Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Вьетнам Социалистік Республикасының Үкіметі арасындағы ұлттық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Әбуғалиұлы Нұртілеу Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Вьетнам Социалистік Республикасының Үкіметі арасындағы ұлттық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімге Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қойсын, оған қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Ә.Смайылов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 13 маусымдағы № 464 қаулысымен мақұлданған Жоба |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Вьетнам Социалистік Республикасының Үкіметі арасындағы ұлттық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісім
Бұдан әрі бірлесіп "Тараптар" және жеке-жеке "Тарап" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Вьетнам Социалистік Республикасының Үкіметі
Тараптар мемлекеттері арасындағы достық қарым-қатынастарды дамытуға жәрдемдесуді қалай отырып,
2009 жылғы 15 қыркүйекте Астана қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Вьетнам Социалистік Республикасының Үкіметі арасындағы екі мемлекет азаматтарының өзара сапарлары туралы келісімді назарға ала отырып,
Тараптар мемлекеттерінің аумағына өз мемлекеттері азаматтарының келуін жеңілдету мақсатында
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
1. Бір Тарап мемлекетінің азаматтары, қолданылу мерзімі кемінде 6 (алты) ай болуға тиіс жарамды ұлттық паспорттардың иелері екінші Тарап мемлекетінің аумағына келу, одан кету, транзитпен өту, уақытша болу үшін келген күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күннен, күнтізбелік 180 (жүз сексен) күннің әрбір кезеңі ішінде жиынтығында күнтізбелік 90 (тоқсан) күннен аспайтын кезеңге визалық талаптардан босатылады.
2. Егер осы баптың 1-тармағында көрсетілген адамдар екінші Тарап мемлекетінің аумағында 30 күннен артық болуға ниет білдірсе, олар осы Тарап мемлекетінің заңнамасы мен қағидаларына сәйкес талап етілетін тиісті виза алуға тиіс.
2-бап
Осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген адамдар халықаралық жолаушылар қатынасына арналған екінші Тарап мемлекетінің өткізу пункттері арқылы ғана екінші Тарап мемлекетінің аумағы арқылы кіре алады, кете алады немесе транзитпен өте алады және осы Тарап мемлекетінің кіруге, кетуге және транзитпен өтуге қатысты заңнамасы мен қағидаларын сақтауға тиіс.
3-бап
Осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген адамдар өздері екінші Тарап мемлекетінің аумағында болған кезеңде соңғысының заңнамасы мен қағидаларын сақтауға міндетті.
4-бап
Әрбір Тарап өз мемлекетінің заңнамасы мен қағидаларына сәйкес өз аумағына кіргізуден бас тарту не онда болу мерзімін қысқарту құқығын өзіне қалдырады.
5-бап
Тараптардың құзыретті органдары шетелдіктердің келуіне, кетуіне және уақытша болуына қатысты өздерінің заңнамасы мен қағидаларындағы өзгерістер туралы бірін бірі мүмкіндігінше қысқа мерзім ішінде дипломатиялық арналар арқылы хабардар етуге тиіс.
6-бап
Осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген адамдар екінші Тарап мемлекетінің аумағында болған кезде жарамды ұлттық паспорттарын жоғалтып немесе бүлдіріп алған жағдайда өздері азаматтары болып табылатын мемлекеттің дипломатиялық өкілдігі немесе консулдық мекемесі берген жаңа жарамды жол жүру құжаттарының негізінде осы мемлекеттің аумағынан кете алады.
Тиісті адамдар қабылдаушы Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес кетуге қажетті рәсімдерден өтуге тиіс.
7-бап
Осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген, еңсерілмейтін күш мән-жайларына байланысты өздері келген күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде екінші Тарап мемлекетінің аумағынан шыға алмайтын адамдар қабылдаушы Тарап мемлекетінің заңнамаcы мен қағидаларына сәйкес өздерінің болуын ұзартуға міндетті.
8-бап
1. Тараптар осы Келісімнің 6-бабында көрсетілген жарамды ұлттық паспорттардың және жол жүру құжаттарының үлгілерімен осы Келісімге қол қойған күннен кейін күнтізбелік 30 (отыз) күннен кешіктірмей дипломатиялық арналар арқылы алмасады.
2. Жаңа ұлттық паспорттар мен жол жүру құжаттары енгізілген немесе қолданыстағыларына өзгерістер енгізілген жағдайда Тараптар бұл туралы бірін бірі дереу хабардар етеді және осындай паспорттар мен жол жүру құжаттарының үлгілерін, сондай-ақ олардың қолданылуына қатысты ақпаратты олар ресми енгізілгенге немесе өзгертілгенге дейін күнтізбелік 30 (отыз) күннен кешіктірмей дипломатиялық арналар арқылы жібереді.
9-бап
1. Кез келген Тарап ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті немесе қоғамдық денсаулық сақтауды қамтамасыз ету ниетімен осы Келісімнің қолданылуын дипломатиялық арналар арқылы екінші Тарапты жазбаша нысанда хабардар ету жолымен уақытша, ішінара немесе толық тоқтата тұруға құқылы. Мұндай жағдайда осы Келісімнің қолданылуы осындай хабарлама алынған күннен бастап 48 (қырық сегіз) сағат өткеннен кейін немесе аса қажет болған жағдайда мүмкіндігінше тезірек тоқтатыла тұрады. Тараптар осы Келісімнің қолданылуының уақытша, толық немесе ішінара қалпына келтіру күнін дипломатиялық арналар арқылы келіседі.
2. Осы баптың 1-тармағына сәйкес осы Келісімнің қолданылуын тоқтата тұру осы Келісімнің қолданысын тоқтата тұруды жүзеге асыратын Тарап мемлекетінің аумағында жүрген, осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген адамдардың құқықтарын қозғамайды.
10-бап
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдану кезінде туындайтын кез келген келіспеушіліктер немесе даулар Тараптар арасындағы консультациялар немесе келіссөздер арқылы шешіледі.
11-бап
Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады және жекелеген хаттамалармен ресімделеді.
12-бап
1. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемелекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн өткен соң күшіне енеді.
2. Тараптардың әрқайсысы екінші Тарапты дипломатиялық арналар арқылы жазбаша нысанда хабардар ете отырып, осы Келісімді бұза алады. Мұндай жағдайда осы Келісімнің қолданылуы екінші Тараптан осындай хабарлама алынған күннен бастап күнтізбелік 90 (тоқсан) күннен кейін тоқтатылады.
20__ жылғы "__" _______ _________ қаласында әрқайсысы қазақ, вьетнам және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды, бұл ретте барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Келісімнің мәтіндері арасында алшақтықтар туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін |
Вьетнам Социалистік РеспубликасыныңҮкіметі үшін |