Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен OPEC Халықаралық даму қоры арасындағы жеке сектордағы операцияларды ұйымдастыру туралы негіздемелік келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Серікұлы Байбазаровқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен OPEC Халықаралық даму қоры арасындағы жеке сектордағы операцияларды ұйымдастыру туралы негіздемелік келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 3 қыркүйектегі № 717 қаулысымен мақұлданған |
|
Жоба |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен OPEC Халықаралық даму қоры арасындағы жеке сектордағы операцияларды ұйымдастыру туралы негіздемелік келісім
Бірге Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі (бұдан әрі – Үкімет) мен OPEC Халықаралық даму қоры (бұдан әрі – OPEC қоры)
OPEC қорына мүше мемлекеттер барлық дамушы елдер арасында ынтымақтасудың қажеттігін әрі олардың және басқа дамушы елдердің арасындағы қаржылық ынтымақтастықтың маңыздылығын түсіне отырып, OPEC қорына мүше мемлекеттер басқа дамушы елдерге қаржылық көмек көрсететін қолданыстағы екіжақты және көпжақты арналарға қосымша соңғыларына қаржылық қолдау көрсету үшін OPEC қорын құрғанын назарға ала отырып,
бұдан басқа, OPEC қорына мүше мемлекеттер OPEC қорына капитал легін ынталандыруға қатысуға және атап айтқанда, жоғарыда аталған қаржылық ынтымақтастық мақсатын оңтайландыру мақсатында Қазақстан Республикасын қоса алғанда, басқа дамушы елдердің аумағында орналасқан кәсіпорындардың қатысуымен жеке сектордың қызметін қаржыландыруға көмек көрсетуге өкілеттік бергендіктен,
Үкімет пен OPEC қоры Қазақстан Республикасы үшін қызығушылық тудыратын инвестициялық жобалар үшін OPEC қорының қарыздары, кепілдіктері немесе басқа құралдары арқылы қаржыландыруға жәрдемдесу үшін тұрақты негіз құруды
және осы мақсатта осындай жобаларды белгілі бір қорғауды және белгілі бір қорғалуын, сондай-ақ OPEC қоры үшін белгілі бір құқықтар мен артықшылықтарды қамтамасыз етуді қалайтынын назарға ала отырып,
Тараптар осы арқылы төмендегілер туралы келіседі:
1.01 Осы Келісімде қолданылатын барлық жағдайларда және егер мәнмәтінде өзгеше талап етілмесе, терминдердің мынадай мағыналары болады:
(a) "Бенефициар" (немесе ұжымдық "Бенефициарлар") OPEC қорының қарыз алушысының кез келген тұлғасын, OPEC қоры кепілдік берген тең қарыз алушыны, кепілгерді, кредиторды және оның қарыз алушысын немесе жеке тұлға болсын немесе жекеше немесе жария құқыққа сәйкес құрылған, қарыз кепілдік немесе OPEC қоры кез келген Жоба үшін ұсынған, бірақ онымен ғана шектелмейтін басқа құрал арқылы қаржыландырудан пайда алатын тұлға болсын, Жоба иесін білдіреді;
(b) "Жоба" OPEC қоры тікелей немесе делдал арқылы қаржыландыратын немесе OPEC қоры кепілдік берген қарыздан немесе OPEC қоры жұмылдырған қаражаттан пайда алатын және мынадай өлшемшарттарды қанағаттандыратын кез келген инвестициялық жобаны білдіреді:
(i) ол Аумақта орналасқан немесе оны OPEC қорының қаржыландыруы Аумақта немесе Аумақ арқылы жүзеге асырылады;
(ii) және егер OPEC қоры осы Келісім күшіне енген күннен кейінгі күні қаржыландыруға келіссе, Қабылдаушы ел ол үшін қаржыландыруды сұрайды немесе қаржыландыру осы Келісімнің қолданылу аясына жатады деп таниды;
(c) "OPEC қоры" 1976 жылғы 28 қаңтарда Парижде түзетулермен қол қойылған Келісімге сәйкес Мұнай экспорттаушы елдер ұйымына (OPEC) мүше мемлекеттер құрған OPEC халықаралық даму қорын білдіреді;
(d) "Қабылдаушы ел" барлық саяси немесе әкімшілік бөлімшелерді, сондай-ақ олардың кез келген ведомстволық құрылымдарын қоса алғанда, Қазақстан Республикасын білдіреді;
(e) "Салық" кез келген салықты, салық салуды, алымды, ұстап қалуды немесе ұлттық, өңірлік немесе жергілікті, тікелей немесе жанама болсын, кез келген түрдегі салықтық алымды білдіреді;
(f) "Аумақ" Қазақстан Республикасының аумағын білдіреді.
2.01 OPEC қоры осы Келісімге сәйкес Жобаны қаржыландыру, Қабылдаушы елде құрылған компаниялардың акцияларын сатып алу үшін қарыздар және (немесе) кепілдіктер беруді, рұқсат етілген барлық құралдардың көмегімен Қабылдаушы елдің ұлттық заңнамасына сәйкес қаражатты қарызға алуды, сондай-ақ осындай қаражатты иелену, пайдалану және оған билік ету және кез келген валютада шоттар жүргізуді қоса алғанда, бірақ олармен шектелмей, түзетулерімен 1976 жылғы 28 қаңтардағы OPEC қорын құру туралы келісімде көзделген қызметті Аумақта еркін жүзеге асыра алады. Атап айтқанда, OPEC қоры Жобаны өзінің бағалауы негізінде қаржыландыру беретін-бермейтіні және қандай шарттармен беретіні туралы шешімді еркін қабылдай алады.
3.01 OPEC қорына тиесілі және осы Келісімде көзделген қызмет нәтижесінде туындайтын пайыздар мен барлық басқа төлемдер, сондай-ақ OPEC қорының осындай қызметке байланысты активтері мен кірістері тікелей салықтан босатылады. Осы Келісімде қамтылған кез келген қаржылық операцияларға байланысты Аумақтағы OPEC қорының қызметі өз бетінше OPEC қорын немесе оның активтерін салық салуға тиісті етпейді.
Валютаның айырбасталуы және қаражат аудару
4.01 Осы Келісімнің II бабына сәйкес жасалған кез келген қаржылық операция қолданысының бүкіл мерзімі ішінде Қабылдаушы ел:
(а) мынаған:
(i) Қазақстанның валюталық операцияларға қатысты басқа халықаралық мекемелерге қолданылатын қағидаларына сәйкес Бенефициарларға қарыздарға, кепілдіктерге және кез келген жобаға байланысты кәсіпорындардың капиталындағы кез келген үлестерге қатысты OPEC қорына тиесілі барлық сомаларды уақтылы төлеу үшін қажетті Қабылдаушы елдің ұлттық валютасындағы сомаларды ағымдағы нарықтық бағам бойынша кез келген еркін айырбасталатын валютаға айырбастауға; және
(i) Бенефициарлар тиісті келісімшарттық немесе өзге құжаттың шарттарына сәйкес OPEC қоры алдындағы өз міндеттемелерін орындай алауы үшін мұндай сомалардың Аумақтан тыс жерлерге дереу және тиімді түрде еркін аударылуына мүмкіндік беруге;
(b) мынадай:
(i) OPEC қоры үшін қарыздарға, кепілдіктерге және холдингтерге немесе кез келген басқа қызметке қатысты туындайтын төлемдер түрінде OPEC қоры аударған Қабылдаушы елдің ұлттық валютасындағы сомаларды осындай ағымдағы нарықтық айырбастау бағамы бойынша кез келген толық айырбасталатын валютаға айырбастау және Қазақстанның валюталық операцияларына қатысты басқа халықаралық мекемелерге қолданылатын қағидаларына сәйкес OPEC қорының осылайша айырбасталған сомаларды Аумақтан тыс жерлерде OPEC қоры еркін анықтай алатын банктік шоттарға; немесе OPEC қорының таңдауы бойынша еркін, дереу және тиімді аудара алуы;
(ii) Аумақ шегінде осындай сомаларға еркін билік ету мүмкіндігімен қамтамасыз етуге;
(c) OPEC қорына толық айырбасталатын кез келген валютадағы кез келген соманы ағымдағы нарықтық бағам бойынша Қабылдаушы елдің ұлттық валютасына айырбастау мүмкіндігін беруге тиіс.
5.01 Қабылдаушы ел өз өкілеттіктері мен билігі шегінде жобаларға, сондай-ақ оларды орындау үшін жасалған келісімшарттарға фискалдық, кедендік және басқа да мәселелерге қатысты кемсітпейтін негізде қарайтын болады және басқа халықаралық қаржы мекемелері қаржыландыратын және (немесе) кепілдік беретін салыстырмалы жобаларға немесе келісімшарттарға қарағаннан кем болмайтын ыңғаймен қарайтын болады.
5.02 Қабылдаушы ел Жобаға байланысты туындаған борышқа қызмет көрсету үшін қолжетімді кіріс әкелуге Жобаның қабілетін сақтау үшін қажетті шамада әрбір Жобаға экспроприация мен ұлттық меншікке айналдырудан толық және үнемі қорғау мен қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.
OPEC қорының мәртебесі мен режимі
6.01 OPEC қорының Аумақта, атап айтқанда, шарттар жасасу, жылжымалы және жылжымайтын мүлікті сатып алу және иеліктен шығару және сот талқылауларында тарап болу құқығын қоса алғанда, толық заңды құқық субъектілігіне ие болады.
6.02 OPEC қоры Аумақтағы өз қызметінде қатысты, ең болмағанда, басқа кез келген халықаралық мекемеге ұсынылатын режим сияқты қолайлы режимді немесе, егер ол анағұрлым қолайлы болса, осындай қызметті қамтитын кез келген тиісті халықаралық келісімге сәйкес ұсынылатын режимді пайдаланады.
6.03 Атап айтқанда, OPEC қоры Қабылдаушы елдің сол кезде қолданыста болған заңнамасына сәйкес Қабылдаушы елдің ұлттық қаржы нарығына еркін қолжетімділікке ие болуға тиіс, ал оның міндеттемелері, бағалы қағаздары және басқа да салыстырмалы қаржы құралдары қолайлылығы Қабылдаушы ел салық режиміне қатысты басқа халықаралық қаржы мекемелерінің салыстырмалы қаржы құралдарына ұсынатыннан кем болмайтын шарттарды қоса алғанда, бірақ олармен шектелмейтін шарттарда қаралатын болады.
OPEC қорының артықшылықтары мен иммунитеттері
7.01 OPEC қорының активтері:
(а) тінтуден және экспроприацияның барлық түрлерінен;
(b) OPEC қорына қатысты құзыретті юрисдикция соты шығарған түпкілікті, шағымдануға жатпайтын сот шешімі шығарылғанға дейін өндіріп алудан немесе кез келген атқарушылық шараларды қолданудан немесе қозғалыс бостандығын шектеуден босатылады.
7.02 OPEC қорының өкілдері осы Келісімге байланысты қызметпен айналысқан кезде немесе оны жүзеге асыру шеңберінде, кем дегенде мынадай иммунитеттер мен артықшылықтарды:
(a) OPEC қоры мұндай иммунитеттен бас тартқан жағдайларды қоспағанда, өздерінің ресми тұлғасында жасаған әрекеттеріне қатысты сот және әкімшілік талқылаулардан иммунитетті;
(b) Қабылдаушы ел ресми хабарламалар, құжаттарды тапсыру және сапарлар үшін беретін дипломатиялық артықшылықтар мен жеңілдіктерді пайдаланады.
7.03 Осы Келісімнің VII бабының 2-тармағында көзделген иммунитеттер Қабылдаушы елдің азаматтары болып табылатын OPEC қорының өкілдеріне қолданылмайды.
Көрсетілген иммунитеттер OPEC қорының лауазымды тұлғасы немесе қызметкері тарапынан жасалған әрекет салдарынан жарақат алу немесе қайтыс болу жағдайларына да қолданылмайды.
7.04 Осы Келісімнің ешқандай ережесі халықаралық келісімдерге, конвенцияларға және (немесе) қолданылатын кез келген құқыққа сәйкес Қабылдаушы елдің орталық банкіне және (немесе) Қабылдаушы елдің орталық банкіне меншік құқығында және (немесе) өзге түрде тиесілі, оның ішінде Қабылдаушы елдің орталық банкінің сенімгерлік басқаруындағы мүлікке берілетін кез келген иммунитеттерден, артықшылықтардан немесе ерекшеліктерден бас тарту, шегіну немесе өзге де өзгерту ретінде түсіндірілмеуге тиіс.
OPEC қоры мен Бенефициарлар арасындағы дауларды реттеу
8.01 Осы Келісімде көзделген OPEC қорының қызметіне қатысты OPEC қоры мен Бенефициар немесе кез келген үшінші тарап арасында туындайтын кез келген дауға қатысты Қабылдаушы ел азаматтық істер бойынша сот және төрелік шешімдерін тануға және орындауға қатысты қолданылатын халықаралық шартта (Қабылдаушы ел қатысушы болып табылатын) көзделген көлемде:
(i) ағылшын сотын немесе кез келген төрелік трибуналды қоса алғанда, Қабылдаушы ел соттарының сот немесе құзыретті юрисдикция трибуналы тиісті құқықтық рәсімге сәйкес шығарған түпкілікті шешімді тану өкілеттігінің болуын қамтамасыз етуге;
(ii) қолданылатын ұлттық қағидалар мен рәсімдерге сәйкес кез келген осындай шешімнің орындалуын қамтамасыз етуге міндеттенеді.
9.01 ОРЕС қоры әрбір қаржыландыру алдында Үкіметке жазбаша жобалық ұсыныс нысанында Жобаны болжамды қаржыландыру туралы хабарлайды. Үкімет, егер ұсынысқа қарсылығы болса немесе ұсыныс осы Келісімнің шеңберінен шықса, ұсынысты алған кезден бастап 60 (алпыс) күн ішінде жазбаша нысанда жауап қайтаруға тиіс, жазбаша нысанда жауап жібермеу Үкіметтің ұсыныспен келіскенін білдіреді.
10.01 Кез келген хабарлама немесе осы Келісімге сәйкес жіберілуі талап етілетін немесе рұқсат етілген өзге хабар жазбаша нысанда жасалуға тиіс. Тиісті талапқа қарай мұндай хабарлама немесе хабар Тараптың төменде көрсетілген мекенжайына немесе Тарап хабарлама жіберетін немесе хабар беретін Тарапқа жазбаша нысанда көрсетуге тиіс кез келген басқа мекенжайға берілуге немесе хабарлануға тиіс Тарапқа жеке, поштамен, телефакспен немесе басқа да электрондық құралдармен жеткізілген болса, тиісінше берілген немесе жасалған деп есептеледі.
Мекенжайлары:
Үкіметтен:
OPEC қорынан:
11.01 Қабылдаушы ел Бенефициарларға осы Келісім шеңберіндегі жобалар үшін берілген қарыздарға, кепілдіктерге немесе басқа құралдарға қатысты осы Келісім туралы ақпаратты ашуға рұқсат етілгенімен және ол Қабылдаушы елдің ұлттық заңнамасын бұзбайтынымен келіседі.
12.01 Осы Келісімнің болуына, жарамдылығына, түсіндірілуіне, орындалуына немесе тоқтатылуына байланысты туындайтын кез келген дау, келіспеушілік, пікірталас немесе талап (бірге "Дау" деп аталады) Тараптар арасында келісу бойынша мүмкіндігінше бейбіт жолмен шешілуге тиіс.
12.02 Егер Тараптар осы тараптардың кез келгенін дау туралы хабардар еткен кезден бастап 180 (бір жүз сексен) күн ішінде дауды бейбіт жолмен реттей алмаса, дау осы Келісім жасалған күні қолданыста болатын Халықаралық ұйымдар мен Мемлекет арасындағы ерікті төрелікке арналған Аралық соттың Тұрақты палатасының регламентіне сәйкес түпкілікті және міндетті төрелік талқылауға жатады.
12.03 Төрешілер саны үшеу болуға тиіс. Төрелік рәсімнің тілі ағылшын тілі болуға тиіс. Төрелік талқылау Гаагада, Нидерланды, өтуге тиіс. Төрешілерді тағайындайтын орган Аралық соттың Тұрақты палатасының Бас хатшысы болып табылады.
12.04 Егер өзгеше айтылмаса, төрелік соттың құрамы қалыптастырылған кезден бастап алты ай ішінде барлық материалдар ұсынылуға және барлық тыңдаулар аяқтауға тиіс. Төрелік сот өз шешімін түпкілікті материалдар ұсынылғаннан кейін 60 (алпыс) күн ішінде шығарады.
12.05 Осымен Үкімет кез келген дауға қатысты төрелік талқылауға және аралық соттың шешіміне қарсылық білдірмейді.
13.01 Осы Келісім дипломатиялық арналар арқылы Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшіне енеді.
Қолданылуын тоқтату және өзгерістер енгізу
14.01 Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады.
Тараптардың әрқайсысы дипломатиялық арналар арқылы екінші Тарапты жазбаша хабардар ету арқылы осы Келісімнің қолданылуын тоқтата алады. Бұл жағдайда осы Келісімнің қолданылуы осындай хабарлама алынған күннен бастап күнтізбелік 60 (алпыс) күн өткен соң тоқтатылады.
Осы Келісімнің қолданылуын тоқтату басталған және осы Келісімнің қолданылуы тоқтатылған күні аяқталмаған жобалар мен қаржылық операциялар бойынша жасалған шарттар шеңберіндегі, ОПЕК қорының құқықтары мен мүдделерін қозғамайды.
14.02 Тараптардың өзара жазбаша келісуі бойынша осы Келісімге осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын және жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
2024 жылғы " " қаласында ағылшын тілінде екі төлнұсқа данада қол қойылды.
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін |
ОРЕС Халықаралықдаму қоры үшін |