Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы жел электр станциясы жобасын іске асыру туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Алмасадам Майданұлы Сәтқалиевқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы жел электр станциясы жобасын іске асыру туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi |
Ә. Смайылов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 23 қарашадағы № 1030 қаулысымен мақұлданған Жоба |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб ӘмірліктеріНІҢ Үкіметі арасындағы
Жел электр станциясы жобасын іске асыру туралы келісім
Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатындар, Қазақстан Республикасының Үкіметі (бұдан әрі – "Қазақстан тарапы"), бірінші тараптан, және Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі (БАӘ) (бұдан әрі – "БАӘ тарапы"), екінші тараптан,
тараптардың энергетика шеңберінде қарым-қатынастарын нығайтуға және тереңдетуге, энергия көздерін әртараптандыруға, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздерін, инновациялық жасыл технологияларды және олардың тиімді пайдалануын ілгерілетуге және дамытуға деген ұмтылысын;
электр энергетикасы саласын сондай-ақ Тараптардың қолдауы мен жәрдемдесуінің арқасында аталған саладағы қолданыстағы әріптестік қатынастарды және іске асырылып жатқан жобаларды қоса алғанда, әртүрлі салалардағы қазақстандық компаниялар және БАӘ компаниялары арасындағы тығыз ынтымақтастықты;
2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына, оның ішінде жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобалар мен технологиялар беру арқылы қол жеткізуді қоса алғанда, жаһандық жылынуға қарсы күрес жөніндегі Қазақстан Республикасының өршіл мақсаттары мен саясатын;
назарға ала отырып:
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Мақсаты
1. Осы Келісімнің (бұдан әрі – "Келісім") мақсаты Қазақстан Республикасының аумағында жаңартылатын энергия көздері, орнықты даму саласындағы жобаларды ілгерілету, әзірлеу және іске асыру арқылы жаһандық жылынуға қарсы күресте Тараптар арасындағы ынтымақтастықты жүзеге асыру болып табылады.
2. Келісім атап айтқанда Тараптардың энергетикалық қауіпсіздік саласындағы мақсаттары мен басымдықтарына қол жеткізуге, сондай-ақ міндеттемелерін орындауға, экологиялық таза технологияларға көшуге және шығарындыларды азайтуға жәрдемдесуі мүмкін жобаларды ілгерілетуге бағытталған.
2-бап
Нысанасы
1. Осы Келісім жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларға және жасыл технологиялар және электр энергиясын өндіруге және сақтауға бағытталған инновацияларға қолданылады.
2. Тараптар осы Келісімді Қазақстан Республикасының қабылдау талабымен Қазақстан Республикасының аумағында іске асырылатын және Тараптардың жоғарыда көрсетілген мақсаттарға қол жеткізуін тиімді және елеулі үлес қосуға қабілетті ірі жобаларға (бұдан әрі – "Ірі жобалар") қолдануға ниетті. Осыны негізге ала отырып, ірі жобалар жиынтығында мынадай талаптарға сәйкес болуға тиіс:
a) қуаттылығы – 1 ГВт;
b) көмірқышқыл газының шығарындыларын жыл сайын азайту (CO2);
c) жаңартылатын энергия көздерінен электр энергиясын өндіру (жердегі жел ресурстары);
d) Қазақстан Республикасының энергетикалық қауіпсіздігін күшейту үшін ірі жобаларды Қазақстан Республикасының Бірыңғай электр энергетикалық жүйесіне интеграциялаудың тұрақтылығы мен сенімділігі;
e) төменде көрсетілген 1-қосымшада тиісті ірі жоба үшін көрсетілген тариф (бұдан әрі – "Тариф") бойынша электр энергиясын өндіру және өткізу;
f) осы Келісімнің мақсаттарына сәйкес Тараптардың көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясына үлес қосу үшін әрбір Ірі жоба үшін (келісілген талаптармен ұзарту ықтималдығын ескере отырып) коммерциялық пайдалану басталған күннен бастап ұзақтығы 25 жыл (бұдан әрі – "Мерзім") электр энергиясын сатып алу кезеңі;
g) аумағында әрбір ірі жоба жүзеге асырылатын Қазақстан Республикасының энергетикалық қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ оның ұлттық электр желісінің тұрақтылығы мен сенімділігіне қосқан үлесі,
h) ірі жобаларды:
і. әрбір ірі жобаны жүзеге асырудың қаржылық және техникалық мүмкіндіктері;
іі. Орталық Азияда жаңартылатын энергия көздері бойынша жобаны (ларды) және (ii) энергияны жинақтау жүйесін пайдалана отырып әзірлеуде, инвестициялауда, қаржыландыруда және пайдалануда расталған тәжірибесі бар субъектілер (бұдан әрі – "девелоперлер") құрған Қазақстанда заңды тұлғалар ретінде тіркелген (оның ішінде егер тұлғалар "Астана" халықаралық қаржы орталығының юрисдикциясында тіркелген болса) бір немесе бірнеше жобалау компаниялары (бұдан әрі – "жобалау компаниясы") әзірлейді.
i) Жобалау компаниясында міндеттемелердің болмауына және болашақта олардың қолданылмауына қарамастан, жобалау компаниясы жергілікті құрылыс жұмыстары мен көрсетілген қызметтерді Қазақстан Республикасында мүмкіндігінше әрі оңай қол жеткізілетіндей пайдалану үшін және коммерциялық тұрғыдан ақылға сай күш-жігер жұмсайды және жобаның сапаға, уақытқа, техникалық және басқа да талаптарын (қаржы институттары қоятын талаптарды қоса алғанда) ескере отырып, орналастыру мүмкіндігін зерделеу үшін коммерциялық тұрғыдан ақылға қонымды күш-жігер жұмсайды;
3. Таңдап алынған девелоперлердің атаулары және ірі жобалар үшін ерекше белгілер мен талаптар осы Келісімге 1-қосымшада келтірілген.
4. Осы Келісім Тараптар ынтымақтастығының жалпы қағидаттарын қамтиды және қандай да бір ірі жобаларды іске асыруда қандай да бір Тараптарға міндеттемелер жүктемейді.
5. Осы Келісімнің талаптары мен ережелері осы Келісімге 1-қосымшада белгіленген барлық ірі жобаларға және тиісті кезеңдерге қолданылады.
3-бап
Келісімді орындау
1. Тараптар басқалармен қатар:
a) олардың тиісті уәкілетті органдары арасындағы ынтымақтастық;
b) олардың тиісті жеке секторлары арасындағы ынтымақтастық;
c) жаңартылатын энергия көздері және оларды сақтау саласында қажетті технологияларды беру;
d) жаңартылатын энергия көздері, энергияны өндіру және сақтау саласындағы ноу-хау және технологиялар алмасу арқылы Қазақстан Республикасының аумағында жаңартылатын энергия көздері және жасыл технологиялар мен инновациялар саласындағы Ірі жобаларды әзірлеуге, жасауға, іске асыруға және пайдалануға жәрдемдеседі.
2. Тараптар осы Келісімнің ережелерін орындауды қамтамасыз ету үшін тұрақты консультациялар мен үйлестіру қажет екендігімен келіседі. Осыған байланысты Тараптар мұндай консультациялар мен үйлестірулер жүргізуге тиісінше уәкілеттік берілген өкілдерді тағайындайды.
4-бап
Ірі жобалар үшін құқықтық негіз
1. Тараптар ірі жобалар іске асырылатын құқықтық, заңнамалық және нормативті-құқықтық негіздің ашықтығын қамтамасыз етеді.
2. Қазақстандық тарап жобалау компаниясымен келіссөздер жүргізіп, жағдайға қарай ірі жобалардың девелоперлерімен, кредиторларымен және басқа да қатысушыларымен мынадай келісімдер:
- Жаңартылған энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу қаржы орталығы (бұдан әрі – "ҚЕАО") электр энергиясын сатып алу-сату шартын (бұдан әрі – "ЭСШ") жасасады;
- Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жобалау компаниясы инвестициялар туралы келісім (бұдан әрі – "инвестициялар туралы келісім") жасасады, оған ЭСШ-ның келісілген жобасы қоса беріледі;
- Электр желілерін басқару жөніндегі Қазақстан компаниясы (KEGOC) мен жобалау компаниясы электр энергиясын беруге техникалық диспетчерлеу шартын, техникалық қызмет көрсетуге шарт (бұдан әрі – "ӘЭБЖ") және желіге қосылу шартын жасасады;
- Қазақстан Республикасының Жамбыл облысы әкімдігі мен Жобалау компаниясы жер учаскесін жалға алу шартын жасасады;
және әрбір ірі жобаның талаптарын айқындайтын және іске асыратын өзге де келісімдер (бұдан әрі – "ірі жоба бойынша құжаттама") жасасады.
5-бап
Ірі жобаларды іске асырудың негізгі талаптары
Қазақстан тарапы Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылатын Ірі жобаға қатысты әрбір ірі жоба бойынша құжаттама мынадай негізгі талаптарды қамтуы тиіс екенін көздейді:
1. Тараптар арасындағы талаптар мен тәуекелді бөлу халықаралық даму қаржы мекемелері мен коммерциялық кредиторлардан регрессия құқығынсыз жобалық қаржыландыруды жобалау компаниясының тиімді тартуын қамтамасыз ету үшін жобалық қаржыландыру бойынша халықаралық кредиторлар үшін теңдестірілген және қолайлы болуы тиіс.
2. Әрбір ірі жобаның техникалық ерекшеліктерін назарға ала отырып, сатып алушы "Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы" 2009 жылғы 4 шілдедегі № 165-IV Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әрбір ірі жоба өндірген электр энергиясын Мерзім бойы сатып алуды жүзеге асырушы етіп ҚЕАО-ны белгіледі. Тиісті ірі жобаны іске асыру үшін ЭСШ жаңартылатын энергия көздері бойынша аукцион немесе сауда-саттықтың кез келген басқа рәсімін өткізбестен жасалады және онда оның тараптары келіскен шарттар болуы тиіс, бұл ретте әдетте ҚЕАО пайдаланатын ЭСШ-ның қандай да бір нысанына негізделуі талап етілмейді.
3. ЭСШ мерзім ішінде әрбір ірі жобадан электр энергиясын тариф бойынша сатып алуды көздеуі тиіс. Жобалау компаниясы 18 айдан аспайтын кезеңге коммерциялық пайдалану басталған күнге дейін жел қондырғылары мерзімінен бұрын өндірген кез келген электр энергиясы үшін төлемақыны тариф бойынша алуы тиіс.
4. Әрбір ірі жобаның тараптары осы Келісімге қол қойылған күні қолданыста болатын Қазақстан Республикасы заңнамасының ережелерін, сондай-ақ бүкіл әлем бойынша жаңартылатын энергия көздерінің ұқсас жобаларын іске асыру үшін пайдаланылатын халықаралық стандарттар мен ең озық тәжірибелерді және инвестициялық тартымдылық бойынша халықаралық банктік талаптарды ескеретін ірі жоба бойынша құжаттама жасасады.
5. Ірі жоба бойынша құжаттаманы жасасу кезінде тиісті Тараптар міндетті корпоративтік рәсімдерді жүргізу талаптарын қоспағанда, осындай құжаттаманы бекіту және мақұлдау үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген рәсімдерді қолданбайды. Осы ереже Жобалау компаниясын ірі жобаны желіге қосуға байланысты қолданылатын реттеуші рәсімдерді сақтау қажеттілігінен босатпайды.
6. ҚЕАО жобалау компаниясынан электр энергиясын ЭСШ талаптарына сәйкес сатып алады. Электр энергиясы тиісті ірі жобадан сатып алынады және одан ай сайынғы төлем циклімен басым негізде өнімнен бас тартқан кезде міндетті төлемақының халықаралық танылған шарттары ("take or pay") негізінде беріледі, оған сәйкес жобалау компаниясы, тіпті егер ҚЕАО мұндай электр энергиясын жеткізуді сұрамаса немесе қабылдамаса да, электр энергиясын бергені үшін кепілдік берілген тарифті алады. "Take or pay" режимінен жалғыз ерекшелік желіге жоспарлы және жоспардан тыс техникалық қызмет көрсету салдарынан электр энергиясын жеткізуді қысқарту, апаттық өшіру және тиісті апаттық жөндеу жұмыстары, желіге әсер ететін еңсерілмейтін күш мән-жайлары, сондай-ақ әрбір жағдайда әрбір Ірі жобаға елеулі әсер ететін және уақыт бойынша шектеулі желінің қолжетімсіздігі жағдайлары (жылдық жиынтық лимит ірі жобаның рентабельділігін қамтамасыз ету ескеріле отырып, ірі жоба бойынша құжаттамада белгіленген) болады. Өндірілген барлық электр энергиясы тиісті ірі жобаның жел паркінің ішіндегі электр энергиясын есепке алу аспаптарымен өлшенеді.
7. Егер жобалау компаниясында пайдалануға беру кезінде кедергілер немесе кідірістер не еңсерілмейтін күш әрекетінің мән-жайларына, сатып алушының саяси тәуекелдеріне, тәуекелдеріне немесе Қазақстан тарапы немесе оның бақылауындағы тұлғалар ірі жоба бойынша құжаттама шарттарын бұзуына байланысты бір немесе бірнеше оқиғаның нәтижесінде электр желілерін қосу торабына электр энергиясын жеткізудегі кедергілер немесе кідірістер орын алатын шамада да, егер де онда мұндай оқиғалар немесе мән-жайлар сақталатын кез келген кезеңде жобалау компаниясы жауапкершіліктен босатылатын болады. Бұдан басқа, жобалау компаниясы шартты түрде өндірілген электр энергиясы үшін ірі жоба бойынша құжаттамаға сәйкес есептелетін өтемақы және оның міндеттемелерін тиісті жағдайларда орындау мерзімін ұзартуды талап етуге құқылы.
8. Жаңартылмайтын энергия көздеріне тәуелділікті тиімді төмендету үшін желіде жаңартылатын энергияны өндіру мен пайдалануды қолдау мақсатында Қазақстан тарапы әрбір ірі жобаны желіден ажыратуға әкеп соғатын Қазақстан Республикасының бірыңғай электр энергетикалық жүйесіндегі апаттарды жою кезеңінің ірі жобаларға ықпалын азайту үшін қажетті шараларды қабылдайды.
9. Жобалау компаниясы және оның кредиторлары мен акционерлері Қазақстан тарапы мен оның бақылауындағы тұлғалар ЭСШ-ға сәйкес ҚЕАО-ның төлем міндеттемелеріне, сондай-ақ ҚЕАО-ның қаржылық тұрақтылығына және оның өз міндеттемелерін орындау қабілетіне қатысты берген төлем міндеттемелерінің кепілдіктерінен пайда алушы болып табылады.
10. Қазақстан тарапы әрбір ірі жобаның бүкіл мерзімі ішінде жобалау компаниясы мен оның кредиторлары үшін қолайлы кредиттік рейтингі бар банк шығарған ЭСШ-ға сәйкес тариф бойынша кемінде
4 айлық төлем сомасына жобалау компаниясының пайдасына төлемақы кепілдігімен аккредитивтің болуын қамтамасыз етуге міндеттенеді. Егер аккредитив және ол көздеген сома пайдаланылса, аккредитивте көзделген соманы бастапқы сомаға дейін толықтыру міндеттемесі қолданылады. жобалау компаниясы коммерциялық пайдалану басталған күнге жету бойынша оның міндеттемелерін орындауды кешіктіруге қатысты банктік кепілдік беруге міндетті болады.
11. Қазақстан тарапы мынадай оқиғалардың кез келгені кезінде әрбір ірі жоба шеккен кез келген өскен шығындар үшін инвестициялар туралы келісім және ЭСШ бойынша электр энергиясы үшін төлемді ұлғайту нысанында Жобалау компаниясына өтемақы төлеуді қамтамасыз етуге міндеттенеді:
11.1. "take or pay" режимінен ерекшелік ретінде ірі жоба бойынша құжаттамада тізбеленгендерден басқа, электр энергиясын жеткізуді қысқарту оқиғалары;
11.2. жаңа заңнаманы қабылдауды шектеусіз немесе қолданыстағы заңнаманы өзгертуді, қолданыстағы заңнаманы түсіндірудегі немесе қолданудағы өзгерістерді, мемлекеттік органдардың келісімдерін алуда кідірістерді қоса алғанда, заңнамадағы өзгерістер;
11.3. электр желілік қағидалардағы өзгерістер;
11.4. ірі жоба бойынша құжаттама шеңберінде Қазақстан тарапы немесе оның бақылауындағы тұлға тарапынан міндеттемелерді орындамау оқиғалары;
11.5. бәсекелес жобаларды салу оқиғалары;
11.6. жер құнының ұлғаюы.
12. Қазақстан тарапы ірі жобаның немесе ірі жобада қозғалған халықтың кез келген қоныс аударуына қатысты кредиторлардың немесе мемлекеттің талаптарын сақтау мақсатында немесе қоршаған ортаны қорғау, археологиялық олжалар, ауыл шаруашылығы ысыраптары және жер учаскелерінің нысаналы мақсатын өзгерту мақсатында электр энергиясын жеткізуді қысқартуға және өзге де ұқсас оқиғаларға байланысты жобалау компаниясына келтірілген кез келген шығындарды өтеуге міндеттенеді.
13. Қазақстан тарапы жобалау компаниясына мынадай жағдайларда және мөлшерлерде өтемақы:
13.1. Қазақстан тарапы немесе оның бақылауындағы тұлғалар тарапынан міндеттемелерді орындамау себебінен Қазақстан тарапының бақылауындағы (экспроприацияны немесе мемлекет меншігіне алуды қоса алғанда, еңсерілмейтін күштің саяси мән-жайлары сияқты) қолайсыз оқиғалардың басталуының кез келген тәуекелдерін, заңнамадағы немесе үкіметтік ведомстволардың заңға тәуелді актілеріндегі өзгерістерді бұзған не олар талап еткен әрекеттерді жүзеге асыруды кідірткен, электр энергиясын беруді ұзақ қысқартқан немесе ірі жобалар тарапынан міндеттемелерді орындамау болмаған жағдайда Қазақстан тарапы өзге де бұзушылық жағдайларында кез келген кредиторлар алдындағы берешекті өтеу және жобалау компаниясының кез келген акционерлеріне капиталға кірістілікті қоса алғанда, олар енгізген капиталды толық көлемде қайтару үшін, сондай-ақ бұзылуына байланысты шығыстарды жабу үшін жеткілікті өтемақы сомасын;
13.2. ірі жобалардың міндеттемелерді орындамауы себебінен бұзылған жағдайда кез келген кредиторлар алдындағы берешекті өтеу үшін, сондай-ақ бұзылуына байланысты шығыстарды жабу үшін жеткілікті соманы;
13.3. ұзақтығы 180 күннен асатын табиғи сипаттағы еңсерілмейтін күш мән-жайының созылуы себебінен бұзылған жағдайда кез келген кредиторлар алдындағы берешекті өтеу және жобалау компаниясының кез келген акционерлеріне олар енгізген капиталды толық көлемде қайтару үшін, сондай-ақ бұзылуына байланысты шығыстарды жабу үшін жеткілікті соманы;
13.4. өзге жағдайларда бұзылған жағдайда ірі жоба бойынша құжаттамада келісілген соманы төлеуге міндеттенеді.
14. Жобалау компаниясына, оның акционерлеріне немесе кредиторларына пайдаланудан шығаруға немесе табыс көздерін қалпына келтіруге байланысты ешқандай шығыстар жүктелмейді. Барлық осындай шығыстарды Қазақстан тарапы, егер оны Қазақстан тарапы немесе оның бақылауындағы тұлғалар сұратқан және қаржыландырған болса, жобалау компаниясы пайдаланудан шығару бойынша қажетті жұмыстарды жүзеге асыруға міндеттенген жағдайда көтереді.
15. Жобалау компаниясына ірі жобаларды іске асыру үшін қажетті деп санайтын кез келген мамандар мен компанияларды тартуға рұқсат етіледі. Егер құрылыс кезеңі ішінде және жобалау компаниясын пайдалануға берілгеннен басталған күннен кейін бір жыл ішінде оның мердігерлеріне немесе қосалқы мердігерлеріне шетелдік жұмыскерлерді талап етілетін рұқсатсыз пайдалану қажет болса, жобалау компаниясы шетелдік жұмыс күшін тартуды қадағалауды жүзеге асыратын жергілікті билік органдарын хабардар етеді және Қазақстан тарапы мұндай мамандар мен компаниялардың барлық қажетті иммиграциялық виза мен рұқсатты қысқа мерзімде, бірақ кез келген жағдайда тиісті өтініш берілгеннен кейін 20 күннен кешіктірмей алуын қамтамасыз етуге міндеттенеді.
16. Қазақстан тарапы электр энергиясын өндiру үшiн әрбір ірi жоба пайдаланатын немесе әрбір ірi жобаны кез келген өзге жолмен мысалы, қала құрылысын, жасанды тауларды немесе кез келген биік құрылысжайларды, тау-кен өндіру жобаларын немесе геологиялық барлаудың өзге де жобаларын, ірі ауқымды өнеркәсіптік кешендерді немесе басқа да жел энергетикалық станцияларды салуды пайдалануға кедергi келтiретiн желдiң ағынына әсер ететiн қандай да бiр жобаларды, қандай да бiр құрылысты көршiлес тұрғызуға немесе жүзеге асыруға жол бермеуге мiндеттенедi.
17. Ірі жобалардың халықаралық кредиторларының талап етуі бойынша Англия мен Уэльстің құқығына бағынуға тиіс жекелеген шарттарды қоспағанда, Ірі жоба бойынша құжаттама Қазақстан Республикасының құқығына бағынатын болады. Мұндай талаптарды тараптар ірі жоба бойынша құжаттаманы келісу кезеңінде қосымша қарайды. Әрбір ірі жобаны жобалық қаржыландыруды қолдау үшін Жобалау компаниясының сұрау салуы бойынша Қазақстан тарапы мен оның бақылауындағы тұлғалар Англия мен Уэльс қолданатын құқықпен кредиторлар үшін қолайлы стандартты шарттармен халықаралық кредиторлардың пайдасына тікелей келісімдер жасасуға міндеттенеді. ірі жоба бойынша құжаттаманы іске асыруға байланысты туындайтын барлық даулар Лондонда, Ұлыбританияда өткізілетін ХСП-ның регламентіне сәйкес төрелік талқылау шеңберінде шешіледі. Ірі жоба бойынша құжаттама ағылшын тілінде жасалады және ағылшын тіліндегі нұсқасы кез келген даулар жағдайында басым күшке ие болады.
18. Егер халықаралық кредиторлар мұны талап етсе, Қазақстан тарапының уәкілетті органы халықаралық кредиторлар үшін қолайлы Қазақстан тарапының және оның бақылауындағы кез келген тұлғалардың ірі жоба бойынша құжаттаманың өкілеттіктері мен тиісті қорытындысы, сондай-ақ ірі жоба бойынша құжаттаманы мәжбүрлеп орындату мүмкіндігі туралы оған қол қойылғаннан кейін 15 күннен кешіктірмей жазбаша хабарлама шығарады.
19. Жобалау компаниясына Қазақстан Республикасының нақты уақыт режимінде электр энергиясының теңгерімдеуші нарығына қатысу бойынша талаптар қолданылмауы тиіс. Техникалық, экономикалық және қаржылық аспектілерді назарға ала отырып, сондай-ақ ірі жобалардың Тараптарының мүдделерінің экономикалық теңгерімін сақтай отырып, Тараптар ірі жобалардың Қазақстан Республикасының нақты уақыт режимінде электр энергиясының теңгерімдеуші нарығына қатысу мүмкіндігін қарауға келіседі.
20. Әрбәр ірі жоба бойынша бекітілген тариф АҚШ долларымен (бұдан әрі – "USD") номинациялануға тиіс.
21. Iрi жоба бойынша құжаттама бойынша барлық төлемдер төлем күнi биржалық айырбастау бағамы бойынша қазақстандық теңгемен (бұдан әрі – "теңге") жүзеге асырылады.
22. Әрбір ірі жобаның тараптары мыналарды ескере отырып, Қазақстан Республикасы валюталық заңнамасының барлық талабын сақтауға міндеттенеді:
a) Әрбір ірі жобаның Тараптарының жоғарыда көрсетілген төлем күні бағам бойынша теңгені USD-ға айырбастауға және осындай шетел валютасын банк шоттары арқылы репатриациялауға шектелмеген құқығы бар;
b) Әрбір ірі жобаның Тараптары ірі жоба бойынша құжаттамадан шығатын валюталық міндеттемелерді шектеусіз орындауға, сондай-ақ шетел валютасында дивидендтер алуға құқылы;
c) Қазақстан тарапы сол төлем күні жоғарыда көрсетілген бағам бойынша теңгені USD-ға теңге айырбастау үшін USD-ның жеткілікті санына қолжетімділікті қамтамасыз етеді;
d) Жобалау компаниясы мен оның тобының ұйымдары Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде орналасқан банктерде және қаржы мекемелерінде банк шоттарын ашуға, жүргізуге және пайдалануға, сондай-ақ қандай да бір шектеусіз осындай шоттардың көмегімен USD және өзге де еркін айырбасталатын валютаны Қазақстан Республикасына және одан тысқары жерлерге аударуға шектеусіз құқықтарға ие болады.
23. Қазақстан тарапы жобалау компаниясына әрбір ірі жобаны уақтылы іске асыру үшін, сондай-ақ оны қаржыландыру үшін қажетті барлық қажетті лицензиялардың, рұқсаттардың, мемлекеттік сараптаманы мақұлдаудың және өзге де мақұлдаулардың (егер қажет болса, әрбір ірі жобаның негізгі элементтері үшін құрылысқа арналған рұқсаттарды және қатар жобалауды қоса алғанда) әрбір жағдайда тиісті өтініш берілгеннен кейін 1 (бір) айдан кешіктірілмей берілуін қамтамасыз етуге міндеттенеді. Бұл ірі жобаларды осы Келісім күні қолданыста болатын Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен және мерзімде жүргізілетін желіге қосу рәсіміне қолданылмайды.
24. Жобалау компаниясы салықтарды төлейді және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әрбір жағдайда инвестициялық жобаларға берілетін инвестициялық преференциялар мен салықтық жеңілдіктер бойынша пайда алушы болып табылады.
25. Сәйкестікті сертификаттау жөніндегі талаптар Еуразиялық экономикалық одақтың заңнамасында белгіленген жағдайларды қоспағанда, ірі жобалардың мақсаттары үшін импортталатын кез келген тауарлар, материалдар, жабдықтар мен қосалқы бөлшектер, Қазақстан Республикасының сертификаттау жөніндегі кез келген талаптарынан босатылады. Осындай жағдайларда тауарларды шартты шығарылымға орналастыру кезінде осындай сертификаттау оларды кедендік декларациялау сәтінен бастап 60 күннен кешіктірілмей жүзеге асырылуы тиіс.
26. Егер әрбір ірі жоба аккумуляторлық батареяларды (бұдан әрі – "BESS") пайдалана отырып, энергияны сақтау жүйесімен жарақтандырылған болса және егер ірі жоба үшін оны кез келген операциялық жыл шеңберінде 1-қосымшада көзделген ең жоғары циклдар санынан көп пайдалану талап етілсе, онда тариф BESS-тің қысқартылған қызмет ету мерзімін жабу үшін тиісті мөлшерге көтеріледі не сол ірі жоба болашақта BESS-тің техникалық параметрлеріне сәйкес BESS тиімділігінің жыл сайынғы төмендеуімен байланысты міндеттемелер мен кепілдіктерден тиісті түрде босатылады.
27. Қазақстан тарапы әрбір ірі жоба үшін қажетті (ӘЭБЖ үшін өту құқығын қоса алғанда) және Девелоперлер үшін қолайлы жер учаскелеріне жер пайдалану құқықтарын конкурс (аукцион) өткізбестен тікелей тиісті мемлекеттік органдардан беруді қамтамасыз етуге міндеттенеді. Мұндай беру мерзімдері ірі жоба бойынша құжаттамада көрсетіледі. Жерді пайдалану құқықтарының көлемі девелоперлер ірі жобаларды іске асыра алуы үшін және кредиторлар оны регресс құқығынсыз қаржыландыра алуы үшін жеткілікті болуы тиіс және мұндай жер пайдалану құқықтарына қатысты кредиторлардың пайдасына жеткілікті қамтамасыз ету жасау мүмкіндігі көзделуі тиіс. Жер учаскелері қайта жіктеуді, қоныс аударуды және басқа да осындай іс-шараларды жүргізуді қажет етпей, әрбір ірі жобаға сәйкес жіктеумен берілуі тиіс. Әрбір ірі жоба бойынша құжаттаманың барлық басқа құқықтары кредиторлар үшін кепіл ретінде, оның ішінде концессия арқылы да пайдаланылуы мүмкін. Егер әрбір ірі жобаға өту құқығында көзделген шектеулер себебінен 125 км-ден астам ӘЭБЖ салу қажет болса, онда тариф ӘЭБЖ ұзағырақ ұзындығына байланысты көтерілген шығындарды жабу үшін пропорционалды түрде көтеріледі.
28. Әрбір Ірі жоба шеңберінде құрылған көміртекті офсеттер жобалау компаниясына тиесілі болады және ол оларға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес билік ететін болады.
29. Девелоперлер жобалау компаниясының Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын жұмыскерлері үшін жергілікті қоғамдастықты дамыту шараларын, сондай-ақ кәсіптік оқытуды және тәжірибе алмасуды қамтамасыз етуі тиіс, оның шеңберінде мұндай жұмыскерлер БАӘ-ні қоса алғанда, ірі жобаларға ұқсас басқа да жобаларға шетелге бара алады.
30. Ірі жоба бойынша құжаттаманың барлық тараптары әрбір ірі жоба бойынша төрелік талқылау шеңберінде қабылданған шешім түпкілікті және міндетті болуға тиіс екенін мойындайды және осы Келісімге сәйкес басталған төрелік талқылауда шығарылған шешімге байланысты тиым салынған немесе орындау сияқты сот шешімі шығарылғанға дейін немесе одан кейін ешқандай мәжбүрлеу шараларының қабылданбайтынын қоспағанда, ірі жоба бойынша кез келген құжаттаманың салдарынан немесе оған байланысты туындайтын кез келген төрелік немесе сот талқылауына қатысты:
a) мемлекеттің дипломатиялық өкілдігінің немесе оның консулдық мекемелерінің, арнайы миссиялардың, халықаралық ұйымдар жанындағы өкілдіктердің немесе халықаралық ұйымдар органдарындағы немесе халықаралық конференциялардағы делегациялардың функцияларын орындау кезінде пайдаланылатын немесе пайдалануға арналған кез келген банктік шотты қоса алғанда, меншік құқығына;
b) әскери сипаттағы және/немесе әскери функцияларды орындау кезінде пайдаланылатын және/немесе пайдалануға арналған меншікке; және
c) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің меншігі немесе Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сенімгерлік басқаруындағы мүлікке қарсы кез келген иммунитеттен тікелей бас тартады.
6-бап
Халықтың және қоршаған ортаның қауіпсіздігі
1. Ірі жобалар Қазақстан Республикасының аумағында әлеуметтік және экологиялық әсерді Қазақстан Республикасының аумағында өткізілуі қажет талдауды орындау бөлігінде Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын ұстануға тиіс.
2. Мұндай талдаудың нәтижелері кез келген мүдделі адамның сұранысы бойынша жариялануы тиіс және/немесе қолжетімді болуы керек.
7-бап
Дауларды шешу
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және/немесе қолдануға байланысты туындайтын даулар Тараптар арасындағы екіжақты консультациялар немесе келіссөздер жолымен шешіледі.
8-бап
Келісімнің қолданылу саласы мен қолданысы
1. Тараптар энергетикалық қауіпсіздік саласында ынтымақтасуға және олардың осы саладағы экономикалық ынтымақтастығын дамытуға келіседі.
2. Осы Келісім жаңартылатын энергия көздері саласындағы ірі жобаларды қолдау үшін әзірленген, атап айтқанда:
– ол энергетика және/немесе тұрақты даму саласындағы Тараптардың ынтымақтастығының барлық аспектілерін реттеуге арналмаған және Тараптар ынтымақтастық туралы кез келген басқа шарт жасасу құқығын өзіне қалдырады;
– ол Тараптар арасындағы қандай да бір басқа халықаралық шартқа немесе Конвенцияға нұқсан келтірмей қолданылады және оның қолданылуын жоймайды және алмастырмайды.
9-бет
Күшіне енуі, өзгертулер мен толықтырулар, қолданылу мерзімі
1. Осы Келісім дипломатиялық арналар арқылы Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді аяқтағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күннен бастап күшіне енеді.
2. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың бірі екінші Тараптың оның қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап 30 (отыз) күн өткен соң өз қолданысын тоқтатады.
3. Тараптар оның кіруі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдер аяқталғанға дейін Тараптар арасында инвестициялық келісімнің және ЭСШ мазмұны, мәтіндері мен талаптары, сондай-ақ ірі жобалардың нақты девелоперлердің, тең-девелоперлердің атаулары келісілуге тиіс екендігімен келіседі.
4. Жоғарыда 5-баптың 22-тармағында (ірі жобаларды іске асырудың түйінді шарттары) сипатталған міндеттемелерді орындау үшін талап етілетін жағдайларды қоспағанда, осы Келісімнің ережелері осы Келісімнің тарапы болып табылмайтын Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне қолданылмайды. Осы Келісімдегі ешнәрсе Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне меншік құқығымен (және (немесе) өзге құқық негізінде) тиесілі мүлікке және (немесе) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сенімгерлік басқаруындағы мүлікке қатысты кез келген иммунитеттерден бас тарту ретінде түсіндірілмеуге тиіс.
5. Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөліктері болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар жекелеген хаттамалармен ресімделеді және осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енеді.
2023 жылғы (_______)________________[____________] қаласында әрқайсысы қазақ, араб, орыс және ағылшын тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды, барлық мәтіндер бірдей теңтүпнұсқалы. Келісім мәтінін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан
БАӘ Үкіметі атынан
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы жел электр станциясы жобасын іске асыру туралы келісімге 1-қосымша: Девелопер және ірі жобалардың бөлшектері |
Осы Келісім келесі ірі жобаларға қолданылады.
Бірінші ірі жоба:
Бірінші ірі жобаны іске асыру Қазақстан Республикасының Жамбыл облысында күтіледі және оның мынадай құрамдас бөліктері болады:
1) Энергетикалық қуаты 500 МВт жел паркі;
2) қуаты 150 МВт және сыйымдылығы 300 МВт·сағ, KEGOC басқаратын желінің автоматты жиілікті басқару жүйесіне қосылған аккумуляторлық батареяларды (BESS) пайдаланатын энергияны сақтау жүйесі. BESS жарамдылық коэффициенті мерзім ішінде 95% және 25 жыл ішінде жылына 400 толық циклды құрайтын зарядтау және бәсеңдету циклдарының максималды санына негізделген. Электр энергиясын мерзімінен бұрын генерациялау жағдайында BESS Ірі жоба бойынша құжаттамада баяндалғандай жел турбиналарының белгіленген қуаты 200 МВт-тан бастап кезең-кезеңімен пайдалануға берілетін болады;
3) Ұзындығы 125 км-ге дейінгі және кернеуі 220 кВ болатын ӘЭБЖ Ірі жобаны 220 кВ қосылу мүмкіндігімен жұмыс істеп тұрған Жамбыл қосалқы станциясымен қосатын болады. Тараптар қуат беру сызбасын зерттеу аяқталғаннан кейін қосудың балама нүктелерін немесе қосылу сызбасын келісуге құқылы.
Жобалау компаниясы ӘЭБЖ және оны KEGOC желісіне қосуды қоса алғанда, қосылу кешендерінің құрылысына жауапты болады, олар бірінші ірі жобаны коммерциялық пайдалану басталған күні пайдалану және басқару үшін KEGOC атына беретін болады. Тараптар KEGOC осы желілік активтер үшін толық пайдалану жауапкершілігін қабылдайтынына және ірі жоба бойынша құжаттаманың бөлігі болып саналатын ӘЭТЖ-ге техникалық қызмет көрсету шарты шеңберінде электр энергиясын беру үшін олардың қолжетімділігін қамтамасыз ететініне уағдаласты, осыған байланысты KEGOC осы Келісімде және ірі жоба бойынша құжаттамада баяндалған шартты түрде өндірілген электр энергиясы үшін өтемақыны есептеу мақсаттары үшін, сондай-ақ барлық өзге мақсаттар үшін осы желілік активтерде электр энергиясын жеткізуді қысқарту оқиғаларының тәуекелін қабылдайды. KEGOC осындай шығындарды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес KEGOC-те реттелетін қызметтерінің құнына міндетті түрде енгізе отырып, осы желілік активтерде және BESS-те туындайтын техникалық шығындардың тәуекелі мен құнын көтеруге тиіс.
Бірінші ірі жоба үшін тариф мерзімге белгіленген және 4,49 USDC/кВт·сағ. құрайды.
Әбу Даби Фьючер Энерджи Компани ПиДжейЭсСи – Масдар (Abu Dhabi Future Energy Company PJSC – Masdar) бірінші ірі жобаның жетекші әзірлеушісі ретінде әрекет етеді және мына ұйымдарды жобаға серіктес ретінде қосылуға шақыруға құқылы:
1) Даблъю Солар Инвестмент – Соул Пропраеторшип ЭлЭлСи (W Solar Investment – Sole Proprietorship L.L.C.);
2) ҚАЗАҚСТАН ИНВЕСТМЕНТ ДЕВЕЛОПМЕНТ ФАНД (КИДФ) МЕНЕДЖМЕНТ КОМПАНИ ЛТД. ("KAZAKHSTAN INVESTMENT DEVELOPMENT FUND (KIDF) MANAGEMENT COMPANY" LTD.);
3) "Qazaq Green Power PLC" ЖК
Жетекші девелоперге жаңа серіктестерді тартуға рұқсат етіледі және серіктестер құрамы өзгеруі мүмкін.
Екінші ірі жоба:
Екінші ірі жоба бір немесе бірнеше кезең шеңберінде 500 МВт энергетикалық қуатқа ие болады, бұл ретте BESS белгіленген қуаттың 30%-ы 2 сағатқа тиесілі болады және BESS жоғарыдағы бірінші ірі жоба шеңберінде BESS үшін көзделген барлық басқа талаптарға сай болады.
Екінші ірі жоба үшін тариф 25 жыл мерзімге белгіленеді және 4,49 USDC/кВт·сағ. құрайды.
Жобалау компаниясы электр беру желісін және оны KEGOC желісіне қосуды қоса алғанда, қосылу кешендерінің құрылысына жауапты болады және тараптар осы активтерді пайдалану мен басқаруға қатысты жоғарыда көрсетілген бірінші ірі жобада көзделген рәсімді пайдаланады.
Әбу Даби Фьючер Энерджи Компани ПиДжейЭсСи – Масдар жобаның жетекші әзірлеушісі ретінде әрекет етеді. Жетекші әзірлеушіге Энергетика министрлігімен келісім бойынша серіктестерді тартуға рұқсат етіледі.