Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 13-бабының 3) тармақшасына және "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 6) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қазақстан Республикасының Каспий теңізіндегі аумақтық сулары шегінде әкімшілік ғимараты Ақтау қаласында орналасатын Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің "Каспий итбалығы" мемлекеттік табиғи резерваты" республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – "Каспий итбалығы" МТР) құрылсын.
2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Балық шаруашылығы комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен "Каспий итбалығы" МТР жерлерінің шекараларын карталарда және жергілікті жерде белгілесін.
3. Қазақстан Республикасының жер заңнамасында белгіленген тәртіппен ерекше қорғалатын табиғи аумақты – "Каспий итбалығы" МТР-ды құру үшін Маңғыстау облысының Түпқараған және Бейнеу аудандарының шегіндегі Каспий теңізінің жалпы ауданы 108632,31 гектар су қорының жерлері "Каспий итбалығы" МТР-ға тұрақты жер пайдалануға берілсін.
4. "Каспий итбалығы" МТР-ды қаржыландыру ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды күтіп-ұстауға республикалық бюджетте көзделетін қаражат есебінен және соның шегінде республикалық бюджеттен жүзеге асырылады деп белгіленсін.
5. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бекітілсін.
6. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.
7. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 24 қазандағы № 884 қаулысымен бекітілген |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар
1. "Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің кейбір мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 6 сәуірдегі № 310 қаулысында:
көрсетілген қаулымен бекітілген Ауыл шаруашылығы министрлігі туралы ережеде:
Министрліктің және оның ведомстволарының қарамағындағы мемлекеттік мекемелердің тізбесі мынадай мазмұндағы 9-тармақпен толықтырылсын:
"9. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің "Каспий итбалығы" мемлекеттік табиғи резерваты" республикалық мемлекеттік мекемесі".
2. "Министрліктер мен өзге де орталық атқарушы органдардың олардың аумақтық органдарындағы және оларға ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелердегі адам санын ескере отырып, штат санының лимиттерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 15 сәуірдегі № 339 қаулысында:
көрсетілген қаулымен бекітілген министрліктер мен өзге де орталық атқарушы органдардың олардың аумақтық органдарындағы және оларға ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік мекемелеріндегі адам санын ескере отырып, штат санының лимиттерінде:
қызмет бабында пайдалану үшін.
3. "Республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 26 қыркүйектегі № 593 қаулысында:
көрсетілген қаулымен бекітілген республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың тізбесінде:
"Маңғыстау облысы" деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 73-1-жолмен толықтырылсын:
"
73-1 | "Каспий итбалығы" мемлекеттік табиғи резерваты | 108632,31 | Түпқараған, Бейнеу аудандары | Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Балық шаруашылығы комитеті |
".