Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған 2022 жылғы 12 қазанда Астанада жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Ә. Смайылов |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім
Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі
екі мемлекет арасындағы денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға ниет білдіре отырып,
тең құқықтық және өзара тиімділік қағидаттары негізінде денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты дамытуға ұмтыла отырып,
денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты Тараптардың ұлттық заңнамаларына сүйене отырып дамыту Тараптар арасында достық қатынастар мен өзара түсіністікті орнату мен қолдауға ықпал ететінін назарға ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Тараптар денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты теңдік және өзара пайда қағидаттарын негізге ала отырып жетілдіреді және нығайтады.
2-бап
Тараптар мынадай бағыттар бойынша ынтымақтастықты жүзеге асырады:
- Пандемияларды қоса алғанда, инфекциялық және инфекциялық емес аурулармен күрес;
- медицина жұмыскерлерін оқыту мен олардың біліктілігін арттыру және ана болу қауіпсіздігі мен дағдыларға үйретуді қоса алғанда бірлескен жобаларды, ана мен бала өлімін болғызбау үшін жаңа туған нәрестелерді реанимациялау бағдарламаларын әзірлеу;
- академиялық ұтқырлық (Түркия Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі мен Түркия Республикасының Жоғары білім кеңесінің арасында оқытушылар құрамының академиялық ұтқырлығын жүзеге асыруға байланысты жәрдемдесуді қамтамасыз етеді);
- мемлекеттік медициналық ұйымдардың ауруханаларын басқару жүйесі;
- денсаулық сақтау статистикасын жақсарту;
- медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасы және денсаулық сақтау саласындағы аккредиттеу;
- мейіргерлік қызмет бойынша ынтымақтастық;
- фармацевтикалық қызмет, медициналық бұйымдар, жабдықтар және вакциналарды әзірлеу саласындағы ынтымақтастық, ақпарат пен тәжірибе алмасу;
- денсаулық сақтау саласындағы заңнаманы әзірлеуде білім мен тәжірибе алмасу;
- тәжірибе алмасу және бірлескен қызметті одан әрі дамыту мақсатында сарапшылар мен денсаулық сақтау жұмыскерлерімен алмасуға ерекше назар аудара отырып, өз ұйымдарының арасындағы тікелей ынтымақтастықты өзара нығайту;
- Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын (ДДСҰ), Ислам ынтымақтастық ұйымын (ИЫҰ) және Түркі Мемлекеттері ұйымын (ТМҰ) қоса алғанда, денсаулық сақтау саласында жұмыс істейтін халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық;
- мемлекеттік-жекешелік әріптестікті қоса алғанда, әртүрлі инвестициялық модельдер шеңберінде денсаулық сақтауға инвестициялар саласында және ынтымақтастық мүмкіндіктерін зерделеу, әзірлеу, енгізу және тәжірибе алмасу;
- мемлекетердің цифрлық денсаулық сақтау саласындағы озық практикасын қолдану және дамыту.
3-бап
Тараптар осы Келісімнің 2-бабында көрсетілген салаларда мынадай әдістер арқылы ынтымақтасады:
a) денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты жандандыру бойынша білім мен тәжірибе алмасу;
b) делегациялардың, сарапшылардың және медициналық персоналдың өзара сапарлары;
c) денсаулық сақтау саласында кездесулер, бизнес-форумдар, көрмелер, конгрестер және т.б. ұйымдастыру;
d) Тараптардың денсаулық сақтау мекемелері арасындағы ынтымақтастық;
е) бірлескен жұмыс тобы.
4-бап
Осы Келісімге сәйкес екі мемлекеттің сарапшылары мен басқа персоналының сапарлары үшін:
а) жіберуші Тарап көлікпен барып-қайту шығыстарын төлейді.
b) қабылдаушы Тарап келушілердің тамақтануға, тұруға және ішкі жол жүруге арналған шығыстарын (қажет болған жағдайда) жабады. Бұл кезең екі аптадан аспауы тиіс;
c) Тараптар екі Тараптың мақұлдауымен және қажет болған жағдайда ғалымдарды, техникалық сарапшыларды, үкіметтік мекемелердің мамандарын және (немесе) үшінші мемлекеттер ұйымдарының немесе халықаралық ұйымдардың лауазымды адамдарын шақыра алады. Егер өзгеше келісілмесе, Тараптар осы Келісімде көзделген жобалар мен бағдарламаларға өз шығыстарын өздері өтеуі шартымен қатысады.
5-бап
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі мен Түркия Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі осы Келісімді іске асыруға жауапты болып табылады.
6-бап
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдану бойынша кез келген даулар туындаған жағдайда Тараптар оларды консультациялар және келіссөздер жолымен шешеді.
7-бап
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетшілік рәсімдердің аяқталғаны туралы Тараптар бірін-бірі дипломатиялық арналар арқылы хабардар ететін соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшіне енеді.
Осы Келісім 5 (бес) жыл бойы күшінде қалады. Егер Тараптардың біреуі екінші Тарапты өзінің осы Келісімнің қолданысын тоқтатуға ниеті туралы ол аяқталғанға дейін алты 6 (алты) ай бұрын дипломатиялық арналар арқылы жазбаша нысанда хабардар етпесе, осы Келісім 1 (бір) жылдық келесі кезеңдерге автоматты түрде ұзартылады. Осы Келісімнің қолданысын тоқтату басталған немесе іске асырылу сатысындағы қызмет пен жобаларға әсер етпейді.
Осы Келісімге Тараптардың осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресімделген жазбаша келісімі бойынша кез келген уақытта өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін. Өзгерістер мен толықтырулар осы баптың бірінші абзацының ережелеріне сәйкес күшіне енеді.
Осы Келісім күшіне енген соң 1997 жылғы 10 қыркүйекте Алматыда қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрік Республикасы Үкіметінің арасындағы Медицина және денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім өз қолданысын тоқтатады.
Осы Келісімнің ережелері кез келген Тараптың халықаралық міндеттемелеріне нұқсан келтірмей және екі мемлекеттің қолданылатын заңнамасына сәйкес қолданылады.
2022 жылғы "12" қазанда Астана қаласында қазақ, түрік және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
Осы Келісімнің мәтіндері арасында алшақтық болған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Қазақстан Республикасының Үкіметі Үшін |
Түркия РеспубликасыныңҮкіметі Үшін |