Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
1. Қазақстан Республикасының Экономика министрлiгi мен Қаржы министрлiгi Ұлттық банкiмен бiрлесiп әзiрлеген құрылысты қаржыландыру мен кредиттеудiң ұсынылып отырған Ережелерi бекiтiлсiн.
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық банкiне Экономика министрлiгiмен, Қаржы министрлiгiмен және Құрылыс, тұрғын үй және аумақтарда құрылыс салу министрлiгi бiрлесiп, құрылысты қаржыландыру мен кредиттеудiң Ережелерiн қолдану жөнiндегi нұсқауды, құрылысты қаржыландыру мен кредиттеу үшiн негiз болатын құжаттардың нысандарын, сондай-ақ басқа да қажеттi нормативтi актiлердi 2 ай мерзiм iшiнде әзiрлеу және бекiту ұсынылсын.
3. Қазақстан Республикасы министрлiктерiнiң, ведомстволарының, концерндерiнiң және құрылыспен айналысатын басқа да шаруашылық жүргiзушi құрылымдарының басшыларына, сондай-ақ облыстардың, Алматы және Ленинск қалаларының әкiмдерiне құрылыстар мен объектiлердi қаржыландыру кезiнде осы Ережелердi қатаң сақтауды қамтамасыз ететiн шаралар қолдану тапсырылсын.
Қазақстан Республикасының
Премьер-министрi
Қазақстан Республикасы
Министрлер Кабинетiнiң
1993 жылғы 10 қыркүйектегi
N 864 қаулысымен
бекiтiлген
Құрылысты қаржыландыру мен кредиттеудiң
ЕРЕЖЕЛЕРI
1. Құрылысты қаржыландыру, кредиттеу және құрылыста есеп айырысу Қазақстан Республикасының заңдарына, Жоғарғы Кеңестiң басқа да актiлерiне, Қазақстан Республикасы Президентi мен Министрлер Кабинетiнiң шешiмдерiне, осы Ережелерге және өзге де нормативтi актiлерге сәйкес жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының Ұлттық банкi мен басқа банктер күрделi қаржыны қаржыландырады және кредит бередi, мемлекеттiк, кооперативтiк кәсiпорындарды, сондай-ақ тиiстi банкте есеп шот ашылған шаруашылық құрылымдарының өзге де барлық түрлерiн кредиттеудi және олардың құрылысында есеп айырысуды жүзеге асырады.
Күрделi қаржыны қаржыландыру мен кредит беру барысында қолданылып жүрген заңдарға сәйкес бақылау мiндеттерi жүктелген банктер мен өзге органдар бюджет, экономикалық өзгерiстер қорынан, жол қорынан, мемлекеттiк сектор мен банкi кредитiнiң <*> сол тәрiздi өзге де қорларынан түскен қаржылардың мақсатты пайдаланылуына бақылау жасайды, олардың тиiмдiлiгiнiң артуына экономикалық ықпал етедi.<*>
<*> Бұдан әрi - "орталықтандырылған қаржыландыру көздерi". Орталықтандырылған қаржы көздерi мен мемлекеттiк кәсiпорындардың өз қаражатынан қаржыландырылатын күрделi қаржы - "мемлекеттiк күрделi қаржы".
Инфляция туғызған баға өзгерiсiнiң тоқсандық индексi кредит қаражатының мөлшерiне және аймақтар бойынша iс жүзiнде қалыптасқан индекстерге қарай тиiстi қайтарым сомаға қолданылады.
Жобаны, жұмыс жобасын, техникалық-экономикалық негiздемелер мен есеп айырысуларды әзiрлеу барысында белгiленген, Мемлекеттiк ведомстволық емес сарапта қаралған және дәлелденген және белгiленген тәртiпке орай, негiздеме бағалар бойынша бекiтiлген құрылыстың сметалық құны, әдетте, мемлекеттiк күрделi қаржы есебiнен жүзеге асырылатын құрылыстың бүкiл кезеңiнде өзгерiссiз қала бередi.
Құрылыстың барысында негiздеме құн өзгерген жағдайда жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттiк ведомстводан тыс сараптың қорытындысы бойынша белгiленген тәртiппен қайта бекiтуге жатады. <*>
Ескерту. 1-тармақтың 6 абзацында "ведомстволық" деген сөзi
ауыстырылды - ҚРМК-нiң 02.12.1993 ж. N 1213 қаулысымен.
Ескерту. 1-тармақтың үшiншi абзацынан сөздер алынып
тасталды - ҚРМК-нiң 1995.06.09. N 809 қаулысымен.
2. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi (жергiлiктi қаржы органдары) Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесi (жергiлiктi Кеңестер) тиiстi жылға арналған республикалық бюджет туралы Заң (жергiлiктi бюджет туралы шешiм) қабылдағаннан кейiн Қазақстан Республикасының Ұлттық банкi мен оның мекемелерiне министрлiктер, ведомстволар, концерндер, облыстық, Алматы және Ленинск қалалық әкiмшiлiктерi (жергiлiктi Кеңестердiң тапсырыс берушiлерi) бойынша күрделi қаржы беру (бюджет қаражатына қатысты) жоспарларын хабарлайды, олар кәсiпорындар, ұйымдар мен мекемелер, құрылыстар мен объектiлер бойынша аталған күрделi қаржыны бөлу жоспарларын Қазақстан Республикасының Ұлттық банкiне табыс етедi. Қазақстан Республикасының Ұлттық банкi мен оның облыстық басқармалары бұл жоспарларды банкiлердiң қаржыландырушы мекемелерiне жеткiзедi.
3. Мемлекеттiк кәсiпорындар, бiрлестiктер мен ұйымдар күрделi қаржыны қаржыландыруға арналған өз қаражатын жоспарда көзделген сома мөлшерiнде банкi мекемелерiне күрделi қаржыны қаржыландырудың тиiстi есеп шоттарына аударады, ал басқа кәсiпорындар бойынша қаржыландыру шартты келiсiм негiзiнде олардың есеп шоттарынан жүзеге асырылады.
Кәсiпорындар, бiрлестiктер, ұйымдар мен мекемелер уақытша қаржы қиыншылығына ұшыраған жағдайда банктер оларға күрделi қаржыны қаржыландыру үшiн өзара тиiмдi шартпен кредит бере алады.
4. Құрылыстарға орталықтандырылған қаржы көздерi есебiнен қаржы мен кредит берудi банктер құрылыстың бүкiл кезеңiне титулдық тiзiмдер негiзiнде мердiгерлiк шарттарға сәйкес жүзеге асырады. Кәсiпорындар мен объектiлердiң құрылысы жоспарланған жыл iшiнде басталып, аяқталатын, немесе титулдық тiзiм мен құрылыс iшiндегi титулдық тiзiмдер сәйкес келген жағдайда банк мекемелерiне тапсырылмайды.
Үстiмiздегi жылы iске қосылатын, сондай-ақ жинақтаушы импорттық жабдықтармен өтемдiк негiзде салынып жатқан объектiлердегi мерзiмiнен бұрын жедел қарқынмен атқарылған жағдайда банктер оларға белгiленген тәртiп бойынша жылдық қаражат шеңберiнде қаржы мен кредит бере алады.
Күрделi қаржымен үздiксiз қаржыландыруды үздiксiз қамтамасыз ету үшiн мемлекеттiк кәсiпорындар, бiрлестiктер мен ұйымдар осы мақсатқа арналған өз қаражатын дер кезiнде банкке салуға, сол сияқты күрделi құрылыстағы iшкi резервтердi жұмылдыруға мiндеттi.
Орталықтандырылған қаржы көздерi есебiнен күрделi қаржы бөлудi белгiленген тәртiп бойынша бекiтiлген күрделi қаржының және Үкiмет, Экономикалық өзгерiстер қорының Үйлестiру кеңесi және осы мiндеттер жүктелуi мүмкiн басқа да республикалық құрылымдар анықтаған құрылымдар мен объектiлердiң тiзбесi негiзiнде Қазақстан Республикасы Ұлттық банкiнiң мекемелерi жүзеге асырады.
Меншiк нысаны аралас ведомстволарға, кәсiпорындарға, бiрлестiктер мен ұйымдарға, яғни мемлекеттiк күрделi қаржы қатысатын (үлес түрiнде) жағдайда, күрделi қаржы беру қаржыландырудың орталықтандырылған көздерi үшiн белгiленген тәртiп бойынша жүзеге асырылады. Бұл ретте орталықтандырылған қаржы көздерiнен қаржы бiрiншi кезектегi жарнамадан және өз қаражатын тиiсiнше үлестеп пайдаланғаннан кейiн бөлiнедi.
Ауыспалы объектiлер бойынша атқарылған жұмыстар үшiн жыл басында жинақталған қарыз, өткен жылы осы объектiнiң құрылысы аталған қаржы көздерiнiң есебiнен жүргiзiлген жағдайда ғана, биылғы жылғы орталықтандырылған қаржы көздерiнiң есебiнен төленедi.
6. Банктер Қазақстан Республикасының заң актiлерiн, Қазақстан Республикасы Ұлттық банкiнiң нормативтi құжаттарын басшылыққа ала отырып, меншiк нысандарына қарамастан, шаруашылық құралымдарының барлық түрлерiне, сондай-ақ жекелеген азаматтарға кредит шартпен және осы Ережеде белгiленген шарттармен ұзақ мерзiмдi және қысқа мерзiмдi кредиттер бередi.
7. Министрлiктер, ведомстволар және олардың басқару мiндеттерi жүктелген ұйымдары мемлекеттiк қаржы бөлудi қаржыландыру мен кредиттеу және құрылыста есеп айырысуды жүзеге асыру үшiн күрделi құрылыстың жылдық жоспарларын, күрделi қаржыны қаржыландырудың жоспарларын және жаңадан басталған құрылыстардың құрылыстың бүкiл кезеңiне арналған титулдық тiзiмдерiн банктерге табыс етедi.
Сонымен қатар тапсырыс берушiлер құрылысты қаржыландыруды ресiмдеу үшiн мердiгерлiк шарттарды iшкi құрылыстық титулдық тiзiмдердi, құрылыс құнының жиынтық сметалық есеп айырысуының көшiрмелерiн, сондай-ақ скважина бұрғылауға арналған геоқорда тiркелгендiгi туралы N 3-гр нысан бойынша мағлұматты банк мекемелерiне табыс етедi.
Күрделi құрылыс жоспарлар, күрделi қаржы бөлудi қаржыландырудың жоспарлары мен жоспарланатын жылға арналған iшкi құрылыстық титулдық тiзiмдер банкi мекемелерiне түсiсiмен ауыспалы құрылыстар бойынша қаржыландыру және кредиттеу құрылыстың бүкiл кезеңiне арналған титулдық тiзiмдер мен мердiгерлiк шарттардың негiзiнде жалғаса бередi.
Белгiленген тәртiп бойынша бекiтiлген iшкi құрылыстық титулдық тiзiмдер әдетте, бiр жыл мерзiм iшiнде өзгертiлуге жатпайды.
Мемлекеттiк күрделi қаржы бойынша банкке табыс етiлетiн iшкi құрылыстық титулдық тiзiмдер төмендегi талаптарға жауап беруi керек:
- титулдық тiзiмдерге енгiзiлетiн объектiлер мен шығындардың бекiтiлген жобалық-сметалық құжаттармен қамтамасыз етiлуi;
- қуаттар мен объектiлердi iске қосу жөнiндегi тапсырманың, күрделi қаржы мөлшерiнiң титулдық тiзiмнiң көрсеткiштерiне сәйкес келуi;
- iске қосылатын қуаттар мен объектiлер үшiн оларды белгiленген мерзiмде iске қосуға қажеттi күрделi қаржы мөлшерiнiң алдын ала қарастырылуы.
8. Банк мекемелерi инвестициялық ниеттеме жоспарының, шарттың (қосымша келiсiмнiң, наряд-тапсырыстың), сондай-ақ белгiленген тәртiппен бекiтiлген мынадай құжаттардың:
- жобалаудың және құрылыстың техникалық-экономикалық негiздемелерi мен есеп-қисаптарын (ТЭН, ТЭЕ) жасау жөнiндегi жұмыс жоспарларының;
- келер жылдардағы құрылыстың жобалау-зерттеу жұмыстарына арналған титулдық тiзiмнiң;
- жобалау-іздестiру жұмыстарына арналған шығындар бөлек көрсетiлетiн ағымдағы құрылысқа деген iшкi құрылыстың титулдық тiзiмнiң негiзiнде орталықтандырылған көздердiң есебiнен жобалау және iздестiру жұмыстарын қаржыландырады.
Тапсырыс берушi мен жобалау ұйымдарының арасындағы есеп айырысу орындалған жобалау жұмыстарының кезеңдерi бойынша немесе объектi бойынша олардың шарттық құнын тұтас алғанда 80 процент шегiнде жүзеге асырылады. Түпкiлiктi есеп айырысу объектiнiң (құрылыстың) құрылыс жөнiндегi тиiстi құжаттар бойынша сараптан оң қорытындысын алғаннан кейiн жүргiзiледi.
Құрылыста екi жылдан аса пайдаланылмаған жобалық-сметалық құжаттаманың құны белгiленген тәртiппен тапсырыс берушiден өндiрiлiп алынады.
9. Тапсырыс берушiлер мен мердiгерлiк құрылыс-монтаж ұйымдарының арасындағы есеп айырысу мердiгерлiк шарттың негiзiнде жүзеге асырылады.
Тапсырыс берушiлер мен мердiгерлiк арасындағы мемлекеттiк күрделi қаржы бойынша есеп айырысу:
а) орындалған құрылыс-монтаж жұмыстарының құны туралы тапсырыс берушi мен мердiгер қол қойған анықтамалар негiзiнде, мердiгерлiк ұйымның жиынтық сметалық есепке енгiзiлген басқа да жұмсалған қаражат пен шығыстары есепке алынып, орындалған жұмыстар үшiн жүргiзiледi. Объект бойынша жұмысқа ақы төлеу тұтас алғанда жұмыс құнының 95 процентi мөлшерiнде, ал түпкiлiктi есеп айырысу құрылыс жұмысы аяқталып, оның пайдалануға берiлуi туралы қабылдау комиссиясының актiсi бекiтiлгеннен кейiн жүргiзiледi.
б) толық аяқталған құрылыс және объектiнiң тапсырыс берушiге "дайын күйiнде" өткiзiлгенi үшiн - белгiленген тәртiппен бекiтiлген қабылдау комиссиясы актiсiнiң негiзiнде шарттық бағаның (түпкiлiктi қалыптасқан) мөлшерiнде жүзеге асырылады.
Бұл орайда мердiгерлiктiң шарттарында жиынтық смета есебiне енгiзiлген басқа да шығыстарды қоса алғанда, бiр жылда орындалатын жұмыс көлемiнiң 15 процент мөлшерiнде тапсырыс берушiнiң мердiгерлiк ұйымдарға құрылыс материалдарын дайындау үшiн жыл сайын аванс беруi көзделуi мүмкiн. Берiлген аванс атқарылған жұмыстарға қарай өтеледi.
10. Бас мердiгердiң мамандандырылған мердiгерлiк (кiшi мердiгерлiк) ұйымдармен атқарылған жұмыстар үшiн есеп айырысуы жасасылған келiсiм шарттары бойынша жүргiзiледi.
11. Құрылыс шаруашылық тәсiлмен жүзеге асырылған жағдайда атқарылған жұмыстар, жеткiзiлген материалдар мен жабдықтар және басқа да шығындар үшiн ақы төлеу қаржыландырудың есеп шоттарынан жүргiзiледi.
Қажет болған жағдайларда осы мақсаттар үшiн есеп айырысу шоттары ашылуы мүмкiн.
12. Меншiк нысандарына және қаржыландыру көздерiне қарамастан, заңды ұйымдар мен жекелеген адамдар құрылысты қаржыландыруды ресiмдеу үшiн құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргiзуге арналған құрылыс құжаттамасы бойынша ведомстволық емес мемлекеттiк сараптаудың қорытындысын және мемлекеттiк сәулет-құрылыс қадағалау органдарының рұқсат қағазын қаржыландырушы банктерге табыс етедi.
13. Орталықтандырылған қаржы көздерiнен қаржыландырылатын күрделi қаржы бойынша банктер қаржыландыруға қабылдамаған құрылыстар мен объектiлерде жұмыстар жүргiзуге және қаражат жұмсауға жол берiлмейдi. Мұндай құрылыстар мен объектiлерге жұмсалған шығынның орны толтырылмайды, ал құрылыс жиынтық сметалық есеп-қисабы жөнiндегi қаражаттың қалдығы соншалық шамаға (iс жүзiнде жұмсалған шығын) кемiтiледi.
14. Банктер қаржыландыруды және кредиттеудi жүзеге асыру кезiнде шаруашылық органдарына, олардың қолданылып жүрген кредиттiк келiсiм шарттарын орындауына қарай әрқайсысына айрықша тәсiл қолданады. Олар аталған шарттарда бұзған жағдайда банктер белгiленген тәртiппен қаржы-кредит санкцияларын қолдануға құқылы.
Мемлекеттiк орталықтандырылған қаржы көздерiнен бөлiнген ұзақ мерзiмдi кредиттер, оларды қажетсiнiп талап етпеген (кредиттiк келiсiм, қаржыландыру ресiмделмеген) жағдайда кредит беру туралы шешiм қабылданған күннен бастап үш ай iшiнде өндiрiп алуға жатады.
15. Инвестициялық қызметтiң субъектiлерi, банктердi қоса алғанда, айналмалы қаржының айналымдығын жеделдету және шарттық қарым-қатынастарды нығайту жөнiнде шаралар қолданады. Орталықтандырылған қаржы көздерiнiң қозғалысын негiзсiз кiдiрткен, оларды есеп шоттарда ұзақ мерзiм бойы қаңтарып қойған немесе бұл қаражатты кiдiрту мен қаңтарып қою фактiлерiн жасырған жағдайда банктер мен инвестициялық қызметтiң басқа да қатысушылары Қазақстан Республикасының Заңдарында белгiленген деңгейде жауап бередi.
16. Қаржыландырушы банктер орталықтандырылған қаржы көздерi есебiнен қаржыландырылатын құрылыстар мен объектiлерде және құрылыс салушының өтiнiшi бойынша өз қаражаты есебiнен қаржыландырылатын құрылыстар мен объектiлерде атқарылған құрылыс-монтаж және жөндеу-құрылыс жұмыстарының көлемiн iрiктеу тәртiбiмен бақылау түрiнде өлшеудi ұйымдастырады және жүргiзедi.
Банктер кәсiпорындардан, құрылыстардан, мердiгерлiк құрылыс-монтаждау, бұрғылау, жобалау-зерттеу, геологиялық және басқа ұйымдардан бақылау түрiнде өлшеу және қаражат алу үшiн негiз болатын құжаттарды тексеру нәтижесiнде анықталған артық алынған сомаларды белгiленген тәртiппен өндiрiп алады.
Атқарылған құрылыс-монтаж жұмыстарының (оның iшiнде күрделi қаржы көлемiне кiргiзiлген, бiрақ iс жүзiнде монтаждалмаған жабдықтардың құнының), жобалау-зерттеу, бұрғылау, геологиялық-барлау, жөндеу-құрылыс және реттеп-iске қосу жұмыстарының көлемiнiң аталған жұмыстарды атқаратын ұйымдардан ақша қаражатын алуға негiз болған құжаттарда асырып көрсетiлгенi үшiн, сондай-ақ қаржының мақсатсыз пайдаланылмағаны үшiн банк органдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң 1993 жылғы 30 қаңтардағы N 1945-XII қаулысымен бекiтiлген Экономикалық санкция туралы ережеге сәйкес айыппұл өндiрiп алады.
Кредиттiк шартта ескерiлгенiндей, берiлген кредиттердi мақсатсыз пайдаланғаны үшiн заңды ұйымдар мен жекелеген адамдар кредит бойынша проценттерiн төлеп, кредиттi мерзiмiнен бұрын қайтаруымен бiрге кредит сомасының 25 процентiн банктiң пайдасына төлейдi.
Жұмыстар мердiгерлiк тәсiлмен атқарылса, аталған айыппұл тапсырыс берушi мен мердiгерден теңдей өндiрiлiп алынады.
Айыппұлды өндiрiп алу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Ұлттық банкi, Құрылыс, тұрғын үй және аумақтарда құрылыс салу министрлiгi мен Қаржы министрлiгi белгiлейдi.
17. Қаржыландырушы банк мекемелерi жобалық-сметалық құжаттама бойынша сараптау қорытындысы талаптарының сақталуына бақылау жасайды, заң актiлерiнiң, жобалау жөнiндегi нормалар мен ережелердiң бұрмалану фактiлерi бойынша мемлекеттiк сараптаудың, сондай-ақ құрылыстың, меншiк нысандары мен бағыныстылығына қарамастан, құрылыс индустриясы мен өнеркәсiп-құрылыс материалдары кәсiпорындары жасаған материалдардың, бұйымдар мен конструкциялардың сапа мәселелерi бойынша мемлекеттiк сәулет-құрылыс қадағалау органдары мен Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң жанындағы Стандарттау және метеорология жөнiндегi Бас басқарманың нұсқамаларын атқаруға қабылдайды.
18. Кредит оның iшiнде кредит үшiн төленетiн проценттiк ставка уақтылы қайтарылмаған жағдайда кредиттiк шарт жасасқан кезде белгiленген жеңiлдетiлген проценттiк ставка кредиттiк келiсiмдi жасасқан мерзiмде қолданылып отырған коммерциялық деңгейге автоматты түрде көтерiледi.
19. Орталықтандырылған қаржы көздерiнен бөлiнетiн күрделi қаржыны қаржыландыратын қаражаттың уақытылы аударылуын, сондай-ақ олардың мақсатты түрде пайдаланылуын бақылауды Қазақстан Республикасының Ұлттық банкi, Қаржы министрлiгi және Министрлер Кабинетi жанындағы Мемлекеттiк қаржы бақылау комитетi жүзеге асырады.
20. Осы ережелердiң талаптарын орындамағаны үшiн қаржыландырушы банк мекемелерi қолданылып жүрген заңдарға сәйкес жауап бередi.