"Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 66-бабының 9-тармағына, "Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 77-бабының 12-тармағына, 78-бабының 11-тармағына, "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 52-бабының 4-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қызметтік міндеттерін (әскери қызмет міндеттерін) атқару кезінде мертігуі (жарақаттануы, жаралануы, контузия алуы) салдарынан қаза тапқан (қайтыс болған) құқық қорғау органы, азаматтық қорғау органы, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерінің, арнаулы мемлекеттік орган курсантының, тыңдаушысының, қызметкерінің, келісімшарт бойынша әскери қызмет өткерген әскери қызметшінің, мерзімді қызмет әскери қызметшісінің, курсанттың, кадеттің, әскери жиынға шақырылған әскери міндеттінің отбасы мүшелеріне ақшалай төлемді жүзеге асыру қағидалары мен мөлшері бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап туындаған қатынастарға қолданылады.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Ә. Смайылов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 21 желтоқсандағы № 1048 қаулысымен бекітілген |
Қызметтік міндеттерін (әскери қызмет міндеттерін) атқару кезінде мертігуі (жарақаттануы, жаралануы, контузия алуы) салдарынан қаза тапқан (қайтыс болған) құқық қорғау органы, азаматтық қорғау органы, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерінің, арнаулы мемлекеттік орган курсантының, тыңдаушысының, қызметкерінің, келісімшарт бойынша әскери қызмет өткерген әскери қызметшінің, мерзімді қызмет әскери қызметшісінің, курсанттың, кадеттің, әскери жиынға шақырылған әскери міндеттінің отбасы мүшелеріне ақшалай төлемді жүзеге асыру қағидалары мен мөлшері
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қызметтік міндеттерін (әскери қызмет міндеттерін) атқару кезінде мертігуі (жарақаттануы, жаралануы, контузия алуы) салдарынан қаза тапқан (қайтыс болған) құқық қорғау органы, азаматтық қорғау органы, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерінің, арнаулы мемлекеттік орган курсантының, тыңдаушысының, қызметкерінің, келісімшарт бойынша әскери қызмет өткерген әскери қызметшінің, мерзімді қызмет әскери қызметшісінің, курсанттың, кадеттің, әскери жиынға шақырылған әскери міндеттінің отбасы мүшелеріне ақшалай төлемді жүзеге асыру қағидалары мен мөлшері (бұдан әрі – Қағидалар) "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 66-бабының 9-тармағына, "Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 77-бабының 12-тармағына, 78-бабының 11-тармағына, "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 52-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленді және қызметтік міндеттерін (әскери қызмет міндеттерін) атқару кезінде мертігуі (жарақаттануы, жаралануы, контузия алуы) салдарынан қаза тапқан (қайтыс болған) құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік орган, азаматтық қорғау органы, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерінің (бұдан әрі – қызметкер), арнаулы мемлекеттік орган курсантының, тыңдаушысының (бұдан әрі – курсант), келісімшарт бойынша әскери қызмет өткерген әскери қызметшінің, мерзімді қызмет әскери қызметшісінің, курсанттың, кадеттің, әскери жиынға шақырылған әскери міндеттінің (бұдан әрі – әскери қызметші) отбасы мүшелеріне ақшалай төлемді жүзеге асыру тәртібі мен мөлшерін айқындайды.
2-тарау. Ақшалай төлемді жүзеге асыру тәртібі
2. Ақшалай төлем қызметтік міндеттерін (әскери қызмет міндеттерін) атқару кезінде мертігуі (жарақаттануы, жаралануы, контузия алуы) салдарынан қаза тапқан (қайтыс болған) қызметкердің, курсанттың, әскери қызметшінің отбасы мүшелеріне жүргізіледі.
Қызметкердің, курсанттың, әскери қызметшінің отбасы мүшелеріне жұбайы (зайыбы), сондай-ақ кәмелетке толғанға дейін немесе жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру жүйесінде, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесінде күндізгі оқу орнын бітіргенге дейін жиырма үш жастан аспайтын балалары, оның ішінде асырап алған балалары, бірге тұратын өгей ұлдары мен өгей қыздары жатады.
3. Ақшалай төлемді алуға құқығы бар адамға оны төлеуді құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдар (мекемелер), азаматтық қорғау органдары, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар (бұдан әрі – уәкілетті органдар) жүзеге асырады.
4. Ақшалай төлемді алуға құқығы бар адамдар оны алу үшін мынадай құжаттарды ресімдейді және уәкілетті органға ұсынады:
1) осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша белгіленген үлгідегі өтініш;
2) қайтыс болуы туралы куәліктің көшірмесі немесе қайтыс болуы туралы хабарлама;
3) азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің көшірмесі (туу, неке қию (ерлі-зайыпты болу), бала асырап алу, әке (ана) болуды анықтау, атын, әкесінің атын және тегін ауыстыру), басқа адамдар өтініш берушінің отбасы мүшесі болып танылған жағдайда соңғылары өздерін өтініш берушінің отбасы мүшелері деп тану туралы сот шешімінің көшірмесін ұсынады;
4) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
5) егер он сегіз жастан жиырма үш жасқа дейінгі отбасы мүшелері күндізгі оқу нысанының білім алушысы болып табылса, осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша оқу орнының анықтамасы (жыл сайын оқу жылының басында ұсынылады);
6) теңгедегі банктік шоттың нөмірі туралы мәліметтер;
7) егер кәмелетке толмаған отбасы мүшелері жетім не ата-анасының қамқорлығынсыз қалса, қаза тапқан (қайтыс болған) қызметкердің, курсанттың, әскери қызметшінің кәмелетке толмаған отбасы мүшесіне қамқоршылық немесе қорғаншылық белгілеу туралы құжаттың көшірмесі.
Жеке басын куәландыратын құжаттардың мәліметтері, неке қию туралы (2008 жылғы 1 маусымнан кейін), қайтыс болу туралы (2007 жылғы 13 тамыздан кейін), балалардың тууы туралы (2007 жылғы 13 тамыздан кейін) куәліктер "электрондық үкімет" шлюзі арқылы тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынуы мүмкін.
Осы тармақта көрсетілген тиісті құжаттар толық ұсынылмаған жағдайда өтініш ол берілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде қайтарылуға тиіс.
5. Уәкілетті органның жауапты құрылымдық бөлімшесі осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген құжаттардың толық әрі дұрыс ресімделуін тексереді және осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген құжаттар, оның ішінде:
1) осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қаржы бөлімшесінің қайтыс болған қызметкердің, келісімшарт бойынша әскери қызмет өткерген әскери қызметшінің соңғы атқаратын лауазымы бойынша ақшалай қаражатының мөлшері туралы ақшалай төлем алуға құқық беретін анықтамасы;
2) қызметкердің, курсанттың, әскери қызметшінің қаза табуының (қайтыс болуы) себептері мен мән-жайын қызметтік тергеп-тексеру материалдары;
3) әскери-дәрігерлік комиссия (сараптама) қорытындысы (қаулысы);
4) қаза тапқан (қайтыс болған) қызметкердің, курсанттың, әскери қызметшінің жеке құрам (әскери бөлім, мекеме) тізімінен шығарылғаны туралы бұйрықтан үзінді қамтылуға тиіс жеке істі қалыптастырады.
Жеке істі қалыптастыру үшін құжаттарды уәкілетті органның өзге құрылымдық бөлімшелері жауапты құрылымдық бөлімшенің сұратуы бойынша береді.
Жауапты құрылымдық бөлімше осы тармақта көрсетілген мәліметтерді жаңарту не нақтылау үшін уәкілетті органның құрылымдық бөлімшелерінен немесе мемлекеттік органдардан қажетті құжаттарды сұратады және оларды жеке істің материалдарына қосады.
6. Жауапты құрылымдық бөлімше әскери-дәрігерлік комиссия (сараптама) қорытындысын (қаулысын) алғаннан кейін өтініш берген адамды қабылданған шешім туралы бес жұмыс күні ішінде хабардар етеді.
7. Ақшалай төлемді тағайындау қызметкердің, курсанттың, әскери қызметшінің қаза табуының (қайтыс болуының) себебі мен оның қызметтік міндеттерін (әскери қызмет міндеттерін) атқару кезінде мертігуі (жарақаттануы, жаралануы, контузия алуы) арасындағы тікелей себеп-салдарлық байланыс болған кезде жүргізіледі.
Қызметкердің, курсанттың, әскери қызметшінің қаза табуы (қайтыс болуы) мен оның қызметтік міндеттерін (әскери қызмет міндеттерін) атқару кезінде мертігуінің (жарақаттануының, жаралануының, контузия алуының) себеп-салдарлық байланысы туралы қорытындыны (қаулыны) әскери-дәрігерлік комиссия (сараптама) шығарады.
8. Егер қызметкердің, курсанттың, әскери қызметшінің қызметтік міндеттерін (әскери қызмет міндеттерін) атқару кезінде мертігуі (жарақаттануы, жаралануы, контузия алуы) салдарынан қайтыс болуы:
1) оның қылмыстық құқық бұзушылық жасауы үстінде;
2) алкогольдік, есірткілік, психотроптық, уытқұмарлық масаң күйге ұшырататын заттарды (сол тектестерді) медициналық емес пайдалану салдарынан;
3) ақшалай төлем алу немесе қызметтен жалтару мақсатында өзіне-өзі қасақана қандай да бір дене жарақатын (мүшесін зақымдау) немесе денсаулыққа өзге де зиян келтіру салдарынан болғаны белгіленсе, ақшалай төлемдер жүргізілмейді.
9. Ақшалай төлем уәкілетті органның шешімі (бұйрығы) негізінде тағайындалады және міндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландырудың жеке жоспарларында қаражат болған кезде жүргізіледі.
Міндеттемелер мен төлемдер бойынша жеке қаржыландыру жоспарларында қаражат болмаған кезде ақшалай төлем міндеттемелер мен төлемдер бойынша жеке қаржыландыру жоспарларына тиісті өзгерістер енгізілгеннен кейін жүргізіледі.
Ақшалай төлем ағымдағы айда өткен ай үшін 25-і күнінен кешіктірілмей жүргізіледі.
Желтоқсанда ағымдағы ай үшін ақшалай төлем 25-і күнінен кешіктірілмей жүргізіледі.
10. Ақшалай төлем тағайындау қызметкер, курсант, әскери қызметші қаза тапқан (қайтыс болған) күннен бастап оны алуға құқығы бар адамның өтініші және әскери-дәрігерлік комиссия (сараптама) қорытындысы (қаулысы) негізінде жүргізіледі.
Ақшалай төлем тағайындаған кезде ақшалай төлемдерді қайта есептеу қызметкер, курсант, әскери қызметші қаза тапқан (қайтыс болған) күннен бастап өтініш берілген күнге дейін, бірақ ақшалай төлемді тағайындауға өтініш берілген күнге дейін бір жылдан асырмай жүргізіледі.
11. Ақшалай төлем:
1) ақшалай төлем алушы Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтатқан;
2) ақшалай төлем алушы Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге тұрақты тұруға кеткен;
3) ақшалай төлемдерді алушы кәмелетке толған немесе жиырма үш жастан аспаған шекте жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру жүйесінде, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесінде күндізгі оқу нысанда оқу орнын бітірген;
4) ақшалай төлемді алушы қайтыс болған жағдайларда тоқтатылады.
Ақшалай төлемді тоқтату тиісті уәкілетті органның шешімімен (бұйрығымен) төлемді тоқтатуға әкелген мән-жай туындаған айдан кейінгі айдан бастап ресімделеді.
Жауапты құрылымдық бөлімше осы тармақта көрсетілген жағдайлардың туындау тұрғысынан ақшалай төлем алушыларды мониторингтеуді жүзеге асырады.
12. Кәмелетке толмаған балаларға тағайындалған ақшалай төлем олардың заңды өкілдеріне төленеді.
13. Банктік деректемелері (тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), банк шотының нөмірі) өзгерген, осы Қағидалардың 11-тармағында көзделген оқиғалар туындаған, сондай-ақ қаза тапқан (қайтыс болған) қызметкердің, курсанттың, әскери қызметшінің отбасы құрамы өзгерген жағдайларда ақшалай төлемдерді алушы он жұмыс күні ішінде ақшалай төлемдерді алатын жердегі тиісті уәкілетті органды жазбаша түрде хабардар етеді.
3-тарау. Ақшалай төлемді жүзеге асыру мөлшері
14. Қаза тапқан (қайтыс болған) құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік орган, азаматтық қорғау органы, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерінің, келісімшарт бойынша әскери қызмет өткерген әскери қызметшінің әрбір отбасы мүшесіне ақшалай төлем қаза тапқан (қайтыс болған) құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік орган, азаматтық қорғау органы, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерінің, келісімшарт бойынша әскери қызмет өткерген әскери қызметшінің соңғы атқарған лауазымы бойынша ақшалай қаражатының қырық пайызы мөлшерінде жүзеге асырылады.
Бұл ретте отбасының барлық мүшесіне төленетін ақшалай төлемдердің ең жоғары мөлшері ақшалай қаражаттың жүз пайызынан аспауға тиіс.
Отбасы мүшелері үшеу және одан көп болған кезде әрқайсысына ақшалай төлемдердің мөлшері ақшалай қаражаттың жүз пайызына тең үлес ретінде есептеледі.
Ақшалай төлемдермен қамтамасыз етілетін отбасы мүшелерінің саны өзгерген кезде ақшалай төлемдердің мөлшері оны алуға құқығы бар отбасы мүшелерінің санына қарай тиісінше ұлғайтылады немесе азайтылады.
Егер қаза тапқан (қайтыс болған) құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органның, азаматтық қорғау органының, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерінің, келісімшарт бойынша әскери қызмет өткерген әскери қызметшінің отбасы мүшелеріне ақшалай төлемдер тағайындалғаннан кейін ақшалай төлемдер алуға құқығы бар өзге де адамдар анықталып жатса, отбасының әрбір мүшесіне ақшалай төлемдер мөлшерінің үлесі қайта қаралады.
Осы Қағидалардың 10-тармағына сәйкес жаңадан анықталған отбасы мүшесіне ақшалай төлемдер қайта есептелген жағдайда қаза тапқан (қайтыс болған) құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органның, азаматтық қорғау органының, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерінің, келісімшарт бойынша әскери қызмет өткерген әскери қызметшінің отбасы мүшелеріне бұрын тағайындалған ақшалай төлем қайта есептелмейді.
15. Соңғы атқарған лауазымы бойынша ақшалай қаражат мөлшері өзгерген кезде тиісті уәкілетті орган ақшалай төлем алушыны хабардар етіп, ақшалай төлемді қайта есептейді.
Ақшалай төлемді қайта есептеу тиісті уәкілетті органның шешімі (бұйрығы) негізінде жүргізіледі.
16. Мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшісі, курсант, тыңдаушы, кадет, әскери жиындарға шақырылған әскери міндетті отбасының әрбір мүшесіне ақшалай төлем тиісті қаржы жылына белгіленген бір күндік ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде жүзеге асырылады.
17. Ақшалай төлемдерді алуға құқығы бар отбасының барлық мүшесіне ортақ бір ақшалай төлем тағайындалады.
18. Отбасы мүшесінің талап етуі бойынша оның ақшалай төлем үлесі бөлінеді және оған жеке төленеді.
Ақшалай төлем үлесін бөлу өтініш берілген күннен бастап жүргізіледі.
4-тарау. Қорытынды ережелер
19. Ақшалай төлемдер бойынша туындайтын даулар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қаралады.
Өтініш
Сізден _______________________________________ қызметтік міндеттерін
(Т.А.Ә. (бар болса)
(әскери қызмет міндеттерін) атқару кезінде мертігуі (жарақаттануы, жаралануы, контузия алуы) салдарынан қаза табуына (қайтыс болуына) байланысты маған ақшалай төлем тағайындауыңызды сұраймын.
Өтінішке мынадай құжаттарды қоса беремін:
1.____________________________
2.____________________________
3.____________________________
4.____________________________
Отбасы құрамым, тегім, атым, әкемнің аты (бар болса), банктік шот нөмірім, азаматтығым, тұрақты тұратын жерім өзгерген, кәмелетке толған немесе жиырма үш жастан аспайтын шекте жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейін білім беру жүйесінде, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейін білім беру жүйесінде күндізгі нысандағы оқу орнын бітірген жағдайда осы факт туралы тиісті уәкілетті мемлекеттік органды он жұмыс күні ішінде хабардар етемін.
"Дербес деректер және оларды қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабына сәйкес өтінішті қарау үшін талап етілетін қолжетімділігі шектеулі дербес деректерді алуға келісім беремін.
Өтініш иесінің қолы _____________.
Күні: ______ жылғы "___" ____________.
АНЫҚТАМА
Азамат ___________________________________________________________
(туған күні көрсетіліп, білім алушының Т.А.Ә. (бар болса)
оның іс жүзінде ____________________________________________________
(оқу орнының толық атуы, білім беру қызметін жүзеге асыруға құқық беретін лицензия №, күні және қолданылу мерзімі)
______ сыныбының/курсының ___________ нысанының білім алушысы болып табылатынын растау үшін берілді.
Анықтама 20__/20__ оқу жылына жарамды.
Анықтама талап ету орны бойынша көрсету үшін беріледі.
Оқу орнындағы оқу мерзімі ____ жыл, оқу кезеңі 20 __ жылғы "__" _____ бастап 20____ жылғы "__" __________ дейін.
Оқу орнының басшысы _______________________________________________
(Т.А.Ә. (бар болса) (қолы)
Мөр
Ақшалай қаражат мөлшері туралы анықтама
____________________________________________________________________
(оқиға күні атқарған лауазымы мен сыныптық шенінің атауы, арнаулы, әскери атағы, Т.А.Ә. (бар болса)
20___ ж. "__" _______ ақшалай қаражат ___________________________________,
(ақшалай төлемді алуға құқық беретін оқиғаның күні) (сомасы жазумен)
оның ішінде лауазымдық айлықақы __________, сыныптық шені, арнаулы, әскери атағы бойынша айлықақы _____________ құрады.
Анықтама қызметтік міндеттерін (әскери қызмет міндеттерін) атқару кезінде мертігуі (жарақаттануы, жаралануы, контузия алуы) салдарынан қаза тапқан (қайтыс болған) қызметкердің, келісімшарт бойынша әскери қызмет өткерген әскери қызметшінің отбасы мүшелеріне ақшалай қаражат тағайындау үшін берілді.
М.О.
Қаржы қызметінің бастығы (бухгалтер) ___________ ________________________
(қолы) (Т.А.Ә. (бар болса)