ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы қаулы 01.01.2023 ж. бастап қолданысқа енгізіледі.
"Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 11-бабының 4) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің "Жайық-Атырау бекіре балық өсіру зауыты" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны (бұдан әрі – кәсіпорын) оған Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің "Атырау бекіре балық өсіру зауыты" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнын қосу арқылы қайта ұйымдастырылсын.
2. Мыналар:
1) Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Балық шаруашылығы комитеті кәсіпорынға қатысты мемлекеттік басқарудың тиісті саласына (аясына) басшылық жасау жөніндегі уәкілетті орган болып;
2) өсімін молайту мақсатында аулауды және ғылыми-зерттеу үшін аулауды қоспағанда, бекіре тұқымдас балық түрлерін тіршілік ететін табиғи ортасынан алу, оларды сатып алу, қайта өңдеу және олардың уылдырығы мен өнімінің басқа да түрлерін өткізу жөніндегі жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы мемлекеттік монополия субъектісінің қызметіне жататын қызмет кәсіпорын қызметінің негізгі нысанасы болып;
3) бекіре тұқымдас балық түрлерінің жасанды жолмен өсімін молайту, балық өсіру материалын және өсімін молайту мақсатында олардан жыныстық өнімдер алынғаннан кейін бекіре тұқымдас балық түрлерінің дарақтарын тірі күйінде өткізу жөніндегі қызмет кәсіпорынның жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы мемлекеттік монополия субъектісінің қызметімен технологиялық тұрғыдан байланысты қызметінің нысанасы болып айқындалсын.
3. Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне кәсіпорынның жарғысын бекітуге енгізсін;
2) кәсіпорынның "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамында (тіркеуші органдар) мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін;
3) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.
4. "Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 5 шілдедегі № 479 қаулысына мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі туралы ережеде:
Министрліктің және оның ведомстволарының қарамағындағы ұйымдардың тізбесінде:
реттік нөмірі 12-жол алып тасталсын.
5. Осы қаулы 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Ә. Смайылов |