Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Еуразиялық экономикалық комиссияның кадр құрамын қалыптастыру тетігін нақтылау бөлігінде өзгерістер енгізу туралы хаттаманың жобасына қою туралы ұсыныс енгізілсін.
Қазақстан Республикасының | |
Премьер-Министрі | А.Мамин |
Жоба |
2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Еуразиялық экономикалық комиссияның кадр құрамын қалыптастыру тетігін нақтылау бөлігінде өзгерістер енгізу туралы ХАТТАМА
Бұдан әрі мүше мемлекеттер деп аталатын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер,
2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 115-бабын басшылыққа ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа мынадай өзгерістер енгізілсін:
1) Еуразиялық экономикалық комиссия туралы ережеде (көрсетілген Шартқа № 1 қосымша):
54-тармақта:
төртінші абзацтағы "4 жыл мерзімге" деген сөздер алып тасталсын;
төртінші абзацтан кейін мынадай мазмұндағы абзацтармен толықтырылсын:
"Комиссия департаменттерінің директорларымен және олардың орынбасарларымен еңбек шарттары (келісімшарттар) осы Ереженің 33-тармағына сәйкес қалыптастырылған Комиссия Алқасының жұмыс мерзімінен аспайтын мерзімге жасалады.
Комиссия Алқасының Төрағасы Комиссия департаменттері директорларының және олардың орынбасарларының еңбек шарттарын (келісімшарттарын) 3 айға дейінгі мерзімге бір рет ұзартуға құқылы.
Комиссия департаменті директорының немесе Комиссия департаменті директоры орынбасарының еңбек шарты (келісімшарты) мерзімінен бұрын тоқтатылған (бұзылған) жағдайда, Комиссия департаментінің директоры немесе Комиссия департаменті директорының орынбасары бос лауазымына тағайындалатын адаммен еңбек шарты (келісімшарт) осы Ереженің 33-тармағына сәйкес қалыптастырылған Комиссия Алқасының жұмыс мерзімі аяқталғанға дейін қалған мерзімге жасалады.";
сегізінші абзац "конкурстық негізде" деген сөздерден кейін "және егер мүше мемлекеттің заңнамасында білікті іріктеудің қажеттілігі көзделсе, мүше мемлекетте жүргізілген мұндай іріктеудің нәтижелері ескеріле отырып," деген сөздермен толықтырылсын;
тоғызыншы абзацтағы "(келісімшарттар) негізінде қабылданады." деген сөздер "(келісімшарттар) негізінде 5 жыл мерзімге қабылданады. Комиссия қызметкерімен жасалатын еңбек шартын (келісімшартты) Комиссияның тиісті құрылымдық бөлімшесінің қызметіне жетекшілік ететін Комиссия Алқасы мүшесінің ұсынуы бойынша, оның ішінде өткізілген аттестаттау нәтижелерін ескере отырып, Комиссия Алқасының Төрағасы дәл сол мерзімге ұзартуы мүмкін." деген сөздермен толықтырылсын;
2) Еуразиялық экономикалық одақтағы әлеуметтік кепілдіктер, артықшылықтар мен иммунитеттер туралы ережеде (көрсетілген Шартқа № 32 қосымша):
43-тармақтағы "осы Ереженің" деген сөздер "Шарттың" деген сөзбен ауыстырылсын;
53-тармақтың бірінші абзацы "жұмыс істегенге дейін" деген сөздерден кейін "кез келген кезеңде" деген сөздермен толықтырылсын.
Осы Хаттамаға сәйкес 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа енгізілетін өзгерістермен байланысты мыналар белгіленсін:
еңбек шарттарында (келісімшарттар) осы Хаттама күшіне енгенге дейін жасалған Еуразиялық экономикалық комиссия (бұдан әрі – Комиссия) департаменттерінің директорлары мен директорларының орынбасарлары өздерінің еңбек шарттарында (келісімшарттарда) көзделген мерзімдер өткенге дейін өздеріне жүктелген міндеттерді атқаруды жалғастырады;
Комиссия қызметкерлерінің мерзімді еңбек шарты (келісімшарт) талаптарымен жұмысқа ауысуына байланысты іс-шаралар осы Хаттама күшіне енген күннен бастап 6 ай ішінде Комиссия Алқасының Төрағасы бекітетін тәртіппен жүзеге асырылады. Бұл ретте жүктілігі және босануы бойынша немесе бала 3 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты демалыстағы Комиссия қызметкерлерінің, сондай-ақ уақытша еңбекке жарамсыздығы кезеңіндегі Комиссия қызметкерлерінің мерзімді еңбек шарты (келісімшарт) талаптарымен жұмысқа ауысуына байланысты іс-шаралар көрсетілген демалыстар (кезең) аяқталғаннан кейін жүзеге асырылады;
Комиссия қызметкерлерінің еңбек шарттары (келісімшарттар) мерзімінің өзгеруіне байланысты осы Хаттама күшіне енген күнге дейін еңбек шарттарын (келісімшарттар) жасасқан Комиссия қызметкерлерінің мерзімді еңбек шарты (келісімшарт) талаптарымен жұмысқа ауысуы конкурс өткізілмей жүзеге асырылады.
Осы Хаттама мүше мемлекеттердің оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарий дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап күшіне енеді.
20__жылғы "____" ___________ ____________қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды.
Осы Хаттаманың төлнұсқа данасы Еуразиялық экономикалық комиссияда сақталады, ол осы Хаттаманың депозитарийі бола отырып, әрбір мүше мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.
Армения | Беларусь Республикасы үшін | Қазақстан Республикасы үшін | Қырғыз Республикасы үшін | Ресей Федерациясы үшін |