Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
"Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі аумақтық даму жоспарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
А. Мамин |
Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі аумақтық даму жоспарын бекіту туралы
Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарын іске асыру, сондай-ақ елдің әрбір өңірінің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін дамыту және тиімді пайдалану негізінде халықтың тұрмыс сапасын қамтамасыз ететін жағдайлар жасау мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі аумақтық даму жоспары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі, орталық және жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар, ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдинг пен ұлттық компаниялар өз қызметінде осы Жарлықты басшылыққа алсын және оны іске асыру бойынша қажетті шараларды қабылдасын.
3. "Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың 2030 жылға дейінгі болжамды схемасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 9 қазандағы № 185 Жарлығының күші жойылды деп танылсын.
4. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
5. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ.Тоқаев |
Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы № Жарлығымен БЕКІТІЛГЕН |
Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі аумақтық даму
ЖОСПАРЫ Мазмұны
1. Ағымдағы ахуалдың пайымы, оны талдау және бағалау 3
2. Аумақтық дамудың қағидаттары, тәсілдері мен бағыттары 15
3. Аумақтық даму жоспарының бағыттарын іске асыру тетіктері 28
4. Ел дамуының негізгі параметрлері. 31
5. Өңірлерді перспективалық дамыту схемалары 33
1-қосымша
2-қосымша
1. Ағымдағы ахуалдың пайымы, оны талдау және бағалау
1.1. Жалпы ережелер
Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі аумақтық даму жоспары (бұдан әрі – Аумақтық даму жоспары) Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесіне (бұдан әрі – Мемлекеттік жоспарлау жүйесі) сәйкес әзірленді.
Аумақтық даму жоспары "Қазақстан-2050" Стратегиясының және Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 26 ақпандағы № 520 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының "Теңгерімді аумақтық даму" басымдығының мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған, Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарының қағидаттары мен тәсілдерін негізге алады.
Стратегиялық бағдарламалық құжат ретінде Аумақтық даму жоспарының рөлі – ел дамуының кеңістіктік аспектісі бөлігінде төмен тұрған жобалар мен жергілікті атқарушы органдардың жоспарларын үйлестіру.
Аумақтық даму жоспарында 2025 жылға дейінгі аумақтық даму бойынша мемлекеттің жаңа пайымы, қағидаттары мен тәсілдері қамтылған.
Аумақтық даму жоспарын іске асыру тетігі мемлекеттің әртүрлі деңгейлердегі рөлін қайта қарауды ескере отырып әзірленді.
Аумақтық даму жоспарында пайдаланылатын ұғымдар:
1) қалалық агломерация – бір немесе бірнеше ірі қаланың (агломерация орталықтарының) айналасында орналасқан, күнделікті еңбек, өндірістік, әлеуметтік-мәдени функционалдық байланыстары, сондай-ақ бір-бірімен аумақтық бірігу үрдісі бар урбандалған елді мекендердің жергілікті жүйесі;
2) функционалдық урбандалған аудан (ФУА) – инфрақұрылымдық объектілерді бірлесіп пайдаланумен байланысқан және қарқынды экономикалық, оның ішінде еңбек және әлеуметтік байланыстармен біріктірілген, халқының жалпы саны кемінде 200 мың адам болатын жинақы орналасқан елді мекендер мен олардың арасындағы аумақтардың жиынтығы, ол мыналарды қамтиды:
а) моноқала болып табылмайтын, халқының тығыздығы 1 шаршы км шаққанда 1 000 адамнан кем болмайтын үлкен немесе ірі өзек-қала;
б) еңбек жасындағы тұрғындарының кемінде 15 %-ы өзек-қалаға күнделікті маятниктік көші-қонға қатысатын қоршаған моно және шағын қалалар (өзек-қаладан 50 км аспайтын радиуста) және ауылдық елді мекендер (өзек-қаладан 30 км аспайтын радиуста);
в) ірі қала – халқының саны 500 мың тұрғыннан асатын қалалық елді мекен;
г) үлкен қала – халқының саны 100 мыңнан 500 мың тұрғынға дейінгі қалалық елді мекен;
д) орташа қала – халқының саны 50 мыңнан 100 мың тұрғынға дейінгі қалалық елді мекен;
е) шағын қала – халқының саны 50 мың тұрғыннан аз қалалық елді мекен;
ж) моноқала – өнеркәсіп өндірісінің және еңбекке қабілетті халықтың негізгі бөлігі (20 %-дан астамы) бір немесе бірнеше (көп емес) қала құраушы, әдетте, бір бейіндегі және шикізаттық бағыттағы (мономамандану) әрі қалада болып жатқан барлық экономикалық және әлеуметтік процестерді айқындайтын кәсіпорындарда шоғырланған орташа немесе үлкен қала. Моноқалалар санатына мынадай өлшемшарттардың бірімен сипатталатын қалалар кіреді:
қаланың қала құраушы кәсіпорындарының, негізінен өндіруші сектордың өнеркәсіп өндірісінің көлемі жалпы қалалық өндіріс көлемінің (мономамандану) 20 %-дан астамын құрайды;
қаланың қала құраушы кәсіпорындарында жұмыспен қамтылған халықтың жалпы санының 20 %-дан астамы жұмыс істейді;
4) тірек ауылдық елді мекен – абаттандырылған ауылдық елді мекен (АЕМ), мұнда сол жерде тұратын халықты және қосылып ауылдық кластер құрайтын іргелес ауылдық елді мекендердің (серіктес АЕМ) тұрғындарын мемлекеттік көрсетілетін қызметтермен және әлеуметтік игіліктермен қамтамасыз ету үшін инфрақұрылым жасалады;
5) ауылдық кластер – тірек АЕМ-нен және оны 10-15 км радиуста қоршап жатқан ауылдардан (серіктес АЕМ) тұратын АЕМ жиынтығы (бұл ретте Түркістан, Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Қызылорда облыстарындағы ауыл кластерінің радиусы (тірек және серіктес АЕМ арасындағы қашықтық) 10 км аспайды, ал қалған облыстарда 15 км аспайды);
6) шекара маңындағы аумақтар – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан 50 км дейінгі қашықтықта орналасқан әкімшілік-аумақтық құрылымдардың және елді мекендердің аумақтары;
7) экономикалық өсу орталықтары – ел немесе өңір экономикасында инновациялар мен прогресс көздерінің функциясын орындайтын, "ауқым әсерінің" арқасында өндіріс факторларының тартылыс полюстері (шоғырлану) болып табылатын, жаңа тауарлар өндіретін және қызметтер көрсететін серпінді дамып келе жатқан салалардың кәсіпорындары орналасатын елді мекендер;
8) экономикалық дәліз (даму дәлізі) – көлік байланысы жоғары дамыған, халықтың тығыздығы салыстырмалы түрде жоғары және белсенді экономикалық қызметі бар кеңістік (экономикалық дәліз, әдетте, дәліздің негізгі экономикалық түйіндері (хабтары) ретінде қызмет ететін бірнеше ірі немесе үлкен қалаларды, сондай-ақ осы қалалардың айналасындағы және арасындағы аудандарды қамтиды, сондай-ақ кеңістікте теңгерімделген экономикалық өсу мен дамуға ықпал етеді);
9) кеңістікте даму – қоныстандыру жүйесін (елді мекендер желісін) және экономиканы аумақтық ұйымдастыруды жетілдіру, оның ішінде демографиялық үрдістерді, қалыптасып келе жатқан "өсу нүктелерін" және аумақтардың байланыстылығын арттыру жөніндегі шараларды ескеретін өңірлік дамудың тиімді мемлекеттік саясатын жүргізу есебінен жетілдіру;
10) зәкірлік инвестициялық жоба – Қазақстан экономикасының шикізатқа қатысты емес секторларында іске асырылатын және моно немесе шағын қаланың экономикасын әртараптандыруға бағытталған, кемінде 50 тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланған инвестициялық жоба;
11) ұлттық жоба – саланы (аяны) дамыту үшін маңызды міндеттерді (жобаларды) белгіленген мерзімдерде шешуге бағытталған іс-шаралар кешенін іске асыруда жан-жақты ведомствоаралық өзара іс-қимылды және басым бюджеттік қаржыландыруды қамтамасыз ететін құжат;
12) уәкілетті орган – өңірлік даму саласындағы басшылықты, сондай-ақ салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органы.
1.2. Ағымдағы ахуалды талдау және бағалау
Қазақстанның аумақтық-кеңістіктік құрылымының қалыптасуы мен дамуына ресурстық әлеуеттің болуы және оны пайдалану қарқындылығы айтарлықтай әсер етеді.
Жер және су ресурстары. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдаланудың негізгі проблемалары егістік жерлердің тозуы, суармалы жерлердің жеткілікті түрде тиімді пайдаланылмауы, жердің мелиорациялық жай-күйінің нашарлауымен қатар жүретін суару және дренаж жүйелерінің едәуір тозуы болып табылады.
Орташа жылдық температураның одан әрі артуымен жердің шөлейттену проблемасы күшейеді, Қазақстанның ауыл шаруашылығы аймақтарының солтүстікке ығысуы орын алады, бұл ауыл шаруашылығындағы өндіріс көлеміне және жалпы ауылдық жерде қоныстануға теріс әсер етеді.
Аумақтық-кеңістікте дамуға су ресурстарының өсіп келе жатқан тапшылығы мен ұтымсыз пайдаланылуы, жерүсті және жерасты суларының ластануы, трансшекаралық өзендердің мемлекетаралық су бөлу проблемалары елеулі ықпал етуді жалғастыруда.
Энергиямен қамтамасыз етілу. Маңызды мәселелердің бірі маневрлік қуатқа деген қажеттілік болып табылады. 2030 жылға қарай "Сарыарқа" магистральдық газ құбырын іске қосу есебінен газдандырумен қамтуды 13,5 млн адамға дейін ұлғайту жоспарлануда.
Мұнай өнеркәсібі. Бірқатар өңірлерде табиғи ресурстардың сарқылу үрдістерінің сақталуына, сондай-ақ әлемдік тауар биржаларында шикізат ресурстарына қажеттіліктің төмендеуіне байланысты Қазақстанда оларды өндірудің тұрақты төмендеуі байқалады.
Мәселен, 2010 – 2020 жылдары шикі мұнай өндіру көлемі Ақтөбе облысында 36,0 %-ға, Қызылорда облысында 67,4 %-ға және Маңғыстау облысында 11,6 %-ға төмендеді.
Болжамдарға сәйкес 2018 жылмен салыстырғанда 2030 жылға дейін мұнай өндірудің Қызылорда облысында 67,4 %-ға, Маңғыстау облысында 15,2 %-ға, Ақтөбе облысында 12,1 %-ға төмендеуі күтілуде.
Сумен жабдықтау және су бұру. Елдің климаттық-географиялық ерекшеліктерін, трансшекаралық өзендерде су жіберудің қазіргі келеңсіз үрдістерін ескере отырып, елді мекендерді сумен жабдықтау ерекше өзектілікке ие болады.
Қалалардың жайлылығы мен экологиялылығын арттыру тұрғысынан су бұрумен жеткіліксіз қамту проблемасы сақталуда.
2020 жылдың қорытындысы бойынша халықты сарқынды суларды тазартумен қамту 70,5 %-ды құрады.
87 қаланың 27-де кәріз-тазарту құрылыстары жоқ, ал 26 қалада олардың жаңғырту және реконструкциялау талап етіледі.
Автомобиль жолдары. Қанағаттанғысыз күйдегі жергілікті жолдардың жоғары үлесі сақталуда. Батыс Қазақстан облысында ол 65,9 %-ды, Ақтөбе облысында 39 %-ды, Атырау облысында 39 %-ды және Солтүстік Қазақстан облысында 31 %-ды құрайды.
Ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым. Автомобиль жолдары мен темір жолдардың, ауылдық елді мекендердің ұтқыр байланыспен және Интернетпен (4G) толық қамтылмауы ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның проблемасы болып табылады, бұл цифрлық теңсіздікті сақтап отыр. Қазіргі уақытта талшықты-оптикалық байланыс желілерін және LTE (4G) сымсыз радиоқолжетімділігінің сымсыз желілерін пайдалана отырып, АЕМ-ді Интернет желісіне кең жолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілуде.
Ел халқын қоныстандырудың оңтайлы жүйесі және нарықтық байланыстардың сипаты. Қазақстанда халық қалалық агломерациялар мен ірі қалаларда (негізінен облыс орталықтары), моно және шағын қалалар мен тірек АЕМ-де шоғырланған.
Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалаларында орталықтары бар төрт агломерацияда ел халқының 36 %-ы тұрады. Агломерация орталықтарында елдің жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) шамамен үштен бірі өндіріледі. Агломерациялар үлесіне елге тартылатын шетелдік инвестициялардың 60 %-дан астамы тиесілі.
Қалалық агломерацияларды дамытуда бірқатар проблемалар байқалады: қалалық агломерацияны дамытуды басқарудың бірыңғай моделі жоқ, орталық қала мен агломерацияның шеткері елді мекендерін инфрақұрылымдық дамыту мен бюджеттік жоспарлауды үйлестірудің жеткіліксіздігі байқалады. Желілердің тым тозуына, көліктік байланыстың нашар болуына, қоршаған ортаға антропогендік әсерге байланысты проблемалар өзекті күйінде қалуда.
Азаматтық қорғау инфрақұрылымының тозу проблемасы сақталып отыр.
Күн сайынғы маятниктік көші-қон нәтижесінде агломерациялардың орталықтарында әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымға қомақты жүктеме түседі, тұрғын үй тапшы және т.б.
Осыған ұқсас, бірақ бұдан аздау проблемалар ірі қалаларда да (облыс орталықтары мен Семей қаласы) байқалады.
Моно және шағын қалаларда проблемалар олардың экономикасын әртараптандырудың төмен деңгейімен, халықтың жұмыспен қамтылуының қала құраушы кәсіпорынның даму перспективаларына жоғары тәуелділігімен, шикізат қорларының сарқылуымен (мысалы, Жаңаөзен, Арқалық қалаларында) байланысты.
Ауылдық жерлерде ел халқының 41 %-ы тұрады, 6,3 мың ауылдың ішінде халқының саны 500 адамнан кем 3,3 мың АЕМ-де (52,4 %-ы) 648,2 мың адам (елдің ауыл халқының 11 %-ы) тұрады. Инфрақұрылымды дамыту, ауыз сумен, интернетпен қамтамасыз ету ауылдағы өзекті проблемалар болып қала береді.
Қазақстанның шекара маңындағы өңірлері халықтың жан басына шаққандағы орташа табысының мөлшері, бәсекеге қабілетті кәсіптік білім беретін оқу орындарының болуы жағынан басқа мемлекеттердің шекара маңындағы бірқатар облыстарынан артта қалып отыр, бұл білікті мамандар мен жастардың кету тәуекелін туғызады.
Тұтастай алғанда, Қазақстанның аумақтық дамуының негізгі үрдістері:
экономикалық өсудің орталықтардың шектеулі санында шоғырлануы, қалалардың әлеуметтік-экономикалық рөлінің өсуі;
неғұрлым жоғары технологиялық құрылыстарға көшу есебінен экономиканы кеңістікте ұйымдастыруды трансформациялау;
сыртқы нарықтарға шығу үшін республикалық маңызы бар инфрақұрылымдық шектеулердің сақталуы;
цифрландыру салдарынан мемлекеттік және өзге де көрсетілетін қызметтердің кеңістікте қолжетімділігін кеңейту;
ауыл шаруашылығында және өндіруші секторларда еңбек өнімділігінің өсуі (өндірісті автоматтандыру нәтижесінде) және осы секторларда жұмыс орындары санының төмендеуі (ауылдық аумақтар мен моноқалаларда) болып табылады.
Қазақстанның аумақтық дамуының негізгі проблемалары:
өңіраралық әлеуметтік-экономикалық теңсіздіктің жоғары деңгейі;
елдің экономикалық өсуін жеделдетуді қамтамасыз ету үшін экономикалық өсу орталықтары санының жеткіліксіздігі;
халықтың көші-қон ұтқырлығының дамыған елдерге тән орташа мәндерден едәуір артта қалуы, бұл өңірлік еңбек нарықтарында проблемалардың туындауына әкеледі;
ауыл халқының өмір сүру деңгейінің қала тұрғындарының өмір сүру деңгейінен едәуір артта қалуы;
қалалардың көпшілігінде қалалық орта жайлылығының төмен деңгейі;
өңірлер экономикаларының құрылымында төмен технологиялық өндірістердің жоғары үлесі;
шағын қалалар мен ауылдық аумақтарда кәсіпкерлік белсенділіктің төмен деңгейі;
магистральдық көлік инфрақұрылымын дамытудың қазіргі деңгейінің экономика мен өңірлер халқының қажеттіліктеріне сәйкес келмеуі, тірек көлік желісінде және энергетика саласында республикалық маңызы бар инфрақұрылымдық шектеулердің болуы, экономикалық өсу орталықтарының өзара және басқа да аумақтармен көліктік байланысының төмендігі, елдің транзиттік әлеуетінің толық көлемде іске асырылмауы;
елдің көптеген қалаларындағы қоршаған ортаның қанағаттанғысыз жай-күйі, жасыл қордың тапшылығы, қатты тұрмыстық қалдықтарды жинақтаудың жалғасуы және қайта өңдеу мен кәдеге жаратудың төмен деңгейі, кейбір бірегей экожүйелердің тозуы болып табылады.
1.3. Көші-қон үрдістерін ескере отырып, демографиялық ахуалды болжау
2010 жылдан бастап 2020 жыл аралығындағы кезеңде Қазақстандағы демографиялық ахуал оң серпінмен атап өтіледі. Халық 2 млн адамға өсіп, 2020 жылдың қорытындысы бойынша 18,8 млн адамды құрады. 2025 жылға қарай ел халқының саны болжам бойынша 19,8 млн адамды құрайды.
Ең көп демографиялық өсу елдің негізгі адами капиталы шоғырланған елдің оңтүстік өңірлеріне тиесілі.
Қала халқының тез өсу үрдісі байқалады. 2010 жылдан бастап 2020 жыл аралығында белсенді өңіраралық көші-қон процестері мен табиғи өсім есебінен қала халқының саны 8,8 млн адамнан 11,1 млн адамға дейін өсті. Көрсетілген кезеңде қалалардағы халық саны 24 %-ға, ал ауылдық жерлердегі халық саны 4 %-ға ғана өсті.
2020 жылы елде урбандалу деңгейі 59,1 %-ды құрады. Болжамға сәйкес 2025 жылға қарай урбандалу деңгейі осы факторлардың әсерінен 63 %-ды құрайды.
Өңірлер бөлінісінде 2010 – 2020 жылдары көші-қон ағыны есебінен халықтың өсуі Маңғыстау облысында, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында байқалды.
Халықтың жүйелі түрде кетуі Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында байқалды. Жоғарыда аталған үрдістер 2025 жылға дейін жалғасады деп күтілуде.
Бұл процесті тежеу үшін қандастарды (репатриант-отандастар) тұрғын үймен, жер учаскелерімен және көшуге берілетін төлемдермен қамтамасыз етуді қоса алғанда, оларға әлеуметтік-экономикалық қолдау көрсетуді күшейту қажет.
Қазақстандағы демографиялық ахуалды талдау нәтижелері бойынша бірқатар проблемалар айқындалды, олардың ішінде бала туудың төмендеуі, халықтың қартаюы, еңбекке қабілетті халықтың кетуі, ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыскерлердің жұмыстан босатылуы негізгілері болып табылады.
Халықтың табиғи өсімі деңгейі бойынша қалыптасқан өңірлік айырмашылықтардың салдарынан, сондай-ақ көші-қонның тартушы және итермелеуші факторларын ескере отырып, демографиялық даму деңгейі бойынша өңірлерді 3 топқа бөлуге болады.
Өңірлердің бірінші тобында халықтың ең көп өсуі күтілуде – бұл Алматы, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстары, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары.
Халықтың өсу үрдістері тұрғын үй, әлеуметтік және көлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен озыңқы қамтамасыз ету, жұмыс орындарын құру бойынша шаралар қабылдауды көздейді.
Екінші топқа халықтың тұрақты өсуі (Ақтөбе, Жамбыл, Батыс Қазақстан облыстары) және оның қарқынының шамалы төмендеуі (Ақмола, Қарағанды және Павлодар облыстары) болжанатын өңірлер біріктірілген.
Бұл өңірлерде халықтың табиғи өсімінің жоғары қарқынын сақтап, эмиграцияны төмендету маңызды. Осыған байланысты бала туу мәселелері өңірлердің әлеуметтік-демографиялық саясатын әзірлеудегі негізгі буындардың бірі болып табылады.
Тұрғын үйге қол жетімділікті және халықтың тұрмыс сапасын арттыру демографиялық процестерге, атап айтқанда табиғи өсімнің ұлғаюына әсер ететін фактор болып табылады.
Өңірлердің үшінші тобында көші-қон ағынының ұлғаюы және өлім-жітімнің жоғары деңгейі (әсіресе жас кезінде) есебінен халық санының төмендеу үрдісі басым – бұл Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстары.
Перспективада елдің бірқатар өңірлері еңбек ресурстарының босатылуы және салааралық ағыны проблемасына тап болады.
Төмендегі кестеде көші-қон үрдістері ескеріле отырып, Қазақстандағы демографиялық ахуалдың болжамы ұсынылған.
Кесте |
Көші-қон процестерін ескере отырып, демографиялық ахуалды болжау
Өңір | Халықтың орташа жылдық саны, мың адам | |||||
---|---|---|---|---|---|---|
2020 ж. (факт) * | 2021 ж.** | 2022 ж.** | 2023 ж.** | 2024 ж.** | 2025 ж.** | |
Қазақстан Республикасы | 18 755,7 | 18 987,4 | 19 203,8 | 19 411,9 | 19 611,7 | 19 804,2 |
Ақмола облысы | 736,2 | 734,9 | 733,4 | 731,6 | 729,3 | 726,7 |
Ақтөбе облысы | 888,0 | 899,2 | 909,9 | 920,1 | 929,7 | 938,8 |
Алматы облысы | 2 066,8 | 2 088,5 | 2 109,6 | 2 129,3 | 2 147,6 | 2 164,7 |
Атырау облысы | 651,2 | 663,3 | 675,4 | 687,4 | 699,1 | 710,7 |
Шығыс Қазақстан облысы | 659,1 | 663,4 | 667,8 | 671,7 | 675,2 | 678,3 |
Жамбыл облысы | 1 134,6 | 1 141,0 | 1 144,4 | 1 147,1 | 1 149,2 | 1 150,8 |
Батыс Қазақстан облысы | 1 376,4 | 1 374,3 | 1 370,9 | 1 366,7 | 1 361,6 | 1 355,8 |
Қарағанды облысы | 866,6 | 862,3 | 857,7 | 852,7 | 847,1 | 841,2 |
Қостанай облысы | 809,1 | 818,9 | 827,7 | 836,0 | 844,0 | 851,6 |
Қызылорда облысы | 709,2 | 729,0 | 747,7 | 766,3 | 784,7 | 802,9 |
Маңғыстау облысы | 751,6 | 749,7 | 746,7 | 743,3 | 739,4 | 735,1 |
Павлодар облысы | 546,2 | 540,8 | 534,9 | 528,8 | 522,4 | 515,8 |
Солтүстік Қазақстан облысы | 2 030,4 | 2 051,9 | 2 065,9 | 2 078,7 | 2 090,3 | 2 100,9 |
Түркістан облысы | 1 366,7 | 1 359,7 | 1 351,2 | 1 341,9 | 1 331,7 | 1 320,8 |
Нұр-Сұлтан қ. | 1 160,3 | 1 213,0 | 1 270,0 | 1 327,1 | 1 384,2 | 1 441,4 |
Алматы қ. | 1 947,0 | 2 004,5 | 2 059,5 | 2 114,2 | 2 168,4 | 2 222,1 |
Шымкент қ. | 1 056,3 | 1 093,0 | 1 130,9 | 1 169,1 | 1 207,7 | 1 246,6 |
*Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының деректері
**Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек ресурстарын дамыту орталығының деректері
1.4. Өңірлердің экономикалық мамандануы
Қазақстанда 5 макроөңір экономикалық мамандануы, нарықтық байланыстардың сипаты, қоныстандыру жүйесі және географиялық белгісі бойынша айқын ерекшеленеді – мегаполистер, орталық-шығыс, батыс, солтүстік және оңтүстік.
Мегаполистер (Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары):
бизнес-көрсетілетін қызметтерде жұмыспен қамту мен кірістері жоғары индустриядан кейінгі кезеңдегі қалалар;
ішкі көшіп-қонушылар үшін "магниттер";
халық құрылымындағы төмен демографиялық жүктеме (ересек халық пен балалардың арақатынасы);
салыстырмалы түрде өмір сүрудің жоғары ұзақтығы және базалық мемлекеттік көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз етілу сапасы;
күрделі секторлардағы экономикалық мамандану (бизнес-көрсетілетін қызметтер, ақпарат және байланыс, жылжымайтын мүлікпен операциялар, қаржы қызметі);
перспективалы кластерлердің ауқымды тізбесі;
айтарлықтай айырмашылықтарға байланысты өздерінің географиялық макроөңірлеріне жатпайды.
Орталық-шығыс макроөңір (Қарағанды, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстары):
күрделі климаттық жағдайлар (су тапшылығы, ұзақ жылыту маусымы);
негізгі жұмыспен қамту тау-кен металлургия өнеркәсібіндегі және ел бойынша кірістері орташа жоғары индустриялық облыстар;
урбандалудың салыстырмалы түрде жоғары деңгейі, демографиялық жүктеменің төмен деңгейі;
өмір сүру ұзақтығы төмен, бұл ретте базалық мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді қамтамасыз етуде елеулі алшақтықтар жоқ;
бастапқы қайта бөлуде шектеулі экономикалық мамандану (тау-кен өндіру және металлургия өнеркәсібі, кокс және мұнай өңдеу өнімдерін өндіру, көлік және қоймалау);
әртараптандыру перспективалары шектеулі, ағымдағы мамандану айналасында бірқатар әлеуетті кластерлер бар (келесі қайта бөлу).
Батыс макроөңір (Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Қызылорда облыстары):
өте күрделі климаттық жағдайлар (су тапшылығы, жоғары температура);
негізгі жұмыспен қамту мұнай-газ өнеркәсібіндегі және кірістері салыстырмалы түрде жоғары шикізатты облыстар;
жоғары демографиялық жүктеме;
өмір сүру ұзақтығы және базалық мемлекеттік көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз етілу сапасы (кәрізбен қамту және орта білім беру сапасы, ішінара – Маңғыстау облысында сумен жабдықтау, Атырау облысында денсаулық сақтау, Қызылорда облысында балалар өлім-жітімі деңгейі) орташа;
тау-кен өндіру өнеркәсібі мен байланысты секторларда (бизнес-көрсетілетін қызметтер, кокс және мұнай өңдеу өнімдерін өндіру, көлік және қоймалау) шектеулі экономикалық мамандану, Атырау және Ақтау қалаларында бизнес-көрсетілетін қызметтер бойынша дамыған кластерлер;
әртараптандыру перспективалары шектеулі, ағымдағы маманданудың айналасында бірқатар әлеуетті кластерлер бар, оның ішінде Атырау облысында кластерлік дамудың белгілі бір перспективалары бар.
Солтүстік макроөңір (Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары):
негізгі жұмыспен қамту негізінен ірі кәсіпорындар әрекет ететін ауыл шаруашылығындағы және халық табысы төмен аграрлық облыстар;
төмен демографиялық жүктеме;
өмір сүру ұзақтығы төмен, базалық мемлекеттік көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз етілу сапасы (кәрізбен қамту, ішінара – Қостанай облысында дәрігерлер саны, Ақмола облысында 1 мұғалімге шаққандағы оқушылар саны) орташа;
ауыл шаруашылығында, тау-кен металлургия және тамақ өнеркәсібінде, Ақмола және Қостанай облыстарында – машина жасау салаларында экономикалық мамандану;
Ақмола облысында өңдеу өнеркәсібі салаларында әртараптандырудың белгілі бір перспективалары бар, қалған облыстарда әртараптандыру перспективалары шектеулі (Қостанай облысында жекелеген әлеуетті кластерлер).
Оңтүстік макроөңір (Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстары және Шымкент қаласы):
қолайлы климаттық жағдайлар, ұзақ мерзімді перспективада су тапшылығы қаупі бар;
негізгі жұмыспен қамту шоғырландырылмаған ауыл шаруашылығындағы (жеке қосалқы шаруашылықтарда) және кірістері төмен аграрлық өңірлер;
урбандалудың төмен деңгейі, жоғары демографиялық жүктеме;
өмір сүру ұзақтығы және базалық мемлекеттік көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз ету сапасы (кәрізбен қамту және орта білім беру сапасы, ішінара – Жамбыл облысында дәрігерлер саны, Алматы облысында мұғалімдер саны) орташа;
ауыл шаруашылығында, тамақ өнеркәсібінде, химияда және фармацевтикада, металға қатысты емес минералдық өнімдер өндірісінде (құрылыс материалдары) экономикалық мамандану;
Шымкент қаласында көрсетілетін қызметтер мен жеңіл өнеркәсіп секторларына (әлеуетті кластер) қарай әртараптандыру перспективалары ауқымды, қалған өңірлерде әртараптандыру перспективалары өте шектеулі (Алматы және Түркістан облыстарындағы жекелеген әлеуетті кластерлер).
1.5. Елді аумақтық дамыту пайымы
Аумақтық-кеңістікте даму жөніндегі халықаралық тәжірибеге шолу кеңістік өз заңдары бойынша табиғи түрде дамитынын (адамдардың еркін бөлінуі және аумақтағы экономикалық қызмет қағидатына сүйене отырып) көрсетті.
Елдер кеңістікті дамытудың бірдей процестерінен өтеді, бірақ әртүрлі кезеңдерінде болады, бұл экономикалық даму деңгейімен және мемлекеттің іс-қимылымен ұштасады.
Кеңістіктің 3 өлшемі бар, олардың күші географиялық деңгейге байланысты:
тығыздық – ауданның бір бірлігіне шаққанда халық пен экономикалық ресурстардың шоғырлануы (жергілікті деңгейде басым);
арақашықтық – географиялық дистанцияны еңсеру үшін физикалық және уақыт шығасылары (ұлттық деңгейде басым);
бытыраңқылық (кері интеграциялану) – адамдар мен ресурстардың қозғалысына кедергі жасайтын формальды және формальды емес институттар (халықаралық деңгейде басым).
Бұған халқы шашыраңқы орналасқан ірі елдер (Қазақстан сияқты) жатпайды, мұнда арақашықтық жергілікті деңгейде, ал бытыраңқылық ұлттық деңгейде елеулі болуы мүмкін.
Кеңістіктік трансформация адамдарды тұрғылықты жері мен қызметін оңтайлы таңдауға итермелейтін нарықтық күштердің (агломерация, көші-қон, мамандану) есебінен жүреді.
Кәсіпкерлік және мамандандырылған дағдылары бар адамдар тұлға болып қалыптасу мүмкіндіктерін іздеу үшін тез өсіп келе жатқан жерлерге көшеді.
Мұндай адамдардың шоғырлануы орын алғаннан кейін экономикалық өсу болады. Алдымен ол өңірлік теңгерімсіздіктерді тудырады: жікке бөліну – өсудің сөзсіз серігі. Бірақ кейінірек ресурстар мен білімнің ірі және әртараптандырылған "өзектен" периферияға "ағылуы" орын алады, сол арқылы мамандандырылған шағын қалалар мен ауылдар желісі қалыптасады. Кеңістік "тор" қағидаты бойынша дамиды: елді мекендер өзара байланысты болады, функцияларды өзара бөліседі. Бүкіл өңірде (макроөңірде) диспропорциялардың теңесуі және экономиканың әртараптануы орын алады.
Аумақтық-кеңістікте дамудағы мемлекеттің рөлі түзету сипатында болуға тиіс.
Көптеген мемлекеттер көбінесе табиғи заңдарға қарсы тұрып, "кеңістікті басқаруға" тырысты. Бірқатар елдерде бұл тиімсіз шығыстарға және түзету шараларына қайта оралуға әкеп соқты (Боливия мен Италияның тәжірибесі).
Саяси құрылымы әртүрлі, бірақ тәсілдері ұқсас, аумағы ірі елдер – АҚШ пен ҚХР Қазақстан үшін аумақтық-кеңістіктік саясаттың оң мысалдары бола алады.
АҚШ-та федералды үкіметтің міндетіне артта қалған штаттарды қаржыландыру есебінен тұрмыстың ең төменгі стандарттарын қамтамасыз ету кіреді: әлеуметтік блокта жан басына шаққандағы қаржыландыру, коммуналдық инфрақұрылым мен әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді қолдауға арналған бюджетаралық трансферттер, байланыстырушы инфрақұрылым мен мамандандырылған факторларды қамтамасыз ету есебінен аумақтардың экономикалық дамуын қолдау.
ҚХР-да "экономикалық теңсіздік және біркелі емес өсу" кеңістіктік саясаты қолданылды. Өңірлік саясат кезең-кезеңімен жүргізілді – аумақтар әлемдік жүйеге "Кейбір өңірлер басқаларына қарағанда ертерек байысын" деген ұранмен әртүрлі қарқында және ауқымда қосылды.
Нәтижесінде, "орталықтан" сәтті мемлекеттік араласу, әдетте, алдыңғы қатарлы емес, артта қалған өңірлерге бағытталған деген тұжырым жасауға болады. Озық өңірлерге үлкен дербестік беріледі.
Тығыздық, арақашықтық және бытыраңқылық деңгейіне байланысты кеңістіктік саясат құралдарының 3 топтамасы мынадай қатаң реттілікпен бөлінеді:
аумақтық бейтарап институттар,
аумақтық байланыстырушы инфрақұрылым, аумақтық атаулы ынталандыру.
Бастапқы құралдарды жеткіліксіз пысықтау кейінгі құралдардың тиімсіздігіне әкеп соғады.
Аумақтық бейтарап институттар ұлттық деңгейде маңызды. Тұратын өңіріне қарамастан, азаматтар базалық мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге тең дәрежеде қолжеткізуге тиіс. Оларға базалық мемлекеттік институттар, қауіпсіздік, осал топтарды әлеуметтік қолдау, орта білім, базалық медициналық көмек және қоғамдық инфрақұрылым (энергиямен жабдықтау, сумен жабдықтау, су бұру) жатады.
Аумақтық байланыстырушы инфрақұрылым өңіраралық деңгейде маңызды. Бұл экономикалық және адами ағындарды ынталандыру арқылы арақашықтық шығасыларын азайтады. Оған көлік (автомобиль және темір жолдар, әуежайлар, теңіз порттары, вокзалдар), энергетикалық, коммуникациялық және цифрлық инфрақұрылым жатады. Соңғысының маңыздылығының өсуі – жаһандық тренд, оның есебінен мемлекеттік және өзге де көрсетілетін қызметтердің кеңістіктік қолжетімділігі кеңейеді.
Аумақтық атаулы ынталандыру өңірлік деңгейде маңызды. Оларға нақты бір аумаққа ғана қатысты нормалар, қағидалар және инвестициялар түріндегі сатылас қолдау шаралары жатады.
Жоғарыда көрсетілген шаралар топтамасын іске асыру бірізділігінің сақталмауы тиімсіз және ашық емес шығыстарға әкеп соғуы, сондай-ақ халық арасындағы бытыраңқылықты күшейтуі мүмкін.
Қазақстанның "ашық жүйе" жағдайындағы аумақтық-кеңістіктік дамуы мынадай факторлармен тығыз байланысты:
1. Қазақстан – Орталық Азияның бір бөлігі, оған ірі ішкі нарықтардың болмауына (тығыздық), ірі әлемдік нарықтардан алшақтығына (арақашықтық) және өткізгіштігі нашар шекараларға (бытыраңқылық) байланысты сын-қатерлер өзекті болып табылады.
Оларды еңсеру үшін көрші мемлекеттер тарапынан неғұрлым ауқымды интеграция мен ынтымақтастықты күшейту қажет.
2. "Кеңістік деспотиясы" – ұлан-ғайыр аумақтағы халық тығыздығының өте төмен болуы, бұл күшті ұжымшылдықпен күрделене түседі. Мұның өзі көші-қонды және өңірлер деңгейіндегі интеграцияны тежейді, жергілікті жерлердегі жағдайды консервациялайды.
Қазақстан жағдайында арақашықтық сын-қатері қазірдің өзінде өңірлер деңгейінде, ал бытыраңқылық елдің бөліктері арасында маңызды болып отыр.
3. Ресей Федерациясы, Өзбекстан және Қытай тарапынан күшті сыртқы тартылыс. Орта мерзімді перспективада көрші мемлекеттер тарапынан сыртқы тартылыс күшейе түседі.
4. Қазақстандағы халықтың шоғырлануы. Ірілендіру процестері урбандалу арқылы ғана емес, ауылдық жерлерде де жүреді (ауыл халқының 26 %-ы қалалық агломерациялар аймақтарында тұрады).
"Қазақстан 2050" стратегиясы елдің ұзақ мерзімді дамуы үшін идеологиялық тұғырнама болып табылады, оның негізінде "мықты және жауапты адамдардың біртұтас ұлты" идеясы жатыр.
Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға және әл-ауқатын арттыруға бағытталған "адамға бағдарлану" қағидатына сәйкес құрылымдалған.
Аумақтық-кеңістікте дамуға бірінші кезекте негізгі нарықтық тетіктер – агломерация, көші-қон және мамандану әсер етеді. Бұл экономикалық факторлардың еркін қозғалысы ілгерілететін табиғи және эволюциялық процесс.
Алайда, Қазақстан жағдайында бұл процестің олқылықтары байқалады, ол елдің географиялық ерекшеліктері мен бейресми институттардан туындаған. Перспективалы институционалдық жүйе мен инфрақұрылымдық негіз осы олқылықтарды жоюға тиіс.
Аумақтық даму жоспарының субъектісі аумақтық-кеңістікте дамудың мемлекеттік саясаты болып табылады.
Аумақтық даму жоспарының мәні – кеңістіктік саясатты және ұтымды аумақтық ұйымдастыруды реформалау тәсілдерін қалыптастыру.
Осыған байланысты бұл құжат қолданыстағы нормативтік құқықтық актілермен реттелетін мемлекеттік органдардың тұрақты қызметіне емес, өзгерістер төңірегінде шоғырланған.
Осылайша, 2025 жылға қарай елдің аумақтық-кеңістікте дамуында мынадай сапалы өзгерістер болады:
атқарушы билік деңгейлері арасында өкілеттіктерді теңгерімді бөлу, бұл жергілікті жерлердегі тұрмыс сапасы мен өзара сенім деңгейінің оң және тұрақты өсу серпініне алып келеді;
макроөңірлердің стратегиялық инфрақұрылыммен жарақтандырылуы, бұл жеке инвестициялардың өсуіне және олардың еңбек нарығының біртіндеп өзгеруіне әкеледі.
2. Аумақтық дамудың қағидаттары, тәсілдері мен бағыттары
2.1. Аумақтық даму қағидаттары
Аумақтық даму жоспарының мақсаты өңірлердің әлеуетін ашу және қолдау арқылы олардың әлеуметтік-экономикалық жүйелерінің бәсекеге қабілеттілігін нығайту болып табылады.
Аумақтық даму жоспарына мынадай қағидаттар негіз болды:
1) аумақтық бейтараптық – әлеуметтік-экономикалық саясаттың бытыраңқылық пен әлеуметтік шиеленіске әкеп соғуы мүмкін деңгейлес (салалық) саясаттары мен шараларында аумақтық кемсітушіліктің болмауы;
2) адамға бағдарлану – өңірлік саясатты адамдардың мүддесі үшін қалыптастыру (мемлекет адамдар мен бизнестің кеңістіктік таңдауына араласпайды, бұл ретте халықтың базалық мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге тең қолжетімділігін қамтамасыз етеді);
3) өңірлердің дербестігі – өңірішілік даму мәселелерін шешуді жергілікті халық пен бизнестің мүдделері мен пікірін ескере отырып, жергілікті мемлекеттік органдарға беру. Жергілікті атқарушы органдар жергілікті жерлердегі проблемаларды шешу үшін жеткілікті өкілеттіктер мен ресурстарға ие болуға тиіс. Республикалық деңгейде жалпыұлттық немесе өңіраралық ауқымдағы мәселелерді шешу сақталады.
Аумақтық дамудың осы қағидаттары орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың өз бастамаларын іске асыру кезінде сақтауы үшін міндетті қағидалар болып табылады.
2.2. Аумақтық даму жоспарының тәсілдері мен бағыттары
Аумақтық даму жоспарының мақсаттарына қол жеткізу және қағидаттарын іске асыру үшін мынадай тәсілдер көзделген:
1) аумақтық-кеңістікте дамуды институционалдық қамтамасыз ету;
2) өңірлер арасында базалық мемлекеттік көрсетілетін қызметтердегі алшақтықты азайту;
3) өңіраралық аумақтық байланыстылықты қамтамасыз ету;
4) экономикалық және өңірлік дамуды конвергенциялау;
5) өңірлер ішінде орнықты кеңістікте даму.
1-тәсіл. Аумақтық дамуды институционалдық қамтамасыз ету.
Тәсілдің мәні формальды институттарды кеңістікте даму бөлігінде Аумақтық даму жоспарының ережелеріне сәйкес келтіруге, оның ішінде мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату арқылы сәйкес келтіруге сайып келеді.
Тәсілді іске асыру алгоритмі: кеңістікте даму үшін тікелей тосқауылдарды қамтитын қағидаларды жою; Аумақтық даму жоспарының қағидаттарына толық сәйкес келмейтін жекелеген қағидаларды өзгерту; жаңа қағидаларды соңғы кезекте енгізу.
1-бағыт. Кеңістіктік саясатты формальдандыру.
Кеңістіктік саясат – бұл негізгі нормативтік құқықтық актілер ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік органдар қабылдайтын көптеген шешімдер. Жаңа институттарды Аумақтық даму жоспарының қағидаттарына сәйкес келтіру бойынша тұрақты және жүйелі жұмыс жүргізу қажет.
Осы бағытты іске асыру қолданыстағы нормативтік құқықтық актілердің (орталық деңгейде де, жергілікті деңгейде де) Аумақтық даму жоспарының қағидаттарына сәйкестігін бағалау арқылы жүзеге асырылатын болады. Мұндай нормативтік құқықтық актілерге мыналар жатады (бірақ олармен шектелмейді):
"аумақтық бейтараптық" қағидатына сәйкес – бытыраңқылыққа ықпал ететін аумақтық кемсітушілік ережелерін жою бөлігінде кәсіпкерлік пен халықты қолдау бағдарламаларын қайта қарау;
"адамға бағдарлану" қағидатына сәйкес – халықты "жұмыс күші артық" деп аталатын өңірлерден "жұмыс күші тапшы" өңірлерге көшіру жөніндегі бағдарламаларды босатылатын қаражатты олардың арасында тепе-тең бөле отырып түзету немесе күшін жою;
"өңірлердің дербестігі" қағидатына сәйкес – базалық мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге қатысы жоқ ережелерді алып тастау мүмкіндігімен аумақтардың инклюзивті дамуын және халықтың өмір сүру сапасының тұрақты өсуін қамтамасыз ету мақсатында өңірлік стандарттар жүйесін жетілдіру;
кеңістікте дамудың нарықтық күштері – агломерацияны, көші-қонды және мамандануды (әкімшілік аумақтарды ірілендіру, бөлшектеу, біріктіру, қайта бағындыру, елді мекендердің ағымдағы әкімшілік мәртебесін өзгерту) ескере отырып, елдің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіру, бұл "адамға бағдарлану" қағидатын ескере отырып, жергілікті жерлерде мемлекеттік басқаруды оңтайлы күйге келтіруге мүмкіндік береді.
Іс жүзінде жаңа елді мекендерді құруға мараторий енгізіледі. Кен орындарын игеру кезінде елді мекендер мен мономаманданған әкімшілік орталықтар құрмай, вахталық әдіске басымдық беріледі.
Қытай Халық Республикасымен, Ресей Федерациясымен, Қырғызстанмен, Өзбекстанмен, Тәжікстанмен трансшекаралық суларды бөлу мәселелерін реттеуге ерекше назар аударылатын болады. Елдің су қорының жартысына жуығы сыртқы көздер есебінен толықтырылады. Су өңірлердегі экономиканың бірқатар салалары үшін де, халық үшін де негізгі қоғамдық игілік түрінде маңызды.
2-бағыт. Мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерді бөлу.
Аумақтық-кеңістіктік саясатты іске асыру "төменнен жоғарыға" қағидаты бойынша ресурстар мен жауапкершілікті өзара қиылыспайтын нақты бөлуді талап етеді. "Төменнен жоғарыға" қағидаты халық тығыздығының өсуімен сипатталатын аумақтық-кеңістікте дамудың бастапқы кезеңінде өңірішілік процестердің өзі маңызды болуымен байланысты.
Өңірішілік даму мәселелерін шешу жергілікті атқарушы органдар деңгейінде бекітіледі және жергілікті халық пен бизнестің мүдделеріне ғана негізделеді.
Осы тәсіл шеңберінде жауапкершілік аймақтарының аражігін одан әрі ажырата отырып, орталық және жергілікті атқарушы органдардың өкілеттіктеріне қатысты нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін болады.
Бұл өзгерістер, ең алдымен, мынадай шараларға қатысты болады:
бюджетаралық қатынастарды фискалдық орталықсыздандырудың пайдасына реформалау (жекелеген салықтар мен төлемдерді жергілікті бюджетке беру, салықтардың бір бөлігін жалпы сипаттағы трансферттер түрінде өңірден алынатын алымға барабар қайтару қағидаларын белгілеу);
тікелей аумақтық басқаруды Үкіметтен жергілікті атқарушы органдардың пайдасына біртіндеп бөлу;
тән емес, қайталанатын функцияларды "орталықтан" өңірге беру (орталық тарапынан жергілікті атқарушы органдардың артық реттелуін болдырмау, "орталықпен" коммуникациялар стратегиялық мәселелер бойынша және нысаналы трансферттер шеңберінде өтуге тиіс);
"Халық қатысатын бюджет" жобасын кеңейтуді қоса алғанда, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту.
Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының жергілікті атқарушы органдарының өкілеттіктерін кеңейту көзделеді. Бұл қалалардың ерекше мәртебесі туралы өз заңдары бар. Халықаралық тәжірибеге ("хартия-қалалар") сәйкес оларды индустриядан кейінгі кезеңде дамыту үшін мұндай қалаларға өзін-өзі реттеу және фискалдық саясат мәселелерінде біртіндеп үлкен еркіндік берілетін болады.
Қазіргі уақытта қалалық агломерацияларды дамыту бөлігінде белгілі бір институционалдық кедергілер бар – бұл агломерацияларды дамытуды реттейтін заңнамалық нормалардың болмауы, жер мәселелерін реттеудегі олқылықтар, қарыз қаражатын алу үшін шектеулер, статистикалық деректер мен әдіснаманың жетілдірілмеуі және басқалар.
Ол үшін агломерациялық дамуды заңнамалық қамтамасыз ету және қалалардың ел экономикасындағы рөлін арттыру жөніндегі жұмыс жалғасады. Қалалық агломерацияларды дамыту бойынша жеке заң жобасы әзірленетін болады, оны қабылдау орталық пен шеткері аймақ арасындағы функцияларды нақты бөлуге, шеткері аймақта қала құрылысы мен жер жоспарлауды реттеуге, агломерацияның бүкіл аумағында бірыңғай көлік моделін белгілеуге мүмкіндік береді.
Тұтастай алғанда, мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерді бөлу деңгейлес (салалық) саясаттарда "Аумақтық бейтараптық" қағидатын сақтауға, яғни мынадай бағыттарды іске асыруға шоғырланатын болады:
Үкімет базалық мемлекеттік көрсетілетін қызметтер бойынша өңіраралық алшақтықты қысқартуға жәрдемдеседі, сыртқы және ішкі өңіраралық байланысты (интеграцияны) қамтамасыз етеді, өңірлерде экономиканы дамытудың мамандандырылған факторларын жасайды;
жергілікті атқарушы органдар аумақтардың теңгерімді және инклюзивті дамуын және халықтың өмір сүру сапасының орнықты өсуін қамтамасыз етеді.
Ерекше мәртебесі бар бірегей институт ретінде "Астана" халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) кеңістікте дамудағы жаңа рөлі айқындалатын болады. Бұл институттың ауқымы кеңейеді, оның ішінде АХҚО юрисдикциясын арнайы экономикалық аймақтарға (АЭА) қолдану мүмкіндігімен кеңейтілетін болады. Бұл олардың тартымдылығын еселеп ұлғайта отырып, фискалдық ынталандырулардан басқа, ерекше құқықтық және реттеуші мәртебемен қамтамасыз етеді.
2-тәсіл. Өңірлер арасындағы базалық мемлекеттік көрсетілетін қызметтердегі алшақтықты азайту (халықтың өмір сүруінің базалық сапасын қамтамасыз ету).
Тәсілдің мәні елдің бүкіл аумағы бойынша мемлекеттік қызметтер көрсету сапасының қажетті базалық деңгейін қамтамасыз етуге, яғни әрбір азамат үшін заңнамамен кепілдік берілген базалық мемлекеттік көрсетілетін қызметтерде "теңгерімделген аумақтық дамуға" қол жеткізуге сайып келеді.
Жергілікті атқарушы органдардың ресурстары мен өкілеттіктері жеткіліксіз болған кезде Қазақстан Республикасының Үкіметі базалық көрсетілетін қызметтерге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында өткір инфрақұрылымдық алшақтықтарды жою үшін республикалық бюджеттен қаражат бөлетін болады.
Ең көп өңіраралық алшақтықтар (сәйкессіздіктер) коммуналдық инфрақұрылымды қамтамасыз ету, орта білім және цифрлық мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге қол жеткізу мәселелерінде байқалады. Басқа да базалық мемлекеттік көрсетілетін қызметтер бойынша кедергілер (мысалы, әлеуметтік қолдау, денсаулық сақтау және қауіпсіздік) көбінесе деңгейлес сипатқа ие және Қазақстан Республикасының ұлттық даму жоспары мен салалық тұжырымдамалардың қарау нысанасы болып табылады.
Мұндай тәсіл аясында көлемі мен географиялық орналасқан жеріне қарамастан, барлық елді мекендерде тұратын адамдар базалық мемлекеттік көрсетілетін қызметтер мен әлеуметтік жеңілдіктер алу мүмкіндігіне ие болады. Елдің тыныс-тіршілік үшін қолайлы аудандарында орналасқан елді мекендер көлемінің ұлғаюымен қоғамдық игіліктердің неғұрлым кең тізбесі мен олардың жоғары сапасы қамтамасыз етілетін болады.
1-бағыт. Коммуналдық көрсетілетін қызметтердегі алшақтықты азайту.
Неғұрлым өткір өңіраралық алшақтықтар (диспропорциялар) сумен жабдықтау және су бұру инфрақұрылымына тиесілі.
Осыған байланысты артта қалған өңірлерді инженерлік-коммуналдық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданатын болады.
Бұл бағыт бірінші кезекте сумен жабдықтаумен және су бұрумен қамтамасыз ету, коммуналдық сектор желілерін (электрмен, газбен және жылумен жабдықтау желілері) жаңғырту мәселелерін шешуге бағдарланатын болады.
2-бағыт. Білім беру және медициналық көрсетілетін қызметтердегі алшақтықты азайту.
Мемлекет бастауыш және орта білім берумен толық қамтуға қол жеткізді, алайда олардың сапасында айтарлықтай алшақтық бар. Көптеген өңірлерде PISA нәтижелері бойынша оқу және математикалық сауаттылықтың ең төмен деңгейі бар балалардың төмен үлесі ерекше алаңдаушылық тудырады.
"Сапалы білім" мемлекеттің деңгейлес саясаты болып табылады. Осыған қарамастан, қолайлы білім беру ортасы да балалар үшін маңызды және олардың оқу үлгеріміне әсер етеді. Осыған байланысты, бірінші кезекте, авариялық және үш ауысымды мектептер проблемасы, сондай-ақ тұтастай алғанда сыныптардың шамадан тыс жүктелуі шешілетін болады.
Аумақтық даму тұрғысынан Үкіметтің міндеті жергілікті жерлерде білім беру мекемелерінің инфрақұрылымын қаржыландырумен қамтамасыз ету болып табылады. Бұл ретте "адамдар инфрақұрылымға" моделі (мысалы, шағын ауылдардың балаларын ірі ауылдар мен аудан орталықтарындағы интернаттарда немесе патронаттық отбасыларда тұру мүмкіндігін қамтамасыз ету арқылы) қолданылуы мүмкін.
Осы бағыт шеңберінде жаңа мектептер (модульдік мектептер) салу және жұмыс істеп тұрғандарын жаңғырту, білікті кадрлармен қамтамасыз ету, мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту, ауылдық жерлерде спортпен айналысу және шығармашылық даму үшін жағдайлар жасау, сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесінің көрсетілетін қызметтерінің сапасы мен қолжетімділігін арттыру үшін медициналық объектілерді салу және жаңғырту мәселелері шешілетін болады.
3-бағыт. Цифрлық мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге қол жеткізудегі алшақтықты азайту.
Базалық мемлекеттік қызметтерді сапалы көрсетудегі кедергілердің бірі арақашықтық болып табылады. Оны еңсеру үшін мемлекет жаһандық трендке сүйене отырып, көрсетілетін қызметтердің көпшілігін цифрлық форматқа ауыстыруда (электрондық үкімет, коммуникациялар, мектептегі онлайн оқыту, телемедицина және т.б.).
Алайда, қолжетімділік мәселесі өзекті күйінде қалуда – ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылыммен, әсіресе ауылдық аумақтарда толық қамтылмаудан туындайтын цифрлық теңсіздік сақталуда.
Аумақтық даму жоспары шеңберінде Үкімет бүкіл аумақ бойынша цифрлық инфрақұрылым тартуда, оның базасында провайдерлер халыққа көрсетілетін қызметтерді ұсына алады. "Адамдар инфрақұрылымға" моделі арқылы жергілікті атқарушы органдар одан әрі кеңейту орынсыз болатын нүктелерге халықтың ішкі көші-қонына ықпал ететін болады.
Бұл жұмыс ауылдық елді мекендерге Интернетке кең жолақты қолжетімділік (КЖЖ) үшін талшықты-оптикалық байланыс желілерін (ТОБЖ) жүргізу, шалғайдағы ауылдарды Интернет желісіне баламалы қолжеткізу жүйелерімен (зондтайтын қабылдағыштар және төмен орбиталық серіктес жүйелер) қамтамасыз ету арқылы жүргізілетін болады.
Тұтастай алғанда, көрсетілген бағыттарды орындау жөніндегі
іс-шараларды іске асыру бейінді ұлттық жобалар мен тұжырымдамалар шеңберінде, сондай-ақ "Ауыл – Ел бесігі" жобасының шеңберінде "адамдар инфрақұрылымға" қағидаты бойынша жүзеге асырылатын болады.
Тірек ауылдардан бастап республикалық маңызы бар қалаларға дейінгі әртүрлі елді мекендер үшін Өңірлік стандарттар жүйесінің талаптарын жетілдіру және одан әрі іске асыру жалғасады.
Өңірлік стандарттар жүйесінің мақсаты – ауылдық және қалалық жерлерде тұратын орта сәйкес келуге тиіс базалық талаптарды белгілеу.
Әкімшілік-аумақтық бірліктің әрбір деңгейі үшін өз стандарттары әзірленді, олар үнемі жетілдірілетін болады.
Ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі саясат "Ауыл – Ел бесігі" жобасы шеңберінде тірек ауылдардың (оларға жақын орналасқан ауылдарды қоса алғанда) инфрақұрылымын жаңа өңірлік стандарттар деңгейіне дейін жаңғырту арқылы жұмыспен қамтамасыз етуге, ауыл тұрғындарының табысы мен тұрмыс жайлылығын арттыруға, жер учаскелеріне инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізуге және жұмыс берушінің өз қаражаты есебінен ауылда тұрғын үй салуды субсидиялауға бағытталатын болады.
3-тәсіл. Өңіраралық аумақтық байланыстылықты қамтамасыз ету.
Тәсілдің мәні сыртқы және ішкі магистральдық инфрақұрылымдық қаңқаны (көлік, энергетикалық және цифрлық байланыстылық) нығайту арқылы "ашық жүйе" жағдайында өңірлерді бірыңғай экономикалық кеңістікке интеграциялауға сайып келеді.
Тәсіл адамдар мен жүктердің физикалық қозғалысы бойынша да, сондай-ақ желілік секторлардың көрсетілетін қызметтеріне қол жеткізу бойынша да арақашықтық шығасыларын азайту арқылы халық пен экономикалық ресурстардың ұтқырлығын ынталандыруға бағытталған, бұл өңірлердің дамуына серпін береді.
1-бағыт. Көлік байланыстылығы.
Көлік инфрақұрылымы (авто және темір жолдар, авто және теміржол вокзалдары, әуежайлар мен теңіз порттары) байланыстылықтың негізі болып табылады. Ол адамдар мен экономикалық ресурстардың еркін және жылдам қозғалысын қамтамасыз етеді.
Сыртқы да, ішкі де байланыстылықты қамтамасыз ету мақсатында табиғи жолмен (нарықтық экономика шеңберінде) қалыптасатын экономикалық өсу орталықтарын "шұғыла қағидаты" бойынша бірыңғай көлік желісіне интеграциялаудың ерекше маңызы бар.
Тұтастай алғанда, бұл бағыт екі тәсілмен іске асырылатын болады: сыртқы байланыстылықты (сыртқы нарықтарға шығуды жеңілдететін) және ішкі өңіраралық байланыстылықты қамтамасыз ету.
Бірінші міндет:
халықаралық экономикалық дәліздердің құрылысын аяқтау (Қазақстан аумағы арқылы бірнеше авто және теміржол дәліздері өтеді,
Алматы – Шымкент – Ташкент, Алматы – Үрімші, Алматы – Нұр-Сұлтан–Ресейдің миллиондаған тұрғыны бар қалалары басым деп танылады);
облыс орталықтарынан (сондай-ақ Семей қаласынан) көрші елдердің (Ресей, Қытай, Өзбекстан) миллиондаған тұрғыны бар қалаларына автожолдарды жаңғырту;
темір жолдардың өткізу қабілетін ұлғайту, бұл халықаралық экономикалық дәліздердің транзитін ұлғайтуға, атап айтқанда жолдар (жаңа және екінші) мен айналма желілер салу, сондай-ақ учаскелерді жаңғырту есебінен ықпал ететін болады;
облыс орталықтарындағы халықаралық маңызы бар әуежайларды реконструкциялау және жаңғырту (инвесторлар мен таланттардың өңірлер аумақтарына қолайлы қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін міндетті шарт) арқылы шешілетін болады.
Экономикалық дәліздерді қалыптастыру өңірлік экономикаларды әртараптандыру және олардың тығыздығын арттыру, жаңа жұмыс орындарын құру, аумақтық-кеңістіктік өзгерістерді ілгерілету және агломерациялық процестерді жеделдету тұрғысынан аса маңызды мәнге ие.
Бұл міндет көлік байланыстылығын қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен күш-жігерге қатысты шекара маңындағы мемлекеттермен жасалатын келісімдермен сүйемелденетін болады.
Ішкі өңіраралық байланыстылықты қамтамасыз ету жөніндегі екінші міндет ірі қалалар мен облыс орталықтары (республикалық маңызы бар авто және теміржол магистральдары) арасындағы жол жүру уақытын қысқартуға бағытталатын болады. Экономикалық белсенділіктің "асып кетуін" қамтамасыз ету үшін неғұрлым аз дамыған қалалардың (өңірлердің) неғұрлым көп дамыған қалалармен (өңірлермен) байланыстылығын күшейту осы міндеттің негізгі басымдығы болып табылады.
Агломерация орталықтары мен ірі қалаларда қалалар мен қала маңы арасындағы байланысты қамтамасыз ету үшін қала маңы көлігінің интеграцияланған инфрақұрылымы (бірыңғай моделі) жасалатын болады.
Экономикалық өсу орталықтары арасындағы көлік қатынастарын дамытуға ерекше назар аударылатын болады. Мәселен, облыс орталықтары Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе және Шымкент хаб-қалаларымен "шұғыла" қағидаты бойынша қосылатын болады.
Қаржыландырудың қомақты көлемі жергілікті жолдарды күтіп ұстауға, жөндеуге және реконструкциялауға бағытталатын болады, бұл адамдар мен тауарлардың ұтқырлығын арттырады. Алдағы кезеңде өңірлер ішіндегі инфрақұрылымдық алшақтықтар толығымен жойылады.
АЕМ-дер ауылдық округтердің орталықтарымен және аудан орталықтарымен жабыны қатты жолдармен байланысатын болады, ал аудан орталықтары, моно және шағын қалалар облыс орталықтарымен қосылатын болады.
2-бағыт. Энергетикалық байланыстылық.
Бұл бағыт шеңберінде меншікті энергия көздері жоқ өңірлерде коммуналдық көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін арттыру бойынша жүйелі шаралар қабылданатын болады.
Электрмен және газбен жабдықтаудың қолжетімділігі бағаны да қамтиды. Бұл ішкі ғана емес, сыртқы магистральдық инфрақұрылымға да қосылу мүмкіндігін білдіреді.
Ұзақ мерзімді перспективада тұтастай алғанда, елдің бірыңғай энергия жүйесіне бірігу есебінен жүйенің орнықтылығы қамтамасыз етілетін болады.
Ол үшін 2 міндет шешіледі:
батыс макроөңірдің елдің бірыңғай энергия жүйесіне қосылуы;
солтүстік және орталық-шығыс макроөңірлерді газдандыруды аяқтау.
3-бағыт. Цифрлық байланыстылық.
Бағыт Қытайдан Еуропалық одақ елдеріне Каспий теңізі немесе Ресей арқылы өтетін магистральдың бір бөлігі ретінде елдің шығысынан батысына қарай электр байланысы желісін жүргізуді көздейді. Бұл трафикті өңдеуді ұлғайтуға және Интернетке жақсырақ қол жеткізу есебінен экономиканың жаһандық бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге мүмкіндік береді.
Перспективада Транс-Каспий және трансшекаралық ТОБЖ салынғаннан кейін аталған инфрақұрылым дата-орталықтар мен майнингтік фермаларды дамыту үшін маңызды мамандандырылған факторға айналады.
4-тәсіл. Экономикалық және өңірлік дамуды конвергенциялау.
Тәсілдің мәні халық табысындағы өңіраралық алшақтықты (диспропорцияларды) еңсеру үшін Үкіметтің артық салалық (секторалдық) инфрақұрылым жасауы болып табылады.
Соңғы жылдары байқалып отырған халықтың ақшалай табысындағы өңіраралық алшақтықтардың біртіндеп қысқарғанына қарамастан, олар әлі де айтарлықтай күйде. Базалық мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді теңестіруден және магистральдық инфрақұрылым салудан басқа, кірістердің тұрақты өсуі үшін нақты сектордағы экономикалық қызметті ынталандыру, яғни агроөнеркәсіптік кешенде (АӨК) және индустриялық секторларда бизнес үшін мамандандырылған факторлар құру талап етіледі.
Бұған бизнеске арналған мамандандырылған факторлар арқылы қол жеткізіледі, олар:
бәсекелестікті бұзбайды;
тікелей қолдау шараларына (субсидиялар, лизингтік қаржыландыру, гранттар) қарағанда тәуекелдерді мемлекетке жүктемейді;
экономикалық ресурстардың шоғырлануын және кластерлеуді ынталандырады.
Аумақтық даму жоспары АӨК пен өнеркәсіп үшін инфрақұрылым салудың кеңістіктік аспектісі бойынша орталық мемлекеттік органдар үшін "жоғарғы тәсілдерді" белгілейді.
Өңірлердің ішінде жергілікті атқарушы органдар оларды дербес қалыптастырады.
Жобаларды кеңістікте ұйымдастыру бөлігінде оларға басымдық беру оңтүстік, солтүстік, орталық-шығыс, батыс макроөңірлердегі халық табысының деңгейіне сәйкес жүргізілетін болады.
1-бағыт. АӨК үшін мамандандырылған факторлар.
Ауыл шаруашылығы елдің оңтүстік және солтүстік макроөңірлерінің көптеген аудандарында жұмыспен қамтуда үстем саудаланатын сектор болып табылады. Сапалы инфрақұрылым жасау ауылдық жерлердегі халық кірісінің өсуін ынталандыру үшін аса маңызды болып табылады.
Осы бағыт шеңберінде мынадай міндеттерді шешу бойынша шаралар қабылданатын болады:
ирригация және мелиорация жүйелерін құру, қалпына келтіру және жаңғырту (суару және құрғату) арқылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің өнімділігін арттыру;
химияландыру жүйелерін құру және жаңғырту, фитосанитария мен ветеринарияны дамыту арқылы биологиялық факторлардың тиімділігін арттыру;
елдің ауыл шаруашылығына цифрлық шешімдерді жаппай енгізу арқылы технологиялық факторлардың тиімділігін арттыру (қадағалау жүйелері, карталау, электрондық паспорттар және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді басқару жоспарлары).
2-бағыт. Индустриялық даму үшін мамандандырылған факторлар.
Бағыт өнеркәсіптің өзін де (тау-кен өндіру, өңдеу), қосалқы секторлар – сауда мен логистиканы да дамыту мәселелерін қамтиды.
Өңірлер қазірдің өзінде белгілі бір секторларда маманданған, жинақталған "білімі" бар, бұл олардың даму әлеуетін алдын ала айқындайды. Белсенді индустрияландыру кезеңінде негізгі мамандандырылған инфрақұрылым салынды. Бүгінде оның тиімділігін арттыру міндеті тұр.
Кластерлік дамуды ынталандыруда мемлекеттің күш-жігері де қажет. Өңдеу өнеркәсібі мен көрсетілетін қызметтердің байланысты секторларындағы әлеуетті кластерлер бүгінде негізінен кейбір ірі қалаларда қалыптастырылады.
Бағыт үш міндеттен тұрады:
1) инфрақұрылымға қол жеткізу үшін әкімшілік кедергілерді жоя отырып, арнайы экономикалық аймақтарда және индустриялық аймақтарда қажетті инфрақұрылым салуды аяқтау;
2) өңірлердің бәсекелік артықшылықтары мен әлеуетінің негізінде, сондай-ақ бизнес тарапынан сұраныс болған кезде мамандандырылған жаңа факторлар құру (тау-кен өндіру секторында бірқатар өңірлерде табиғи ресурстардың сарқылу үрдісі сақталуда, секторды одан әрі дамыту үшін геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуді және координаталық инфрақұрылымды дайындауды мемлекеттік ынталандыру бойынша шаралар қабылданатын болады (аз зерттелген аумақтардың шикізаттық әлеуетін бағалау, перспективалы учаскелерді анықтау және болжамды ресурстарды бағалау);
3) Ресеймен, Қытаймен, Өзбекстанмен, Қырғызстанмен трансшекаралық сауда орталықтарын дамыту және күшейту, бұл елдің шекара маңындағы өңірлерінің экономикалық дамуына, оның ішінде сауда-логистикалық инфрақұрылым салу және халықаралық ынтымақтастық шеңберінде рәсімдік кедергілерді жою есебінен (рәсімдік талаптарды жою немесе қысқарту, нормативтік рәсімдерді жақындастыруға жәрдемдесу және басқалар) ықпал ететін болады.
3-бағыт. Су ресурстары.
Су ресурстары тапшылығының өсуі және жер үсті суларының ластануы проблемалары осы мамандандырылған факторға тәуелді жекелеген салалардың дамуына теріс әсер етуді жалғастырады.
Экономикалық дағдарыстардан басқа, су дағдарысы теріс әлеуметтік және экологиялық салдарға әкелуі мүмкін.
Үкімет тарапынан ұлттық маңызы бар су объектілері (өңіраралық және ірі өңірлік объектілер) бойынша инфрақұрылымдық шешімдер қабылданады.
Бағыт шеңберінде мынадай міндеттер шешілетін болады:
ірі өзендер (салаларын қоса алғанда) сапасының жай-күйін "жақсы" деңгейге дейін көтеру;
су қоймаларын реконструкциялау және салу;
жерасты су ресурстарын әзірлеу.
5-тәсіл. Өңірлер ішінде орнықты аумақтық даму.
Тәсілдің мәні жергілікті жерлерде жергілікті қоғамдастықтармен бірлесіп кеңістікте даму болып табылады.
Аумақтарды теңгерімді дамыту және адамдардың тұрмыс сапасының орнықты өсуі үшін қажетті жағдайлар жасау жергілікті атқарушы органдардың негізгі міндетіне айналуға тиіс.
Тұрақты кеңістікте дамуға жергілікті атқарушы және өкілді органдардың халықпен және бизнеспен күнделікті негізде тығыз өзара іс-қимылы арқылы қол жеткізіледі.
Кеңістіктік аспектіде жергілікті атқарушы органдардың міндеттері үкіметтік міндеттерге ұқсас, бірақ ауқымы аз. Жергілікті атқарушы органдар өз өкілеттіктері мен бюджеттері шеңберінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасы мен аумақтық қолжетімділігін арттыру, өңірлер ішіндегі байланысты қамтамасыз ету, сапалы урбандалу және елді мекендер инфрақұрылымын кешенді дамыту жөніндегі міндеттерді шешетін болады.
Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Орнықты даму мақсаттарымен үйлестірілген өңірлік стандарттар жүйесі жергілікті атқарушы органдар үшін бағдар болады.
1-бағыт. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасы.
Бұл бағытқа әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мәселелері – әлеуметтік-мәдени мақсаттағы объектілер, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымы, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, білім беру, мектепке дейінгі тәрбие жүйелерінің ұйымдары, коммуналдық көрсетілетін қызметтерді өндіретін және халыққа ұсынатын ұйымдар жатады.
Бюджет шығыстарының тиімділігін арттыру үшін "адамдар инфрақұрылымға" моделі қолданылатын болады.
Осы бағыт шеңберіндегі негізгі міндет – өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес халықты базалық мемлекеттік көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз ету.
Нәтижесінде азаматтар базалық мемлекеттік қызметтер мен әлеуметтік игіліктерді "қадамдық қолжетімділікте" немесе жақын маңдағы әкімшілік орталықта (немесе тірек ауылда), оның ішінде толық автоматтандыру және оларды электрондық форматқа ауыстыру есебінен алу мүмкіндігіне ие болады.
2-бағыт. Өңірішілік байланыстылық.
Жергілікті атқарушы органдар өңірішілік байланыстылықты арттыру жөніндегі шаралардың іске асырылуын қамтамасыз етеді, бұл адамдар мен ресурстардың ұтқырлығын арттыруға ықпал ететін болады. Бірінші кезекте, бұл облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын дамыту мәселелеріне қатысты.
Аудан орталықтары мен шағын қалалардың облыс орталықтарымен, ал ауылдық елді мекендердің ауылдық округ орталықтарымен және аудан орталықтарымен байланысын қамтамасыз ету басымдық болады.
Бағыт шеңберінде негізгі міндет – елді мекендерді облыстық және аудандық маңызы бар әкімшілік орталықтармен байланыстыратын жергілікті жолдардың жай-күйінің сапасын арттыру.
3-бағыт. Сапалы урбандалу.
Қалалар мен елді мекендердің ашықтығын, қауіпсіздігін, өміршеңдігін және экологиялық орнықтылығын қамтамасыз ету БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі орнықты дамуының басты мақсаттарының бірі болып табылады.
Урбандалу жаһандық құбылыс болып табылады, қалалардың ел экономикасындағы әлеуметтік-экономикалық маңызы ұдайы өсіп келеді.
Қазақстанда ауылдық жерлерге қарағанда анағұрлым жоғары табыс, өзін-өзі таныту үшін ауқымды мүмкіндіктер және ұсынылатын мемлекеттік қызметтердің жоғары сапасы оның драйверлері болып табылады.
Басқарылатын урбандалу – бұл келетін еңбек ресурстарының тұру және бейімделу жағдайларын қамтамасыз ету және оларды қала экономикасына тарту. Ол қала халқының ғана емес, бүкіл ел халқының мүддесі үшін жүргізіледі.
"Басқарылатын урбандалу" тәсілі қалалардың тұрғын үй және коммуналдық инфрақұрылымын көші-қон ағынына дайындау, сондай-ақ қалаларға ауыл халқының жаппай ағылуына жауап ретінде алдын алу шараларын ("адамдар инфрақұрылымға" қағидаты) қабылдау болып табылады.
Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдар жер ресурстарын кешенді басқару және көліктік жоспарлау, қала құрылысы саясаты мен қалалық жоспарлауды (urbanplanning) жетілдіру, қалалар экономикасын жаңғырту, халық пен бизнестің қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды озыңқы дамытуға инвестициялау, "жасыл" технологияларды қолдана отырып, жасыл аймақтарды кеңейту сияқты құралдарды пайдаланатын болады. Қалалардың өсуін бақылау құралдары енгізіледі (sprawling).
Халықты қалалық және ауылдық жерлерде одан әрі қоныстандыру негізінен экономикалық және экологиялық факторлармен айқындалатын болады. Халықты экономикалық өсу орталықтарында және тұрмыс үшін қолайлы жағдайлары бар жерлерде шоғырландыру жалғасады. Қалай болғанда да, ірі қалалар мен облыс орталықтары шалғайдағы шағын қалалар мен ауылдардың халқын өзіне сіңіруді жалғастырады. Жергілікті атқарушы органдар ішкі көшіп-қонушылардың келуіне әзір болуға тиіс.
Ұдайы қоныстандыруды сақтау үшін барлық тірек және серіктес АЕМ-де жыл бойы жүруге жарамды қанағаттанарлық күйдегі жолдар желісі болады. Халықтың электр энергиясына, сумен және газбен жабдықтауға, Интернет желісіне қолжетімді баға бойынша қосылу мүмкіндігі болады.
Азаматтық қорғау инфрақұрылымын дамыту бойынша жұмыс жүргізіледі.
Ұзақ мерзімді перспективада урбандалу деңгейінің ұлғаюы көрсетілетін қызметтер секторының экономикаға үлесін кеңейтуге де, жұмыс орындары санының тұрақты өсуін қамтамасыз ететін көрсетілетін қызметтердің жаңа түрлерін құруға да мүмкіндік береді. Цифрландыру мен автоматтандыруға байланысты адамдардың негізгі жұмыспен қамтылуы шығармашылық тәсілді, көбірек өзара іс-қимылды және қашықта үйлестіруді талап ететін автоматтандырылмаған күрделі міндеттерді орындаумен байланысты болады.
Көрсетілетін қызметтер секторын дамыту экономиканың басқа секторларынан босатылған жұмыскерлерді, сондай-ақ еңбек нарығына алғаш рет кіретін жас мамандарды жұмысқа орналастыруға мүмкіндік береді.
"Адамдар инфрақұрылымға" моделіне көшуді назарға алсақ, азаматтардың пікірін міндетті түрде ескере отырып және олардың тұрмыс сапасын арттыру мүддесінде елдің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіру қажет (ірілендіру, кішірейту, біріктіру, қайта бағындыру).
Тұтастай алғанда, аумақтық-кеңістіктік саясатты жергілікті органдар, оның ішінде өңірлерді дамыту жоспарларын іске асыру арқылы тікелей іске асыратын болады.
4-бағыт. Өңірлердің бәсекелік артықшылықтары негізінде "өсу нүктелерін" дамыту
Табиғи нарықтық күштерге байланысты (агломерация, көші-қон, мамандану) өңірлерде ірі қалалар базасында экономикалық өсу орталықтары қалыптастырылуда.
Бәсекелік артықшылықтарды қамтамасыз ету үшін жергілікті атқарушы органдар ұлттық жобаларды және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың даму жоспарларын, ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің және ұлттық компаниялардың даму жоспарларын іске асыру шеңберінде өңірлік инфрақұрылымды (көлік, энергетика және басқалары) жаңғыртуды жүзеге асырады.
Бұл ретте өңірлер ішіндегі жергілікті деңгейде жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің барлық спектрін тірек елді мекендер (перспективалы шағын қалалар мен тірек ауылдар) арқылы көрсететін болады.
Қалыптасып келе жатқан экономикалық өсу орталықтары мен өңірішілік тірек елді мекендердің тізбесі осы Аумақтық даму жоспарына 1-қосымшада келтірілген.
Қазақстан өңірлерінің бәсекеге қабілеттілігі қолда бар базалық салалар, Қазақстан аумағының экономикалық дамуының мықты тұстары және өңірлік экономиканың ағымдағы құрылымын әртараптандыру перспективалары негізінде қалыптастырылатын болады.
Қалаларды дамытуда басты басымдық адам болады, яғни тұрмыс сапасына, қауіпсіздікке, сапалы білім беруге, сапалы денсаулық сақтауға, қалалардың ішіндегі және арасындағы дамыған көлік байланысына, сапалы тамақ өнімдеріне, қолжетімді тұрғын үйге, тиімді қала құрылысына және жоғары экологиялық стандарттарды қолдауға назар аударылатын болады.
Моноқалаларға қатысты жоспарланған кезеңде даму саясаты зәкірлік инвестициялық жобаларды іске асыруды жалғастыруға, жаңа кен орындарын барлауға, қала құраушы кәсіпорындармен әріптестік бағдарламаларды іске асыруға, сондай-ақ инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталатын болады.
Шағын қалаларда дамыту жөніндегі шаралар қала құраушы кәсіпорындарды құруға жәрдемдесуді және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды қолдауды, кәсіпкерлікті және нәтижелі жұмыспен қамтуды қолдауды, микрокредит беруді, инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуды қамтитын болады.
Перспективалы моно және шағын қалалардың экономикалық өсу орталықтарына қол жеткізуін қамтамасыз ету есебінен ірі көлік дәліздерінің әлеуетін пайдалану моно және шағын қалаларды дамытудың пәрменді құралы болады.
Ауыл шаруашылығының өңделген өнімі, шағын инновациялық қала тұжырымдамасын іске асыру, туристік әлеуетті дамыту қала экономикасының құрылымын әртараптандырудың экономикалық бағыты бола алады.
Өңірлер бөлінісінде шикізаттық емес секторларды (салаларды) қамтитын перспективалық экономикалық маманданулардың тізбесі осы Аумақтық даму жоспарына 2-қосымшада келтірілген.
"Өсу нүктелерін" дамытуға және өңірлердің бәсекелік артықшылықтарын күшейтуге өңірлерді аумақтық-кеңістіктік дамыту құралдары ретінде арнайы экономикалық аймақтар мен индустриялық аймақтарды, парктерді дамытудың жаңа моделі ықпал ететін болады.
3. Аумақтық даму жоспарының бағыттарын іске асыру тетіктері
Аумақтық даму жоспарын іске асыру тетігі құралдарды, мемлекеттік органдар арасында рөлдерді бөлуді, іске асыру кезеңділігін және құжатты өзектілендіру тәртібін қамтиды.
3.1. Құралдар
Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, кеңістіктік саясат бір құжаттың (бұл жағдайда Аумақтық даму жоспарының) шеңберінен шығып, бүкіл Мемлекеттік жоспарлау жүйесін қозғайтын болады. Жоғары тұрған құжаттар мен деңгейлес (салалық) тұжырымдамалар институционалдық реформаларды қамтамасыз етеді, ал төмен тұрған құжаттар Аумақтық даму жоспарында белгіленген тәсілдерді іске асырады.
Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы, Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары және салаларды (аяларды) дамыту тұжырымдамалары бүкіл ел бойынша бірыңғай аумақтық-бейтарап институттар (бірыңғай "ойын ережелері") – саясаттар мен базалық мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді қамтамасыз етеді. Оларға, мысалы, қауіпсіздік пен заңдылық, макроэкономикалық тұрақтылық, жер саясаты, сыртқы экономикалық саясат, базалық медициналық көмек, әлеуметтік қолдау жатады.
Сапалы кеңістікте даму, ең алдымен, жоғарыда аталған құжаттардың орындалуына байланысты.
Аумақтық даму жоспары Ұлттық даму жоспарының, Ұлттық қауіпсіздік стратегиясының және тұжырымдамалардың релевантты реформаларының орындалуын мониторингтеу рөлін өзіне қалдырады. Аумақтық даму жоспарының қағидаттарына сәйкестігі тұрғысынан осыған ұқсас тұрақты мониторинг барлық әзірленетін нормативтік құқықтық актілерге қатысты жүргізілетін болады.
"Аумақтық-кеңістікте дамуды институционалдық қамтамасыз ету" деген 1-тәсілде көрсетілген міндеттер салаларды дамыту тұжырымдамаларында (мысалы, мемлекеттік басқару, жергілікті өзін-өзі басқару) көрсету арқылы шешілетін болады. Нормативтік құқықтық актілерге – Қазақстан Республикасының Бюджет және Салық кодекстеріне, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңға, қалалардың ерекше мәртебесі туралы заңдарға және басқа заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы түпкілікті іске асыру да көзделген.
Мемлекет мүмкіндіктерінің шынайылығын бағалай отырып және Конституция мен заңдарда кепілдік берілген ең төменгі деңгейді, базалық мемлекеттік көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз ету деңгейін бекіте отырып, өңірлік стандарттар жүйесін қайта қарау маңызды. Аумақтық даму жоспарын іске асыру шеңберінде оған 2 және 5-тәсілдер тәуелді.
"Адамға бағдарлану" қағидатына сәйкес сапалы шешім қабылдау мақсатында Аумақтық даму жоспары үшін сыртқы шарт ретінде халықтың нақты орналасқан жерін дәл есепке алу маңызды (іс-шараларды өткізудің басымдығы). Кезекті халық санағы бастапқы нүкте болмақ.
Аумақтық даму жоспары кеңістіктік аспектісі бар ұлттық жобалар үшін басым бағыттар мен міндеттерді қалыптастырады. Базалық мемлекеттік көрсетілетін қызметтерде болмашы өңіраралық алшақтықтары бар салаларда іске асырылатын деңгейлес сипаттағы ұлттық жобалар үшін Аумақтық даму жоспары тарапынан үйлестіру талап етілмейді.
2, 3 және 4-тәсілдерде көрсетілген Аумақтық даму жоспарының бағыттарын іске асыру ұлттық жобалар шеңберінде жүзеге асырылатын болады.
Аумақтық даму жоспары мынадай талаптарға сәйкес келуге тиіс ұлттық жобалардағы іс-шаралар тізбесін іріктеу үшін сүзгілерді де белгілейді:
1) өзгерістерді және соңғы мерзімді (мемлекеттік органдардың күнделікті жұмысын емес) қамтуға тиіс;
2) Аумақтық даму жоспарының 3 қағидатына сәйкес келу;
3) Аумақтық даму жоспарының 2, 3 және 4-тәсілдеріне жату;
4) Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму жоспарының макроэкономикалық параметрлерін есепке алу.
1 және 2-шарттарды қанағаттандырмайтын іс-шаралар алып тасталуға тиіс.
3-шартқа сәйкес келмейтін іс-шаралар тұжырымдамаларға немесе өңірлерді дамыту жоспарларына ауыстырылуға тиіс.
4-шартқа сәйкес келмейтін іс-шаралар басым емес тәртіппен іске асырылады не бюджеттен тыс қаражат есебінен қаржыландырылады.
Өңірлерді дамыту жоспарлары "Өңірлер ішіндегі орнықты аумақтық даму" деген 5-тәсілге бағдарланады. Оларды әзірлеу мен іске асыру Үкімет араласпай-ақ жергілікті атқарушы органдардың бюджеттері мен өкілеттіктері шеңберінде жүргізіледі.
3.2. Мемлекеттік органдардың рөлдері
Рөлдерді дұрыс бөлу құжатты (реформалар мен жобалар емес) имплементациялау үшін өте маңызды.
Реформалар жөніндегі жоғары кеңес (РЖК) (Президент Әкімшілігі):
Аумақтық даму жоспарын бекіту және өзектелендіру бойынша ұсынымдар;
Аумақтық даму жоспарының іске асырылу барысы туралы тыңдау қорытындылары бойынша кадрлық, институционалдық және басқа шешімдер бойынша ұсынымдар береді.
Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі (жобалық кеңсе, "DeliveryUnit"):
"Аумақтық дамуды институционалдық қамтамасыз ету" деген 1-тәсілді іске асыруды;
Ұлттық қауіпсіздік стратегиясының, Ұлттық даму жоспарының және аялар (салалар) тұжырымдамаларының релевантты реформаларының іске асырылуын мониторингтеу мен бағалауды;
нормативтік-құқықтық актілер жобаларының Аумақтық даму жоспарының қағидаттары мен тәсілдеріне сәйкестігін бағалауды (2-кезең);
кеңістікте дамуды одан әрі әдіснамалық сүйемелдеуді (үздік практикалар, жобаларға басымдық беру тәсілдері, өңірлер үшін "ақылды мамандану");
Реформалар жөніндегі жоғары кеңес үшін Аумақтық даму жоспарының іске асырылу барысы туралы есеп дайындауды;
Аумақтық даму жоспарын өзектілендіруді;
жергілікті атқарушы органдарға қанағаттану бойынша әлеуметтанушылық пікіртерімдер жүргізуді жүзеге асырады.
Орталық атқарушы органдар:
үкіметтік нормативтік-құқықтық актілердің Аумақтық даму жоспарының ережелеріне сәйкестігін мониторингтеу мен бағалауды (1-кезең);
2, 3 және 4-тәсілдерге, сондай-ақ Аумақтық даму жоспарының ұсынымдарына сәйкес ұлттық жобаларды әзірлеу мен іске асыруды;
2-тәсілді іске асыру шеңберінде жергілікті атқарушы органдарға жалпы сипаттағы трансферттер бөлуді жүзеге асырады.
Жергілікті атқарушы органдар:
аумақтық даму қағидаттарына, 2 және 5-тәсілдерге, жобаларды кеңістіктік ұйымдастыру бойынша Аумақтық даму жоспарының ұсынымдарына сәйкес өңірлерді дамыту жоспарларын әзірлеу мен іске асыруды жүзеге асырады.
Аумақтық даму жоспары шеңберінде Ұлттық даму жоспарының жоғары тұрған көрсеткіштері бойынша мониторинг жүзеге асырылатын болады, атап айтқанда:
жергілікті атқарушы органдардың жұмыс сапасына халықтың қанағаттану деңгейін арттыру (1, 2 және 5-тәсілдер);
халықтың ақшалай табысындағы өңіраралық алшақтықты азайтуды (3 және 4-тәсілдер).
Бұған қоса, "2025 жылға қарай халықтың сумен жабдықтау мен су бұрудың көрсетілетін қызметтеріне 100 % қол жеткізуі" деген 2-тәсіл бойынша ерекше көрсеткіштерге қол жеткізудің маңызы зор.
3.3. Іске асыру кезеңділігі және өзектілендіру
Аумақтық даму жоспарын іске асыру 2 кезеңге бөлінеді:
1. 2021 жылдың соңына дейін. Мемлекет басшысының Қазақстан Республикасының халқына жыл сайынғы Жолдауы шыққаннан кейін мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерді бөлу және кеңістіктік саясатты формализациялау бөлігінде 1-тәсілдегі барлық институционалдық реформалар жүргізілетін болады. Сонымен бір мезгілде Аумақтық даму жоспарының ережелерін сақтай отырып, Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің төмен тұрған құжаттары – ұлттық жобалар, өңірлерді дамыту тұжырымдамалары мен жоспарлары әзірленетін болады.
2. 2022 – 2024 жылдар. 2 – 5-тәсілдердің міндеттеріне сай келетін инфрақұрылымдық іс-шараларды іске асыру.
Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауында белгіленген жалпыұлттық қағидаттар мен сыртқы факторлардың өзгерістерін ескере отырып, іске асыру мерзімі аяқталғанға дейін Аумақтық даму жоспарының міндеттерін жыл сайынғы негізде өзектілендіруге мүмкіндік берілетін болады.
Бұл ретте Аумақтық даму жоспарының қағидаттары мен тәсілдері өзгертілмейді.
Міндеттерді өзектілендірудің жыл сайынғы циклі 4 қадамды қамтиды:
1. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Аумақтық даму жоспарының іске асырылу барысы туралы есепті, сондай-ақ өзектілендіру үшін маңызды болып табылатын сыртқы факторларды талдауды дайындауы.
2. Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің баяндамасын тыңдау және Мемлекет басшысының шешімдері бойынша ұсынымдар әзірлеу.
3. Ұсынымдарды ескере отырып, міндеттер мен олардың басымдығын өзгерту.
4. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауынан кейін құжатты бекіту.
Іске асыру мерзімі өткеннен кейін өзектілендіру Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің ережелеріне сәйкес жүргізілетін болады.
4. Ел дамуының негізгі параметрлері.
Барлығы ел өңірлерін дамытудың 2025 жылға дейінгі 10 болжамды параметрі көзделеді.
Өңір | 1) халық саны, мың адам | 2) қалаларда халықтың сумен жабдықтау қызметтеріне қолжеткізуін ұлғайту, % | 3) АЕМ-де халықтың сумен жабдықтау қызметтеріне қолжеткізуін ұлғайту, % | 4) қалаларда халықтың су бұру қызметтеріне қолжеткізуін ұлғайту, % | 5) жақсы және қанағаттанарлық күйдегі облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі, % | 6) жергілікті атқарушы органдар жұмысының сапасына халықтың қанағаттану деңгейін арттыру | 7) туу кезіндегі күтілетін өмір сүру ұзақтығы, жылдар саны | 8) PISA тестінің нәтижелері бойынша мектептегі білім беру сапасын бағалау (ЭЫДҰ есебі): | ||||||||||||
---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|
математика бойынша, орташа балл | оқу бойынша, орташа балл | жаратылыстану бойынша, орташа балл | ||||||||||||||||||
2020 | 2025 | 2020 | 2025 | 2020 | 2025 | 2020 | 2025 | 2020 | 2025 | 2020 | 2025 | 2020 | 2025 | 2020 | 2025 | 2020 | 2025 | 2020 | 2025 | |
Қазақстан Республикасы | 18 880 | 19 703 | 97,5 | 100,0 | 87,7 | 100,0 | 75,3 | 100 | 71,0 | 95,0 | 59,8 | 80,0 | 73,2 | 75,0 | 423 | 480 | 387 | 450 | 397 | 490 |
Ақмола облысы | 736 | 727 | 98,8 | 100,0 | 82,7 | 100,0 | 60,8 | 100 | 74,3 | 99,0 | 58,3 | 80,0 | 71,5 | 73,2 | 411 | 472 | 395 | 465 | 401 | 492 |
Ақтөбе облысы | 894 | 917 | 99,5 | 100,0 | 87,5 | 100,0 | 62,9 | 100 | 56,5 | 86,5 | 57,8 | 80,0 | 73,6 | 75,4 | 420 | 482 | 381 | 449 | 389 | 478 |
Алматы облысы | 2 078 | 2 256 | 98,3 | 100,0 | 98,9 | 100,0 | 98,3 | 100 | 81,0 | 99,5 | 60,0 | 80,0 | 73,4 | 75,2 | 399 | 458 | 360 | 424 | 380 | 467 |
Атырау облысы | 657 | 713 | 100,0 | 100,0 | 98,4 | 100,0 | 48,7 | 100 | 57,0 | 95,0 | 57,1 | 80,0 | 73,3 | 75,1 | 382 | 439 | 344 | 405 | 361 | 443 |
Шығыс Қазақстан облысы | 1 364 | 1 340 | 98,6 | 100,0 | 81,0 | 100,0 | 73 | 100 | 81,0 | 99,5 | 58,4 | 80,0 | 72,1 | 73,9 | 437 | 502 | 406 | 478 | 413 | 507 |
Жамбыл облысы | 1 139 | 1 182 | 88,9 | 100,0 | 77,1 | 100,0 | 62,5 | 100 | 85,0 | 99,5 | 49,1 | 80,0 | 72,7 | 74,4 | 456 | 523 | 369 | 435 | 397 | 488 |
Батыс Қазақстан облысы | 661 | 680 | 96,9 | 100,0 | 88,0 | 100,0 | 91,3 | 100 | 31,0 | 62,5 | 63,3 | 80,0 | 72,8 | 74,6 | 418 | 480 | 378 | 445 | 391 | 480 |
Қарағанды облысы | 1 376 | 1 375 | 98,0 | 100,0 | 89,9 | 100,0 | 78,5 | 100 | 80,0 | 99,5 | 58,3 | 80,0 | 71,7 | 73,5 | 446 | 512 | 422 | 497 | 397 | 488 |
Қостанай облысы | 865 | 835 | 97,8 | 100,0 | 64,7 | 100,0 | 94,8 | 100 | 69,0 | 99,0 | 67,3 | 80,0 | 72,5 | 74,2 | 448 | 514 | 417 | 491 | 426 | 523 |
Қызылорда облысы | 815 | 862 | 98,0 | 100,0 | 97,5 | 100,0 | 47,4 | 100 | 65,0 | 96,5 | 70,5 | 80,0 | 72,8 | 74,6 | 419 | 481 | 366 | 431 | 374 | 459 |
Маңғыстау облысы | 720 | 796 | 100,0 | 100,0 | 86,8 | 100,0 | 93,1 | 100 | 93,0 | 99,5 | 60,4 | 80,0 | 74,2 | 76,0 | 391 | 449 | 361 | 425 | 365 | 448 |
Павлодар облысы | 751 | 744 | 94,5 | 100,0 | 89,1 | 100,0 | 87,7 | 100 | 82,6 | 99,5 |
61, | 80,0 | 72,4 | 74,1 | 438 | 491 | 391 | 542 | 413 | 507 |
Солтүстік Қазақстан облысы | 544 | 514 | 100,0 | 100,0 | 82,1 | 100,0 | 75 | 100 | 65,0 | 97,0 | 59,6 | 80,0 | 70,7 | 72,5 | 433 | 497 | 413 | 486 | 419 | 515 |
Түркістан облысы | 2 045 | 2 175 | 97,9 | 100,0 | 92,1 | 100,0 | 31 | 100 | 74,1 | 99,5 | 60,3 | 80,0 | 72,8 | 74,5 | 401 | 460 | 373 | 439 | 373 | 458 |
Нұр-Сұлтан қаласы | 1 184 | 1 394 | 96,5 | 100,0 | - | - | 85,7 | 100 | - | - | 58,1 | 80,0 | 76,8 | 78,7 | 423 | 486 | 387 | 456 | 397 | 488 |
Алматы қаласы | 1 977 | 2 073 | 98,3 | 100,0 | - | - | 92,8 | 100 | - | - | 61,2 | 80,0 | 75,5 | 77,3 | 448 | 514 | 424 | 499 | 431 | 529 |
Шымкент қаласы | 1 074 | 1 120 | 95,6 | 100,0 | - | - | 52,3 | 100 | - | - | 56,0 | 80,0 | 74,4 | 76,3 | 401 | 460 | 373 | 439 | 373 | 458 |
9) "Халықтың ақшалай табыс бойынша өңірлер арасындағы даму алшақтығы", n есе: 2020 жылы – 3,6 есе, 2025 жылы – 3,1 есе;
10) "Тірек және серіктес ауылдық елді мекендердің өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес әлеуметтік игіліктермен және көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз етілу деңгейі", %: 2020 жылы – 63 %, 2025 жылы – 100 %.
5. Өңірлерді перспективалық дамыту схемалары
Қазақстанның экономикалық кеңістігі қазіргі заманғы жаһандық трендтерге ұшырайтын ашық жүйе ретінде қарастырылады – жаһандану (өңделген тауарларды экспорттау үшін нарықтар ашу), урбандалу (қалалар бәсекелестігі), экономиканы цифрландыру (шағын қалалар мен ауылдардан экономикасы әртараптандырылған үлкен қалаларға еңбек ресурстарының ағыны), ықтимал пандемиялар (локдаундар).
Осыған байланысты өңірлердің бәсекелік артықшылықтарын жүйелі іске асыру, моноқалалар мен шағын қалалардың осы процестегі рөлін айқындау немесе нақтылау бөлігінде өңірлік саясат күшейтілетін болады.
Экономикалық өсу көздерін әртараптандыруға (экономиканың секторлары мен кіші секторлары бойынша "өсу нүктелерін" құру), Қазақстанның қазіргі экспорттық позицияларын кеңейтуге және жаңаларын қалыптастыруға оның табиғи бәсекелік артықшылықтары – басқа елдердің деректерімен салыстырғанда елде молынан бар артықшылықтарының негізінде ғана болады. Бұл – ауыл шаруашылығы алқаптары (егістіктер, жайылымдар), минералдық шикізат қорлары және трансқұрлықтық сипаттағы логистикалық артықшылықтар.
Елде экономиканың шикізатқа қатысты емес секторларында саудаланатын (экспортқа бағдарланған) кластерлер құру үшін кәсіпкерлікті қолдаудың бір ғана шарасы (қаржылай және қаржылай емес) жеткіліксіз.
Бұған қоса, елдің барлық макроөңірлеріне қатысты бірқатар басқа да жүйелі шараларды қабылдауға баса назар аударылатын болады:
өңдеуші секторларға ішкі (сыртқы ғана емес) тікелей инвестицияларды қолдау;
отандық өндірушілердің шығындарын барынша азайту (ресурстарға, қолжетімді қаржыландыруды тартуға, реттеушілік талаптарды сақтауға арналған шығындар және басқалар);
экспорттық нарықтарда отандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді ілгерілету;
инновациялар ғана мүмкін болатын бәсекелі ортаны қолдау;
технологиялар трансфері мен экономиканы құрылымдық қайта құруды қамтамасыз ететін білікті кадрларды (инженерлерді қоса алғанда) даярлау.
Бұдан басқа, 2020 жылғы 1 қыркүйектегі "Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі" атты Қазақстан халқына Жолдауда айтылған Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмалары шеңберінде елді аумақтық-кеңістікте дамыту мәселелері бойынша макроөңірлерді дамытудың 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған мынадай стратегиялық бағыттары көзделген.
5.1. Оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлер: өнеркәсіптік әлеуетті ашу
Оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлер (Алматы және Шымкент қалалары, Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстары) негізінен экономиканың индустриялану деңгейі төмен ауыл шаруашылығы өңірлері болып табылады.
Бұл өңірлерде 8,1 млн адам (Қазақстанның барлық халқының 43,5 %-ы) тұрады, оның ішінде ауыл халқы 3,9 млн адам (48 %), Республикалық маңызы бар Алматы және Шымкент қалаларында 2,9 млн адам және басқа қалаларда 1,3 млн адам тұрады.
Алматы мен Шымкентті қоспағанда, өңірлерде барлығы 21 қала (1,3 млн адам), оның ішінде халқы 50 мыңнан астам (814,3 мың адам) 5 қала бар, оларда қала халқының жалпы санының 61,4 %-ы тұрады. Сондай-ақ, үлкен ауылдардан айырмашылығы аз 12 шағын қала бар.
Алматы мен Шымкентті есепке алмағанда, елдің өңдеу өнеркәсібі өнімдерін өндіруде оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлердің үлес салмағы 2019 жылы небәрі 3-7 %-ды құрады (Түркістан облысы – 2 %, Жамбыл облысы – 3 %, Алматы облысы – 7 %). Сондай-ақ, аталған өңірлерде урбандалу деңгейінің ел бойынша ең төмен көрсеткіштері байқалады (50 %-дан аз).
Бұл өңірлер елдің басқа облыстарымен салыстырғанда тыныс-тіршілік үшін қолайлы климаттық жағдайлармен сипатталады.
Урбандалу трендін ескере отырып, қалаларға келетін ауыл халқына еңбек ету орындарын құрудың өткір мәселесі туындайды.
Елдің оңтүстігін индустрияландыру үшін мынадай шаралар қабылданатын болады.
1. Басқарылатын урбандалу.
Индустрияландыру іс жүзінде іске қосылмаған жұмыс күшінің ауылдық жерлерден қалалардағы дамушы индустриялық өндірістерге және сервистік (оның ішінде креативті) секторларға ағыны болып табылады.
Урбандалу процестері басқарылатын арнада өтуі үшін шаралар кешенін қабылдау қажет – жалға берілетін тұрғын үй құрылысын қолдау, жалға берілетін тұрғын үй құрылысына жеке инвестициялар тартуды және жеке жалға берушілердің "көлеңкеден шығуын" ынталандыру (оның ішінде салықтық), бас жоспарлар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын өзектілендіру, индустриялық, көліктік, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту.
Қалаларды (әсіресе облыс орталықтарын) дамыту жөніндегі шаралар 2025 жылға қарай оңтүстік және оңтүстік-шығыс облыстардың урбандалу деңгейінің 50 %-ға дейін (Алматы және Шымкент қалаларын қоспағанда) ұлғаюына алып келеді.
6. Қалалардың мамандануы.
Оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлердің кеңістікте және геоэкономикалық дамуы мақсатында әрбір ірі қаланың рөлі мен маңызын айқындау.
Алматыны креативті экономикасы дамыған және инновациялық өндірістері бар постиндустриялық орталық ретінде дамыту, бұл ретте өнеркәсіптік объектілерді орналастыру үшін серіктес қалалардың және контрмагниттердің (Қапшағай, Қаскелең және басқалары) әлеуетін пайдалану ұсынылады.
Шымкент пен Тараз өңірдің басты индустриялық орталықтары ретінде қалыптасатын болады. Бұл ретте мемлекеттік қолдау шараларын көрсету үшін салаларды айқындау – АӨК индустрияландыру (автоматтандыру, механикаландыру, цифрландыру), тамақ өнеркәсібі (сүт, консервілер, шарап жасау), жеңіл және тоқыма өнеркәсібі (иірімжіп, дайын бұйымдар), фосфор өнеркәсібі, электр энергетикасы (гидро және жел энергетикасы).
Түркістан – еліміздің тарихи-мәдени орталығы, бұл ретте өнеркәсіптік өндірістерді орналастыру үшін көршілес Кентау моноқаласының әлеуетін пайдалану ұсынылады.
Алматы облысы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру бойынша жетекші орында екенін ескере отырып, Талдықорғанды автоматтандырылған өндірісі бар ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеудің ірі индустриялық орталығы (қытайбұршақ, консервілер, ет өңдеу, кептірілген жемістер) ретінде қалыптастыру бойынша шаралар кешенін қабылдау ұсынылады.
Басқа қалаларды (моно және шағын қалаларды қоса алғанда) одан әрі индустриялық дамытуды олардың тарихи мамандануын ескере отырып жүзеге асыру керек.
Жалпы, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды, қалалар бойынша өнеркәсіптік алаңдарды орналастыру жоғарыда көрсетілген тәсілдерге сүйене отырып жүргізілетін болады.
3. Ірі көліктік-логистикалық жобалар.
Елдің оңтүстігінде экономикалық процестерді жеделдету үшін инфрақұрылым саласында бірқатар көлік жобалары іске асырылатын болады – авиаотынды субсидиялау мүмкіндігін пысықтай отырып, Түркістан қаласындағы жаңа әуежай базасында авиахаб құру, Сарыағаш қаласында (нақ оңтүстік теміржол станциясы) ірі көлік-логистикалық орталық құру, Ташкентке тармақталуы мүмкін Түркістан – Шымкент – Тараз – Алматы магистралінде жылдамдығы жоғары көлікті дамыту.
4. Индустрияландыруды кадрлық қамтамасыз ету
Облыс орталықтарында индустриялық-инновациялық мамандықтар бойынша техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ) ұйымдарының желісін, ал Шымкент қаласында – оңтүстік облыстардың еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқытудың қазіргі заманғы әдістері бар ЖОО қалыптастыру ұсынылады.
5.2. "Өнеркәсіптік белдеу": жоғары технологиялық, ғылымды қажет ететін өндірістер мен техникалық көрсетілетін қызметтер орталықтары ретінде ірі металлургия кәсіпорындары (Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстары) жұмыс істейтін өңірлерді дамытудың жаңа пайымын әзірлеу.
"Металлургиялық" өңірлер (Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстары) негізінен жоғары урбандалған және моноқалалардың ("бір саланың қалалары") саны ең көп.
Әрқайсысының ауқымды аумағы бар, осы үш облыста барлығы 3,5 млн адам тұрады (Қазақстанның барлық халқының 18,8 %).
Өңірлерде барлығы 24 қала (2,5 млн адам) бар, алайда қала халқының басым бөлігі халқы 50 мыңнан асатын (2,2 млн адам) 12 қалада тұрады. Қалған 6 шағын қалада 0,3 млн адам тұрады.
Макроөңірде урбандалу деңгейі 70,9 %-ды құрайды.
Ауыл халқының саны – 1,0 млн адам немесе облыстар халқының жалпы санының 29,1 %-ы.
"Өсу орталықтарының" арасындағы алшақтығы зор және климаттық жағдайлары күрделі (су тапшылығы, ұзақ жылыту маусымы) көрсетілген облыстардың бәрінде ошақтық қоныстану байқалады.
Өңірлер инерциялық сценарий бойынша дамуда және не ескі өнеркәсіптік (кен өндіру, металлургиядағы "төмен бөліністер" өндірісі), не агроөнеркәсіптік болып табылады.
Өңірлік бөліністе Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстары республиканың өңдеуші өнеркәсібінің негізгі қозғаушы күштері болып табылады (өңдеуші өнеркәсіптегі өндірістің 43 %-ы).
Экономиканы озыңқы дамыту және адами капиталды тиімді пайдалану үшін жаңа бөліністерді дамытқан жөн – бұл электр-техникалық сымдар, аккумуляторлар, ерекше қорытпалар, жинақы металдар өндірісі, сондай-ақ машина жасаудағы, химиялық тыңайтқыштар өндірісіндегі секторлар.
Ол үшін мынадай шаралар қабылдау көзделеді.
1. Қарағанды елді мекендер агломерациялық жүйесі.
Қарағанды серіктес қалалармен бірге халық саны 1 млн адамға дейінгі елді мекендер жүйесін құрайды.
Елорданың (1 млн адам) жақындығын ескере отырып, жүрдек көлік байланысын қамтамасыз ету және осы қалалардың экономикалық әлеуетінен синергия әсеріне қол жеткізу ұсынылады.
Бұл ретте Қарағанды қаласы астанамен қатар постиндустриялық, логистикалық орталық және электрондық сауда орталығы ретінде, ал оның серіктес қалалары – Теміртау және Саран өнеркәсіптік орталықтар ретінде немесе өнеркәсіптік өндірістерді орналастыру үшін басым локациялар ретінде дамитын болады. Қара металлургияның, машина жасаудың төртінші және бесінші бөліністерін дамыту көзделуде.
Бұл үшін ресейлік тәжірибені бағалауды ескере отырып, осы екі қалада алдын-ала даму аумақтарын (АДА) құру мүмкіндігін қарау ұсынылады.
АДА, әдетте, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырудың ерекше құқықтық режимін белгілей отырып, өңірдің өтінімі бойынша 70 жылға құрылады. АДА шеңберінде пайдалы қазбалардың кен орындарын игеруге және акцизделетін тауарлар өндіруге рұқсат етіледі. Бұл ретте инвесторларға салықтық жеңілдіктер бойынша бірқатар преференциялар беру көзделеді – мүлік салығы 5 жылға 0 % және келесі 5 жылға 0,5 %, жер салығы 3 жылдан 5 жылға дейін 0 %, пайдаға салынатын салық 5 жылға 0 % және келесі 5 жылға 2 %, әлеуметтік аударымдар 10 жыл бойы 7,5 %, пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық (ПҚӨС) алғашқы екі жылда 0 %, одан әрі сегіз жыл бойы әрбір екі жыл сайын К=0,2-ден К=1-ге дейін төмендетуші коэффициентті қолдану (яғни осы салықты төлеу бойынша 10 жылдық жеңілдікті кезеңді белгілеу).
Қарағандының пайдасына Абай және Шахтинск шағын моноқалаларында халық санының біртіндеп төмендеуі болжануда.
2. Жезқазған-Сәтпаев және Балқаш елді мекендер жүйесі.
Түсті металлургияда жоғары бөліністерді дамыту үшін Жезқазған және Балқаш қалаларында АДА құру мүмкіндігін қарау ұсынылады.
Осы қалалардың облыс орталығынан алшақтығын ескере отырып, оларда экономиканың IT-секторын, ақпараттық және телекоммуникациялық технологияларды, оның ішінде электрондық сауданы жас мамандарды жұмыспен қамту үшін перспективалы бағыт ретінде құру және дамыту мәселесін қарау ұсынылады.
Бұл ретте Балқаш қаласы белгілі туристік әлеуетке де ие.
3. Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстары.
Павлодар облысы (0,7 млн адам) миллион тұрғыны бар үш қаламен қоршалған (Нұр-Сұлтан, Омбы, Новосибирск), экономиканың теңдестірілген құрылымы (өндіруші салалар да, шикізатты бастапқы өңдеу салалары да), энергетикалық өзін-өзі қамтамасыз ету, сондай-ақ жақсы логистикалық жағдайлар (Транссібірге шығу мүмкіндігі) бар.
Осыған байланысты, білікті жұмыс күші мен инвестиция үшін өңіраралық бәсекелестік жағдайында облыс орталығы – Павлодар қаласында тұрмыс сапасы мен қалалық ортаны (экологияны қоса алғанда) қамтамасыз ету бірінші дәрежелі мәнге ие.
Тұрмыс сапасы мен экология бойынша осы жағдай қамтамасыз ететін болса, Павлодар және Өскемен сияқты қалаларда жұмыс істеп тұрған ірі және орта кәсіпорындар базасында келесі бөліністерді дамыту үшін әлеует болады.
Өскемен пайдалы қазбаларға (жерде сирек кездесетін металдарды қоса алғанда) тарихи бай облыс орталығы болып табылады. Облыста мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығы да дамыған, орман қоры және айтарлықтай туристік әлеуеті бар.
Өскемен түсті металдарды өңдеудің (қорғасын-мырыш, титан-магний комбинаттары, металлургия зауыты), ядролық отын өндірудің ірі орталығы болып табылады. Осы бағыттардың әрқайсысы бойынша одан әрі сатылас әртараптандыру және келесі бөліністер (электр жабдығы, кәбілдік өнім, эмаль құбырлары, құрғақ гальваникалық элементтер) құру жөніндегі шаралар кешенін қабылдау ұсынылады.
Кеңес заманында Семей қаласының дамуы жеңіл (жүн өңдеу) және тамақ (ет комбинаты) өнеркәсібі негізінде республиканың, тіпті Моңғолияның мал шаруашылығының шикізат базасында жүзеге асырылды. Тарихи мамандануды қалпына келтіру мүмкіндіктерін қарау, сондай-ақ қаланың көлік-логистикалық әлеуетін (трансшекаралық ағындарды ескере отырып) іске қосу ұсынылады. Сонымен қатар, жаңа экономикалық жағдайларда IT-сектор, телекоммуникациялар сияқты экономиканың жаңа секторларын дамыту мүмкіндіктерін қарастыру қажет.
Шығыс Қазақстан облысының басқа қалаларын (моно және шағын қалаларды қоса алғанда) одан әрі индустриялық дамытуды олардың тарихи мамандануы мен шекара маңы ынтымақтастығының әлеуетін ескере отырып жүзеге асыру керек.
Бұл ретте Шығыс Қазақстан облысының жергілікті атқарушы органдары облыстың жекелеген қалаларында АДА-ларды құруға бастама жасаудың орындылығын қарауы қажет.
4. Ғылыми-техникалық әлеуетті іске асыру.
ТжКБ оқу бағдарламаларын жаңа заманауи мамандықтар бойынша (жоғары технологиялық өнімдер өндірісі, IT-технологиялар, жасыл технологиялар және басқалар) қайта қарау қажет.
5.3. Батыс өңірлер: өңірлерді мұнай-химия кешендерін салуға инвестициялар тарту орталықтары ретінде қалыптастыру, мұнай-химия мен газ өңдеуді дамыту
Батыс өңірлер (Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау облыстары) өте күрделі климаттық жағдайлармен, "өсу орталықтары" (қалалар) арасындағы өте үлкен көлік иінімен, халықтың аз орналасуымен сипатталады. Экономикалық шығындар өте жоғары.
Төрт облыста 3,6 млн адам тұрады (Қазақстанның барлық халқының 18,8 %-ы). Олардың жартысына жуығы ауыл тұрғындары – 1,7 млн адам (47,2 %).
Өңірлерде барлығы 18 қала (1,9 млн адам) бар, бірақ қала тұрғындарының басым көпшілігі (89,5 %) халқы 50 мыңнан асатын (1,7 млн адам) 7 қалада тұрады.
2019 жылы елдің өңдеу өнеркәсібі өнімдерін өндірудегі батыс өңірлердің үлес салмағы 2-5 %-ды құрады (Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстары – 2 %, Ақтөбе, Атырау облыстары – 5 %).
Тәуелсіздік жылдарында батыс облыстардағы өндіруші секторларды дамытуға айтарлықтай қаражат инвестицияланды. Осыған байланысты осы өңірлердің экономика құрылымын түбегейлі қайта құру үшін өңдеу секторларына қаражаттың салыстырмалы көлемін инвестициялау талап етіледі.
Сонымен қатар, өндірілетін шикізатты (мұнай мен табиғи газды) терең өңдеу бойынша шаралар кешенін қабылдау қажет.
2007 жылдан бастап Атырау қаласында полипропилендер шығару үшін газ-химия кешендерін салу бойынша екі жоба іске асырылуда, оларды пайдалануға берудің күтілетін мерзімі 2021 – 2024 жылдар. Елдің батысында мұнай-химия және газ-химия кешендерін салу әлеуетті түрде 100 мың адамды жұмыспен қамтамасыз ете алатынын атап өткен жөн.
Осыған байланысты мұнай-химияны, газ өңдеуді дамыту, қайта өңдеушілер үшін отандық жабдықтар өндірісін жолға қою, сондай-ақ отандық компаниялардың мұнай-сервистік қызметтер нарығын игеруі бойынша іс-шаралар үдетілетін болады (3,4 трлн теңге). Осы салаларға инвестициялар тарту үшін мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын (салықтық "кредиттерді" қоса алғанда) қарау ұсынылады.
Сондай-ақ шетелдік инвесторлармен стратегиялық жоба бойынша инвестор шығындарының 20 %-ына дейінгі салықтық шегерім шарттарында стратегиялық инвестициялар туралы келісімдер қабылдау көзделеді.
Қосымша мынадай шаралар қабылданатын болады:
1. Кадрлық қамтамасыз ету.
2. Даярлығы жоғары білікті шетелдік оқытушыларды шақыра отырып, қазіргі заманғы химия-технология және мұнай-химия біліктіліктері бойынша мамандар даярлауға басымдық бере отырып, батыс өңірлердің жоғары оқу орындары мен ТжКБ-ның оқу бағдарламаларын қайта қарау ұсынылады.
3. Ақтөбе қаласының ерекше рөлі.
Қазіргі уақытта еліміздің батысында көлемі жағынан салыстырмалы және қатарлас, шамамен бірдей қарқынмен дамып келе жатқан 4 ірі облыс орталығы бар.
Кеңістікте даму мақсаттары үшін, сондай-ақ бәсекелестік факторы мен көрші елдің миллиондаған тұрғындары бар қалаларының (Самара және басқалары) тартылуын ескере отырып, Ақтөбе қаласын дамытуға басым назар аудару қажет.
Ақтөбенің қарқынды дамуы елдің батысында "ауырлық орталығын" қалыптастыру, елдің батыс облыстарында жұмыспен қамтылмаған халықтың (әсіресе жастардың) сіңісуіне жағдай жасау үшін аса маңызды.
Осы бағыттағы шаралар Ақтөбе қаласында жоғары сыныпты жоғары оқу орындарында білім беруді дамытуды, оның ішінде кез келген белгілі еуропалық университеттің филиалын ашуды (жастардың Қазақстанның батыс облыстарынан миллиондаған тұрғыны бар қалаларда орналасқан көршілес Ресейдің жоғары оқу орындарына кетуін болдырмау үшін) көздеуге тиіс.
Бұдан басқа, Ақтөбе қаласында жалға берілетін тұрғын үйлерді ауқымды көлемде жаппай салу, жалпы қалада қолайлы қалалық орта мен еңбек ету орындарын құру қажет.
Ақтөбе әртараптандырылған қала экономикасын дамытуда айтарлықтай әлеуетке ие (медициналық кластер, көлік-логистикалық орталық, өнеркәсіптік және қайта өңдеуші өндірістер).
Ақтөбе қаласын басым дамыту бойынша батыл шаралар қабылданған жағдайда, қала маңы аймағын және серіктес қалаларды ескере отырып, қала халқының саны 2025 жылға қарай 750 мың адамға жетеді.
3. Өндіруші секторларға толығымен тәуелді облыстарда қоныстандыру.
Атырау, Маңғыстау және Қызылорда облыстары сияқты өңірлер өндіріс құрылымы мен халықты жұмыспен қамту бойынша толық дерлік (95-98 %) экономиканың өндіруші секторларына тәуелді.
Бұл ретте осы облыстар тұру үшін күрделі табиғи-климаттық жағдайлармен сипатталады.
Осыған байланысты мұндай облыстарда халық санының көп әрі тығыздығы жоғары болуының ұзақ мерзімді кезеңдегі орындылығы туралы мәселе туындайды.
Осы тұрғыда агломерацияларды (Астаналық, Алматы, Шымкент және Ақтөбе) қарқынды дамыту мәселелері, сондай-ақ осы облыстардан республиканың ірі қалаларына немесе солтүстік өңірлердің қалаларына ерікті түрде қоныс аударуға жәрдемдесу жөніндегі шаралар ерекше өзекті бола түседі.
5.4. Солтүстік өңірлер: өнеркәсіптік әлеуетті жаңғырту
Агроөнеркәсіптік кешенді (өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы, сүт фермалары, тамақ өнеркәсібі) одан әрі дамыту, макроөңірді индустрияландыру, әсіресе ауыл шаруашылығы машинасын жасауды дамыту (Қостанай, Петропавл қалаларында) солтүстік өңірлерді (Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай облыстары) дамыту басымдықтарына айналады.
Назарбаев Университетінің тәжірибесі бойынша өңірлік жоғары оқу орны құрылады, оның құрамында аграрлық бейіндегі мектеп ашу жоспарлануда.
Туризмді дамыту да өңірлердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің өсуіне негіз болады. Ол үшін туристік әлеуетті жан-жақты пайдалану жөнінде шаралар қабылданады (мысалы, Щучинск-Бурабай курорттық аймағының аумағында және басқалары).
Солтүстік өңірлердің Ресей тарапымен шекара маңы ынтымақтастығын дамытуға ерекше назар аударылатын болады, бұл интеграциялық процестерді жеделдетуге, тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің, капиталдың және еңбек ресурстарының "ортақ нарығын" қалыптастыруға мүмкіндік береді.
1. Халықтың перспективалы қоныстануы
2. Теміржол көлігін дамыту және әуежайлар
3. Газбен жабдықтау жүйесін дамыту
4. Электрмен жабдықтау жүйесін дамыту
5. ЖЭК-тің даму әлеуеті, ҚТҚ-ны қайта өңдеу
Ескертпе: аббревиатуралардың толық жазылуы:
АДА – алдын ала даму аумағы
АЕМ – ауылдық елді мекен
АӨК – агроөнеркәсіптік кешен
БҰҰ – Біріккен Ұлттар Ұйымы
ЖІӨ – жалпы ішкі өнім
ЖОО – жоғары оқу орны
ЖЭК – жаңартылатын энергия көздері
ҚТҚ – қатты тұрмыстық қалдықтар
ОДУ – озыңқы даму аумағы
ТжКБ – техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары
ФУА – функционалдық урбандалған аудан
Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі аумақтық даму жоспарына 1-қосымша |
Қалыптасып келе жатқан экономикалық өсу орталықтарының және өңірішілік тірек елді мекендердің тізбесі
Экономикалық өсу орталықтары: | |
I. Қалалық агломерациялар: | |
1 | Орталығы Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан астаналық агломерация |
2 | Орталығы Алматы қаласында орналасқан Алматы агломерациясы |
2 | Орталығы Шымкент қаласында орналасқан Шымкент агломерациясы |
4 | Орталығы Ақтөбе қаласында орналасқан Ақтөбе агломерациясы |
II. ФУА орталықтары: | |
1 | Көкшетау қаласы |
2 | Талдықорған қаласы |
3 | Атырау қаласы |
4 | Өскемен қаласы |
5 | Тараз қаласы |
6 | Орал қаласы |
7 | Қарағанды қаласы |
8 | Қостанай қаласы |
9 | Қызылорда қаласы |
1 | Ақтау қаласы |
1 | Павлодар қаласы |
1 | Петропавл қаласы |
1 | Түркістан қаласы |
1 | Семей қаласы |
Тірек елді мекендер: | |
III. Халқы 50 мыңнан асатын моноқалалар: | |
1 | Балқаш қаласы |
2 | Жезқазған қаласы |
3 | Сәтбаев қаласы |
4 | Теміртау қаласы |
5 | Рудный қаласы |
6 | Жаңаөзен қаласы |
7 | Екібастұз қаласы |
8 | Кентау қаласы |
9 | Степногорск қаласы |
1 | Риддер қаласы |
1 | Құлсары қаласы |
1 | Байқоңыр қаласы |
IV. Қалалық агломерациялар мен ФУА құрамындағы шағын қалалар: | |
1 | Ақкөл қаласы |
2 | Алға қаласы |
3 | Есік қаласы |
4 | Қапшағай қаласы |
5 | Қаскелең қаласы |
6 | Талғар қаласы |
7 | Щучинск қаласы |
8 | Леңгір қаласы |
9 | Хромтау қаласы |
Текелі қаласы | |
Саран қаласы | |
Абай қаласы | |
Ақсу қаласы | |
V. Шекара маңындағы шағын қалалар: | |
1 | Жаркент қаласы |
2 | Зайсан қаласы |
3 | Сарыағаш қаласы |
4 | Шардара қаласы |
5 | Шемонаиха қаласы |
6 | Мамлютка қаласы |
7 | Булаев қаласы |
8 | Жетісай қаласы |
9 | Жітіқара қаласы |
VI. Тірек АЕМ (оларға іргелес ауылдарды қоса алғанда): | |
1,1 мың тірек АЕМ | |
Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі аумақтық даму жоспарына 2-қосымша |
Өңірлер бөлінісінде шикізаттық емес секторларды (салаларды) қамтитын перспективалы экономикалық мамандандырулар тізбесі*
Р/с № |
Экономикалық маманданудың атауы | Солтүстік өңірлер | Орталық-Шығыс өңірлер | Батыс өңірлер | Оңтүстік өңірлер | Республикалық маңызы бар қалалар | ||||||||||||
---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|
Ақмола облысы | Қостанай облысы | Солтүстік Қазақстан облысы | Павлодар облысы | Қарағанды облысы | Шығыс Қазақстан облысы | Атырау облысы | Маңғыстау облысы | Батыс Қазақстан облысы | Ақтөбе облысы | Қызылорда облысы | Алматы облысы | Жамбыл облысы | Түркістан облысы | Нұр-Сұлтан | Алматы | Шымкент | ||
1 | қағаз және қағаз бұйымдарының өндірісі | + | + | + | ||||||||||||||
2 | машиналар мен жабдықтардан басқа, дайын металл бұйымдарының өндірісі | + | + | + | + | + | + | + | + | + | + | + | + | + | + | + | ||
3 | сусындар өндірісі | + | + | + | + | + | + | + | + | + | + | + | + | + | + | + | ||
4 | киім өндірісі | + | + | + | ||||||||||||||
5 | тамақ өнімдерінің өндірісі | + | + | + | + | + | + | + | + | + | + | + | + | + | + | |||
6 | резеңке және пластмасса бұйымдарының өндірісі | + | + | + | + | + | + | + | + | + | + | |||||||
7 | тоқыма бұйымдарының өндірісі | + | + | + | ||||||||||||||
8 | химиялық заттар мен химиялық өнімдер өндірісі | + | + | + | + | + | + | + | + | + | ||||||||
9 | электр жабдықтарының өндірісі | + | + | + | + | |||||||||||||
10 | туризм–қонақүйлер мен қоғамдық тамақтану кәсіпорындарының қызметі, әкімшілік қызмет және қосымша көрсетілетін ілеспе қызметтер (туризм саласында қызмет ұсынатын туристік агенттіктер мен өзге де ұйымдардың қызметі) | + | + | + | + | + | + | + | + | + | + | + | + | + | + | + | ||
11 | автокөлік құралдарын, тіркемелерді және жартылай тіркемелер өндірісі (автокөлік құралдарын өндіруден басқа) | + | + | + | ||||||||||||||
12 | кокс және мұнай өнімдерінің өндірісі | + | + | + | + | + | + | + | + | + | + | + | ||||||
13 | былғары және былғарыдан жасалған бұйымдар өндірісі | + | + | |||||||||||||||
14 | компьютерлер, электрондық және оптикалық бұйымдар өндірісі | + | + | + | + | |||||||||||||
15 | медициналық мақсаттарда қолданылатын дәрілік заттар мен материалдар өндірісі | + | + | + | + | + | + | + | + | + | ||||||||
16 | металлургиялық өндірісі | + | + | + | + | + | + | + | + | + | + | + | + | + | + | + | ||
17 | темекі өнімдерінің өндірісі | + | ||||||||||||||||
18 | ақпарат және байланыс саласындағы қызмет | + | + | + | + | + | + | + | + | + | + | + | + | |||||
19 | тасымалдау және сақтау | + | + | + | + | + | + | + | + | + | + | + | + | + | + | + | + | + |
20 | денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету саласындағы қызмет (санаторлық-курорттық ұйымдардың қызметі) | + | + | + | + | + | + | + | + | + | + | + | + | + | + | + | ||
21 | электр энергиясымен, газбен және бумен қамтамасыз ету | + | + | + | + | + | + | + | + | + | + | + | + | + | + | + | + | + |
22 | басқа топтамаларға енгізілмеген машиналар мен жабдықтар өндірісі | + | + | + | + | + | + | |||||||||||
23 | өзге де металл емес минералдық өнімдер өндірісі | + | + | + | + | + | + | + | + | + | + | + | + | + | + | + | + | + |
*Анықталған салыстырмалы артықшылықтар индексіне сәйкес өңірлердің перспективалық мамандануы (RCA>0,25)