ол уәжді болуға тиіс.
Жер комиссиясының құрамын облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдары қалыптастырады және тиісті жергілікті өкілді органға бекітуге жібереді. Жер комиссиясының құрамына:
1) жергілікті өкілді органның депутаттары;
2) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың уәкілетті органының, тиісті жергілікті атқарушы органдардың сәулет және қала құрылысы, ауыл шаруашылығы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшелерінің өкілдері;
3) қоғамдық кеңестердің, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мемлекеттік емес ұйымдардың және өзге де салалық мемлекеттік емес ұйымдардың, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өкілдері;
4) Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері кіреді.
Жер учаскелері осы Кодекстің 43-1-бабына сәйкес берілген жағдайда, аудан, облыстық маңызы бар қала деңгейінде құрылатын жер комиссияларының құрамына:
1) аумағында жер учаскесі орналасқан аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімі;
2) жергілікті қоғамдастық жиналысы жіберген, тиісті аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің жергілікті тұрғындарының өкілдері де кіреді.
Облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана деңгейінде құрылатын жер комиссияларының құрамына қоршаған ортаны қорғау, ауыл және орман шаруашылығы, су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы уәкілетті органдардың тиісті аумақтық бөлімшелерінің өкілдері де міндетті түрде кіреді.
Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының ұйғаруы бойынша жер комиссиясының құрамына басқа тұлғалар да кіруі мүмкін.
Жер комиссиясы тұрақты негізде жұмыс істейді. Жер комиссиясы мүшелерінің саны тақ болуға және тоғыз адамнан кем болмауға тиіс. Бұл ретте қоғамдық кеңестер, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мемлекеттік емес ұйымдар және өзге де салалық мемлекеттік емес ұйымдар, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдары өкілдерінің саны жер комиссиясы мүшелері жалпы санының елу пайызынан кем болмауға тиіс.
Төрағаны және осы тармақтың алтыншы бөлігінің 2) және 4) тармақшаларында, жетінші бөлігінің 1) тармақшасында және сегізінші бөлігінде көрсетілген тұлғаларды қоспағанда, жер комиссиясының бүкіл құрамы келесі күнтізбелік он екі ай өткен соң ауыстырылып, жыл сайын бекітіледі.
Жер комиссиясының төрағасы болып әкімнің жер мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасары тағайындалады.
Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың тиісті уәкілетті органы жер комиссиясының жұмыс органы болып табылады.
Жер комиссиясының хатшысы жұмыс органының лауазымды адамдарының арасынан айқындалады. Жер комиссиясының хатшысы дауыс беруге қатыспайды.
Жер комиссиясының отырысы, егер оған комиссия құрамының жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, құқыққа сыйымды деп есептеледі. Бұл ретте қоғамдық кеңестердің, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мемлекеттік емес ұйымдардың және өзге де салалық мемлекеттік емес ұйымдардың, Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қатысып отырған өкілдерінің саны жер комиссиясының қатысып отырған мүшелері жалпы санының кемінде елу пайызын құрауға тиіс. Жер комиссиясының мүшелері оның отырыстарына алмасу құқығынсыз қатысады.
Жер комиссиясының шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады.
Дауыс беру нәтижелері отырысқа қатысып отырған жер комиссиясы мүшелері жалпы санының көпшілік даусымен айқындалады және егер оған жер комиссиясы мүшелерінің көпшілігі дауыс берсе, шешім қабылданды деп есептеледі.
Жер комиссиясының шешімімен келіспеген жағдайда, жер комиссиясының мүшесі ерекше пікірін білдіруге құқылы, бұл жазбаша түрде баяндалуға және жер комиссиясының шешіміне қоса берілуге тиіс.
Жер комиссиясының отырысы аудио-, бейнежазба құралдарының көмегімен міндетті түрде тіркеледі. Жер комиссиясының отырысын аудио-, бейнежазба құралдарымен тіркеуді облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы жүзеге асырады. Жер комиссиясы отырысының барысын тіркеуді қамтамасыз ететін аудио-, бейнежазба құралдарын техникалық қолдану, аудио-, бейнежазбаны сақтау тәртібін, сондай-ақ аудио-, бейнежазбаға қол жеткізу тәртібін орталық уәкілетті орган айқындайды.
Жер комиссиясының қорытындысы облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың тиісті уәкілетті органы жер комиссиясына сұралып отырған жер учаскесін аумақтық аймақтарға бөлуге сәйкес мәлімделген нысаналы мақсаты бойынша пайдалану мүмкіндігі туралы немесе жер учаскесін алдын ала таңдау (елді мекен шегінде объектілер салуды қоспағанда, объектілер салу үшін жер учаскесі сұралған кезде) берілген кезден бастап екі жұмыс күні ішінде хаттамалық шешім нысанында үш данада жасалады.
Жер комиссиясы қорытындысының бір данасы қол қойылған сәттен бастап бір жұмыс күні ішінде өтініш берушіге (оның өкіліне) қолма-қол тапсырылады, тапсырылғаны туралы хабарламамен не электрондық цифрлық қолтаңба қойылған электрондық құжат арқылы өтінім берушінің электрондық поштасының мекенжайы бойынша тапсырысты пошта жөнелтілімі нысанында жіберіледі.
Жер комиссиясының хаттамалық шешіміне өтініш беруші оны алған күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде қарсылық беруі мүмкін.
Өтініш беруішінің жер комиссиясының хаттамалық шешіміне қарсылық беруі оған заңнамада белгіленген мерзімде шағым жасалғанға дейін оның орындалуын тоқтата тұрады.
Жер комиссиясының оң қорытындысы негізінде өтініш беруші жерге орналастыру жобасын дайындайды.
Осы Кодекстің 43-1-бабына сәйкес берілетін жер учаскелерін қоспағанда, жер комиссиясының оң қорытындысының қолданылу мерзімі ол қабылданған күннен бастап бір жылды құрайды. Бір жылдық мерзімді өткізіп алу жергілікті атқарушы органның жер учаскесіне құқық беруден бас тарту туралы шешім қабылдауы үшін негіз болып табылады.";
мынадай мазмұндағы 2-1-тармақпен толықтырылсын:
"2-1. Жер комиссиясының жұмыс органы жер комиссиясының хаттамалық шешімдерінің көшірмелерін облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың тиісті уәкілетті органының интернет-ресурсында ай сайын орналастыруға міндетті.
Осы тармақтың ережелері осы бапта және осы Кодекстің 43-1, 44, 44-1 және 45-баптарында көзделген тәртіппен берілетін жер учаскелеріне, сондай-ақ осы Кодекстің 48-бабына сәйкес сауда-саттық (аукциондар) өткізілген жер учаскелеріне қолданылады.";
6-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"6-1. Жер учаскесіне құқық беруді сауда-саттықта (аукциондарда) жүзеге асыру қажеттігі себебіне байланысты осындай құқық беруден бас тартылған жағдайда, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкімі сұралып отырған жер учаскесі бойынша сауда-саттықты (аукционды) жер учаскесіне құқық беруден бас тарту туралы шешім қабылданған күннен бастап күнтізбелік тоқсан күннен кешіктірмей өткізуге тиіс.";
мынадай мазмұндағы 7-1-тармақпен толықтырылсын:
"7.1. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің жер учаскесіне құқық беру туралы шешімінің жобасы мыналарды қамтуы тиіс:
жерге құқық берілетін заңды немесе жеке тұлғаның атауы;
жер учаскесінің нысаналы мақсаты;
жер санаты;
жер учаскесінің ауданы;
жерге құқық түрі, ауыртпалықтар, сервитуттар;
жер комиссиясының хаттамалық шешімінің нөмірі мен күні;
жер учаскелерін қалыптастыру жөніндегі жерге орналастыру жобаларының бекілген нөмірі мен күні;
жеке қосалқы шаруашылық үшін берілетін жер учаскесі үлесінің түрі;
учаске ақыға берілген жағдайда, жер учаскесін немесе жер пайдалану құқығын сатып алу бағасы, жер учаскесін сатып алу-сату шарттарын жасау мерзімдері мен талаптары;
жер учаскелерінің мөлшері көрсетіле отырып, оларды алып қою, мемлекет мұқтаждықтары үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару жүргізілетін жеке тұлғаның аты, әкесінің аты (бар болса), тегі немесе заңды тұлғаның атауы;
жер учаскесінің бөлінетіндігі (бөлінбейтіндігі) туралы мәліметтер;
қажет болғанда жер учаскесін берумен байланысты өзге де мәліметтер қамтылуы мүмкін.";
11-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"11. Осы Кодекс қолданысқа енгiзiлгенге дейiн азаматтар мен заңды тұлғаларға бұрын қолданыста болған Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берiлген жер учаскелерiне құқық белгілейтін және сәйкестендіру құжаттары Қазақстан Республикасының жер заңнамасында белгiленген жер учаскелерiне құқықтардың өзгеруi ескерiле отырып, заңдық күшiн сақтайды.
Осы Кодекске сәйкес мұндай құжаттарды жер учаскелерiне меншiк құқығын немесе жер пайдалану құқығын куәландыратын құжаттарға ауыстыру құқық иеленушілердiң қалауы бойынша жүзеге асырылады.
Елді мекендердің әкімшілік-аумақтық құрылысы өзгерген жағдайда, мемлекеттік органдардың шешімі бойынша (немесе шекаралары (шектері) өзгерген жағдайда, жер учаскелерін елді мекендер шегіне қосқан кезде) мұндай жер учаскелерінің сәйкестендіру құжаттарын ауыстыру бюджет қаражаты есебінен (немесе өтеусіз) жүзеге асырылады.
Мұндай құжаттарды ауыстыру жер учаскесіне құқықтарды қайта ресімдеу жағдайлары туындаған кезде не азаматтық-құқықтық мәмілелер жасалған кезде немесе өзге де жағдайларда жүзеге асырылады.";
14-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"14. Жергілікті атқарушы органдар жер учаскесін алған тұлғалардың тізімдері бар ақпаратты жер учаскесін беру негізін, нысаналы мақсатын, ауданын, орналасқан жерін, құқық түрін, жалға алу мерзімін көрсете отырып, халыққа қолжетімді жерлердегі арнайы ақпараттық стендтерде, сондай-ақ өзінің интернет-ресурсында және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың тиісті уәкілетті органының интернет-ресурсында ай сайын, ал тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында таралатын мерзімді баспасөз басылымдарында кемінде тоқсанына бір рет жариялау арқылы орналастыруға міндетті.
Осы тармақтың ережелері осы бапта және осы Кодекстің 43-1, 44, 44-1 және 45-баптарында көзделген тәртіппен берілген жер учаскелеріне, сондай-ақ осы Кодекстің 48-бабына сәйкес сауда-саттыққа (аукциондарға) шығарылатын жер учаскелеріне қолданылады.
Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері бойынша осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген деректер мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің интернет-ресурсында ашық қолжетімділікте орналастырылады.";
13) 43-1-бапта:
2-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"2. Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсқа шығарылатын жер учаскелерінің тізбесін ауданның, облыстық маңызы бар қаланың уәкілетті органы осындай жер учаскелерін беруге бұрын түскен өтінімдерді ескере отырып қалыптастырады және бұл қоғамдық кеңестермен, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мемлекеттік емес ұйымдармен, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен келісіледі.";
мынадай мазмұндағы 2-1-тармақпен толықтырылсын:
"2.1. Конкурсқа шығарылатын жер учаскелерінің шекті мөлшері жергілікті жердің ерекшеліктеріне қарай аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың өкілді және атқарушы органдарының, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімдерінің бірлескен шешімдерімен айқындалады.";
14-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"14. Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурстың жеңімпазын жер комиссиясы тиісті өлшемшарттарды ескере отырып, балл беру арқылы конкурстық ұсыныстарды салыстыру негізінде айқындайды.
Осы ауданда, қалада, ауылда, кентте кемінде 5 жыл тұратын адамдар өздерінің конкурстық ұсыныстарына қосымша балл беру арқылы жер учаскесін алудың басым құқығын пайдаланады.
Жер комиссиясы конкурстық ұсыныстарды бағалайды, салыстырады және жеңіп алған конкурстық өтінімді айқындайды.";
14) 44-баптың 6-1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
"6-1. Жер учаскесіне құқық беруді сауда-саттықта (аукциондарда) жүзеге асыру қажеттігі себебіне байланысты осындай құқық беруден бас тартылған жағдайда, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкімі сұралып отырған жер учаскесі бойынша сауда-саттықты (аукционды) жер учаскесіне құқық беруден бас тарту туралы шешім қабылданған күннен бастап күнтізбелік тоқсан күннен кешіктірмей өткізуге тиіс.";
15) 44-1-баптың 4-1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
"4-1. Жер учаскесіне құқық беруді сауда-саттықта (аукциондарда) жүзеге асыру қажеттігі себебіне байланысты осындай құқық беруден бас тартылған жағдайда, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкімі сұралып отырған жер учаскесі бойынша сауда-саттықты (аукционды) жер учаскесіне құқық беруден бас тарту туралы шешім қабылданған күннен бастап күнтізбелік тоқсан күннен кешіктірмей өткізуге тиіс.";
16) 45-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
"3. Жер учаскесіне құқық беруді сауда-саттықта (аукциондарда) жүзеге асыру қажеттігі себебіне байланысты осындай құқық беруден бас тартылған жағдайда, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкімі сұралып отырған жер учаскесі бойынша сауда-саттықты (аукционды) жер учаскесіне құқық беруден бас тарту туралы шешім қабылданған күннен бастап күнтізбелік тоқсан күннен кешіктірмей өткізуге тиіс.";
17) 48-баптың 6 және 6-1-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:
"6. Осы Кодекстің 48-1-бабында белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, жер учаскесін немесе жер учаскесін жалдау құқығын сату жөніндегі сауда-саттықты (аукциондарды) ұйымдастыру мен өткізу, оның ішінде электрондық түрде өткізу тәртібін орталық уәкілетті орган айқындайды.
6-1. Жер учаскесіне құқық беруді сауда-саттықта (аукциондарда) жүзеге асыру қажеттігі себебіне байланысты осындай құқық беруден бас тартылған жағдайда, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкімі сұралып отырған жер учаскесі бойынша сауда-саттықты (аукционды) жер учаскесіне құқық беруден бас тарту туралы шешім қабылданған күннен бастап күнтізбелік тоқсан күннен кешіктірмей өткізуге тиіс.";
18) 66-баптың 2-тармағы төртінші бөлікпен мынадай мазмұндағы толықтырылсын:
"Осы Кодекстің талаптарын бұза отырып, жеке және (немесе) заңды тұлғалар жасаған мәмілелер жарамсыз болады.";
19) 79-бапта:
мынадай мазмұндағы 3-1-тармақпен толықтырылсын:
"3.1. Шартты жер үлестері есебінен қалыптастырылған жер учаскесін кепілге салуға осындай үлестер иелерінің келісімімен ғана жол беріледі. Мұндай келісуді әлеуетті кепіл беруші дербес қамтамасыз етеді. Мұндай келісім болмаған жағдайда кепілге беруге жол берілмейді.";
5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"5. Жер учаскесiн немесе жер пайдалану құқығын кепiлге салу үшiн жеке және заңды тұлғалар ықтимал кепiл ұстаушыға:
жер учаскесіне құқық белгілейтін және сәйкестендіру құжаттарын;
ортақ бiрлескен меншiкке немесе ортақ бiрлескен жер пайдалануға қатысушылардың нотариаттық тәртіппен куәландырылған жазбаша келiсiмiн;
шартты жер үлестері есебінен қалыптастырылған жер учаскелерінің шартты жер үлестері иелерінің нотариат тәртібімен куәландырылған жазбаша келісімін;
жер учаскесіне тіркелген құқықтар (құқық ауыртпалықтары) туралы құқықтық кадастрдың мәліметтерін береді.
Жер учаскесінің бір бөлігін немесе оған жер пайдалану құқығын кепілге беру кезінде жер учаскесінің жалпы жоспарында оның кепілге беруге көзделген бөлігі көрсетілуге тиіс.
Бұл ретте, осы баптың 4-тармағының үшінші бөлігінде көзделген жағдайды қоспағанда, жер пайдалану құқығы кепілі кезінде мемлекеттік мемлекеттік меншіктегі жер учаскесі меншік иесінің келісімі талап етілмейді.
Осы тармақтың бірінші және екінші бөліктерінде көрсетілген құжаттар мен мәліметтердің тізбесі толық болып табылады.";
20) 84-баптың 2-тармағының 4-1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"4-1) "Жайылымдар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабының 1-тармағына сәйкес жеке ауладағы ауыл шаруашылығы жануарларын жаю үшін халықтың мұқтажын қанағаттандыру үшін жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарда көрсетілген аумақтарда орналасқан жайылымдық алқаптарға халықтың мұқтажын қанағаттандыру;";
21) 92-баптың 3-1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
"3-1. Осы баптың 2 және 3-тармақтарында көзделген жер учаскесі мақсаты бойынша пайдаланылмаған кезеңдерге:
жер учаскесін орналастыру аумағында белгіленген тәртіппен бекітілген қала құрылысы құжаттамасы (бас жоспарлар, егжей-тегжейлі жоспарлау және құрылыс салу жобалары, аумақтың жер-шаруашылық орналастыру жобалары), сондай-ақ инженерлік желілерге қосылу мүмкіндігі болмаған;
жер учаскесі еңсерілмейтін күштің немесе осындай пайдалануды болдырмайтын өзге де жағдайлардың салдарынан мақсаты бойынша пайдаланыла алмаған уақыт кірмейді.
Жер учаскесін нысаналы мақсаты бойынша пайдалануды болғызбайтын өзге де мән-жайларға жергілікті атқарушы органдардың жер учаскесін нысаналы мақсаты бойынша пайдалану мүмкіндігін болғызбайтын, белгіленген тәртіппен бекітілген бас жоспарларды, егжей-тегжейлі жоспарлау және құрылыс салу жобаларын өзгертуі жатады, сондай-ақ жергілікті атқарушы және уәкілетті органдардың меншік иелері мен жер пайдаланушылардың сәулет-жоспарлау тапсырмаларын алуға арналған өтінімдерін және табиғи монополия субъектілерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың инженерлік желілерге қосылуға арналған техникалық шарттарды және объектілерді салу кезінде көзделген өзге де келісу рәсімдерін алуға арналған өтінімдерін қараудағы әрекетсіздігі (егер мұндай әрекетсіздік сотта дәлелденсе) жатады.";
22) 96-1-баптың 1 және 2-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Жер учаскелері мәжбүрлеп алып қойылған тұлғалардың тізілімін қалыптастыруды және жүргізуді аумақтық құрылымдық бөлімшелер ұсынатын ақпараттың негізінде орталық уәкілетті орган жүзеге асырады.
2. Аумақтық құрылымдық бөлімшелер осы Кодекстің 92 және 93-баптарына сәйкес заңды күшіне енген сот шешімінің негізінде үш жұмыс күні ішінде орталық уәкілетті органға ақпарат жібереді, онда:
1) жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), сондай-ақ жеке басын куәландыратын құжаттың деректері, оның жеке сәйкестендіру нөмірі;
2) заңды тұлғаның атауы және оның бизнес-сәйкестендіру нөмірі;
3) алып қойылған жер учаскесінің орналасқан жері, ауданы және нысаналы мақсаты;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтың түрі мен құрамы;
5) сот шешімі қабылданған және оның заңды күшіне енген күні көрсетіледі.
Орталық уәкілетті орган ақпаратты алған кезден бастап екі жұмыс күні ішінде оны жер учаскелері мәжбүрлеп алып қойылған тұлғалардың тізіліміне енгізеді.";
23) 97-баптың 3-2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
"3-2. Елді мекендердің жерін бас жоспарларына (немесе тұрғындарының саны бес мың адамға дейiнгi елдi мекендердi дамытудың және оларда құрылыс салудың осы жоспарларды алмастыратын схемасына) сәйкес кеңейту жағдайларын қоспағанда, шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің нысаналы мақсатын жеке тұрғын үй құрылысы мақсаттары үшін, жеке қосалқы шаруашылық жүргізу, бау-бақша және саяжай құрылысы үшін өзгертуге жол берілмейді.";
24) 102-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
"2. Жеке қосалқы шаруашылықты жүргізуге арналған жер учаскесі үй маңындағы және егiстiк телiмдерден тұрады.
Үй маңындағы телiм ауылдық елді мекендердің шекараларында (шегінде) беріледі және ауыл шаруашылығы өнімін өндіру үшін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасына сәйкес тұрғын үй, шаруашылық-тұрмыстық құрылыстар тұрғызу үшін пайдаланылады.
Егістік телім елді мекен аумақтарының жер-шаруашылық орналастыру жобасына сәйкес ауылдық елді мекендердің жерінен не әкімшілік бағынысқа берілген аумақтарда беріледі және ауыл шаруашылығы өнімін өндіру үшін ғана пайдаланылады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін берілетін жер учаскесі телімінің түрі жергілікті атқарушы органдардың жер учаскесіне құқық беру туралы шешімдерінде және сәйкестендіру құжаттарында көрсетіледі.";
25) 145-бапта:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттiк бақылауды аумақтық бөлімшелер және өзге де уәкiлеттi органдар өздерінің құзыреті шегінде жүзеге асырады.";
5-тармақ алып тасталсын;
6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"6. Жердiң пайдаланылуы мен қорғалуы жөнiндегi мемлекеттiк инспекторлардың әкiмшiлiк жаза қолдану туралы шешiмiне осы Кодекстiң 148-бабының 3-тармағына сәйкес шағым жасалуы мүмкін.";
26) 146-бапта:
1-тармақтың 4) тармақшасы алып тасталсын;
2-тармақтың екінші және бесінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:
"Аумақтық бөлімшелердің басшылары тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктердiң жердi пайдалану мен қорғау жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторлары болып табылады.";
"Орталық уәкілетті орган ведомствосының, аумақтық бөлімшелерінің мемлекеттік бақылауды тікелей жүзеге асыратын өзге де лауазымды адамдары жерді пайдалану мен қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторлар болып табылады.";
27) 147-бапта:
тақырып мынадай редакцияда жазылсын:
"147-бап. Жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын аумақтық бөлімшелердің функциялары";
1, 2-1 және 2-2-тармақтар алып тасталсын;
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"2. Жер ресурстарын басқару жөніндегі аумақтық органдар жердің пайдаланылуы мен қорғалуын, атап айтқанда:
1) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың және облыстық маңызы бар қалалардың, аудандардың жергілікті атқарушы органдарының, аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар, ауылдық округтер әкімдерінің Қазақстан Республикасының жер заңнамасы саласында қабылдаған шешімдерінің заңдылығын;
2) жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың уәкілетті органдарының қабылдаған шешімдерінің заңдылығын;
3) мемлекеттік жер кадастры мен жер мониторингінің дұрыс жүргізілуін;
4) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың және облыстық маңызы бар қалалардың, аудандардың жергілікті атқарушы органдарында, аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар, ауылдық округтер әкімдерінде жер учаскесін алған адамдардың тізімдері бар ақпараттың уақтылы орналастырылуын;
5) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың және облыстық маңызы бар қалалардың, аудандардың жергілікті атқарушы органдарында, аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар, ауылдық округтер әкімдерінде сауда-саттықтың (аукциондардың) уақтылы өткізілуін;
6) мемлекеттік органдардың, кәсіпорындардың, мекемелердің, ұйымдар мен азаматтардың Қазақстан Республикасының жер заңнамасын, жер учаскелерін нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланудың белгіленген режимін сақтауын;
7) жер учаскелерін өз бетінше иеленіп алуға жол берілмеуін;
8) жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылар құқықтарының сақталуын;
9) жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың топырақтың құнарлылығын қалпына келтіру және сақтау жөніндегі ұйымдастыру-шаруашылық, агротехникалық, орман мелиорациялық және эрозияға қарсы гидротехникалық іс-шаралар кешенін уақтылы және дұрыс жүргізуін;
10) жер учаскелерінің иелері мен жер пайдаланушылардың жердің бар-жоғы, олардың жай-күйі мен пайдаланылуы туралы мәліметтерді мемлекеттік органдарға уақтылы беруін;
11) жердің жай-күйіне әсер ететін тұрғын және өндірістік объектілердің жобалануын, орналастырылуын және салынуын;
12) жерді жақсарту, топырақ эрозиясының, тұздану, батпақтану, су басу, шөлейттену, құрғақтану, тығыздалу, қоқыстану, ластану және жердің тозуын туғызатын басқа да процестердің салдарын болғызбау және жою жөніндегі іс-шаралардың уақтылы және сапалы орындалуын;
13) азаматтарға жер учаскелерін беру туралы олардың өтініштерін (өтінішхаттарын) қараудың белгіленген мерзімдерінің сақталуын;
14) межелік белгілердің сақталуын;
15) жергілікті атқарушы органдар уақытша жер пайдалануға берген жерлердің уақтылы қайтарылуын;
16) бүлінген жерлердің қалпына келтірілуін;
17) жердің бүлінуіне байланысты жұмыстар жүргізілген кезде топырақтың құнарлы қабатының сыдырып алынуын, сақталуын және пайдаланылуын;
18) жерге орналастыру жобаларының және жердің пайдаланылуы мен қорғалуы бойынша басқа да жобалардың жүзеге асырылуын мемлекеттік бақылауды жүргізеді;";
28) 148-баптың 1-тармағының 2), 3), 4), 5) және 6) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:
"2) Қазақстан Республикасы жер заңнамасының бұзылуы туралы әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтыруға;
3) Қазақстан Республикасының жер заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулылар шығаруға;
4) Қазақстан Республикасының жер заңнамасын бұзу салдарынан келтірілген залалды өтеу, өз мақсатында пайдаланылмай не Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылып жатқан жер учаскелерiн мәжбүрлеп алып қою, жер учаскелерін беруге, мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға, нысаналы мақсатын өзгертуге, мәжбүрлеп иеліктен шығаруға байланысты құқыққа сыйымсыз шешімдердің күшін жою, сондай-ақ жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын органдардың лауазымды адамдарының Қазақстан Республикасы жер заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы берген нұсқамаларын осы нұсқама берілген тұлғалар нұсқамада көрсетілген мерзімде орындамаған не тиісінше орындамаған жағдайда оларды орындау туралы және жеке, лауазымды және заңды тұлғалардан айыппұл өндіріп алу туралы мәселелер бойынша сотқа талап-арыз дайындауға және беруге;
5) Қазақстан Републикасы Кәсіпкерлік кодексінің 147-бабы 3-тармағында көзделген құжаттарды ұсынған кезде ұйымдарға кедергiсiз кiруге, меншiктегi және пайдаланудағы жер учаскелерiн тексеруге, ал әскери, қорғаныс және басқа да арнаулы объектiлер алып жатқан жер учаскелерiн – оларға кiрудiң белгiленген режимiн ескере отырып, тексеруге;
6) жер учаскелерiнiң меншік иелерi мен жер пайдаланушыларға, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың және облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының, аудандық (қалалардағы аудандардан басқа) атқарушы органдардың, аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар, ауылдық округтер әкімдерінің және Мемлекеттік корпорацияның лауазымды адамдарына орындалуы міндетті Қазақстан Республикасы жер заңнамасы талаптарын бұзушылықтарды жою туралы нұсқама беруге;".
2. 2003 жылғы 8 шілдедегі Қазақстан Республикасының Орман кодексіне:
1) 4-баптың 1-тармағының 38) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"38) орман иеленушiлер – мемлекеттiк орман қоры учаскелерi тұрақты жер пайдалану құқығымен берiлген мемлекеттiк ұйымдар, сондай-ақ осы Кодекске сәйкес жекеше орман қоры учаскесi меншiгiнде болатын Қазақстан Республикасының азаматтары және шетелдіктер қатыспайтын Қазақстан Республикасының мемлекеттiк емес заңды тұлғалары;";
2) 6-баптың 4-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
"4. Жекеше орман қорына Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес Қазақстан Республикасы азаматтарына және Қазақстан Республикасының шетелдіктер қатыспайтын мемлекеттік емес заңды тұлғаларына жеке меншігіне немесе ұзақ мерзімді жер пайдалануға орман өсіру үшін нысаналы мақсатымен берілген жерлерде, солардың қаражаты есебінен жасалған:
1) қолдан өсірілген екпелер;
2) табиғи тұқымдық және (немесе) вегетативтік жолмен пайда болған екпелер;
3) жекеше орман питомниктерi;
4) арнайы мақсаттағы плантациялық екпелер;
5) агроорман-мелиорациялық екпелер;
6) жеке меншіктегі шаруашылық автомобиль жолдарына бөлінген белдеулердегі қорғаныштық екпелер жатады.";
3) 8-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
"3. Жекеше орман қоры жерлеріне Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтарына және Қазақстан Республикасының шетелдіктер қатыспайтын мемлекеттік емес заңды тұлғаларына орман өсіру үшін нысаналы мақсатпен жеке меншігіне немесе ұзақ мерзімді жер пайдалануға берілген:
1) қолдан өсірілген екпелер;
2) табиғи тұқымдық және (немесе) вегетативтік жолмен пайда болған екпелер;
3) жекеше орман питомниктерi;
4) арнайы мақсаттағы плантациялық екпелер;
5) агроорман-мелиорациялық екпелер;
6) жеке меншіктегі шаруашылық автомобиль жолдарына бөлінген белдеулердегі қорғаныштық екпелер жатады.";
4) 23-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"23-бап. Жекеше орман иелену құқығының туындауы
Жекеше орман иелену құқығы оларға Қазақстан Республикасы азаматтарының және Қазақстан Республикасының шетелдіктер қатыспайтын мемлекеттік емес заңды тұлғаларының Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес жеке меншігіне немесе ұзақ мерзімді жер пайдалануға берілген жерлерінде туындайды.".
3. 2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне:
282-баптың 8-1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
"8-1. Инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік меншіктен жер учаскелерін беру үшін жобаны инвестициялық деп айқындау тәртібін әзірлейді және бекітеді.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген тәртіп, басқалармен қатар, жер учаскесін беруді тиісті өңірлік үйлестіру кеңесімен келісу рәсімін көздеуге тиіс".
4. "Телерадио хабарларын тарату туралы" 2012 жылғы 18 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына:
1) 5-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
"2. Қазақстан Республикасының телерадио хабарларын тарату туралы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылауды уәкілетті орган, телерадио хабарларын таратуды техникалық қолдап отыру саласындағы уәкілетті орган және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органдары жүзеге асырады.";
2) 5-1-баптың 1 және 2-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылауды уәкілетті орган және телерадио хабарларын таратуды техникалық қолдап отыру саласындағы уәкілетті орган, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органдары олардың қызметі бойынша түрлі ақпарат көздерінен алынған мәліметтерді салыстыру арқылы жүргізеді.
2. Теле-, радиокомпаниялар, телерадио хабарларын тарату операторлары және дара спутниктік және эфирлік қабылдау құрылғыларын таратушылар бақылау субъектілері болып табылады.";
3) 7-баптың 1-тармағының 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"3) осы Заңның 7-бабы 2-тармағының 3) және 5) тармақшаларында және 8-бабының 1-1-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының телерадио хабарларын тарату туралы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;";
4) 8-бап мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:
"1-1. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органдары телерадио хабарларын тарату операторларының көрсетілетін қызметтеріне шартты қолжетімді карталарды және телерадио хабарларын тарату саласында лицензиясы жоқ және Қазақстан Республикасының аумағында меншікті спутниктік хабар тарату жүйелері жоқ телерадио хабарларын тарату операторларының теле-, радиосигналын жеке қабылдауға арналған жабдықтарды таратуға тыйым салу бойынша талаптардың сақталуын мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады.";
5) мынадай мазмұндағы 38-1-баппен толықтырылсын:
"38-1-бап. Телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, телерадио хабарларын тарату (интернет-телерадио хабарларын тарату)
1. Телекоммуникация желісінде телерадио хабарларын тарату телекоммуникация хабарларының берілуін қамтамасыз ететін телекоммуникация құралдары мен байланыс жолдарын пайдалана отырып, теле-, радиоарналарды тарату жүйесін білдіреді.
2. Телекоммуникация желілерінде теле-, радиоарналарды тарату теле-, радиоарналарды тарату жөніндегі қызметпен айналысу үшін лицензия негізінде жүзеге асырылады.".
5. "Қазақстан Республикасының Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2015 жылғы 2 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына:
1-бапта:
3) тармақша алып тасталсын;
5) тармақшаның төртінші және бесінші абзацтары алып тасталсын;
6) тармақша алып тасталсын.
6. "Қазақстан Республикасы Жер кодексінің жекелеген нормаларының қолданысын және "Қазақстан Республикасының Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2015 жылғы 2 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының қолданысқа енгізілуін тоқтата тұру туралы" 2016 жылғы 30 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына:
1) 1-бапта:
4) тармақшадағы "2021 жылғы" деген сөздер "2026 жылғы" деген сөздермен ауыстырылсын;
2) 2-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"2-бап. Қазақстан Республикасының Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2015 жылғы 2 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының қолданысқа енгізілуі 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін тоқтатыла тұрсын".".
7. "Жайылымдар туралы" 2017 жылғы 20 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына:
1) 13-баптың 2-тармағының 8) тармақшасындағы "өзге де талаптарды қамтуға тиіс." деген сөздер "өзге де талаптарды;" деген сөздермен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 7-1) тармақшамен толықтырылсын:
"7-1) жергілікті жағдайлар мен ерекшеліктерге байланысты жеке ауладағы ауыл шаруашылығы жануарларын жаюға халықтың мұқтаждықтарын қанағаттандыру үшін қажетті жайылымдардың сыртқы шекаралары мен алаңдары белгіленген картаны қамтуға тиіс.";
2) 14-бап мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:
"1-1. Жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарда көрсетілген аумақтарда орналасқан жайылымдар жеке меншікке және уақытша жер пайдалануға берілмейді және жеке ауладағы ауыл шаруашылығы жануарларын жаюға халықтың мұқтажы үшін ғана пайдаланылады.";
3) 15-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарда көрсетілген аумақтарда орналасқан жайылымдар жергілікті халықтың ауыл шаруашылығы жануарларының аналық (сауын) мал басын ұстау бойынша мұқтаждықтарын қанағаттандыру үшін беріледі.".
2-бап. Осы Заң 2021 жылғы 1 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының |
Президенті |