Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Шетелдіктерге Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларына рұқсат берудің ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 15 ақпан № 222 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:
тақырып мынадай редакцияда жазылсын:
"Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларына рұқсат беру қағидаларын бекіту туралы";
кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:
"Мемлекеттік құпиялар туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 29-бабының 4-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:";
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Қоса беріліп отырған Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларына рұқсат беру қағидалары бекітілсін.";
көрсетілген қаулымен бекітілген Шетелдіктерге Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларына рұқсат берудің ережесі осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 14 наурыздағы № 186 қаулысына қосымша Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 15 ақпандағы № 222 қаулысымен бекітілген |
Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларына рұқсат беру қағидалары
1. Осы Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларына рұқсат беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Мемлекеттiк құпиялар туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 29-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленген және шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпияларына рұқсат беру тәртiбiн айқындайды.
2. Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпияларына Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын iске асыру шеңберiнде ғана Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен Мемлекеттік құпияларды және олардың көздерін шет мемлекеттерге және (немесе) халықаралық ұйымдарға беру қағидаларында көзделген талаптарды сақтай отырып жiберiледi.
3. Шетелдiктерге Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпияларына рұқсат беру үшiн шет мемлекеттiң халықаралық шартта айқындалған уәкiлеттi органы шетелдiктерге Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпияларына рұқсат беретiн мемлекеттiк органның басшысына заңнамада белгіленген тәртіппен өтінішхат жiбередi.
Өтiнiшхатқа шетелдiктiң тиiстi өкiлеттiктерiн растайтын және шетелдiкте өз мемлекетiнiң құпиялылық деңгейіндегі құпия мәлiметтерiне қол жеткізу құқығының бар екені туралы деректерді қамтитын куәлiк қоса берiледi.
Азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпияларына рұқсат алу үшін Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларына рұқсат алуды талап ететін мемлекеттік органға жүгінеді.
4. Шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарға мемлекеттiк құпияларға рұқсат беру жүзеге асырылатын мемлекеттiк органның немесе ұйымның басшысы нақты шетелдiктерге және азаматтығы жоқ адамдарға мемлекеттiк құпияларға рұқсат берудiң мүмкiндiгi мен орындылығын Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiк органдарымен келiседi. Келiсу мерзiмi жиырма жұмыс күнінен аспауға тиiс.
5. Нақты шетелдiктерге және азаматтығы жоқ адамдарға мемлекеттiк құпияларға рұқсат беру мүмкiн болмаған және ол орынсыз болған кезде келiсуден бас тартылған жағдайда мемлекеттiк органның басшысы заңнамада белгіленген тәртіппен шет мемлекеттiң уәкiлеттi органына Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларына рұқсат беруге басқа адамдардың кандидатураларын ұсыну туралы хабарлама немесе азаматтығы жоқ адамға мемлекеттік құпияларға рұқсат беруден бас тарту туралы хабарлама жiбередi.
6. Келiсу оң болған кезде Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органының немесе ұйымның басшысы шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарға мемлекеттiк құпияларға рұқсат беру туралы бұйрық шығарады. Әкімшіліктің, сондай-ақ шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың өзара міндеттемелері мемлекеттік құпияларға рұқсат беру туралы шартта көрсетіледі.
7. Шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарға рұқсат беру туралы бұйрықта рұқсаттың қандай мерзімге берілгені, рұқсат қандай жұмыстарды орындау үшін берілетіні, шетелдік азамат пен азаматтығы жоқ адам қандай нақты мәлiметтермен танысуға тиiс екендiгi, танысу рұқсат етiлген мәлiметтердiң құпиялылығының ең жоғары белгiсi туралы мәлiметтер қамтылуға тиiс.
8. Шетелдiк пен азаматтығы жоқ адамға мемлекеттiк құпияларға рұқсат беру туралы бұйрықтың негiзiнде шетелдiк пен азаматтығы жоқ адамға мемлекеттiк құпияларға рұқсат беру жүзеге асырылатын мемлекеттiк органның немесе ұйымның мемлекеттiк құпияларды қорғау бөлiмшесінің (бұдан әрi – МҚҚБ) қызметкерлерi немесе мемлекеттiк құпиялармен жұмыс үшiн жауапты қызметкері (ұйымда МҚҚБ болмаған жағдайда) шетелдiк азаматқа және азаматтығы жоқ адамға құпиялылық режим талаптарын сақтау жөнінде нұсқама жүргізеді.
9. Нұсқама жүргiзiлгеннен кейiн шетелдiк пен азаматтығы жоқ адам өзiне рұқсат берiлген Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпияларын жарияламау туралы жазбаша мiндеттеме бередi.
Жазбаша мiндеттеме Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органының немесе ұйымының мемлекеттiк құпияларды қорғау бөлiмшесiнде шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпияларымен жұмысты тоқтатқаннан кейiн кемiнде бес жыл сақталады.
10. Шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарға нақты рұқсат беру туралы ақпарат әр нақты жағдайда рұқсат берілген кезден бастап жиырма жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiк органдарына жiберiледi.